Басқы бет / Бір суреттің сыры / ОЛ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҒАШЫҚ ЕДІ

ОЛ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҒАШЫҚ ЕДІ

Мәулен Балақаев жайлы сыр 

Ұстаз туралы сөз айтудың тіпті де оңай шаруа емес екенін осы жолы тереңірек түсінгендеймін. Адамның көзі тірі кезінде пендешілік пе, әлде алаңсыздық па, әйтеуір көп нәрсеге көңіл аудара бермейсің. Жалған дүниенің күндердің күні болғанда кілт үзілерін де ойлап жатпайсың. Сөйтіп жүріп қасыңда күнде бірге болып, өмір сүріп жатқан адамның бір басында кісі толғанар қаншама қасиет бар екенін сезсең де сезбегендей, көрсең де көрмегендей болып жүре бересің. Енді, міне, қадірменді ұстазым Мәулен Балақаевтың мәңгілік мекеніне сапар шегіп, тірілерден алыстаған сайын, өзің білетін әрбір сәт еске түсіп, сағыныш сезімі бойды билеп отыр. Мәкең сияқты жандардың өмірі, аша білсең, өзі сөйлей жөнелетін шежіре іспетті. Олар кезінде атқарған ерен еңбегімен айтады, ешкімге ұқсамайтын сырбаз мінезімен айтады, шәкірт пен ғылым алдындағы қадір-қасиетімен айтады. Мәуесі пісіп, майысқан жеміс ағашы тәрізді басы еңкек тартқан кішіпейілділігімен айтады, үңілген сайын үсті-үстіне үдей беретін білім-білігімен айтады, даңқ-дәрежелердің қандай бір түрінен де биік тұратын адамгершілік парасатымен айтады екен.

Бүгінгі әңгімеге қуат берген, делбе қақтырған аяулы ұстаз, асыл азамат, асқан білімдар М.Балақаевтың барынша мағыналы да мазмұнды, келісті де жемісті өткен өнегелі өмірі, өрісті творчествосы, шығармашыл шыншылдығы.

Бардың бағасын біліп, жоқтың жөнін іздеу саналылықтың белгісі. Бірақ сол саналы өмірдің сан тараулы жолында талмай еңбек етіп, елінің рухани әлеуеті өсе түскенін танытарлық мол іс тындырар қабілет екінің бірінде бола бермесе керек. Жаңа мен ескінің жанталаса жағаласып жатқан аласапыран заманға бозбалалығы тап болған Мәкең сияқты адамның сол бір кезеңде болашағын әйгілеп алуының өзі бір ерлік еді. Бұл, бір жағынан, тағдыр ісі болса, екінші жағынан, еңбек күші, үшіншіден, ол тәрбие алған ортасы мен мектеп тағылымы болатын.

Сонымен, биыл 100 жасқа толып отырған әйгілі педагог, мәшһүр ғұлама Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докто­ры, атақты профессор-ұстаз Мәулен Бала­қай­ұлы Балақаевтың өмірі мен шығарма­шылығына ой жүгіртіп, оның сыпайы да сырбаз, мәдениеті төгіліп тұратын жарқын бейнесін еске алалық. Содан егде тартқан өзіміз де, ана тіліміздің болашақ тірегіне айналар жастарымыз да бір сәт ұстаз алдындағы міндет-парызымызды осылайша да өтегендей болайық.

Аңғара қараған жанға Мәкең тұрғылас­тары өмірінде ұқсастықтармен қатар, әрқайсысының ізденімпаздық, еңбексүйгіш­тік, алғырлық сипатына орай өзіндік ерек­шелік болмыс-бітімі де танылады. М.Балақаев өмірінен де біз осындай бір өзіндік жол мен дара тағылым ізін байқаймыз.

Ең алдымен көзге түсетін нәрсе – оның бала кезден шыңдалған еңбекқорлығы. Өткен өмір жолын, сол жолда жасаған қыруар мол жұмыстарын саралағанда мынадай тағылым аларлық жайды аңғарасыз. Тауқымет пен тақсіреті қатар жүріп отырған Мәкеңнің саналы өмірінің әрбір сәті мағынаға, мәнге және мұңға толы болған.

Ол үш жасында әкеден, он жасында ше­шеден қалып, балалар үйінің қамқорлығында болғанын ғылымға жаңа келген жастар біле бермейді. Айтылса, тәрбиелік мәні бар деген ниетпен айтылатын қайсыбір мәліметтер мыналар: Мәкеңнің ғалым, ұстаз, қайраткер азамат болып қалыптасуына зор әсері болған үш түрлі оқу орны болды. Олар: Шымкент педагогикалық техникумы (1925-1929), ҚазПИ (1931-1933) және Ленинград университетінің аспирантурасы (1934-1937). Және ол екі ұстаздық үлгіні көрді. Оның бірі – С.Жұбанов болса, екіншісі – С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев тәрізді асқан білімдарлар еді. Үшіншіден, ол Т.Тәжібаев, О.Ағыбаев, Ш.Нұрмағамбетов, М.Қаратаев, Х.Есенжанов, Б.Шалабаев тәрізді талантты жастармен бірге оқыды, достаса білді. Осының бәрі жинақтала келе, білімге сусаған зейінді жастың зердесін ерте ашқан.

Ол осылайша білімге тереңдеген сайын тіл мен әдебиетке деген ықыласы арта түседі. Жасынан өлең шығарып, ән айтуға бейім баланың бағытын ұстаздар әу бастан-ақ дұрыс бағдарлайды. Ол аспирантурада жүрген кезінің өзінде-ақ қазақ тіл білімі Мәкеңнің өмірлік кәсібіне айналып, мәңгілік несібесін осы саладан жинайды.

Содан бергі жердегі өмірде Мәкең кандидат, доктор, профессор, академияның корреспондент-мүшесі деген атақтарға ие болады. Осының бәрінде қаншама тер төгілгенін, әрине, есептеп шығару қиын. Тынымсыз еңбек, тындырымды іс ақыры оны ұлағатты ұстаз, ірі ғалым, тіл тағдырына араласар айтулы азамат дәрежесіне көтерді. Өткен жылдар осыны айтады, жылдар қойнауында тұнған сырлар осыны шертеді. Мәулен Балақайұлының өмірі мен шығармашылық жолын біз осы жүйемен саралағанды жөн көрдік.

Біріншіден, ол – Ұстаз. Аспирант кезінен басталған оның ұстаздық өнерін, біздіңше, үш түрлі ыңғайда сөз еткен дұрыс сияқты. М.Балақаев 25 жыл бойы Қазақ универ­ситетінде үзбей сабақ бере жүріп, 5000-нан астам оқытушылар мен мұғалімдерді тәрбиелеген екен. Олардың көбі бұл күнде өз түлектерін ұстаздық дәрежеге жеткізіп жүрген жандар. Сол ұстаздық өнер бұл күнде оның немере, шөберелеріне ұласып жатыр; сонымен қатар, ол университет пен Қазақстан Республикасы ҒА Тіл білімі институтында көп жылдар бойы қызмет істей жүріп, әлденеше ғылым кадрларын дайындады. 40-тан астам ғылым кандидаттары мен докторлары Мәкеңнің бұл саладағы жемісті еңбегін нақты танытса керек. Сондай-ақ, оның асқан тәрбиеші екені өз алдына бөлек бір әңгіме. Ол мейлі мұғалім, мейлі ғалым болсын, ең алдымен, адамгершілік рухын жеткізіп, адалдық пен әділет жолын танытып, мәдениет пен әдеп дәнін сеуіп отырған. Мәкең алдынан дәріс алған адамның мұны сезбей өткені жоқ. Шәкірттерінің адал болатыны ұстаздың осындай тұрақты мінезі мен тиянақты ісіне байланысты болса керек. Ол айтатынын әзіл-қалжың араластыра, күліп отырып-ақ астарлап жеткізуге шебер еді. Лекция оқығанда да пәннің студенттерді жалықтырар бөліктерін қарапайым қазақ сөзімен түсіндіруі көпке дейін есте сақталатын. Мұның бәрі ұстаз Мәкең басындағы біз таныған қасиеттер, көп адамның еншісіне тие бермейтін қасиеттер. Әсіресе, жастар жадында болатын ерекшеліктер.

Екіншіден, Мәулен Балақайұлы Балақаев – үлкен ғалым. Ол алғашқы ізденістерінен-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қабілеті зор, талантты жас екенін бірден танытады. Оған дәлел ретінде белгілі тіл маманы Әділ Ермековтің жазып қалдырған естелігінен бір үзікті еске алған жөн сияқты.

“Әлі есімде, 1935 жылдың көктемінде Ленинградтан демалысқа келгенімде Мәулен “Қазақ тіліндегі көмекші сөздер” деген тақырыпта Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында баяндама жасады. Осы басқосуды Құдайберген Жұбанов басқарды. Баяндама жөнінде студенттер пікірін тыңдап болған соң, Құдайберген аға қорытынды жасап, жас ғалымның тырнақалды зерттеуінің нәтижелі екенін, Мәуленді қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы болады деген үміті зор екенін айтқан еді. Ақыры солай болды да”.

Осылайша басталған ғалым сапары, оны мынадай жолдардан өткізді: ол 1940 жылы дәл осы тақырып бойынша кандидаттық диссер­тация, ал 1950 жылы – “Жай сөйлем синтак­сисі” бойынша докторлық диссертация қорғады. Кейінірек бұл еңбек өз алдына жеке кітап болып жұрт қолына тиді.

Содан бергі жерде М.Балақаев тынымсыз еңбектенеді. 20-ға таяу кітап, бірнеше ғылыми және ғылыми-көпшілік мақаланы еңбекқор­лықтың асқан үлгісі ретінде айтуға лайық. Және бір ғажабы, оның еңбектері уақыт талабына сай оқырман жұртшылықтың тілек-мүддесіне жауап ретінде жазылып отырған. Қай еңбегін алсаңыз да осындай дер кезінділік сипатын байқамай тұра алмайсыз.

Жалпы, тарихтың қоңыр тартқан беттеріне көз салсақ, Мәулен Балақайұлының еңбек жолы 30-шы жылдардан басталған екен. Бұл жыл­дардың мәдениет тарихындағы рөлі орасан зор болғаны мәлім. Жаппай сауат ашу, ол үшін жазу­ды жөнге салу, оқу бағдарламалары, әдістемелер мен оқу құралдарын жасау тәрізді сан түрлі шаруаға Мәулен Балақайұлы білек түре араласады. Сонымен бірге грамматика, орфог­рафия, терминология мәселелерімен шұғыл­данады. Бертінірек оның қаламы тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі және әдеби тіл салаларында қызмет ете бастайды. Мұның нәтижелерін бірнеше еңбек ретінде көріп, оқып, көбіміз білім толтырған болатынбыз.

Мәкең қаламынан туған еңбектер арасынан жай сөйлем синтаксисі, сөз тіркесі және тіл мәдениеті туралы еңбектерін айрықша атау қажет. Неге десеңіз, бұл саладағы зерттеулер арқылы ол қазақ тіл білімі проблемаларын бүкіл түркологиялық деңгейге көтерді. Қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасы болып саналатын “Қазіргі қазақ тілінің” (1954) үлкен бір тарауын “Жай сөйлем синтаксисі” деген атпен Мәкең жазған болатын. Осы еңбекті және “Қазақ тілінің сөз тіркестерінің түрлерін” (1957) кезінде жалпы жұртшылық, тіпті отандық және шетелдік ғалымдар аса жоғары бағалаған еді. Осының өзі де ғалымның ғылыми-теориялық өресінің қаншалықты дәрежеге көтерілгенін байқататын.

Осы еңбегінде Мәулен Балақайұлы өзінің атақты ұстазы Н.К.Дмитриев пен замандасы Н.А.Баскаковтың аталмыш мәселе туралы қалыптасқан пікірлеріне дәлелді дау айтып, таласқа түседі. Ол кезде ғылымда мұндай батылдық жиі кездесе бермейтіні мәлім. Мәулен Балақайұлының дәлелдемелерінен кейін синтаксис оқулықтарында “Жай сөйлем синтаксисі” мен “Құрмалас сөйлем синтакси­сінен” басқа үшінші бір сала “Сөз тіркесі” беріліп отыратын болды. Бұл еңбекті кезінде атақты түрколог А.К.Боровков (А.К.Боровков. Изучение тюркских языков в СССР. –“Вопросы языкознания”, 1961, №5) жоғары бағалаған. Сөйтіп бүкіл түркология ілімінде Мәулен Балақайұлының ашқан жаңалығы жаңа сала болып қалыптасты. Ол қазақ тіл біліміне тағы бір өзекті саланың уығын шаншып, шаңырағын көтерген. Және көңіл аударарлығы сол, Мәкең тіл білімінің керекті мәселелерін дер кезінде байқап, орыс оқымыстыларымен қатарласа қарастырып отыратыны. Мәселен, қазіргі “Қазақ тілінің мәдениеті” дейтін пән Мәкеңнің тікелей өзі ашып, өзі қалыптастырған сала. Осының өзімен де ол қазақ тіл білімінде шоқтығы биік тұлға болып қала берері сөзсіз.

Міне, осы жоғарыдағы іспеттес іргелі еңбектер Мәулен Балақайұлын көрнекті түркологтар қатарына қосты. Ол қазақ тілі синтаксисін, оның ішінде сөз тіркесін аса бір зеректікпен жазып, теориялық түйіндеулер жасады. Мәкең бұл проблемаларды өзі ғана зерттеумен тынбай, шәкірттер баулып, ғылы­ми жұмысқа соларды тартты. Оның жетек­шілігімен жазылған 10 монографиялық жұмыс­тың негізгі объектісі – осы сөз тіркесі­нің әрқилы мәселелері. Мұның бәрінде Мә­кең үлгісі, Мәкең қаламының табы танылады. Қазақ тіл білімінде өзіндік мектебі бар бірегей ғалым ретінде Мәулен Балақайұлының аталатыны осыған байланысты деп білеміз.

Ғалымның қазақ әдеби тіл проблемалары жөніндегі ғылыми ой-пікірлерін өз алдына бір бөлек әңгіме етуге тура келеді. Ол қазақ тілінің қандай мәселесіне барсын, әдеби тіл мәселесін жадынан шығарған емес. Үнемі ой үстінде, қайсы бір пікірін қайта қарап, тереңдете қадағалап жүретін. Сөйтіп жылдар бойы толқытып келген ойларын жинақтап, 1984 жылы “Қазақ әдеби тілі және оның норма­лары” деген кітап жазып бастыр­ды. Бұл еңбек сапасының қай деңгейде болғанын Ш.Уәлиханов сыйлығынан артық дәлелдеуге болмас. Бұл тұста, атап айтар бір жәйт мынау: зерттеуші ретінде Мәкеңнің адалдығы мен зерде­лілігіне тәнті болып отырасыз. Бұрынды-соңды әдеби тіл туралы айтып-жазылып жүрген пікірлер­дің бәрін саралай келе, қайсы бір тұстарымен әдемі де мәдени қақ­тығысқа барады. Сөйтіп әдеби тіл дегеніміз не және оның ауқы­мына не кіреді деген мәселелерді тұңғыш рет нақты ашып айтады. Бұл еңбек өзінің осындай қағидалық үлгілерімен көптеген зерттеулерге жол ашты.

Ал “Қазақ әдеби тілі” (1987) атты 20 баспа табақ, көлемді еңбегі ғалымның жылдар бойы көкейге түйген ойларының бір түйінді қорытын­дысы іспетті. Қазақ тіл білімінің келелі мәселелерін құрастыруды мақсат тұтқан ізденушінің қай-қайсысы да мұны аттап өте алмасы хақ.

Үшіншіден, Мәулен Балақайұлы – қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да көп үлес қосқан ағартушы қайраткер. Оның 1948 жылы жарияланған “Орфографиялық сөздігі” кейінгі жылдарда түзілген үлкен емле сөздік­теріне негіз болды. Және кезінде жазуымызда етек алған көптеген ала-құлалықты реттеуге едәуір септігі тигені мәлім. Ал 1952 жылы жарық көрген “Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері” деген кітапшасы осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды. Сондай-ақ, ол 1963 жылғы және 1988 жылғы “Қазақ тілінің орфогра­фиялық сөздігінің” басы-қасында болып, тіл мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан оқу-ағарту ісінің озық маманы.

Мәулен Балақайұлы редакторлық жұмыс­пен де үздіксіз айналысып отырған. Ол кісінің редакциясымен 30-дан аса еңбек басылып шыққан.

Ол соғыс жылдарынан бергі жердегі қазақ лингвистикасы проблемаларына байланысты көтерілген барлық қоғамдық және ұйымдас­тыру мәселелерінің бәріне тікелей араласып, соның қалың ортасында жүрді. Мәулен Бала­қайұлы бүкілодақтық және халықаралық мә­жі­лістерге қатысып, іргелі ойлар мен салиқалы пікір өрбіткен әлемдік деңгейдегі ғұлама.

1938 жылы, 1, 2, 3 және 9 сыныптар үшін жазылған қазақ тілінің оқулықтары Мәкеңді осы саланың айтулы маманы ретінде әйгіледі. Соңғы үшеуі 20 рет басылыпты. Ал жоғары оқу орындары студенттеріне арналып “Қазақ тілінің стилистикасы” (1966), “Қазіргі қазақ тілі грамматикасы” (авторлас, 1966), “Қазақ әдеби тілінің тарихы” деп аталатын авторлармен бірлесе жазған оқу құралдары күні бүгінге дейін басшылыққа алынып келеді. Мәулен Балақайұлының қазақ лексикогра­фиясы саласында сіңірген еңбегі де алуан-алуан. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, “Қазақ­ша-орысша сөздік”, “Орысша-қазақша сөздік” – бұлардың бәрі де Мәкеңнің қатысуымен, басшылығымен түзілген.

Бүкіл өзінің шығармашылық ісі мен өмірін қазақ тіл біліміне, қазақ мәдениетіне бағыш­таған әйгілі ұстаз, атақты ғалым, тамаша аза­мат Мәулен Балақайұлының 100 жылдығын атай келе, тіл білімінің, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің кеңестік дәуірде қанша­лықты дамып, қаншалықты қанат жайғанын нақты елестете аламыз. Біз Мәкеңнің 100 жылдығы арқылы Тіл білімі институтының тарихын сүзіп шығып, оның жетістігі мен кемістігін ойша таразылағандай боламыз. Байқап отырсақ, біздің көбімізге кейде проблеманы Мәкеңше түсініп, Мәкеңше еңбектену жағы жетіспей жататын тәрізді. Оның мейлінше қарапайым да кішіпейіл мінезі, ғылыми және қоғамдық мәселелерге келгенде таймас қағидатшылдығы жора-жолдас, аға-іні, ғалым шәкірттер арасындағы бірқалыпты байыпты да тұрақты қасиеті кімге де болса үлгі. Ол сөз бен ісін қатар ұстай білетін күрескер адал жан, ғылым болашағын терең ойлайтын тәлімгер, басқа да тілдер мамандарын дайындауға зор үлес қосқан отаншыл, қайраткерлік дәрежеге көтерілген үлкен ғұлама еді.

Төртіншіден, кейінгілер үлгі тұтар тағы бір қырын айтпай кетсек, Мәулен Балақайұлы болмысының бір жағы олқы түсіп жатар еді. Ол оның қаламгерлік қабілетіне байланысты. Бұл өнерді ол Шымкент педтехникумында оқып жүргенде әйгілі жазушы, қазақ сөзінің зергері Ж.Аймауытовтан мирас еткен. Сол ұстазына еліктеп, кезінде өлең жазған, талай әңгімелерін Ж.Аймауытов мақұлдап, газет, журналдарға жіберіп отырған. Мәселен, “Күнсұлу”, “Кездесе кетті”, “Қаратайдың апасы” тәрізді туындылары жарық та көрген. Азғана шымшыма мысқылы бар жеңіл де түсінікті тілмен жазылған бұл дүниелер Мә­кеңді көркем әдебиет ауылына да емексітетін және жақсы жазушы болуы да мүмкін екен-ау деген ойға қалдыратын. Сонау бір жастық шақта әйгіленіп, бастау алған Мәкең қаламының қарымын біз 80-ші жылдары да бай­қап отыратынбыз. Өмірінің соңғы жыл­дары ол өз заманы мен замандастары туралы “Зерде баспалдақтары” (1992, “Жалын”) деген атпен мөлдірете жазып, тағы бір үлгі тастап кетті. Бас-аяғы жып-жинақы осы бір шығар­маның беттерін ашқан сайын, қасымызда болмыс-бітімі бөлек, мінезі ғажап, аса бір ізгі жанның сыпайы да сұлу өмір сүргенін және зиялылық кескініне дақ түсірмей, өмірден өткенін ілтипатпен еске аласың.

Қысқасы, Мәкең туралы айтылар сөздің бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Тек, халық игілігі үшін, ғылым болашағы үшін сіңірген зор еңбектерін айрықша бағалай отырып, сүйікті ұстазға деген сағынышпен бойымызды жылытатынымыз анық.


Өмірзақ Айтбайұлы, академик

Мақала осыдан он жыл бұрын, Маулени Балақаевтың 100 жылдығы қарсаңында жарық көрген еді)

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Тарихи құжат

ДІН МЕН ЖЕР Баспасөз тарихын зерттеумен айналыса жүріп басқа да еліміздің тарихы үшін маңызды құжаттарға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған