Қосдаулеттің рухани дәулеті

Қосдәулет Байғожин

ХIХ ғасырдың аяқ шенінде қазақ ішінде ең бірінші болып медресе салып, оқу шығынын көтерген, бала оқытқан молдалардың еңбек ақысын төлеп, жатын орын, киім-кешекпен қамтамасыз еткен Қосдәулет Байғожин еді. Ол сол кездегі ұлт ісіне қызу араласып, саудадан тапқан пайдасын оқу-ағарту саласына жұмсады.

Қосдаулет салған медреседен жадит оқуын оқып шыққан атақты жазушылар Е.Смаилов, Ж.Қопабаев, М.Қантарбаевтар, жүздеген окытушылар Шәріп, Оспан, Кәріп, Мұсабек, Сыздық, Ыбыжан,  Әубәкір және тағы басқалар.

Бурабайдан қашықтығы 15-16 шақырым «Жаңа су» қопаны Қодастан тараған он бес қырғыз үй мекендеген.  Қопаны ықтап киіз үй тіккендердің бірі – Байқожа Баубекін еді. Байқожадан тараған төрт ұлдың үлкені – Қосдәулет. Баубекіннің ортаншы баласы Жанқожаның маңдайына мал бітіп, үйір-үйір жылқы ұстады. Алайда ер баласы жоқ еді. Егер жұт болса, мал қырылып, ешнәрсе қалмайды деп күдіктеніп, Орынбор базарында айғырымен қоса ту биелерін сатқызып, қолында қаржылай сақтайды. Сауыны жоқ ағайындарына бие ұстатып, «үйренгені маған, ішкені өздеріне жақсы» дейді екен.

Ақмола мен Қызылжардың арасы 500 шақырым, темір жол тартылмаған, керуендердің мал айдап, жүк артатын уағы. Жанқожа өз күшімен Ақмола мен Қызылжар ортасында екі жерден құдық қаздырады. Бірі Кешубай Шалқарынан (өйткені Кешубайдың суы адам ішпейтін ащы еді), бірі Қызылжар мен Кешубай аралығында (қазір оны Құдық қаласы дейді) одан кейінгісі Қызылжардың өз ішінен қазған құдық еді. Осы маңайдан Зәкер деген ноғайды кіргізіп, қора-қопсысымен арнайы бір үй салдырады. Бұл үйге елден келгендер жиі ат басын бұратын. Өйткені Қызылжар қаласынан 250 шақырымнан басқа маңайда дүкен не базар жоқ еді. Мұндағы ағайын жылына бір рет соғым сойып, терісін қалаға апарып сатып, ұн, шай әкелетін.

Ноғайлар Қызылжар қаласынан айна, тарақ әкеліп, ел ішінде қыдырып сата бастайды. Мұны көрген Жанқожа өзінің туыстары мен көрші  ауылдан  қолынан  іс   келеді деген  епті  жігіттерді жинайды.    «Кәсіп қылыңдар, қарап отырмаңдар. 50 сомнан ақша берем, өсімін сұрамаймын, бірақ ақшамның өзін қайтарсаңдар болды. Пайғамбарымыз да саудамен айналысқан. Бұл – адал кәсіп. Өтірік айтпаңдар. Ұрлық араластырмаңдар», – дейді Жанқожа. Сонда саудамен айналысу үшін бастапқы ақша алған жігіттердің қатарында туыстарынан Жолтай Баймұратұлы, Қосдәулет Байқожаұлы, Әбіл Аланұлы, Өтеген Можықұлы, Әмір Баймағамбетұлы, Керей Тоқтарұлы, ал көрші ағайындарынан Есірке Боқаұлы мен Бек Төлебайұлы болды. Бақал сатушылар дайындалды. Кейбірі төрт дөңгелекті, кейбірі екі дөңгелекті арбамен Қызылжар байларының дүкенінен алған елге керекті айна, тарақ, ақ сабын, жіп, әсіресе әйелдерге  оймақ т.б. нәрселерді ауыл аралап сата бастайды. Бақалшылар заттарын жылқының құйрық жалына, түйенің терісіне, қойдың жүніне айырбастап дамылсыз ел аралайды. Үздіксіз жүріске шыдамаған кейбірінің аты болдырап, жарамай қалады. Жанқожа туған ағасының баласы Қосдәулетке көлік жағынан көмектеседі. Қосдәулет те екі-үш атпен тоқтаусыз жұмыс қылады. Басқаларынан әлдеқайда көзге түсердей сауда жасап, ел аузына ілігеді. Қосдәулет Жанқожа байдың өзінен де асады деген аңыз тарайды.

Сауда қылушының бірі Әбіл еді. Қызылжардан келе жатып, жаңбыр астында қалады. Арба жеккен көк биесі ақсап, ауылдан он бес шақырым жерде Зекібай ақынның үйіне келіп түседі. Әбілде қант т.б. аздаған тауарлары бар еді. Ақынның шайы таусылып отырса керек, Әбілге айтқан өлеңі:

 Көк байтал арба жексе қырындайды,

 Әбілжан малшы жағын ырымдайды.

 Қант-шайын ылайығына береді ғой,

 Бірақ өзі ондайға ұрынбайды.

 Мәліштен ырым көрген Әбілжаным,

Қосдәулет жығылса да жығылмайды, – деп мақтағанда Әбіл ақынға бір қағаз шай алып береді. Ақынның бұл өлеңі Қосдәулет саудасының ілгері кеткенін көрсетеді. Қосдәулет Қызылжардың ірі бай-көпестерімен танысып, байланыс жасайды. Несиеге зат, қарызға ақша алып, сенімді адамға айналады.

Қосдәулет он шақты жыл шамасында темір жолдан қашық Қырғызстан, Алматы жаққа кездеме сатып, мал жиып қайтады. Қызылжарлық Самиғолла, Менке, Оразқажы көпестермен қосылып, атқұмар қазаққа жақсысын әкеліп сатады. Кейін маған да әкеліп бер деп тапсырушылар да пайда болды. Ол уақытта бұларды ел ішінде «қыршы» деп атайтын. Он бес-жиырма жыл ішінде үлкен баласы Ысқақты жанына сенімді кісі қосып, отыз-қырық түйемен жіберетін болды. Өзі Атбасар, Қоянды сияқты үлкен жәрмеңкелерден мал жиып, ірі қарасын бір базардан келесі базарға өткізіп жүрді.

Қосдәулет қайтыс болғанда Сәлім былай дейді:

Бақыт, дәулет мал-басқа толған қажы,           

             Ат-сусыны нашарға болған қажы.                  

             Сасқан күнде шапқылап халқы келіп,        

             Ел-жұрт үшін жан пида қылған қажы.

Қосдәулеттің Қызылжар қаласындағы бай-көпестермен байланысы күшті болды. Көп уақытын Қызылжарда өткізіп, ондағы мешіт-медреселерді, шәкірттердің жатын орындарын әдейі аралап көруші еді. Медреседегі түрлі ұлттың балаларын көріп, өзінің және ауылдағы ағайындарының балаларын оқытуды армандайтын. Өзі оқымағанына өкінетін. Мұнымен қоса қалада тұратын татар, өзбек, қазақ байларының үй-тұрмысын қарап, өзінің де жағдайын түзете бастады. Шатырлатып ағаштан үш бөлмелі үй тұрғызды. Бұл үйді кейін үлкен ұлы Ысқақтың еншісіне қалдырды. Қосдәулеттің ендігі арманы медресе салғызып, молда ұстап, балаларды оқыту болды.

                     Орындалған арман

Қосдәулет 1877 жылдары Қызылжарда мешіт-медресе салдырған таныс татарларымен оқу үйін тұрғызудың тәртібі жайында ақылдасады. Олар алдымен патшадан рұқсат алу керектігін айтады. Рұқсат алған күнде де патша үкіметінің мешітті өздері қалаған күні жаптырып, қазынаға түсіре алатын заңының бар екенін де ескертеді. Қосдәулет  «тәуекел» деп іске білек сыбана кіріседі. 500 кісілік мешіт, 100 балаға арналған медресе, 30 орынды жатын үй және молдалар тұратын қос үйдің жоспарын сыздырып, Петербургке патша үкіметіне арызымен қосып жолдайды. Көп ұзамай жоспары бекітіледі. Қуанышы қойнына сыймай, мешіттің ағашын дайындауға кіріседі. Қолындағы патшаның рұқсат қағазымен Бурабайдың шығысынан кедергісіз ағаш алады.

Бұл 1878 жылдар еді. Бір жағынан ағашты кестіріп, бір жағынан тасыттыра бастайды. Бұл аймақ Бурабайдан 10 шақырым, ауылдан 25 шақырым қашық еді. Қызылжардың мешітін салған балташы татар жігітін жалдайды. Жанына төрт ағайынды Тояқұн деген балташыларды қосады. Бұлар Бурабай түбіндегі ауылдарда тұратын, үй-ішімен көшіп келді. Екі татар жігіті мешіттің іргетасын қалады да, Ыбырай, Жүсіп, Жақай, Жақып төртеуі суық түскенше жұмысты тоқтатпады. Күзге дейін мешіттің мұнарасы көтерілді. 1879 жылы терезелерімен бірге іші-сыртын сылауы ғана қалды, пеші салынбады. Жаз шығысымен олар қайта келіп, аяқтауға уәде берді. Бұл іске бүкіл ауыл-аймақ атсалысты. Бұл жайында Қалмырзаның Сүлеймені «менің қолым тимеген ағаш жоқ» деп айтушы еді. 1880 жылдың күзіне дейін мешіт, медресе, жатын үй де барлығы салынып бітті.

Осы жылдың октябрь айында Қосдәулет ат шаптырып той жасады. Бәйгеде Мұсаның торы озды. Той үстінде Сүлейменнің әйелі аман-есен босанып, ұл туды. Атын Мешітбай қойды. Сол баласы Мешітбай Бурабай қаласында 1953 жылы 73 жасында  дүниеден озды.

Мешіттің құрылысы: ұзындығы – 25 метр, көлденеңі – 10 метр. Қарағайдан салынған. Мұнараға дейін – 20 кез, мұнара – 20 кез, тұтастай алғанда – 40 кез. Шатыры тақтайдан көтерілген: қарағайдың сыртын тақтаймен қаптап, арасына кендір өткізген. Мүктің сыртында кендір, қарағайына жаңбыр суы өтпейді, күн көзі түспейді. Бұзған уақытында қарағайы сап-сары болып сол қалпында тұрғанын көрдік, бір бұрышы да үгілмеген. Мұнара ақ, ал айнала жиектері көк бояумен сырланған. Әйнек терезелердің биіктігі – 2 метр, көлденеңі – 1 метр. Жақтаулары ақ түске, айнала жақтаулары мен кәрнезі көк түске боялған. Үйдің ішіне келсек, екі жағына төрт-төрттен сегіз тіреу қойылған. Тіреу ақ түске боялып, көк түспен белдеу салынған. Еденге төселген жайнамазы біркелкі ақ киіз еді. Үстіне сары мата төселген, ортадан жоғары қарай ала шүберек жайылған.

1919 жылы меньшевиктердің әскерлері қашып бара жатып, төселген киіздің жартысын суырып алып кетті. Қалған киізді Қосдәулеттің бәйбішесі Сағила шүберектеріне дейін жинап, өздері пайдаланбай, әуелгіде халық игілігі үшін салынған деп ауылдың маңайындағы алыс-жақын көршілеріне таратып берді. Әйелдер көпке дейін шүберектерін шәлі қылып салып жүрді. Ел қоныстанғанда мешіт орнында қалды. 1933 жылы бұл маңай ауылдан 50 шақырым жердегі Алабота совхозына қосылды. Совхоз мешітті астық сарайына айналдырды. Қазір сол бөлімшеде тұр. Ал, медресе жатын үйімен бірге Социалды колхоз мектебіне айналды. Қазір ол маңай Чкалов ауданының Октябрь селосы деп аталады. Қосдәулеттің алты бөлмелі ағаштан тұрғызған үйі Донской совхозының Жаңалап бөлімшесінде жеті жылдық мектеп болды. Ал, Омар деген баласының үйі бұрынғы Еңбекшілдер ауданының орталығы Казгородок деген жерде кітапханаға айналдырылған.

Мешіттегі  моллахана балаларының оқуы: Әуелгіде ауыл балаларын Мұхамеджан деген татар жігіті оқыта бастады. Молла Қосдәулеттің үйінде тұрды. Ол өзі де осы молладан арапша хат таныды. Балалары да оқыды. Кей күндері Қосдәулет сабақ үстіндегі балалардың ортасында арманының орындалғанына шаттанып отыратын. Бір күні балалардың кітап-қарындашы қолында екенін байқап, тақтаға төрт сырық қақтырып үлкен үстел жасаттырды.

Қосдәулет Мұхамеджан моллаға қанағаттана қоймады.  Тайшада Қосдәулет  Уәли хазіретпен әңгімелесіп, мешіттің имамына лайық әрі бала оқытатын бір шәкіртіңізді беріңіз деп қолқалайды. Уәли хазірет сол жерде-ақ шәкірті Әбдірахман Қашымовты шақыртып, Қосдәулеттің ұсынысын, өзінің ұйғарымын айтады. Әбдірахман да қарсы болмайды.

Әбдірахманның туған жері Көкшетау өңірі еді. Бұрынғы қонысы Бурабайдан 7 шақырым жерде орналасқан. Қосдәулет Әбдірахманды елге көшіріп әкеледі. Әйел-баласы бар Әбдірахман көңілдегідей кезікті. Оқуға ынталы балалар медресеге лық толды әрі елдің бетке ұстар азаматтары да оқи бастады. Ауылдан 100-150 шақырым Кендірлі деген жерден Қаумет, Есбол, Жақып деген адамдар оқыды. Жақып пірадар атанды. Осында тұрақтап Әлқожа, Мұқаш деген екі баласын да оқытты. Ел аузында мынадай өлең бар:

            Әбдірахман пән кітапқа аққан судай,

            Ғылымның дариясына қонған қудай.

            Сайлаған имамдыққа көп халайық

             Көтерген хақ пайғамбар жасыл тудай.

Әбдірахман мұнда жиырма жылдай тұрды.  Жиырма жылдың ішінде хат танып қана қоймай, өздері де бала оқытып, молла болғандардың бірі мына адамдар еді: Бауке, Шәріп, Оспан, Кәріп, Әлімқожа, Қаумен, Жақып, Есбол, Мұсабек, Жүкен, Омар, Әбіл, Сыздық, Рысбек, Бижан, Әубәкір, Кәрібай, Әлмұқан, Кенжебай, Әнапия, Уәйіс, Түкен, Мұстафа, Сәрсен, Жанбатыр. Бұлар бала оқытып қана қоймады, бірнеше жүздеген адамның сауатын ашты.

Қосдәулеттің Ысқақ, Омар, Мұхаммад, Ахметжан деген төрт баласы да оқыды. Әсіресе 1871 жылы туған Ахметжаны өте зерек болды. Ол Әбдірахманнан жеті жыл оқыды, білім іздеп басқа жаққа да барғысы келді. Әйтсе де Қазан қаласына кету ниетін жібермей қоя ма деп қауіптеніп әкесіне айтпады.

Қосдәулет Қызылжардың бай саудагерлерімен хабар алысып тұратын. Сентябрь айының бас кезінде ірі қалалармен байланысып, поезбен мал алып, мал жөнелтетін көпестер Қосдәулетке хабар жібереді. Қосдәулеттің Қызылжарға апаратын үш жүз өгізі бар еді. Сентябрь базарынан қалып қоймайын деген ниетпен дос-жарандарына хат жазып, өгіз айдауға жанына Мүсәпір, Сәдуақас, Рахымжан деген үш кісіні қосып, баласы Ахметжанды жөнелтеді. Баласы Қызылжарға аман-есен жетіп, өгіздерін қымбат бағасына сатып, жанындағы жолдастарын ауылға қайтарып жібереді. Өзі «ақшаны түгел алғаным жоқ» деп сылтауратып, Самиолла, Оразқажының мал жинайтын адамдарымен бірге қайтамын деп қалып қояды. Қызылжар медреселерін түгел аралайды. Мұндағы балалармен сөйлесіп, орысша оқығысы келеді.

Бір күні Қазан медресесінде оқып жүрген шәкірттермен кездеседі. Жаңа оқу жылы да басталып қалған, солармен бірге кетуді ойлайды. «Мен Қазанға жүріп кеттім» деп әкесіне хат жазады. Қосдәулет алғашында ренжіді. Үш жүз өгіздің ақшасынан айырылу оңай ма?! Өзіме айтса да рұқсат етуші едім ғой деп, соңынан қуғыншы жібермек болады. Артынша-ақ ашуы басылып, «оқыса оқысын» деп ойлайды. Басқа балаларынан гөрі осы Ахметжанын ерекше жақсы көруші еді, екі-үш жылдан кейін ақ байталдың майлы етінен жіберіп тұрды, семіз қойдың шыжғырған майын да салды. Ондағы мұндайды көрмеген оқушылар мен мұғалімдер қайран қалып тамашалаушы еді.

Ахметжанның оқуы

Қазан қаласына келген Ахметжан медреселердің ішінен «Ғалияны» таңдады. Арыз жазып, оқуға түседі. Бұл 1886 жыл еді. Бір жылдан кейін-ақ оқушылардың алды болды. Елдегі жолдастарына хат жазып, Қазанға оқуға шақырды. Немерелес жақын Лекердің баласы Қаріп астындағы жалғыз атын сатып, жұрттың қарсылығына қарамастан Қазанға келеді. Ағайындарының қарсы болу себебі, екі жыл бұрын Қаріптің шешесі қайтып еді, артынша-ақ әкесі кетті. Өзі биыл үйленген. Қаріп оқуға кеткенде келіншегін Бимария деген апасының қолында қалдырды. Қалаға келген соң барлық шығынан Ахметжан көтерді. Сөйтіп Қазанда бес жыл оқыды. Ахметжан білім іздеп, әрі қарай жолға шыққанда Қаріп елге келіп, бүкіл өмірін бала оқыту ісіне арнады.

Ахметжан сегіз жыл оқып, «Ғалия» медресесін мақтау қағазымен жақсы бағаға бітірді. Шет мемлекетке Түркияға кетемін деп Петербургтен паспорт алды. Севастополь арқылы Түркияның астанасы Анкараға ат басын бұрып, осында бір жыл медицинаны оқыды. Келер жылы білімін Мысырда (қазіргі Каир шаһарында) жалғастырды. Онда төрт жылдан кейін (1899 жылы) дәрігер мамандығы бойынша оқуын бітіреді. Әрі қарай Сирия мемлекетін, Италияның Рим қаласын, Англия мен Германияны және т.б. елдерді аралады. Сол жақта қажылығын өтеуге ниет еткен мұсылмандармен бірге Арабияға Мекке қаласына келеді. Ресей қажыларымен елге қайтады. Германиядан граммафон, Англиядан көкексағат алып келді. Елдегілер ұрысып, граммафонды «шайтан» деп қоймаған соң, Көкшетауда 200 сомға сатып жіберді. Ал, көкексағаты 1930 жылға дейін Қосдәулеттің үйінде ілулі тұрды.

Қосдәулет баласымен аман-есен қауышқанына қатты қуанды. Тағы да кетіп қала ма деп қауіптеніп, Сұлтанғазы төремен бірге туған Мұсаның Ақжан деген қызына үйлендірді. Бұл 1900 жыл еді. Үш жыл өткенде әйелі қайтып, Қызылжардың бергі жағындағы Камалидің күйеуі өліп, үйіне келіп отырған қызы Хадишаға үйленді. Ахметжан әкесінен енші алып бөлінді. Мал жимады. Жалғыз аты мен сиыры ғана болды. Ел ішіндегі бақсы-балгер, құмалақшыға Ахметжанның жаны қас еді. Сол үшін де дәрігер мамандығын таңдады. Күз болып, тамыз туғанда түрлі шөп жинап, дәрі жасаушы еді. Алдына келген ауруды емдеп жазатын. Қазақша кітап ашпайды, құмалақ салмайды, тамырдан ұстамайды. Аурудың аузын ашқызып, тілін тексеріп, көзіне қарап емдейтін. «Мені қажы демеңдер. Үйден қажылығымды өтеуге ниеттеніп шықпадым. Оқудың арғы жағынан жол түскен соң көргелі барғанмын», – деуші еді Ахметжан. Қосдәулет қайтыс болғанда Сәлім былай деп жазды:

Төртінші баласы еді Ахметжан,

           Өнерін білуші едік мұның асқан.

           Қазанда бар ілімнен дәріс алып,

           Әр түрлі ғылымдыққа судан тасқан.

           Мысыр, Бейрут, Стамбұл түгел көріп,

           Өнері Еуропамен араласқан,

           Қазақта бар мекен мұнан  асқан.

           Әйелі өліп, қыз емес қатын алып,

            Жалғыз-ақ сол бір жерде жаза басқан.

           «Қатын» деген әттең-ай аты жаман,

           Әйтпесе Хадишасы елден асқан.

Оны көрген адамдар «шіркін, Ахметжан, әулие екен ғой» деп отырушы еді. Айтқанының бәрі айнымай келді. Соның алғашқысы Совет Одағы еді. Ел іші «Қызылжарға большевик келді» деп шулады. Сонда Ахметжан: «Кейін жұмысшы партиясы келеді. Халық теңеседі. Біздің үлкен үйдің мал-мүлкін елге бөліп береді. Біздің шешейлер төрт қабат көрпенің үстінде қымыз құйып отырмайды. Кейінгі балалар қымызды ашырқанып ішпейді де. Кезекте тұрып тамақ аламыз. Бәріміз бір жерден тамақтанамыз» деді. Мұны естіген шешейдің зәресі ұшатын. Үлкен үйдегілерге де «бейнетті әлі малдан көресіңдер, таратып жіберіңдер» деп жиі айтатын.

Ел болашағына байланысты бұдан басқа да қызықты әңгімелер айтушы еді. «Балаларың ержетіп қалды. Арба сатып алып, неге ағаш тасытпайсың?» дейтін жұрт. «Оны қайтем? Ертеңгі күні арбаны алушы болмайды» деп күлетін. «Арба мінбей не етеміз?» – деп таңданатын жұрт. «Машинамен жүреміз. Қазақ арбаларының дөңгелегін даладан тауып алған балалар музейге қойып тамашалайтын болады» дейтін онда. Ахметжан әулие емес, Қазан қаласында Ленин мен Маркстің үйірмесіне қатысқан екен ғой. Түркияға, Мысырға, Арабияға кетіп,  қол үзіп қалған. 1906 жылы Қазанға қайта барады, онда үйірменің тараған кезі еді.

Ахметжан болыстыққа таласып, шарға түсті. Би-болыстардың кедейлерге көрсеткен қысастығына шыдамады. Атығай Әубәкірдің Сүлеймен, Шаймерден, Шәкір, Нұрғали деген төрт баласы бар еді. Төртеуі де Құбыр қаласындағы бай орыстардың жалшысы болды. Әкесі Шаймерденге қыз айттырып, қалың малын түгел беремін деп отырғанда Әлібек би қызды басқа біреуге беріп жібереді. Әубәкір жанына Оразалының Оспанын ертіп жесірін даулай барады. Әлібек би «малыңды жеңген жеріңде ал» деп, қайтармастан бұларды тілдеп, қуып жібереді. Бұдан басқа да бірнеше кедейге көрсеткен зорлығына, парақорлығына шыдамаған Ахметжан болыстыққа таласады. Бірақ жолы болмады. Өзі кедей, халыққа үлестіріп беретін малы не ақшасы жоқ.

Ахметжан білімін халық игілігі үшін жұмсады. Қазаннан жәдит оқуын әкеліп, елге таратты. Оқу-ағарту жұмысына басшылық етті. Денсаулық сақтау саласында да орасан зор еңбек сіңірді. Ел аралап жүрген бақсы-балгерге қарсы күресіп, дәрі-дәрмекпен емдеудің үлгісін көрсетті. Ел кедейін сүліктей сорып, зар еңіреткен парақор болыстарды жалғыз атпен жүріп орнынан түсірді. Халық алдында қиянаттарын әшкере қылды. Бұл 1910-11 жылдар еді. Сөзі мен ісі маркстік білімін, революциялық күш-жігерін дәлелдеді.

Қосдәулет медресесінде жәдит оқуының басталуы

Ахметжан 1906 жылдың жазында сегіз жыл оқыған Қазан қаласына келді.  Ғалымжан хазіреттің орыс әліпбиіне байланысты құрастырған жәдит оқуымен танысу еді. Жолдастарынан ешкімді кезіктіре алмады. Сұрастырған біренсаран адамы білмейтінін айтты. Өйткені 1905 жылғы декабрь революциясында большевиктер жеңіліп, патша үкіметінен жасырынған уақыты еді. Полицейлер күшейіп, абақтылардың большевиктерге толып тұрған кезі еді. Бұдан үмітін үзді. Ал, жаңа әліппемен танысып, қатты ұнатты. Ғалымжан хазіретпен сөйлесіп, жәдит оқытатын бір шәкіртін сұрады. Сөйтіп жас татар жігітімен келісті. Төрт ағайынды жігіттің үлкені, әлі үйленбеген Файзрахманды елге алып келді.

Бұл  кез  елдің  екіұдай болып жатқан уақыты еді. Жаңа оқуды жұрт ұзынқұлақтан естіген. «Әліпбидің орнына енді «А», «Б» деп оқиды екен. Балаларымызды шоқындырып алмаспыз ба» деген қауесеттің желдей есіп тұрған кезі болатын.  Ахметжан жаңа оқуды оқытатын Қазаннан молда әкеліпті деген хабар ел ішіне тез тарады. Жұртшылық жұма намазына әдеттегісінен үш-төрт есе көп жиналды. Бәрі де жаңа оқу жайын білуге ынтық. Бір болыстың оязы және Кенжебай молда, Жанбатыр қажы т.б. атақты ел ақсақалдары түгел жиналды. «Науан хазірет не дейді екен» десті жұрт. Сол күнгі жұма намазын Қабдолла молда оқыды. Файзрахман қари Құранды мақаммен оқыды. Дауысын жиналған халық қатты ұнатты. Жаңа оқуды жақтаушылардың бірі Қосдәулет өзі бастап балалары мен немерелері Сәлкей, Сәлім Қазандағы Ғалымжан хазіреттен 1904 жылдан бері оқып жүрген. Олар әбден түсінетін. Ахметжан жұма намазынан соң оқудың оңай екенін айтып, екі әліппені салыстырып сөз сөйледі. Жас шәкірттер Сәлкей мен Сәлім Ахметжанның сөзін қоштап, ірі қалалардың бәрі жаңа әліппеге көшкенін, өздері де оқып жатқанын айтты.

Бұл жолы мешітке жиналған жұрттың көбісі «қадым оқуымен оқытамыз, бізге жаңа әліппенің керегі жоқ» деп Кенжебай молда мен Жанбатыр қажының сөзін қолдап тарасты. Ертеңнен бастап Қосдәулетке қараған ауылдың балалары мен көрші Беркінбай, Жиенбай ауылынан бірен-саран шәкірттер келіп оқи бастады. Бір жылға жетер-жетпес уақытта-ақ жаңа әліппе хат танудың жеңіл әрі жылдам жолы екеніне елдің көзі жетті. Ахметжан келесі жылы оқу басталмас бұрын Жанбатыр мен Кенжебай молдалармен әңгімелесті. Бір жыл бұрын оқыған балаларды тыңдатты. Сөйтіп ел түгел жәдит оқуына көшті, оқу өте қызу жүргізілді. Аз уақыттың ішінде өзге өңірлердегі он-он бес көшпелі ауыл Файзрахманға келіп, жақсы оқитын шәкірттерін балаларын оқытуға сұрап әкете бастады.  Файзрахманнан сауат ашып, өздері де бала оқыта бастағандар мыналар еді: Әбілқасым, Күдерин Хасен, Әбілов Нашытай, Әбілов Қажымұрат, Исин Ержан, Қопабаев Алтай, Қопабаев Жұмабай, Абыраев Нұрмағамбет, Жақыпов Мұқаш, Әбдірахманов Сыздық, Оразбаев Тоқсанбай, Мұсабеков Жұмаділдә, Жүсіпов Ерғали, Сәтбаев Рахметолла, Әубәкіров Әбдірахман, Шаханов Самұрат, Жаманов Жалбыр, Ахметов Нұрғали, Әбішов Нәжім, Шалабаев Молдаш, Әжікеев Мақым, Әлімов Жолшара, Кішкенеев Әбдірахман, Бекібаев Аббас, Шахманов Молдажан, Өтегенов Рахат т.б. Бұлардың өзінен білім алып, бала оқытып, жүздеген адамға хат танытқандар қаншама!

Әкесі Қосдәулеттен бастап балалары Омар мен Ахметжан өзінің де өзгенің де балаларын оқытуға барлық күш-жігерін, табысын жұмсады. Әсіресе орысша оқыту ісінде революциялық күрес жүргізді. Қосдәулеттің медресесінде оқыған, Октябрь революциясынан кейін мына жігіттер мұғалім болды: Әбілқасым, Әбдірахманов Сыздық, Ахметов Нұрғали, Ысқақов Сәлкей, Қопабаев Жұмабай, Әлімов Жолшара; коммунист болып қызмет еткендер: Шаханов, Жаманов, Мұсабеков; жоғары оқу орындарында ғылыммен айналысқандар: Смаилов Есмағамбет, Қаңтарбаев Махметқарта, Құлымбетов Шаймерден.

Осы мешіттен кейін Троицкіде оқыған, қазақ ішінде оқу-ағарту, мәдени ойын-сауық ісіне басшылық етіп, еңбек сіңіргендер Байқожа Қосдәулет және оның Омар, Ахметжан есімді балалары болды. Қосдәулеттен үлгі алып құдасы Шаужан да мешіт-медресе салып, бала оқытты. Қараменде Жатай қажы, Таласбай, Кенжебай молдалардың бәрі Қосдәулет медресесінің үлгісімен мешіт салды.

Оқудың тәртібі: Қосдәулет бала оқытушы молдалардың еңбек ақысын өзі төледі. Медресе мен молдалардың үйлеріне, шәкірттердің жатын орнына от тегін жағылатын. Ешкім қыстың көзі қырауда алыстан отын тасымайды. Жаз бойы 20 шақырым жерден он бес-жиырма түйемен тасытып, жарғызып, сарайға үйіп дайындалған отын молынан жетеді. Ол уақыттары қазақ ішінде монша жоқ еді, Қосдәулет алғашқылардың бірі болып монша салғызды. Бір тамыр орысының әйелін әкеліп монша жақтырушы еді. Аптасына бір рет бейсенбіден жұмаға қараған кеште монша жағылады. Өйткені жұма күні оқу болмайтын. Бұл күні Қосдәулеттің отбасы мен шәкірттер ғана түсетін. Басқа ауыл адамдары өздері отын әкеліп жақтыратын. Моншаның керек-жарағы да дайын.

Бұрынғы қадым оқытуында қағаз көп жазылмайтын. Жәдит басталған күннен бастап қағаз жазылатын болды. Әсіресе есеп жұмысы төрт амалмен оқытылатын. Қыстыгүні Қызылжар қаласынан жүк апарған бір-екі түйеге қағаз-қарындаш, жаңа кітаптар артып, медресеге әкелетін. Молда өз бағасына бұларды сатып алатын. Қағаз-қарындашты нормамен алады. Кейінірек оқушыларға қара тақта алдырылды. Әйтеуір оқу-жазу құралдары жеткілікті еді. Қосдәулет соғым сойған күні медреседе қанша бала оқыса соншасын өзінің тұстастарымен бөліпбөліп үйіне шақыратын. Ет жегізіп, құрт көже ішкізіп, шай бергізіп күтетін. Өзі ортадағы үлкен қонақ үйде балалардың ортасында Файзрахман қариды жанына алып отыратын. Ас ішіп болған соң бір табақ ақ қағаз, бірнешеленген қарындаш және екі-үш күміс салған қалта алдырып, балаларды шетінен шақыратын. «Бұл кімнің баласы? Аты кім? Жақсы оқи ма?» деп қариден сұрайтын. «Жақсы оқиды», – дейді қари. Сөйтіп оқу құралдарын үлестіре бастайды. Күміс кейде 10 тиын, кейде 15 тиын болады, балалар қуанып қайтады. «Сен кімнің баласысың? Оқуды нашар оқиды дейді ғой?» деп кейбір балалардың өздерінен сұрайды. «Оқуды оңды оқымасаң, қағаз-қарындаш бермеймін» деп қорқытып қояды. Тегінде бұл өзі де нашар оқитын бала болуға тиіс, сыртқа шыққан соң: «Әй, сенің нашар оқитыныңды қажы қайдан біледі?!» деп балалар шуласып жататын. «Қажы қағаз-қарындаш берді. Оқуды оңды оқы деді» деп балалар үйдегі әкешешелеріне мақтанатын. Жетім балаларға, көп балалы кедей отбасыларына бәйбіше ауыз үйден көйлек-дамбал, кейбіріне шапан, шалбар үлестіретін. Жаз жайлауда ауылдың сыртына бес қанат киіз үй тігілетін. Балалар сонда оқитын. Мұнда көбіне ересектер емес, әліппе оқитын ұсақ балалар болатын.

                    Орысша оқудың  басталуы

Қосдәулеттің екінші ұлы Омар Көкшетау уезіндегі оқу орнын басқаратын мекемеге барып, келісім жасап, орыс тілін оқытатын учитель сұрап арыз береді. Бұл 1908-1909 оқу жылының басталатын кезі еді. Ауылда орысша оқитын қазақ балаларына алғашқы оқу жылы ауыр тиетінін айтып, мүмкіндік болса қазақша білетін учитель керек деген тілегін айтады. Мектептің шығынын өзі көтеруге уәделеседі. Оқу орны Омардың ұсынысын қабылдап, қазақ тілін білетін орыс учителі Владимир Александрович Александровты  жібереді. Учитель салт басты еді. Омардың үйінде тұратын. Медресенің бір бөлмесінде бала оқытатын болды.

Қосдәулет тұқымының балалары түгелімен және басқа ағайындарының балалары бәрі орысша оқи бастады. Медресенің бір жағында қазақша, бір жағында орысша сабақ жүргізілетін. Омар орысша оқитын балаларды шоқындырады десіп, оқуға бермеген ата-аналар да болды. Орысша оқу бұрынғы жәдитті білетін шәкірттерге қиын емес еді. Олар төрт амалды білетін. Бірақ орысша сөйлесу, орыс тіліндегі кітапты түсіну ауырлау болды. Әсіресе арифметика жеңіл болмады. Келер жылы арифметика, жаратылыстану, грамматика, география пәндерін бастап, үш жылда емтихан тапсырды. 18 оқушының 14-і емтиханнан өтті. 8 оқушы «өте жақсы» оқығаны үшін мақтау қағазымен марапатталды. Олар: Әлімов Жолшара, Шаймерденов Жолшара, Омаров Ғазиз, Қосдәулетов Ғалымжан, Қосдәулетов Сұлтан, Шаханов Дәдет, Ысқақов Салық, Мұхамедиев Ескендір. Төртінші кластағы бұл емтиханға Көкшетаудан бір инспектор, Шортан қаласынан бір учитель комиссияға шақырылды. Уақыт өте келе оқушылар саны көбейді. Қазақ ішінде ең бірінші орыс тілін оқытуды бастаған осы Қосдәулет медресесі болды.

Қосдәулеттің   ұлт ойынына басшылығы

Көкшетау түбі

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

ндегі Бурабай көлі бір көлден екіншісіне құяды. Бурабай көлінен Үлкен көл, Ақ көл, Теке көлі, Қара көл, Шабаши көлі, Жайнақ көлі бөлінеді. Осы алтауын басып Жаңасу өзені жетінші болып құяды. Қазір бұл маңайды Қосдәулет қопасы деп атайды. Мұнда Қосдәулет қопасы, Орта қопа, Аяқ қопа үшеуі қатар орналасқан. Бірінші қопа Бурабайдан 15 шақырым ұзындығы да, ені де бір шақырым, үнемі былқылдап жатады. Адамды көтергенмен мал жүре алмайды. Қопаның батысы мал жайылымына жайлы әрі шабынды.

Мұнда қопа мен жайылымның арасында қолмен қойғандай үш адыр бірдей төбе жатыр. Екі қопаның арасы екі жүз метрдей. Үлкен қопаның ығына киіз үй тігіледі, екі аралығына ауыл қыстайды. Оңтүстігінде он үй Атығай Кенжебайдың ауылы орналасқан. Солтүстік жағында екі салт атты қатарласып әрең жүретін төбе адыр көзге бірден шалынады. Осы адырмен қопаның аралығында Қосдәулет ауылы қала пошымда

с екі көше болып жатыр. Әр көшеде ағаштан салынған он төрт үй бар. Батысқа қарай бірі Көкшетауға, бірі Бурабайға қарай жол екіге айырылады. Солтүстік жақтағы биік төбенің, яғни ауылдың бас жағынан аяғына қарай жылға ағады. Жолдың басы Қызылжарға, аяғы Омбыға қарай бастайды. Екінші қопаның да көлемі дәл Үлкен қопа сияқты. Мұның ығын он екі үй Атығай Беркінбай ауылы қыстайды.

Үшінші қопаның солтүстік жағы шалқар көлге ұласады. Көлдің ұзындығы алты шақырым, ортасында арал бар. Бұны Болат шалқары деп атайды. Қопаның ығын қыстаған отыз үй Атығай Болат ауылынікі. Қопаның оңтүстігі Бурабай тауына жалғасады. Таудың шеті қалың орман. Қарағай, қайың сыңсып тұр. Қопаның үшеуінің де балығы мол еді. Алабұға, аққайран жазда аумен ауланса, қыстыгүні қармағыңды оңай қауып жататын. Бірінші қопа мен екіншісінің оңтүстігінде жалғыз адыр төбе бар. Үстіне төрт жүз кісі еркін сияды. Айналадағы ел айт пен тойдағы ат жарыс, серке тарту, қыз қуу, балуан күрес деген ұлт ойындарын осы төбенің басында өткізеді.

Қосдәулет жылына бір рет мәуліт тойын өткізеді. Арнайы мал сойылады. Қонақтар зор құрметпен қарсы алынады. Қазақтың барлық ұлт ойыны ұйымдастырылады. Тойдың бәйгесі мен барлық шығынын Қосдәулет өзі көтереді. Қыс жайлы, егін мол болған қайсыбір жылдары жұма сайын ат жарыс өткізетін. Бәйгеге қатысатын жүйріктер тізімі Қосдәулет мешітінде жасалатын. Қосдәулет мешіт салмас бұрын мұндай ұлт ойындарын өткізбейтін. Өйткені көкпарға таласқан жігіттер ойыны қызыл шеке төбелеске ұласатын. Енді бәрі басқарақ. Ұлт мейрамы, басқа да жиын-тойда әр елдің басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, әр елдің ақсақалдары өз жігіттеріне би болысады, алдын ала даярлық жасайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тәртіпсіздік, жанжал болмайтын. Әсіресе тойдың тыныш өту жағын қамтамасыз ететін Қосдәулет тұқымы ұлттың мәдени ойындарына басшылық жасады.

                          Құдалық  және  қыз  ұзату

Аққұдық деген жерді  екі ел жайлайды. Құдықтың сырт жағын Қосдәулет, Ығынан  атығай, Шаужан,  Байтік дейтін байлар жайлайды. Байтікте үш мың, Шаужанда екі мыңнан астам жылқы бар.

Қосдәулеттің  төрт жүздей ғана жылқысы бар. Дүние жағы, сауда жағы олардан артық. 1905 жылы  Шаужан баласына Қосдәулеттің қызын сөйлесуге Жақия, Әбіл тағы сол сияқты елдің адамынан төрт-бес  кісі жібереді. Бұлар келіп «Шаужан баласына сіздің балаңызды сұрайды» деген соң Қосдәулет қабыл алды. «Мен Бабылбек тұқымына бала бермеймін бе, баланы беремін» деді. Келгендер құда түсіп, сөйлесіп, қырық жетіге келісті, малды сегіз – сегізден алмақшы болды. Қосдәулеттің қызы  он төртте, Шаужанның баласы онда. Қыз күйеуден төрт жас үлкен. Күз, ел жайлаудан қайтқан соң тамыз айында Шаужан құда түсіруге шақырды. Құда түсуге қырық болып барды. Шаужан  ат шаптырып, үлкен той жасап, қырық жетінің малын берді. Жиырма бес кісіге бір жылқыдан мінгізді.  Малды сегіз-сегізден берді: сегіз құлынды бие, сегіз ат, сегіз құнан, құнажын дөнен, дөнежін, тай, тайынша, жанама жақсы малды көріп алуға жеті адам комиссия құрып, елу бес  жылқы, қалың жиырма бес жылқы, бергенді қосқанда, сексен жылқы айдап қайтты.

Келер жылы Қосдәулет құда түсіріп,  ат шаптырып, ірі той жасады. Босаға аттауға келгенде, кәдеге отыз жылқы айдап әкелді.  1909 жылы ұзатты, қыз он сегізде,  күйеу он төртте. Қосдәулеттің қызына берген жасауы: жеті қанат киіз үй, бес қанат қоңырлау кигіз үй, бес қанат үйдей кестелі шатыр – барлығы   үш үй берді. Бірінші жеті қанат үйдің  киізінің ішкі жағы оюланған, күміс бақан орнатылған, елу кілем, елу ішік,  басқа шапан – қамзол, көйлектерді жүз жүзден берді. Көлікке он түйеге артты, жаңа он қазақ арбасына  повозкаға үш үштен  ат жекті. Түйуге салған қамық шлейкелер, жаңа ақ кигіз қызыл матамен көмкерілген он құлынды бие, бес бұзаулы  сиырмен қызын  шілде айының басында ұзатты. Қыз алуға келген күйеу жолдастары он бес адам, бұларға киітке бір-бір ішік берді. Күйеулер бір айдан артық уақыт жатты.

                         Қосдәулеттің  келін түсүруі

Абылай заманында Көкшеге қоныс теуіп қалған қырғыздардың ұрпағы – Сатай деген кісі болған. Осы өңірде алғаш медресе, мектеп ашқан, сәулетті мешіт үйін салдырған атақты Қосдәулет деген бай болған. Сатайдың қызы Гүлжәмиләні Қосдәулетұлы Омарға бала кезінде айттырып қояды екен. Бай баласы ертең-бүрсүгіні той жасап алады деп отырғанда Біржанның баласы Теміртас қызды алып қашады. «Апырмай, өзі бай, өзі бір дуан елді ауызына қаратып отырған Қосдәулеттің айттырып қойған келінін тапа талтүсте алып кетсе, енді не болар екен»- деп ел шу ете түседі.

Бірақ тақуа, діндар Қосдәулет бас жарар дау-дамайға бармайды. Байдың баласына кім  қызын бермейді. Сол ауылда Өтебай деген руы қарауыл байдың Мариям деген қызын құда түсіп салтанатпен тойлайды. Көне көздердің айтуына қарағанда Қосдәулет өз заманында ел басқарып отырса да даналығын білдіреді.  Біржансалдың немересі – Гүлжәмиләдан туған Мұхамбетқалидың жазушы – Төлеген Қажыбайға айтқан әңгімесінен. («Егемен Қазақстан», 22.03.03.)

                         Қосдәулеттің дүниеден озуы

Қосдәулет жылда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні Мәуліт мерекесіне арнап той жасайтын. Ат шаптырып, балуан күрестіріп, көкпар тартқызатын. Қыз қуу, теңге ілу, ат үстінде ән салу т.б. ойындардың неше түрі ұйымдастырылатын. Халықты күтуге семіртіп бір-екі бие байлайтын. Әдеттегідей биыл да Мәуліт тойын өткіземін деп елге хабарлады. Белгіленген уақыты 1910 жылдың 22 марты еді. Дүйсенбі болатын. Көкшетау, Қотыркөл, Күншығыс және Қараша болыстарына хабар жіберді. Тойға деп екі биесін байлады. Бірі ақ сұр, бірі сарыбауыр бие еді. Қыс басынан жем мен сұлыдан бас көтертпеді. Сол жылы марттың 12-сінде Қосдәулет қатты ауырды, екіүш күннен кейін сөйлеуге шамасы келмеді. Сәлімнің шығармасында былай жазылған: «Дүниенің төрт бұрышына қолы жетіп жетпіс жеті жасында  қаза жетті сағат онда оныншы жылы жиырмасыншы наурыз күні».

1910 жылдың 20 мартында сенбінің кешкі сағат он шамасында 77 жасында Қосдәулет дүниеден озды. Үлкен қақпаның ортасына тігілген сегіз қанат үйден шығарып салды. Елдің ақсақалдары от жақтырып сонда отырды. Балалары ақылдасып жаназаға төрт болысты шақырды. Өзі мәуліт өткіземін деп күні бұрын хабарлап қойған. Жаназаға шақырушыларға жаратқан жүйріктерін, күрестіретін балуандарын қалдырмай ала келсін, той өтеді деп хабарлады. Дүйсенбі күні Қосдәулеттің жер қойнына тапсырылатынын айтты. Сол күні түнде жаназаға шақырушылар аттанып кетті. Көкшетауға Әлімқожа Жақыпты жіберді. Қадыр елін басып өтіп, Есдәулетке айтып, жолдағы елге хабарлап, Нығметжан Ташкентке бет түзеді (Нығметжан, Тәшен Қосдәулеттің бәйбішесі өлгеннен кейін алған екінші әйелінің інілері еді). Көкшетаудағы Науан хазірет, Қаңтарбай, Латай, Досымбек түгел естіді. Алдабергенді арасы 25 шақырым Айқабақтағы қырғыз ағайындарға, жолай қожаларға, сосын Қабанбай, Әбжан, Қасендерге, Төбет еліне жөнелтті. Рақымжанды жолдағы елмен бірге Бәйтік Шаужанға, Күсеске, Мөнтік Шахаман, Тықаға, Жортушы балаларына, Өтебай молдаға жіберді. Әбдірахманды Жалпақ Атығайды басып, Жанбота, Тоқсанбайға, Керей ішіне, төртқара жиені Сәдуақасқа, Қотырға хабаршы етті. Құдайбергенді жолдағы Ақиық Қойлық Атығайға, Шортандағы Әміре, Нұрқожаға, Қараша болысына, Әбілге, Тоқаның Әбдірахманы мен Лекер Тастанбекке жөнелтті.

Осының бәрін Омар қағазға жазып, жаназаға келушілердің қай үйге түсетініне дейін белгілеп, бүкіл ауыл-аймақ дайындалды. Жексенбі күні жаназаға келушілердің алды ауылға жетті. Жаратқан жүйріктерін ала келіпті. Бірақ өздері көңілді емес. Мәуліт тойына семірткен екі бие түнде сойылды. Таң алдына зиратшылар орын  дайындады. Ат шаптырмайық дегендер болды. Балалары әкесінің айтқанын орындауға талап қылып, түстен кейін бәйге басталды. Бәйгеден Күшенің Торытөбел аты келді. Күресте Қуандық балуан жеңді.

                 Бақыт, дәулет, мал басқа толған қажы,

                Ат-су үшін нашарға болған қажы.

                Халайық жиналысып, көтерісіп,

                 Бес жүз жан жаназа оқып көмген қажы, – деді жұрт сол кезде.

Қосдәулеттің педиасына деп жүз бас мал, яғни бес түйе, елу жылқы, жиырма сиыр, жиырма бес қой елдің жетім-жесірлеріне таратылды.  Файзрахман қари Қосдәулет қайтқан соң елге барып келемін деп кетіп, содан қайтып оралмады. Қосдәулет оны дүниеден өтерінен бір жыл бұрын ғана Қотыр қаласында тұратын Қарамолда татардың Сақыпжамал есімді қызына үйлендірген еді.

(Хакім-хазірет Омарұлының қолжазбасынан алынған)

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Бір пікір

  1. Қожахмет

    Арқа жерінде, солтүстік өңірлерде қожалардың барын естімеген едім. Көп мәліметті білмейді екенбіз.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған