ЖаңалықтарРабғұзи

«Қисса-сүл-әнбийя-и»

Насируддин Бұрһануддин Рабғұзи – XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген тұлғалардың бірі. «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегі 72 пайғамбар өмірінің тарихы жайында. Қиссаның негізгі мазмұны Құран мен Інжілден алынған. Өйткені әр пайғамбардың тұсында қандай аяттардың түскеніне дейін нақтылы көрсетіліп отырады. Әрі сол пайғамбарлар заманындағы халықтың сана-сезімі қандай дәрежеде болғандығы һәм ісләм дінін сол замандағы халыққа таратудағы қиындықтар мен соғыстар, сергелдең мен жеңістер жайлы кең мағлұмат береді. Қолымызға түскен «Қисса-сүл-әнбийя-и» моғол-татар тілінде 1903 жылы Қазан шаһарында Кәримовтер баспасынан жарық көрген. Бірақ аталмыш тәржімада 24 пайғамбардың ғана өмір тарихы сөз болады. Яғни жоғарыдағы Рабғұзидың қаламынан шыққан 72 пайғамбар санына жетпейді. Құранда 24 мың пайғамбар, 33 мың сақаба дейді.

1903 жылы жарық көрген «Қисса-сүл-әнбийя-и» аудармасының алғы сөзінде:

«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы Рабғұзи жазбаларынан тәржімаланып отыр. Кітапқа енбей қалған пайғамбарлар тарихын біз Қазы тәпсірі мен Жәлелин тәпсіріне мұражағат қылып (сүйеніп), бұ екі тәпсірде болмағанын Нәзһәтүлмүжәліс кітабынан алып «Һарот уа Марут» қиссасын және Дәуіт ғалайһи уәссәләм қиссасымен моғол тілінен тәржімалап, мүмкіндігімізше толықтыруға еңбек еттік».

Исләм Қазан баспасына тапсырушылар: Мәтржам дамолла, Ғабдұлғұлам хазреті, Шарифиддин молла. Кітаптың жарық көруіне Петербор цензуры тарапынан 1903 жылы 13 маусымда рұқсат берілген.

Қолымызға түскен түпнүсқадағы кейбір қайталанып кеткен тараулар мен рәуәйаттарды ықшамдап, мағынасын өзгертпей, стиль мен формасын сақтай отырып, оқырман назарына ұсынуға тырыстық. Құран Кәрімді оқуға ниет қылған әр мұсылман баласына пайғамбарлар есімі таңсық болмау үшін осы еңбекті қазақ тілінде шығаруды ниет еттік.

Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» жазбасы Құран Кәрім мағынасын түсінуге, қасиетті Құранның ақиқат екеніне еш шүбә келтірмей, ісләм дінінің дамуына қызмет еткен өз заманының сүбелі дүниесі. Бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани қазына.

«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабының ел ішінен табылуына мұрындық болып, тәржімалау ниетіне бағыт-бағдар беріп үлес қосқан Үржар аудандық діни басқарма кеңесінің төрағасы, аудандық мұсылмандар діни басқармасының бас имамы Бағдатұлы Шәріп ақсақалға, Қазақстан оқу ісінің озаты, әдебиет зерттеушісі Қажығалым Қажыбайұлына алғыс айтуға міндеттіміз.

Роза Мұқанова, жазушы, драматург.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button