Қасым қожа Тұрсын Ишан ұлының сақталған жалғыз суреті. Немерелері алыстан жасырын түсіріп алған.

Тұрсын ишанның тағылымы

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты «Бөген» (қазіргі аты Мыңбұлақ)  және «Қайнар» деген ауылдар бар.  Екі ауылдың арасы тиіп тұр. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осы Қайнар ауылында туып-өскен. Жансейіттің әкесі марқұм Қансейіт Түймебаев уағында ел басқарған, тірі күнінде мешіт салдырған, кітап жазған, шежірелі ақсақал еді…

Айтпағым, бұл екі ауыл да – менің нағашымның ауылы. Шешем Үрзада осы Қайнар ауылында туып-өскен. Бақсайыс қожаның қызы. Ежелден Ұлы жүздің Тазша, Қоңыр рулары жайлаған бұл ауылдарда Тұрсын Ишан ғана жалғыз үйлі қожа болыпты. Мешіт салып, бала оқытқан. Қожаның еккен «Ишан талы» әлі күнге тоғай болып жайқалып тұр.  Ұлы Отан соғысы тұсында  қайтыс болған Тұрсын Ишанның бейіті Бөген ауылының ортасында. Арғы аталары Бақсайыс қожа руынан, Қасым шайық деген кісіден тарайды. Тұрсын Ишанның екі ұлы – Қасым қожа мен інісі Сейдахмет қожадан тараған отбасылар қазір бірнеше шаңырақ болып отыр

Менің туған нағашым (шешем Үрзаданың әкесі) Қасым қожа Тұрсын Ишан баласы өмірі суретке түспепті (суретке түсуден қатты тыйылған және тыйған).

1977 жылы 81 жасында Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек (бұрынғы Алғабас, Шаян) ауданының Бөген ауылында (қазіргі Мыңбұлақ ауылы) өмірден өтті. Отызыншы жылдары қожа-молдалар қуғындалғанда, Ұлы Жүздің Қоңыр, Тазша руының адамдары Қасым қожаны ат-арбаның астына таңып, аман алып қалыпты. Адам оқитын үлкен молда болған. Жынданған адамдарды байлап-матап алдына әкелгенде, бір түкіргеннен жуасытыпты. Оған қоса ұста болған. Шілденің шіліңгір ыстығында аузы ораза болса да, тынымсыз кірпіш қалағанда, еңгезердей төрт жігіт кесек әперіп үлгермейді екен. Бес уақыт намазын көзі жұмылғанша үзбей, шамасы келмеген соң төсекте жатып оқыпты. Аяғының ұшынан шыққан жанын «тіземе келді, «беліме келді», «кеудеме келді» деп, айтып отырыпты. Жамбасы тесіліп, өлейін деп жатса да: «Ананы маған ұстап әкеп беріңдерші, сабайын» дейді екен көңілін сұрап келгендерге бүкшиген кемпірін (нағашы әжеміз Пердені) нұсқап.

1956 жылы әкем Әліп сол заманда дүрілдеп тұрған осы Қасым қожаның маңдайына басқан кенже қызы Үрзаданы (менің шешем) қос атпен алып қашып келеді. Ауылдағы қара суды теріс ағызатын руы тама Сатыбалды молда әкемнен «келіннің руы кім?» дегенде «қожа» дегенді естіп, «әттең-ай!» депті. Ол кісі Қасым қожаны білген әрине. «Бірде болмаса бірде келінге тілің не қолың тимей тұрмайды. Қожаның наласы жаман» деп ескертсе керек.

Қасым қожа кенже қызының қарамен қашып кеткенін естігенде, байлаулы тұрған ақ боз атын түрегеп тұрған бойында алмас қанжармен шалып жіберіпті. «Екеуін де тірідей, болмаса өлідей алдыма әкеліңдер» дейді. Балалары «аттандап» шабады. Шешемді қашырып жіберген Қожаның қайнысы мен балдызы екенін (олар безе қашып, тығылып үлгеріпті) біліп, қуғыншылар үйлеріне от қойып, өртеп жіберіпті. Ақыры Созақ ауданындағы  тау қуысында орналасқан Қарабұлақ деген шағын ауылды таппай айналып-айналып қайтса керек.

Бір жылдан кейін әкесінің ашуы тарқады-ау дегенде шешем төркіндеп барады. Қожа қызына «Босағаңды көрмеймін!» депті. Одан кейін жиырма жыл өмір сүрген Қожа сертінде тұрып, сол бойы қызының босағасын көрмей өмірден өтті. Кемпірін де жібермеген. (Тек Қожа алысқа сапарлап кеткенде, кемпірі (нағашы әжеміз) елден тығылып бір рет келіп кетіпті). Босағасын көрмесе де, бауыр еті баласы емес пе, әке-шешеміз қыдырып барғанда Қожа қуанып қарсы алса керек. Ол заманда машина табу қиын, күннің ыстығына қарамай ақсақалы беліне дейін түскен Қожаның өзі көлік іздеп тауып, мінгізіп  жібергені он жасар бала болсам да есімде. Жиендерінің шөкелеп отырғанын көріп, «мынаның бәрі молда ғой» дейтін.

Неге екенін, Қожаның шешемді қашырып жіберген қайнысы мен балдызы қартайғанда өз боқтарын жеп, жынданып өлді…

Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың әкесі Қансейіт қажы Түймебаевтың 2012 жылы шыққан «Өмір өткелдері» деген қалың кітабы қолыма тиді. Нағашым Қасым қожа марқұм Қансейіт ақсақалдың кумирі болған екен. Ұзақ жылдар партком хатшысы, совхоз директорының орынбасары болған ақсақалдың кітабында «Қасым қожаның қасиеті» деген арнайы тарау (355-362 беттер) бар. Төменде сол кітаптан үзінді беріліп отыр.

Төреғали ТӘШЕНОВ, ақын, журналист,

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

 «Айқын» газетінің шолушысы. 

 

Тұрсын Ишан

 «Тұрсын Ишан – Бақсайыс қожа тұқымы, бабалары шайық болған, Самарқаннан арабша білім алып, қазақ даласында ислам дінін насихаттаған. Жергілікті халық Көлбай болыс бас болып, Тұрсын ишанға азғана суы бар бұлақтан жер бөліп береді. Сол жерді көгерту үшін Тұрсын ишан Ташкент қаласына барып, неше түрлі көшеттер әкеліп, үлкен бау жасайды. Ол жер қазір де Ишан талы деп аталады. Жергілікті халықтың қызына үйленіп, ұрпақтары жайылады. Тазша, Қоңыр арасына сіңген Тұрсын ишан Кемер деген жерден үлкен мешіт салдырып, жергілікті халық мешітке барып, ғибадат жасап, арабша оқиды. Досан селолық советінің конторынан оңтүстікке қараған 600-700 метр жердегі дөңестеу жерде мешіттің орны белгілі болып жатыр.

Тұрсын Ишанның баласы Қасым қожа өте шебер ұста, үй қалап, колхозға арба, т.б. керекті құралдар жасап, колхоздың өндірістік жандануына үлкен еңбек сіңірген. Бөген мен Қайнар, Шаянда сол заманда салынған тұрғын үйлер мен астық қоймасы, сиырқора, клуб, мектеп, диірмен, дүкен сынды жайлардың көбісінің дуалын қалап, жөнге келтіріп, төбесін жауып беру жұмыстары түгелдерлік Қасым қожаның қолынан өткен. Кімнің тамының кесегі құйлып бітіп, қалауға дайын болса, дереу Қожаға келіп айтатын, ол кісі жылдам барып оқтай түзу етіп қалайтын және төбесін тез жауып беретін. Ол кісінің шапшаңдығы соншалық, төрт кісі лай жеткізіп, кесек лақтырып беруге үлгермегенін ел іші әлі күнге жыр қылып отырады.

Қасым қожа жұмыс істемесем ауырамын дейтін.

…Жарықтық Қасым қожа өте тақуа кісі болатын. Ұзын бойлы, қапсағай, жіңішке тіп-тік болатын. Атжақты, қырмұрынды, қасы жалбырап тұратын. Қаракөз сұлу кісі еді.

Қасым қожаны түгел ауыл болып сыйлайтын. Ол кісі келе жатқанда алдынан ешкім кесіп өтпейтін, анадай жерден көргендер жүгіре басып, қолын қос қолдап алатын.

Ауыл болған соң бейсенбілік немесе соғым басына қонақ шақырылады. Қасым қожа отырған жерде үй толы қариялар тым-тырыс болып, сол кісінің аузына қарайтын. Ұшқан шыбынның

ызыңы ғана естілетін. Қожа аталы, үлгілі сөзсөйлеп, ілгеріде өткен елге қадірлі кісілердің жұртқа істеген жақсылықтарын айта кеп, әңгіме аяғын шариғатқа ұластырып, Пайғамбарымыздың халықты дін жолына түсірудегі көрген қиыншылықтарынан әңгіме шертетін.

Бірде Қасым қожаға сиыр ферманың меңгерушісі Әлиев Абылай деген ақсақ кісі шариғат жайынан болмайтын сұрақтар қойып, мазасын ала берген соң, Қожа оның сөзінің дәмсіздігіне ренжіңкіреп: «Алла сені аяғыңнан алғанша, тіліңнен алғанда болар екен ғой» депті»

 Ишан талының тарихы

Жергілікті халық Көлбай болыс бас болып, Тұрсын Ишанға азғана суы бар бұлақтан жер бөліп береді. Сол жерді көгерту үшін Тұрсын Ишан Ташкент қаласына барып, неше түрлі көшеттер әкеліп, үлкен бау жасайды. Ол жер қазір де Ишан талы деп аталады. Жергілікті халықтың қызына үйленіп, ұрпақтары жайылады. Тазша, Қоңыр арасына сіңген Тұрсын ишан Кемер деген жерден үлкен мешіт салдырып, жергілікті халық мешітке барып, ғибадат жасап, арабша оқиды. Мешіттің орны қазір де томпайып жатыр.

Қазіргі Бөген ауылының орнында бұрын Тұрсын Ишанның тамы болған. Тұрсын Ишаннан – Қасым қожа мен Сейдахмет қожа, тағы бірнеше қыз өрбиді.

Тұрсын Ишанның баласы Қасым Қожа өте шебер ұста, үй қалап, колхозға арба т.б. керекті құралдар жасап, колхоздың өндірістік жандануына үлкен еңбек сіңірген. Інісі Сейдахмет қожа да колхоз құрылысына белсене араласқан шебер ұста болған.  Бөген мен Қайнар, Шаянда сол заманда салынған тұрғын үйлер мен астық қоймасы, сиыр қора,  клуб, мектеп, диірмен, дүкен сынды  жайлардың көбісінің дуалын қалап, жөнге келтіріп, төбесін жауып беру жұмыстары түгел дерлік Қасым қожаның қолынан өткен.

Кімнің тамының кесегі құйылып бітіп, қалауға дайын болса, дереу Қасым қожаға келіп айтатын, ол кісі жылдам барып оқтай түзу етіп қалайтын және төбесін тез жауып беретін. Ол кісінің шапшаңдығы соншалық, төрт кісі лай жеткізіп, кесек лақтырып беруге үлгермегенін ел іші әлі күнге жыр қылып айтып отырады.

Қазіргі таңда Қасым қожадан өрбіген ұрпақтар Бөген ауылында  тұрады. Тұрсын Ишанның бейіті де осы селоның ішінде. Төңірегі толық қоршалған.

Қаcым Қожанын қасиеті

…Жарықтық Қасым қожа өте тақуа кісі болатын. Ұзын бойлы, қапсағай, жіңішке тіп-тік болатын. Ат жақты, қыр мұрынды, қасы жалбырап тұратын. Қара көз сұлу кісі еді.

Қасым қожаны түгел ауыл болып қатты сыйлайтын. Ол кісі келе жатқанда алдынан ешкім кесіп өтпейтін, анадай жерден көргендер жүгіре басып, қолын қос қолдап алатын.

Ауыл болған соң бейсенбілік немесе соғым басына қонақ шақырылады. Қасым қожа отырған жерде үй толы қариялар тым-тырыс болып, сол кісінің аузына қарайтын.  Ұшқан шыбынның ызыңы ғана естілетін. Қожа аталы, үлгілі сөз сөйлеп, ілгеріде өткен елге қадірлі кісілердің

Қабір-кесенесі (Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында)

жұртқа істеген жақсылықтарын айта кеп, әңгіме аяғын шариғатқа ұластырып, Пайғамбарымыздың халықты дін жолына түсірудегі көрген қиыншылықтарынан әңгіме шертетін.

Бірде Қасым қожаға Әлиев Абылай деген ақсақ кісі шариғат жайынан болмайтын сұрақтар қойып, мазасын ала берген соң, Қожа оның сөзінің дәмсіздігіне ренжіңкіреп: «Алла сені аяғыңнан алғанша, тіліңнен алғанда болар екен ғой» депті.

Қасым қожа елге келе жатыр деген сөзді естісе, Жарас молда қайда жүрсе де алдынан шығып, күтіп алып, үйіне әкеліп қонақ ететін.

Қасым қожа жұмыс істемесем ауырамын дейтін.

Елдің адамдарының не колхоздың  асарлатып соғатын тамы болса,  ол кісі қанатын қысып, төбесінен ағатын бөгет жасап, бітіріп беретін.

Жарас молда ол кісінің қасында жүріп кесегін, ағашын әперіп, бірге жұмыс істесетін.

Жарас жастайынан Бабатадағы нағашы атасының қолында өсіп, арабша оқып, ғұлама молда болып шыққан. Бұл кісі орта бойлы, мығым денелі, жауырынды, мойны жуан, екі иығына екі кісі мінгендей, басы үлкен, дөңгелек бет, екі көзі танадай жалтылдап тұратын, орташа мұрынды, қызыл шырайлы кісі болатын. Өте күшті палуан болатын.

Кейбір колхоздың жұмысына ұқыпсыз қарағандарға ашуы келсе, ұрыспай, қалпағына әлі келетін. Басындағы қалпағын шешіп, жерге 2-3 рет ұрып алып, ашуын басып, әлгі кісіге ақылын айтып, жөнге салып жіберетін.

Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ашу – өрт. Ол өртке түсіріп жібереді. Ашуың келгенде отыра қал, оған да болмаса,  жата қал. Ашуға ерік берме» – делініпті.

Қасым қожаның туыстығы

Қасым қожаның зайыбы Перде апамыз менің әкем Түймебайдың ағасы Мырзахметтің қызы болатын.

Перде апамыздың дүниеге келу тарихы былай. Бірде Нұрман ата Түркістанда кілең датқа, болыс, билермен үлкен шайханада отырғанда,  2-3 жасар қыз баласын ерткен бір жас сұлу шай, тамақ беріп күтеді. Отырғандар әзілге ерік беріп, келіншекті сөзге тартады:

«Осы отырғандардан кімді қалайсың, сол сені қызыңмен бірге алып кетеді» дейді. Келіншек Нұрман атаны нұсқайды.  Ол кездің адамы сөзге тақ тұрған.

Нұрман ата елге келіп, екі әйелін шақыртып алып, Түркістандағы болған оқиғаны түсіндіріп, келіншекті алып келгенін айтады. Екі әйелі: «Олай болса дұрыс екен, екеумізге қолғанат болады,- деп, өзбек келіншекті жылы қабылдап, өздеріне серік етеді. Өзбек келіншек бала көтермейді. Соңынан ерген қыз баласы бой жеткен соң оны Нұрман ата ең үлкен ұлы Мырзахметке қосады.

Мырзахметтен – Айтжан, Әміре, Мұса деген үш ұл, Перде, Әлпия, Зүлпия деген қыздар туған. Перде деген қызын елу жастағы Тұрсын Ишанның Қасым Қожа деген баласына жастай ұзатқан.

Қасым қожадан Сейдан деген ұл, Ханзада, Үрзада деген қыздар туған. Сейданнан – Әлімжан, Әкімжан деген балалар мен біраз қыз туған. Олар қазір осы Бөген ауылында тұрады, өсіп-өніп жатыр.

Қасым қожа мен Жарас молданың ғажайып түсі

Жарас молда сондай қайырымды кісі болатын. Ағайын-туғандар колхоздың жұмысынан кештеу келсе, тамағын ішіп болған соң ауылды тегіс аралап шығып, жағдайын біліп барып демалатын. Ауырғаны, жағдайы төмені, ашығып отырғаны бар ма, әдейі барып, біліп, әлі келгенше қамқорлық жасайтын.

Өлім-жітім болса, бастан аяқ жайғастырып, құранын оқып отыратын.

Ұлы Отан соғысы жылдары, 1942 жылдың қыркүйек айында Жарас молданы жасы келіп қалса да еңбек армиясына алып, Ресейдің қиырындағы бір қалада жұмысқа жегеді. Ол жер өте суық. Киім жұқа, тамағы нашар. Сонымен қатты ауырып, елге қайтарады.  Бірақ  қайтуға поезға билет жоқ. Билет алуға ақша жоқ. Қайтар жолда біраз жүріп қалады. Осы кезде елдегі Қасым қожаның түсіне Жарас молда кіреді. Түсінде бір үлкен сулы арықтың ар жағындағы Жарас молданың бергі беттегі жағаға өте алмай жағалап жүргенін көреді. Қасым қожа Жарасқа айғайлап: «Бері кел. Мына жерден өт. Әкел қолыңды»,-  дейді.  Ол кісі келіп қолын бере бергенде Қасым қожа жалма-жан бері қарай тартып алады. Сонда Жарас молда бір аяғынын ұшын суға тигізіп алған көрінеді. Сол кезде Қасым қожа Жарасқа: «Осы сенің қопалдығың қалмайды ғой. Аяғыңды жинап алмайсың ба»,- дейді. Дәл сол мезетте осы түсті Жарас молда да көріпті. Алланың кереметі шексіз емес пе?! Содан Жарас молда ұзамай поезға мініп елге де жетіпті. Бір күні біздің үйде Қасым қожа мен Жарас молда меймандықта отырғанда, осы түстерін айтып отырғаны есімде.

Қасым қожаның кеңесі

1952 жылдың сәуір айында Қасым қожа Түркістаннан біздің үйге келіп мейман болып қонды. Әңгіменің үстінде Ақтас, Қайнар колхозы бір-біріне қосылып, Қайнарбұлақ колхозы болып аталғанымен табысы жоқ, ел бұрынғы отырған жерлерінде бұлақ-бұлақ, төбе-төбе, қырдың үстіндегі ескі қыстауларында отырғандығы, жұмыс ыңғайы жердің шалғайлығынан қиындап кеткені әңгіме болды. Сөз арасында Қасым қожа Ташкенттегі қарындасына барып келгенін айтты. Көкарал деген жердегі елді мекен бір жерге қоныстанып жатыр екен. Ұзына бойы 3 көше, көлденең 4 көше етіп, тегіс жерден әрбір үй қожалығына 0,25 га жер бөліп беріп, колхоздың конторы, қоймасы және басқа мекемелерге де жер бөліп, өз алдына бір аймақ жасапты, – деп әңгімеледі.

«Іздегенге сұраған» деген, мен де елді бір жерге қоныстандырудың есебін таба алмай жүр едім. Құлағымды сала әңгімені тыңдай түстім, ойыма ой қосылды.

Қасым қожаның әңгімесінің желісімен қолыма үлкен бір ақ парақ қағаз бен сызғыш алып, бір кварталға, бір көше жағына 0,25 Ч 4 үй = 1 га, екінші көше жағына да 0,25 Ч 4 үй = 1 га, сонда 1 квартал 2 га сегіз үй орналасады, жан-жағы көше болып келетін етіп сызып, 130–150 үй және мекемелерге де бір квартал жер бөліп, айтып отырған -Қасым қожа, сызған – Түймебаев Қансейіт – 1952 жыл 12 сәуір деп, екеуміз де қол қойып, әңгімемізді аяқтап, демалдық.

Қасым қожа колхозға мүше болып кірген. Бірақ баласы Сейдан Түркістаннан Ащысайға қатынайтын тар табанды жолда кішкене поезды айдайтын машинист болған соң, семьясы Түркістанда болатын.

Бұл кісі темір ұстасы, әрі диірменші Абдулла деген кісінің дүкенінде колхоздың ат арбасы, өгіз арбасына тұт ағаштан гүпшек, оған шыбық, шеңбер жасап, арбаның дөңгелегін қамтамасыз етіп отыратын.

Ал темір ұстасы Әбибулла дөңгелектің ең сыртқы шеңберіне темір жапсырып, оны бекітіп тұратын.

Халықтың аз ғана еңбекке алған бидайын диірменге тартып, ұн етіп беріп, қажетін өтеп отыратын. Ол да бір дәурен еді.

Қасым қожаның Кіші Әулие бұлағының көзін ашуы

Шаян аудандық су мекемесінің Досан ауыл кеңесіндегі өкілі Қаныбаев Азамат 1935 жылы көктемде Кіші әулие бұлағындағы жартастан сарқырама жасап, өзенге шашырай құйылып жатқан суын көріп, бұлақтың көзін динамит қойып аттырса, бұдан да көп шығуы мүмкін деген аудандық су мекемесінің бастығына жеткізеді. Олар бұл ұсынысты мақұл көріп, динамит алдырып, бұлақтың көзін аттырады. Бұлақтың көзі атылған ірілі-уақты тастармен жабылып қалып, мүлдем су ақпай қалады. Бұл жағдайды жергілікті халық естіп, қатты наразы болады. Сонымен ауылдың қариялары жиналып, орталау бір көк өгіз сатып алады. Дәреті бар, намаз оқитын тақуа кісілер жиналып, Түркістанда тұратын Тұрсын ишанның ұлы Қасым қожа деген кісіні арнайы шақырып, ертіп барады. Жиналған кісілер жабылып жүріп бұлақтың көзін жауып қалған ірілі-уақты тастарды аршып тазалайды. Көк өгізді бұлақтың басына апарып, Алла ризалығы үшін құдайы шалып, бұлақтың көзін қандайды. Етін асып, сол жердегі қауым ішіп-жеп, құран бағыштап, бата жасап тарқайды.

Содан екі-үш айдан кейін бұлақтың көзінен бір-бірлеп су шыға бастайды. Дегенмен ылдиға шашырап құлап жатқан бұлақтың суының қарқыны бұрынғыға қарағанда аздау екендігі байқалған. Осы жағдайларды Қасым қожаның ұлы Сейдан «әкем жыр қылып айтып отыратын еді», – дейтін.

Қансейіт Түймебаев «Өмір өткелдері» кітабы», («Таңбалы» баспасы,  2012 жыл).

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған