Жарық нұрдың сәулесі

Тәуіптік қасиетін көрген едім

Қадым сөздің қадірін білетін қарттар таусылып, жастар жағы әркім өз кәсібі, тіршілігімен кетіп, «заман әркімнің өзінікі емес пе» деп, өзімді-өзім уатар заманда туып, ержетіп, өстік. Алдымыздағы ақсақалдардың ұлағатты сөздерін, шежіреші қарттардың білгенін санаға түйіп, кешегі ағаш шегемен ұстатып етік, мәсі тігетін шеберлікті, ұсталық (білезік, сақина, сырға, т.б.), балташылық (киіз үй саймандары, ертоқым, ат құралдары, т.б.), өрмешілік, тері илеу, ыстау, алаша тоқу, киіз үй басу, сабын жасау, басқа да қазаққа тән шеберлік өнерлерді үйреніп, біліп меңгеріп, келешек ұрпаққа жеткізетін біз, біздің замандастарымыз. Құдайға шүкір, заман өзгерді, имандылық тамыр жайып келеді. Ендігі міндетіміз мұсылмандық парызымызды өтеп, бала-немерелеріміздің, жастарымыздың батагөй тілеуқоры болып, білгенімізді шынының сынығындай жинап, құрастырып келешек ұрпаққа жеткізу деп ұғамын.

Пайғамбарымыздың хадисінде «кәпірмен мұсылманның шекарасы намаз» дейді. Кімде-кім пайғамбарды хақ деп таныса, осындай амал қылу керек. Аллаға сенемін деп шектелмей, Аллаға деген сенімді оқыған намазымызбен дәлелдеу керек. Сондықтан, еңбек демалысына шығып, пайғамбар жасынан асқан соң мешітке қадам басып, Түркиядан келген ұстаз Нұқтан бір жыл оқып, дәріс алып, намаз оқудамын. Ораза ұстаймын, жұма, тарауық, айт намаздарынан қалмаймын.

Жуырда бір келеңсіз жағдайдың куәсі болдым, сол себепті осы мақаланы жазып отырмын. Мешітке жұма намазын оқуға келіп, биыл шыққан Жандарбек қожа туралы «Әулие ата шапағаты» деген Жұмабек Қамза төренің кітабын көріп тұр едік, бір қазақтың жігіті келіп кітапханашыдан: «Мына кітап көп пе?» деп сұрады. Біз елең ете қалып, «Бәрін аласың ба, жұртқа таратасың ба?» дедік. «Ақшам жетсе, бәрін аламын, сосын отқа жағып жіберемін.Аруаққа сенбеу керек, бір Аллаға ғана сену керек» деді. Сасқанымыздан аузымызға сөз түспей қалды. Сол жерде Меккеге екі рет барған Батжан қажы да тұр еді. Кейін назаланып көп ойландым.

Бұрынғы үлкендер айтқан «шала молда дін бұзар» деген сөздері қазір де жалғасын тауып тұрған сияқты. Бұл күнде әр баспадан әртүрлі кітаптар шығып жатыр. Мешіттің жанындағы құран үйренудің қысқа оқуларын шала-шарпы оқып, молда болған жастар көбейді. Бір қарағанда бұл – жақсы, құптарлық іс.

Мешітте де, сыртта да «қасиетті әулие, ишан адамдардың аруағына табынбау керек, бір Аллаға ғана сыйыну қажет» деген уағыз айтылып жүр. Мұсылман болып Калимаға тіл келтірген соң,  бес уақыт намаз оқып, ораза ұстаған соң, Алланың бірлігіне, Мұхамед с.ғ.хақтығына шүбә келтірмей, бір Аллаға ғана сыйынып, медет тілейміз. Алла Тағаланың сүйген құлдары, әулиелік көріпкелдіктері бар, шарапатты Исабек ишан, Мәшһүр Жүсіп сияқты жандардың түсінідіріп, дәлелдей алмайтын қасиеттерін аталарымыз, әкелеріміз әжелеріміз, шешелеріміз біздерге айтып, құлағымызға құйып өсірді. Біз Исабек ишанның ұрпақтары Алғамбар, Солтан, Әшім, Қабдолла (Қабен) Жнадарбек қожаларды көріп, ол кісілердің де әулиелік, көріпкелдік, тәуіптік қасиеттерін көрген жандармыз.

Енді сол жарықтықтардың өзім куәсі болған қасиеттеріне тоқталайын.

1948 жылы күзде біздің үйге Әшім қожа келіп қонды. Ол кісінің бір қасиеті – шамалы көзін жұмып, қалғып кетіп отыратын. Ондайда отырған жұрттың бәрі тым-тырыс болатын. Таңертеңгі шай үстінде Әшекең жарықтық қалғып кетті. Сәлден соң «…саған Құдай берді, шаңырағыңа бір қыз, бір ұл бала келеді. Жаңа таң намазында екеуміз қатар отыр екенбіз. Екі көгершін келіп бірі еркек, бірі ұрғашы, төбемізден айналып, сенің екі иығыңа қонды» деді. Содан кейін 1949 жылы Бәну деген қарындасым, 1951 жылы Құдайберген деген інім туды.

1970 жылы Екібастұз совхозының 2-ші фермасының меңгерушісі едім. Сол жылы ораза жаздың басында келіп, ауылдағы отбасыларының аруақтарына қатым-құран бағыштауға Әшекеңді алып келдік. Ауылдас Айтқазы ақсақалдың үйінде ауыл тұрғындары дастархан басында отырғанбыз. Жамалия деген жеңгеміз шай қамдап, дастарханға дәм жасап жүрген. Бұл кісілердің ержеткен екі қызы бар, ұлдары жоқ еді, жастары егделеніп, шар тартқан кездері. Айтқазы ақсақал біртоға, көп сөйлемейтін, момын кісі еді. Артында ұл жоқтығын уайымдап іштей тынатын. Дастархан үстінде Әшекең сөйлеп отырып, қалғып кетті де, сәлден соң көзін ашып, жанында отырған Айтқазының иығынан қағып, «Айтқазы, саған құдай берді, осы шаңыраққа тоғыз айдан соң Еренғайып деген сәби келеді» деді. Сол кезде жанында отырған Айтқазы басын Әшекеңнің тізесіне салып, жылап жіберді. «Айтқаныңыз келсін. Не тілесеңіз соны орындайын» деп айтып жатыр. Әшекең жымиып күліп: «Қой, жылама, Айтқазы, маған ештеңенің керегі жоқ, Құдайға құл, Мұхамедке үмбет екеніңді ұмытпай, Алланың бес парызын орындасаң болды» – деді.

Келер жылдың сәуір айының басында Айтакеңнің шаңырағында Еренғайып дүниеге келіп, ер жетіп, үйлі-баранды болып, қазір Екібазтұз қаласында тұрады. Айтакеңнің шаңырағына ие болып, шешесі Жамалияны мәпелеп күтіп отыр.

Исабек ишанның немересі Жандарбек қожа да – айтқаны қате кетпейтін көріпкелдігі бар, адамдарды ауруынан жазатын дуалы ауыз, қасиетті кісі еді. Ондай қасиеттерін талай көріп, куәсі болдық.

Бірде жаз айында үйіне сәлем берейін деп барғанымда, ол кісілер шай ішіп отыр екен. «Жоғары шық» деп, жанына орын берді. Шай ішу аяқталар кезде «Құсайын, сіздің шаңыраққа Алла қаласа Хакім деген бала келеді» деді. Мен «әмин, айтқаныңыз келсін» деп қуанып жатырмын.

Ол кезде үлкен балам Нұрлан әскерден келгелі үш жыл болған, әлі үйленбей жүр еді. Желтоқсан айында балам «үйленем» деді. Содан қыстың боран, суығына қарамай, алыстағы құдалармен қатынас жасасып, балам үйленп, келер жылғы қыркүйекте дүниеге Хакім деген алғашқы немереміз келді.

Осындай ел ішінде әркімдерге Исабек ишанның ұрпақтары, қожа әулетінің айтқандары келіп, қиын-қыстау жағдайлар кезіккенде берген баталары қолдайтынын көріп жүрміз. Қазіір де атам басына (Исабек ишанның) тоқтамай өткен кісінің көлігі (машинасы) жүрмей тұрып қалады. Ондай өз басымыздан да өтті.

Осының бәрі көзім көріп, өз басымнан өткен жағдайлар болғасын, кейінгі жастар біліп жүрсін, киелі аталарымызды ұмытпасын, құрметтесін деп жаздым.

Енді бір айтайын дегенім, ел-жұрт бірнеше рет баспа бетінде жазып сұраса да Екібазтұз мешітіне Исабек ишан атын беру оң шешімін таппай тұр.

Қазақтың азаттық алу үшін күресінің соңғы тұяқ серіппесі, Кенесары көтерілісін Ресей патша үкіметі күйреткесін, Ертіс бойындағы камалдаларына шіркеу салып, маңайындағы жатақ қазақтарын шоқындыра бастайды. Осыған қарсы амал ретінде қазақтың ел басшылары, билері жасырын пәтуаласып, сыртымызды берсек те, ішімізді, дінімізді, ділімізді бермейік. Ол үшін мұсылман дінін ел ішінде кеңінен уағыздап, халықтың дінге деген сенімін арттырайық деп, жасырын Бұхардағы дін орталығымен келісіп, әр жерге медресені үздік бітірген, жақсы оқыған қожалар әулетінен шыққан жастарды таратуға пәтуәлеседі. Бұл істің басында тобықты Құнанбай Өскенбай ұлы болып, Қарқалы уезіне, қара халықтан бірінші аға сұлтан болып, 1849 жылы сайланған соң бұл істі жеделдете қолға алып, сол жылы Қарқаралыға мешіт салдырып, құдайы құрмалдық шалдырып, ресми аштыртыпты. Осы мешітке бірінші имам болып, Хасан Сайфуллаұлы Сарытаулық қожа тағайындалған.

Кейін сондай мешіт, медреселер Ертіс бойында, Сарыарқаның әр жерінде бой көтере бастайды. Содан шамасы 1849-50 жылдары 20-21 жастағы, Бұхар медресесін үздік бітірген шәкірт Мұрат қожа, Қанжығалы-қара-жәдігер-Тоқсанбайға жолдамамен келеді. Бұған сол кезде Тоқсанбайдың сегіз баласы бар, жан-жақты, әулетті сегіз ауыл болып отырғаны да себеп болады. Мұрат қожа келген соң Тоқсанбай «Құдай берген тоғызыншы балам» деп қанжығалының сарысы Малдыбайдың Маржан деген қызына құда түсіп, енші беріп, «Шақшан биігі» тауының түбінен отау тіктіреді. Кейін ол жер, «ишан құдығы» деп аталыпты. Содан ел арасында «Тоқсанбайдың тоғызы» деген атау сөз қалыпты.

Ендігі айтарым, Мұрат ишанның орта жүз, әсіресе, Баянауылға, Екібастұз Ақкөл жайылма, Ертіс өңіріне, елін, атажұртын, туыстарын тастап ислам дінін уағыздап, әуелі өзі, кейін баласы Исабек ишанның орта жүз мұсылмандарына діннің тірегі болып дінді ел ішіне уағыздап кеңінен, терең таратқанын ескере отырып, ескеріп, Екібастұз қаласының мешітіне Исабек ишан аты берілсе екен деймін. Бұл жалғыз менің пікірім емес, мешітке баратын намазхан ақсақал, бәйбішелердің көбінің тілегі, жалпы осы өңірде тұратын көпшіліктің ұсынысы.

Құсайын СҮЛЕЙМЕНОВ.

ШАПАҒАТЫ ШУАҚ БОЛЫП ШАШЫЛҒАН

 Емші берген орамал

Орынтай ол кезде жалындаған жас еді. Таңқаларлығы: өрімдей ерке қыз ер балаша киініп жүретін. Өз жүрегінің қалауымен тракторшы мамандығын таңдап алып, жұмысқа сүйсіне кіріскен.

1988-жылдар кезі болатын. Кенеттен жүрек тұсы ауырып, біраз айлар беймаза күй кешті. Сонда да дәрігерге қаранбады. Бір күні әкесі совхоздың Ленин орденді атақты бригадирі Құмат:

– Орынтай балам, сырқатпен ойнауға болмас, дайындал, ескі Ақкөлге Жәкең әулие атаңа апарайын,- деді. Сәті түскенде ол кісі үйінде екен. Ақжарқын мінезімен қарсы алды. Көзі жәудіреген бойжеткенді үш рет кеудесіне қысып тұрып:

– Саған тіл тиген екен, дәнеңе етпейді, тәуір боласың. Әлі тұрмысқа шығасың, – деді жылы жүзбен. Сосын үшкіріп ақ жібек орамал берді. Ол бара-бара бұл дерттен құлан-таза айықты.

– Міне, – деді Орынтай Құматова, сол орамалын көрсетіп, 18-19 жылдан бері бойтұмардай сақтап жүрмін, бертін келе отбасын құрдым, бүгінгі күні бақытты өмір сүріп жатырмыз.

Иә, ата шапағаты кімдерге тимеген!

Қайролла Дүйсенбаев,

Төртүй ауылы

 

 Ата көйлегінің қасиеті

          Сәулет бөлімінде бас есепші болып қызмет ететін Айша Секенқызы мына бір оқиғаны айтып беріп еді.

1997-1998 жылдары Айша Ертіс ауданының «Сілеті» совхозында тұрған. Айшаның шешесі Зия қызына Жандарбек қожаның көйлегін беріп:

– Ауырып-сырқай қалсаң, осы көйлекті ауырған жеріңе бассаң, айығасың. Бұл қасиетті көйлек. Мұны менің әкеме кезінде Жандарбек қожа берген екен. Ол кісі әкеммен жолдас болған. Үй болып шаңырақ көтерген әкем мен шешем бірнеше жыл бала көрмепті. Содан қожаның алдына барғанда, көріпкел ата дұғасын оқып: «Жеті жылдан соң қыз бала көресің, кейін ұлды боласың», – депті. Жеті жылдан соң атаның айтқаны айна қатесіз келіп, дүниеге мен келіппін. Менің соңымнан Кеңес деген ер бала туды. Ал мен тұрмысқа шығарда, атам маған осы көйлекті берді, – деп еді.

Қасиетті көйлектің шипасы Айшаның үй ішіне ғана емес, бүкіл ауыл адамдарына да дәру болды. Бүгінде Айша да анасындай көргеніндей, ауыра қалса Жандарбек қожа берген көйлектен шипа алады екен.

– Көйлекке арнайы қап тігіп қойдық. Қолданған соң жуып, үтіктеп әлгі қапқа салып қойып отырамыз. Үлкен адамдардың кейбірі ол көйлекті Ишан хазіреттің көйлегі деседі, енді бірі Қасым қожа берген дегенді айтады. Шілде айында Сілеті ауылында мешіт ашылып, сол шараға барғанымызда, шешмнің көзін көрген қариялар: «Ол Жандарбек қожаның көйлегі» деді. Арнайы Ақкөлге барып, осы көйлекті атамның ұрпақтарына көрсетіп, олардың да батасын алсам деген ойым бар,- дейді Айша.

         Гүлжиян қажы ХАНАФИЯҚЫЗЫ

 

 Ақкөл-Жайылманың абызы

         Ақкөлдің күн шығысында меншікті үйлер көп болатын. Қожайындары 60-жылдары салған осы үйлерде негінен кілең қарттар тұратын. Жандарбек атаның қара орманы да осында болды. Біздің үй мен қожа атаның үйінің арасы тақау еді. Тіпті, шешем Дәметтің айтуынша, біздің үй әуелде Жандарбек ата отбасымен қоныстанған екі бөлмелі кішкентай тас екен. Кейін қожа ата жаңа үй тұрғызып сонда көшіпті де, менің әкем Жәлел ескі тамды кеңейтіп, шатырлы үй салыпты. Тағдырдың жазуымен осылайша біз бала күнімізді шапағаты мол Жандарбек атаның бұрынғы ордасында өткізіп, есейіп ат жалын тартып мінгенше көрші-қолаң болдық. Осы жылдардың ішінде  отбасымызбен қожа атаның шарапатын көп көрдік.

Қожа ата күлімдеген нұрлы қой көзі дөңгелек жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын аса мейірімді адам болатын. Өте еңбекқор еді. Таңмен таласып оянып, ауласын қысы-жазы тазалап жүретін. Тазалықты сүйетіні соншалық, кең ауласы түгілі, үйінің маңайында бөстекі қылбырау жатпайтын, айнадай жалтыраған тазалық көзге ұрып тұратын. Жан мен тәннің ғана емес, қоршаған ортаның тазалығын ойлаған кемеңгер жанның, бұл – өз ісімен өзгелерге көрсеткен үлгі-өнегесі екен ғой.

Үлгі-өнеге демекші, жетпісінші жылдардың жуан ортасы болар, Жандарбек аға үйленген ортаншы ұлы Сағидоллаға арнап ауласынан отау үй салды. Ауылдың шебер құрылысшы жігіттері төрт қабырғасын шпалдан көтеріп, сыртын ақ кірпішпен өріп қаптап шықты. Жұмыс күнде кешкілік жүретін. Маңайдағы ойын балалары да тайлы-таяғымыз қалмай құрылысқа қол ұшын тигізетінбіз. Қожа ата әрқайсымыздың арқамыздан қағып, мадақтап, жылы сөзімен жігерлендіріп, ортамызда қалбақтап тыным таппайтын. Қас қарая үйіне дәмге шақырады. Сондай күндердің бірінде қызық оқиға да болған. Шай ішкенде балалар қысылып-қымтырылып дастархандағы тәттілерге сұғанақтық жасай алмай, бірақ көзін сата қарайды. Сұңғыла да сезімтал қожа ата соны аңдаса керек,дастархандағы тосап салынған ыдысты қолына алып, бізді бір-бірлепқасына шақырып, ет асатқандай тосапты алақанынан жалатқаны бар. Сол уақытта қазақ ауылына таңсық таңқурай тосабының тіл үйірер дәмі әлі күнге таңдайымда тұрғандай сезіледі. Бәлкім, ол тіпті, тосаптың дәмі емес, сол жолы аялы алақанымен ернімізге тиген қожа ата шапағатының ыстық табы шығар. Дәмнен үйді-үйімізге тарар кезде Жандарбек ата қойны-қонышымызды уыс-уыс тәттіге толтырып, қолымызға шытырлаған ақша ұстатады. Үлкендер де, балалар да ыңғайсызданып қипақтаса, Жандарбек ата: «Күнәнің ең ауыры – адам хақысын, кісі еңбегін жеу. Ұялмаңдар, адал еңбектерің, атаңнан тәбәрік, алыңдар, алыңдар» деп, бәйектеп көл-көсір кең пейілін танытатын.

Жалпы, Жандарбек атаның қолы ашық, жомарттығында шек жоқ еді. Алдына бата алуға барған адамдар құр қол қайтпайтын. Мейірімі шексіз Алла Тағаланың берген несібесін қожа ата көпшілікпен осылайша бөлісуші еді. «Тәуба десең маған, тағы берем саған» деген Құран Кәрім қағидасын қалтқысыз орындаған қожа атаның сол ұлағатын бүгінгі біздер жұғыс қыла алмай жүрміз-ау, сірә!

Бертін ойлап отырсам, қара шаңырағы жанынан баласына отау үй көтергенінде атам ерінбей еңбектенген адамға үй салып алуына болады деп жұртқа үлгі шашпақ болған екен. Өйткені, сол кезде Ақкөлде үй жетіспейтін. Әйтсе де, қожа атам сұраса, басшылар меселін қайтармас еді ғой.

Ақкөл-Жайылманың абызына айналған Жандарбек атаның қасиеттері мен өнегелі істері жайында тоқтаусыз баяндай беруге болады. Қожа атаның көрегендігі, шипагерлігі, қайырымдылығы бітімгерлігі мен мәмілегерлігі әлі күнге дейін Екібастұз өңірі халқының көз алдында, жүрегінің түбінде. Ал дінге тыйым салынған кеңес заманында имандылық отын үрлеп, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін бәрінің Алланың ақ жолымен жүруіне діңгек болғаны Тәңірдің өзіндей хақ. Жалпық елді исламға, имандылыққа ұйытып, бірлік пен татулықтың тірегі болған Жандарбк атаның Құранды мақамдап оқығанда жүректі шымырлатқан қоңыр даусы мәңгілік құлағымызда, шарапатты жарқын бейнесі жүрегімізде қала бермекші.

                                        Жассерік ЖӘЛЕЛҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button