Жарық нұрдың сәулесі

Қалдыбайдан қалған сөз

Халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Қалдыбай даланың әйгілі шонжарлары Алшынбай, Баймұрын, Құнанбай, Мұса, Тәттімбет заманында ғұмыр кешкен екен. Есімі Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жазбаларында, ауызекі әдебиет жайлы ой-пікірлерінде ұшырасып қалатын Қалдыбай жайлы бүгінгі зерттеушілердің білетіні мардымсыз. Қатардағы көп оқырман, тіпті, ештеңе сезбейді десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда әйгілі жазушы, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашырларының бірі, жоғарыда есімі аталған Сәбеңнің: «ХІХ ғасыр ақындарының көпшілігі тарихқа мәлім. Мәселен, Орынбай, Шортанбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Қалдыбай, Тезекбай және тағы басқалар. Күні бұрын ескерте кететін өкінішті бір кемшілік – әдебиеттану ғылымы едәуір марқайып қалса да осы аты аталған ақындардың көпшілігінің шығармалары мен өмірбаяндарын әлі толық айқындап, анықтай алмауында. Біз әзірге ол ақындардың көпшілігінің туған жері мен өз атын ғана білеміз, нақты қай жылы туғанын, қашан өлгенін, ақындық өмірінде неше рет айтысқанын, қандай жырлар қалдырғанын аз білеміз», – деген пікірі әділ сөз, айқын тұжырым демеске шарамыз жоқ.

Қалдыбай ақын, ұлы Мұхаңның сөзімен айтқанда, бүкіл Қарқаралы дуа­нын жатқызып-тұрғызған әйгілі Алшынбай бидің құрдасы, үзеңгілес серігі болған екен. Сондықтан, ол шамамен XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен деп шамалаймыз. «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында (Алматы, «Атамұра», 2006.) Алшынбай Тіленшіұлы 1784 жылы туған деп көрсетілген. Қалдыбай осы кісінің тұстасы болғандықтан, оқырмандар назарына жоғарыдағы межені ұсынып отырмыз.

Өз дәуірінің перзенті болғандықтан, Қалдыбай қожа шығармашылығының біздің қолымызға жеткен жұрнағынан ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында өткен оқиғалардың, ел ағаларының қарым-қатынасы мен қақтығыстардың сарынын аңғарамыз. Соның ішінде осыдан бір жарым-екі ғасыр бұрынғы далалық демократияның кемелдігі таң қалдырады. Арқалы ақын қолында билігі, қапталында сойыл соғар жұрты бар мықтылардың өзін өлеңімен қағытып, шымбайға бататын шумақтарын айтып тастап отырады екен. Сол заманда ел тізгінін ұстағандардың қазіргі кейбір есерлерден бір айырмашылығы – аталы сөзге тоқтап, орынды сынды қабылдайтындай естілік танытыпты.

Енді Қалдыбай қожа айтты деген, ел аузынан жиналған кейбір әңгімелер мен өлең шумақтарын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

***

Алшынбайдың ел билігін берік ұстаған, тіпті, кексе тартқан шағы болса керек, Сүйіндік-Қаржас елінің бір қадірлі ақсақалы, заманында болып-толған мырзасы қайтыс болып, болжалды мерзім өткеннен кейін соңында қалған ұрпақтары Көкшетау мен Шыңғыс, Қарқаралы мен Қара Ертіс бойын қоныстанған қалың елді жинаған ұлан-асыр ас өткізеді. Дүбірлі думанға сойысын айдап, сабасын теңдеп, балуанын шынжырлап, күлігін тізгіндеп Алшекең де барыпты. Жанында айнымас серігі Қалдыбай қожа да бар екен. Ас сән-салтанатымен өтіп болған соң, аруақтың соңында қалған ет жақындары әр тараптан жиналған ата баласына, ел сөзін ұстаған жақсы-жайсаңдарға сыбаға үлестіреді. Асты басқарған Шорманның Мұсасы Алшекеңді сынағысы келе ме, әлде аға сұлтандық лауазымға Тобықтының Құнанбайы өтіп кетіп, өзі сайланбағандықтан көңілде қалған қыжылы бар ма, «әкеміздің тақымы тиген жорға еді» деп, биге бір кәрі ат мінгізеді. Жиын үстінде көрсетілген сый-құрмет те олқы соғып, ширығып отырған Алшынбай үзеңгі серігі Қалдыбайға қарап:

– Әй, сарт, мыналарға бірдеңе айтсайшы-депті-мыс. Сонда Қалдыбай ақын табан аузында:

– Бошаннан Қара-Шорды ірі көрдің,

Қатып қалған көн тулақ, сірі бердің.

Абыройың кетер еді бұдан жаман,

Кеудесінде жаны бар – тірі бердің-деген екен. Дүйім жұрттың алдында сілейтіп салған ақынға жасар қайраны болмаған ас иелері кешірім сұрап, ат-шапан айып төлепті.

***

Тобықтының атақты биі Өскенбайдың Орта жүздің баласын жинаған дүбірлі думан болғаны белгілі. Баласы Құнанбайдың атын шығарып, кейін аға сұлтандық орынға таласуына серпін берген тегіршектің бірі осы десек, шындыққа шет болмаспыз.

Өскенбай дүние салғанда қым-қуыт тіршіліктің әлдебір себептерімен Алшекең Құнанбайға барып көңіл айта алмапты. Содан жылдың жүзі айналып, жер аяғы кеңіген соң би жанына Қалдыбай ақынды ертіп, құдасының еліне барады, марқұмға бата жасап, орнына құран оқымақ болады.

Жайлауға көшіп, ел арасы шалғайланып кеткенде атқа қонған би жолда бірнеше күн ерулеп, Құнанбай ауылына кештетіп жетеді. Меймандар ата жөнімен көңіл айтып, амандық-саулық сұрасып, жайғасып отырады. Қонақасы дайын болғанша Құнекең Қалдыбайға: «Әй, сарт, өлең айт» деп, қажай беріпті. Оған мызғымаған ақынға:

– Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,

Мылтықтың алты қырлы оғы зырлар.

Күн көрген мұсылманға өлім тілеп,

Дүняда қожа менен молда сұм бар, – деп ашық тиісіпті. Сонда Қалдекең:

– Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,

Мылтықтың алты қырлы оғы зырлар.

Арыстандай әкеңді аш қалдырып,

Не бетіңмен сөйлейсің, соқыр мұндар? – деген екен. Өз төрінің алдында етбетінен түскен Құнекең: «Менің естиін дегенім осы еді ғой» деп, ауылдағы ақсақал-қарасақал жақындарының бетіне қарапты.

***

Бір жылы Алшынбай бидің санына «сом» деген жара шығып, қатты бейнет шегеді. Атқа міне алмай, қимыл-қозғалысы қиындап, үйде жатып қалады. Осы тұста алыс сапарға жолаушылап кеткен Қалдыбай ақын дер кезінде құрдасының көңілін сұрап келе алмапты. Бетіне шіркеу түскен Қалдекең арада біраз уақыт өткен соң ғана бидің ауылына ат басын тірейді. Жолшыбай кездескен адамдардан Алшекеңнің денсаулық жайын сұрап, жарасы  жарылып, аурудан айығып келе жатқанын біледі. Сонда да болса бидің ордасына қарай баспалап келіп, елеусіздеу ғана аттан түсіп жатады. Әйткенмен, от ауызды, орақ тілді ақынның жүрген-тұрғаны көпшіліктің назарынан тыс қалсын ба, сырттағы бала-шаға, келін-кепшік: «Қалдекең келді, атын кермеге байлап жатыр», – деп үйге хабар береді. Би бәйбішесіне:

– Ана қызылкөз келді. Тез төсек сала ғой. Соңғы күндері тәуір сияқты еді, кешеден бері науқасы қайта дендеп кетті деп айтарсың, – дейді. Қалдекең атын байлап, дәретін шалып, «Ассалаумағалайкум» деп сәлем беріп кіріп келеді.  Үй ішінде күйбеңдеген бәйбіше қонаққа қабақ бермей, бидің айтқанын қайталап, шаруасымен бола береді. Сәлем алмай, қырыстанып, ыңқылдап жатқан досының «мүшкіл» халін көріп, шынымен шошып қалған ақын баяулап жақындап, үнсіз қалады. Өзін іштей мүжіп, жабырқап отырған ақынның жағдайын көрген Алшекең көзін сығырайта ашып:

– Қаңғыбасым-ай, келдің бе? Аузының желі, қолының емі бар текті атаның ұлы едің, науқасымның беті қалай? Көрші, – деп қолын ұсынып, тамырын ұстатады.

Өзінің келгенін бағанадан бері біліп, әдейі қиястанып жатқан құрдасының қылығын жазбай таныған Қалдыбай ақын Алшынбайға қарап:

– Сом алтын түйіп өстің етегіңе,

Талай жанды жүргіздің жетегіңе.

Жеген параң басыңнан асып кетіп,

Қара сүйел шығыпты көтеніңе, – депті табан астында.

Досының ұтқыр сөз, ұтымды қалжыңына дән риза болып, риясыз пейілмен құшақ жайған Алшекең төсегінен тұрып, қысырдың тайын сойғызып, Қалдыекеңді бір апта қонақ етіпті.

***

Қу болысына қарасты жұртты жатқызып-тұрғызған Баймұрынның ұлы, әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің тізгінін ұстаған Хасеннің әкесі Ақай да заманында ел билігіне араласып, топқа кірген жан болыпты. Осы Ақай болыс боп тұрған шағында ел ішінің дау-шарын шешемін деп саны аз, момын ата Жәнібектің ішіне  барып, табан аудармай екі ай жатады. Сойыс пен саба шығыны көп сияздың ауыртпалығы Жәнібекке оңай соқпаса керек. Оның үстіне нөкері нөпір, қонағы көп болыс қолында билік барын танытпақ болып, әділдіктің ала жібінен аттап, көп дау-дамайға теріс кесім жасайды. Кінәсі мен күнәсі дәлелдене тұрса да барымташы, ұры ұстайтын біраз байларды жазадан босатып жібереді. Мол ақша, мал бергендерге бүйрегі бұра береді.

Әңгіме болып отырған сиязға әлдебір себептермен Қалдыбай ақын да барып қалады. Кезекті бір мәжілістен кейін семіз түстік жеп, сары қымызбен шөл басып отырған бай-бағлан, атқамінерлердің арасында Ақай болыс өз-өзінен күпініп, дау-дамайды дұрыс шешкенін айтып, мақтанады. Осыны естіген, бұған дейін-ақ Ақайдың басбұзарлығын біліп жүрген Қалдыбай ақын:

– Тілейміз бір Алладан біз де несіп,

Қаламыз өлгеннен соң қоңыз жесіп.

Құлағын Қалдыбайдың жан кескен жоқ,

Ала ма Ақай болыс тілді кесіп?

Кім қатты? Бұл дүниеде Ақай қатты!

Сиязбен Жәнібекте екі ай жатты.

Қойны-қонышын параға толтырып ап,

Бір құдайдан басқаның бәрін сатты, – деген екен. Бұл сөзге қатты шамданған болысекең Қалдыбай қожаның астындағы атын тартып алып, өзін сабап, жиыннан қуып жібереді. Әйткенмен, өлең сөздің уыты күшті емес пе, ақынның айтқаны бүкіл Ба­уыр – Бошан еліне жайылып, Ақайдың абыройын айрандай төккен көрінеді.

***

Жанында бір топ жолдас-жорасы бар Қалдыбай Ерейментау өңірінде жолаушылап жүріп, атақты Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің ауылында қонақ болыпты. Ақынның есіміне қанық және ол Алшынбайдай азулы бимен дос-жар, сыйлас адам екенін білетін Саққұлақ асты-үстіне түсіп, жақсылап күтеді. Құлын сойып, сары қымыз сапырып, ерекше күтімге алады.

Бидің сый-құрметіне бейіл берген қонақтар бірер күн сол ауылға еру жасап, әбден тынығады. Барған ауылынан, берген қонақасынан, ең болмаса келін-кепшіктің жүріс-тұрысынан бір мін тауып, шымбайға бататын шымшыма шумақтарымен соңында сөз қалдыратын Қалдекең тілі қанша қышыса да тиісерге сылтау таба алмайды. Қонақтарына қылау түсірмей күткен Саққұлақтың ауылы меймандостықтың шегінен шығады. Ақыры мысы құрып, қайтуға жиналған шақта ақын жанындағы серіктерінің ішіндегі жас жігітті шақырып алып:

– Қалдыбай атым бола тұра бұл ауылға бірер ауыз сөз тастамай кетуге болмас. Саққұлақтың сый-құрметінен өз басым қылдай мін таба алмадым. Дегенмен, бір іс жасауымыз керек. Сен ешкімге сездірмей, бидің анау тұрған ақбоз атының күміс тиекті шідерін шешіп алып, бір қараша үйдің үзігіне тастай сал. Одан кейінгісін өзім ептестіремін, – деп тапсырма береді.

Ақынның бұйрығы бұлжытпай орындалып, жолға шығар алдында сусындап алған меймандар жүруге жиналады. Сол кезде ауылдың шат-шәлекейі шығады. Бидің аты шідерсіз жүргенін көрген баласы байбалам салып, «шідерді сендер ұрладыңдар» деп қонақтарға соқтығады. Ештеңе білмейтін өзге жолаушылар өздерінің ақтығын алдыға тартып, ант-су ішеді. Қалдыбай ғана ішінен тынып, сабырлы қалпында отыра береді. Баланың тоқтайтын түрі көрінбегеннен кейін:

– Қарағым, көңіліңдегі күдік сейілсін, қойны-қонышымызды, қанжығадағы қоржын-қапшығымызды түгел адақтап шық, – деп кеңшілік береді. Бидің баласы, топ басшысы Қалдекеңнен бастап, барлық қонақтың тұла бойын, ер-тұрманын тексеріп шығады. Шідер табылмайды. Осыдан кейін ғана меймандар ауыл егесінен рұқсат сұрап, аттанып кетеді.

Жолаушылар қозыкөш жерге ұзағаннан кейін соңдарынан қуғыншы келе жатқанын көреді де, ат тізгінін тартып, күтіп алады. Қараса, жанында екі жігіті бар, Саққұлақ бидің ұлы екен. Қалдыбай ақын:

– Қарағым, жай жүрсің бе? – деп сұрайды.

– Шідерді алған сендерсіңдер. Оны ұрлайтындай басқа адамның жөні жоқ. Қане, тауып беріңдер! – деп тепсінеді. Осы жерге келгенде Қалдекең:

– Балам, сен мына сөзді ұғып ал да әкең Саққұлақ биге жеткіз. Сөз содан кейін жалғасар.

Саққұлақ би, жақсы екен жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген.

Шешеңнен бір кінарат болған шығар,

Ит нәжісі қылшықсыз болмас деген, – деп, баланы ауылына қайтарып, өзі биді күтіп қалады. Бала дереу ауылына ша­уып барады да, әкесіне Қалдыбай ақынның сәлемін жеткізеді. Сөздің мәнін бірден ұққан, тоқалының жақын қайындарының бірімен өсегі бар деген әңгіме ақынның да құлағына жеткенін білген Саққұлақ би дереу атқа қонып,  Қалдыбайдың қасына жеткен бетінде бірден шылбырына оралып:

– Оу, Қалдекем-ау, мені тірідей өлтірдің ғой. Әлгі жүгірмек шідері бар болғырды қайдан ғана іздей қалып еді. Енді жаңағы сөзді жан баласына тісіңнен шығарма. Қазір ауылға жүр, тағы бір сыбағаңды жеп кет. Ат-шапан айыбым дайын тұр, – деп ақынды қайтадан ауылына апарады. Сол арада қараша үйдің үзігінде жатқан шідер де табылады. Қалдыбайларды бірнеше күн қонақ қылып, риза етіп аттандырады. Әйткенмен, Саққұлақ қанша қол қусырып, қошемет көрсетсе де, ақынның отыз тісінен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, жайылып кетеді.

***

Қалдекең жолаушылап жүріп, бір ауылға қоналқаға тоқтайды. Ат басын тірегені анау айтқандай бай болмаса да, күйлі үй көрініпті. «Танымасын – сыйламас» – жалғыз-жарым жолаушы айыр көмей ақын екенін аңдамаған отағасы мал соймайды, бәйбіше қазан көтермейді. Бала-шағаға әзірлеген жүгері ботқаға қонағын да ортақтастырады. Сонда Қалдекең:

– Бидай емес, тары емес, жүгері едің,

Обалыңнан қорықпасам, төгер едім.

Қой майына қосылып жаның қалды,

Әйтпесе, дәл әкеңнің аузын дер едім, –

деп салыпты. Мейманы тегін жолаушы емесін сонда ғана білген үй иесі кешірім сұрап, дұрыс қонақасы берген екен.

***

Қаздауысты Қазыбектің серігі, ақыреттік досы Бегімысық әулие Ұлы би қайтыс болғанда мәйіт жатқан табытты қамшысымен үш рет тартып жібергені белгілі. «Марқұмда өшіңіз бар ма еді, неге бұлай жасадыңыз?» деп, қамшысын ұстай алған Бекболат биге Бегім шайқы:

– Балам-ай, бекер жасадың-ау, табытты жеті рет тартсам, марқұмның қасиеті жеті ұрпағына кетер еді. Енді үш-ақ ұрпағымен шектелетін болды, – деп күңіренген екен. Бегім әулиенің сол айтқаны айнымай келіп, Қаздауысты Қазыбектің үш ұрпағы: Бекболат – Тіленші – Алшынбай ғана елге тұтқа болып, одан бергілер өзді өзі қырылысып, шөре-шөреге айналып кеткені белгілі. Соның ішінде, әсіресе, Алшекеңнің тоқалынан туған бес ұл көп дау-шарға себеп болған екен. Бірде, би мен ақын әңгімелесіп отырғанда сол ұлдарының бірі кіріп келіп, үлкен адамға тізе бүгіп сәлем берудің орнына тұрған бойында қолын ұсыныпты. Сонда баланың қолын ұстап тұрып Қалдыекең:

– Туыпты Алшынбайдан өңшең  бақсы,

Алшеке, өзің өлсең, артың тапшы.

Қожаға түрегеп тұрып сәлем берген,

Бұлардан үріп жүрген сақ ит жақсы, – деп салған екен. Тоқалдан туған бес ұлдың кемдігін өзі де білетін Алшекең жер шұқып қалыпты.

***

Жол соғып, шаршап келген Алшекең бір сапардан соң, қара басып, ұйықтап қалып, таң намазын қаза жіберіп алыпты. Соған қапаланып, «жарайды, борышымды бесінде өтермін» деп отырғанда Қалдекең кіріп келіпті. Қуыстанған Алшекең жүк үстінде тұрған, жаңадан тіккен бөркін біресе қолына алып, біресе басына киіп: «Бөркім қалай, бөркім қалай?» деп сасқалақтап қалғанын көрген әрекетінен таң намазын қаза қылғанын сезген ақын:

– Құтты болсын бөркіңіз,

Жаңа кірді көркіңіз.

Таң намазын түсте оқып,

Шоқынсаң да еркіңіз, – деп құрдасын қатты қағытқан екен.

***

Қалдыекең қысы-жазы бірге отыратын қоңсысына: «Жер тозып кетті, ірге көтеріп, жаңа орынға қонайық» деп ұсыныс айтса, ол мына күні жолаушы шығуға болмайды, мына күні көшуге қол емес, арба сынады, жүк ауа­ды, кемпір өледі, ең дұрысы алдағы дүйсенбі, дүйсенбі пайғамбарымыздың туған, қайтыс болған күндері дегендей сылтау айтып, көшті кейінге сырғытып, еріншектікке салына беріпті. Соған кейіген Қалдекең:

– Уығыңның бірі ұзын, бірі қысқа,

Бұрынғыдан қалған бір бұ да нұсқа.

Дүйсенбіден басқаны сәт көрмейсің,

Дүйсенбіге шоқынған кәрі шошқа, – деп, жөніне кете барыпты.

***

Есімі киіз туырлықты қазақ жұртына белгілі Алшынбай биді ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қаржас елі бір үлкен жиынға шақырады. Ондай жерге ел сөзін ұстаған адамдар жалғыз-жарым бармайтыны белгілі. Бидің топты нөкерлерінің ортасында Қалдыбай ақын да болады. Жол үстінде уақыт өткізудің ең ұтымды тәсілі – әңгіме. Сол әңгіме толас тапқан бір сәтте Алшекең Қалдыбайға қарап: «Әй, сөз сауған сарт, бірдеңе десейші, жол қысқарсын», – депті. Сонда Қалдекең:

– Қаржас асқа шақырды ел таңдатып,

Барамыз сол дүрмекке жер шаңдатып.

Елден ерек жаралған Сарықасқам-ай,

Құдай қоя бермес сені де алшаңдатып, – деген екен. Ақын жүрегі бірдеңе сезді ме, әлде дуалы ауыздың айтқаны келді ме, кім білсін, Алшекең сол астан ауырып қайтады да, көп кешікпей дүние салады. Ол кісіге жер бесіктің бұйырған тұсы өзінің қанжайлауы – қазіргі Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер ауылдық округі аумағындағы Алшынбай қорымы деген мекен. Құрдасынан кейін Қалдыбай ақын да көп жасамапты. Сол жылы, ел қыстауға қона ажал жастығына бас қояды. Ескі сөзге зер салып жүрген естілердің айтуына қарағанда, ақынның қабірі Балқантаудың бауырындағы Өсібай ауылының жанында көрінеді. Бірақ, әзірше тап басып ешкім көрсете алмай жүр.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ, ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button