Рабғұзи

Ібраһим ғалайһи-уәссәлам

Ібраһимнің атасы Тарих, яғни Азар. Азардың атасы Нахар. Нахардың атасы Саруғ, Саруғтың атасы Ағзу, Ағзудың атасы Талих, Талихтың атасы Ғабір, Ғабірдің атасы Шалық, Шалықтың атасы Ерфахша, Ерфахшаның атасы Сам, Самның атасы Нұһ ғалайһи-уәссәләм.

Ібраһим, яғни Әбурахим, Абурахем – шапағатты ата деген мағынада.

Төрт патша дүниені ұстап, билік қылды. Екеуі мұсылман болды. Олар, Сүлеймен һәм Зүлһарнайн ғалайһи-уәссәләм. Қалған екеуі пұтқа табынушылар, Намруд және Шәдәт еді.

Бір күні Намруд түс көріп, түсінде оны тағынан бір қой келіп сүзіп құлатты. Түсінен шошып оянғанда патша маңайындағыларды жинап, түсін жорытты. Түс жорушылар: «Бұл жылы бір ер бала дүниеге келер. Сенің патшалығың сол баланың қолында әлекке ұшырар. Сонан соң ол қауымға жаңа бір дін әкеліп, адамзаттың саған табынуына тияр», – деді.

Намруд қауымынан Башхамед есімді бір кісі: «Бұл іске қарсы ерекет жасауға дайындалу керек!», – деді. Намруд: «Бұл іске қарауыл қою керек», – деп, он кісіге бір кісіден қарауыл қойды.

Азар Намрудтың өте жақын адамдарынан еді, сондықтан оған қарауыл қоймады. Намруд: «Шаһардан еркектер шығарылып, әйелдер шаһарда қалсын», – деп Азарды халық бақылап жүретін қызметкер етіп ұстады.

Бір күні Азардың көзі Ібраһимнің анасына түсті. Ол Намруд әмірін ұмытып, әйелмен жақындасып қояды. Сол уақытта патша адамдарының бірі: «Намруд патшалығын құлататын бір ер бала ана құрсағына келіп түсті», – деп айқайлайды. Бұған Намруд таңырқап қандай әйелдер құрсақ көтерді, соны тексеріңдер, – деп әмір етеді.

Ібраһим анасы өзінің бала көтергенін жасырды. Мезгіл толып, іші өсе бастағанда Азарға айтты. «Менің уақытым жақындап босанамын. Егер ер бала болса, оны екеуміз Намрудқа алып барайық, Намрудтан көп жақсылық көріп едік, бәлкім бұл ісімізге риза болар».

Азардың әйелі босану уақыты жақындағанда тау жаққа келіп, бір шұңқырға босанды. Баласы ұл болды. Емізіп болып, баласын тастап кетті. Әйелі Азарға: «Бала өлі туды, сондықтан оны көміп кеттім», – деп жалған айтты. Бұл сөзді естіп, Азар қуанды. Әйелі Азар қызметке кеткен кезде баланы емізуге шығып кететін еді.

Бір күні анасы келсе, сәби өз бармағын өзі еміп жатыр екен. Баланың бір бармағынан сүт, бір бармағынан бал тамып, сәби кезек-кезек бармағын емген еді.

Бала күннен-күнге өсіп, бір күні тілге келді. Бала анасынан: «Мені кім жаратты?» деп сұрады. Анасы: «Сені мен жараттым», – деді. Сонда Ібраһим: «Сені кім жаратты?» деді. Анасы: «Мені Азар атаң, Азар атаңды Намруд жаратты», – деді. Баласы: «Намрудты кім жаратты?» – дегенде анасы: «Сөйлеме, ол ұлы тәңір иесі. Одан басқа тәңір жоқ», – деді.

Мұнан соң бала: «Мен әдемі ме, сен әдемі ме?» – деп сұрады. Анасы: «Сен әдемісің», – деді: Бала: «Атам Азар әдемі ме, әлде Намруд әдемі ме?» деп сұрады. Анасы: «Әрине, атаң Азар әдемі!», – деді. Сол сәт бала: «Егер Намруд тәңір иесі болса, Азарды неге өзінен де көрікті етті. Егер ол тәңір иесі болса, өзінен сұлу етіп жасамаған болар еді!», – дегенде, анасы баласынан шошып, жауап қатпастан өңі қашып, кетіп қалды.

Түсі қашқан әйелін көріп, Азар: «Сен неден қорықтың, не болды?» – деп сұрайды. Әйелі сонда: «Әй, Азар! Намрудтың дінін өзгертетін сенің ұлың», – деді. Азар таңырқап: «Қандай ұлым?» – дегенде, әйелі болған оқиғаның бәрін бастан-аяқ айтып берді. Азар бұл іске қатты өкініп, баланы өлтірмекке тауға кетті. Көзі Ібраһимге түскенде, Алла тағала Азар көңіліне сүйспеншілік салды. Ібраһим ғ.с. анасынан сұраған сөзін атасынан да сұрады. «Намрудтың тәңірі кім?» – дегенде, Азар баласын шапалақпен салып қалып: «Сенің ондай сөз айтуға хақың жоқ», – деді.

Алла тағала өзінің барлығын Ібраһимге білдірді. Бір рәуәйәттә: Ібраһим ғ.с. 18 жасқа толғанша тауда тұрды. Алла тағаланың құдіретімен бір күні Азар баласына іңкәрі ауып, таудан алып келді.

Азар ағаштан сурет ойып жасайтын шебер еді. Атасының жасаған суреттерін басқа балалары мақтап, базарға шығарып сататын еді. Азардың өзі де пұт суретін жасаудан ешкімге тең келмейтін еді.

Бір күні ағаштан сурет жонып, Ібраһимге: «Ұлым, мынаны базарға апарып сатып, ақшасын алып кел», – деді. Ібраһим ата сөзін қабыл алып, пұт бейнесін алып шықты. Азар маңынан алыстағаннан кейін базарға кіріп: «Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, қолы ұстауға келмесе, аяғы жүруге келмесе, мұны кім алады? Алған адам қасірет шегер?» – деді. Мардүттар: «Азардың бұл диуана ұлына тәңірімізді қорлатпайық», – деп ақша беріп сатып алды.

«Ібраһим суреттерді жылдам сатады екен», – деп әкесі тағы суреттер берді. Ібраһим әуелдегідей айқайлап сурет сатты. Сол кезде бір әйел келіп: «Мен сенен пұт сатып алмаймын. Сен бізге ғазизімізді үнемі қорлап сатасың. Онан да мен сенің әкеңнен сатып аламын», – деді. Сонда Ібраһим ғ.с: «Онда пұтты мақтайын ба?» – деді. Әйел: «Иә, мақта», – деді. Сол кезде Ібраһим ғ.с: «Егер отқа салсаң отың жақсы жанып, тамағың тез пісер» – дегенде әйел ұялып, төмен қарайды. Сонда Ібраһим: «Мен саған сыйынатын, сенетін тәңірдің кім екенін айтайын ба?» – дегенде, әйел: «Намруд па?» – дейді. Ібраһим: «Жоқ, ол емес, одан әлде қайда әмірі күшті, мінәжат қылсаң, тілегіңді беретін жалғыз-ақ күш бар, ол – Алла тағала», – дейді.

Сөйтіп, әйелдің тілін: «Лә ілләһә іллә ллаһ», – деп иманға келтіріп, мұсылман етті. Ібраһимнің ислам дініне сенуіне қауымы қарсы болып, оны диуана деді. Ібраһим ғ.с. бір күні әкесі кеткен кезде. Пұттардың бейнесін быт-шыт етіп үгітіп, үлкен пұтты ғана қалдырып кетеді. Мұны көрген кәпірлер қатты ыза болып: «Осыны жасаған адам жазалансын», – дейді. Сонда біреу тұрып: «Оны жасаған Ібраћим болар», – дейді. Дереу Ібраһимді шақырып жауап алады. Сол кезде Ібраһим ғалайһи-уәссәләм жалған сөйлемес үшін: «Мынау үлкен пұттарың аман қалыпты ғой. Егер менің күнәм болса, осы пұт көрген шығар, сол айтсын», – дейді. Сонда кәпірлер. «Әй, Ібраһим! Сен бұлардың сөйлемейтінін жақсы білесің», – дегенде, Ібраһим ғ.с: «Сөз сөйлемейтін, естімейтін нәрсеге ғибадат қыласыз ба? Олай болса, оған ғибадат қылсаңыз да, қылмасаңыз да еш зиян келтірмес. Сіздің қателігіңіз, сіз ғибадат етіп жүрген нәрсе құдай емес. Соған да ақылыңыз жетпей ме?» – деді.

Рәуәйәтта: Ібраһим ғ.с. Намруд жанына келтірілді. Адамдар: «Намрудқа сәжде қыл», – дейді. Өйткені Намруд қауымы оған сәжде қылатын. Ібраһим оған сәжде қылмады. Сонда Намруд: «Маған неге сәжде қылмадың?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Мен Алладан басқаға сәжде қылмаймын», – деді. Намруд: «Сенің Аллаң кім?» – дегенде, Ібраһим: «Алла тағала», – деді.

Аят мағынасы: «Менің Раббым тірілтер һәм өлтірер».

Намруд: «Мен де һәм өлтірермін һәм тірілтемін» – деді. Ол зынданнан екі кісі келтіріп, біріне азаттық силап, бірін өлтірді. Тіріні тірі қалдыру емес екенін, яки жансызға жан бітіру дегенді ол малғұн білмеді.

Ібраһим ғ.с: «Алла тағала күнді шығыстан келтіреді. Егер сенің құдіретің жетсе, батыстан күнді шығар», – деді. Бұл сөзге кәпірлер таң қалысып, жауап бере алмады. Бірақ тәңірлерінің қорланғаны үшін Ібраһимді қамауға алмақ болып, кеңес құрды. Ақыры оны азаптап, отқа салуды жөн деп тапты.

Ібраһим қамауда 40 күн тұрды. Кәпірлер Ібраһимді отқа салу үшін биіктігі 60 аршын от үйін дайындады.

Мұнан соң Намруд, үлкен-кішінің бәрінен отын жинатып, «Кімде-кім отын әкелуге бармаса, Ібраһиммен бірге отқа саламын», – деп жар салды. Қырық күн бойы отын тасылды. Қайсыбір хайуандарға отын жүктеп, айдаса жүрмей әлек болды. Атты жексе жығылып, түйеге артса шөгіп, есекке артса орнынан тұрмай қойды. Қашырға жүктегенде ол тартып, жүріп кетті. Сондықтан Хақтағала қашырды қысыр қылды.

Отынды толтырып, күкірт жағып, Ібраһимді әкелді. Намруд Ібраһимге: «Саған жаным ашиды. Онан да маған сәжде қылып, дініңе қайт», – деді. Ібраһим ғ.с. жымиып күлді де: «Тәңіріне ғашық пенделердің көңілінде от болса, мен оттан қорықпаспын», – деді. Мәшрүктер: «Әй, Ібраһим! Бұл сөзіңнен қайт. Мұның іші толы күкірт, тау салсаң да ерітер», – деді. Ібраһим ғ.с: «Менің көңілімдегі от сіздердің оттан әлде қайда қуатты. Сіздің отыңыз дүние оты, менің отым – Алла оты», – деді.

Мұнан соң Ібраһим ғ.с.-ды отқа салмақ болды. Жанып жатқан от маңайына бару мүмкін емес, бір күндік жерден құс өтсе күйіп, жанып кететін. Намруд Ібраһимді отқа қалай саларын білмей тұрғанда Ібіліс бір ақсақал кісі бейнесінде келді. Одан Намруд: «Сен кімсің?» – деп сұрады. Ібіліс айтты: «Мен сенің қауымыңнан боламын. Жиырма екі жыл бойы сахарада саған дұға қылып жүруші едім. Сенің шаһарыңнан бір сиқыршы шығып, дініңді бұзбақшы екен. Соны бүгін отқа салады дегенді естіп, көруге келдім». Намруд бұл сөзді естіп, құрмет көрсетті.

Ібіліс отты тамұқтан көргендей етіп жасап, Ібраһимді сонда тастатты. Ібілістің бұл өнерін көрген Намруд һәм оның әскері Ібілісті барынша құрмет етіп, қолын өбті.

Ібраһимнің мүшкіл халін көріп, жеті қат көк періштелері жыласты: «Әй, Иллеһи! Жер жүзінде сені уағыздаушы, зікір қылушы бір пендең бар. Оған залымдық әрекет жасалып жатыр. Сен рұқсат етсең соны құтқарар едік», – деген сәтте Хақтағала: «Сіздің жәрдеміңізге сенбес және сізден жәрдем сұрамас. Бірақ тәжірибе қылып, құтқарыңыз», – деді.

Ібраһим ғ.с. көңілді, қуатты қалпынан еш өзгермей: «Жанамын», – деп тұрды. Оның есінде қорқу, үрей болмады. Періштелер келіп: «Мына отты желге сөндіртейік, тілесең жәрдем етейік», – десті. Ібраһим ғ.с: «Хақтағала мені өзіне дос еткен. Тілегенін жасайтын болар. Құтқарса – шүкір етемін, отқа жандырса, өзімнің кемшілігімнен болар. Онда сабыр етермін» , – деді.

Көктен отқа жақындап, Жебірейіл ғ.с: «Бір тілегің бар ма?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Сенде тілегім жоқ», – деді. Жебірейіл ғ.с. айтты. «Тілегіңді Хақтағаладан неге сұрамайсың?» – деді. Ібраһим ғ.с. айтты: «Хақтағала менің халімді өзі де біледі, несіне сұрайын. Достым Хақтағала менің жануымды тілеген болса, менің одан тілек етіп аман болуымды сұрауым жарамас» – деді.

Хақтағала отқа әмір етті: «Ібраһим өз бейнесінен ауысты. От, сен де қалпыңнан өзгер. Ібраһим досымды жандырма», – деді.

Жебірейіл ғ.с. қанатымен отты сипады. Сол сәт от гүл бақшасы болды. Алқызыл бәйшешектер шығып, ағаштар жеміс беріп, сандуғаштар сайрай бастады. Бақ ішінен бір бұлақ шықты. Алла тағала жұмақтан бір көйлек пен жайнамаз жіберді. Ібраһим отыратын тақ пен шатыр пайда болды. Ібраһимнің оң жағында Жебірейіл ғ.с. сол жағында Мікаил ғ.с. тұрды.

Хақтағала Ібраһим бейнесінде бір періште жіберіп, ол Ібраһимге қызмет етті. Ертелі-кеш Мікаил ғ.с. жұмақтан ырыздық әкелді.

Үш күн өткеннен кейін, Намруд Ібраһимді көруге жиналды. Намрудтың уәзірлері: «Әй, Намруд! Ібраһимді көріп қайтамыз. Ол отқа жүз Ібраһимді салсаң еріп кететіндей болған жоқ па еді», – деді. Намруд: «Ібраһим өлген жоқ, мен түс көрдім», – деді.

Лимған есімді бір кісі биік мұнараға шығып, өрт болған жерді қарады. От гүл бақшасы болып, Ібраһим үстінде сәнді киім киіп, тақ үстінде отырғанын көрді.

Бұл хабар Намрудқа келіп жеткен соң, өзі шығып қарады. Лимған айтқан әңгіме рас болып шықты.

Намруд: «Әй, Ібраһим! Сен жалғыз едің, жаныңдағыларың кімдер?» – деп сұрады. Ібраһим айтты: «Бұл қызмет етушілер, көк періштелері. Хақтағала оларды маған жолдас қылу үшін жіберді», – деп жауап берді. Мұнан соң Намруд: «Әй, Ібраһим, от сені не үшін жандырмады?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Алла тағала жандыртпады», – деді. Намруд: «Әй, Ібраһим! Сенің тәңірің ұлы», – деп, иман келтіруге ниет қылмақ болғанда уәзірлері патша ниетін қабыл көрмеді. «Неше жүз жыл бойы тәңір иесімін деп патшалық қылдың. Енді Ібраһимге құл болмақпысың?» – деді. Мұнан кейін Намруд көпірлігі күшейіп, көңілі азғындыққа түсті.

Харан (Ібраһим ғ.с.-ның аталары, уәзір) айтты: «Ібраһимді оттың жандырмауының себебі бар, оның ата-бабалары ежелден отқа табынып келеді. Сондықтан бізді от жандырмайды». Бұл сөзді естіген соң, Намруд: «Олай болса от сені де жандырмаса керек, барып, Ібраһим жатқан жерден от алып кел», – деді. Харан батылданып от алуға кетті. Хақтағаланың әмірімен бір кесек от ұшып келіп, Харанның басына түсті. Сол сәт Харан отқа өртеніп, күл болды.

Бұл оқиғадан соң, Намруд халқы иманға бас қойып, көп кісі иман келтірді.

Харанның қызы Сара һәм ұлы Лүт еді. Сараның мұсылман болуына Лүт себеп болған. Ібраһим ғ.с. оттан құтылғанын естіп, екеуі көруге келді.

Ібраһим ғ.с.-ның гүл бақшасында отырғанын көріп, Сара айтты: «Әй, Ібраһим! Сенің тәңірің күштірек. Мен егер сенің тәңіріңе сыйынсам, қабыл етер ме едің?» – Ібраһим ғ.с: «Қабыл етеді һәм күнәларыңды кешірер. Орныңды жұмақтан қылар», – деді. Сара дереу иман келтірді. Ол аса көркем қыз еді, бірде: «Әй, Ібраһим! Мені әйелдікке алар ма екенсің?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Сабыр ет, Алланың әмірін күт. Құдайдан әмір болса сені алармын. Бірақ қалың мал төлейтін ақша менде жоқ. Дүниенің адал малын Алла тағаладан сұраймын», – деді.

Ібраһим ғ.с. үш күннен соң оттан шықты. Күннен-күнге иман келтірушілер арта түсті. Бұл жағдай Намруд пен уәзірлерінің беделіне нұқсан келтірді. Сондықтан Ібраһимді өлтіруге кеңес болды. Олар өзара кеңесінде: «Ақыры отқа жанбайды, оны өлтіре аламаспыз. Енді жұрттан қуып жібермеске амал жоқ», – десті. Мұны естіп Ібраһим ғ.с. Сара мен Лүтты өзімен бірге алып, шаһардан шығып кетті.

Шаһардан бірнеше шақырым алыстап кеткеннен кейін Хақтағаладан хабар жетті. «Достым Ібраһим Сараны некелікке алсын», – деді. Алғашқы өмірі осы еді.

Намруд көкке оқ атты. Оғы қанға боялып түсті. Намруд қанға боялған оқты халқына көрсетіп: «Міне, мен көк тәңірін атып өлтірдім», – деп қанды көрсетті.

Мұнан соң Алла тағала Ібраһимге кітап түсіріп, хабар етті. «Намрудқа айт, егер соғысуға көңілі болса әскерін жисын». Ібраһим ғ.с. Намрудқа хабар берді. Намруд әскерін жиып, соғысқа әзірленді.

Хақтағала шыбын әскеріне әмір қылды. Барша шыбын жиналып келіп, Намруд қауымын әлек қылды. Шыбындардың көптігінен көк көрінбес болды. Намруд өзінің сарайына қашып кіріп, есіктерін бекітті. Ауа кіргізу үшін бір тесік ғана қалдырған еді.

Хақтағала бір қанатты, бір аяқты мүгедек шыбынға әмір етті. Шыбын Намруд сарайының тесігінен кіріп, Намрудтың иығына отырып, одан мұрынына кіріп, миына жабысты.

Бір рәуәйәтта: «Намруд лағнет 400 жыл тәңірлік патшалығын қылды. Мұрнына шыбын кіргеннен кейін және 400 жыл тұрды. Бірақ бас ауруына душар болып, әр күн басын тоқпақтатып, ұрғызып отырушы еді. Осындай халде тағы да 400 жыл өмір сүрді.

Намрудтың ғұмыры ұзарған сайын, бас ауруы да күшейіп, соңғы күндері басын темірмен тоқпақтата бастады. Бір күні уәзірінің бірі «Менің кезегім, енді мен ұрып жанын тындырайын», – деп қол көтеріп, барлық пәрменімен пергенде, Намрудтың басы жарылып өліп кетті. Сол сәтте шыбын көгершін болып ұшып кетті».

Дәлә ил Набуд кітабында айтылған, Ібраһим ғ.с. Сарамен некеге отырғанда 38 жаста болатын. Туған шаһары Намруд қауымы Бабыл шаһары еді. Бабылдан Харан жұртына барды. Шам шаһарынан Мысырға кетті.

Мысырда Қабыти елінен Садық атты бір патша бар еді. Ол патшаның әдеті әркім үйленсе, қыз күйеуін көрмес бұрын өзі жақындасар еді. Егер көңіліне ұнаса өзі алып, ұнатпаса күйеуіне тастар еді. Жолға қарауылдар қойғызып, келген-кеткен мүсәпірлердің сұлу әйелдері болса, патша үйіне жөнелтер еді.

Ібраһим ғ.с. өте қайратты адам болатын. Мысыр патшасының бұл хабарын естіп, бір сандық жасап Сараны сандыққа жасырды.

Мысырға жақындағанда Хақтағаладан: «Лүт ғ.с.-ды Мүәтифқатқа жіберсін, өзі Мысырға түссін», – деген әмір болды.

Мысырға жақын келгенде қарауылдар келіп, Ібраһим ғ.с. дүниелерін тексерді. Кезек Сара ана сандығына жетіп, сандықты ашты. Сараны көріп, сұлулығына таң қалысып, патшаға хабар берді. Патша елшілерін жіберіп. Ібраһим ғ.с.-мен Сараны алдыртты.

Патша Ібраһимге: «Бұл сенің қатының ба?» – деді. Ібраһим Сараны қастық қылмасын деп: «Қыз қарындасым», – деді. Мұнан соң патша: «Ендеше қыз қарындасыңды маған бер, мен сені бай етемін. Не тілесең соны аласың», – деді.

Ібраһим ғ.с: «Қыздың атасының рұқсаты керек», – деді. Онан соң, Ібраһим ғ.с.-ды сыртқа алып шығып, Сара ананы үйінде қалдырды.

Ол залым нәпсісімен үстемдік етіп, Сара анаға қол созбақшы болды. Сол сәт екі қолы бірден ғайып болды. Ол кезде Ібраһим ғ.с. Алла тағалаға мінәжат қылған еді: «Илләһи, бұл залымның зұлымдығынан сақта», – деді.

Хақтағала құдіретімен патша сарайының қабырғасын әйнек қылды. Сарай іші анық көрініп тұрды. Сол сәтте Ібраһим ғ.с.-ның жаны тынышталды.

Мұнан соң патша кешірім сұрап, Сараға дұға қылғызып, қолын орнына келтіртті. Ібраһим ғ.с. мен Сара ананы құрметті қонақ етіп, жүз мың қой, жүз мың жылқы, жүз мың түйе беріп, Мысырдың жеті жылдық қаражатын Ібраһим ғ.с.-ға бағыштады. Мұнымен қоса оларға Қамар атты кәнизәк (кәнизөк – қызметші әйел) берді.

Ібраһим ғ.с. патшаға: «Иманға кел!» – деп уағыз қылды. Жеті күн иман зандылығын үйретті.

Осы жорықтан соң Палестина жұртына бет алды. Бір сахараға түскен еді, бұл жерде әсілі су болмаған екен. Дүние-мүлік, малдары көп болғандықтан ұзақ жол қиындыққа түсті.

Ібраһим ғ.с. бір құдық қазып, ләзатты, дәмді су шығарды. Малдарын суарып һәм өздері су ішті. Бұл сахара маңында ешбір шаһар жоқ еді. Өздерінің тағамдары біте бастағанда Ібраһим ғ.с. сахара тарапына жолға шықты. Сөйтіп, бір шаһарға келіп еді, тағам таба алмады. Сонан соң Сараның көңілі толсын деп, бір дорбаға құм салып алып келді де, өзі ұйықтауға жатып қалды.

Сара ана Қамарға: «Бар! Қапшықта не бар екен, алып кел», – деп жіберді. Қамар қапшықтан толы бидай көрді. Сара мен Қамар бидайды ұн етіп, нан пісірді. Ібраһим ғ.с.-ды тамаққа оятты. Ол: «Жейтін не бар еді?» – деп сұрағанда қапшықтағы бидайды айтты.

Қапшықтағы бидайдың біразын жеуге, біразын тұқым етіп егуге келісіп, шүкір етті. Бидайға дұға етіп, егінді шашты. Қазып шығарған суымен суарды. Астық көбейді.

Мұнан кейін бұл жерге әр жақтан арабтар келіп, жиыла бастады. Сөйтіп бұл жерге шаһар салды. Қазір ол жерді Ібраһим-Абат дейді. Кейіннен мұнда жиылған халық Ібраһим ғ.с.-ға мұхалиф қылғандары үшін (мұхалиф – яғни қарсылық қылғандар) ол жерден көшіп, Хистая деген жерге келді. Бұл жер Рүм мен Елия (Грекия) арасында еді.

Хақтағала Ібраһим ғ.с.-ға төрт аяқты хайуан мен дүниені молынан берді. Ібраһим ғ.с: «Иә, Раббым, пақырыңа дүние-дәулетті несіп қылдың. Егер бір бала несіп қылсаң, менен кейін сені зікір қылып, халқыңды ислам дініне үндер еді», – дейді.

Сара ана өзі бір үй есебінде болып, Ажар ананы Ібраһим ғ.с.-ға бағыштады. Ажардың шын есімі Қамар еді. Садық патшаның Сара құрметіне берген кәнизәк әйелі болатын. Қамар Садық пайғамбар нәсілінен, өте көркем, мінезді әйел болатын.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button