Ғалымның хаты

Орта ғасыр мұрасы қақында

Жалпы сопылықтағы жария зікірге негізделген тариқаттарды ортағасырда пайда болған маламати мектептері жұтып жіберген деген пікірлер бар. Риямен күресті басты мәселе ретінде қарастырған бұл мектеп өкілдері діни амалдардың әшкере жасалуын қатты сынға алған. Тіпті риядан қашқаны соншалық, жұрт бізді діндар деп ойламасын деп, өздерін күнаһар пенде ретінде көрсетуге тырысқан. Яғни өздері спиртті ішімдік ішпесе де, қалтасына шөлмек салып жүретін болған. Құлшылықтарын барынша жасырын орындауға тырысқан. Сонда ғана сауабы молынан болады деп түсінген. Сондықтан да жария зікірге негізделген тариқаттар олар тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Себебі айқайлап салынған зікірді айнала-төңіректегінің бәрі еститін еді. Маламати түсінік бойынша бұл – рияның нағыз өзі болатын. Оның үстіне сол уақыттарда өздерінің алтын шынжырын Хазірет Әбубәкірден тарататын мәхфи зікіршілер де мұсылман жамағаттарының арасына кеңінен таралуда еді. Жария зікір салатын тариқат өкілдері пір мен мүриттің арасын жалғайтын алтын шынжыр үзілгеннен кейін біртіндеп мәхфи (зікірді іштен айтатын) тариқаттардың аясына ұйыса бастаған болатын. Осылайша біркездері Мәурәннәһір аймағына кеңінен тараған иасауи жолы бертін келе нақышбанди тариқатының ішіне сіңе бастады. Содан иасауияның орнын бүтіндей нақышбандия басты. Әрине, жария зікірге негізделген иасауи тариқатының силсиләсінің үзілуінің бірнеше себептері болуы мүмкін. Бірақ негізгілерінің бірі осы еді.

Иасауи тариқатының қашан тоқтағаны, бұл жолдың соңғы шайқы кім болғандығы туралы нақты дерек жоқ. ХVІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Хазини өзінің еңбектерінде сол уақытқа дейінгі иасауия пірлерінің алтын тізбегін атап көрсеткен болатын. Бірақ бұл тариқаттың одан бергі силсиләсі туралы нақты деректер кездеспейді. Кейбір ғалымдар ижазатты (алдыңғы ұстазынан рұқсаты бар) соңғы мүршидтердің (пірлердің) ХVІІ ғасырда өмір сүргенін алға тартқанымен де, соңғы пірдің қашан дүниеден өткендігі туралы кесімді пікір айталмаған.

Әрине, Мәурәннәһірдің кейбір өлкелерінде ХХ ғасырдың басына дейін жария зікір айтылғаны туралы пікірлер де бар. Бірақ оны тариқат дегенге қарағанда үйірме деңгейіндегі рухани сұхбат деп қараған орынды. Себебі сол алқаны жүргізіп отырған шайқының шынайы ижазаты барлығына күдікпен қарағандар да болған. Сопылықтың талабы бойынша тариқат тізгінін ұстаған мүршит ижазатты қай пірден (ең болмаса қандай пир-е сәниден) алғандығын айтып, өзіне дейінгі силсиләсін таратып беруі тиіс болатын. Өкінішке қарай, ХХ ғасыр басындағы алқалы жиындарды басқарған шайқылардың ижазасы не силсиләсі туралы нақты дерек жоқ.

Мутасаууфтар (сопытанушылар) силсиләсі үзілген тариқатты қайта қалпына келтіру мүмкін еместігін алға тартады. Себебі тариқат – жәй ғана құлшылықтар жиынтығы ғана емес, сонымен бірге ішкі рухани әлемнің тұтастығы. Яғни, сопылық тілмен айтқанда заһир һәм батын ілімдерінің ұштасуы. Сопылықта жалаң құлшылыққа қарағанда, ішкі жан тазалығы мен көркем ахлаққа ерекше көңіл бөлген (Бірақ базбіреулер айтып жүргендей, парыз құлшылықтарды жинастырып қойып, зікірді алға қою деген сөз емес).

«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің, шайтан келіп иманын алады» екен деп Иасауи жырлағандай, тариқаттағы басты талап – кемелді пірдің болуы шарт. Ал, силсиләсі үзілген тариқатты қайта жандандырамын деп тырысқанымен де, соңғы пірден ижазасы яғни рұқсаты болмаса, ол тариқат емес, жәй ғана рухани сұхбат деңгейінде қалып қояды. Яғни сахта (жалған) пір айнала төңірегіне мүрит жинап барын салғанымен де, тариқаттың шынайы мақамдарын игеріп,  хәл ілімін толық сезінбейді. Себебі батын ілімдері силсиләмен бірге үзілген. Алдыңғы машайықтармен рабита да дұрыс жасалмайды. Шынайы кемел пірі болмаған жол адасушылыққа алып барады.

Иасауи тариқаты үзілді дегенімізбен де, Иасауи мәдениеті бар 

Араб тіліндегі – «Шәйх» (шайқы), парсыша – пір, түркише – ата. Араб тілінде жасы келіп қалған адамды «шәйх» десе, парсыша «пір» дейді, түркі тілінде «ата» деп атайды. Сопылық танымда тариқат тізгінін ұстаған мүршидтер мен сол жолдарда белгілі бір мақамдарды игерген жандарды да «шайқы», «пір» және «ата» деп атаған. Яғни, термин ретінде рухани ұстазға қарата қолданылған. Иасауи тариқатандағы рухани ұстаздарды «шайқы», пір» деген атауларға қарағанда түркише «ата» деп те атаған. Зерттеушілердің Иасауи түркілік болмыстағы сопылықты таратты деп жүргенінің бірі қыры да осында жатыр. Яғни, Иасауи тариқатын ұстанып, оны жалғастырғандар әулиелердің атының қасына ата сөзі қоса қолданылған. Мысалы, Иасауидің алғашқы шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғаниды Хакім ата деп атаған. Мұнда Бақырғаниды жасы біраз жерге келіп, қартайғаннан ата деп атамаған, қайта сол тариқаттың белді өкілдерінің бірі болғандықтан да осы «атақты» иемденген десек те болады. Сондай-ақ, Ибраһим ата, Ысқақ ата, Жылаған ата деп жалғаса береді. Қазақ мәдениетіндегі орнын жақынырақ түсіндіру үшін, төрт түлік малдың иесі де Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі ата, Сексек ата деп аталатынын атап өтсек те болады.Сол дәстүрдің жалғастығы ретінде бүгінгі күнде Оңтүстік аймақтарда әлі күнге кейбір дүкендер мен тойханаларға өз әкесінің қасына «ата» сөзін қосатынын айтсақ та жетіп жатыр.

Сондай-ақ, «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда түмен бап, баптардың бабы – Арыстан бап» секілді кейбір сопылық ұғым-танымдардың сөздік қорымызда кездесуі соны көрсетеді. Және де кейбір жер-су атауларының астарында да осындай таным жатыр. Ортағасырларда Қазығұрт тауының баурайындағы Хузийан деген атпен танымал болған жер Исмайыл ата жерленгеннен кейін «Тұрбат» атала бастаған. «Рабита» жасалатын жер яғни Әулиелердің жатқан жерін «Тұрбат» деп атаған. Мысалы, түріктер кесенені «Турбет» деп атайды.

Шайқызада Атайи деп аталады. Мұндағы «шайқы+зада» яғни шайқыдан туған. Ал, «Атайи» дегені Аталар әулетінен дегені.

Яғни, самағ биіне негізделген Мәуләнә Жәләләддин Руми тариқаты үзілгенімен де, Түркияда мәуләуи мәдениеті сақталғаны секілді, Иасауи тариқаты тоқтағанымен де, қазақ даласында Иасауи мәдениеті сақталған. Енді сол мәдениетті қай деңгейде ұстанып, қаншалықты насихаттай аламыз, ол өзімізге байланысты.

Иасауи қолжазбаларының тағдыры

Иасауитанудағы ең өзекті мәселелердің бірі – хикметтер жинағының түпнұсқасының табылмауы дер едік. Бүгінгі ғылымға белгілі ең ескі нұсқалардың өзі ХVІ ғасырдан арыға бармайды. Иасауи бабамыздың ХІІ ғасырда өмір сүргенін ескерсек, арадағы төрт ғасырлық «үнсіздікте» әу бастағы мәтіннің қаншалықты өзгеріске ұшырайтынын көзе елестетудің өзі қиын.

Ғалымдар арасында «Диуани хикметтің» ең ескі нұсқасы Мешһедтегі (Иран Ислам Республикасы) Имам Реза кесенесіне қарасты қолжазбалар қорында сақтаулы тұр деген бір «аңыз» бар. Иасауитанушылар арасына тараған осы бір «аңыздың» ақ-қарасы анықталған жоқ. Біз Имам Разауи атындағы кітапханаға сұрау салғанымызда, ол жердегі 2-3 нұсқаның бар екені, алайда «насталиқ» үлгісімен жазылғанын атап өтті. Егер араб емлесінің насталиқ үлгісімен жазылған болса, онда ХVІІІ-ХІХ ғасырдан арыға бармайды деген сөз. Себебі «Насх» не «Талиқ» болғанда ең құрығанда бабамыздың заманына жақындай түсер еді. Десек те сол кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының шаңын бір қағатын уақыт жеткен сияқты.

Бүгінде «Диуани хикметтің» ең ескі нұсқаларының бірі – Санкт-Петербургтегі Шығыс қолжазбалар институтының қорында сақтаулы тұр. Мұны кезінде  Онда бүтін бір мәтін емес, бар жоғы төрт-ақ жол. Яғни, хикмет те емес.

Иасауи хикметтерінің қолжазбалар каталогын жасаудың маңыздылығы арта түседі.

Аталар әулетінен болған Шайқызада Атайи Хузийан (бүгінгі Тұрбат) да туылғанымен де,  Балхта өмір сүріп, сонда жерленген. Сондықтан да ХҮ-ХҮІ ғасырларда Ислам мәдениетінің орталығы болған Балх, Герат, Мазари Шариф қалаларындағы кітапхана қорларын қарастырып шығу керек. Өкінішке қарай, бір кездері ғылым мен білімнің ордасы болған сол жерлерді барып зерделеудің қиынға соғып отыр. Бір кездері Әбдірахман Жәми мен Әлішер Науаилар өмір сүрген ортада ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға қатысты қандай қолжазбалар жатқаны белгісіз.

Неге ғазал емес, хикмет

Жәһилиет дәуірінде және Исламның алғашқы жылдарында қасида үстемдік құрған болса, бертін келе ғазал алға шыққан. Екеуінің өлең құрылысы бірдей (аа, ба, ва, га, да жалғасып кете береді). Айырмашылығы тек көлемінде ғана. Қасиданың көлемі шектелмесе, ғазал ары барса, отыз екі-ақ жолдан тұрады. Кейбір зерттеушілер ғазал жанрының қасиданың ишқия деген тармағынан бөлініп шыққанын алға тартқан. Шығыс әдебиеттанушылары ХІІІ ғасырды «мәрг-е қасида» яғни «қасиданың өлуі» деп атаған. Шыңғыс ұрпағының жорығы халықтардың саяси-әлеуметтік жағдайын ауырлатып қоймастан, сонымен бірге әдебиетке де, ашып айтсақ, кейбір жанрлардың өзгеруіне де алып келген. Расында да қиын-қыстау заманда үлкен жанрлардың орнын қысқа жанрлар басатынын дәлелдеп отырудың өзі артық.

Ортағасырлық әдебиет, негізінен, сопылық әдебиет десек, онда сопылық әдебиет бұл – ғазалийат. Яғни, ғаріптер (ариф – ақиқатты іздеушілер) мен ғашықтардың (Алланың дидарына ғашықтар) бәрі де ішкі сезімдерін жырлауда ғазалға жүгінген. Әрине, басқа да өлең құрылыстары мен жанрлар да өмір сүрген. Мысалы, Фәридаддин Аттар, Жәләләддин Руми секілді ғашықтар көлемі шектелмеген мәснәуимен жыр жолдарын жазған. Бірақ, сопылар үшін ішкі рухани сезімді жырлауда ғазал қолайлы болған. Жаңағы Румидің өзі де елу мың жолдық мәснәуиді жырлағанда алғашқы он сегіз бәйтін шығарып барып бір күрсінгені белгілі. Оның «Диуан-е кәбир» яғни «Үлкен жинағы» ғазалмен жазылған. Хафиз, Аттар, Санаи, Мәуләуи, Жәми, Науаи, Машраб, Атайи секілді сопы ақындардың бәрі де ғазал жазған. Бұл жанрды егжей-тегжейлі таратып айтуымыздағы мақсат – Иасауи жырлаған хикмет жанрының құрылымы ғазалмен бір екендігі. Былайша айтқанда хикмет ғазалдың өлең құрылысын толығымен бойына сіңірген. Сырттай қарағанда екеуі бір. Бірақ басқа сопы ақындардыкі ғазал деп аталса, Иасауидің «ғазалдары» хикмет деп аталған. Онда хикмет дегініміз не?

Жалпы тариқат қалыптастырған муршидтер өздерін ақынбыз деп есептемеген. Мысалы, Мәуләуи өзінің «Ішіндегі ішінде» («Фиһ мә фиһ») атты шығармасында «Мен қайда? Өлең қайда? Оллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін» деп жазса, бір ғазалында «Мендегі бар дүние басқа шайырлардыкінен өзгеше» деп ағынан жарылған. Иасауи де «Хикмет айтып, тәліптерге дүр мен гауһар шаштым мен де» деп, хикмет арқылы дүр мен гауһарды яғни рухани ілімді жеткізгенін айтқан. Араб тілінде «Хикмет» деп даналық сөзді айтады. Яғни ғазалға қарағанда хикметтің үгіт-насихат жағы басым. Ауамдардың жазғаны ғазал деп аталса, хастардың (әулиелер) жазғаны даналық сөз ретінде мойындалып, арнайы құлшылық рәсімдерінде оқылған. Хикметтің сондықтан да Иасауидің жырлары жәй ғана «Диуан» деп емес, «Диуани хикмет» яғни «Даналық сөздер жинағы» деп аталған.

Төрәлі Қыдыр, ғалым-шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Муминов Әшірбек үшін пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button