Білген Шайыр айтады

Әзірет Әлидің соғысы

Жазайын назым қылып бір хикаят,

Өтірік-жалғаны жоқ, шын хикаят.

Имам Әли тақсырдың бір дұғасы,

Анық сөз кітаптағы бұл хикаят.

 

Қаламды тебірендірдім өз жағыма,

Қаламды тартсам, түседі сөзім шынға.

Өтірік деген кісі айта берсін,

Бұл сөзді жүргіздім өзім шынға.

 

Хикаятын сөйлейін Шорман молда,

Жүреді жазылған сөз қолдан-қолға.

Бұхардан ғылым тахсил еткен өзі,

Көп кітап пәтуасы болған онда.

 

Шорман молда кітабының түрін білген,

Өтірігін айырып, шынын білген.

Бір парсы, һәр жұрттың тілін білген,

Кеңесін білмейді  …*   мұның ретін.

 

Біледі бұл кеңесін Шорман шындеп,

Соғады бұған талас салайын деп.

Мұндағы естуімше назымларды

Иланып ықыласыммен …**.

 

Назым кеңес бар менің қаламымда,

Қаламды жүргізейін аманымда.

Бар еді Садуақас деген жомарт

Анхазірет Расулдың заманында.

 

Бір күні Расулға жомарт барды,

Жомартты Расул Алла қонақ қылды.

Жайланып кеңесіп отырғанда,

“Не жұмысқа келдің?” деп жауапқа алды.

 

– Иә, жомарт, неге келдің мұнда? – деді,

Жұмысыңның жөнін айт, сөйле, – деді.

Расул бір сұраған соң жөнін айтты,

Садуақас жауабын береді енді.

 

Садуақас айтты: – Тойым бар, – деп,

Той қылар бір ойым бар, – деп.

Расул сонда сұрады қайыра жауап:

– Тойыңның не шамалы жөні бар? – деп.

 

– Бұл тойым – балалардың сүндет тойы,

һәркімнің мойнындағы міндет тойы.

Баламның сүндетін ада қылу үшін,

Ат жетер жерге хабар бермек ойым.

 

Шақырамын алыстан елді, – дейді.

Жиямын ат жететін жерді, – дейді.

Расул айтты: – Ниетің қабыл болсын,

Әбубәкір Сыдыққа айттың ба бұны, – дейді.

 

Расулдың тілін Садуақас алды енді,

Айтайын деп Сыдыққа жөнелді [енді].

Әбубәкір Сыдыққа жөнін айтып,

Хазіреті Омарға және келді.

 

Барғанын хазірет Омар хош алады,

Сөйлесіп отырысып хошланады.

Бір-бірін құрметтейтін дос жарлар,

– Не жұмысқа келдің? – деп сұрады.

 

Сөзіне Садуақастың хошланған көп,

– Білдіріп айтып жүрмін дос-жарға, – деп.

Хазірет Омар айтты Садуақасқа:

– Айттың ба бұны молда Османға? – деп.

 

– Османға айтқаным жоқ мұны, – дейді,

Омар айтты: – Османға айт енді, – дейді.

Олардың тілін алып Садуақас,

Хазірет Османға тағы келді [дейді].

 

Османды құрметтейді келген жерден,

Садуақас жомартты көрген жерден.

Амандасып сөйлесіп отырған соң,

Осман айтты: – Келдің, – деп, – не жұмыспен?

 

Тойының жөнін айтты сұраған соң,

Қалдырмай Осман неше тыңдаған соң.

– Ниетің қабыл болсын, – деді Осман,

Бұл сөзі көңіліне ұнаған соң.

 

Осман айтты Садуақас данышпанға:

– Тойыңа жұрт жиясың алыстан да.

Ақылдасып ойлайтын үлкен жабдық,

Айттың ба имам Әли Арысланға?

 

Садуақас айтады: – Барғаным жоқ,

Бұ сөзді құлағына салғаным жоқ.

Жаңа келе жатырмын бір-бір бастан,

Арыслан айтуымнан қалғаны жоқ.

 

Осман айтты: – Бар енді Арысланға,

Олар сөз айтпай қалысқан ба.

Садуақас мұнан соң тағы келді,

Хазірет Әли Арыслан данышпанға.

 

Садуақас келгенін Әли көрді,

Құрметке алды өзін салып енді.

Екеуі көп сөйлесіп отырды енді,

Бұрынғы өздерінің қалпында енді.

 

“Не жұмысқа келдің?” деп сұрамады,

“Той қылам” деп аузына сөз алмады.

Садуақас үйіне қайтқан шақта,

Әли Арыслан оны ертіп шығарады.

 

Екеуі де алданған осы сөзге,

Көңлін бөлген нәрсе жоқ сөзден өзге.

Хазірет Әлидің түсті есіне,

Шығарып орталыққа шыққан кезде.

 

Әли айтты: – Сұрамаппын жұмысыңды,

Айыпқа қоспа менің бұл ісімді.

Үйде отырып сұраудан ұмытыппын,

Айт енді неге келдің, жұмысыңды.

 

– Бар еді бір жұмысым менің, – дейді,

Айтайын деп келіп ем жөнін, – дейді.

Үйіңде айтайын деп ұмытыппын,

Бөлініп өзге сөзге көңлім, – дейді.

 

Той қыламын деп едім жұртты жиып,

Ат жетер жердің жұртын жиып.

Жай сөзбенен алданып манағыдан,

Есімнен шыққан екен сөйтіп жүріп.

 

Келіп ем, айтайын деп саған, – дейді,

Ұнатты бұл сөзімді бабаң, – дейді.

Әбубәкір, [Омар] мен молда Осман,

Олар дағы ұнатты тамам, – дейді.

 

– Тойың құтты болсын, – деп Әли де айтты,

Көңліне бір нәрсені алып айтты.

Сол арадан айырылып екеуі де,

Өз-өзінің үйіне тағы қайтты.

 

Ойланды: “Бұған немді беремін, – деп,

Нәрсе алмай қалай тойға келемін, – деп.

Аналар бір-бір тоғыз апарғанда,

Мен не қылып оларға еремін”,  деп.

Садуақас ұмытты мені, – дейді,

Кемдікке алды мені көңлі, – дейді.

 

[Садуа]қастың осы мені ұмытқаны,

Нәрсем жоқ деп көңілін суытқаны.

Осыны ойлап Әли көңлін бұзып,

Үйінің есігіне жуықтады.

 

Имам Әли өзінің келді үйіне,

Өңі қашып, жабырқап кірді үйіне.

Бәйбіше Патиманың көзі түсті

Келіп тұрған Әлидің бұ түріне.

 

– Тақсыр, сіздің деніңіз сау ма, – дейді,

Көңіліңді бөлдің бе бір жауға, – дейді.

Жаңа үйден шыққанда сау едіңіз,

Денеңізде бір кесел бар ма? – дейді.

 

Имам Әли айтты: –Сау денем, – деді,

Сен білдің не нәрсенің жөнін, – деді.

Әлгі  Садуақас бір сөз айтып,

Тарылды соның үшін көңілім, – деді.

 

– Садуақас қандай сөз айтты сізге?

Айтқан сөзі батыпты қатты сізге.

Өңіңіз қашып, көңліңіз тарылғандай,

Қандай сөздің әсері батты сізге?

 

Әли айтты: – Садуақас той қылады, – деп,

Тойына көп жамағат жиылады, – деп.

Хабар бере келіпті соның үшін,

Айтты “тойға барғандар сый қылад”  деп.

 

Тойын айтып бабама ол барыпты,

Бабамдағы барғанын ұйғарыпты.

Әбубәкір, Омар мен Османға айтып,

Маған келіп көңлінен шығарыпты.

 

Шығарып салған жерде маған айтты,

“Ұмытып кетіппін” деп маған айтты.

Соған көңлім тарылып келіп едім,

Кім келіп менен бұрын саған айтты?

 

Осындай естіп келдім жөнді, – дейді,

Көңліме сонан зарлық келді, – дейді.

һәрқайсы ол тойға сый апарады,

Мен сонда апарамын немді, – дейді.

 

Сөйледі Арысланға Бипатима,

Қарады өңі қашқан сипатына.

Дүние малы жетпестей бағасына,

Бар еді басқан гауһар некаһына.

 

Патима айтты: – Күйеуім, – деді, – Арыслан,

Шаттандыр көңліңді енді, Арыслан.

Дүние малы жетпестей бағасына,

Асыл нәрсе бар, – деді, – менде, Арыслан.

 

Әли Арыслан сұрады Патимадан:

– Не бар, – деді, – сенде сонда асыл малдан?

Жауһарды  сандығынан алып берді,

Құяштың сағымындай жарқылдаған.

 

Жауһарды қолына алып келдіӘли,

Анықтап асылын танып білді Әли.

“Басқа кісі иеленіп ала алмайд” деп,

Патиманың өзіне берді Әли.

 

“Ұжмақтан осы жерге келген”  деген

Жазуы бар, Арыслан көңлін берген екен.

Арысланның көңлі  шаттансын деп,

Патима соның үшін берген екен.

 

Арыслан қайтып берді оны, алмады,

Оны беру көңліне ұнамады.

Бір жаққа аттанайын деп ойлады,

Сырын айтып сыртына шығармады.

 

Ойлап отыр“Бір жаққа жүрейін, деп,

Бір кәпірмен соғысқа кірейін, деп.

Кәпірдің өзін қырып, малын алып,

Алып Садуақасқа берейін” деп.

 

Осы ақыл көңліне кіріп отыр,

Жататұғын мезгілі жуық отыр.

Айтпаса да абайлап қалыбынан,

Патима бұл ақылын біліп отыр.

 

Патима қалыбынан байқап отыр,

Әли Арыслан төсекке жатқалы отыр.

Патиманы ұйықтатып Әли Арыслан,

Бір жаққа түнде аттанып тартқалы отыр.

 

Хасен менен Хұсайын жатыр ұйықтап,

Жас балалар жатпай ма әм ұйықтап.

Төсекке Әли Арыслан жатқаннан соң,

Патима қапы қалды тағы да ұйықтап.

 

Төсектен Әли Арыслан тұра келді,

Олардың ұйықтағанын біледі енді.

Жау-жарағын асынып үйден шығып,

Дүлдүліне мінді де жүре берді.

 

Іздейді Әли Арыслан кәпір жауды,

Қойған жоқ бұрын алмай жақын жауды.

Уәлияның шаһары деген бір сөз,

Алыстан бір кәпірдің даңқы бар-ды.

 

Көңліне соны алып Әли аттанды,

Уәлияға барғалы талаптанды.

Сырын Патимаға білдірместен,

Пайғамбардан бата алмай ол аттанды.

 

Ер Әли Дүлдүліне міне тұрсын,

Уәлияға бет алып жүре тұрсын.

Әлгі ұйықтағандарды оятайық,

Арыслан ұзақ жолға кіре тұрсын.

 

Бипатима оянып тұра келді,

Төсекте Арыслан жоқ, көреді енді.

– Түн ішінде ғайып боп қайда кетті,

Япырым-ай, ғажайып іс мұны, – деді.

 

Қайда кетті Арыслан ғайып болып,

Қалмады кеткен жөні анық болып.

Бабасынан бата алмай тауға барып,

Жүрмегей еді, – деді, – ғаріп болып.

 

Құдай-а, медет бер Арысланға,

Арыслан кетсе керек алыс жауға.

Өзің медет бере көр, Қадір Алла,

Жауменен жалғыз жүріп алысқанда.

 

Патима Хақтан медет сұрады,

Даусымен екі бала оянады.

Өзі шошып, екі бала да,

Жылады  Патима, уанбады.

 

Балалар уанбады, көп жылады,

Өксігін баса алмады, бек жылады.

“Жалғыз түннің ішінде ғайып болып,

Атам қайда кетті?” деп жылады.

 

Патима уата алмай балаларды,

Өзінің де көңілі алаланды.

“Бұларды бабасына апар” деді,

Қызметші кәнизакқа және барды.

 

– Апар бабасына, барса, – дейді,

Бабам сүйіп алдына алса, – дейді.

Балалар уанбады мұнда отырып,

Алдандырып көрсем де тағы, – дейді.

 

Алдансын, бабасына барып, – дейді,

Кәнизак Пайғамбарға алып келді.

Балаларды көріп Анхазіреті сұрап

“Жүр жылап бұл балалар нағып?”,дейді.

 

Күң айтты: – Ғайып болды Әли Арыслан,

Дұшпан іздеп кетіпті ол алыстан.

Патиманың жылаған даусыменен,

Ұйқыдан шошынып оянысқан.

 

Бек тиді Пайғамбарға күңнің сөзі,

Көңліне ұнамады мұның сөзі.

“Әли ғайып болды” деп естіген соң,

Қамығып ғамкін болып тұрды өзі.

 

– Қай жаққа кетті Әли түнде? – дейді,

Сыр білдірмей кетіпті ешкімге, – дейді.

Шапағатым соңғы қияметте, – дейді,

Әлиді бір талапкер ізде, – дейді.

 

Халид атты сахаба тұрды орнынан,

“Әлиді іздейін, – деп, – мен соңынан”.

Пайғамбардан бата алып, атқа мініп,

Шықты былай қарауға із жолынан.

 

Жол болады Дүлдүлдің жүрген жері,

Біледі мұны бұрын көргендері.

Халид ізін қараса, дәнеме жоқ,

Білініп жатыр бірақ мінген жері.

 

Дүлдүлдің ізін Халид таба алмады,

Ізін таппай ешқайда бара алмады.

Шаһардың айналасын шыр айналып,

Көз көрген жерден барып оралады.

 

Алыстан түскен екен орғып барып,

Онан әрмен жүргенінжолықты анық,

Дүлдүлдің ізін Халид тауып алды,

Шапқандай жөнеліпті сырғып барып.

 

Халид түсті  Дүлдүлдің ізіне енді,

Ізі жол боп көрінді көзіне енді.

Дүлдүлдің ізіменен  Халид жүрсін,

Сөз келді Әли ердің өзіне енді.

 

Әли Арыслан түнде үйден шығып еді,

Уәлияға бет алып жүріп еді.

“Бұл тойға кәпірден мал әкелем” деп,

Көңліне осы ниет кіріп еді.

 

Уәлияның шаһары он айлық жол,

Оларға табылмайды оңайлық жол.

Бір түнде Әли Арыслан жетті сонда,

Өзге адамға бір жылдық боларлық жол.

 

Бұл сөзді өтірік деп сенбес надан,

Көңлі жетіп, көңлі көрмес надан.

Құдай медет қылған соң Арысланға,

Есебін ол араның білмес адам.

 

Шаһарына Әли жетті Уәлияның,

Алдынан кез болды бір құдық оның.

Патшаның су алатын құдығы екен,

Суынан Әли таһарат қылды оның.

 

Таһарат алды келіп судан Әли,

Памдат намаз оқуға тұрған Әли.

Бір кәнизак келеді су алғалы,

Намазға кірді бұрын мұнан Әли.

 

Намазын Әли Арыслан оқыды енді,

Білмейді жау жері деп қорқуды енді.

Бір адам түрегеліп, жығылады,

Күң байғұс мұны көріп шошыды енді.

 

Көрген соң мұнан қорқып сасады күң,

Суға бармай қайтадан қашады күң.

Патшаның тұратұғын мезгілі емес,

Есікті тыстан келіп ашады күң.

 

Ұйқыдан патша оянып күңді көрді,

– Мезгілсіз мұнда келдің неге? – дейді.

Күң айтты: – Сізге хабар бере келдім,

Жөн көрмеген бір адам көрдім, – дейді.

 

Бір батыр құдықтың басында тұр,

Қаһар қылса шаһарды басуға тұр.

Мінген аты жылқыдан туған емес,

Оны жәй бос қойыпты, жанында тұр.

 

Патшаның естіген соң қорықты жаны,

Шақыртты уәзірлерін, мінжамларды.

Мінжамларға: – Тез енді бал аш, – деді,

Не кісі екен, білген жоқ өзін әлі.

 

Естуші ем:– [Әбул]мұхсин батыр бар деп,

Жалғыз емес, әскері, халқы бар деп.

Онан басқа Мекке мен Мәдинеде,

Айтты: – Бір сиқыршының даңқы бар, – деп.

 

“Бір баһадүр келді”  деп күң айтып жүр,

Білмеймін, күңің не көріп жүр.

Әбулмұхсин болмаса, анау алыс,

Табыңдар, онан басқа кім келіп тұр?

 

Мінжам ашып қарады балын енді,

Патшаға айтты: – Азайды халің, – деді.

Менің ашқан балымда осы келген

Мұхаммедтің жолдасы Әли,– деді.

 

Патша састы Әлидің атын біліп,

Бұрыннан естуші еді даңқын біліп.

– Күң айтады: “жығылып, тұрады” деп,

Не қылып тұр ол, бізге жақын келіп?

 

Балгер айтты: –Ол бізді шапқалы тұр,

Іздегенін өзімізден тапқалы тұр.

Атына міне келген осы кісі,

Қан төгіп, басымызды қаққалы тұр.

 

Бұл кісі біздің елді қырғалы тұр,

Атына міне қаһар қылғалы тұр.

Алдына шығар жалғыз адам болмас,

Қазір-ақ кең дүние тар болғалы тұр.

 

Балымда осылайша білініп тұр.

Ол біздің жұртымызға кіжініп тұр,

Жатып, тұрып Құдайға сиынып тұр,

Жалғыз-ақ сонысына айланып тұр.

 

Патша айтты: –Бұған нешік қайла, – дейді.

Уәзірлер, бұған ақылды сайла, – дейді.

Балгер айтты: – Соғысып ала алмайсың,

Өзің қор болмасыңды ойла, – дейді.

 

Қор болмайсың жөніне жүрсең, – дейді,

Тимейді өз дініне кірсең, – дейді.

Менің тілімді алмасаң, қырыласың,

Соғыс қыл, жеңеріңді білсең, – дейді.

 

Патша айтты: – Кім екенін білейік, – деп,

Анықтап әбден өзін көрейік, – деп.

Уәзірлердің бәрі де ұйғарысты:

– Әли болса, дініне кірейік, – деп.

 

Өзін мұнда ордаға шақырайық,

Бәріміз бір орында отырайық.

Егер де осы келген Әли болса,

Өзінің айтқан сөзін жақтырайық.

 

Мұнымен соғыспайық, тыныш тұрайық,

Әскерді қырылдырмай ұрыстырмайық.

Ұрысқанмен шамамыз келе алмаса,

Бекер қорлық көргендей іс қылмайық.

 

Бұл сөзді уәзірлердің бәрі ұнатты,

Патшаның өзі де бек ұнатты.

Уәзір мен патша сөзін кім бұзады,

Отырған жамағаттар тағы ұнатты.

 

– Хабарға жібереміз кімді? – дейді,

Шаһарға бір айдаһар енді, – дейді.

Көзі үйреніп сыртынан көріп қайтқан,

Жіберейік әлгі күңді, – дейді.

 

Күң қорықпаса, тағы да барып көрсін,

Өзін мұнда шақырып алып келсін.

Қаһар қылмай ордаға келсе батыр,

Бәріміздің көзіміз анық көрсін.

 

Әуелі дәм берейік, келсе, – дейді,

Біз берген дәмімізді жесе, – дейді.

Сонан соң өзін Хаққа тапсырайық,

Артынан бізді дұшпан көрсе, – дейді.

 

“Шақырып кел” деп күңді жібереді,

Әлгі көрген жерге күң келеді.

Намаз оқып болып, бесін оқып,

Манағы орнында тұр, бұл көреді.

 

Көрген соң күң ақырын жүріп келді,

Жүре-жүре жақындап, жуық келді.

“Қасына қалай барып сөйлесем” деп,

Бейшара қатты қорқыныш қылып келді.

 

Қорықса дағы қасына жақын келді,

– Әй, балуан, біз ғаріп, пақыр, – деді.

Менің келген жұмысым қасыңдағы,

Патша сені қонаққа шақырады енді.

 

Патша сізге барған соң сый қылады,

Өзіңізге жығылып кішіреді.

Жөніңізді сұрасып білгеннен соң,

Өзіңмен ынтымағын бір қылады.

 

Патша сені шақырады ордасына,

“Қонаққа келсін, – деді, – өз қасыма”.

Не десеңіз болады соныменен,

Жөніңізді сұрайды сөз басында.

 

Патшаға шақырған соң Әли келді,

Күңнің айтқан сөзіне нанып енді.

Дүлдүлдің құлағына Әли Арыслан

Сыбырлап айтты жауап тағы да енді.

 

– Патшаға мен барамын кіріп, – дейді,

Тыңда дыбысымды біліп, – дейді.

Үйге кіріп дұшпанмен соғыс қылсам,

Оңтайланып тұрғайсың жуық, – дейді.

 

Есікте тұр жуықтап жақын барып,

Құлағыңды салып тұр даусым танып.

Егер де мен кәпірге тұтқын болсам,

Бабама жет, бөгелмей басыңды алып.

 

Берік болып тұр өзіңе-өзің, – дейді,

Кәпірде болсын екі көзің, – дейді.

Қапыда қолға түсіп қалмағайсың,

Осы менің тапсырған сөзім, – дейді.

 

Бөгелмей қайт, тұтқын болып қалсам қолда,

Бабама хабар жеткіз, барсаң онда.

Патимаға тағы да айт сәлемімді,

Жетерсің бір-екі дем алсаң онда.

 

Хасен мен Хұсайыныма айт, қамықпасын,

Атам жауда қалды деп жабықпасын.

Пендеге һәрне қылса Құдай әмірі,

Тағдырдан іс болады, анық нансын.

 

Осы сөзді тапсырды  Дүлдүліне,

Ақылдасқан секілді бір-біріне.

Дүлдүлін тысқа қойып Әли Арыслан,

Тұра келіп патшаның кірді үйіне.

 

Патшаға кіріп келді Әли Арыслан,

Сұрайды кәпір халқы қамаласқан.

Есіктен кірген шақта көзі көрді,

Қамалап толып отыр тамам дұшпан.

 

Арыслан дұшпан бар деп еске алмады,

Отырған кәпірлерге көз салмады.

Ер Әлидің ызғарлы түсін көріп,

Патшада қорыққаннан ес қалмады.

 

Орын сайлап қойыпты тақсыр ерге,

Күрсі орнатқан жоғары, жақсы жерге.

Түсінің суығынан және қорқып,

Зәредей ес қалмапты кәпірлерде.

 

Отырған соң алдына тамақ қойды,

Жеміс салып бір жарым табақ қойды.

Өзіміз тимей, бізге қаһар қылса,

Дәмге тапсырайық деп арнап қойды.

 

Әли Арыслан дәм алды тағамынан,

Алдына әкеп қойған табағынан.

Жанның бәрі тітіреп қорқып отыр,

Әлидің ызғарланып қарауынан.

 

Патша сонда жөн сұрап: – Кімсің? – дейді,

Бұл болыста қай тараптан жүрсің? – дейді.

Атың кім, қай жұрттың адамысың,

Айтың, жұртым естіп білсін, – дейді.

 

– Атым – Әли, Алланың Арысланы,

Жеңіп алдым қасымды, жау-дұшпанды.

Маңымдағы кәпірдің бәрін қырып,

Дұшпанды іздеп шықтым алыстағы.

 

Мұхаммед – хақ Пайғамбар, бабам, – дейді,

Береді рұқсат бата маған, – дейді.

Мың миллион болса да, кәпір-жаудың

Бастарын да қағармын, шабам, – дейді.

 

Қаһарыма ұшырап қорлық көрме,

Дініме кірген кәпір қалар, – дейді.

Дініме кірген кәпірге рақым қылып,

Сонымен дос-жар адам болам, – дейді.

 

Хақ дінге кірген адам сүйікті боп,

Бабам шапағат қылады соған, – дейді.

Дініме кірмегенге ойран салып,

Өзін қырып, малдарын алам, – дейді.

 

Бүлдіріп іс қыламын жаман, – дейді,

Саламын сөйтіп ақырзаман, – дейді.

Әй, патша, сен де маған тез жауап бер,

Айтылды менің сөзім тамам, – дейді.

Уәлия шаһары кәпір деп естіп,

Құдай-а, іздеп келдім саған, – дейді.

 

Осылай менің, патша, жөнім, – дейді,

Жұмысым осы келген менің, – дейді.

Дос боламысың, дұшпан боламысың,

Соғады қай жағына көңлің, – дейді.

 

Патша айтты: – Қырам  дейсің жау-дұшпанды,

Жеңіп алдым дейсің көп дұшпанды.

Әскерді бекер-текке бүліндіріп,

Жеңем деп соғысам ба Арысланды.

 

Дініңнің асылдығын білем, – дейді,

Өзің айтқан жөніңе жүрем, – дейді.

Менің айтқан сөзімді қабылдасаң,

Иман үйрет, дініңе кірем, – дейді.

 

Патшаға иман үйретті, дінге кірді,

Патшаның халқы дінге бірге кірді.

Дінге кіріп мұсылман болды бәрі,

Әлиден ислам дінін үйренді енді.

 

Дінге кіріп мұсылман болған бәрі,

Ислам дінін үйретті имам Әли.

Шіркеулерін бұздырып, мәсжід салып,

Бір жыл сонда алданып тұрған Әли.

 

Бір жылдай дін түзетіп алданады,

Ислам дінін біліп жұрт аңғарады.

Бір жылдан соң патшадан рұқсат алып,

Имам Әли жүруге қамданады.

 

Патша айтты: –Жүрсең асыл бұл береміз,

Өзіңізге асыл бұл сый береміз.

Пайғамбарға тапсыр деп сәлемді,

Лайықтап және сый жібереміз.

 

Әли айтты: – Жөні болмас оның, – дейді,

Алмағам мұсылманның малын, – дейді.

Менің іздеп шыққаным кәпір малы,

Бұл жақта кәпір бар ма тағы? – дейді.

 

Патша айтты: – Дініңе кірді менің халқым,

Бұл жақта кәпір болмас енді жақын.

Әбулмұхсин деген бір батыр бар деп,

Алыстан естуші едім соның даңқын.

 

Ол өзі жұрттан асқан батыр, – дейді,

Оның діні бұл күнде батыл, – дейді.

Өзі патша бетіне жан келмеген,

Қанша халықты меңгеріп жатыр, – дейді.

 

Онан басқа кәпір жоқ бұл маңайда,

Суыт жүрсең, жетерсің бір он айда.

Әскері құмырсқадан көп, – дейді, – оның,

Барғанменен бола ма оған қайла.

 

– Мен оған барам, – деді имам Әли,

Қай жақта деп патшадан сұрайды оны.

Он айлық жер дегенің қиын емес,

Іздеймін болсадағы онан әрі.

 

Патша айтты: – Олай болса, қамданайық,

Әскер жиып, жау-жарақ сайланайық.

Не болса да сізбенен бір көрейік,

Жауға жалғыз жіберіп жай қалмайық.

 

– Жалғыз-ақ жүрем, – деді Әли Арыслан,

Көп әскер іздей алмас мені алыстан.

Алладан медет сұрап аттанайын,

Көп болып не қылады маған дұшпан.

 

Патша “Мен де барайын” деп айтады,

Әлиге сөз қайырып көп айтады.

“Әскер жиып, сайланып барайық”  деп,

Ара тілеп лайықты жөн айтады.

 

Әли Арыслан осы сөзге қарамады,

Патшаның әскерін және алмады.

Жөнін сұрап жөнелді жалғыз өзі,

Патша талаптанса да бара алмады.

 

Дүлдүлге қамшы басып жүрді Әли,

Бір кәпірдің хабарын білді Әли.

Патшадан әскер алмай жалғыз өзі,

Тәуекел кемесіне мінді Әли.

 

Памдат оқып жөнелді Уәлиядан,

Тілектесі болып қалды жиылған жан.

Ақшамның уақытында бір әскер көрді,

Өтірік деп тағы айтар мұны надан.

 

Имам Әлиның Арысланы,

Оған тең бола алмайды жау-дұшпаны.

Мінген аты – ұжмақтан шыққан  Дүлдүл,

Аяғының астында алысқаны.

 

Қисапсыз бөлек-бөлек шатыр тіккен,

Бір көк шатыр ең шетке жақын тіккен.

Алдындағы шатырға тура жүрді,

Жолаушы жолықпай ма ақыр шеттен.

 

Сыртына көк шатырдың тура келді,

һеш нәрседен қорқыныш қылмай келді.

Бір адам өлең айтып, жыр жырлайды,

Шатырға жақын келіп тыңдады енді.

 

Әбулмұхсин патшаның шатыры екен,

Сейілде жүрген өңшең батыр екен.

Арқасын сипаттырып қатынына,

Шатырда Әбулмұхсин жатыр екен.

 

Алдында біреу отыр өлең айтып,

Домбырасын тартады бір жөн айтып.

Батыр оның өлеңін тыңдап жатыр,

Естіңіз, отыр екен не деп айтып.

 

Өлеңші ер Әлиді мадақтайды,

Расулдың сипатын анықтайды.

Бұл сөзді Әбулмұхсин тыңдап жатыр,

Өлеңші де мақтауға жалықпайды.

 

Айтады исламның тілін мақтап,

Расулдың пайғамбарлық түрін мақтап.

Имам Әли тақсырды көп айтады,

Ерлердің бірінен соң, бірін мақтап.

 

Өлеңші домбырасын тартып отыр,

Ер Әлиді көп мақтап айтып отыр.

Арыслан мұны естіп тыңдап тұрды,

Батырға уайымды артып отыр.

 

Сөйледі батыр: – Жауап бер заманда,

Ол өзі бар ма, – деді, – бұл заманда.

Өлеңші артығырақ және айтады,

Батыры жауап сұрап тыңдағанда.

 

– Мекке мен Мәдине – оның жері, – дейді,

Дүниеде болмайды оның теңі, – дейді.

Адамзаттан алдына жан шықпайды,

Шыдамас соғысуға пері, – дейді.

 

Батыр айтты:  – Бір ерді несін мақтадың,

Өлшеусіз теңі жоқ  деп тым мақтадың.

Менің теңім бар ма еді бұл заманда,

Сен онан мені неге аз мақтадың?

 

Сонда айтты: – Жоқ сізден асар, – дейді,

Бірақ біздің дініміз нашар, – дейді.

Пайғамбарды жаратқан нұрдан Құдай,

Дінінің асылдығы басар, – дейді.

 

– Алыс екен, мен оған барар едім,

Мықты болса, алысып қарар едім.

Мекке мен Мәдинеге кім жетеді,

Мен барсам, оның жайын табар едім.

 

Жақын болса, мен оны көрер едім,

Күшім жетсе, алысып жеңер едім.

Егер де менен күші артық болса,

Ықылас қойып дініне енер едім.

 

Сенің айтқан сөзіңе нанам, – дейді,

Ол ерді теңгересің маған, – дейді.

Мекке мен Мәдинеге жететін

Жақын емес, қалайша барам? – дейді.

 

– Соғысып жеңе алмайсыз оны барып,

Меккенің кім біледі жөнін анық.

Ол ердің өзі мұнда келеді, – дейді,

Дініне енем десең, көңліңе алып.

 

– Сен оның келетінін білдің қайдан,

Қайдан хабар табады біздің жайдан?

Өлетұғын мезгілің жуықтады,

Өтірік айтып бұл сөзге тидің қайдан?

 

– Құдай артық жаратқан шын ер, – дейді,

Ықылас қойсаң оны білер, – дейді.

Үш қабат айғай салып шақырсаң,

Қазір осы сағатта келер, – дейді.

 

– Көнейін айтқаныңа, ақын, – дейді,

Айтқаның келмесе, өлдің һәм, – дейді.

“Имам Әли Арыслан, жылдам кел” деп,

Үш қабат айғай салып шақырды енді.

 

Әли Арыслан естіп тұр мұның бәрін,

Тыстан тыңдап тұрған түрін оның.

Әбулмұхсин айқайлап шақырған соң,

Келеді есігіне жүріп оның.

 

Шатырының есігі ашық еді,

Ашық тұрған есікке жақын келді.

Әбулмұхсин есікке көзін салып,

Көреді келіп тұрған тақсырды енді.

 

Орнынан Әбулмұхсин көрді тұрып,

Әли Арыслан есікке келді жуық.

Өзі көрген жан емес бұрын жүзін,

Бір батыр келіп тұр реңі суық.

 

Көрген соң Әбулмұхсин сескенеді,

Сөйлесіп жөнін сұрап тексереді.

– Танымайтын қай жердің адамысың,

Рұқсатсыз кіріп келдің ішке, – деді.

 

Әли айтты: – Танымайсың мені, – дейді,

Мен іздеп келіп тұрмын сені, – дейді.

Атым – Әли, Алланың Арысланы,

Мекке менен Мәдине – жерім, – дейді.

 

Мұхаммед хақ пайғамбар – бабам, – дейді,

Абзалы пайғамбардың тамам, – дейді.

Бабамның тілегімен Тәңірім өзі

“Арыслан” деп ат берген маған, – дейді.

 

Жүремін кәпірлерді дінге салып,

Алыстан кәпір болса іздеп барып.

Дінге енбеген кәпірді һәлак қылып,

Қырамын оны да бір жөнге салып.

 

Бұл сөзін Әбулмұхсин тыңдады енді,

Келіп тұр Әли Арыслан қырғалы енді.

– Сенің жерің алыстан ат жетпестей,

Сен кімді іздеп келдің мұнда? – деді.

 

– Менің іздеп келгенім сен, – деп айтты,

Жерің алыс дегенің жөн, – деп айтты.

Өзің мені айғайлап шақырған соң,

Сол үшін келіп тұрмын мен, – деп айтты.

 

Шақырдың атымды атап өзің, – дейді,

Өзімнің де іздейтін кезім, – дейді.

“Әли келсе, дініне енем” деген,

Естілді құлағыма сөзің, – дейді.

 

Мен келдім, енді өзің біл мұның соңын,

Жұмысыңның абайла оңын-солын.

Қапелімде қолға алып соғысқа енсем,

Жетпейді қаруыма бір күн қолың.

 

Есітті Әли сөзін Әбулмұхсин,

Есітіп ұғып отыр бәрін Мұхсин.

Айғайлап шақырғанда келіп қалды,

Енді мұнан бұзылып нағып шықсын.

 

– Рас, мен шақырғанда келдің, – дейді,

Алысын білем өзім жердің, – дейді.

Енді маған толассыз иман үйрет,

Дініңнің хақтығына сендім, – дейді.

 

Халықты хабар беріп білгізеді,

Өзінің жөніменен жүргізеді.

Имам Әли тақсырдан дін үйреніп,

Халқының бәрін дінге енгізеді.

 

– Мен дағы жұрттан асқан батыр едім,

Маған теңдес жан жоқ деп жатыр едім.

Шақырған сағатымда келіп тұрсың,

Мен сенің ерлігіңнен ғапыл едім.

 

Мен жаңа көріп тұрмын сені, – дейді,

Сендей болмас ерлердің көбі, – дейді.

Тілек қылып сұраймын мұны өзіңнен,

Арманыма бір жеткіз мені, – дейді.

 

Екеуміз күресейік бел ұстасып,

Көрейік сынамаққа тік ұстасып.

Мені жықсаң, дініңе жұртым енсін,

Бір медет тілегімді бер, бір ұстасып.

 

Әли айтты: – Олай болса қамдан, – дейді,

Күшіңді жина бойыңа әбден, – дейді.

Мұсылман болам десең күресейік,

Болмасын уағдаңда жалған, – дейді.

 

Екеуі күресуге қамданыпты,

Қойысты уағда қылып жанжал істі.

Тақсыр Әли, Алланың Арысланы,

Әбулмұхсин батыр да – балуан күшті.

 

Күресті бел ұстасып қолма-қолтық,

Жау-жарақ алмады найза, мылтық.

Екеуі балуандарша күресуге

Бір-бірін берік ұстады қолма-қолтық.

 

Әбулмұхсин Әлиге сөз айтады:

– Бұрын қару қылыңыз, – деп айтады.

Жықсам да, жықпасам да мұсылманмын,

Бұл күрес  …    …*     болады.

 

Әли айтты: – Сен қару қыл бұрын, – дейді,

Белгісіз саған менің сырым, – дейді.

Мен қозғалсам, сен маған жығыласың,

Көңліңнен кетпес арман-мұңың, – дейді.

 

Сонда Мұхсин Әлиге қару қылды,

Қалдырмай қаруының бәрін қылды.

Жықпаса да Әлиге қолы батты,

Тақсыр Әли күшінің барын білді.

 

Әлиге кезек келді мұнан соңыра,

Күшін екі қолына жиған сонда.

Көтеріп жерге қойды балаларша,

Енді сөзден жығатын шама қанша.

Сол жерде иман айтып реңі кірді,

Арыслан қырғалы тұр онан қалса.

 

Арыслан шатырға түсіреді,

Құрметтеп, көңлі сеніп кешіреді.

Ықыласпен дінге еніп, мұсылман боп,

Ислам дінін үйреніп түсінеді.

 

Мұсылман қылды Әли халықты сонда,

Дінге кірді бір халықтың бәрі сонда.

Шіркеулерін бұздырып, мәсжід салып,

Имам Әли тұрады тағы сонда.

 

Бір жыл жатып Әли сонда дін үйретті,

Ислам дінін анықтап, мәнін үйретті.

Хақ дінге халықтың бәрін көндіктіріп,

Әлидің қайтатұғын күні жетті.

 

Үйретті бір жыл жатып дінді Әли,

Қайтқалы даярланды енді Әли.

Әбулмұхсин патшаға жауап қылып

“Аттанам амандасып” деді Әли.

 

Қимайды Мұхсин, сөзін тыңдасады,

Қайта жауап айтып, сонда мұңдасады.

– Қайтамын десең рұқсат, тақсыр, – дейді,

Арыслан тұрмаған соң,  бұ жалынады.

– Қайтамын десең, бізден сый ал, – дейді,

Алтын, күміс, гауһардан болар, – дейді.

 

Пайғамбарға бір бөлек сый берейік,

Аманат қылып сізден жіберейік.

Әскерменен өзіміз және барып,

Расулдың дидарын біз көрейік.

 

Имам Әли айтты: – Сый алмаймын, – деп,

Жеріме тура қайтып бармаймын, – деп.

Менің іздеп шыққаным – кәпір малы,

Бір айтқан уағдамнан таймаймын, – деп.

 

Кәпірдің шаһарын іздеп барам, – дейді,

Соғысып, малын тартып алам, – дейді.

Бұл жақта өзің білген кәпір бар ма,

Соның жөнін айтып бер маған, – дейді.

 

– Кәпір жоқ, – дейді Мұхсин, – менің білген,

Дініңе менің барша елім кірген.

Естимін бір патшаның алыс даңқын,

Адам жоқ оның мұнда жөнін білген.

 

Бір залым, аты – Қаққа патша, – дейді,

Жан құтылмас қаһарына алса, – дейді.

Айнала қаннан дария қорғаны бар,

Адам одан өте алмас барса, – дейді.

 

Ол өзі “Тәңірмін” деп дұға қылған,

Қан дария айналасы бәрі қорған.

Істеген бәрі сұм деп есітемін,

Бәдбахт осындай бір залым болған.

 

Онан басқа кәпір жоқ мұнда, – дейді,

Барам деп оған үміт қылма, – дейді.

Әлгідей кәпірді естіген соң,

Әли Арыслан сырғып тұрмады енді.

 

– Барамын, маған оның жөнін сілте,

…  …   …   …   …   …  …  …*.

Мен оған естіген соң бармай қайтсам,

Өзімнің ерлігіме болар шілте.

 

– Олай болса барайық, әскер жиып,

Жау-жарақ даярлайық, саспай жиып.

Қан дариясы бар дейді бер жағында,

Біз оған жеткізейік бастап жүріп.

 

– Әй, Мұхсин, маған әскер жима, – дейді,

Әскер не қылады қанды суға, – дейді.

Аллаға мен жүрейін тәуекел деп,

Тілегімді тілеп тұр мұнда, – дейді.

– Қаққаны бола алмас жеңіп, – дейді,

Болармын өзіңізге серік, – дейді.

 

Бұл баратын ісім менің, – дейді,

Қалмасын оның үшін көңлің, – дейді.

Серіктің керегі жоқ бұл сапарда,

Анықтап, сілте бірақ жөнін, – дейді.

 

Әбулмұхсин сілтеді сонда жөнін,

Анықтап айтты тамам тура жолын.

Арыслан серік алмай жүреді деп,

Өзінің соған тоқтау қылған көңлін.

 

Әбулмұхсин Әлиді жолға салды,

Өзін Әли ертпеді, онда қалды.

“Осы жолың үстінде қан дариясы”

Деп айтып, білгенінше оңға салды.

 

– Жол екі айырылады барып-барып,

Оң жолға түс, тізгінді анық салып.

Сол жолға абайламай түсіп кетпе,

Кез қылар бір нәрсеге алып барып.

 

Оңға түссең, алдыңда қан дариясы,

Сиқырмен қылып қойған бар қайласы.

Түстік жерден тартады лебіменен,

Қан дария шаһарының айналасы.

 

Сиқырмен дария қылып салған қанды,

Қан дариясы жібермес әрмен жанды.

Қан дариясы тартады түстік жерден,

Жақындап маңайына барған жанды.

 

Жолының мәнісі бар бара қалсаң,

Келерсің мұнда қайтып, бара алмасаң.

Қан дарияның ар жағы – Қаққа кәпір,

Залымның сиқырынан аман қалсаң.

 

Әбулмұхсин жолының мәнін айтты,

Сол жерде амандасып, өзі қайтты.

Мұнан кейін манағы өлеңші кеп,

Арысланға аз жауап жөнін айтты.

 

– Жолдас алмай барасыз онда, – дейді,

Бейғам  ғапыл болмаңыз жолда, – дейді.

Түсімде бұл соғысқа кіріп едім,

Біз дағы барсақ керек соңыра, – дейді.

 

Түсімде Расулды көріп едім,

Иман айтып, дініне еніп едім.

Намаздігер, ақшамның арасында,

Әли келер дегенге сеніп едім.

Әбулмұхсин батырға өлең айтып,

Соның үшін хабарды беріп едім.

Тақсырдың маған айтқан сағатында

Шатырдың есігіне келіп едің.

Егер де шақырғанда сен келмесең,

Сонда мен ажал жетпей өліп едім.

Хақ діннің қуатына сенген үшін,

Уағда қылып, өлімге көніп едім.

Батырдың есігіне келген шақта,

Толықсып қорғасындай еріп едім.

Түсімнің бірі келмесе, бірі келер,

Осы Қаққа кәпірді жеңіп едің.

Менің көрген түсімде қылыш шауып,

Қан дариясын жол салып бөліп едің.

Көп әскердің ішінде бірге жүріп,

Кәпірден олжа малды теріп едім.

 

Түсімнің осы арасы келе алмай тұр,

Көп әскер қасыңызға ере алмай тұр.

Қаққаның шаһарына бірге барып,

Не себеп соны көзім көре алмай тұр.

 

Жалғыз жүріп барасыз енді өзіңіз,

Әскер керек қылмаған бұл кезіңіз,

Қайтқанда Мәдинеге мені ала қайт,

Көңілде болсын, тақсыр, бұл сөзіміз.

 

Ғашықпын дидарына Пайғамбардың,

Түсімде Пайғамбардан хабарландым.

Пайғамбардың дидарын көру үшін,

Арманы қалмас еді барғандардың.

 

Білді енді түс көргенін мұн[ың] Әли,

Достыққа сынады оны имам Әли.

Сол арада сөйлесіп амандасып,

Жөнелді имам Әли онан ары.

 

Дүлдүлмен Әли Арыслан жөнеледі,

Жөнелген соң неге енді бөгеледі.

Әбулмұхсин анықтап жөнін айтып,

Екі жол арасына бұл келеді.

 

Екі жол арасына келді Әли,

Анықтап сұрап алған жөнді Әли.

Жол үстінде отыр бір сақалды адам,

Қасына жақын келіп білді Әли.

 

Жол үстінде ақсақал адам отыр,

Әлидің жолын тосып қарап отыр.

Қараса, қияпаты тәуір адам,

Қолында тәсбих тартып, санап отыр.

 

Сөйледі Арысланға көрген жерден,

“Есен келдің бе, – деп, – жау-дұшпанға”.

Имам Әли таң қалды ол адамға,

Сұрамай жөнін біліп танысқанға.

 

Әли айтты: – Қалай білдің мені? – дейді,

Мен бұрын көргенім жоқ сені, – дейді.

Айдалада отырсың жалғыз өзің,

Жөніңді айт, мұнда қайдан келдің? – дейді.

 

– Хақ Тағала жіберді мені, – дейді,

Келіп, тосып отырмын сені, – дейді.

Сенің үшін келген мен періштемін,

Қаққаның сілтегелі жөнін, – дейді.

 

Имам Әли иланды бұл сөзіне,

Бір жақсы адам көрініп тұр көзіне.

“Қаққаның жолы қайсы?”  деп сұрады,

Ұқтырған Әбулмұхсин жөнді өзіне.

 

– Жолды айтқан Әбулмұхсин маған,–  дейді,

Оның айтқан жолымен барам, – дейді.

Сен тағы да өзің білгеніңді айт,

Қай рас айтқаныңа барам, – дейді.

 

Ақсақал адам сонда жол көрсетті,

Былайғы теріс жолды оң көрсетті.

Әбулмұхсин ұқтырған бұрын айтып,

Ол адам мынау оң деп сол көрсетті.

 

Бұл сөзге Әли Арыслан нанар емес,

Оның айтқан жолымен барар емес.

Сонда дағы бейғам  тұр бір уайымсыз,

Көңліне еш нәрсені алар емес.

 

Әли айтты: – Әбулмұхсин жол  сілтеген,

Қаққа жолы мынау – ол сілтеген.

Оның айтқан жолымен жүрем, – деді,

Теріс кететін жаман жол – сен сілтеген.

 

– Әбулмұхсин білмейді жолдың жөнін,

Иланбай тұр ма  маған сенің көңлің.

Әбулмұхсин теріс жолын оң деген соң,

Жөніңе сілтейін деп келдім сенің.

 

Құданың бұйрығымен келдім мұнда

Мен саған көрсеткелі жолды тура.

Әбулмұхсин білмейді еш нәрсені,

Оның сөзін қоярсың, – деді, – шынға.

 

Мен – періште, саған жол айта келген,

Құдай маған бұйырды, “байқа” деген.

Теріс жолға түсіп кетіп реніш көрсең,

Енді оралып мен саған қайта келмен.

 

Бұл сөзге Әли Арыслан иланады,

“Періштемін мен” дегенге шын нанады.

Бір істің себебі кез болу үшін

Еш нәрсені перідей қылмағаны.

 

Арыслан сол есептен сынамады,

Ақыры қалай болар деп қарамады.

Қалай келіп отырған періште деп,

Көңліне оның жөнін және алмады.

 

Әлгінің сөзіне нанды Әли,

Мұхсиннің айтқан сөзі қалды бәрі.

Оның айтқан жолымен жүріп кетіп,

Бір үлкен биік тауға барды Әли.

 

Ібіліс екен малғұн жолда тұрған,

Әлиді алдап жіберген ол антұрған.

Ол таудан шаһар салып, мекен қылған

Кәпір зәңгі бар екен сонда тұрған.

 

Ібіліс жолын тосып тұрған екен,

Арысланға дұшпандық қылған екен.

“Зәңгілерге тұтылса құтылмас” деп,

Азғырып соның үшін бұрған екен.

 

Арыслан еш нәрсені тексермеді,

Ол жерде тексеруді ескермеді.

Қияпатын қараса тәуір адам,

“Осы мені бастамас теріске” деді.

 

Ол адам айтты: – Саған келдім қастап,

Сен жалғыз жүрме, – дейді, – мені тастап.

Арыслан бір жүруге рұқсат қылды,

Өзінің айтқан жолымен жүрді бастап.

 

Тоқтатты жарым жолға келгеннен соң,

Алдында бір биікті көргеннен соң.

Сонда тұрып тағы да сөз айтады,

Арыслан ақылына ергеннен соң.

 

Арысланды тоқтатып сөз айтады,

Бұған ақыл керек деп көп айтады:

– Осы арада тоқтаңыз сабыр қылып,

Хабар біліп келейік, – деп айтады.

 

Арыслан бұл сөзіне және көнді,

Көңлі сеніп, иланды бұған енді.

Осы жүрген Ібіліс малғұн екен,

Тауда жатқан зәңгіге хабар берді.

 

Барды да зәңгілерге хабар берді,

Зәңгіні соғысуға даяр қылды.

Зәңгіні күтіндіріп, жиып қойып,

Арысланға малғұн және келді.

 

– Бір тауда ауыр әскер жатыр, – дейді,

Еш нәрседен пәруайсыз, ғапыл, – дейді.

Қаққаның әскерінің бір бөлігі

Сейілде жүрген өңшең батыр, – дейді.

 

Имам Әли бұл сөзге нанады енді,

Ібіліс бастап ертіп барады енді.

Жетіп келсе, қисапсыз зәңгі кәпір

Алдынан шығып салады енді.

 

Арыслан Ібілісті білді сонда,

Зәңгіге қатты қаһар қылды сонда.

Қайраты бойға түсіп, тіке шығып,

Майданға Әли Арыслан кірді сонда.

 

Зәңгінің от шығады аузынан,

Үміті бар Әлиді жапырудан.

Тақсырға от тимейді жалғызынан,

Сескенді көріп зәңгі оныңнан.

 

Біреуі қарама-қарсы келе алмады,

Арысланның жауабын бере алмады.

Топырақтан көп зәңгі жабылса да,

Имам Әли тақсырды жеңе алмады.

 

Осылайша тоғыз күн ұрыс салды,

Қисапсыз көп зәңгіні қырып салды.

Аш арыслан көп қойға кіргендей боп,

Зәңгіге Әли Арыслан бүлік салды.

 

Зәңгілер енді ұрыстан басылады,

Қырыла берсе бүйтіп таусылады.

“Қалғанымыз дініңе кіреміз”  деп,

Аяғына жығылып бас ұрады.

 

Зәңгілер иман айтып кірді дінге,

Жиылып шаһарына жүрді бірге.

Медресе, мәсжід салып, дін үйретіп,

Көндірді бір жыл жатып мұны дінге.

 

Бір жылдан соң жүруге қамданады,

Қаққаны іздемек боп сайланады.

Зәңгілер жолының жөнін айтып,

Жау-жарағын даярлап қамданады.

 

Жүруге   рұқсатын берді зәңгі,

Жиылысып алдына келді зәңгі.

– Сізге сый ғып береміз қазына-мүлік,

Керегінше ал бізден, – деді зәңгі.

 

– [Алмаймын] мұсылманның малын, – дейді,

Мұсылман болдың бәрің тамам, – дейді.

Қаққа залым кәпірдің жөнін сілте,

Шаһарын қырам барып оның, – дейді.

 

– Он айшылық жол, – дейді, – мұнан Қаққа,

Ол залымның шаһары мынау жақта.

Қан дариясы бар, – дейді, – бір жағында,

Біз шығып көргенім жоқ ол тарапқа.

 

Зәңгілердің сый қылған малын алмай,

Зәңгілер ермек болды және қалмай.

Жөнін сұрап алды да жүріп кетті,

Серік, жолдас қасына тағы да алмай.

 

Жөнелді Қаққаны іздеп енді Әли,

Анықтап сұрап алған жөнді Әли.

Түстік жерден сиқыры тарта алмады,

Қан дарияның қасына келді Әли.

 

Қан дарияның қасына келіп тұрды,

Ар жағына көз салып көріп тұрды.

Дүлдүліне секіртті, көз жетпейді,

“Бұ қалай?”  деп көңілін бөліп тұрды.

 

Сол шақта құлағына бір үн келді,

Ойланып біразырақ тұрып еді.

– Өзің – Шер, Құданың Арысланы,

Ақылын неге таппайсың мұның? – дейді.

 

Ұжмақтан шыққан  Дүлдүл – мінген атың,

Зұлпықар қолыңда тұр және сенің.

Құдай артық жаратқан, Шер Арыслан,

Дүниеде өлшеуі жоқ өз қуатың.

 

Жай тұрмай бұған ақыл тап, – деп айтты,

Құлақ сал, бұл сөзді бақ, – деп айтты.

Сиқырын қайтаратын әфсүн оқып,

Зұлпықармен дарияны шап, – деп айтты.

 

Бұл сөзді Әли Арыслан аңдады енді,

Көңлінде шәк-шүбһә қалмады енді.

Құдайға жалбарынып әфсүн оқып,

Зұлпықарды сілтеді дарияға енді.

 

Қан дариясы бөлінді екі басқа.

Екі басқа бөлініп кетті босқа,

Әли Арыслан Алланың әмірімен,

Қан дариясын осылай етті басқа.

 

Сол шақта Қаққа кәпір мұны білді,

– Қан дариядан жол салған бұ кім? – деді.

Бір батыр қаһарланып келе жатыр,

Қазір мұнда жетеді бүгін, – деді.

 

Алдынан шығады оның екі жүз ер,

“Кім екен, – деді, – мұның келгенін көр”.

Хазірет Әлидің алдынан қарсы шықты,

Әрқайсы жүз кісілік өңшең ерлер.

 

Дариядан өтіп еді имам Әли,

Қан дарияның сиқырын бұзған Әли.

Бар екен алыс байлау сиқырлары,

Бөгелмей, бұзып өтті мұнан Әли.

 

Екі жүз ер Әлиді көрді келіп,

Қасына жақындасып көрді келіп,

– Алыс байлау сиқырдың бәрін бұзып,

Сен кімсің, – дейді, – мұнда жүрген келіп?

 

– Ойыншы, жаһан кезген менмін, – деді,

Ойыншы, атым – Қышмаш ермін, – деді.

Осы жақта Қаққа патша бар деген соң,

Алдына ойнағалы келдім, – деді.

 

– Патшаға біз айтайық барып, – дейді,

Өзіңді ертіп барайық алып, – дейді.

Ойыныңды көрерміз патша алдында,

Дариядан өтіп келдің нағып? – дейді.

 

– Дариядан көпір салып өттім, – дейді,

Өнерім жетіп, өтіп кеттім, – дейді.

Өздерің көріп тұрсың өткенімді,

Мінеки, шаһарыңа жеттім, – дейді.

 

Батырлар ер екенін байқады енді,

Шаһарға ертіп алып қайтады енді.

Ерлердің бірнешесі хабар беріп,

Патшаға отырып барып айтады енді.

 

Патша айтты: – Олай болса келсін, – дейді.

Ертіп әкел, шаһарға енсін, – дейді.

Көшені аралатып әкеліңдер,

Шаһардың тамашасын көрсін, – дейді.

 

Алдынан келіп мұнда хабарлатты,

Патшаның бұйрығын тамамлатты.

Екі жүз патшаның бұйрығымен

Шаһардың көшелерін аралатты.

 

Арысланды шаһарға кіргізеді,

Көшені аралатып жүргізеді.

Әр көшеде орнатқан сиқыры бар,

Соларға Арысланды кіргізеді.

 

Байлаған арыстан, қабылан, аю, жолбарыс,

Әр түрлі хайуанаттар, бәрі жолдас.

От жанған әр көшеде жан өтпестей,

Адамда оған қылар қару болмас.

 

Шаһардың тамашасы онан артық,

Еш тамаша болар ма мұнан артық.

Бұ көшеде жат жүрген адам болса,

Орнатқан сиқырлары алар тартып.

 

Әлиді аралатқан оның үшін,

Дұшпан болса сонда һәлак болу үшін.

Сиқырменен байлаған мақлұқаттар

Бұғысып жатты, басын қору үшін.

 

Шаһардың жан көрмеген зинаттары,

Асыл тастан орнатқан қымбат бәрі.

Имам Әли аралап жүрген шақта,

Көшеде жанып тұрған сонда оттары.

 

Бір көшенің тұсына Әли келді,

Әлиге батырлардың бәрі келді.

Терезенің түбінен өткенінде,

Патшаның жалғыз қызы оны көрді.

 

Әлиді көріп үйден шығады қыз,

Қол қусырып, тағзым қылады қыз.

– Имам Әли, Алланың Арысланы,

Есен-сау келдің бе? – деп сұрады сөз.

 

Қызбенен амандасып тұрды Арыслан,

Патша қызы екенін білді Арыслан.

Қыз айтты: – Сарайға еніп, қонақ бол, – деп,

Қызға еріп сарайына кірді Арыслан.

 

Жауһар табақпенен қыз тағам берді,

Арыслан жауап айтты оған енді:

– Мені қайдан білдің? – деп сұрағанда,

– Түсімде аян берді бабаң, – деді.

 

Тағамға қолын созды мұнан әрі,

Тәтті жеміс алдына қойғандары.

Сарайдың нақышында жазу көрді,

Мұсылманша тамынан ойған бәрі.

 

Бұ шаһарды перілер салған екен,

Сүлеймен заманынан қалған екен.

Сол күнде Сүлейменге қараған [шаһар],

Кәпірлер ие болып қалған екен.

 

Сүлейменнің көңліне келген сонда,

Шаһардың зинатлығын көрген сонда.

Бұ сықылды шаһарға ие болып,

Мұсылман тұрар ма еді деген сонда.

 

Сол шақта Сүлейменге пері келген,

“Кәпір ие болады мұнда, – деген.

Сол күнде кәпір ие болса дағы,

Мұсылманға қалады соңыра, – деген.

 

Әлденеше патшадан қалар, – деген,

Заманның ақырына барар, – деген.

Мұхаммедтің жолдасы Әли келіп,

Қаққаның заманында алар, – деген.

 

Қаққа кәпір падиша болар, – деген,

Шаһарға ие болып тұрар, – деген.

Имам Әли Арыслан сонда келіп,

Қаққаның әскерлерін қырар, – деген.

 

Мұсылман болар, – деген, – қалғандары,

Сол болар мұсылманның алғандары”.

Осылай уахи келген заманында,

Сүлеймен өз қолымен жазған оны.

 

Тастағы сөзді көрді имам Әли,

Сүлеймен патшаның сызғандары.

“Мұсылманның некаһында болам” деген,

Есітті және бір сөз қыздан Әли.

 

Сөйледі Әлиге түс көргенін қыз,

Түсінде сол күн енгенін қыз.

Түсіндегі көргенін баян қылып,

Айтады өз атасын жеңгенін қыз.

 

Қыздың сөзін есітіп ұқты Әли,

Бұл сөзді көңіліне тұтты Әли.

Тастағы жазуларды және көріп,

Қызбенен амандасып шықты Әли.

 

Екі жүз ерге Әли қосылды,

Олар тыстан Әлиді тосып алды.

Патшадан біраз кеңес тағы естіңіз,

Тоқтата тұрайық азырақ осыларды.

 

Ол патша Арысланды білуші еді,

Көңліне қатты қорқыныш кіруші еді.

“Өзім – Тәңірімін”  деп тұрған ұлық патша,

Ұялып кісіге айтпай жүруші еді.

 

Сол үшін дария салған сиқырменен,

Дария жүзін қан қылған бір түрменен.

Шаһардың көшесінің бәрі сиқыр,

Ешкімнің хабары жоқ бұл сырменен.

 

Жамнұн деген батырға сырын айтқан,

Бұл сырды бүгін емес, бұрын айтқан.

“Әлидің басын кесіп алып келсең,

Қыз берем” деп, уағда қылып айтқан.

 

Жамнұн Әлиді іздеп кеткен екен,

Арада неше жылдар өткен екен.

Шаһарды Әли аралап жүрген кезде,

Жамнұн батыр оралып келген екен.

 

Жамнұн батыр сапарға барып келген,

Бір ердің басын кесіп алып келген.

Ол басты патша көріп алдына алып,

Дұшпанымның басы деп анық білген.

 

Патшаның қуанышы судай тасқан,

Көрген жан бәрі қорықты таудай бастан.

“Бір дұшпаным бар еді, өлтірдім”  деп,

Шаһарға жария қылып мұны шашқан.

 

Шаһарға бұл хабарды жаяды тез,

Әр жерге хабаршылар барады тез.

Әлиді еріткен екі жүз батырларға,

Көшеде шапқыншылар болады кез.

 

– Бір ер батыр бар екен Әли деген,

Патшаның қорқады екен жаны деген.

Жамнұн батыр жеріне іздеп барып,

Өлтіріп келді бүгін, әне, деген.

 

Хабаршы жүрген жұртын шақырғалы,

Шақырған соң жиылды батырлары.

Тыстан сұрап патшадан рұқсат алып,

Ерлермен бірге кірді тақсыр Әли.

 

Патша басты алдына алып отыр,

Уәзірлер, жұрт-жамағат, бәрі де отыр.

Үлкендігі адамның кеудесіндей,

Жұрттың бәрі тамаша қылып отыр.

 

Хазіреті Әлиді көрді патша,

Көрген соң жөн сұрайды енді патша.

– Танымаймын, қай жердің адамысың,

Бұ жерге неге келдің? – деді патша.

 

Имам Әли патшаға берді жауап,

Мақтанып отыр патша, көрді қарап.

– Өнерпаз, жаһан кезген ойыншымын,

Ерлігіммен жүремін, – деді, – елді аралап.

 

Өнерпаз ойыншымын ел қыдырған,

Өнеріме сенбесем, мен қыдырман.

Атым – Қышмаш, ойыншы батырмын, – деп,

Бұл сөзді жалған айтты енді бұған.

 

Патша сонда: – Сөзіңе сендім, – дейді,

Денеңде белгісі бар ердің, – дейді.

Сиқырменен бекіткен қан дариясын

Қалайша өтіп мұнда келдің? – дейді.

 

– Жердің жолсызын қыдырып ел іздеймін,

Өзімдей өнерпазды мен іздеймін.

Бір сиқырға өнерім жете алмаса,

Әуре болып бекер неге іздеймін.

 

Өтіп келдім, өнерім жеткеннен соң,

Не сөз бар, бұзып өтіп кеткеннен соң.

Өнерімнің барлығын көрмеймісің,

Қан дариядан жол салып өткеннен соң.

 

Патша айтты: – Білмеймісің бір батырды,

Ерлігімен көп жерді ол кезеді.

Мұхаммедтің жолдасы  – Әли деген,

Өлтіріп келді сол батыр Әлиді.

 

Әли айтты: – Мен сонымен теңдес, – дейді,

Өлтірдім дегенің ол емес, – дейді.

Құдай оған ат берген Арыслан деп,

Бір кісінің шамасы келмес, – дейді.

 

Патша айтты  Арысланға: – Сен не дейсің,

Жамнұнның өлтіргені өзге дейсің.

Жамнұн батыр мұныңа ашуланса,

Сонда өзің қорлық көріп өлмеймісің?

 

Мұны айтып, патша басын алды алдына,

Көрсетіп Арысланның салды алдына.

Зор адамның басы екен жан көрмеген,

Бас жатты орталықта алдарында.

 

– Осыны алып келді Жамнұн, – дейді,

Жаһанда теңдесі жоқ оның, – дейді.

Жамнұн батырменен майдан құрып,

Ойнарға келер ме екен халің ,– дейді.

 

Әлидің басын кескен Жамнұн балуан,

Жамнұнның ойыны бар алуан-алуан.

Майдан жасап, той қылам жұртты жиып,

Ойынға қорықпай кірсең балуандардан.

 

– Дұшпаныңды мұқатқан тойың болса,

Мұндай тойға кез келіп, жолым болса,

Мен неге балуандардан қорынайын,

Құдай деп шыққаным, ойын болса.

 

Мұнан соң патша жұртын жидырады,

Жар салғызып, барабан ұрғызады.

Сахараға жиылып майдан түзеп,

Патша өзіне мұнара құрдырады.

 

Майданға жұрт жиылып шыға тұрсын,

Патша мұнарасын құра тұрсын.

Әлиді іздеп шыққан Халид қайда,

Бұ сөз енді осылай тұра тұрсын.

 

Әли Арыслан түнде үйден шығып еді,

Халид батыр ізімен қуып еді.

Халидтің аты арыды орта жолда,

Күн-түні дамыл алмай жүріп еді.

 

Халидтің аты арыды ара жолда,

Оған қалай ақылды табар жолда.

Арыған атты Халид арқалап ап,

Тоқтамай жүре берді және жолға.

 

Арыған атын Халид арқалады,

Алдында не бар, не жоқ байқамады.

Үйінен шыққанында жыл өткенде,

Уәлияның шаһарына тақалады.

 

Шаһарға ат арқалап Халид келді,

Тамаша қылып оны халық көрді.

“Ат арқалап жүрген бір баһадүр” деп,

Патшасының алдына алып келді.

 

Патша мұнан жөн-жолдар сұрады енді,

Жауап тыңдап жамағат тұрады енді.

Өзінің қалай жүрген жөнін айтып,

Патшаға Халид баян қылады енді.

 

Әуелі Пайғамбарды мадақтады,

Төгіліп тамамдады, жалықпады.

Әлиді іздеп шыққан жөнін айтып,

Ізіменен келгенін анықтады.

 

Бұны естіп орнынан тұрды патша,

Әлидің серігі деп білді патша.

“Тақсырды сүйген көзің осы ма?”  деп,

Тұра келіп бетінен сүйді патша.

 

Халидке жабылады жанның бәрі,

Бетін, қолын сүйісіп қалды бәрі.

Астына күрсі қойып отырғызып,

Халидті сый-құрметке алды бәрі.

 

Патша бұған Әлидің жайын айтты,

Өзін дінге салғанын, бәрін айтты.

Әбулмұхсин батырды іздеп кеткен,

Халидке бұл хабарын тағы айтты.

 

Халидтің көңлі бұған орнығады,

Мұсылман шаһарына жолығады.

Аты арып, жүдеп-жадап келіп еді,

Өзіне келіп сонда тынығады.

 

Тынығып, сонда өзіне келді Халид,

Патшаға жауап айтты енді Халид.

– Арысланды іздеймін, – деді Халид,

Сұрады жүретұғын жөнді Халид.

 

Патша айтты: – Әскер жиып жүрейік, – деп,

Арысланның хабарын білейік, – деп.

Әбулмұхсин шаһарына біз де барып,

Тізе қосып соғысқа кірейік, – деп.

 

Көп әскер шықты жолға Халидке еріп,

Халид те жүрді бірге халыққа еріп.

Әбулмұхсин батырдың шаһарына

Жақындап келді түсіп    …  …  *.

 

Әбулмұхсин батырға салды хабар,

Әскерден Әбулмұхсин алды хабар.

“Имам Әли тақсырдың әскеріміз”

Деп, жазған осылайша берді хабар.

 

Әбулмұхсин алдынан өзі шықты,

“Мұсылманбыз” деп жазған сөзін ұқты.

Амандасып көрісіп мұсылмандар,

Бір жерден ықыластары түзу шықты.

 

Отырды бір-бірінен жөн сұрасып,

Арысланның хабарын көп сұрасып.

Бәрі де дінге енген мұсылмандар,

Білісті бірін-бірі бек сұрасып.

 

Айтысты Арыслан келген жайын,

Мұсылман дінін қабыл көрген жайын.

Екеуі де сөйледі бір-біріне,

Иман айтып, дініне енген жайын.

 

Халидті айтып, көрсетіп сол арада,

Және айтты Әлиді іздеп жүрген жайын.

Бір-біріне айтысты екеуі де,

Әрқайсы өз-өзінің білген жайын.

 

Әбулмұхсин орнынан түрегелді,

Халидтің жөнін естіп, біледі енді.

Түрегеліп көрісіп Халидпенен,

Құшақтап беті-көзін сүйеді енді.

 

Мұнан кейін Әлидің жөнін айтты,

Алыстан іздеп кеткен елін айтты.

Сиқырмен қаннан дария орнаттырған,

Қаққаның қайласының көбін айтты.

 

– Соны іздеп кетті имам Әли, – деді,

Хабар жоқ сонан бері әлі, – деді.

Неше күн мұнда жатып қонақ болып,

Бірігіп жүрмек болды тағы да енді.

 

Бірігіп сапар жүрді екі әскер,

Қаққаны іздеп бәрі кетті әскер.

Қанша заман жол жүріп қонып түсті,

Қан дарияға жуықтап жетті әскер.

 

Әскер келіп дарияға жуықтады,

Жайланып қонып түсіп, жуық барды.

Арысланның хабарын және естіңіз,

Бұл сөз енді осылай тұрып қалды.

 

Кәпір халқы жиылып шығып еді,

Сахараға мұнара құрып еді.

Имам Әли тақсырмен ойнағалы,

Жамнұн батыр майданда тұрып еді.

 

Патша шығып отырды мұнараға,

Жамнұн батыр оңаша тұр далада.

– Қышмаш барып Жамнұнмен ойнасын, – деп,

Патша бұйрық қылды сол арада.

 

Жамнұнға  Дүлдүлменен Әли келді,

Әлиді жиылған жұрт бәрі көрді.

– Өтірік Арысланды өлтірдім деп,

Қайда барып келдің сен, залым? – деді.

 

Жамнұн айтты: – Әлиге барып келдім,

Мұсылманға қайғыны салып келдім.

Өтірік деп сен маған неге айтасың,

Өлтіріп басын кесіп алып келдім.

 

– Әли деген Арыслан – мен, – деп айтты,

Маған қашан жолықтың сен? – деп айтты.

Шаһарыңа қырғалы келіп тұрмын,

Менің не қылғанымды көр,– деп айтты.

 

– Мақтанба, ұрып сені күл қылармын,

Ұн қылып сүйегіңді сындырармын.

Сен түгіл Әлиіңді өлтіргенмін,

Екеуіңнің есіңде бір қалармын.

 

Жамнұн батыр осылай лаң ұрады,

“Сені де өлтірем” деп шарт қылады.

Арыслан қаһары түсіп кетіп,

Зұлпықарын қолға алып ақырады.

 

Ақырды Әли Арыслан ашуланып,

Жамнұнға: – Тастайын, – деп, – басың алып.

Жер менен көк жаңғырықты айғайынан,

Халидке естілді даусы барып.

 

Қаққаның есі сонда ауып тұрды,

Есі ауып жұрт тамаша қылып тұрды.

Жамнұнға қаһарланып қатты ақырған,

Есі ауып, ақылынан танып тұрды.

 

Өзгеге күркіреген күн секілді,

Күркіреген күнменен бір секілді.

Аттанып әскер саулап жүріседі,

Дарияның жағасына келіседі.

Жетіп келсе қан дария жол боп жатыр,

Дүлдүлдің ізін көріп біліседі.

 

Дариядан өтті жүріп енді бұлар,

Қаққа залым жеріне келді бұлар.

Екпіндеп қатты жүріп келе жатыр,

Жиылған көп әскерді көрді бұлар.

 

Әли дауысы Расулға және жеткен,

“Жеткер” деп желге Құдай әмір еткен.

Сүйінші сұраттырып  Патимадан,

Пайғамбар хабар беріп мағлұм еткен.

 

“Арыслан бір майданға енді, – деген,

Соғысқа дұшпан жауын жеңді, – деген.

Қаһарланып майданда ақырып тұр,

Дауысы құлағыма келді” деген.

 

Қуаныш қылды мұны бәрі сонда,

Арыслан майданда тұр барып онда.

Әлгі қаһарланған бойыменен

Сілтеді зұлпықарын Жамнұнға.

 

Өзі бұрын кәпірге ұрғызатын,

Сонан соң кезек алып тұрғызатын.

Жеңіп алған мезгілде дінге енгізіп,

Иман айтып, мұсылман болғызатын.

 

Арыслан кезек беріп тұра алмады,

Ашу жеңіп, көңліне мұны алмады.

Зұлпықарын сілтеді Жамнұнға,

Мақтанған жауабына шыдамады.

 

Жәбірейілге бұйрық қылды Құдай:

– Кезек берсін кәпірге бұрынғыдай.

Зұлпықарды қолынан түсір жерге,

Денесіне тигізбей бұрдыр былай.

 

“Қолынан түсір, – деп, – зұлпықарды”,

Жәбірейіл сол мезгілде жетіп барды.

Арыслан зұлпықарды сілтегенше,

Жәбірейіл шынашағын түріп қалды.

 

Зұлпықар қолдан түсіп жерге батты,

Құдай пәрмен қылмаса неге батты.

Жәбірейіл зұлпықарды тартып алды,

Қараңыз Арысланға берген бақты.

 

Зұлпықар жерге батқан екпінімен,

Сілтеудің қаттысының оныменен,

Көк өгізге зарарың тиер дейді,

Екпінмен жерге түскен селкілінен.

 

Зұлпықарды жібермей тартып алған,

Әли Арыслан қолына қайтып алған.

– Кәпірдің кезегін бер әуелі, – деп,

Ұқтырды Хақ пәрменін айтып әбден.

 

Жамнұнға “сен ұр” деп айтқалы тұр,

Бұрынғы ретіне қайтқалы тұр.

Әуелі кезек беріп Жамнұнға,

Сонан соң зұлпықармен шапқалы тұр.

 

Сол мезгілде артынан тозаң шықты,

Жердің жүзін қаптаған бір шаң шықты.

Сап тартып тұра қалды ту көтеріп,

Мұсылманның белгісі сонан шықты.

 

Ту көтеріп, көп әскер келіп тұрды,

Бұларды Әли Арыслан көріп тұрды.

“Сен ұр” деп Жамнұнға айтқанынша,

Әскерді көріп көңіл бөліп тұрды.

 

Әлиді көрді Халид майдандағы,

Арманы көп артында қалғандағы.

Көрген соң Арысланды сабыр қылмай,

Халид батыр қасына барған тағы.

 

Көрісті Арысланға Халид барып,

Атынан түсті Халид шауып барып.

Келіп тұрған әскерінің жөнін айтты,

Білінді Арысланға анықталып.

 

Әскерге тақсыр Әли өзі келді,

Айтқалы тұрған қазір сөзін көрді.

Уәлияның патшасы тағы да бар,

Келген Әбулмұхсинді көзі көрді.

 

Көрісті оларменен имам Әли,

Бәрі жолда мұсылман қылғандары.

Екі патша келіпті әскерімен,

Көрісіп, амандасып тұрған бәрі.

 

Арттан әскер келді, тағы бір қол,

Олардың іздегені бәрі бір жол.

Оны көрсе мұсылман болған зәңгі,

Даусын естіп Әлиді іздеген сол.

 

Оған дағы көрісті тақсыр Әли,

Жалғыз келіп көп әскер тапты Әли.

Оның да құлағына естіліпті,

Манағы Жамнұнға ақырғаны.

 

Арыслан оларға айтты өз мәнісін,

Жамнұнның өтірік қылған ісін.

Өтірік айтып келген Жамнұн,

Жекпе-жекке шығып тұрған ісін.

 

Әбулмұхсин Әлиге келіп айтты,

Қатты соғыс болуын көріп айтты.

– Жекпе-жекке бұған мен барайын, – деп,

Өзінің қуатына сеніп айтты.

 

– Сабыр қыл, Әбулмұхсин батыр,– дейді,

Істе шала қылмайық ғапыл, – дейді.

Менен қорқып майданға келмеді деп,

Мақтанар көңлі өсіп кәпір, – дейді.

 

Өзім барып сүйегін сындырармын,

Сындырып сүйектерін күл қылармын.

Меніменен майданға шығып тұрған,

Әуелі мұның ісін тыңдырармын.

 

Мұнан соң көп кәпірмен ұрысармыз,

Кезекпен майданға шығысармыз.

Көп кәпір екеумізге жеткілікті,

Ыңғайына қаратса тұрысармыз.

 

Бұл сөзбен Әбулмұхсин бөгеледі,

Әли Арыслан майданға жөнеледі.

Манағы Жамнұн батыр орнында тұр,

Әлиді қайтып келген бұл көреді.

 

– Сен кеттің манағыдан қайда? – дейді,

Бар екен өзіңде көп қайла,– дейді.

Артыңда жиылған мынауың кім,

Бара ма боялғалы қанға, – дейді.

 

– Әскерім артымдағы келген, – дейді,

Әлимін, көп кәпірді жеңген, – дейді.

Әуелі кезек беріп ұрғызамын,

Қару қыл, келіп маған бермен, – дейді.

 

Ақырып айғай салып келді Жамнұн,

Майдандағы Әлиді көрді Жамнұн.

– Маған теңдес келетін өзің кімсің,

Бір ұрып көл қылайын,– деді Жамнұн.

 

Мұны айтып Жамнұн батыр қару етті,

Әлиді күрзіменен салып өтті.

Атының епкінімен ағып өтіп,

Әлиге қайта оралып тағы жетті.

 

– Нағылып тірі қалдың өлмей? – дейді,

Қылышты қолына алып сермеді енді.

Әли Арыслан қылышын қайыра қағып,

– Ұмтылма, кезегімді бермей, – дейді.

 

– Ұр мені, кезек беріп тұрам, – дейді,

Мен де сені кезекпен ұрам, – дейді.

Жалғыз ұрып өзіңді өлтірем де,

Әскеріңді сонан соң қырам, – дейді.

 

Әли айтты: – Мұсылман бол енді, – дейді,

Мақтанып айтпа бекер сөзді, – дейді.

Айтқаныма көнбесең тез өлерсің,

Ажалыңның уақыты келді, – дейді.

 

– Мен мұсылман боламын нені көріп,

Қайрат-күшім тасып тұр және келіп.

Мұсылман бол деп маған неге айтасың,

Қалғалы тұрсың қазір өзің өліп.

 

Арыслан ашуланды мына сөзге,

Кәпір артық мақтаныш қылған кезде.

Жамнұнға сілтеді зұлпықарын,

Ат үстінде мақтанып тұрған кезде.

 

Зұлпықар Жамнұнды жарып өтті,

Өзін жарып атынан ағып өтті.

Жамнұн батыр бөлінді екі басқа,

Кәпірдің жаһаннамға жаны кетті.

 

Ақырды қаһарланып енді Әли,

Батырды басқа екі бөлді Әли.

– Атым – Әли, Құдайдың Арысланы,

Кәпірлер, майданға шық! – деді Әли.

 

Бұл сөзді естіп тұрды Қаққа патша,

Биік жерде отырған тақта патша.

“Осының Әли екені шын шығар” деп,

Мойнын бұрып қарады халайыққа.

 

– Бір балуан барсын,– деді,– жекпе-жекке,

Ұйлығып тұрма, – деді, – бекер-текке.

Бәлен батыр барсын деп атақтамай,

Бұ сөзді тегіс айтып тұрды көпке.

 

Баруға жалғыз адам бата алмады,

Патшаға жалғыз жауап айта алмады.

Жамнұнға қылғанын көргеннен соң,

Батырлар бәрі жауап қайтармады.

 

Патшаның өзі дағы қауіптенеді,

Қауіптеніп қорыққанынан сақтанады.

Жау-жарағын асынып, атын баптап,

Мұнарасын жиғызып аттанады.

 

Патша мұнан кейін әмір қылды,

Жекпе-жекке барар жан жоғын білді.

– Жекпе-жекке барғаныңды тірі қоймас,

Жабыла ат қойыңдар бәрің, – деді.

 

Кәпірлер бәрі бір жол ат қояды,

Патшаның әмірін тұту шарт болады.

Мұсылманның әскері мұны көріп,

Олар дағы жабыла лап қояды.

 

Соғысқа Әбулмұхсин, Әли кірді,

Мұсылманның әскері бәрі кірді.

Әрқайсы жүз кісілік балуандар,

Зәңгілер сан жетпейтін тағы кірді.

 

Кәпірді Әли Арыслан аралады,

Екі жақтан қылышпен сабалады.

Үріккен қойдай қашады кез келгені,

Маңына бірі беттеп бара алмады.

 

Салып жүр Әбулмұхсин және қырғын,

Халидтің жүрген жері, о да қырғын.

Зәңгілердің бетіне келер жан жоқ,

Олар сала бастады жаман қырғын.

 

Кәпірлер есебі жоқ қырылады,

Көңілдері қайтысып торығады.

Сөйтіп жүрген мезгілде имам Әли

Қаққа залым патшаға жолығады.

 

Қаққаны келіп тұтты имам Әли,

“Мұсылман бол” деп үгіт қылған Әли.

Иман айтып, мұсылман болмаған соң,

Шабады зұлпықармен мұнан әрі.

 

Патшасы өлді, кәпірдің туы құлап,

Қинамай тез өлтірді мұны бірақ.

Қалғандары “мұсылман боламыз” деп,

Арысланның алдында тұрды жылап.

 

Арыслан қабыл көрді жылағанын,

Берді енді өздерінің сұрағанын.

– Иман айтып, мұсылман болыңдар, – деп,

Бәрін дінге кіргізіп жияды оның.

 

Мұсылман болды халықтың баршалары,

Қырылып өліп қалды қаншалары.

Әли Арыслан бұйырды: – Билеп тұр, – деп,

Әбулмұхсин болды оның патшалары.

 

Көп әскер жиылған малын алды,

Ойласып олжа малды бәрі де алды.

Патша мен Жамнұн қазынасын

Әуелгі уағдасымен Әли де алды.

 

Қайтысты амандасып енді әскер,

Өз-өзінің жеріне келді әскер.

“Пайғамбардың дидарын көрмек үшін,

Біз дағы еріп жүрейік”  деді әскер.

 

Әли айтты: – Маған еріп жүре алмассың,

Дүлдүлдің жүрісіне ере алмассың.

Менің онда асығыс жұмысым бар,

Бір жөнелсем қарамды көре алмассың.

 

Сіздер маған  рұқсатты беріңіздер,

Жұмысым бар дегенге сеніңіздер.

Жол-жарағын жабдықтап сайлап алып,

Өздеріңіз жайланып келіңіздер.

 

– Сенеміз сөзіңізге нанып,– дейді,

Бұл айтқан жауабыңыз анық, – дейді.

Халид бізге басшы боп бірге жүрсін,

Көрейік Пайғамбарды барып, – дейді.

 

Жөнелді амандасып имам Әли,

Бөгеліп тоқтамайды онан әрі.

“Біз дағы Пайғамбарға барамыз”  деп,

Халидті алып қалды мұнда бәрі.

 

Шыққалы төрт жыл үйден болған Әли,

Төрт жылдай бір сапарда жүрген Әли.

Мұнан соң біраз күнде жетіп келіп,

Өзінің шаһарына келген Әли.

 

Көрісті бабасына Әли келіп,

Патима, Хасен, Хұсайын тағы келіп.

Хабарын естіген соң жиылысып,

Көрісті шаһар халқы бәрі келіп.

 

Сөйледі Әли Арыслан жүрген жөнін,

Төрт патша халқы дінге кірген жөнін.

Халидтің кейін қалған жайын айтты,

Басшы қылып барамыз деген жөнін.

 

Мұсылман болған халықтың адамдары

Келеді Халидпенен тамам бәрі.

– Жомарт тойы өтті ме? – деп сұрады,

Сүндетке отырды ма балалары?

– Балалар жеті жасқа жетіп қалды,

Сенің ұзап кеткен соң жолың, – деді.

 

Расул айтты: – Бола ма ғажап, – деді,

Той тоқтады Әлиге қарап, – деді.

Үш жастан жеті жасқа сүндет уақыты,

Әлидің кешігуі себеп, – деді.

 

Мұнан соң Садуақас тойын қылды,

Неше күн тамашалы ойын қылды.

Ат жетер жердің халқын мұқым жиып,

Аш-арықтың бәрін де тойындырды.

 

Бұл тойға шаһар халқы сый апарды,

Әрқайсы лайықтап бұл апарды.

Қаққаның Жамнұнмен қазынасын

Әли Арыслан сый үшін мұны апарды.

 

Садуақас той қылды жиылғанға,

Әр түрлі сый кез болды бұйырғанға.

Мұнан соң той тарқады тамам болып,

Разы болды халайық сый қылғанға.

 

Артынан бір жылдан соң әскер келді,

Халидті басшы бол деп тастап еді.

Бұларды ертіп есен-сау Халид келді,

Әскермен Уәлиядан патша келді.

 

Әскермен Әбулмұхсин және келді,

Мұсылман бәрі сауап таба келді.

Пайғамбармен көрісіп амандасып,

Оларды сый-құрметке алады енді.

 

Жатып-жатып қайтысты келген әскер,

Ашық боп Пайғамбарды көрген әскер.

Пайғамбардан бата алып қайтып кетті,

Хақ дінге ықыласын берген әскер.

 

Жеріне және қайтып әскер барған,

Мехнат, реніш көрмей аман барған.

Хазірет Әлидің бір соғысы

Осылайша ақыры тамамланған.

 

Шорман Білтебайұғлы мұны жазған,

Басқа кісі жоқ екен бұрын жазған.

Қыпшақбай хикаятты естуінше,

Насырдан назым кеңес қылып жазған.

 

Айыпқа қоспа мені, тыңдаушы,

Шорманға айтсын айып қылған кісі.

Шорманның айтқан сөзін сәтті жазған,

Жоқ шығар назымшының бұзған жері.

 

Бұзылса қата болып қалған шығар,

Назымшы естігенін жазған шығар.

Естігенін  айтқаннан жазып алған,

Қыпшақбайдың  сөздері жалған [шығар].

 

Кітаптан хикаятын Шорман көрген,

Назымла деп қағазын маған берген.

Хикаятта қисса боп жүрген сөз көп,

Айыпты жүргізесің одан неден.

 

Мен жаздым Шорман айтқан тілін алып,

Көзімнен көргенім жоқ мұны жазып.

Менің жазғанымнан қата болса,

Қалған жерін түзеңіз біліп алып.

 

*  назым неге сызасың деп,

Насыр сөзді назымға бұзасың деп.

Үш сөзді үйлестіріп он шығарып,

Неше сөз арасына тығасың деп.

 

Өзімнің қатамды түзеткенін,

Білмеген жөнімді айтып үйреткенін.

Шариғат хүкімінше дәлел беріп,

Білдірмек керек қата күн өткенін.

 

Бар шығар жетпеген соң білмегенім,

Бір әдет назым жазып үйренгенім.

Назымнан наһи қылып тыйса біреу,

Жөн болмас түзу жолға жүрмегенім.

 

Сыйлап жазған сөз емес бір адамға,

Бахис қылып жазбаймын мұны адамға.

Обал, сауап екенін айыра алмай,

Назым жазып беремін сұрағанға.

 

Олар  назым сөзге көп қарайды,

Көңілін анық беріп, бек қарайды.

…  …  …*     себебі бар,

Қызығып қисса оқиық деп қарайды.

 

 

Қазірет Әли. Діни дастандар. – Алматы: , 2015.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

* Бір сөз оқылмады.

**Қолжазбада сөз өшіп қалған.

*Қолжазбада екі сөз танылмады.

* Бір жол өшіп қалған.

*Қолжазбада өшіп қалған.

*Қолжазбада өшіп қалған.

*Қолжазбада өшіп қалған.

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button