Сыр-сұхбат

Қожаларға лайықты баға беру – ғалымдардың еншісінде

Елімізде Оңтүстік Қазақстанда киелі жерлер көп. Қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Айша бибі, Бабаджа-Хатун кесенесі осы аймақта орналасқан. Арыстан баб кесенесі жанында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Мұсылмандар Түркістан қаласын екінші Мекке деп, ал сол қасиетті жерлерге баруды кіші қажылық деп санайды. Айша бибі кесенесі бала көтере алмайтын және мықты жанұя сұрайтын әйел кие тұтатын жер болып саналады.

Әсілі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи деңгейіне жетпесе де, киелі жерлер Қазақстанның әр түкпірінде кездеседі. Мәселен, Кереку аймағында әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеев, хазірет Исабек ишан, Уахит хазіреттің мәңгілік тыныс тапқан орны халықтың тәу ететін жеріне айналды. ХІХ ғасырда өмір сүрген көріпкел-әулиелер туралы аңыз-әпсаналар ел арасына кең тараған. Алайда еліміздің солтүстік аймағында дүниеге келген әулиелер жайлы мағлұматтардың аз екендігін еріксіз мойындайсың. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы, ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп жайлы зерттеу-мақалалар Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ғана қолға алынды. Мәшекеңнің аңызға бергісіз әулиелігі туралы деректер мен шығармалары қазір 20 том болып басылып жатыр. Ал жарық көрген кітап тың деректермен толықтырылды. Қазақ еліне ислам дінін таратқан қожалар жайлы деректерді зерттеп, зерделеу мұнымен тынбаса керек. Көне қорымдар қойнауында бізге белгісіз талай құпияның сақталғаны анық. Іздену нәтижесінде қожалар жайлы жазылған бірқатар ғылыми-зерттеу мақалалар жарық көрді.

Осы салада еңбек етіп жүрген жас ғалым, Америка Құрама штатындағы Индиана университетінің магистранты Ұлан Биғожин 2012 жылдан бері қожалар тақырыбын зерттеу үстінде. Жақында Ұлан Биғожин біздің редакцияға арнайы келіп, өзі зерттеп жүрген тақырыбы жайлы ой бөлісіп, пікірін ортаға салды. Осы орайда ғалыммен арадағы сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

-Ұлан мырза, сіздің қожалар тақырыбын зерттеп жатқандығыңыздан хабардармыз. 2013 жылдың жазында Исабек ишанхазіреттің кесенесінде зерттеу жұмыстарын жүргіздіңіз? Бұл тақырыпқа баруыңызға не себеп болды? Америкалықғалымдардың әулие-бақсылыққа деген көзқарасы қандай?

– Анық білетін жай, америкалық ғалымдар Орта Азия елдерінің тарихына ХХІ ғасырдың орта шенінде назар аудара бастады. 2006 жылы Индиана университетінің жанында ашылған Евразия департаменті қытай, түркі тілдес мемлекеттердің тарихын зерттеуді мақсат еткен. Мен осы тақырыпты ұсынғанда ғылыми жетекшім,  америкалық профессор Девин Деуис бірден қолдады. Ол шағатай, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген.

2012 жылы шілдеде Ақкөл ауылына қарасты Қылдыкөлде философ әрі ағартушы Исабек ишан хазіреттің 220 жылдығы аталып өтті. Ауқымды шара аясында хазіретке ақ тастан үш күмбезді кесене бой көтерді. Кесененің сәулетін көріп, ерекше таңғалдым. Мұнда зерттеуді қажет ететін қаншама материалдар бар екенін байқадым. Оны суретке түсіріп, америкалық әріптестеріме көрсеттім. Олар: «Бұл Түркістан ба?» — деп қызығушылық танытты. «Жоқ, Солтүстік Қазақстанның орталығы. Исабек ишанның кесенесі»,- деп таныстырдым. Осы оқиғадан кейін қожалар тарихына ден қойып, зерттеуге кірістім. Жасыратыны жоқ, қожалардың діндарлығына, білімдарлығына шек келтірмесем де, әулие-бақсылық қасиеттеріне күмәнім басым болды. Ерғали шырақшының үйінде бір жарым ай жатып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, көп жайға көзім қанықты. Жергілікті тұрғындар мені жылы қабылдады. Шамасы келгенше, маған көмектесуге тырысты. Мен газетке берген сұхбатымды пайдалана отырып, ғылыми зерттеуді жүргізуіме қолдау танытқан – Совет қажыға және оның жары Гүлжиян қажы Әбуғожиновтарға алғысымды білдіргім келеді.

-Аңыздардың есіңізде қалғанын әңгімелеп берсеңіз…

– Олардың әңгімесі көбіне Исабек ишанның немересі Жандарбек қожаға қатысты болды. Бертінге дейін өмір сүрген Жандарбек қожаға деген елдің құрметі айрықша екен. Бірде ұлты орыс азамат маған  өз басынан кешкен төмендегі жайды баяндап берді. Екібастұз қаласынан жұмыс сапарымен келген арнайы топтың әлдебір қылығы ауыл тұрғындарына ұнамай қалса керек. Қоштасарда Жандарбек қожа қолдарын алып: «Аман қаласыңдар», — депті. Қаладан келгендер қожаның сөзіне соншалықты мән бермей, аттанып кетеді. Жолда машина өзінен-өзі істен шығып, аударылады. Әлден соң естерін жиған жолаушылар жазым болғандар жоқ па екен деп тексерсе, бәрі дін аман екен! Осы оқиғадан кейін ол Ақкөл ауылына тексерушілердің қатарында баруға бас тартқанын айтты.

-Осы сапарда кімдермен кездестіңіз? Қандай ой түйдіңіз?

– Бір жарым айдан кейін Америкаға келіп, атқарған жұмыстарым жайлы есеп бердім. Шетелде докторлық жұмыстың алдында кандидаттық жұмыс қорғалады. Оны ойдағыдай тапсырсаң, докторлық жұмыстың 60-70 пайызы орындалғаны. Айта кетерлігі, бұл сапар мен үшін өте табысты болды. Ғалым, Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Әшірбек Муминовпен, Баянауылда  Сарыағаш ауылының тұрғыны, шежіреші Сейіт Омаровпен таныстым. Сейіт ақсақал Қазақстанның тарихын жақсы біледі. Оның қолында құнды деректер:  ХІХ ғасырдың құрандары, тәпсірлер/құранға түсініктеме/ бар. ХІХ ғасырда Баянауылда өмір сүрген Шығай халфе туралы деректі де осы кісі берді.  Менің түйгенім, бізге облыс деңгейінде этнографиялық жұмысты жолға қоятын уақыт жетті. Ол үшін жүйелі жұмыс істеу керек. Жалпы, Америка ғалымдары Оңтүстік Қазақстанда, Өзбекстанда жұмыс істеуді қалайды. Өйткені онда құнды деректер өте көп әрі ауа райы да қолайлы.

-Америкада қожалар, әулие-бақсылар туралы ғылыми туындылар жарияланды ма? Зерттеу жұмыстарымен тек орта азиялық ғалымдар айналыса ма?

-Жақында Америкада Мәшһүр Жүсіп туралы публицистикалық мақала жарық көрді. Оны жазған тарихшы Ален Франк – Токома-парк университетінің профессоры. Ол 2011 жылы Павлодар қаласында болды. Татар ғалымы Альфред Бустанов Сібір татарларының тарихын зерттеумен айналысады. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Таяуда Альфред маған бағалы мәліметті жеткізді.  1871 жылы Новосібір облысы Венгер ауданында мекендеген татарлар Ақкөл-Жайылмаға арнайы келіп, Исабек ишанмен кездесіп, сұхбаттасқан. Осы кездесуде Исабек ишан оларға өз кітабын тарту етіпті. Ол кітап қайда, қашан жарық көрген? Қандай тақырыпты қамтыды. Ол жағы беймағлұм. Әнебір жылдары Венгер ауданы Айлу ауылында жұмысшылар ескі үйді бұзғанда, көне қолжазба, кітаптарды тауыпты. Жұмысшылар қолжазбаны Альфредке табыстапты. Бір қызығы, соның ішінде Исабек ишанға қатысты дерек бар екен. Альфред ишанға қатысты жерін көшірмеден өткізіп, маған жолдады. Мен ол материалмен әлі танысқан жоқпын.

Мен Исабек ишан жайлы жазылған кітапты оқыдым. Айтайын дегенім, осы уақытта кітапқа енбеген мол деректерді  таптым. Мені қызықтыратын мәселе – Кереку, Ақмола аймағы ашаршылықты, коллективтендіруді, репрессияны, соғыс зұлматын, тың игерудің ауыртпалығын бастан өткерді. Кеңестер Одағында Муфтият бақылауда болды. Бірлі-жарым адамға ғана қажылыққа баруға мүмкіндік туды. Оның өзінде Мәскеу арқылы ұшатын. Діни кітаптарды Қазақстанға цензурамен кіргізді. Соған қарамастан ислам діні жойылмады. Өйткені қожалардың ұрпақтары өз міндеттеріне адал болды. Егер  Ақкөл-Жайылма болмаса, қазақтар ассимиляцияға ұшыраушы еді… Бұл – менің жеке пікірім. Қорыта айтсақ, дін таратушылар заманның ауанына қарамастан өз парыздарын абыройлы орындады, олардың еңбегіне лайықты баға беру – ғалымдардың ен-шісінде.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ

Отарқа – екібастұз қалалық газеті

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Муминов Әшірбек үшін пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button