Жарық нұрдың сәулесі

Исабек ишанды ұлықтайық

18 тамыз күні екібастұздықтарға таныс Совет қажы телефон арқылы: «Сүйінші, алдымыздағы қыркүйек айының 8-де Ақкөлде нағашың Жандарбек әулиенің туғанына 100 жыл толуына арналған үлкен той болғалы жатыр», – деді қуанышты лебізбен. Осы хабарды естіп, мен де қатты қуанып қалдым. Расында, қалайша қуанбасқа, өйткені менің анам Үміттің атасы Смағұл қожамен Жандарбек әулиенің атасы Исабек ишан ағалы-інілі туыс болып келеді. Смағұл мен Исабек ишан қазақ халқының құрамына кіретін «қожалар» деп аталатын субэтникалық топқа жатады. Сайып келгенде, Исабек ишан сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Салаллаһу Ғалейкум-саламның ұрпағы екенін айту лазым.

Осылай болғанда қожалар кімдер? Бұл сұрақтың жауабы турасында орыстың белгілі ғалымы, мемлекет қайраткері, қазақ тарихының білгірі А.И.Левшин (1797-1879 ж.ж.) қожаларды Мұхаммед Пайғамбардан тараған ұрпақтар дейді. Осы арада «қожа» сөзінің этимологиясын да айта кеткен артық болмас. Парсы тіліндегі «хваджа» деген сөзден қазақ тілінде «қожа» сөзі пайда болған. Ал «хваджа» қазақ тілінде «ие» деген сөз. «Ие» сөзінің қазақ тіліндегі басқаша баламасы «еге» деген сөз болады. Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» атты 1978 жылы шыққан кітапта «еге» сөзіне «ие» деп анықтама беріледі. Сонымен түркі тілінде ертеден бар «еге» сөзі қазірде жаңарып, өзімізге орыстың «путь» және «дорога» деген сияқты синонимді «ие» деген сөз боп қайта оралды деуге болады. «Еге» сөзі фонетикалық тұрғыдан алып қарағанда ағылшын тіліндегі адамның бір нәрсеге иелігін білдіретін «ego» деген сөзіне дәл келеді. Бұл дегеніңіз Еуразия құрлығында тұратын халықтардың ықылым заманнан бір-біріне сөздері де ауысатындай тығыз аралас-құралас болғандығын көрсетеді.

Қазақстанға ислам діні ҮІІІ ғасырдан бастап енгені әмбеге аян. Осы кезден бастап өздерін Мұхаммед Пайғамбар әулетінен санайтын діндарлар Оңтүстік Қазақстан аумағына келіп, діни дәріс беретін мешіт, медреселер ашып, жергілікті халықпен жақын араласты.  Сондықтан пұтқа табынушы жергілікті халық оларды дер кезінде өздеріне ислам дінінің шапағаты тигендіктен және арабша ағаштан қиып ғимарат салғаны түсінікті сияқты. Ал, Баянауланың Қызылтау өңіріне қожалардан алғаш рет келген Исабек ишан әулетінің құрметіне байланысты бұл жер «Әулиелі Қызылтау» аталған деп пайымдауға болады.

Сонымен, қазақтың жалпақ тілінде ислам дінін татарушы Мұхаммед Пайғамбардың ұрпақтары «қожалар» боп аталған. Осы түсініктен басқа қазіргі қазақ тілінде «қожа» сөзінен туындаған мынадай екі мағынадағы «қожа» сөздері бар: 1) отбасы, үй иесі (егесі), 2) белгілі бір кәсіпорынның, шаруашылықтың бастығы иесі (егесі). Қазақ тілінде соңғы екі ұғымға балама ретінде қолданылатын «қожайын» деген сөз де бары белгілі. Демек, осы сөзде орыстың «хозяин» сөзінің негізі жатқан сияқты.

Қожалар турасында жалпы айтқанда, олардың ішінде аса ақылды, ұғымы күшті, ұйғарымы дұрыс, айтқан болжамдары өмірде орындалатын, терең діни білімді игерген кісілер болған. Олардың дуахандық пен хасида ілімдерінің әлемдік жетістіктерін меңгерген, жын-періні өз еркіне бағындыра алған, малды ұрлап әкеткен ұрылардың қай елден екенін дөп басып айтып берген, дұға оқумен сырқат адамдардыжөнге салған, бала көтермей жүрген әйелдердің бағын ашқан, жыланды бағындырып, оның уымен ауруларды сауықтырған; жер бетін жалмап, лаулап жанып келе жатқан өртті тоқтатып өшірген т.б. небір ғажап керемет құбылыстарды игергеніне күмән болмаса керек.

Арқаға салт басты келудің астарында, енің ойымша, қожалар барған жерінде сол елдің қыздарына үйленсе, кейін бұлардан өрбіген ұрпақтар жергілікті халықпен жақындасып,   олардың ішіне жат болмай тез сіңісіп кетуді ккөздеген мақсат жатқанына ұқсайды. Менің бала кезімде анам: «Әкем Дүржан қожа туған інісі Баспақпен (Қазақстанға еңбегі сіңген артист Жәмилә Баспақованың арғы атасы) түйеге мініпБаянаулаға келіп, сол жерде үйленіпті( деп айтқан-ды. Сол заманда Баянаулаға көптеген қожалардың ұрпақтары келіпті. Атап айтқанда, олардың ішінде Жүсіп ишан Әулие, Жырыс қажы, Арпын қожа ұлы, Нәдір қожа Әулие Жүсіпұлы, Қоңырбай қалпе, Кененбайұлы Шұғайып қалпелер бар. Аталмыш қожалардың бәрі тегіс, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуынша, жын-пері оқуы Хасиданы бітірген адам болған.

Исабек ишан 1871 жылы қазірде Екібастұз әкімдігіне қарайтын Ақкөл ауылдық округі жерінде қайтыс болған. Исабек ишан дүние салғанда 13 жасар Мәшһүр Жүсіп Көпеев 340 жолдық жоқтау-өлеңін шығарғаны білеміз. Осы жоқтауда Исабек ишанның әуел баста Баянаула өңіріне келгендігі және мұнда өмірінің көп жылы өткендігі айна-қатесіз айтылған деуге болады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

«Өнер алды – қызыл тіл» шешенім-ай,

         Жылжыған жорғадайын көшелім-ай.

         «Абылай аспас сара бел» Сүйіндікке,

         Пір болып үлгі шашқан көсемім-ай», – деп жазады өзінің жоқтау-өлеңінде.

Исабек ишанның шапағатымен Баянаула өңірінде тұратын ондаған Сүйіндік ұрпақтары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Меккеге қажылыққа да барғаны белгілі.

Исабек ишанның көп жылдар бойы Баянаула жерінде өмір сүргеніне қарап оның Шорман би, Үкібай би, Мұса Шорманов, Құдайберген (Шөкең) Қуандықұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Әбжалап диуана әулие Тышқанбайұлы, Сәтбай Шөтікұлы, академик Сәтбаевтың әкесі Имантаймен т.б. Сүйіндік ұрпақтарының игі жақсы адамдарымен өте сыйлас, қарым-қатынаста болғандығы да шындыққа жататын сияқты.

Баянаула жерінен шыққан атақты әулие адамдар көп болғанымен Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің жоқтау-өлеңінде:

«Қанша ишан, қанша мүрит шықса-дағы,

         Бәрі де Исекемнен бір аспады», – дейді.

Осы жоқтау-өлеңде жоғарыда есімдері аталған Қоңырбай халпе мен Жүсіп ишан туралы айтылады.

Исабек ишан өірінің соңғы жылдары Қанжығалы әулеті ұрпақтарының «Исеке, енді біздің арамызда құтымыз болыңыз» деп аталы сөзбен қолқа салғандықтан Ақкөл-Жайылма өңіріне қоныс аударған секілді. Менің бұлай деп айтуыма Мәшекеңнің аталмыш жоқтауындағы мына өлең жолдары толық дәлел бола алады:

«Ақкөл мен Жайылмада аз жыл тұрдың,

         Пір болып, мүрит бастап, дүкен құрдың».

Соңғы өлең жолындағы «дүкен құрдың» дегенді, әрин, оның жергілікті халықты Құдай туралы таусылып бітпейтін ұзақ-сонар сөздердің тәмсілдерімен және Пайғамбарымыз Мұхаммед Ғалайкүмсаламның айтқан өсиеттерімен кенелтіп әгіме дүкен құрғаны деп түсіну керек.

Мәшекеңнің жоқтау-өлеңінде Исабек шианның Ақкөл жайылмада медресе ашып, мешіт салғаны айтылады. Бұл жөнінде Мәшекең былай дейді:

«Медресе, там қасына, мешіт салған,

         Бұйырып топырағы сонда қалған».

Енді Мәшһүр Жүсіптің жоқтау-өлеңіндегі:

«Ақкөлдің әулиелі өз басында,

         Тақсырдың ғимаратын жөнге салған», – деген дерекке көңіл аударып көрелікші. Осы екі-ақ жолды өлең жолы Ақкөл жайылма өңірінің Исабек ишан бұл жерге қоныстап келместен бұрын «Әулиелі Ақкөл» аталғанын білдіреді. Ал екінші өлең жолындағы «Тақсырдың ғимаратын жөнге салған» деген сөздерден нені түсінеміз? Мұны мына бір деректен білуге болады. Баянаула өңірін мекен қылған Қозған руы ішінде Түйте тәуіп әулие болғаны белгілі. Міне, осы әулие жөнінде баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Жұматұлы Құрмановтың айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің былай деп жазғандары бар: «Түйте тәуіптің қонысы әулиелі Қызылтауда, жын-перімен алысқан жеріне әлі күнге шейін шөп шықпайды, көктеуі мен күзеуі Шілдерті өзенінің жайылған жері, Ақкөл жайылмада, Қаражар, Күрең бие деген жер, жұрт осы күні әулиелі Ақкөл деп атайды да, өзі жайлауда Сілеті бойында Ешкі өлместен жиырма бес шақырым Керей Бәзіл қажының ауылында дүниеден өткен. Зиратын ағаштан қиып салған екен, әлі тұр, басына барып дұға қылдым». Осыдан Исабек ишанның мәртебесі жоғары тақсыр Түйте тәуіп әулиенің зиратына, Мәшекеңше айтқанда, сауат ашып, мешіт-медресе иелері (егелері) болғандықтан «қожалар» деп атаған.

«Еге» сөзіне байланыты тағы бір айта кетерлік жайт. Бүгінде кейбір оқырмандар жалпыұлттық республикалық газетіміздің «Егемен Қазақстан» болып аталуын «Тәуелсіз Қазақстан» деген мағынада түсінеді. Дұрысында «Егемен Қазақстан» атауы – «иелі Қазақстан», яғни қазіргі ұлан-ғайыр жердің тәуелсіздік алғаннан бері «қазақ халқы» деген өз егесі (иесі) барын білдіретін мағына.

Исабек ишан 1792 жылы Өзбекстандағы Бұқара қаласында өмірге келген. Діни білімді осы қалада алған. Қожалар Сарыарқа өңіріне алғаш рет ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысынан бастап келе бастаған-ды. Сол қожалардың ізімен Исабек ишан да ХІХ ғасырдың басында, шамамен 1810 жылы, Баянаула таулы сілемесіне жататын Қызылтау өңіріндегі «Сүйіндік еліне келген қожалардың көшбасшысы Әулиесі» деп жазған Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Сөзіміздің осы тұсында қожалардың бәрі дерлік Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау өңірінен Арқаға бозбала шағында келе-тұғынын айта кеткен жөн. Олардың осындай ғажайып қасиеттері туралы әңгімелер ел арасында әлі де көп айтылады. Мәселен, Исабек ишан дұға оқып аспанда ұшып бара жатқан аққуларды жерге қондырған, ал оның шәкірті Мәшһүр Жүсіп әулие өзінің дүниеден қашан өтетінін көп жылдар бұрын білген және 2013 жылы қазақ жерінде қой үстіне торғай жұмыртқалайтын жақсы заман туады деп айтып кеткен.

Исабек ишан тек Баянаула мен әулиелі Ақкөлдің жерлерін ғана емес, ол қазірде бізідер өмір сүріп жатқан Екібастұз аймағының жерін де аяғымен басып өткені анық деуге болады. Бұл жерде со заманда қозған әулеттерінің көптеген ұрпақтары тұрғаны белгілі. Атап айтқанда, кешегі кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Қазақстанның құрметті шахтері Әди Шәріповтың арғы аталары нақ бүгінгі Екібастұз қаласының орнында өмір сүргендерін екібастұздықтар жақсы біледі. Солардың бірінің үйінде Исабек ишан сыйлы қонақ болмады деп айта алмаймыз.

Сонымен бірге Исабек ишан елге шыққанда жол-жөнекей Екібастұз көлі маңайындағы ауылдарға да ат басын бұрмады деп кім айта алады. Әрине, ешкім айта алмайды. Сайып келгенде, Ақкөл жайылма мен Екібастұз бір-бірінен бөле қарауға болмайтын тұтас бір өңір емес пе?! Солай болғанда Исабек ишан екібастұздықтардың да қасиетті жерлесі болып саналатыны хақ.

Серік ЖАҚСЫБАЕВ,

Екібастұз қаласының құрметті азаматы.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button