Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Ілгеріде өткен жақсылар / Алашқа адал қызмет еткен арда азамат

Алашқа адал қызмет еткен арда азамат

Алаш қайраткері, атақты дәрігер Асылбек Сейітов туралы үзік сыр

Кеңес өкіметінің 1937-38 жылдарда жүргізген репрессия салдарынан талай боздақтарымыз қынадай қырылып, жазықсыздан-жазықсыз атылғаны мәлім. Бұл – халқымыздың тарихындағы ең ауыр да қайғылы кезең болып есте сақталары сөзсіз. Сол замандағы озбыр саясаттың аяусыз қорлығына ұшыраған ұлт зиялыларының есімдерін ардақтап, рухтарына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт көсемдерінің туған халқы үшін жасап кеткен өнегелі істерін бір тарихи мерзімнің өлшеміне салып бағалаудың өзі оңайға соқпас. Өйткені ұлтқа, оның болашағына қызмет етуді өздерінің асыл мұраттарына балаған арыстарымыздың еңбегі қашанда өлшеусіз.

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырған кезеңде Алаш арыстарына деген құрмет те ерекше бола түспек. Өйткені Алаш арыстарының көксеген ой-арманы да қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет атануы еді. Бүгінгі таңда Алаш қайраткерлерінің есімдерін түгендеу, кітаптарға, жинақтарға енгізу, еңбектерін жария ету жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатса да әлі де талай боздақтарымыздың өмірлері зерттей түсуді қажет етеді. Солардың бірі – Асылбек Жұманұлы Сейітов.
Асылбек Сейітовтің Томск медициналық университетінде оқып жүрген кезі

Ол 1894 жылдың 22-қаңтарда Омбыда Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. 1911 жылы он жеті жасында Омбының классикалық ерлер гимназиясын ойдағыдай бітіріп, бірден Томск Мемлекеттік университетінің медицина факультетіне түседі. Ол кезде қазақ жастарының мұндай оқу орнына баруы өте сирек еді. Асылбек өзінің алғырлығының арқасында аталған жоғары оқу орнын сәтті тәмамдап, дәрігер мамандығын алып шығады. Асылбек Сейітов студенттік кезінің өзінде-ақ «Қазақ» газетінің беттерінде қоғамдық ұйым құру, Ресейдегі көмекке зәру қазақ студенттеріне қол ұшын созып, көмектесу мәселелерін қозғап мақалалар жазады. Томск мемлекеттік медицина факультетін 1916 жылы тәмамдаған соң, Ом
бы уездік дәрігері болып, кейін Павлодар уезінің Баянауыл стансасында 1922 жылға дейін мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сейітов «Алаш» партиясының белсенді мүшесінің бірі әрі оның хатшысы болады.

Асылбектің оқу бітірген кезі елдегі саяси-қоғамдық өзгерістермен тұспа-тұс келеді. Ол сол кезде бүкіл елде қолға алынған ауыл шаруашылық санағын жүргізу жұмысына атсалысты. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында былай жазған: «Ақмола уезінің барлық қазақ елін оңтүстікке және солтүстікке бөліп, екі жағына екі санақ комиссия­сы шықты. Оңтүстікке шыққан санақ комиссиясының бастығы Томск университетін сол жылы ғана бітірген Асылбек Сейітұлы да, солтүстікке баратын санақ комиссиясының бастығы мен болдым». Асылбектің есімі Сәкен ­Сейфуллин кітабының он жерінде аталады екен. Бұдан біз оның өз елінің саяси-қоғамдық өміріне аса белсенді түрде араласқанын көреміз.

Асылбек Сейітов 1917 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкілқазақтық съезге делегат ретінде қатысып, секретариатқа сайланады. Асылбек және оның туған ағайындары жастар ұйымдарының жұмыстарына да белсенді түрде араласады. Мысалы, 1918 жылы Омбыда құрылған жастардың «Бірлік» ұйымы жетекшілерінің бірі Асылбек және Мұсылманбек Сейітовтер еді.

Асылбек қазақ зиялы қауымының жаңадан бой көтеріп келе жатқан өкілі ретінде өз халқының болашағын ойлап, өзінің ізбасарлары, талантты жастарға көңіл бөліп, қазақ жастарын білім алуға шақырады. Патшалық әкімшіліктің бодандық бұғауынан құтылудың жалғыз ғана жолы білімде екенін түсіндірді. А.Сейітов қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен дос болып, жас айырмашылықтарына қарамастан, қазақ арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлдарымен рухани жақындықта ғұмыр кешті.

Баршаға белгілі жайт, Кеңес өкіметінің тұсында алашордашыларды билікке жібермеді. Ешкім оларға сенім білдірмеді. Бірақ білімді, сауатты мамандар жетіспегендіктен Кеңес билігі идеялық өзгешеліктеріне қарамастан қазақ зиялыларының білімін пайдалануға мәжбүр болды. Осы себептен А.Сейітов халықтық денсаулық саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. 1922 жылдан бастап 15 жыл бойы ол Семипалатинск денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

А.Сейітовтің бастамасымен және тікелей қатысуымен туберкулез дертіне шалдыққандарды емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлері құрылды. Асылбек Сейітов Республика денсаулық сақтау саласының көр­некті ұйымдастырушысы ретінде ҚазАССР-нің астанасы Орынбор қаласында өткен дәрігерлердің бірінші съезінің және бірінші Кеңестер съезінің делегаты болып қатысты.

1937 жылы Қазақ халықтық денсаулық сақтау комитетіне бөлім меңгерушісі болып шақырылды. Бірақ та дәрігерлік қызметін тастамай оны да бірге атқарып жүрді.
Асылбектің ел ішіндегі абыройы жоғары болғаны сонша, оның қолынан ем алып, өлім аузынан аман қалғандары есепсіз көп болды. Соның бірі ҚазПИ-дің доценті болған, тарихшы Сәдуақас Құрманғалиұлы Бакшилов былай деп жазған: «1929 жылы өкпе ауруынан өлім халіне жеткенімде, мені емдеп, қатарға қосқан Асылбек Сейітов ағамыз еді. Ол кісі өте мейірімді, ақкөңіл, жұмсақ мінезді адам болатын» дейді. Асылбек Сейітовтің өзі де бір сөзінде: «Мен ең алдымен дәрігермін және менің басты міндетім – ем көрсету, көшпелі өмір салтынан түрлі ауруларға душар болатын халқымның денсаулығын сақтау, қорғау» деуі де тегін емес. Ол түрлі науқастарды ауыр дертінен жазып, оба, сүзек, шешек сияқты жұқпалы аурулармен жан аямай күрескен. Жұқпалы аурулардың өршуін тоқтату үшін алдын ала емдік шаралар жасап, баспасөз беттерінде «Тән саулығын сақтау» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде мақалалар жариялап, оқырмандардың медициналық сауа­тын көтеруге атсалысқан. Замандастары Асылбек Сейітовті атақ-даңққа қызықпайтын, бар ықыласын адамдарға қызмет ету жолына бағыштаған, еңбексүйгіш азамат ретінде танып білген.
1937 жылдың қараша айының соңында А.Сейітовке Алматы қаласындағы темекі фабрикасының жанындағы амбулатория базасында емхана ұйымдастыру жұмысы тапсырылды. Ол өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындады. 1937 жылдың 25-қарашасында №5 емхана ашылып, оның бас дәрігері болып көпшіліктің бірауыздан қолдауымен Асылбек Сейітов сайланады. Алайда ол өз қолымен құрған емхананы бар болғаны 5-ақ күн басқарады. Сол жылдың 1-желтоқсанында тұтқындалып, он жыл мерзімге хат алмасу құқығынсыз сотталады. Бұл деген сөз атылу жазасы болатын. Асылбек атылған жылы оның соңында зар еңіреп аяулы жары Нәфия, он төрт жасар қызы Роза, әлі дүние есігін ашып үлгермеген іштегі нәресте Клара Асылбекқызы қалады.

Қайғы-қасіретке тап болған Асылбектің жары Нәфия Сәдуақасқызы Сейітова 1938 жылдың қаңтар айында қызы Роза­мен Омбы қаласына, Асылбектің туған жеріне қоныс аударады. Бірақ та күйеуі туралы жағымсыз хабар Омбыға бұлардан бұрын жетіп қойғандықтан, жерлестері «халық жауының» отбасынан бой тартады. Бір үйдің жертөлесінде тұрып жатқан орыс отбасы қол ұшын беріп, қамқорлығына алады.

А.Сейітовті тергеу құжаттарымен танысу барысында оның тергелу кезінде өз-өзін лайық ұстағаны байқалады. Ол бұрынғы алашордашы болған өз ағайындарын ғана емес, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов сынды Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерін де қорғап қалғысы келген. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілуінен сол кездегі саясаттың «Алашорда үкіметіне қатысы барлардың да көзін жою» мақсатын ұстанғандарын байқау қиын емес. Асылбек Сейітовті білетін замандас­тары оны ең алдымен кәсіби дәрігер ретінде бағалайды. Оның қолынан емделіп шыққан адамдар оны «дертті сылып тастайды» деп шексіз ри зашылықтарын білдірген.

Бірінші қатарда ортада Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов және әйелдері, ал екінші қатарда солдан оңға қарай үшінші тұрған Нәфия Сәдуақасқызы

Асылбек Сейітовті ату жазасына кескен «Үштіктің» шешімі бойынша оған «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, Кеңес аппаратын басып алу және орыстарды Қазақстаннан аластату жоспарларын талқылау жиындарына қатысушы, 1927 жылы Кеңес билігінің салықтық шараларын орындамаған, 1930-1933 жылы ауыл­да дәрігер болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, халық жауы Бө
кейханов және т.б. байланыста болып, Қазақстандағы контрреволюциялық мәселелерді талқылады» деген айыптар тағылған. Ұлттық рухы күшті, саясат желінің қалай қарай соғып тұрғанын жақсы білген Асылбек Жұманұлының Алаш­орда белсенділерінің бірі болуы да тегін емес еді. Тарихтан белгілі жайт, сол замандағы ұлт зиялыларының көксегені қазақ халқының еркін, азат, дербес мемлекеттік жүйесі бар ел ретінде тарих сахнасына көтерілуі болатын. Алайда жемісті басталған іс-жоспарлар орта жолдан шорт үзіліп, дәлірек айтқанда, алашордашылардың мүдделеріне кереғар жағдай туғызған саясаттың салқыны тиді, олардың күштері жеңіліс тапты. Асылбек Сейітовтің негізгі мамандығы дәрігер болып, науқастарды емдеумен айналысса да қазақ еліне деген шексіз патриоттық сезімі, өз заманындағы оқымыстылардың бірі ретіндегі ұлт алдындағы парызын терең сезінуі оны дәрігерлік қызметінен де жоғары мақсаттарға шақырды. Сөйтіп, Асылбек Сейітов Алашорда партиясының ұйымдастыру жұмыстарына, ішкі-т
ысқы мәселелеріне барынша білік­тілікпен араласты. Әрине, ол кезде Асылбек Сейітов және сол қатар­дан табылған өзге де азаматтардың ат­қарып жатқан шаралары НКВД қызметкерлерінің назарынан тыс қалмағаны белгілі. Бақылаудың күшті болғаны соншалық, мұндай тұлғалардың өмірі нәубет жылдары бірінші болып қиылып жатты. Өзінің атылатынын Асылбек сезген де, білген де жоқ. Қайта басына қара бұлт үйірілетін тұста өзі туралы жағымсыз хабарды ести сала Алматыға тартып, Орталық партия комитетіне барып, мәселенің мән-жайын сұрастырып біледі. Ондағылар алаңдап мазасызданатындай ештеңе жоғын айтып, көңілін орнына түсіреді. Бірақ бұл уақытша ғана жағдай еді…

Асылбектің жары, әйелдер гимназиясында оқып, білім алған Нәфия Шормановтар әулетінің ұрпағы. Жастайынан көрікті, өте сұлу болып өседі. Әкесі – Сәдуақас Шорманов аға сұлтан Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Ал Мұса Шорманов қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың нағашысы. Демек, Нәфияның текті жердің, атақты әулеттің қызы болғаны осыдан-ақ белгілі.

Сәдуақас Шорманов ауыл жаста­рының білім алып, сауатсыздықтан, қараңғылықтан арылуына көп еңбек еткен адам. Өзі де көзі ашық, көкірегі ояу елағасы ілім-білімге өте жақын болған. Сәдуақас Шормановтың жазған өлеңдері «Айқап», «Дала уә­лаяты», «Қазақ» газеттерінде жиі жарияланып тұрған. Ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын және халық ақындарының жырларын жинап, оны Петербордан бастырып шығаруға қарекет жасаған. Бірақ ол еңбек сол күйі жарыққа шықпай қалады. Ал неліктен шықпай қалғаны белгісіз. Бір білетініміз, оның қолжазбасы Санкт-Петербургтің Салтыков-­Щедрин атындағы кітапханасында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Шоқан шығармаларының жарық көруіне Сәдуақас Шормановтың тікелей ықпалы болғанын айта кеткен жөн. Петербор университетінің проректоры, профессор Н.И.Веселовскийге Шоқанның өмірбаянын жасақтауға көмектесіп, кітапқа қажет басқа да шаруаларды тынды
рып, қол ұшын созған. Бұл туралы мәліметтер Шоқанның ежелгі досы Потаниннің Веселовскиймен және Канатаевпен жазысқан хаттарында кездеседі.
Жоғарыда айтқанымыздай, Сәдуақас Шорманов Омбы қаласына ауыл жастарын оқуға әкеліп жүріп, бір келгенінде көзінде оты бар, сымбаты бөлек, білімді, алғыр Асылбек Сейітовпен танысып, оның өзінің бойжетіп қалған қызы Нәфияға жар етуге лайықты көреді. Асылбек ол кезде Томск медицина университетінің студенті болатын. Үйіне демалысқа келген беті. Өмірден көрген-түйгені мол Сәдуақас Шормановты Асылбектің ұстамдылығы, білімділігі, ойының ұшқырлығы тәнті етеді. Ойлана келе, жан дегендегі жалғыз қызы Нәфияны Асылбекке қалыңдыққа беруді ұйғарады. Жалғыз деп отырғанымыз Сәдуақаста Нәфиядан басқа перзент болмаған. Нәфия Сәдуақастың үшінші әйелі Сақыпжамалдан туған қыз. Сәдуақастың алғашқы әйелі Шоқанның қарындасы Шыңғыс сұлтанның Зейнептен туған қызы – Нұрида. Ол жастай қайтыс болып, одан бала сүймеген. Екінші жары –Айтбақы деген дәулетті кісінің қызы Зейнеп. Одан да бала көрмейді. Сөйтіп жүрген шағында сол Зейнептің айтуымен екі баласы бар жесір әйел Бадығұлжамалға үйленеді.
Жалпы Сейітовтер отбасында бес ағайынды болған. Үлкені, араларындағы жалғыз қыз Жамал, одан кейін Мұсылманбек, Сұлтанбек, Асылбек, Омарбек және Мұратбек (Бұлардың ішінде Мұратбек пен Мұсылманбек те репрессия құрбандары – Д.Т.). Барлығы Омбы қаласында дүниеге келген. Жас кезінде Омбыға оқуға келген әкесі Жұман сол кездегі «қазақтарды шоқындыру» саясаты бойынша шіркеулік білім алғаннан кейін аудармашылар мектебіне түсіп, оны аяқтап, кейін қаланың генерал-губернаторы қеңсесіне қызметке тұрады. Қадиша деген қызбен көңіл жарастырып шаңырақ көтереді. Екеуі алты баланы өмірге әкелгенімен, балаларының қызығын көруді тағдыр Жұманға жазбайды. Ол ертерек дүние салады. Өмірдің барлық ауыртпалығы Қадишаның нәзік иығына түседі.
Омбының генерал-губернаторы Жұман қайтыс болғаннан кейін оның отбасына үлкен үйін босатып қамқорлық жасайды. Қадиша осы үйдің бір бөлігін оқуға келген ауыл балаларына арнап пансионға айналдырады. Сол үйге жоғары­да айтқанымыздай, Сәдуақас ­Шорманов ауылдың балаларын оқу­ға әкеліп жүріп, Қадишаның ұлы Асылбек­пен танысып, жастардың көңіл қалауымен қызы Нәфияны Асылбекке ұзатады.

Асылбек Сейітовтің екінші қызы Клара бүгінде жетпістің бесеуіне келген кейуана. Үлкені Роза осыдан көп жылдар бұрын дүние салған. Ардақты ұстаз болып, еліміздің білім саласына еңбек сіңірген тұлға. Сіңілісі Клараны өз қамқорлығына алып өсірген.

Клара Асылбекқызы әке есімін ардақтау жолында ғұмыр кешіп келеді. Әкесі туралы көптеген мақалалар жазып, олар Алаш қайраткерлері туралы бірталай еңбектерде көрініс тапқан. ­Клара апамыздың қолға алып, бастама көтеруімен бүгінде әкесі Асылбек Сейітовке Алматы, Семей қалаларынан көше аттары берілді. Алматыдағы өзі негізін қалаған №5 емханаға мемориалдық тақта орнатылды. Клара Асылбекқызының ендігі арманы аталған емханаға әкесінің атын бергізу. Бірақ бұл тілегінің орындалмай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болыпты…

Әпкесі Роза екеуі «Халық жауының балалары» деген аттан Кеңес өкіметі кезінде талай қорлық көрсе де, мойымай, шыдап баққан. Әкелерінің есімін мақтаныш еткен. Оның жазықсыз екенін сезген. Иә, қазақ елінің ардақты ұлдарының бірі Асылбек Сейітов 1957 жылы «қылмысы жоқ» деп ақталса да, оның есімі 60 жыл бойы тарих бетінен сызылған болатын. Еліміз Тәуелсіздік алып, Алаш қайраткерлерінің мұралары қайта түгенделе бастаған тұста, ұлтына адал да қалтқысыз қызмет еткен Асылбек Сейітовтің есімі де ел тарихында мәңгілікке сақталары сөзсіз.

anatili.kz

(Тақырыбы өзгертілген)

Автор: Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/alashka-adal-kyizmet-etken-arda-azamat-65427/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

 

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған