Білген Шайыр айтады

Бір жан жоқ болыстыққа талас емес

Қазіргі Оңтүстік Қазақстан Сарыағаш ауданы көлеміндегі «Жарты төбе» әкімдігінің атауы болған Жарты төбе Келес өзенінің жағасында,осы күні жұрнағы қалған ескі үйінді – «мола», «қарауыл төбе» деп көптеген теңеулер мен атауларға ие болған жер. Бұл жер ескіден келе жатқан «Бес Сейіт» аталған қорым мазарат. Бұл жер бір кездері Аббасдың күзері атанған,базары, қонақ үйі,шайханасы болған және Қоқанның дәуірінде үш рет датқалыққа сайланған Аббастың мекені болған. Қоқан өкіметі құлап Ресей бодандығын қабылдаған елге датқалықтың орнына болыстық лауазым келді.Бір болыстық елді бірнеше рудың ауылдарынан бөліп жарып құраған Ресей саясаты елдің басын айналдырып, біріне бірін айдап салды. Лауазымға таласқан ел пысықтары бірін-бірі жамандап, бірінің үстінен бірі арыз түсіріп ел іші ала шапқын болып кетті. Енді ел арасына ақыл-парасат, білім ,әділдік емес пара мен кім дауысты көп жиса сол болыс болды. Бұрын Қандайлыққа екі рет, Келеске бір датқалыққа сайланған Аббас жаңа сайлау болыстыққа түссем қалай болар екен деп Шымкенттің түбінде Ақбұлақтағы Мәделіқожаға хат жазады.

Мәделіқожа бұл саясатты ұнатпай Аббасқа мына хатты жазады:
Бір жан жоқ болыстыққа талас емес,
Бір-бірінен көңілі аласа емес,
Бір Құдайдан басқаға еш сенбеген
Біздің қожа үш жүздің баласы емес.
 
Бастан бұлыт кетпейді күн жайланып,
Сақау озды, шешеннен тіл байланып,
Тұлпардан есек озып бәйге алып тұр,
Бұл күнде заман кеткен теріс айналып.
 
Тұлпар басы қайта ма тасқа ұрынбай,
Ораз атаң отаудың басқұрындай.
Жаманға жақсы күнде еткен ісің
Ене табар Қайнардың қасқырындай.
 
Шын болат шынар шапсаң майрылмас-ты,
Ермек бажаң ұраны «Айрылмас»-ты,
Бір жаман ұран айтып шауқым салса
Бажаң түгіл қатының қайрылмас-ты.
 
Бұрыннан өткен істі қуғаным жоқ,
Болмас іске белімді буғаным жоқ,
Ақылға Апылатындай болса-дағы
Бұл күнде болыс болмас туғаны жоқ.
 
Оман аққан дарияның құруы жоқ,
Әділ төре билігін бұруы жоқ,
Тіріліп Наушаруан әділ келсе
Бұл күнде болыс болмас ұруы жоқ.
 
Насыбайға жарымас шақшасы жоқ,
Қызға көпшік жараспас боқшасы жоқ,
Ыбыратқа Үрістем дастан болсаңдағы
Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ.
 
Керуен шығар қалаға қостарымен,
Амандасып кетеді достарымен,
Әркім теке қояды өз лағын,
Ісі бар ма біреудің қошқарымен?
 
Әркім тойда сөйлесер іңкәрімен,
Бектер ауға шығады сұңқарымен,
Әркім бақпай өзінің қотыр тайын,
Ісі бар ма біреудің тұлпарымен?
 
Бір атты бір атпенен өңгере ме,
Аюын арыстаннан кем көре ме?
Әркім бақпай өзінің көтеремін
Біреудің тұлпарына жем бере ме?
 
Асқар таудың айдыны қарыменен,
Өзен көркем көрінер жарыменен,
Әркім үкі тағады ботасына,
Ісі бар ма біреудің нарыменен?
 
Ақшаңды шашып қара сенбесең,
Құлан жылқы бола ма кісендесең?
Ағайынның аздығы бос тұрғаным,
Болмаса мен де осал кісі емес ем.
 
Қартайып ақылымнан танғаным жоқ,
Өлеңде алдыма жан салғаным жоқ.
Ұруымның аздығы бұл тұрысым,
Болмаса ыбырат таппай қалғаным жоқ.
 
Көкірегім дариядай шалқушы еді,
Қызыл тілім кемедей қалқушы еді,
Сөйлесем мың кісінің ортасында
Тыңдаған қорғасындай балқушы еді.
 
Қанша шешен болғанмен тілің балдай,
Қалың жұртың болмаса қара талдай,
Қара тасты балқытсын қанша тілің
Сайлау күні болмайды керімсалдай.
 
Есті кісі есермен ойнамайды,
Бойы қысқа тереңге бойламайды,
Ақша берген кісіні болыс сайлап
Елу басы ел қамын ойламайды.
 
Сөйлейді әр алуан пенде асы,
Жыласа қабыл болар көздің жасы,
Закүн жабу жабады жалпуышпен
Есекті ат сайласа елу басы.
 
Адал жүрген жігітке Алла жар-ды,
Арам жүрген жігіттің пейілі тар-ды,
Үкімдардың сайлауы әділетті
Өз қолыңа береді ықтиярды.
 
Көп әкімді өткіздік көзімізбен,
Қате кетсе кешірерсіз сөзімізден,
Үкімдар әділетпен сайлар түзу,
Бұқара, ағат кетсе – өзімізден.
 
Қарағай тораңғыдан өсер бойлап,
Елубасы іс қылмас түбін ойлап,
Осы күнде көбінің миы ашып жүр,
Жол көрмеген есерді болыс сайлап.
 
Баз болыстар қарызға батып жүрсің,
Бал деп ұрттап зәһарды татып жүрсің,
Үкімдар ықтиярды берді өзіңе,
Бұқара, бір-біріңді сатып жүрсің!
 
Сөзі үлгі келеді пәһімдінің,
Онбасысы көп шығар жақындының,
Ақша шашқан адамдар болыс болып,
Бәрі де жайында жүр ақылдының.
 
Құдайым барша жанды жаратып тұр,
Бірін аз, бірін көп қып таратып тұр,
Елубасы тышқанды болыс сайлап,
Арыстанды аузына қаратып тұр.
 
Бақ келіп қонып жатыр малы барға,
Малсыздың мансап қуар әлі бар ма?
Тұйғынды аспандағы ілем деп жүр
Ауылда боқ жеп жүрген ала қарға.
 
Жылдар өтіп барады замандарда,
Бұлбұлмын деп сайрайды жаман қарға
Тұлпардан есек озып бәйге алып тұр,
Әттең-ай амал бар ма, амал бар ма?
 
Ат жақсы, атан күшті жалыменен,
Бай мықты, батыр шешен малыменен,
Болсаң да қанша жақсы жат сыйламас,
Әркімді алсын Құдай табыменен – деп елдегі жағдайды толығымен айтып шығады.Бұл жердегі Ермек бажаң ұраны «Айрылмасты» деп отырғаны Казырғы Абай базар (бұрынғы Ешан базар) маңындағы Шапрашты Көк мойынның Ермек бір жақсы жігіті Аббастың бажасы. Бірақ қанша жақын болғаны мен ат қулағы теңесетін күн туса бажаң тұрмақ қатыныңда қарамай кетеді. «Ораз атаң отаудың бас құрындай»деп 15-20 үйлі Жағалбайлының салмағы, көлемі отау үйдің «басқұры» шаңырақты жабатын киізіндей-ақ дейді.  Қазырғы күні сайлау әділ шешілмейді,елу басы есекті ат сайлаймын деп барса, закон бұл болмайды деп айтпақ тұрмақ,үстіне жабу жауып марапаттайды.Солай бола тұрсада ел жақсылары бірлесіп болыс болғысы кеп тұрғанды емес,болыс болуы керек адамды сайласа болар еді, оған елді ойлайтын еш кім жоқ.

«Үкімдар бар билікті берді өзіңе,
Бұқара бір біріңді сатып жүрсің» деп егер өзді өзің ауыз біріктірсең сендерді алатын жау жоқ еді.

Көп болысты өткіздік көзімізден,
Қате кетсе кешіргейсіз сөзімізден.
Үкімдар бар билікті берді өзіңе,
Бұхара ағат кетсе өзіңізден – деп қара халықтың ауыз бірлігінің  ашық айтқаны мен қолдан келер ештеңенің жоқ екенін мойындайды. Болыс болу үшін ағайының, ақшаң болуы керек. Қара талдай қалын елің болмаса, қара тасты еріткен қара тілдің құны көк тиын. Бұл сол дәуірде барлық көкірегі ояу қазақтың ортақ қайғысы. Бірақ оған елең ете қояр ешкім жоқ.

Дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button