Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Ыдырыс ғалайһи-уәссалам

Ыдырыс ғалайһи-уәссалам

Ыдырыс ғалайһи-уәссәләм Мысырда Мәниф деген орында дүниеге келген. Ең алғаш жазу ғылымын дүниеге әкелген Ыдырыс ғалайһи-уәссәләм еді. Көп білетіндігі үшін оны Ыдырыс деді. Адам ғ.с.-нан кейінгі ғылымдықты меңгерген үшінші пайғамбар болғандықтан « Мәсәләс Биннағма» – деді.

Ыдырыс ғ.с.ның он қасиеті болды.

Бірінші, пайғамбарлығы. Екінші, ғалымдығы (Жұлдыз ғылымы Ыдырыстан қалған. Сондықтан да оны жұлдыздар ғалымы деген). Үшінші, жазу ғылымын дүниеге әкелген. Төртінші, күмістеуді, зергерлікті танытқан. Бесінші, соғыс құралдарын жасауды ойлап тапқан. Алтыншы, соғысу Ыдырыстан қалған. Жетінші, соғыста қолға түскендерді тұтқынға алу Ыдырыстан қалған. Сегізінші, киім тігуді дүниеге әкелген. Тоғызыншы, «Лә, іләһа ілләллаһ Ыдырыс Нәбиаллаһү Мұхаммед Мұстафа Хаби-боллаһү» – деп қауымын иманға үндеген еді. Оныншы, көкке көтерілген.

Тауарих иелері айтатын: «Шіш ғ.с.-нан соң көп уақыт өтіп, шариғат ұмытылды. Мүмүндердің көбі Қабыл балаларына ілесіп, азып-тозып иманнан шықты. Тура жолдан тайып, жамандық жасауға кірісті. Сол заманда Хақтағала Ыдырыс пайғамбарды жіберген».

Шіш ғ.с. заманынан кейін халық шариғатты білмеуші еді. Ыдырыс ғ.с. жерден, көктен ғибрат алып: «Дүниені жаратқан теңдесі жоқ бір жаратушы бар», – деп халыққа айтады. Күндердің бір күнінде қауымға келіп, Алланың бар екенін сөйледі. Ол қауым Ыдырыс сөзін қабыл етті. Алланың барлығына сенген кісілер саны мыңға жетті. Бірақ олар ғибадат етуді білмейтін еді.

Бір күні Ыдырыс мың адамнан жеті адамды алып, сахараға шықты. Жеті адамның қолдарын көкке көтертіп: «Иә, ғаламды жоқтан бар етуші Алла! Бізге ғибадат етуді үйрет», – деп дұға қылды.

Хақтағала дұғаларын қабыл қылып, отыз парақ кітап енгізді. Шариғатәм ғибадат үйретті. Бұларға шошқа еті харам және тәнге зиян келтіретін нәрселер харам. Алайда неше күн, жыл басында неше күн болатынын, ораза ұстап, намаз оқу, дәрет алуды парыз һәм уәжип екенін білдірді.

Әр күнде Ыдырыс ғ.с. он екі мың тәсбиқ етіп, ғибадат қылды. Ғибадаттың көптігі үшін, періштелермен достығы нығайып, жұлдыз ғылымын меңгерді.

Бір күні Ыдырыс сахарада жүргенде, күннің ыстығы күшейіп, ауырып қалады. Үйіне келіп, «Илләһи, неше мың жылдық алыстықта тұрып, бір күн бізге әсер етті. Бұл күнге өзіңнің құдіретіңмен дұға қыл», – деді. Дұғасы қабыл болып, күннің ыстығын Мүкәл періште әлсіретті.

Күн ыстығынан құтылып: «Иә, Раббым! Күн ыстығын маған жібергенің ашуың ба, әлде рақметің бе?» – деп мінәжат қылды.

Ыдырыс ғ.с.-ға періштенің көңілі түсіп, Хақтағаладан Ыдырыс жанына барып келуге рұқсат сұрайды. Хақтағаланың рұқсатымеи періште Ыдырыс ғ.с.-ға келіп, жақын дос болады. Ыдырыс ғ.с. бір күні періштелерге: «Сен қадірлі Әзірейіл періште айта бар, менің өмірімді біраз ұзартсын. Мен Алла тағалаға ғибадат істеуге өмірімді сарп қыламын», – деді. Періште: «Менің оған күшім жетпейді», – деді. Ыдырыс ғ.с: «Ол белгілі ғой. Солай болса да сен бір қабат өтініп көр», – деп періштеге мінәжат қылды.

Хақтағала періштеге бұйырып: «Ыдырысты Әзірейілге алып бар, өзі сұрасын», – деді. Періште Ыдырысты төртінші қат көкке алып шығып, күн жанына қойып, Әзірейіл ғ.с.-ға келіп: «Менің сенде бір өтінішім бар еді», – дейді. Әзірейіл ғ.с: «Күшім жетсе орындайын, ол не өтініш?!» – деп сұранды. Сонда періште: «Менің бір Ыдырыс атты дос адамым бар еді, соның ажалын кешіктірсеңіз», – дейді. Әзірейіл ғ.с: «Оған менің күшім жетпейді. Бірақ ажалы жақындағанда хабар беремін, – деп, адам ажалының дәптерін алып ашты. – Оның ажалы күннің ыстығынан болады», – деді. Сонда періште: «Мен оны күн жанына қойып кетіп едім», – дейді. Әзірейіл ғ.с: «Олай етсең, Ыдырыстың бар ғұмыры тәмәм болды», – деді. Періште қайтып келіп, Ыдырыстың опат болғанын көрді. Жеті қат көк халқы жаназа намазын оқып, Бәйтел Марғұмға көмді.

Бір рәуәйәтта: Ыдырыс пайғамбар өз заманында барша адамды иманға үндеп, қабылдатты. Жүз шаһар салдыртты. Мұнан соң өлім мехнатын, қабыр қараңғылығын, қияметтің қиындығын ойлап, ғибадат етті. Барша жер жүзі халықтарының ғибадаты көкке жететін. Сол себепті Әзірейіл ғ.с. Ыдырысты көру үшін, Хақтағаладан рұқсат сұрады. Хақтағала қабыл етті.

Әзірейіл ғ.с. адам суретіне еніп, Ыдырыс ғ.с.-мен бірге үш күн тұрды. Әзірейіл ғ.с.-ның тамақ ішпей, жемей отырғанын байқап, Ыдырыс ғ.с. оның періште екенін білді. «Сен қай періштесің?» – деп сұрады. Сонда періште; «Мен жан алушы, Әзірейілмін», – деді. Ыдырыс: «Жан алуға келдің бе?» – деп сұрады. Әзірейіл ғ.с: «Жоқ. Сені көруге келдім», – деді. Ыдырыс ғ.с: «Жанымды ал, өлім ащысын көрейін», – деді.

Әзірейіл ғ.с. Хақтағаладан азан сұрады. Сол сәтте кітап келді. «Құлым Ыдырыс не тілесе соны орында», – деген екен.

Мұнан соң Әзірейіл ғ.с. Ыдырыстың жанын алды да, сонан соң тәніне қайта жіберді. Ыдырыс ғ.с. өліп қайта тірілді.

Ыдырыс ғ.с: «Және бір тілегім бар. Мені көкке алып шық. Жәһәннәмді һәм жұмақты көрейін», – деді. Әзірейіл ғ.с: «Сондағы мақсатың не нәрсе?» дегенде, Ыдырыс: «Жұмақ, тамұқты көріп, ғибадатқа ыждаһатым артсын», – деді. Әзірейіл ғ.с. тамұққа алып келіп, Мәлікке айтты: «Тамұқ қанатын аш, Ыдырыс көрсін», – деді. Мәлік Алла әмірімен тамұқты ашты. Ыдырыс көріп болып: «Енді мені жұмаққа апар», – деді.

Әзірейіл ғ.с. жұмаққа алып барды. Ыдырыс жұмаққа кіріп, жұмақ нығыметтерін, хор қыздарын, жұмақ иелерінің қызметкерлерін көргеннен соң ғажайыпқа таң қалып, жұбанды.

Әзірейіл ғ.с: «Әй, Ыдырыс! Енді шық. Өз орныңа жеткізейін», – дегенде. Ыдырыс ғ.с: «Мен шықпаймын. Алла тағаланың үкімін күтемін», – деді. Хақтағала бұларға періште жіберді. Әзірейіл ғ.с. болған оқиғаны бастанаяқ баяндайды. Періште: «Сіз не айтар едіңіз?» – деді Ыдырыс ғ.с.-ға. «Менің жұмақтан шыққым келмейді», – деді Ыдырыс ғ.с. Сонда періште: «Жұмаққа кіруге сіздің уақытыңыз әлі жетпеген», – дейді. Ыдырыс ғ.с: «Маған уақыт жетті. Өлім шәрбатын татқанмын, осында боламын», – деді.

Ыдырыс ғ.с: «Маған уақыт жетті», – десе, періште: «Жоқ» – дейді. Ыдырыс ғ.с. айтты: «Аллатағала әркім өлім шәрбатын татушы – деген. Мен өлім шәрбатін іштім. Екінші, Хақтағала: «Сізден ешкім тамұққа келмеді» – десе, мен тамұққа бардым. Үшінші, Хақтағала, жұмақ иесі хақында: «Жұмаққа кірген адам мәңгілік. Жұмақтан қайта шыққанды ешкім естіген емес», – деді. Періштелер не істерін білмей тұрғанда Хақтағаладан әмір болды. «Ол құлым дәлелімен сөйледі. Сондықтан жұмақта тұрсын». Ыдырыс ғ.с. бір уақытта жұмақта, бір уақытта төртінші қат көкте, бір уақытта алтыншы қат көкте періштелермен бірге ғибадат қылған. «Олла һү ағлам бессауби».

Енді бір рәуәйтта: «Қиямет күніне дейін төрт пайғамбар тірі еді. Екеуі көкте, екеуі жерде. Көкте Ыдырыс ғ.с. мен Ғайса ғ.с. тұр. Жерде Қызыр мен Ілияс ғ.с. бар. Қиямет күні бұл төрт пайғамбардың үшеуі өлер, біреуі тірі қалар. Тірі қалатыны осы, Ыдырыс ғ.с».

Жұмақта болғаны үшін, тамұқ әлегі Ыдырыста жоқ. Сондықтан ол – мәңгілік.

Сәбәтұлғажизин рәуәйтінде: Ыдырыс ғ.с. алпыс бес жасында Рума есімді қатынды некелікке алған еді. Одан дүниеге Мүтәшлих есімді бала келді. Мүтәшлих, яғни шат мағынасында.

Хазірет Мұхаммед ғ.с.-нің нұры Мүтәшлихқа көшті. Мүшәтлих жүз сексен жасында Ғария есімді бір қатын алды. Онан бір бала дүниеге келді. Есімін Ләмәк қойды (Ләмәк, яғни ұлы деген мағынада).

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның нұры Ләмәкке көшті. Мүшатлих тоғыз жүз алпыс тоғыз жасында қайтыс болды. Ләмәк сексен екі жасында Қайнүш есімді қатын алды. Одан Нұһ ғалайһи-уәссәләм дүниеге келді.

НҰҺ ҒАЛАЙҺИ-УӘССӘЛӘМ

Нұһ ғалайһи-уәссәләмнің негізгі есімі Иашкар еді. Көп жылағандығы үшін Нұһ атанды. Нұһ – жылауық мағынасында. Нұһтің жылауының үш себебі бар.

1-себебі: Бір күні Нұһ ғ.с. жанынан жарақаты бар бір сасық ит өтеді. Нұһ ғ.с. «Әй, қабаһат», – дейді. Сонда ит тілге келіп: «Сен менің түріме қарап айттың ба, әлде жаратушымды айттың ба? Сен мені қайта жарата алмассың. Сені Адам етіп, мені ит етіп жарату Алланың ғана қолынан келер», – деді.

Нұһ ғ.с. бұл сөздің қате айтылғанын біліп, қатты қапаланып жылапты.

2-себебі: Топан суынан соң, Нұһ ғ.с. сахараға шыққанда Ібілісті көрді. Ібіліс айтты: «Сен маған жақсылық жасадың». Нұһ ғ.с: «Әй, малғұн! Сен риза боларлақтай ешнәрсе істеген жоқ едім, неменеге риза болдың?» – деді. Ібіліс: «Мен сенің үмбетің үшін қатты қайғырып, жәһһәнәмдік болса, ыждаһаттық етіп жүрер едім. Сен үмбетіңе қарғыс дұғасын айттың. Олар тәубәсіз, имансыз қалып, тамұқтық болды. Мен мәшеқаттан құтылдым» – деді. Нұһ Ібілістің сөзін естігеннен кейін, «Сабыр қылсам, шайтан сүйсінбеген болар еді», – деп қырық жыл жылады.

3-себебі: Топан су кезінде Нұһ ғ.с. Хақтағаладан ұлы Кәнғанның аман-есен қалуын тілеп: «Иә, Раббым! Ұлым Кәнғанның қателігін кеш, оны сақта» – дегенде Алланың шапағаты тимеді. Ұлы опат болып, Нұһ ғ.с. жылады.

Нұһ ғ.с.-ның пайғамбар болуының екі себебі бар. Ыдырыс ғ.с.-нан кейін ұзақ уақыттан соң дін ұмытылды. Шариғатты ешкім ұстамай жер жүзі азғындыққа толды. Адам ғ.с.-ның: «Қабыл балаларынан қыз алысып, қыз беріспеңіз», – деген өсиеттерінен кейін, Шіш ғ.с. балалары сахарада, Қабыл балалары шаһарларда тұратын еді.

Ібіліс лағнет бір күні Қабыл балаларының біріне жалданып, қызметке тұрды. Ібіліс ойын ұйымдастырып, оның дауысын қожайын естіді. Бұрын-соңды мұндай дауысты естімеген олар ойын көруге шықты. Ібіліс осы ойынды жылына бір мәрте жасап тұруға уағда алды.

Екінші жылғы осындай бір ойында барша еркек пен әйелдер жиналып, үлкен мейрамға ұласты.

Шіш балалары да бұл мейрамды естіп, көруге келді. Ерлер мен әйелдері жиналған бұл мерекеде Қабыл балалары өте көркем еді. Сол себептен Шіш балалары олармен етене араласып кетті де, өсиет ұмытылып қалды. Сондықтан олар мұсылманшылықты ұмытып, пұтқа табына бастады.

Адам ғ.с. опат болған соң, кәпірлер Шіш ғ.с.-ға зират салдырмады. Оларға шайтан: «Мен сіздерге адам суретін жасап берейін. Бабаңыздың түсі жасалған сол суретті құрметтеңіз, сауабын аларсыз» – деді. Шіш балалары мұны мақұл көрді. Ібіліс оларға бес пұт жасады. Біріншісі Уад, екіншісі – Суағ, үшіншісі – Оғус, төртіншісі – Яғуқ, бесіншісі Насыр суреттері еді. Шіш балалары осы пұттарға ғибадат қыла бастады.

Хақтағала осы қауымға Нұһ ғ.с.-ды пайғамбар етіп жіберді. Пұтқа табынудан тыйып, ақырында топан суымен әлек қылды.

Хақтағала Нұһ ғ.с.-ды барша жер жүзі халықтарына пайғамбар қылды. Нұһ ғ.с. Аллаға мінәжат етіп: «Жер жүзі кең, мен неге олардың бәрін аңдып жүруім керек», – деп ойлады. Хақтағала әмір етіп: «Сен менен естігеніңді жаса», – деді. Сондықтан Нұһ ғ.с. Хақтағаланың өмірі бойынша, қауымды иманға үндеуге кірісті.

«Әй, менің қауымым! Мені Хақтағала сіздерге пайғамбар қылды. Алла біреу деңіз, пұтқа табынбаңыз. Пұтқа табыну – кәпірлік», – деді Нұһ ғ.с. Оның сөзін естігеннен кейін қауымның азғындығы арта түсті. Бұл жағдай Нұһ ғ.с.-ды қатты қапаландырды.

Нұһ ғ.с. әр күні Хақтағала әмірімен: «Әй, қауымым! Алла тағаланың барлығына, оның елшісі пайғамбарға сенеміз деп, Ләіллһә ілла ллаһ айтып, пұтқа табынбаңыз» – деді. Бұл насихатқа көнбеген қалың қауым, Нұһ ғ.с.-ға тас лақтырып, оны өлдіге санап кетіп қалған еді.

Жебірейіл ғ.с. Нұһ ғ.с.-ды тастың ішінен шығарысып, балаларымен бірге Нұһті үйіне алып келді. Таң атқанша Хақтағала саулық беріп, аман-есен етті.

Нұһ ғ.с. қауымын тоғыз жүз жыл бойы иманға үндеген еді. Бірақ насихатына балаларының өзі сенбей, «Мұның сөзіне біз де сенбейміз, ол диуана» – деп тамұқтық болды.

Бір күні Нұһ қауымының үлкендерінің арасынан Қасы есімді қарт Жарұт деген ұлын ертіп келіп, Нұһ ғ.с.ның мүбәрәк жүзіне түкірді. Сонан соң ұлы Жарұтқа: «Бұл диуана, біздің ата-бабамыздың дінін ұмыттырмақ. Мен не істесем, сен де соны істеп, қолыңнан келсе, мұны қина», – деді. Жарүт малғұн Қасым малғұнның таяғын алып, Нұһ пайғамбарды қинап, басынан соққанда Нұһтің басы жарылып, басынан қан ағып, сақалын бояды. Сонда Нұһ ғ.с. ентігіп, Хақтағалаға зар қылды. «Әй, Раббым! Құлдарыңның маған істеген қылығын көріп тұрсың. Бұларға ғидаят бер, маған сабыр бер», – деді.

Хақтағала пайғамбар дұғасын қабыл етіп: «Енді маған залымдар хақында сөз айтпа! Олардың барлығы суға ғарақ болушылар. Менің жәрдеміммен бір кеме жаса», – деген кітап келді.

Сонан соң Нұһ ғ.с: «Кеме деген не нәрсе екен? Оны қалай жасар екенмін», – деп қинала бастады.

Жебірейіл ғ.с. жұмақтан саж ағаштарын келтіріп, Нұһ ғ.с.-ға: «Осы ағаштарды жерге отырғыз», – деді. Нұһ ағаштарды жерге отырғызып, өсіп шығуын күтті. Саж ағашы Үнді жерінде бар. Түсі қара, өте биік ағаш.

Нұһ ғ.с. отырғызған Саж ағашы қырық жылда өсті. Қырық жылдан соң, Жебірейіл ғ.с. Нұһқа ол ағаштарды кесіп, кеме жасауды үйретті.

Шәмә ил-фатут Ахмади кітабында айтады:

Нұһ ғ.с. Сәж ағаштары өскен заманда халқын иманға насихаттамады. Қырық жыл бойы жерден өсімдік шықпай, көктен жаңбыр тамбай, қатындар құрсақ көтермей қойды.

Нұһ ғ.с.-ның кеме жасап жатқанын көріп, халқы: «Не жасап жатырсың?» – деп сұрайды. Нұһ ғ.с. «Кеме жасап жатырмын!», – дегенде, олар Нұһті мазақ етіп: «Диуана, сен одан да есек сатып алып, соған ыңыршақ жаса!», – деп күліскен еді. Нұһ ғ.с. оларға: «Сен бүгін маған күлесің, топан суы келгенде мен саған күлермін», – деді. Халқы тағы да: «Көктен жаңбыр жаумай жатса, қайдағы топан су. Бәлкім, жаңбырдың қайда екенін сен білерсің, онда!» – деді.

Нұһ ғ.с. мінәжат етіп: «Илләһи, топан қашан келер?» – деп сұрады. Хақтағаладан кітап келді. «Үйіндегі пешінің ішінен су шыққан күні топан суы келер».

Нұһ ғ.с. ұлдарымен бірге кеме жасады. Бір рәуәйәтта Нұһ ғ.с.-ның екі ұлы бар десе, бір рәуәйәтта үш ұлы бар дейді. Кәнгән есімдісі Нұһ ғ.с.-ға қарсы шыққан еді. Оның анасы кәпір болатын.

Кеме жасалып бітпеген еді. Бір рәуәйтта, кеменің ұзындығы үш жүз аршын, биіктігі екі жүз аршын дейді.

Ал Кәғбал Акбардың айтуында, кеменің ұзындығы мың екі жүз аршын, биіктігі алты жүз аршын.

Кемеге жиырма төрт мың темір қазық қаққан. Олардың әр біріне пайғамбарлар есімі жазылған. Мұхаммед пайғамбар есімі жазылған қазықты Ібіліс малғұн ұрлады. Нұһ ғ.с. Ібілістің алғанын біліп: «Сен алдың, қайтар», – десе, Ібіліс ант-су ішіп, мойындамай қояды. Сол кезде Жебірейіл ғ.с. келіп: «Әй, малғұн! Тез қайтар», – дейді. Ібіліс қазықты әкеліп береді. Сөйтіп, кеме жасалып бітеді.

Бір күні Нұһ ғ.с.-ның әйелі пешке нан пісіріп отыр еді, пеш ішінен атылып су шығады. Ол Нұһ ғ.с.-ға хабар береді. Сол сәтте Нұһ ғ.с. иман келтірген адамдарын жиып, ішер суы мен тамағын кемеге енгізді. Иман келтірушілер Нұһ ғ.с.-ның туыстарымен санағанда сексен кісі еді.

Хақтағаладан әмір жетті: «Кемеңе барша жануарлардан, құстардан, төрт аяқты хайуаннан сыңарларымен кіргіз. Нәсілдері құрып кетпесін. Нұһ ғ.с: «Иә, Раббым! Ол жануарлар арасында бір-бірімен дұшпандары да бар. Олар кеме ішінде төбелеспей тұра алмас», – деді. Хақтағала: «Оларды бірін-біріне дұшпан еткен кім?» – деді. Нұһ ғ.с: «Сен», – деді. Хақтағала: «Олай болса, дұшпан қылдыратын да, дос ететін де мен», – деді.

Кеме үш қабаттан тұратын. Үшінші қабатына қанатты құстар кірді. Ортаңғы қабатына Нұһ ғ.с. қауымы кіріп, астыңғы қабатқа төрт аяқты жануарлар енді.

Арыстан кемеге кірген кезде, Алла тағала оған безгек ауруын беріп, еш хайуанға зиян келтіре алмайтын халге түсті. Жыланның Хақтағала тісін түсіріп, уынан айырды. Шаянның құйрығын түсіріп, зарар қылмас болды.

Нұһ ғ.с.-ның екі ұлы кемеге кірді де Кәнгән кірмей қойды. Нұһ ғ.с: «Әй, ұлым! Дін исламды қабыл етіп, кемеге кір!» – дегенде, Кәнгән: «Тау басына шығармын, топан суы жетпес», – деді. Сонда Нұһ ғ.с: «Алла рахым қылмаған кісіні пәлекеттен сақтау жоқ», – деді. Сол кезде Нұһ ғ.с.-мен Кәнгән арасына толқын еніп, Кәнгән әп-сәтте жоқ болды.

Есектің кемеге кірмей тұрғанын көріп, Нұһ ғ.с. ашуланып: «Кір, малғұн!» – дегенде есек кірді. Есектің құйрығынан Ібіліс малғұн тартып, кіргізбей тұрған екен. Ібіліс қоса кірді. Нұһ ғ.с. кемені қарап жүріп, бір пұшпақтан Ібілісті байқап қалып: «Әй, малғұн! Саған кім рұқсат етті? Шық!» – дегенде, Хақтағала әмір етіп: «Түрсын, шығарма! Оған мен қияметке дейін ғұмыр бергенмін. Бірақ барар орны тамұқта», – деді.

Ібіліс айтты: «Мен сенің рұқсатыңмен кірдім. Сен есекке: «Кір, малғұн!» – дедің. Малғұн деген мен ғой, есек емес», – деді.

Нұһ ғ.с. Алла тағала әмірінен соң Ібілісті кемеден қумады.

Бір рәуәйәтта: Кемеге кіргенде Нұһ ғ.с. Алла әмірімен табыт жасап, сол табытқа Адам ғ.с.-ның денесін салды. Кеменің үстіңгі қабатына әкеліп қойып, табыттың бір жағына ерлерді, бір жағына әйелдерді тұрғызды. Нұһ ғ.с. кемеде жүргенде Ібіліске: «Не себепті, өзіңді дүниеге жария қылып, халықты бүтіндей аздырып, мардұт болдың?» – дегенде, Ібіліс айтты: «Менің мардұттығымнан (мардұт – дін исламға қарсы болу) қайтуымның бір ғана себебі бар. Егер менің тілегімді Алла тағала қабыл етсе», – деді. Нұһ пайғамбар Алла тағаладан Ібілістің тәубасінің қабыл болуын тіледі. Хақтағаладан кітап келді: – Тәубесін қабыл етейін, бірақ ол шартында тұрып, Адам ғ.с.ның табытына сәжде етсін, – деді. Ібіліс сонда: «Мен Адамның тірі кезінде сәжде қылмағанмын. Енді өлі кезінде несіне сәжде етемін», – деді.

Нұһ ғ.с. Ібілістің тәубесі таусылған екен деп ойлады.

Мәлік-Сәнән айтады. Нұһ ғ.с. жылан мен шаянды кемеге кіргізгісі келмеді. Жылан мен шаян уәде беріп: «бізді кіргіз. Кімде кім бізден қорықса, аят оқысын. Біз зиян келтірмеспіз», – деді. Мұнан соң Нұһ пайғамбар оларды кемеге енгізді.

Су кемеге жеткен кезде, кеме жүрмей қалды. Жебірейіл ғ.с. Нұһ ғ.с.-ға айтты: «Кеменің төрт пұшпағына төрт есім жаз», – деді. Нұһ ғ.с. айтты; «Әй, Жебірейіл! Бұл кімдердің есімі?» Жебірейіл ғ.с: «Бұл төрт ғаин Мұхаммед ғ.с.-ның төрт жолдасына бағышталды. Осы төртеуінің себебінен ислам діні қуат табар. Олар: Әбубәкір, хазреті Ғұмар, хазреті Ғұсман, хазреті Ғали есімі», – деді.

Нұһ ғ.с. ережеп айының оны күні кемеге кірді. Алты ай су үстінде жүріп, мұхаррамның оны күні кемеден шықты. Кемеде жүргенде Нұһ ғ.с. ораза ұстады. Сол себепті, ережептің онынан мұхаррамның онына дейін ораза ұстау міндет.

Сауал: Хақтағала кемеге әр жыныс хайуанын бір-бірлеп неше күн жиды?

Жауап: Хақтағаланың әмірімен Нұһ ғ.с. дауыс салып шақырды. Дауысты естіп, жер жүзінің мақұлықтары кемеге кірді.

Жаңбыр қырық күн, қырық түн жауды. Жерден атылып сулар шықты. Көктен жауған жаңбырдың тамшысы диірмен тасындай еді. Аят мағынасы: «Көк, қуатты жаңбыр есікті ашып, жер бұлақтары тағы да көбейіп, көк жүзіне су толды». Кәпір болғандар жазаланды. Көк пен жердің жаңбыры қосылып, тау басынан қырық аршын су асып, толқындар тау іспетті болды. Кеме Хақтағала жәрдемімен жүрді.

Мұса ғалайһи-уәссәләм қиссасынан. Кемеде екі нәрсе жоқ еді, бірі – доңыз, бірі – тышқан. Ағаштар арасында ұсақ тышқандар пайда болып, кемені кеміріп тесті. Сол сәт, кемеге су кіре бастады. Кемедегі халық мұны көріп қорқып, су кірген тесікті іздесе де таба алмады. Сонда, Нұһ ғ.с: «Қайсы жануар бұл тесікті тауып бітесе, тілегін беремін!, – деді. Сол сәтте, жылан: «Ол тесікті мен табамын», – деді. Нұһ ғ.с. «Тілегің не?» – деді. Жылан: «Маған дәмді ет керек», – деді. Нұһ бұл тілекті қабыл етті.

Жылан суға кіріп, тесікті тауып, құйрығын тесікке тығып, иіріліп жатты. Сол сәт судың кіруі де тоқтады. Кемеге кірген суды төгіп, тышқан тескен тесікті балауызбен бекітті.

Топан су біткеннен кейін жылан: «Мен уәдемді күтемін», – деді. Нұһ ғ.с. шыбынға: «Бар, мақұлықтардың етінің дәмін татып көр. Қайсы хайуанның еті дәмді болса, сол жыланға рыздық болсын, дұға етемін»– деді.

Шыбын жер жүзінде жүріп, барша нәрсенің етін татты. Кешігіп жатқан соң жылан ентіге бастады. Нұһ ғ.с. қарлығашты жұмсап: «Бар, шыбынды тауып, келтір», – деді.

Қарлығаш шыбынды тауып: «Неге кешігіп жатырсың?» – деді. Сонда шыбын: «Дүние шіркін еркін екен, сондықтан кешіктім», – деді. Қарлығаш оған: «Иә, қандай мақұлықтың еті дәмді екен?» – деді. Сонда шыбын: «Адам етінен тәтті ет жоқ», – деді. Алланың азанымен Қарлығаш есіне адамның түрлі қасиеті түсіп, айла қылып: «Ол еттің дәмі тілінде әлі сақталған болар. Мен де татып көрейін», – деп шыбынның тілін жұлып алды.

Сөйтіп, шыбынмен қуысып, Қарлығаш Нұһ пайғамбарға келді. Шыбын, быз-быз етіп қатты ызылдады. Нұһ ғ.с. ештеңе аңғармай, Қарлығаштан: «Мынау неғып сөйлей алмай қалған?! – деп сұрады. Сонда Қарлығаш: «Бұл кешігіп қалғандығы себепті ұялып, сөйлей алмай тұр ғой. Әйтпесе, бағана бақа етінен тәтті, ләззатты ет жоқ деп айтқан», – деді.

Нұһ ғ.с. мұнан соң бақа етін жыланға рыздық етіп тағайындады.

Жыланның мақсаты адам еті еді және адам етінен басқа ләззатты еттің жоқ екенін білуші еді. Қарлығаштың жасаған айласын біліп, жылан қарлығашқа тұра ұмтылды. Сол кезде қарлығаштың құйрығы тура келіп, құйрығының ортасы үзіліп қалды. Сол үшін қарлығаш айыр құйрық болды.

Рәуәйәттә: Нұһ ғ.с. кемедегі мақұлықтарға: «Еш біріңіз жұптарыңызбен қауышпаңыз. Көбейіп кетсеңіз кемеге симассыз», – деп әмір етті. Бұл әмірді ит ұстамай, бір күні ұрғашы итпен қауышты. Мұны мысық көріп, Нұһ ғ.с.-ға айтып барады. Нұһ ғ.с. итті шақырып алып кінәлап еді, ит сөзінен танып: «Қауышпадым», – деді. Мысық куәсінің жоқтығынан ұялып, өтірік айтқандай болып қалды. Мысық тағы бірде иттің ұрғашысымен үш мәртебе қауышып, төртінші мәртебесін көргенде құдайға зарлық қылды. «Иә, Раббым! Ит менің сөзімді жалғанға шығарып, пайғамбар алдында қатты ұялтты. Иттің қауышуын кешіктіріп, куә қыл», – деді.

Мысық Нұһ ғ.с.-ға келіп: «Ит төртінші мәртебе қауышпақ, өзің барып көр», – деді. Нұһ ғ.с. барып қараса, ит қауышқан екен. Нұһ ғ.с. итті қатты кінәлағанда, ит қатты ұялып: «Иә, Раббым, бұл мысық мені рәсуә етті. Оны да рәсуә ет», – деп қарғады. Иттің дұғасы қабыл болды. Сондықтан ит те, мысық та қияметте қарғыс дұғалармен әлек болды.

Кемеде тышқан көбейді. Әр жерді бір кеміріп, халықты ренжіте бастады. Нұһ ғ.с. Хақтағалаға жалбарынды. Кітап келіп: «Арыстанның басын сипа», – деп хабар қылды. Нұһ ғ.с. арыстанның басын сипағанда, ол түшкіріп, танауынан екі мысық түсті. Кемедегі қаптаған тышқанды сол екі мысық жойды.

Кемеде мақұлық көп болғандықтан нашар нәжіс иістер өте көбейіп кетті. Нұһ ғ.с. мінәжат қылды. Хақтағаланың хабары келіп:  «Пілдің арқасын сипа», – дейді. Нұһ пілдің арқасын сипады. Екі доңыз пілден шығып, барлық нәжісті асап, жеп бітірді.

Кеме халқы риза болды. Нұһ ғ.с. су үстінде алты ай жүрді. Хақтағала әмірімен жерге су сіңіріп, көктен жаңбырды тыйды. Сонан соң жаңбыр жаумай, жер суларды жұтып, тау төбесі көрінді. Тау басының әрқайсысы: «Нұһ пайғамбар маған тоқтар, мен лайықпын», – дейді. Ал Жүді (Джидда тауы) тауы: «Кеме тоқтау шарапаты маған лайық емес», – деп кішілік қылды. Сондықтан Нұһ ғ.с. кемесі Алла жәрдемімен Жүді тауына тоқтады.

Мұнан соң Нұһ ғ.с: «Жер жүзінің кесапатын көріп, хабар әкел», – деп қарғаны жіберді. Қарға Нұһ ғ.с. бұйрығын ұмытып, бір өлексені көріп, соған алданып ұзаққа айналды. Қарға келмегеннен соң Нұһ ғ.с. қарғаға: «ЬІлайым адамдар көзіне сүйкімсіз көрініп, ырыздығың өлексе болсын», – деп дұға қылып, көгершінді жұмсады.

Көгершін келіп, сулар сіңген жерге қонады. Аяғы құрғап үлгермеген қызыл балшыққа батты. Аузына бір зәйтүн жапырағын алып, Нұһ ғ.с.-ға жер жүзінің хабарын жеткізді.

Нұһ ғ.с. көгершінге қайырлы дұға қылып: «Ылайым тыныш бол! Адамдар көзіне сүйкімді көрін», – деді. Сондықтан да көгершіннің нұры артып, аяқтары қып-қызыл түкті болды.

Кемеден шыққан күн ғашура айы еді. Кемедегі адамдар қараңғыдан жарыққа шыққанда көздері шағылысып, көздеріне сүрме тартты. Сол себепті ғашура күні көзге сүрме тарту дәстүрге айналды.

Мұнан соң, ауа өзгеріске ұшырап, Нұһ ғ.с. халқына оба ауруы пайда болды. Бұл жұқпалы аурудан Нұһ ғ.с.-ның үш ұлы, үш келіні және өзі ғана қалды да, басқалары опат болды. Сонан соң Нұһ ғ.с. жер жүзін балаларына бөлді. Шам шаһарын, Араб сахараларын, парсы жұрттарын баласы Самға берді. Үндістанды, Хабаш жұртын Хамға берді. Чин (Қытай), Мәшин (Вьетнам), Түркістанды Иапаске берді. Тәрхақан, Иапас нәсілінен.

Араб, Рүм (Рим), Парсылар арасындағы халық Сам нәсілінен. Барша қара халық Үндістан маңайындағы Хабаш нәсілінен.

Хам нәсілінің қара болуының себебі бар. Хақтағала Нұһ ғ.с.-ға «Жүзім ағашын отырғыз» деп әмір етеді. Нұһ ғ.с. отырғызған жүзім ағашы Алланың әмірімен сол сағат жапырақтанып, жеміс берді. Шөлдеп отырған Нұһ ғ.с. жүзім суын сығып ішті. Сол сәтте рахаттанып ұйқыға кетті. Жел соғып, Нұһ ғ.с.-ның етегі ашылып, тәні көрініп қалды. Нұһтің Хам есімді баласы мұны көріп күлді. Әкесінің етегін жаппады. Ал Сам есімді ұлы Нұһтің етегін жауып, Хамға қатты ашуланып жатқанда Нұһ ғ.с. ұйқыдан оянады. Халының не болғанын біліп, «Хам балалары Сам мен Иапас балаларына қызметкер болып, жүздері қара болсын», – деп қарғыс дұғасын айтты.

Дұға дереу қабыл болды. Сондықтан түрлері қара құлдардың бәрі де Хам нәсілінен.

Рәуәйәттә: Хақтағала пенденің әр күнәсін ақиретте кешірмес. Ата-ананың баласына берген қарғыс дұғасын ақирет күні келтірер. Ата-ана кейіннен тәубаға келіп, қарғыс дұғасынан бас тартса да, бәрібір айтылған сөз кешірілмейді.

Нұһ ғ.с. қатты назаланып, баласын қарғаған сол күнге ғұмыр бойы өкініп, өле-өлгенше қайғырып: «Әй, қандасым! Қолыңда бар болса, сараңдық етпе! Асығып бәддұға (қарғыс дұға) қылма, шайтанды сүйсіндірме», – деді.

Хақтағала бірде Нұһ ғ.с.-ға балшықтан су сауыт, шөлмек ыдыс жасауға өмір етті. Бірнешеуін жасаған кезде: «Енді сындыр!» – деп өмір қылды. Алланың өмірі бойынша жасағандарын ұсақтап сындырды. Өзі қатты ыңғайсызданып, қайғырды. Сонда Хақтағала: «Әй, Нұһ! Не үшін қайғырасың?» – деп сұрағанда, Нұһ: «Иә, Раббым! Өзің әмір етіп жаса дедің. Еңбегімнің зая кеткеніне қайғырамын», – деді. Хақтағала: «Менің құдіретіммен жаратып, түрлі нығыметіммен өсіріп, жеткізген адамдарымды бәддұғаңмен әлек еттің. Ал сен балшықтан жасаған ұсақ нәрсең үшін қайғырасың», – деді.

Мұны естіген Нұһ ғ.с. тағы да қайғы-шерге түсті.

Нұһ ғ.с. топан суынан соң 350 жыл өмір сүрді. Самның ғұмыры 448 жыл болды: Нұһ ғ.с. қайтыс болар шағында Самға төрт өсиет айтты: «Әй, ұлым! Саған екі нәрсе бұйырамын, бірі – Лә ілаһа ілла-ллаһ кәлимасын ықылас, ілтифатпен зікір ет. Бұл кәлима жеті қат көктен өтіп, Хақтағала ғұзырына барар. Айтушыны жарылқар. Мизанның (таразы) бір жағына жеті қат көкті, жеті қат жерді қойып, екінші жағына «Лә іләһә, ілла-ллаһ» кәлимасын қойсаң, кәлима ауыр келер. Жұмаққа кіруге сол себеп болар. Екінші, «Сүбһанәкә Аллаһүммә уә бі-хамдү» кәлимасы. Бұл кәлима халықтардың рыздық ашқышы. Екі нәрседен тиямын: Тыйым салынатын екі іс бар, бірі тәкаппарлық, екіншісі күпірлік. Бұл екі іс пендені жұмақтан жырақ қылып, тамұққа жақын қылар».

«Әй, ұлым! Мұнан соң құдайдың досы Мұхаммед ғ.с.-ның нұрын жақсы сақта. Харамға жақын барма, көркем мінезді, тақуалы, пәкизат қатын ал!» – деді.

Мұнан соң Нұһ ғ.с. сахараға бір тауға кетті. Сонда Әзірейіл ғ.с. мүхәләтсіз (мүхәләт – рұқсат мағынасында) жанын алды.

Жеті қат көк періштелері Нұһ ғ.с. үшін жыласты. Жебірейіл ғ.с. бір топ періштемен бірге мәйітін жуып, намазын қылды.

Сам Нұһ ұлы Тайыс есімді қатын алды. Сұлулықта теңдесі жоқ көркем әйел еді. Тайыс құрсақ көтеріп, дүниеге бір ер бала әкелді. Мұхаммед ғ.с. нұры сол балаға көшті. Есімін Ерфахшад қойды (Ерфахшад – жанған шырақ деген мағынада). Сам 500 жыл өмір сүргеннен кейін ақиретке көшті.

Ерфахшад Маржана есімді қатын алды. Пайғамбарымыздың мүбәрәк нұры Маржанаға көшіп, дүниеге ер бала келді. Сәбидің есімін Хүд (Худ) атады (Худ – ғибадат етуші деген мағынада).

 

Аударған Роза Мұқанова, жазушы, драматург

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Ғимранның әйелінің есімі Хана еді. Хана қартайып, бала көтермейтін болған. Күндерде бір күн Хана бір …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған