Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Ілгеріде өткен жақсылар / Хакім қажыны бала кезімнен білемін

Хакім қажыны бала кезімнен білемін

Мадина Хакімқызы әкесі туралы кітап шығаратынын айтып сол кісіге арнап естелік жазуға өтініш білдірді. Хакім қажы туралы естелік жазудың қиыншылығы бар.

Ертеректе, 80- ші жылдары, Сары Ағаш курортында халқымыздың бір туар тұлғалы азаматтары академик Хайдар Арыстанбеков және халық жазушысы Әбдіжәміл Нурпеисовпен бірге болып қатар жүрдім. Хайдар Арыстанбекұлы аспирантурада оқып жүргенімде ғылыми жетекшім, институт ректоры болатын. Ол жылдары жасына байланысты ректорлықтан кетіп,  кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезі. Сол мерзімде курортта жазушы Досжан Дүкенбай хабарландыру ілдіріп демалушыларды кездесуге шақырыпты. Кездесуде жазушы Мухтар Әуезов туралы роман жазған екен, сол туралы ойымен бөліспек. Дастархан басында жазушы Әбдіжәміл ағаға сауал қойдым. М.Әуезов «Абай жолы» романын жазғандай, Мухтар туралы Досжан шығарма жазған көрінеді, ойыңызбен бөліссеңіз. Мухтар Әуезовтің ғүлама, кемеңгер екені белгілі, шығармасында Абайды көрсеткендей, Мухтарды оқырманға жеткізе алама деп. Шығармаларын оқығаным болмаса бұрын таныстығым жоқ еді. Курортта бірінші рет жүздесуім. 20 шақты күндей қатар жүргенде байқағаным – жазушы ойын бірден айтпай, алыстан бастап, шығармашылықтағы әдетімен жауап беретінін аңғардым. Сол әдетімен жауап қайтарды.

 

Бала кезінде әкесі меншікті жерін аралап ренжіп келгенін, себебін сұрағандағы жауабы қыста қолдағы малға шөп дайындау үшін қорып жүретін шабындығы бар екенін, соны біреу дұрыстап шабада алмай бүлдіріп кеткен екен. Сол әкесінің шабындық жерін арандатқан болады ғой деп ойын білдірді. Мен де Әбдіжәміл жасушы айтқандай Хакім қажының тұлғалығын жеткізе аламынба деген ойдамын. Оның себебі Хакім қажының өмірі ислам дінімен байланысты, ал менің дәуірім, қалыптасуым кеңес дәуірі. Ол кезде білім беруде, жүрген ортада діннен бездірудің басымдылықта болғаны белгілі, тек отбасындағана жаратушының барлығы, жаратушының өмірде жар болатынын естіп өстік.

Хакім қажыны бала кезімнен білемін. Қажының нағашылары Құрманбай, Салық көршілес Жаңа Жол ауылында тұратын, оларға қажы жыл сайын келіп тұратын. Келген сапарында біздің үйге келмей кетпейтін. Атам мен әжем, әкем мен анам Хакім қажыны ерекше сыйлап, қошемет көрсететінін көрдім. Сол кезде үлкендер арасындағы осы сыйластықтың тамыры неде екеніде үңіледе қоймаған екем. 50-60-шы жылдары келіп жүргенде есімде қалғаны Хакім қажының ерекше жаратылысы. Бойы биік, ажарлы, ер адамның сұлуы, жүріс-тұрысы, киінуі көз тартады. Ол кісі жүріп келе жатқанда көрген адамдар тоқтап, өтіп кеткенше қарап тұратынының куәгері мен. Елмен араласудағы кішіпейілділігі ол кісінің жаратылысынан ұстанымы, ойымен бөліскенде, әңгіме айтқанда тыңдаушының ынтасын бірден тартып алатын, сөзі төгіліп тұратын, кедіргісіз, қыстырма сөзсіз ойын шебер жеткізетін. Дін  танушылығын, оны уағаздағы биіктігін кейіннен бағаладым, бірақ жете білем деп айта алмаймын.

Кеңес Одағы ыдырап, егеменді ел болғаннан кейін өшкеніміз  жанғаны белгілі. Соның бірі дінге деген бет бұрыс. 1990-шы жылы ел елдерге шашылып бытыраған қазақтардың 1-ші құрылтайы Алматыда өтті. Омбы облысынан ағам Мұхамеджан келіп қатынасты. Солардың ішінде Түркиядан келген Халифа Алтай бар екен. Ол кісі құранды қазақ тіліне аударып елге  таратушылардың бірегейі. Дін танушылардың пікірінше Халифа Алтай осы саладағы ғұлама.

Шет елдерден келген отандастарымызды елмен таныстыру мақсатымен облыстарға бару ұйымдастырылып Халифа Алтай атамыз Түркістан қаласына, Жезқазған облысына барады. Түркістанға сапарында үлкен ағам Мұхамеджан бірге барып, Халифа Алтай қажымен танысады. Жезқазғанға сапарында облыста қандастарымызды тосып алып, өңірмен таныстыруды басқару Қайыржан ағама жүктеледі. Ол кезде ағам облыста білім беру жүйесін басқаратын, сонымен қатар ағамның қожа тұқымынан екенін, халқымыздың дәстүрін тереңірек білетінін ескерген облыс басшылары қосымша қажыны ертіп жүрүді тапсырады. Ол да болса Алланың мейірімі болу керек, сол мерзімнен бастап Халифа Алтай қажы әулетімізбен танысып тығыз қарым қатынаста болдық. Ол кісі дүниеден өтседе отбасымен осы күнге дейін екі үйдің біріндей  араласамыз. Ол кісі  әрқайсымызға аударған құранын ұсынды. Құранды қолымызға алып, оқуға ынта қалыптасты. Халифа Алтай қажы аударған құранды оқып шыққанда түйгенім: осы мерзімге дейін қанша кітап оқып, білім алып, үлкен- кішімен араласып, өмір туралы пікір алысуда қалыптасқан ой- өрісімнің төмендігі, құран өмірге көз қарасты, сананы оятып, басқаша тіршілік етуге жол  көрсететіне көзім жетті.

Осы күнде адам баласына ең қажеттісі – иман мен көркем мінез екені айтылуда. Бұл екі қасиетті ұстанған халық та, қоғам да ілгері өрлейді. Адам баласының осы асыл қасиеттерге қол жеткізуі үшін Алланың мейірімімен аса сүйіктісі Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбармен құран түсірілгенін білдім.

Абай шығармасындағы даналық көзі медреседе оқуда алған сабағында екенін тұжырымдадым. Кейінірек теледидардан сөйлеген Абай танушы осы ойымды айтып, медреседе оқытқан хазыреттің сол уақыттағы ислам діннің білгірі екенін, Абайдың ой- өрісінің, өмірге көзқарасының қалыптасуы содан бастау алатынын жеткізді. Абайдың дана да дара ақын болуында ой- өрісінің қалыптасуына жүрген ортасының да ықпалы кем емес. Әкесі Құнанбай қарадан шыққан, хан-аға сұлтан болған. Оның ел басқарудағы биіктігі, ой- өрісінің тереңдігі, шешендігі, батылдығы, тұлғалығы М. Әуезовтың «Абай жолынан», басқада жарияланған еңбектерден көруге болады. Құнанбай Абайды медресені аяқтатпай 16 жасынан ел басқару ісіне араластырған.

Сол орта туралы, оның қазақ даласына, халықымыздың ел болып дамуына оң әсерін мәдениет қайраткері Асқар Тоқпановтың сөзінен аңғаруға болады. М.Әуезовтың 80 жылдығына байланысты теледидардан сөйлеген сөзінде «Абай» пьесасын 1946 жылы сахнаға дайындап соңғы репетициясына жазушы шақырылғанын, көргеннен кейін ашумен көңілінің толмайтынын, өзінің бахытсыз екенін, жақсылардың алдын көрмеген, дастарқандас болмаған қайсың Абай, қайсың  Құнанбай боласыңдар, менің сахнаға осы бойында шығаруға рухсатым жоқ деп шығып кеткенін айтты. Бір айдан кейін Мұхаңның биік талабын ескеріп, өңдеп, дайындалып қайта шақырғанын, жазушының келіп, көріп, риза болып, өткенде қатты айтсам сендерді серпілтейін деп айттым,  ренжімеңдер дегенін. Сонда да ұлы Мұхтардың алғашқы берген бағасында шындықтың жатқанын аңғармауға болмайды. Өмір соны дәлелдеуде.

Мен 65-ші жылдан Қазақ ауыл шаруашылық институтында білім алып жұмыс істеймін. 2001 жылы университет ұжымымен кездесуге еліміздің белгілі ғалымдары академиктер заңгер С.З.Зиманов, тарихшы М.К. Қозыбаев, әдебиетші С.Қ. Қирабаев, математик У.М. Султангазин, ғылым салаларында шоқтығы биік, тұлғалы азаматтар келді. Кездесуде әр қайсысы шешіле сөйлеп, ойларымен бөлісті. Әдебиетші С.Қирабаевтың айтқаны – Қазақ даласы биліксіз болған жоқ. Билер қара қылды қақ жарғандай әділетті билік жүргізді. Ел болуда сол дәстүрді ортада қалыптастыру керек екеніне назар аударды. Кеңестік дәуірде би-  болысты жамандап, халықымызда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінен бездірсе, ғалымдардың пікірі – оны қайта жандандыру.

Хакім қажы бір жағынан ислам дінін танушы, терең зерттеуші, шебер уағаздаушы болса, екінші жағынан аталарының билік жүйесінде болғанын естуім бар. Ол кісі де ислам дінін терең игерумен қатар халқымыздың рухани байлығын, жетістіктерін, әдебиетін, салт дәстүрін, сөз құдыретін терең игерген тұлғалы адам. Абайды Абайтанушылар хакім деп бағаласа, Хакім қажыда атына заты сай біліктілігін бағалағанда хакім еді. Ғалым біткен хакім емес, ал әрбір хакім ғалым деген түсінік қалыптасқан. Ол ақиқат. Соның бір дәлелі 1955 жылы Делиде бейбітшілік туралы өткен әлемдік конгресске қатысуы. Сол конгресске әлемнен белгілі қоғам, білім қайраткерлерімен бірге дін өкілдері  барған. Кеңес Одағы кезінде Орта Азия мен Қазақстанның дін басшылығы Ташкентте болатын Осы Орталықтан екі адам барған, біреуі  дін басшысы муфтий Бабаханов болса, екіншісі Хакім қажы, ол уақытта Семей қаласы  мешітінің имамы. Оның себебі Хакім қажының биік тұлғалылығы, дінді, оның қағидаларын бейбітшілік ұғымымен байланыстығын терең игергендігі, ойын жеткізудегі  қатарынан үстемдігі. Осы уақытта үлкендеріміздің Хакім қажымен ерекше сыйластығының негізін түсінген сияқтымын. Аталарымның ой өрісінің тереңдігін, жүрген орталарының өздерінің қатары болғанын бала шағымнан көріп өстім.

Әкем 51 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Сол күні Хакім қажы үйге келген екен. Дастархан бсында отырғанда әкемнің жүрегі қысылып, сол кісінің алдында бахи дүниеге озады. Ол уақытта менің Алматыда аспирантурада оқып жүрген кезім. Хабар келгеннен кейін үйге жеттім. Хакім қажы осы ауыр күндері жанымызда болып, әкемнің жаназасын шығарды. Айтпағым Хакім қажының асқар әкемізден айырылған қайғыны сейілтудегі білгірлігі. Кеште жиналған елдің алдында сөйлеп отырғанда егіліп жылап жүрген біздерді күлдіре білгендігі. Үлкен ризашылықпен еске аламын.

Хакім қажының имамдық міндетін, дін өкілі парызын бар ықыласымен орындауымен қатар, адамгершілікті де қалтқысыз биік ұстаған адам. Аспирантураны бітіріп, жаңа ғана ұстаздық қызметін атқарып жүрген шағым, жалдамалы пәтерде інім Ғалымжанмен тұратын едік. Бір кеште Хакім қажы амандығымызды білуге іздеп келіпті. Қуана қарсы алдық. Біздер көргендерімізге қуансақта, оның үлкен имандылықтың, көрікті, сүйсіндіретін мінезінің көрінісі екенін жас жетіп ой толғанда ғана тереңірек бағаладық. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген халық сөзінің жандысын бағаласақта, Хакім қажыны терең білдік пе деген ойдамын.

Ағайындылар бас қоса қалғанда пікір алысып отыратын дәстүріміз бар. Ой бөлісуде егемендік алып дінге бостандық алған мерзімде Хакім қажының осы ортада жоқтығын, орнының бос қалғанын үлкен өкінішпен айтамыз. Сирек қайталанатын тұлға, ғұлама ғалым. Жаны жаннатта болсын.

Ғалижан Мадиев, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры

Совет қажы Жанкелдіұлы мен Ғалижан Мадиев

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған