Басқы бет / Ғақлиат / Менің хикметтерім, пәрмән – Сұбхан, Оқып түсінсең, мағынасы құран!

Менің хикметтерім, пәрмән – Сұбхан, Оқып түсінсең, мағынасы құран!

131-хикмет

Хақ “құмырасы” ашылды, “Майханаға” кірсем мен,

Тоя ішіп “шараптан”, бойым балқып жүрсем мен!

Сол “шараптың”, кесірі іші-баурымды қан қылды,

Бауыр қанымды ағызып, жан сарайға барсам мен!

 

Сахи ұсынды әр сәтте, кіфаяттың “шарабын”,

Масаң болып осы кез, зарлап нала ұрсам мен!

Әділеттің жағасын, шоқ атылып өртеді,

Жалғыз жардың дариясын, осы кезде көрсем мен!

 

Ол дарияның түбінен, сүңгу білмей дүр алмас,

Жаннан кешіп дүр үшін, тұңғиыққа шомсам мен!

Қожа Ахметтің сүйгені, махаббаттың “шарабы”,

Ғашықтарға “шараптан”, тойғанынша құйсам мен!

 

132-хикмет

Рахман Ием, рахматыңның жары қылғыл сәһәрда,

Күнә ұйығы тартып барады, жар бола гөр сәһәрда,

Астағфиру, астағфирды қылғыл жырақ шайтаннан,

Шайтан бізді азғырушы, пана болғыл сәһәрда!

 

Үмітпенен келіп едім, дәргәһіңа Ілаһим,

Құйын желмен қас қағымда, қолымды ұста сәһәрда.

Тәубә қылдым тілімменен, ділім қорқар Құдайдан,

Әм рахатың, әм дидарың, сыйға тартқыл сәһәрда!

 

 

Жалғыз түсіп осы жолға, ғафлатта өтті өмірім,

Я Қадирі Зүлжелал, жолға салғыл сәһәрда.

Сен, Сен менің панамсың, азап кылма Ілаһим,

Я, данаи күлли хал, халім білгіл сәһәрда!

Бір басымның күнәсі, екі жәһәнға сыймас,

Бәндәң сорлы күнәһар, елеусіз қыл сәһәрда.

Таудан да ауыр күнәм бар, кешір деуге тілім жоқ,

Сол күмәнді кешіріп, жақсылық қыл сәһәрда!

Бар күнәма ықрармын, өзің назар салғайсың,

Қолымнан ап я Жаппар, жолға салғыл сәһәрда!

Ғаріппін әм сорлымын, бейшарамын әм пақыр,

Сенен өзге кімім бар? Рахым қылғыл сәһәрда!

Күнәсі асқан құлыңмын, хамдусана айтам мен.

Тауық жануарды қара, сана айтар сәһәрда;

Құл Қожа Ахмет Хақтан қорық, корықпағанда иман жоқ

Алда күтіп тамұқ тұр, әзір болғыл сәһәрда!

 

133а-хикмет

Аяу, достар, бұ жолдардың азабы көп,

Өтіп болмас Пір қызметін қылмағанша.

Жүз мың бәлә, михнат, апат, қатері көп,

Жетіп болмас, Пір қызметін қылмағанша.

Шариғатсыз, Тарихатқа өтіп болмас,

Хақиқатсыз, Мағрифатқа жетіп болмас,

Пірсіз жүріп Зауық шәрбәтін татып болмас,

Татып болмас, Пір қызметін қылмағанша.

Надандарға сыр мағынаны айтып болмас;

Дүр гәуһарды, шын шеберге сатып болмас;

Адһам сипат О дүниеге жетіп болмас;

Жетіп болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

 

Сырсыз жүз мың тағат қылдым, жолдан аздым,

Дайындықсыз жолға кіріп, Хаққа жаздым,

Дию пері назар салды, нәпсімді ездім,

Езіп болмас,- Пір қызметін қылмағанша.

Уа, дариға, тоймай қалдым өмірім өтті,

Нәпсі нәһән аран ашып, мені жұтты,

Бихамділла, Пірім келіп, қолым тұтты,

Тұтып болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Хақ тағала, сәмби Алла сырсыз болмас,

Сырсыз жүз мың тағат қылса қабыл болмас,

Қанша айтсаңда бейхабарлар мұны аңғармас,

Аңғара алмас, Пір қызметін қылмағанша.

 

Жаннан кешпей, бас байламай жолға салмас,

Ықтиқатың зор болмаса, қолыңды алмас,

Тәлиптерден сенім кетсе кешіп болмас,

Кешше болмас, Пір қызметін қылмағанша.

Аяу, тәлип, өлмес бұрын, өле білгін;

Жақсылардың жанабында бола білгін;

Құлдық ұрып, қайырым, шафхат ала білгін,

Алса болмас, -Пір қызметін қылмағанша.

 

Хақиқаттың жолдарында, жүз мың қатер,

Тәуекел деп жолға шыққан ақыр жетер,

Сыр есігін қаққан құлдар, мұрат табар,

Тауып болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Мұрадыңа жетем десең, болғыл бидар;

Дүние-мүлік, жан болмағыл малды жинар,

Ақыр бір күн көрсетеді саған дидар;

Көрсе болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Алла дегіл жанып-күйіп, жалын атсын!

Уһ, дегенде тастар балқып, тауды жақсын!

 

Ет жүрегің, өкпе-бауырың, шыжып жатсын!

Шыжып болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Өшбу жолға қадам қойған жаннан кешер,

Зікір салып, алас ұрып, әлден кетер,

Одан кейін арманыңды нәсіп етер,

Етсе болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Мың мінәжәт жылап айтам саған Құда,

Көр көкірек, менмендіктен қылғыл жада.

Рахым етіп асылықтан қылғыл ада.

Ада болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Рахман Ием рахматыңа лайық қылғыл;

Бәз бір жандай үміт беріп, ғашық қылғыл;

Өле-өлгенше пейілім өлмей, садық қылғыл;

Садық болмас, – Пір қызметін қылмағанша.

Құл Қожа Ахмет, Алла демей мен не етермін?!

Амалым жоқ, зар еңіремей мен не етермін?!

Хақтан қорқып қан жыламай мен не етермін?!

Етіп болмас, – Пір қызметін қылмағанша!

133б– ХИКМЕТ

Ең тәтті не? – Хақтың жады, сәһәр уақыты болғанда!

Балдан шырын таңдағы әуен, сәһәр уақыты болғанда

Сәһәр уақытта тұрғандар, жанын пида қылғандар,

Ғашық отына жанғандар, сәһәр уақыты болғанда.

Сәһәр уақыты хош сағат, тұрғанға болғай рахат,

Ашылар дәулет, сағадат, сәһәр уақыты болғанда,

Әр күн күйер жаным, құлдықсыз жоқ дүр дәрмәнім,

Сен кешіргіл Рахманым, сәһәр уақыты болғанда!

 

Иман шамын жандырсаң, рухы қошын қандырсаң,

Құдайыма жалбарсам, сәһәр уақыты болғанда!

Құл Қожа Ахмет сағаты, зәрредей жоқ тағаты,

Зікір жанның рахаты, сәһәр уақыты болғанда!

134-хикмет

Жарандар дидарласар, дәруштер сұхбатында;

Мәжіліс нұрын төгер, дәруштер сұхбатында;

Не керек, соны берер, дәруштер сұхбатында;

Не сырлар ащы келер, дәруштер сұхбатында.

Әркімдер сұхбатқа келді, жарандар үлес берді;

Топас кеп білгір болды, дәруштер сұхбатында.

Әркімдер сұхбатқа келді, көңіліне мағына толды,

Асхабтар риза болды, дәруштер сұхбатында.

Жарлы келіп, бай болды, жұлдыз келіп ай болды;

Мыс келіп, алтындай болды, дәруштер сұхбатында!

Кейбір күншілдер болар, ес кіріп, ақылы толар,

Көз ашып Хақты көрер, дәруштер сұхбатында. …

Расулға уахи келді, басынан тәжін алды,

Түрегеп қызмет қылды, дәруштер сұхбатында.

Кұл Қожа Ахмет сұхбатында, бас иер мінәжәтта,

Зәһи кош сағадатта, дәруштер сұхбатында!

 

135-хикмет

Ілаһімді іздермін, ізін тауып кетермін,

Дәйім сана айтармын, Лә ілаһа ілла Алла

Қайдан Оны табармын? Жаным құрбан қылармын!

Құрбан болып қалармын! Лә ілаһа ілла Алла!

Жан-ділімді берейін, беріп қарап тұрайын,

Жаным-ділім күйіп тұр, күйіп өрттей болып тұр,

Ықыласымменен айтайын: Лә ілаһа ілла Алла!

Ғашық екеу, би саман, жоқ дүр дертіне дәрмән,

Айта көргін би арман: Лә ілаһа ілла Алла!

Ахмет ибн Ибраһим, өшбу сөзді қош айтты.

Айта көргін жандарым! Лә ілаһа ілла Алла!

 

136-хикмет (қаз қалпында)

Я Шаһиду ғалам падишаһи.

Жүрерсің бәндәні пашіт бінаһи.

Тілеп дәйім сені ол – зат пәкің,

Шаятин шаридин бергіл панаһи,

Бұ шайтан шаридин, кімге қашармын,

Сенің алдында дүр сарай камаһи.

Хұдауәнда саған мен жандым енді!

Өзіңсің баршаға ризық Ілаһи.

Кәраман- кәтіби айтты періште:

“Шөлдегі құмнан да көп деп күнәһи”,

Мұхаммед кім? – айырар һади ғалам,

Өшал күнде бола дүр дад хауаһи.

Оқып баршасын көрсем еш амал жоқ.

Басымды қоя салып, жолымды табаһи.

Ал, мен дермін: – Бұл істе қылғаным жоқ!

Тамам ағзаларым болғай күәһи.

Өлімнің дәстінен ешкім құтылмас,

Қалыңдау бұл басыңа ки күләһи.

-«Жәһәннәм үстіне тарттық Сырат”

Көріп бәндә үрар афсун, ани!”

Қожа Ахмет Яссауи сен жыла дәйім,

Асиғ қылмас саған таңдағы аһи!

137-хикмет

Сары уайым сарғайтқан көңіліме,

Хақ назары сәуле боп түссе болды!

Қырық жылдық баттасқан көңіл кірін,

Хақ жадының Нұрымен ашса болды!

 

Зікіршілер топ құрап тұра алмаса,

Зікір салып бастары құралмаса,

О дүниеден дініміз оралмаса,

Көңіл құсы хазірет Тоба ұшса болды.

 

Біле алмадым, не боларын менің күнім,

Соның үшін ағар көзден жас боп мұңым.

Сәһәрларда тұрып, Хақтан тілеп жүрмін,

Періштелер қабылдауға түссе болды.

 

Мұңлықтарға жақын тұрар Хақ дәргәһі,

Өкініште өтпесе игі аһ ұрғаны!

Қай көңілге түссе де Хақ назары,

Хақтың нұры толықсып тасса болды!

Хақ істерін тазаруға табыстаған,

Өздерін халыққа арнап бағыштаған;

Нығметін михнатқа сай салыстырған;

Бауырың қан, көзің жасқа толса болды.

 

Сүйген құл Сүйгеніне оралған-ды,

Дүние талақ, дін жолына бой ұрған-ды,

Ғашық құлдар Алла десе тәбіренген-ді,

Әзәзілдің зәресі ұшып қашса болды!

 

Білгеніндей ей, Құл Ахмет, Алла дегіл,

Өзін білген ілімменен амал қылғыл,

Үлкен-кіші жарандардан ғұзыр қылғыл,

Өзің білсең, сенен қатер кетсе болды!

 

138-хикмет

Аяу, достар, жүрек-бауырым болды кәуәп.

Ақиқаттық ғашық жаннан өтті дей бер.

Ғашық перде көңіл күйін қылды қарап,

Сол себептен ақыл-күшім кетті дей бер.

 

Бейғашықтар адам емес аңласаңыз,

Махаббатсыз шайтан қауымы тыңласаңыз,

Ғашықтан бөтен сөзді егер сөйлесеңіз,

Алдыңыздан Иман – Ислам кетті дей бер.

 

Майханаға кірген ғашық сыры аян,

Бауыры пісіп, жасы ағып, отқа оранған,

Бей-жай жүрер қайда барса үйі ойран,

Шәқ коймасаң «Бал шараптан» татты дей бер.

Ғашық болып, сорлы басым қайран болдым.

Үй-жайымнан безіп тағы ойран болдым,

Екі әлемге есік қағып кір, шаң болдым.

Аһ ұрғаным аспан-көкке жетті дей бер!

Ақылды алсаң, Хақтан өзге сөздер харам.

Бет қайтармай пір қызметін қылғыл тамам,

Алла десең, шайтан малғұн сізге құрбан;

Демесеңдер, діннен қуат кетті дей бер.

 

Өмірі зая өткен жандар сүйе білмес.

Жаннан кешкен диуананы көзіне ілмес,

Зікір салған жерге олар әсте келмес.

Жаны, ділі тастан бетер қатты дей бер.

Алла сүйген бәндә дәйім жылап жүріп,

Хақтан қорқып, зарын айтып, сәһәр тұрып,

Яхһя силат тынбай жылап, аза тұтып,

Бұ дүнияны талақ етіп кетті дей бер!

Ғашықтардың ісі бөлек, сөзі беймаз.

Ғашықтардың бар қорегі руза, намаз.

Махшар күні көз жасы-ғой Хаққа нияз.

Нағыз ғашық дерт азабын тартты дей бер!

Ғашықтардың көңілі шат, ділі ларзан,

Алла үшін көзде жасы бауыры қан-қан,

Жаны тәубә, көңілі шүкір, ойы маржан,

Інша Алла қыл көпірден өтті-дей бер!

Ғашық құлдар халық ішінде күйіп-жанар,

Алай-түлей ағзалары, жүректе зар.

 

Ажал жетсе өлмек үшін белін байлар,

Бұл пәниді талақ етіп кетті – дей бер!

Шын ғашықтар сөксе, біреу, қашпас болар,

Надандарға ішкі сырын ашпас болар,

Әр нәмәртқа дүр гәуһарын шашпас болар,

Өзі оқып, бар білгенін жұтты дей бер.

 

Кәміл пірі сүйген ғашық науасы жоқ,

Мың бір мәртә тағат қылса оқасы жоқ,

Ей, достарым, ғашық дертінің дауасы жоқ!

Түнде түрып пір етегін тұтты дей бер.

 

Құл Қожа Ахмет Хақтың сөзін айтты саған,

Хақтан өзге айтылған сөз болар харам.

Риза қылса орның болғай Дәрәссалам,

Мағрифаттың дариясына батты дей бер!

139-хикмет

Шариғатта басшы болып жеңген құлдар,

Өз орынын дау-дамайсыз алды дей бер;

Намазынан бас алмаған мүһмін құлдар,

Ұжмақ жайдан үміт етіп қалды дей бер.

 

Әзірейіл кеп пәрмәнменен жанымды алса,

Туған-туыс жылап-сықтап, көрге салса,

Жеті қадам басқаннан соң қалар болса,

Мүңқір-нәкір келіп сауал сұрар дей бер.

 

Мүңкір-нәкір кіріп сауал сұрар болса,

Оттан өрген гүрзісімен ұрар болса,

Басым күйіп, жаным, тәнім отқа жанса,

Қайнап жаным, тар ләхадта күйер дей бер!

 

440 пайғамбарлар Мүрсал нәби,

Қалмады ешкім бүл пәниден өтті бәрі

 

 

“Күллі нәфсин Закатулмаут” дегенді айтты,

Әз құраннан оған хабар берер дей бер.

 

Шариғаттан, Тарихаттан баян болды,

Хақиқаттан құран сөзі аян болды,

Бү жәһәнда Мұхаммедтің нұры толды,

Сол нұрменен екі ғалам жайнар дей бер.

Махаббаттың базарында сайран құрып,

Шын ғашықтар «саудаласып» жүрер дей бер,

У-шу болып, күліп ойнап, серуен қылып,

Хаққа риза, шүкірлік қып жүрер дей бер.

 

Алла айтар: – “Еркін бәндәм жүрсе, жүрсін!

Әр не қылса, періштелер тағзым қылсын,

Сүймейтіндер ғашық жайын көзбен көрсін!”

Хақ қадірін халыққа жайып жүрер дей бер.

 

Шын ғашықтар қиямет күн сүргей дәулет,

Хақ қасында ғазиз Ғәлән көрген іззет,

Хор қыздары қол қусырып қылғай құрмет,

Жанын, ділін құрбан қылып жүрер дей бер.

Бір бейхабар, бей ыхтияр Рауз Махшар:

“Хақ асылын табармын” деп бірі бастар.

-“Хақ дидарын көрермін” – деп бірі қақсар.

-Хаққа міндет болмаса да, Хаққа құштар!

 

Алла нұры қабір ішін раушан қылса,

Фардус жәннәт гүлі ашылып, гүлшан болса,

Періштелер есігінде өзі тұрса,

Бұ ғаламның раушанынан безер дей бер!

Барша әруақ жиылып келгей, мүбәрәкқа,

Халайықтар ынтық болғай, тәбәрікқа,

Бата оқып қайтқаннан соң қабір жақта,

Барша әруақ ғайып болып, қашар дей бер.

 

Жеті кадам кеткеннен соң Мүңкір – нәңкір,

Айбат кылып кіріп келер апыр-тапыр!

Көзінде от, аузында шоқ, шақыр-шұқыр!

Нұрды көріп тағзым қылып қашар дей бер!

…Қош дәулет дүр, уәлаятта патша болса,

Бір мүһмінді әділ болып, қазы қойса,

Ондай қазы жамағатты риза қылса,

Соның үшін ұжмақ үйін алар дей бер.

Ондай құлда руза-намаз, парық болса,

Сарғаюмен барлық күшін сарып қылса,

Қаракеті Хақ жолына лайық болса,

Хор қыздары қарсы шығып құшар дей бер.

Бәз біреулер намаздарын қаза қылар,

Дұрыс намаз ар-иманын таза қылар,

Салауатсыз ғафылдарға жаза болар,

Ғафыл болып ғұмырын желге шашар дей бер.

Құл Қожа Ахмет, құлмын десең құлшылық қыл,

Хаққа жуық болам десең, құлшынып қыл.

Қияметтің күні жақын бұл шындық біл,

Құлдық қылсаң Хақ есігін ашар дей бер!

140-хикмет

Махаббаттың жалынынан жар іздегіл,

Руза-намаз оған қоса парызы болғай,

Махшар уақта әділдігін сұрар болса,

Ғашықтардың бір Құдайға қарызы болғай.

Қарызы сол, Тәңіріне мың дад етсе,

Халім көр деп жасын төгіп фариад етсе,

Егіл-тегіл бір Құдайға еңіреп өтсе,

Ғашықтардың бір Құдайға парызы болғай.

 

Нағыз ғашық мәңгі тірі өлген емес,

Рухтары жер астына енген емес,

Тақуа құл бұл мағынаны білген емес,

Шын ғашықтар халайықтың хұзыры болғай.

Күнәсінан қорқып өзі жылап тұрар,

Рауз махшар, не қылам деп қайғы жұтар,

Қыл көпірден өтерінде үрейі ұшар.

Бір Аллаға мәңгі бақи қарызы болғай.

Ғашық ісі кімге түссе нала қылар,

Көз жасымен қоса ағылар қайғылы зар,

Не тапса да сапарында қайырым қылар,

Қараулардың қастандығы бағзы болғай.

Ғашықтардың жас орнына қаны аққай,

Періштелер жан-жағынан шұғыла шашқай,

Ғафыл болса, әзір бол деп Өзі баққай,

Шын ғашықтар бұл пәнидің жазығы болғай.

Пәнилықтың ақыретпен шаруасы жоқ,

Көңілі қара, иман-Ислам жолдасы жоқ,

Адасқандар Шариғатқа барғысы жоқ,

Айтатыны тілі менен аузы болғай.

Кеште Алла, күндізде Алла жүрер тынбай,

Алла отына өзін өртер пәруәнадай,

Ләйлі-Мәжнүн, Фархад-Шырын сорлылардай;

Хақ тағала ғашықтардың сөзі болғай.

Ғашық жанса, сүйгенімен бірге жанғай,

Жазалылар күймек түгіл, отта қалғай,

Шын ғашықтар күйіп жүріп нұрға толғай,

Сол себептен сүйгеніне назы болғай.

Отқа салса, отқа жанбас ғашық кісі,

Жер мен көкті селдей қылар көздің жасы,

Алла десе отқа оранар бар ағзасы.

Күймек-жанбақ ғашықтарға бағзы болғай.

 

Барша ғашық жиылып барғай дәргәһіна,

Жасын төгіп, күйіп-жанып, жар қасына,

Жеті тамұқ шыдамастай бір аһына!

Рахман Егем ғашықтарға қазы болғай.

Сақтан! – Десе ғашықтары қабыл алмас,

Жәннәтпенен қорлар берсе көзін салмас,

Дидар тілеп бастарында жерден алмас,

Ғашықтары дидар көріп разы болғай!

Ғашықтардың жеті көкке жетер зары,

Алла десе кешірілер күнәлары,

Ғашықтардың Рахман Ием жалғыз жары,

Ғазиз басы халайықтың ізі болғай.

Ғашықтарды көп күйдірген Хақ дидары.

Соның үшін тынбай жылап, айтар зары,

Уағда қылған ғашықтары көрер бәрі,

Хақ жамалы көз жастарын мәзді қылғай.

Ғашықтары Хаққа қарап боздап, аңырар,

Періштелер аяғаннан Хаққа самғар,

От шараптан ішкен ғашық шоққа айналар,

От жалыны халайықтың тұзы болғай!

 

Жан шарабын ішкен ғашық онда сұлтан.

Соның үшін Хақ жолында жаны құрбан.

Махшар барса дидарына қылар мейман,

Зымыстанда шарап берсе жазы болғай!

Қапияда ғашық көрсе ырза қылар,

Рахым етсе кәззәптарды мырза қылар,

Қорықсаң Хақтан дәргәһімен бірге қылар,

Көретұғын көкірегінің көзі болғай!

 

Ғашық жанар, естен танар, – Алла разы,

Ғашықтықты арман қылған шәһит Ғазы,

Қажет емес ғашықтарға көбі-азы,

Тамшы жасы Жаппар Хақтың нәзірі болғай!

Жанып жүріп, басын жарғай, – міне жара!

Зікірін айтса, Алла өзі жалғыз жары,

Сәһәрларда қан жыламак, қолда бары…

Ғашықтардың әр күн 100 мың зары болғай!

Құл Қожа Ахмет, малыңда жоқ нәзір басы,

Махшар барсаң, қолда барың көздің жасы,

Нәзір-нияз қартайғанда қалғаны осы,

Жолда ақырған есек ғұрлы ғұзырың болғай!

(Рауй Зарди ишак сүрхи ғұзыры болғай!) парсыша

141-хикмет

Сұбхан Ием пәрмән қылса құдіретімен,

Ғашықтары думан қылып жүрер болғай,

Махшар уақта көл-көсір ғып жасын төгіп,

Елге өзін күмрә қылып жүрер болғай.

Ғашықтардың Хақ қасында жүз назы бар.

Бір күңіренсе өрт тигендей бәрі жанар,

Руза, намаз, тәспихтары: – Пәруәрдігар,

Үсті-басын өрт шалғандай жүрсе болды.

 

Ғашықты іздеп жоралары алға кеткен,

Қажет емес ғашықтарға шен мен шекпен,

Көңілі риза, зияпат жоқ одан өткен,

Қызыр-Ілһяс шылауында жүрсе болды.

 

Ғашықтардың көз жасы дүр бақ пен бостан,

Онда сайрар сандуғаштар азар дастан.

Жалғандыққа жаны қарсы, жайы ойран,

Құдіретімен Құдай қорғап жүрсе болды!

Құса болып мас адамдай естен танып,

Алла деумен көзде жасы, бауыры жанып,

Өксіп-зарлап, өзін-өзі отқа салып,

Алла атын сана қылып жүрсе болды!

Қадір Ием құдыретімен сабыр берсе,

Жәннәтқа енер ғашыққа егер әмір берсе,

Өксіп, зарлап өкініштен жаны өртенсе.

Мінәжәт қып, құлақ түріп жүрсе болды!

Ертелі-кеш жыла дәйім, бір дем тынбай,

Тілмен Алла жадын айтын арып-талмай,

Көзден жасың ақпас сірә бауырың жанбай.

Көздің жасын куә қылып жүрсе болды!

Махаббаттың пырағына мініп жүрген,

Ондай ғашық Тарихатта серуендеген,

Сыр шәрбәтін ішіп әбден мейірі қанған,

Ғашық сырын жұртқа жайып жүрсе болды.

Дозақ барып кірсе ғашық түк қиналмас,

Көзді арбаған дүние-малға назар салмас,

Хор қыздары келіп қүшша қүшаққа алмас,

Қақсап, зарлап думан қылып жүрсе болды!

 

Қаһар Ием құдіретімен белгі берсе,

“Дидар үшін күйгендерім келгіл” – десе,

Көздің жасын ағызумен зар еңіресе,

Ақыл-есін жинап алып жүрсе болды!

 

Рахман Ием рахматымен белгі бергей,

Шақырғанын естіп ғашық жаны кіргей,

Сәкін-сәкін түрып ғашық бас көтергей,

Ғашық өзін екі үдай ғып жүрсе болды.

 

Ғашық болып хикмет айтты Құл Қожа Ахмет,

Жанын салып тыңлағанға 100 мың рахмет,

Иман сиын қылғай Тәңірім тәж бен дәулет!

Ғашық ділін таза сақтап жүрсе болды!

 

142-ХИКМЕТ

Хақты тапқан диуаналар пәсең сөйлеп,

Дертке душар болған жандай жүрер болар,

Мақамдары алуан түрлі, ғарышты көздеп,

Халыққа өзін рәсуә қылып жүрер болар.

 

Жұрттан безіп тау мен шөлді қылып Отан,

Шөл далада жоралары кезіп жапан,

Өлер болса қайнаған құм оған кәфән,

Жалғыздықты жолдас қылып жүрер болар.

 

Мұндай болмай сүйіктісін тауып болмас,

Бұ жолдардың азабы көп таусып болмас,

Жаннан кешпей Хақ бірлігін танып болмас,

Мінәжәт қып, құлап-тұрып жүрер болар.

 

Жанананы тапқан кісі өзін білмес,

Ғалам халқы шақырса да қашып келмес,

Жаның беріп, жалынсаңда – қолыңды алмас,

Елге өзін рәсуә қылып жүрер болар.

 

100 мың ғашық жанса – күйсе болар хүррам,

Хақтың жадын әркім айтса болар һәм-дәм,

Рауз махшар дидарына болар мүхрам.

Жан иманын пида қылып жүрер болар!

Алла үшін жанын берген қүр қол қалмас,

Екі жәһән оған бостан мәңгі өлмес.

Шын ғашықтың сыры өзінше, халық білмес.

Көздің жасын куә қылып жүрер болар.

 

Ғашық өлмес, қартаймас та, ғашығы Үлкен,

Бір қалпында күлкі аузында күйер пәнһан,

Шөлдер кезіп, елден безіп, жалғыз мекен,

Хақ ғашығын сана қылып жүрер болар.

 

Гүлзар бақты кезген ғашық өзін білмес,

Ертелі-кеш мас адамдай түк те сезбес,

Көзге түсіп көпшілікпен сөзге келмес.

Хақтың атын фана қылып жүрер болар.

 

Шын дерттілер, дертсіздерді көзге де ілмей,

Тақуа құлдар тасырлармен тілге келмей,

Күпірлерді көре қалса, рай бермей,

Өз дертіне дауа тауып жүрер болар.

Ғашықтардың ойдағысын жұрт біле алмас,

Хор қыздары, періште де сендіре алмас.

“Сақакум раббикумды” арман қылмас,

Дидарына жанын салып жүрер болар.

 

Хор қыздарын, жігіттерін алып келгей,

Разуан мәлік. Каддыксинуб тағзым қылғай,

Ғашықтары барлығына назар салмай,

Қабір ішінде Хақ сәулесі жүрер болар.

Тамашалап Хақ оларға рахым қылғай,

Көр ішінде нұр толтырып шафқат қылғай,

70 азат періште мен үлфат қылғай,

Хақ рахымын сыйға алып жүрер болар.

Ғашық жанар, жаны күйер, Хақты сүйер,

Алла үшін дүния қамын былай қояр,

Бауыры езіліп бар бәдәнін қанға бояр,

Ғашық өзін-өзі ұмытып, жүрсе болар.

 

Аяу, достар, ғашықтардың аманы жоқ,

Ем іздеме, ғашык дертіне амалы жоқ,

Бұ жолдарда ғашық өлсе обалы жоқ,

Жанды тәннен бөліп алып жүрер болар!

Тәні жалғыз отқа күйген, жаны өзге,

Хикмат оқып тәліп болып жетсе сөзге,

Кімді көрсе өкінішін айтар көзге,

Ақыл-есін жинап алып жүрер болар.

Мұндайлардың тәні күйер, жаны күймес,

Сол себептен ғашық қадірін жете білмес,

Жарандардың сұхбатына қашып келмес,

Жарым дұға, жәутеңдеумен жүрер болар.

 

Бұ ғаламнан сауа қылған Алла өзі.

Ей, үммәттар! Хақ Мұстафа айтқан сөзі,

Рауз махшар раушан болғай Хаққа жүзі,

Дін-ділдерін раушан қылып жүрер болар.

 

Тірі өлген ғашықтардың жаны ада,

Көкке самғап ұшам десе, сақтар Құда,

Дінділдерін раушан қылып, болса таза,

Ғашықтары мәз-мәйрам боп жүрер болар!

142а-хикмет

«Әуелден бар, ақырда бар», – деп сабыр қыл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар.

Жан мен тәнді құрбан етіп жолға түскіл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Лә ілаһа илла Алла – деп зар илегіл,

Хақ зікірін кім айтса да дос – жар білгіл.

Кәміл пірдің қызметінде зыр жүгіргіл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Тілмен қайыр, Лә іләһә илла Алланы,

Ділде сақта, мәңгі бақи бір Алланы,

Назар салғай сонда саған пір кәмалың,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Адһам сифат тап-таза боп дүниеден без;

Кім болса да Қызыр санап қолыңды соз;

Хақ дидарын көргің келсе, – ол сәһәр кез,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Алла деген бәндәлардың құлы болғыл,

Қара жердей аяктының жолы болғыл,

Ғашықтардың күйіп – өшкен күлі болғыл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Зәкір болып, шәкір болып Хақты сүйгіл,

Сәһәр түрып ит нәпсінің көзін жойғыл.

Баязидтей ғашық болып, бардан безгіл.

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Тірлігіңде жатсаң-тұрсаң хақты айтқын,

Зәкір болып, шәкір болып жанды ұмытқын.

Олла, біллә, дүния харам көзін құртқын.

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Хақ асылына жетем десең сәһәр қақса,

Алла деумен жүрек – бауырыңды отқа қақта,

Үміт шамын белге берік байлап мықта,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Адһам сипат бү дүниеден күдер үзгіл,

Менменсіген тәкәббардың ойын бұзғыл,

Махаббаттың дариясына құлаш ұрғыл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Кердең кеуде менмендерден қашық жүргіл;

Қауым тапсаң көздің жасын шашып жүргіл,

Махаббаттың шәрбәтынан татып жүргіл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Ертелі-кеш ақыреттің қамын қылғыл,

Түн үйқыңды төртке бөліп тағат қылғыл,

Махаббаттың жалынымен жанын жандыр,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Ертелі-кеш бір Алланы тынбай айтқын,

Түн баласы көзіңді ілмей қайғы жұтқын,

Бұл пәнидің қызығынан бойды тартқын,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Кәміл пірдің етегінен мықтап тұтқыл,

Мағрифаттың базарында жаның сатқыл,

Ықылас қойып, құлақ асып, зікірін айтқыл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Бейдауа дерт тауып алып, жолға бұрыл,

Пәруәнадай шамға соққан отқа ұрын,

Қайда барсаң зікір салып, алқа құрғын.

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

“Я раббәна, зәлмана” – деп нала қылғыл,

Көз жасыңды сорғалатып науа қылғыл,

Хақтың жадын айтып өзің сағым қуғыл.

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Махаббаттың майданына бас байлағын,

Алас үрып, зікір салып, жан қинағын,

Дидар үшін ақсын көзден қанды жасың!

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Жарандардың босағасын жастап жатқын,

Сәһәрларда дөңбекшумен таңды атқыз,

Зар илеумен, – өле жаздап, жанды сатқын,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Қара жердей қорлық татқыл нәпсің өлсін;

Ел ішінде рәсуә болғыл ғалам күлсін;

Шын көңілмен жылап жүргіл Алла білсін;

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Көз жасыңды дария қылғыл рахымы келсін;

Ғаріп болып жолда жатқыл қолын берсін;

Таса жерде тағат қылғыл тәңірім білсін,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Өзегіңнің өртіменен оттар жаққын,

Көз жасыңның қызуымен от тұтатқын;

Жарандардың сұхбатында балқып, аққын,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Ей, ынсапсыз! Дүния жалған, Хаққа жаққын!

Бәндә болсаң Хақ зікірін тынбай айтқын,

Пір қызметін атқарам деп жылап жатқын,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Алла де де өзіңді ұмыт бауырын күйсін,

Түндер тұрып тағат қылғыл, Тәңірін білсін,

Одан кейін періштелер жанын қисын,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Түн баласы ұйқы көрмей сәһәр кезгіл,

Ғашық болсаң Смағұлдай жаннан безгіл,

Құрбандыққа шалынатын жандай сезгіл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Құлшылықты қатаң ұстап жаның қина;

Сол майданда жаның беріп, басың байла;

Қызық қумай, дәм орнына заққұм шайна,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Фархад сипат михнат шегіп, таулар тескіл,

Баязидтей түндер қатып, жаннан кешкіл,

Жүнәйт сипат таулар асып, жолдар кезгіл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Хақ рахматы көл – дария тамшы емес;

Сол тамшының дәмін татса аз ғой демес;

Ақыл кірер, болсаңдағы қанша мәгәс,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

Хақ рахматы мол дария зейін қойғыл,

Тәлиб болсаң Хақ сарайға бейім болғыл,

Тақуалықты дәйім жасап мәлім болғыл,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

“Лә, Лә” демей, Ілла Аллаға шәйдә болғыл;

Мансұр сипат “Әнәлхақ” – деп дауға қалғыл;

Қари болып көз жасыңды дария қылғыл;

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Ей, бейхабар! Надандықтан ұйқыдасың,

Дүния қуып, ертелі-кеш ынтығасың,

Тағат қылмай, сандалумен тыйтығасың,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Тастан төсек, жастық кылып тағат қылсаң,

Хақ әміріне мойынсұнып, риза қылсаң,

Сол кездерде ар-иманды алға салсаң,

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

Құл Қожа Ахмет, насихатты өзіңе қыл;

Ей, бейхабар, жұртты қойып, өзіңді біл,

Таудан да ауыр күнәң сенің, – соныңды біл!

Хақ жамалын көрсетпесе жаман болар!

 

143-хикмет

Дүмше руза тұтар, алқаларда арын сатар!

Білімі жоқ наданмен қатар, – ақырзаман шейхтары!

Беліне мелде орар, өзін бір зорға санар.

Ғарасатта санын соғар, – ақыр заман шейхтары!

 

Басына сәлде орар, ілімі жоқ іске жарар,

Оқуы жоқ үлгі алар, – ақырзаман шейхтары!

Аларманды ал қылар, маңырағанды мал қылар,

Есіл ғұмырын жел қылар, – ақырзаман шейхтары!

 

Шейх деп жұрт бас ұрар, “Хазіретке” жылытқан ас тұрар,

Ас бермесе тас ұрар, – Ақырзаман шейхтары!

Міскін Ахмет қайдасың, Хақ жолында не айтасың?

Амалың жоқ қайтесің? Бұлар: ақырзаман шейхтары!!!

144-хикмет

Күнә арқалап құлың келді дәргәһіңа,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

Ерік өзіңде жылап келдім қарсы алдыңа,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

Түні бойы, таң атқанша жатпақ рәсім,

Сәһәр түрып зарламады мұңлық басым,

Өкініштен бұлақтайды көзден жасым,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Жолға жалғыз түстім достар халім қарап,

Жөн сұрасам ешкім маған бермес жауап,

Жаратушым жол көрсеткіл ғалижанаб,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Ар-ұяттан қорқып келдім, – бар күнәмнан,

Заты ұлық Пәруәрдігар Ілаһімнан;

Ауаз келді: – “Құр қалдырман дәргәһімнан”!

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Жылап келдім хұзіретіңе ая шаһим!

Қармалатты қараңғылық тусайшы айым!

Падишамсың жалғыз Ием, алтын тәжім,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Тұла бойым толған күнә, қайда барам?

Алаңдаған бұралқы иттей жолда қалам!

Бұ халменен дидарыңды қайдан табам?

Қолым тұтып, жолға салғыл,  Әнтәлһади!

 

Өліп кетсем қол-аяқтың бәрі куә,

Рахым етіп Сен кешпесең халім таба.

Шәрмәндәмін, дәрмәндамын, көп дүр күнә,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Күнә дерті мазамды алды, – дәргәрімсің;

Сүйгенімсін, сүйіктімсің, дәрменімсің;

Жолда қалсам серігімсің жәрдемімсің,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Азғындарда рахматыңнан құр қол емес,

Сенен өзге ешкім мені мүсіркемес,

Кешірмесең мүшкілдігім оңай емес,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Ешбір жан жоқ, жерде, көкте сенсің Қадір!

Күмәні жоқ бұл сөзімнің өзің нәзір,

Әм Егесің, Егенасың, шәксіз Хәзір!

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

Мен жолыңда бас бермедім Қадір Құда!

Бас деген не? Ғаріп жаным жүз мың пида!

Дерт әм өзің, дәрменде өзің, рахымың дауа

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Жан-иманның өтеуі дүр Сенің рахымың,

Жаным беріп сатып алсам жан Ғашығым!

Рауз-Махшар күн шапағым, бар жарығым!

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлнади!

 

Құлһу алла, Сұбхан алла, дін қамшысы,

Рауз-Махшар тәсбих, тәклил Хақ елшісі,

Кәміл пірім тәлибтердің жол басшысы,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади!

Әнтәлһади Әнтәлхақтың зікірін айтсам;

Әділ болсаң жалғандықтан шынға қайтсам,

Тіліме алып, зікір салып боздап жатсам,

Қолым тұтып жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Әнтәлһади Әнтәлхақтың зікірі куә,

Кәміл, пірдің айтқанынан алса пәтуә,

Ағзалары раушан болып жүрсе таза,

Қолым тұтып жолға салғыл, Әнтәлһади!

 

Құл Қожа Ахмет рахматыңнан үміт етер,

Аллам мені бәндәм десе шүкір етем,

Бәндәм демей, жүз өкірсем сонда не етем?

Қолым тұтып жолға салғыл, Әнтәлһади!

146-хикмет

Ей, мәрхаблар! Жүгім ауыр өзім қамкін,

Қасіретінен ақыл-күшім кетті там-тұм,

Көшіп керуен, өтіп дәурен, бітті дәтім,

Барар жәйді біле алмадым қиян енді!

Өксіп өтті есіл ғұмырым рәсуалықта,

Заман билеп жол бермеді жалғыздыққа,

Талай бардым нәпсім үшін арсыздыққа…

Әр не қылған әрекетім зиян енді!

 

Бұ жағдайда жан алғушы келсе маған,

Ыстық тәннен жанды аларда болғыл панам;

Шайтан алып иманымды кетсе, жаман!

Бірәдарлар, орта жолда тұрам енді!

 

Ол кездері сөз айтуға келмес шамаң,

Өшіп қалар ожданымда нұрлы иман;

Қызыл гүлдей жүзім солып болар сабан;

Жақындайды-ау жер астының ылаңы енді!

 

Бала-шағаң, туған-туыс жылап тұрса,

Мирас қылып мал-мүлкіңді бөліп алса,

Сірестіріп тар ләхадқа сені салса,

Жем қылады Қарыш атты жылан енді!

 

Ей, ғафылдар, бұ жағдайдан хабар білгін,

Тәубә қылып дүния тәрки, Хақты сүйгін,

Құл Қожа Ахмет бү дүниядан безіп өлгін.

Шәһидтық бер кәміл пірім маған енді!

 

147-хикмет

Қоштамайды ғалымдар, сіздің айтқан түркіңді

Даналарды тыңласаң, ашар көңіл мүлкіңді.

Аят – хадис мағынасы, түркі болса сайма-сай,

Мағынасына жеткендер, жерге қояр бөркіңді.

 

Қазы мүфті, молдалар, шариғатта жол басшы,

Нағыз ғашық алып-дүр, тарихаттың әркіні;

Амал қылған ғалымдар, дініміздің шырағы,

Пырақ мінер Махшарда, аспанға атып бөркіні;

Амал қылса ғалымдар, дін үйінің жарығы,

Көрсе болар олардың, жайран қаққан көркіні;

 

Амал қылмай хал ғылымын, оқи алмай қалғандар,

Арқасына артады, қырық есектің жүгіні.

Қожамын деп лепірме, өшбу дүния би паян,

Білемін деп айтпа сен, көңілдегі шәркіні,

Раһнама дүр Қожа Ахмет, гүлстан дүр мағрифат,

Сөйлер сөзі ақиқат, ашар көңіл құлпыңды.

Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,

Парсы тілін білемін, құп көремін Түркімді!

 

148-хикмет

Көңіл құсы ұшар дәйім қанат қағып;

Көздерімнен өкініштен қаным ағып,

Тәнім өлік, құлшылыққа жаным салып,

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

Надандықпен қылған істің бәрі ағат;

Таң сәріде тауық құрлы қылмай тағат;

Тәубә тақсыр ете алмадым мен бір сағат;

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

Дүния қуып дін шаруасын ескермеппін,

Күнәм қанша бар екенін тексермеппін,

Дәргәһіңа барарымды түк білмеппін,

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

Сұм дүнияға көңіл бөліп, жақын болдым,

Қызық қуып, уа, дариға, жәһіл болдым,

Бұ дүнияның баянсызын енді білдім,

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

Көңіліңді кірбің шалса ол, зұлмат түні.

Менмендікке соқтырады, “Меннің” түбі,

“Пірден безген” аталады ол бір күні,

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

Құл Қожа Ахмет күнәсіна қайыл жүрер,

Жарандардың сұхбатына дайын жүрер,

Өркім Алла десе, оған бейім жүрер,

Я, Ілаһи, ғафу еткіл күнәм болса!

 

149-хикмет

Сүбхан егем өзі дүр, Мұстафа өзі бұйырды,

Бабам Арслан иілді, шайқым Ахмет Яссауи!

Мұстафаның лыпасын, киді, жеді хұрмасын,

Тұтты кәғба халқасын, шайхым Ахмет Яссауи!

Бақса кәғба көрінген, басса жерлер түрілген,

Ләдін ілімі берілген, шайхым Ахмет Яссауи!

Асылы айырар Хандан, білмес оны көп надан.

Білер оны ХақЯздан, шайхым Ахмет  Яссауи!

Ысқақ баба ұрығы, шейх Ібраһим құлыны,

Машайықтар ұлығы, шайхым Ахмет Яссауи!

Яссы суының арасы, жатар гәуһар дарасы.

Машайықтар сарасы, шайхым Ахмет Яссауи!

Қаршығасын баптаған, сұңқар, лашын сақтаған,

Сансыз мүрид бастаған, шайхым Ахмет Яссауи!

Шариғаты раста, тарихаты дұрыста,

Хақиқаты сайыста, шайхым Ахмет Яссауи!

Шариғатты сөйлеген, тарихатты іздеген,

Хақиқатты көздеген, шайхым Ахмет Яссауи!

Күн шығыстан батарға, тарса, жөһід татарға,

Құлдығына сатарға, шайхым Ахмет Яссауи!

Он сегіз мың ғаламда, аты мәшһүр кәләмда,

Орыны Дәрәссәламда, шайхым Ахмет Яссауи!

Бабтар бабы Хорасан, сансыз түмен Хүндистан,

Басты баба Арслан, шайхым Ахмет Яссауи!

Атам аты азғусы. Жаппар болып тозғусы,

Екі жәһәнді көргуші, шайхым Ахмет Яссауи!

Қызырменен сұхбаттас, Ілһяспенен үлфаттас,

Хақ қасында құрметтес, шайхым Ахмет Яссауи

Түркістанға баралық, қызметінде болалық,

Үлес берсе алалық, шайхым Ахмет Яссауи!

Баба Машін ол сұлтан, мурид болды би қаман,

Хақим Қожа Сүлейман шайхым Ахмет Яссауи!

Арман тілектерді қабыл алғушы
Алла тағаланың меиіріміне мінәжәт

  1. Мінәжәт айтты міскін Қожа Ахмет,

Я, Алла, бар пендеңе қылғыл рахмет!

  1. Ғаріп Ахмет сөзі әсте көнермес,

Жер астында жатса да, шіріп-көгермес.

  1. Және мансұқ болып өмірден қалыспас,

Мұны оқыған пенделер шаршап-жалықпас.

  1. Оқығанға етермін онда шапағат,

Қиямет күнінде жасармын шарафат.

  1. Құдайым нәсіп етсе маған ұжмағын,

Онда иманға кенелтермін ожданын.

  1. Тілегін не тілесе Тәңірім бергей,

Махаббат жалыны жүрегіне енгей.

  1. Жамалын көрсетіп Пәруәрдігәрім,

Өз жолына салсын жанның бәрін.

  1. Құдайым берсін махшарда рахат,

Қиямет күн асыл затына рахмат!

  1. Дұғаға көңіл бөлсе әр мұсылман,

Өлер кезде бұйырар оған нұр Иман.

  1. Менің хикметтерім, ғаламға толған,

Естіп өлген мүһмін, қылғай арман!

  1. Менің хикметтерім, дертіңе дәрман,

Оқып балқымаса, ол, босқа қалған!

  1. Менің хикметтерім, ғаламда дастан,

Рухым келсе сұхбатты қылар гүлістан!

  1. Менің хикметтерім, Хадистің кені дүр,

Беріліп оқыған дерттінің емі дүр.

  1. Менің хикметтерім, тәлиптің ризық тамағы,
  2. Түсінбесе, өмірдің пасығы, – арамы!
  3. Менің хикметтерім, пәрмән – Сұбхан,

Оқып түсінсең, мағынасы құран!

  1. Менің хикметтерім, ғаламда Сұлтан.

Бір мезетте шөлді етер гүлістан!

  1. Менің хикметтерім, от махаббат!

Көз жасыңды жеткізер алуға тәһәрат!

  1. Намазыңа расул Алла имам болғай,

Періштелер қауымы сапқа тұрғай.

  1. Ықыласпен оқыған намазы да,

Қабыл болғай Хаққа оның ниязы да.

  1. Менің хикметтерімді ғашыққа айтқын,

Ділі таза айнадай садыққа айтқын.

  1. Барша көңіл көзі көрдің, бәдәні кәззәп,

Бар әлемді кезсем де таппадым саф!

  1. Әділет күші, ақиқат, адалдық та,

Жол бермес ол, сұмдыққа, – жамандықка.

  1. Менің хикметтерімді міскінге айтқын.

Хұданың рахымы түскен мүмінге айтқын.

  1. Менің хикметтерімді надан тыңламас,

Ділі, көңілі қаралар одан да нас.

  1. Хақтан бейхабар Аллаға күпір,

Пірден безген биәдептің бетіне түкір!

  1. Менің хикметтерімді білгірлер алсын,
  2. Мақсаттарына жетіп, бақтары жансын!
  3. Дін иманы жоқтың, Исламы ойран,

Қиямет таңы атса жолда қалған!

  1. Пір кәмәлді көрмей шайхысынған;

Құдай қабыл қылмайды оқыса құран.

  1. Өзін шейхы санаған, қарамастан әліне.

25-те-ақ жер тіреп өзін теңер Әліге.

  1. Сөз қылғандар ерігіп, мықты менен жуанды,

Өзі пәһәм қылмай ма, жақсы менен жаманды?

  1. Ондайлардың сөздері айнымалы жалған дүр,
  2. Шариғаттың қауымы ұятқа талай қалған дүр.
  3. Илансын деп бұған кейбір биақыл,

“Әулиелер айтты”, – деп қылар нақыл.

  1. Пірсіз өзін киеліге санамақ;

Тілі жылмаң, сөзі жалған арам-ақ?!

  1. Шайтаннан бетер мекерлігін қымтайды,

Махшарда таныр, жүзі қара сұмпайды.

  1. Олардың көрмеңіз жүзін әмәнда,

Олардай лағнаттан без басың аманда!

  1. “Өзіңе шүкір де, наданды көрмегін,

Хақиқат сөзіммен жәһілді жерледім!

  1. Егер шын ғалым болса жаным тасаттық,

Дүрр гәуһар сөзімнің мағынасын тыңлада-ұқ!

  1. Дүрр гәуһар сөздерімді ғаламға таратса,
  2. Жаратқанның жазмышына бар әлемді қаратса!?
  3. Ондай ғалымға жанды құрбан қылармын;

Барымды сол үшін шашып-төгіп тынармын!

  1. Ондай ғалымды көрсетші жарандар!?

Алладан сөз бастаса, жанды пида санаңдар!

  1. Шын ғалымның төсегі тастан да қатты,

Оқып білгенін ол бұл ғаламға таратты!

  1. Өзін-өзі танып білгені, Хақты білгені,

Хақтан қорықса, ынсапқа келгені.

  1. Менің хикметтерімді даналар есітсін,

Сөзімді дастан қылып, мұратына жетсін!

  1. Менің хикметтерімді: пейілі мен қолы,

Ділі, көңілінде болса зікірі молы,… оқысын!

  1. Менің хикметтерім бір пір кемел,

Әр пенде Хаққа бейім болса егер.

  1. Менің хикметтерімді құптағанға айтқын.

Дұға, тәкбір оқып рахатқа батсын.

  1. Менің хикметтерім пір зәбәрдас,

Естігендер болар балқып сырға мас.

  1. Пірі болса, жәһәнда қор болмас.

Оқыған пенделер ақылға зар болмас.

  1. Қияметке оған еру болармын,

Егер дерті болса, оған дәру болармын.

  1. Қартаймас ол сірә, жүз жасқа келсе де,

Шірімес бәдәні жер астына кірсе де.

  1. Құдайым қылғай оны тамұқта оттан азат!

Жәннәті “Жауаданда” болғай көңілі шат!

  1. Егер хикмет оқыса кәрі мен жас,

Маған перзент болады, әм тәлиб Хас!

  1. Естіп хикметімді қуат алған,

Бұйырғай ол уақытта оған Иман!

  1. Яссауи хикметін даналар есітсін,

Естігеннің бәрі де мақсатына жетсін!

  1. Жаухар кенінен бір дана алсын,

Естігісі келмегендер қасіретте қалсын!

  1. Кісі хикметті тыңласа жаныменен,

Оның жаны шығады иманымен.

  1. Құлаққа ілмейді бұл сөзді надан,

Оны адам деме, ол бір тексіз хайуан!

  1. Хұданың сөзімен шыққан бұ Хикмат,

Естігенге жауар барлық рахмат!

  1. Менің хикметтерімді кім тұтса бекем,

Бір құдайым оны мұңсыз қылса екен!

  1. Кірер жәннәт ішіне ол шат-шадыман,

Құдайым айырмасын оны иманнан.

  1. Менің хикматтарым Хақтың санасы,

Махаббат дендеткен дерттің дауасы.

  1. Менің хикматтарым бал менен шекер ғой,

Хикмат сөзі тұрғанда басқа сөз бекер ғой.

  1. Менің хикматтарым Әнғам Алла,

Сәһәр уақытында айтса астағфиралла.

  1. Менің хикматтарымды дертсізге айтпағын,

Баға жетпес гәуһәрді наданға сатпағын.

  1. Яссауи хикматінің қадіріне жеткіл,

Хам ғашықтың шәрбәтінан бір тамшы татқыл.

  1. Хам ғашықтан әр кісі бір тамшыдан татқай,
  2. Хұданың асылына бар жолы батқай!

Әминь

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Түркістанда ғаріп болды Кұл Қожа Ахмет

77-хикмет Аяу, достар, ғашық, ышқы болмайынша, Уахаданият дариясына сүңгіп болмас. Ол дарияның гәуһары дүр Хақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған