Жарық нұрдың сәулесі

Қосым қожа

Қосым қожаның азан шақырып қойылған аты– Хошмұхаммед. Ол кезде балаларына ниетпен пайғамбарлар есімі берілсе, оларды басқа қосалқы есімдермен атаған.

Бабамыз Мүсірәлі (Мусафир Әли) кенже баласын «Менің пірлік жолымды, қосынымды жегуші, жалғастырушы ізбасарым, Қосымым» деп атап кеткен.

Мүсірәлі қожа Софы Әзиз бабамыздың алты баласының кенжесі. Шамамен 1685-1762 жылдары өмірден өткен. Жас кезінде Бұхара, Шам, Мазари Шариф, Көне Үргеніште білімін жетілдірген, иршад ишан атағын алған.

Өзі өмір сүрген уақытта Әйтеке бидің баласы Өтебаспен, Жақайым Байжанұлы Сартай батырлармен бірге жүріп, ақылшы ағасы, батагөй пірлері болған. Тірі кезінде де сыйлас болып, ахиреттік әлемде бірге қатар жатқан әулиелер. Әлі күнге дейін Кіші Жүз ағайындардың «Қожаны айтсаң, Қосымды айт, әруаққа шайтан қосылмайды» деп жырға қосқан кереметті әулие.

Әкесі Мүсірәлі қожа софы Әзиз бүкіл Тұран ойпаты жұртына пір болған Азизан қожа әулеттерінен.

Қосым қожа бабамыз пір болумен қатар ел үшін болған дипломатиялық қарым-қатынаста орыстармен, өзбек, түрікмен, башқұрт ұлыстарымен келіссөздер, ара-ағайындық мәселелерде, елі үшін болған маңызды құжаттарда елі, жері, тілі, діні, жері үшін көптеген маңызды құжаттарға ешкімнен тайсақтамай, әділдік шешімін айтып, қолын қойып, мөрін басып отырған.

Діни адам пір болумен қатар елі үшін болған қандай да елеулі оқиғаларға араласып отырған. Сол кездегі орыс, өзбек, түрікмен, башқұрт ұлыстары ол кісімен санасып отырған. Бабалардың шежіресін зерттеу мақсатынд Россияда, Санкт-Петербург, Орынбор, Өзбекстанның Бұхара, Самархан, Хиуа шаһарларында 2015-2016 жылдары болғанымызда, сол құжаттарды көріп, көзіміз жетті. Мүсірәлі қожа софы Әзиз бабамыз да, баласы Қосым қожа да сол кездегі мемлекеттік дәрежедегі қолына мөр ұстаған пір болған жандар.

Қазақта «Тақыр жерге шөп шықпайды», «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді. Орыс және өзбек құжаттарында бұл кісінің шыққан жері, шежіресі барлығы қамтылған. Ол құжаттарда Мүсірәлі қожа Софы Әзиз, баласы Қосым қожа, Қосым қожаның баласы Әбужәлел Машайық барлығы сақталған.

Сол зерттеулерден кейін бабаларымыз туралы жазылған кейбір шежіре кітаптардың асығыс, атүсті, ғылымға, нақты құжаттарға қарамай, негізделмей жазылғанына көзіміз жетті.

Нақты бір дәлел– Мүсірәлі қожаны Өзбекстанның Тамдыбұлақ ауданы, Керзі аулында дүниеге келген деп жазады. Ол жерге зерттеп барғанымызда Мүсірәлі қожаның алтыншы ұрпағы Дәуіт қожаның 1890 жылы көшіп келгені, бұрын ол жерді Борқы деген рудың қоныстанғаны, ол елді ауру жалмағаны белгілі болды. Бұл әңгімелерді Дәуіт қожаның ұрпақтарымен кездесіп әңгімелескенде естідік. Міне, жалған жазылған шежіре әңгімелер.

Енді Қосым қожа бабамыздың ел ішіндегі әңгімелеріне келетін болсақ, Қосым қожаның ұрпақтарын, Орынбет ишанды, қатты құрметтейді.

Бірде Тоғыс ағайындар Арал ауданы, «Қаратерең» елді мекенінде «Қаратөбе» деген жерде бабалары Өмірқұл баласы Тоғыс атамызға күмбез мұнара қойып, ас берді. Сол жерде Тоғыс атамызға 2004 жылы ас берілді. Тоғыс атамыздан өсіп-өнген республиканың түкпір-түкпірінен баба ұрпақтары жиналып, баба рухына құран бағыштады. Тоғыс атамыздан тараған көптеген шежірешіл, әңгімешіл, өткен тарих қойнауынан, бабалар өмірінен көп нәрсе білетін ақсақалдар жиылып, бәрі де мен жас болсам да, ағайындар пірдің ұрпағы, Қосым қожа бабамыздың ұрпағы, әулиенің ізі, құрмет жасайық деп орталарына алып, қошеметтеп жатты. Біданның Ысқағы, Ұйқастың Толыбайы, Тағыберген Өмірзақ, Қожанияз Мергенбай, Аманбай Аманкелді, Жақып Ақберген, Омар Сералы көке-ағаларымыз Қосым қожа бабамыз туралы шежіре, әңгіме тиегін ағытты.

Шежіре, тарихи әңгіме желісі бойынша Асанның Матығұлының алты баласының бірі–Өмірқұл. Өмірқұл атамыз жаугершілік уақытта қаза тауып, баласы Тоғыс атамыз жастай жетім қалады. Әңгіме желісі бойынша Тоғыс атамыздың ұрпақтарының құйма құлақ ақсақалдарының айтуы бойынша Тоғыс атамызға қой бақтырып қояды. 9 жасар Тоғыс бабамыз қой бағудан шаршап ашығып, өз тағдырына налып, ағайындардың қол ұшын бермегеніне қатты налып, бір нұраның етегіне қойды тастап ұйқтап кетеді. Түсінде қолында аса таяғы бар, ақ киімді ақсақал еніп, аян береді. «Балам, көп қиналдың-ау, қапаланба. Әлі-ақ жетіліп, жақсы болып кетесің. Қиналсаң, өзіме келерсің. Есімім – Қосым қожа. Сені «Адам ата» деген жерде, тұт ағашының түбінде қарсы аламын» деп ғайып болады. Оянса, түсі екен.

Атамыз Тоғыс «Иә, Алла, өзің жарылқа» деп бетін сипап, жаяу тартып отырады. Апталап жүріп, сұрай-сұрай бір ағаштың түбіне құлай кетеді. Бір уақытта оянса, қолында аса таяғы бар, ақ киімді алдында тұр. «Балам, қорықпа, Қосым баба мен боламын. Менің Әбжел деген баламмен тең боласың. Менің ахіреттік өкіл балам боласың» деп, Тоғыс атамызды басынан сипап, мешітіне алып кетеді.

Міне, Тоғыс атамыз он жылдай Қосым қожа бабамыздың тәрбиесінде болып, бір баласы болып кетеді. Қосым қожа бабамыз Адай руының бір қызын Тоғыс бабамызға некелеп қосады.

Бір күні Тоғыс бабамыз өкіл әкесі – Қосым қожадан елге қайтуға рұхсат сұрайды. Қосым қожа атамыз батасын беріп, Тоғыс атамыздың басына масаты тақия, үстіне көйлек және жеке отау киіз үйін беріп, алдына малын салып, еліне шығарып салады.

Тоғыс бабамыз өз жұртына қауышып, әрі қарай өз еңбегімен қоңырқай күй кешіп, тіршілігін жасапты.

Тоғыс бабамыз өте саясаткер, мерген, ержүрек, адал, қолы ашық, жомарт, мәрт болған.

Айлар, жылдар өтіп, Тоғыс бабамыз қырық жасқа келеді. Бірде қансонарда Тоғыс бабамыз алтайы түлкіні қолға түсіреді. Терісін төріне іліп қояды. Бір күндері бір келіні келіп төрде ілулі тұрған алтайы түлкінің терісіне көзі түсіп: «Қайнаға, мына құлпырған түлкінің терісін маған беріңізші, балдарға тымақ жасатайын» дейді. Тоғыс бабамыз: «Айналайын, келін, бұл теріні ниет етіп алып қойып едім, келесісін өзіңе берейін» депті. Сонда жаңағы келіні: «Қайнаға, қай балаңа ниет етіп отырсың. Сізде бала бар ма еді?» деп Тоғыс атамыздың баласы жоқтығын бетіне басыпты.

Тоғыс атамыз сол кезде ұрпағы жоқтығына налып, теріс қарап көп күндер орнынан тұрмай жатып қалады.

Тоғыс бабамыздың елтісі: «Отағасы, батырым, көтер басты, қамықпа. Жас кезіңде жастай жетім қалып, жапа шеккеніңде, Қосым қожа бабаң дем берген жоқ па еді?» дейді. Төрт түлік малдан құдай жолына мал атап, жылқыдан айғыр, сиырдан өгіз, қойдан қошқар, ешкіден серке атап, я Аллам деп, Қосым қожа бабамызға жол тартып кетеді.

Апталап жүріп, Қосым қожа бабамыз кешкі мал келер уақытта Тоғыс бабамыз екеуі кездеседі. «Иә, бабам, пірім, Қосым ата, балаң алдыңа тағы келді. Бізде ұл жоқ, қыз жоқ, балаңа ұл бер, қыз бер. Иә пірім, Қосым баба» деп құшақтай алады.

Сонда Қосым қожа бабамыз: «Тоғыс балам, ұл мен қызды Құдай береді, біз тек ортадағы себепшіміз ғой. Балам Әбжелдің үйіне бара бер, өзім хабар берермін» дейді.

Арада бір айдай уақыт өтеді. Сол кезде Әбжел бабамыз «Қосым әке, Тоғыстың үйде жатқанына бірталай уақыт болды» депті. «Оған бір бағыт айтпайсыз ба?» депті.

Сонда Қосым ата Тоғыстың атынан Алладан тілек тілеп жатып ұйқтап кеткен екен. «Алла Тоғыс баламның көгеніне он қошқар байлап жатыр екен. Алла Тоғыс балам он балалы болады екен. Шақыр, Тоғыс баламды» депті.

Тоғыс бабамызда: «Иә пірім, иә бабам Қосым!» деп екі қолын жайып келеді. Сонда Қосым атамыз: «Балам, арқаңды түр, жауырыныңды бер» дейді. Қосым бабамыз Тоғыс атамыздың жаурынына аса таяғымен «Аллаһ саған он ұл берді. Мә, саған Ақпан, мә, саған Тоқпан, мә, саған Әлімқұл, мә, саған Әкімқұл, мә, саған Үдер, мә, саған Көбен, мә, саған Байзілдә, мә, саған Жарылқап!» деп тоғыз баланың атын өзі қойып, «Мә, саған Дәндібай» дегенде аса таяқ қисық тиіпті. «Мына балаңның өмірі қортық, қысқа болады. Балам еліңе бар, Құдай қаласа, тоғыз ұлды боларсың. Атың мен даңқың көпке кетіп, өсіп-өнесің» деп батасын беріп шығарып салыпты.

Содан Тоғыс бабамыз елге келген соң дұға дарып, тоғыз ұлды болып, Тоғыстың тоғыз ұлы жаужүрек, апайтөс, досқа адал, дұшпанға қатал, үлкен бір тайпа ел болып, Тоғыстан шыққан талай ерлер небір жаудың, ниеті бұзық жандардың бетін қайырған, пірдің берекелі батасы дарыған, өсіп-өніп, өркенін жайған іргелі елге айналған екен.

Кешегі уақытта біздің аталарымыздың Орынбет ишаннан бері бес ата осы Тоғыс аталарымыздың қыздарын алуы, Тоғыстың арқасына бабамыз Қосым қожа әулиенің батасы арқылы Тоғыс атамыздың ұлдарына да, қыздарына да береке қонған деп Қожа Орынбет ұрпақтары қыз беріп-қыз алысып, нағашы-жиенді болып, араласып кеткен. Орынбет ишаннан тараған қожа әулеттерін Тоғыс ағайындардың «өзіміздің қожамыз» деуі де сондықтан.

Кешегі кеңестік жүйе кезінде қожа, молданы қудалап, дінді, дәстүрді қаралап жатқан уақытта Тоғыс атамыздың балалары да қатты қиналып, марқұм болған бауырларының да жаназасын шығару қиын болған кездері Бегімбай Қосаевтың мына бір айтқан сөзі: «Біздің намазымызды Тоғыстардың Қосым қожа шығарып кеткен. Қосым қожаның ұрпағын әкеліңдер де, «биссмилла» деп қолын үш рет тигізіп жерлей беріңдер» деуінде де үлкен мән бар екен.

Қосым қожа бабамыз діндар болумен қатар емші, алдағыны болжағыш, тақуа, әулие болумен қатар таза софылық күй кешкен жан болған. Оның ілім-білім иесі дұғасының қабыл екендігі дәрияның арғы бетіндегі өздеріне тігілген жасауы ас-суымен үйді, Сырдәрияның бергі бетіне көшіруі ол кісінің нағыз дұғасының қабыл, таза, саф кереметті әулие екенін көрсетеді.

Дәулет бақсы екеуінің бір-бірімен ойнап, күш салыстыруы ерекше әңгіме. Екеуі жолаушылап келе жатып күш сынастырып, Дәулет келе жатып жоқ болып кетеді. Жан-жағына ұзақ уақыт қараған атамыз бір уақытта кесіртке болып жатқан құрдасын «Тұр әй, Бұрханым» деп тауып алыпты. Ендігі кезекте Қосым бабамыз жоқ болып кетеді, ұзақ іздеген Дәулет бақсы «Әй, қожа, таба алмадым, шық енді» дегенде, бабамыз бүркіт болып айналып жоғарыда ұшып жүреді. «Әй, қожа, сені жерден іздеп жүрсем, сен төбемде, көкте ұшып жүр екенсің ғой, нәсілің қожа ғой» дейді. Дәулет бақсы құрдасы Қосым қожаның кереметінің басым екендігін мойындаған екен.

Қосым қожаның әулиелік керемет қасиеттері туралы әңгімелер өте көп. Оны алдағы уақытта жариялап тұрамыз. Қосым қожадан алты бала, соның бірі–Әбжел. Әбжелдің балаларынан он тоғыз ишан шыққан, текті адамдар.

Ғабдулла ІЗЗАТУЛЛА.

«Орынбет ишан» мешітінің имамы.

Ү.Түктібаев аулы.

Baq.kz

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

  1. Ассалаумағалайкум, Алланың нұры жаусын, мың да бір рахмет Алла ға және сиздер ге, тагы толық тырып жазып шығарып отырсаңыз дар, нұр үстіне нұр болар еді, және де Мүсірәлі Софы Әзиз бабамыздың китабын қайдан алуға болады екен.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған