Жарық нұрдың сәулесі

Етжемес Ешан ата

Алла разылығы үшін Құран оқылып, бата жасалатын ас-жиындардың   ішіндегі  «Дербісана», «Тасаттық» ұғымдарының «Жылдық ас», «40 күндік ас», «7 күндік ас», «Құдайы тамақ», «Садақа» деп аталатын діни салт, дәстүрлерімізден өзгешелігі бар.   Ол өзгешелік жиынды жеке адам емес, ауыл халқы болып ұйымдасып  өткізуден көрінеді.Бұл үрдіс ауқымды діни шара ретінде қалыптасып келеді.Оған ҚМДБ тарапынан жыл сайынғы   жер-жерлерде көктемгі мазар тазалау шарасын «Дербісана» деп атауы кең жол ашқандай. Сол күні мазар тазалауға қатысатындар жекелей де, ұйымдасыпта қазан көтеріп, дастархан жайып сүйектері осында жатқандар мен басқа да әруақтарға арнап құран бағыштайтын болды. Бұл шара еліміздің азаттығын алғаннан кейінгі, қайтадан қолға алған  маңызды діни  дәстүріміздің  біріне айналып келеді.Бұл жалған және  мәңгілік  өмірдің бар екендігіне иман келтіруші  мұсылман қауымның жас ұрпағын тәрбиелеуде теңдесі жоқ салт-дәстүр екендігі анық. Мазарда  сүйегі жатқандар: «Біз де сіздей болғанбыз, сіздер де біздей боласыз, Аллаңды   ұмытпа,ақырыңды ойла!» деп ескертіп тұрғандай.

Аллаға бар ынты-шынтысымен берілген Баба Шадманқожаұлы (1833-1913),  диқаншылықтың шебері болған Салықбек ахун мен Шажүсіпқожа ешанды  пір  тұтып, оларға бірнеше жыл шәкірт болып,ұстаздарының мөрлері  басылған, ешандық дәрежеге  жеткендігін растайтын қағаз алады. Білімін әлі  де жетілдіруді  мақсат еткен жас ешан, Ташкент түбіндегі, сол кезде  қазақтар көп жасайтын Көкше елді мекеніндегі Шайх Зайниддин баба (1164-1269) сағанасындағы сыз әрі қара көлеңкелі қылуетке түсіп,жер бетіндегі тіршілікті тәрк етіп, Аллаға 40 рет 40 күннен (1600 тәулік) мінажат етті. Осыған дейін алған білімімен Жаратқанға жақындау жолын іздеген ол,басқаларымыз біле алмайтын, анығырағы ақылымыз жете бермейтін, Алла сыйлаған қасиеттерге ие болды. Оны Алланың мейірімі, жарылқауы ретінде қара халықтың игілігіне жаратты.Жалғыз ғана Жаратушымыз дың бар екендігін, өзінің адам  таңқаларлық  кереметтерімен біздің  арғы  бабаларымызға көрсетті.      Рухани әлеммен байланысқа қолы жеткен ешан атамыз әулие  атанды,дін ғұламасы  деп танылды.  Құдай  жалғыз,ол  әуелден бар болған, ол мәңгілік  деген  адамға, Алланың сүйікті құлы  Ет жемес ешан атаның  әруағы араға түсіп,  әлі де  қолдауын көрсетіп келеді. Бастарына іс түскен немесе ауыр ған адамдардың  Иман  шарттарына  адал болып,  Ет жемес ешан атаны уәсила етіп, Аллаға жалбарын ғанда  мәселелерінің оң шешім тапқанын  ризашылықпен  айтатындар   халық  арасында  көп.

Ет жемес ешан ата туралы бір ғасыр бұрын жазбаша дерек қалдырған, патшалық ресейдің генералы Н.С.Лыкошин (1870-1922) өзінің «Түркістанда  өткен жарты ғұмыр» кітабында, Ет жемес ешан атаның «дербісанасына» 500  адамға дейін жарлы-жақыбайлар қатысып,тамақтанатынын жазған. Осынша адамды тойындыратындай ешан атаның өзінде байлық болмаған. Генералдың жазғанына қарағанда,Ешан ата мүридтері мен жеке адамдардан келген сый-сияпаттар, қайтадан халықтың мұң-мұқтажына (арық  қазу,көпір салу,бау-бақша өсіру,жоқ-жұқаналарға азық-түлік тарқату т.б.)  жұмсалатын. Соның бір жарқын көрінісі – дербісана өткізу еді.

Енді бір ауыз сөз,дербісана сөзі туралы.Бұл сөздің төркіні парсы тіліне барып тіреледі. Қазақ тілінің заңдылығына сәйкес дыбысталатын «дербісана» сөзі қазіргі таңда парсыларыңызға мүлде түсініксіз. Бастапқы парсы тілінің мағынасы да, формасы да өзгерген.Таза қазақ тіліне айналған. Қазақ тіліндегі  тура мағынасы—көпшілік болып, ұйымдасып Алла разылығы үшін берілетін садақаға барып тіреледі.Садақа—сіз қалтаңыздан  шығарып беретін ақшамен немесе сіз жайған дастарханмен шектелмейді.Ол сіздің мұқтаж адамға еңбегіңізбен көмектесуіңізбен де есептелуі мүмкін. Халқыңа,ұлтыңа  жасаған  ақысыз  қызметің  де  соған жатады.Оның жарқын үлгісі деп,1872 жылғы Ташкентте,1892-жылғы қазіргі Қызылорда мен Шымкент ортасындағы елде оба ауруы тарқағанда, оны тоқтату  үшін, «Ет жемес ешан» атаның емшілік жүргізген  жан қиярлық еңбегін  айтуға болады.

  Қазіргі «Сарыағаш» шипажайының  батыс жағында,көз жетер жердегі  Құдайқұлдардың  ескі  қыстауына алғаш көшіп  келген 1866-жылы,  Ешан Баба 33 жасқа енді ғана толған еді.  Орыс Ташкентті Қоқандықтардан тартып алғанының   екінші жылы болатын.Генерал Н.С.Лыкошиннің жазбасында Ешан Бабаның қазақтар арасында жасаған кезінде 4 жерде жер асты мешіті-қылуеті болған делінген. Соның біріншісі,  кейін  бүкіл Ташкент өңіріне «Ешан бау»  деген атпен белгілі болған  ауылдағы  «Ешан ата мазарының»  күн шығыс жағынан қазылған  еді.

  Ет жемес ешан ата осы ауылда талай рет дербісана өткізген.Алланың өзі және оның Құрандағы сөзі туралы жиналғандар алдында уағыз-насихатын  жүргізген.Яссауи бабамыздың хикметтерін оқыған, көпшілік болып Зікір салып–Алланы еске алған. Соңынан жаңадан көк шығып,дала құлпыра бастаған шақта халықтың, жалпы мұсылманның биылғы жаңа жылда денсаулықтарының  жақсы, жұмыстарының жемісті,бала-шағаларының аман болуларын бір Алладан сұраған.

Сарыағаш  аудандық  әкімдігінің қолдауымен  және  Аудандық ардагерлер  кеңесі мен «Біртілек»  ауылдық округ  әкімдігінің   ұйымдастыруымен,ҚМДБ-ның  Келес өңірлік  өкілдігінің  мақұлдауымен,  «Абай», «Оразата» ауылдарындағы «Ешан Баба», «Ешан бау», тағы басқа да мешіттер  жамағаттары  ықыластарымен, 2017-жылдың     2 және 23-сәуір, жексенбі күндері  Оразата  елді мекеніндегі  ескі  «Ешан бау» ауылының қырында, Ет жемес ешан атаның атынан  ашық аспан астында  дербісана өткізу келісілді. 2-сәуір күні  «Ешаната мазарын» тазалау және жөндеу жұмыстары  жүргізілді.

Ал 23-сәуір—ерекше күн!  2017-жылдың  Миғраж түні дәл осы 23-24 сәуір  күнгі түндердің  түйіскен кезіне  тура келіп тұр.  Осы  мезгілде Мұхаммед  (с.ғ.с.) пайғамбарымыз  Алла  Тағаланың құзырына көтеріліп, тілдескен. Бес уақыт намаз құлшылығын үмбетіне парыз қылып алған  қасиетті күн! Ет жемес ешан атаның атынан өткізілетін дербісана осы қасиетті  түннің  қарсаңына   тура келіп тұр. Осы күнгі  сауапты ісіңіз де, күна тірлігіңіз де  70  есеге артығымен есептеледі екен! Ойланайық,ағайын!

Дербісананың  бұл  күнгі  бағдарламасы  өте ауқымды  діни,мәдени шараларға  бай болмақ.Осыны естігендердің ешқайсысы да бұл сауапты шараға қатысудан  шет қалғысы келмес.Әсіресе, Ет жемес ешан атаны әулие деп қадірлейтін  және  «Ешаната  мазарында»  жерленген ата-ана,туыс-бауырлары бар алыстағы, жақындағы  ағайындар,осы хабардан  құлағдар  болса, бұл бас қосудан  қалмас. Ұйымдастыру  комиссиясы   сол күндерде  жарық күннің ұзарып қалатынын ескеріп, қатысушыларды аптапты ыстыққа қалдырмаудың амалы деп,бұл ауқымды шараны  таңертең  ерте,сағат 10.00 ден кешіктірмей  бастауды  жөн көрді.

Сарыағаш қаласы мен Абай кентін байланыстырып жатқан даңғыл жолдың бойындағы  «Оразата»  ауылында, Талғат Бигелдинов атындағы үш қабатты орта мектеп тұсында, оңтүстікке қарай бағыт алған,Ет жемес ешан атаның теберік ізі қалған жол бар.Сол күні осыдан 130 жыл бұрынғыдағыдай таңертең, «Ешан бау» ауылының  орнына апаратын  осы жолмен,  бала-шағасын  жанына алып  кетіп бара  жатқан  көпшіліктің әрқайсысы  Алланың разылығынан үмітті.Балтырын бұлтитып  шорти киген жігіттер,  бөксесін «ойнатып»  етексіз, көкірегі  ашық  көйлек киген   қыз-келіншектер  бүгін көшеге шықпас.

Мына нөпір халық,  ертеректе (мүмкін жуырда) әлемнен өткен  ата-анасы, туысқан бауырлары  жерленген,  «Ешаната  мазарынан»  жарты шақырымдай  жердегі,  «Кескен» арықтың күн батыс  жағындағы  көгалды қыратты бетке алып  кетіп  бара жатады.Олардан басқа,  Ет жемес ешан атаны қадір тұтатын  алыс аймақтардан  келген  ағайындар  да аз болмас. Араларында  Қыдыр ата  сияқты  киінген,ақ сақалды, ақ шапанды  Алматылық  Амантай қажыны көріп қалсаңыз  таң қалмаңыз. Бәрі  киелі Келес өзеніндегі көпірден өтіп,қырға қарай көтеріліп бара жатады.Ары қарай Ешан атадан қалған  әуіздің жанына жетіп,әліге дейін айнадай болып жатқан теберік суға бір қарап, жүрісін одан әрі жалғастырады. Әудем жердегі «Ешан арықтан» өтсе, аржағында  «Ешаната мазары» көрініп тұр.

Осы күнгі дербісанада  бұйырып тұрған рухани азықтан Алла нәсіп еткен  сыбағамызды, жамағатпен бірге  алуымыздың теңдесі жоқ мүмкіндігі туайын деп тұр.ҚМДБ-ның бастамасымен «дербісана» деп аталып,өмірімізге дендеп ене  бастаған,  бұл діни  шараның  Мәуліт  сияқты  тағлымы мол  бас қосуға  айналып келе жатқандығына   куә боламыз.

Бұл күнгі  дербісанаға қатысуға келген  халық,  ескі «Ешан бау» ауылының  қырында  тұрып  Қазығұрт  тауының, ескі  Сарыағаш ауылының  (Шеңгелді), Жабай ата, Шәймерден, Ер Дәуіт,Сек-сек  ата  әулиелердің, Әлімтаудың, Бозайдың, Шардараның қай тұста екенін оңай ажыратуына болады. Ташкенттегі биік үйлердің төбелері көз ұшында тұрса, телемұнарасы анық көрінеді.Осында тұрып, Келестің ағысымен төмен қарай  ойша ойыссаңыз, ақын Зиябек Рүстемов жырлаған тарихи төбелердің, Қаңлы еліне тиесілі  ескі қаланың, Қарауыл төбенің, Күлтөбенің, жасанды  Шардара  «теңізінің» астында қалған Ақтөбе қаласының орындарын  және  «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде  жан сауғалап, Арқадан  ауған ағайындардың  біразына пана болған, Келестің Сырдарияға  құйған тұсын  көкірек көзіңізбен көруіңізге болады.

Осы  аталған  аймақтар көптеген ғасырлар бұрын  Тұмар ханымның,  Александр Македанскидің, Ұлы Түрік қағандарының,оның ішінде Османлы империясының негізін қалаған, Келестік түріктердің ұлы көшін бастаған  Сүлеймен  патшаның, Әмір темірдің, Асан қайғының, Ташкенттегі   Тұрсын ханның,Түркістандағы  Есім хан мен оның мұрагері Салқам Жәңгір ханның, Самархан билеушісі  Жалаңтөс бахадырдың, Төле  мен Айтеке билердің, Абылай хан мен  Шанышқылы Бердіқожа батырдың, осы елдің жиені Қабанбай батырдың,  Молда Қошық датқаның, Майлықожа ақынның  және  «Менің Қазақстаным» әнін  (қазіргі әнұран)  Қазаққа алғаш есіттірген  Жамал Омарованың  табандары тиген  жерлер болғандығын  білуге тиістіміз.

Бүгінгі жиынға қатысушылар  оңтүстік қазақтарына  жарты ғасырдан астам уақыт,  діни сауаттылықтың  және  егіншілік мәдениетінің ұрығын сепкен,осы жерлерді қазіргідей қуатты техника жоқ заманда  суландырып,елді бау-бақша өсіруге баулыған әулие —  Ет жемес ешан атаның тәбәрік табаны тиген топырақта тұрғандарын  білсін.  Әулие Ыса ата  сағанасы («Сарыағаш» шипажайының солтүстік-шығысындағы  төбеде) тұсындағы   Келес  өзенінің  иініне тоған  салдырып,суды бөгеп, содан бері қарай  арықтар, кескендер қаздырып,осы тұсқа су келтіріп, «Ешан бауы» деп  аталған  елді мекеннің пайда болуына себепші болған.

Ұлтымызды  имандылықтан ажыратып,Құдайсыздандыруды мақсат еткен орыс басқыншыларының  Түркістан өлкесіндегі шексіз билеушісі  (1867-1882- жылдары) атанған,соның арқасында «жарты патша» деп танылған Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман Алланың қаһарына ұшырап, өлетін халге жеткенде, Ет жемес ешан ата  оны Құран аяттарымен  оқу арқылы емдеп жазған.Алла  сөзі жазылған  Құранның  осы құдіретін мойындаған губернатор Исламды қабылдап,әр жұма сайын  25 шақырымдай қашықтықтағы Ташкенттегі резиденциясынан  Ешан ата   имамдық еткен, қазіргі Абай ауылындағы «Ешан Баба» мешітіне   келіп, жұма намазын оқып кететін.  Аттылы әскер қоршауындағы, Түркістан генерал-губернаторы  К.П.Кауфман мінген  пәуеске,  дәл осы жерден    талай рет өткенін,бүгін осында бас қосқан қауым  білсін.Сол аты шулы генерал-губернатор қазіргі «Ешан Баба» мешітінің  орнында,бір мезгілде 3000 адам намаз оқи алатын,6 күмбезді мешіт  те салдырған.

Қазақ шекарасын сақтап қалу жолында,  Сталиннің өзімен  тірескен мемлекеттік қайраткер Сұлтанбек Қожанов мінген  «У-2» («кукурузниктің» арғы «атасы»)  самалеті  өткен ғасырдың  отызыншы жылдарында,   осы жерден 2-3 шақырымдай жердегі  Құдайқұлдар қыстауына  жақын жерге  қонған. Өзбекстаннан  өзі көшіріп әкелген  туыстарының  жағдайымен  танысқан. Балақтарын түріп жіберіп,жаңадан жыртылған жердің топырағын кешіп тұрып, мақта шитін қалай егуді көрсеткен.

Бүгінгі  Ет жемес ешан атаның дербісанасына жиналған халық, тарихы  бай, Қазақтың  кең даласының  бір бөлшегі– киелі  Келес  жерінде тұрғанын  сол күні білуге тиіс.Алаңның ортасына  биік етіп кең  сахна жасалған.Дауыс күшейткіштер  қалың көпшіліктің  алыстағысы  да, жақындағысы да  бірдей  есітетіндей қашықтықтарға  қойылған. Телеоператорлар мен фототілшілер бүгінгі жиынға жиналған  қауымның ішінен,   иллахи әлем  құшағына енген жандардың тебіреністі  сәттерін түсіріп  алса,үлкен олжаға кенелгені.

Жиынға келушілер түгел жиналып болғанша,Жақсыүмбет Оразайұлы  бүкіл түрік әлемінің пірі—Яссауи бабамыздың Құранның  ескі қазақ  тіліндегі хикметтер түріндегі  мазмұнын  қобыз сарынына қосылып орындап отырады. Зікір салып,көпшілікпен бірге Алланы еске алады.Ұлттық  киім киген  «Әжелер ансамбілінің»  мүшелері  Ешан Баба заманындағы аналарымызды еске түсіреді. Алланы мадақтаған,Мұхаммед пайғамбарымызға  салауат айтқан өлеңдері ет жүрегімізді елжіретеді.Жамбылдық  ақын, Серік Қалиевтің  Құран сүрелерінен алған әсерлерін  тақпақтаған үлкенге де,кішіге де түсінікті  өлеңдері  шабытпен  оқылады.

Тарихи орны бар  осы киелі топырақты басып тұрған  халық,алдымен Мұхаммед пайғамбарымызға,одан соң  Ет жемес ешан бабамызға,басқа да әулие-әнбиелерге  және марқұм ата-ана, бабаларымызға,туыстарымызға бағышталған құран  дұғасына  арналған  батаға  қолдарын жайып, беттерін сипап қосылады. Осындай  Алла разылығы үшін өтетін  дұға-тілегі  көп,  садақалы  бас қосуларға  көктен  мың-мыңдаған періштелер  ұшып келіп, әр дұға жасаған кезімізде «әмин» деп қосылып тұрады екен.Құдай сол күнгі тілегімізді берсін деп тілейік.

Дін танушылар  сөздерінің арасында «өлі разы болмай тірі байымайды»  деген сөзге түсініктер береді. Ет жемес ешан атаға арналған Майлықожаұлы Жолбарыс ақынның 1899-жылы жазған және ақын Кендебай Мұртазаұлының 2015-жылы жазған өлеңдері терме әуенімен көпшілікке  есіттіріледі.

Бүгінгі  Ет жемес ешан атаның атынан өткізілетін дербісананың  тәрбиелік мәні  аса жоғары.Қазіргі ғаламданған әлемде кейбір жастар  «бұл  өркениет» деп ермелікпен  бағалаған,рухани жағынан азғындыққа шақыратын  батыстық    әуендер  шектен  тыс  еркінсіп, көбейіп кетті.  Осындай   жат  музыкалық  шығармаларды  қазақшалаған  қаптаған әншісымақтар    арсыздықпен  алдымен тойымызға, одан соң құлақ қап арқылы  жастарымыздың  тікелей миына, одан соң  телеэкран  арқылы  үйімізге кіріп, ұлттық  рухымызды  жаулап,санамызды арбап  жатқаны  жанды  ауыртады.

Бұл күн халықтың  есінде ұзақ сақталатын болады.  Әлемнің Жаратушысын  ұмыттырған  шайтани шуылдақ, бақырауық, тарсылдақ, орындаушылары етегін ашқан, тоңқалаң асқан  еліктіргіш музыкалық шабуылға  қарсы  иманды әндерді еститін боламыз.Алла  туралы, Мұхаммед пайғамбарымыз туралы, Ислам діні туралы мағыналы, жанға жайлы, жағымды әуенді әндерді  бірге  тыңдаймыз.   Тыңдаушылардың  жан  әлемін   ашып, пенденің  мәңгілік  мекенге  қайтқанға  дейінгі  өмір салтының қандай болуы керектігін  насихаттайтын ән-жырлардың   ролі үлкен.Алла құзырындағы жәннат деп аталатын  орынға қалай жетуге болатындығын діни әндер арқылы  ұғындыру, бағыт беру, санаға сіңіру бүгінгі күн  тәрбиесінің ажырамас  басты  бөлігі болуы   керек екенін  ұғынатын кезіміз келді.Ислам діні мен музыканы біріне бірін қарсы қоюдың орынсыз екеніне бұл күні көзіңіз жетеді.

Ет жемес ешанға Жолбарыстан хат.

Жолбарыс Майлықожаның үлкен ұлы.Өз заманында айтулы ақын болған.Көп дүниесі сақталмаған.Өз замандасы Жүсіпқожаның қолжазбасынан алынған Келес бойындағы Етжемес ешанға жазған арнуы ақын мен Етжемес ешанның бурыннан таныс болғанын, өз заманында Етжемес ешан Майлықожаның үйіне қонақ болғанын дәлелдейді.

Ассалаумы әлейкум,
Хазрет ешан піріміз,
Бұл ықлымнан табылмас,
Сіздің сыпат түріңіз.
Сіздің қадам жеткен соң,
Боп еді абат Сырымыз.
Шариғат жұғып кіргенде,
Жуылған кіна кіріміз.
Ғаламға устын адамсыз,
Саламат дауам тұрыңыз.
Халықтың қамын ойлайсыз,
Абат қылып ерге сайлайсыз.
Жаһанға пайда тигізген,
Көрінген халыққа едіңіз.
Көкректе толы нұр болып,
Жайыңыз қадам сыр болып,
Жарасып үйге кірдіңіз.
Біз қызметкер құлыңыз,
Назарды салып жүрдіңіз.
Дүниеден қайтты өткен жыл,
Майлы ақын қожа ініңіз.
Ол еді толық дүріңіз,
Көңліңізге жарасқан,
Кетіп тұр талас құрбыңыз.
Орнында зурият адалмыз,
Үйімізде жатқансыз,
Жәрдем қып арқа жанғансыз,
Сырдың бойы көркейіп,
Кәрәміңіз жаққансыз.
Көп кеткен ықлас назымсыз,
Есіңізге алғайсыз,
Мейірбан назар салғайсыз.
Тыңлап жүрген шайтанды,
Тумсыққа қайтып ұрыңыз,
Біз ғапыл жүрген адасып,
Жәрдем қолын жайғансыз.
Қыйсық жолға кеткенді,
Тұралап жолға бұрыңыз.
Жүрегіміз қабынып,
Көрмекке сізді сағынып,
Сәлем бере,тақсыр деп,
Келіп тұрмыз мына біз.
Майлықожа ініңіз,
Ақын боп озған уағында,
Жандаралды қашырған,
Тұлпардай түсіп табына.
Ол кісі озды қауымнан,
Арық шауып тынбады,
Тұғам деп халықтың қамына.
Артық көрген пір еңіз,
Жолықпай бізге жүр еңіз,
Еңкейдім Сіздің алдыңа.
Көрмекке көңіл сағына,
Сізді Алла аман қылғайды,
Жамиғый халықтың бағына.
Мінажатқа көңіл ерінбес,
Сіз порым адам көрінбес,
Көз жіберіп қарасам,
Қарайған халықтың жамына.
Орыс,қазақ, сарт болып,
Илікті бәрі жұрт болып,
Сіз болдыңыз басқарған,
Халықтардың білген қалыны,
Қайыл емес еш кім жоқ,
Еш кімде Сіздей пайым жоқ,
Ет жемес ешан намына.
Зиярат қыла келгенім
Жалғанда қызмет еңбегім,
Тақсыр-ай жәрдем қылыңыз,
Мүшкіл,ғарып қалыма.
Сағынған Хазрет жанабын,
Есен көрді көзіміз,
Көптен бері болмады,
Орайлаған кезіміз.
Саламат,күйлі бармысыз,
Жанабы Хазрет өзіңіз.
Ахырет киім болыпты,
Бес қарыс мата бөзіміз.
Не ерлерді жоқ қылған,
Дүниеден көңіл қойдыңыз,
Дидарыңыз көргелі,
Зиярат сәлем бергелі,
Хазрет ешан Сізге арнап,
Осы арыз жазған сөзіміз.

Осыдан  бір жарым ғасыр  бұрын,болашақта Ет жемес ешан атанатын жас ешанды,елге ес болсын деп,Келеске көшіріп әкелудің бастамашысы болған, Серназар ата еді.Осы Серназар атамыздың  жетінші  ұрпағы Әлібеков Сержанәлі  Орынбасарұлы  еліміздегі әншілердің ішіндегі діни,иманды әндерді орындаудың  хас шебері  деп танылған.Мәуліт мерекесі кезінде  оны бүкіл еліміздегі  облыстар шақырады.

Осы күнгі  концерттік  бағдарламаға  енген, Сержанәлі орындайтын діни әндердің мазмұны  аса бай.Бірнешеуі  таза араб тілінде, Құран тілінде, Мұхаммед пайғамбарымыздың  тілінде орындалады. Қалғандары қазіргі  ақындар жазған өлеңдерге  композиторлар шығарған әуендерден  құралған.Бұл шығармалар  тыңдаған жұртты рухани байытатын, нағыз өнер  жауһарлары  екендігіне күман жоқ.Орындалар  әндердің  аталымына назар салып көрейікші. «Құран хақ», «Жаралғаныңа  қуан», «Алланың 99 көркем есімі», «Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат», «Ләббайік Алла», «Мейірімді  Алла», «Сақтай гөр Алла», «Ғибрат», «Қиямет  күні»  болып жалғасады. Сержанәлі салған бұл әндерде  Құрандағы Алла сөздері әсем әуенмен әрленеді.Әнші  Алладан кешірім сұрап, бәрімізге  үлгі көрсетеді.

Кешір Алла,кешір Алла,кешірші Алла,күнәмді,
Бір өзіңе сиынамын,қолыма алып Құранды.
Қияметтің келері анық,тартылармыз жауапқа,
Өкінерміз қапы қалып,мұқтаж болып сауапқа.

Бұл,  әнші Сержанәлінің  көкейінде  бұрыннан  жүрген  әуенге,  Жамбылдық ақын  Серік  Қалиевтің қиямет тақырыбына жазған  ұзақ өлеңін  ықшамдап  қосқан,  яғный  шығармашылық одақтан  туған  ән-өлеңнің  алғашқы шумағы.

Ән-өлеңмен  жаныңды  тебірентіп,  бұл дүние мен ол  дүниенің  әңгімесін  әрлеген  Сержанәлінің  айтқандарын  барынша терең ұғынуды  жаны қалаған халық,бір-біріне кедергі жасамай, артық сөзден қашып, құлақтарын  әуенге тосып,тыныштық сақтап ұйып қалады.

Санасы  ғарышқа самғаған  әрбір тыңдаушы,қай жерде жерленгеніне қарамай, артында қалған ұрпақтарынан құран  дәметіп жатқан, ата-бабаларын, әже-аналарын,туыс-бауырларын естеріне алады.Бүгінгі дербісанада оқылған құран аяттарынан пайда болған сауаптардан оларға да тие берсін деп  дұға жасайды. Өзін  Иллахи әлемнің ішінде сезінген  талай тыңдаушының  көзіне жас үйіріледі. Алланың  бар екендігіне  деген сенімінің алдамағанына қуанады. Жаны жай тауып, алдағы күндерінде  иман шарттарына сай  өмір сүруге ниет қылады. Осы ізгілікті  жиынға қатысуды  Алла  СІЗДЕРГЕ де нәсіп етсін,ағайын! 

Оңғар  Исаев,   журналист. 87055548569.                                                                             Келес өңірі

Сарыағаш ауданы.ОҚО.

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу