Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Ібраһим һәм Смағұл ғ.с. (Ісмағил)

Ібраһим һәм Смағұл ғ.с. (Ісмағил)

Сара Ажар ананы Ібраһим ғ.с.-ға бағыштады. Екі шариф қосылып, қауышып, Ажар ана құрсақ көтерді. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа нұры Ажарға көшті.

Сара ана нұрдың Ібраһим ғ.с.-нан Ажарға ауысқанына: «Бұл нұр маған тиісті еді, менің асығыстығымнан болды» деп іштарлық қылып, Ажар денесінің үш жерінен кесуге ант етті. Сөйтіп Ажардың екі құлағын, мұрнын кесуге қастық қылды. Мұны сезген Ажар Алла тағалаға зар қылды. Сол сәт Жебірейіл ғ.с. келіп, Ібраһим ғ.с.-ға айтты: «Сара Ажарға залымдық қылмасын, құдайдың әмірі сол. Залымдарға Алла тағала разы болмас». Бұл сөзді Ібраһим ғ.с. Сара анаға естіртті. Сонда Сара: «Мен денесінің үш жерінен кесемін деп ант етіп едім, енді не істеймін», – деді. Жебірейіл ғ.с: «Екі құлағын тес, денесінің бір жат жерінен ет кесіп ал», – деді.

Сара Ажардың екі құлағын тесіп, жат жерінен ет кесіп алды. Көңілінен Сара: «Сұлулығына нұқсан келтірдім, енді ер адам қарамас», – деп ойлады. Жебірейіл ғ.с.-ға Хақтағаладан әмір болып, жұмақтан Ажарға екі алқа келтіріп құлағына кигізді. Мұнан соң Ажар көркемдігі мүлде арта түсті. Сүннет (әйелдің құлағын тесу) қылғаннан кейін бек сұлуланды. Арабта әйелдерді осылай сүннеттеу ежелден бар дәстүр.

Ажар да басқа аналар сияқты мұсылман үмбетін әкелуге мерзімі жақындады. Сара ана бұған сабырлық етпей: «Ажарды көз алдымда ұстамаңдар, жыраққа апарып тастаңдар», – деп Ібраһим ғ.с.-ға айтты. Ібраһим Сараның сөзін естіп, не істерін білмей тұрғанда Хақтағала әмірімен Жебірейіл ғ.с. келіп: «Сараның айтқанын істе», – деді.

Ібраһим ғ.с. Сарадан: «Ажардың қайда кетуін тілейсің?» – дегенде, Сара: «Ажарды сусыз, елсіз жерге апар. Екінші, өзің түйеден түспе. Үшінші, Ажар жанында кешке қонба!» – деді… Ібраһим ғ.с. Сара сөзін қабыл етті.

Жебірейіл ғ.с. түйе келтіртіп, Ібраһим ғ.с. түйеге мініп, артына Ажарды мінгестірді. Сөйтіп Шам жеріне жолға шықты. Олармен бірге Жебірейіл ғ.с. ерді. Хақтағала әмірімен жер тамыры тартылып, жол қысқарды. Түс ауғанда Меккеге жетті. Шам екеуінің арасы бір айлық жол еді.

Ібраһим ғ.с. Ажарды сонда түсіріп, жанына салқын су, жүзім қойып қайтып кетті. Кетерінде еш тіл қатпады. Ажар соңынан жүгіріп ілесіп көріп еді, Ібраһим ғ.с. тоқтамады. Сонда Ажар «Әй, Халиолла, сені өзіне дос қылып еді, Алла тағала атымен ант етіп сұраймын. Осы жерге сен мені Алланың әмірімен қалдырып барамысың?» – деді. Ібраһим ғ.с.: «Әрине», – деді. Ажар тоқтамға келіп: «Онда Алла бізді қыжалат етпес», – деді.

Сахарада жалғыз қалған Ажар ашығып, жылап, Аллаға зар қылды. Ажар сол замат толғатып, дүниеге Смағұл есімді бала әкелді. Жалғыздықтан халі мүшкіл болып, баласын сол жерге тастап, құдайдан жәрдем күтіп, су іздеді. Содан Сафа, Маруа тауларының биік жерлеріне барып маңайынан су іздеді. Сафа тауынан төмен түсіп Маруа тауына қайта шықты. Соңында баласының тірлігінен үміт үзіп, Маруа тауына қайта барғанда бір дауыс естілді. Бірақ ешкімді көрмеді. Бұл дауыс иесі Жебірейіл ғ.с. еді. «Әй, Ажар! Өз орныңнан су ізде. Хақтағала сенің ұлыңды зарықтырмас. Сол орнынан атасымен бірге Қағбаны салса керек», – дейді. Ажар бұл сөзді естіп баласының жанына келді. Баласының жанында Жебірейіл ғ.с. отыр еді, бірақ Ажар Жебірейіл ғ.с.-ды танымады.

Жебірейіл ғ.с: «Әй, бейшара! Сіз кім боласыз?» – деді. Сонда Ажар: «Ібраһим ғ.с. жамағатымыз», – деді. «Бұл сахарада сіздерді кімге тапсырды?» – дегенде Ажар: «Алла тағалаға тапсырды», – дейді. Жебірейіл ғ.с: «Сізді бір патшаға тапсырған екен, барша керек нәрселеріңіз жеткізілер», – деді.

Ажар баласына қараған кезде баласының өкше тұсынан су шығып аға бастапты. Мұны көрген Ажар шат болды. Мұнан соң су ішіп, аштықтан құтылды. Бұл су – қасиетті зәмзәм суы еді. Егер ниетіңмен ішсең, мақсатың орындалар болатын. Онан соң Ажар бұл сумен су сауытын толтырмақ болды. Сол кезде Жебірейіл ғ.с: «Қажеті жоқ, бұл су таусылмайды!» – деді. Бірақ Ажар су маңайын таспен қоршады.

Ажар құлағына тағы дауыс шалынып: «Қорықпа, Хақтағала бұл суды арттырар һәм бұл орынды ғибадатхана қылар һәм ұлың пайғамбар болар», – деді. Ажар сүйсініп, көңіліне қош тұтты. Егер Ажар ол суды қоршамағанда, ол қияметке де бұлақ болып аға берер еді.

Ажар мен Смағұл ғ.с. сол су жанында өмір сүрді. Ібраһим ғ.с.-ның аталас туған балалары Жерһәм руы әр жылы Шам тарапына саудамен жол жүретін. Олар сусап қатты шаршаған еді. Олар «Қай жерде суға кездесер екенбіз?» – деп келе жатқанда бір топ құсты көрді. Іштеріндегі қарттардың бірі: «Су болмаған жерде құс болмаушы еді. Тегі бұл жерде су бар болар», – деп екі кісіні жұмсайды. Олар суды көріп, су жанында отырған әйел мен балаға келіп: «Сіздер адам ба, әлде жын нәсілінен бе?» деп сұрайды. Ажар әңгімесін айтып: «Хақтағала бұл суды балама һәм маған берді», – деді. Олар: «Бұл суды сіздерден басқа адамның ішуіне хақысы бар ма?» – деді. Ажар: «Қақысы жоқ», – деді. Сонда Иемен кісілері Ажар жанына келіп, өздері һәм түйелері су ішу үшін рұқсат сұрады. Ажар рұқсат беріп, баршасы суға келді.

Олар Ажардың кім екенін сұрап, Ажар өзінің кім екенін айтты. Олар: «Ібраһим деген кім?» – деді. Ажар: «Ібраһим, Намрудты әлекке түсіруші», – деді. Олар баланың есімін сұрады. Ажар: «Смағұл», – деп жауап берді.

Керуеншілер түйелері су ішіп, өздерінің шаршағаны басылған кезде Ажардан: «Егер сен рұқсат етсең, су жанында біз де тұрайық. Қаласаң сенің қызметкерің боламыз», – деді. Ажар тілектерін қабыл алды.

Керуеншілермен бірге Ажар да Иеменеге көшіп келді. Басшылары Мұзаз Салийғ есімді еді. Мұзаз Меккенің жоғарғы жағы, тау басында, Салийғ тау шетінде үйлер салып, базарлар тұрғызды. Халық Ажарды да, Смағұл ғ.с.-ды да өте құрметтейтін. Смағұл ғ.с. Жәрһәм руының кісілерімен бірге арабша сөйлесіп өсті. Арабша сөйлесу, сырласу Смағұл ғ.с.-нан қалды.

Әр айда Смағұл жамағатын көру үшін Меккеге келіп, ақшам ауа Шамға қайтатын еді.

Смағұл ғ.с. есейіп 10 жасқа жетті. Атасы Ібраһим Сарадан рұқсат алып, баласының жанына келіп бір күн қонды. Сонда Ібраһим ғ.с. түс көрді. Түсінде «құрбан ет» деген бұйрық болды.

Ібраһим ғ.с. ұйқысынан тұрып, 100 қойды құрбан қылды. От жағып баршасын өртеді. Және екінші күнгі түсінде, қарабил құрбан бұйырылды. Ібраһим ғ.с. жүз өгіз құрбан шалды. От шағып баршасын өртеді. Үшінші кеште және қарабил құрбан бұйырылды. Сонда Ібраһим ғ.с: «Иә, Раббым! Не нәрсе құрбандық қылайын?» – деп сұрады. Алла тағала: «Ең сүйікті ұлың Смағұлды», – деді.

Ертеңінде Ібраһим ғ.с. Ажарға: «Бір ғазиз досым Смағұлды көруді тілейді. Смағұлдың шашын тарап, көзін сүрмелеп сүрт, хош иіспен иістендіріп, жақсы киімдерін кигіз. Досыма алып барамын», – деді. Ажар Ібраһим ғ.с.-ның айтқанын орындады.

Смағұл ғ.с. киініп болған кезде Ібраһим ғ.с: «Пышақ пен жіп ал», – деді. Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Досыма қонаққа барамын дейсің, жіп пен пышақтың керегі не?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Қайтарда қой бауыздап аламыз», – деді.

Атасы мен ұлы жолға шығып, Ібраһим ғ.с. алдында, Смағұл ғ.с. соңында келе жатты. Ата мен бала Ажар көзінен таса болғанда Ібілісте сабыр қалмады. Ол Смағұл көзіне бір қария болып көрініп: «Сені атаң қайда алып барады?» – дейді. Смағұл ғ.с: «Атам мені досына алып барады», – дейді. Сонда Ібіліс: «Атаң сені құрбан етуге алып барады», – дейді.  Смағұл ғ.с: «Қайсы ата өз ұлын құрбан етіп еді?» – дейді. Ібіліс: «Атаңа Алла тағала бұйырды», – деді. Смағұл ғ.с: «Алла ризалығы үшін менің жаным садаға», – деп Ібілістің шайтан екенін біліп қуалады.

Смағұл ғ.с.-нан үмітсіз болған Ібіліс: «Қатындарды азғыру жеңіл болар», – деп Ажар жанына келді: «Ібраһим пайғамбардың Смағұлды қайда әкеткенін білемісің?» – деп сұрады. Ажар: «Досына алып кетті», – деді. Ібіліс: «Оны құрбан қылуға әкетті», – деді. Ажар ана: «Қайсы атаның ұлын құрбан еткен қылмысы бар? Олай болмас, ата балаға шапағатшы», – деді. Ібіліс: «Алланың ризалығы үшін құрбан етпекші», – деді. Сонда Ажар: «Әй, ақымақ! Алла ризалығы үшін болса, мың ұлды да берер едім», – деді.

Мұнан соң Ібіліс малғұн тағы үмітсіз қалды.

Бәсер тауына жеткенде Ібраһим ғ.с. мен Смағұл дем алуға жайғасты. Ібраһим ғ.с. ұлының жүзіне қарап жылай бастады. Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Неге жыладың?» – деді. Ібраһим ғ.с: «Әй, ұлым» Ақиқатын айтсам, түсімде сені бауызда деп бұйырық алдым. Сен ақылыңмен ойлап көр, не айтасың?» – деді. Сонда Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Сабыр қылып, бұйырылған ісіңді жаса. Мен иншалла Алла үкіміне разымын. Бірақ бұл сырды үйде неге айтпадың? Анаммен қоштасып кетпес пе едім?» – дейді.

Ибраһим ғ.с. қайғырып қатты жылады. Мұны көрген Смағұл: «Әй, Ата! Тұр, тез бол! Алла әмірін кешіктіріп, күнәһар болмайық. Рұқсат етсең, бірнеше өсиетім бар. Әуелі, аяғымды һәм қолымды байла. Жан ашуынан тебініп, қаным шашырамасын. Екіншіден, бауыздағанда жүзіме қарама. Аталық шапағатың тебіренбесін. Үшінші, көйлегімді анама алып бар, мені еске алып жүрсін. Және өзің мені дұғадан қалдырма. Төртінші, анама айтыңыз. Алла әміріне жыламасын», – деді. Ібраһим бұл сөзді естіп отырып, көзі жасқа толды. «Әй, Раббым! Менің зарлығыма һәм қайғыма мархабат қыл. Егер менің күнәм себепті маған рахым қылмасаң, мынау күнәсіз балаға рақым ет», – деді. Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Мұндай сөздермен күн кешіктірме. Алла азабына душар болмайық», – деді. Атасы көкке қараса, көк ашылған екен. Сонда: «Сен көрмейсің, көк періштелерінің арасына қайғы түсті. Не хикмет, әй Раббым! Сенің ризалығың үшін бір пайғамбар бір пайғамбарды бауыздамақ болғанда тауларың тітіреп, зілзала болды», – деді. Смағұл да бұл халді көріп: «Әй, Ата! Бұйырылған ісіңді қыл. Қол-аяғымды байла», – деді.

Ібраһим ғ.с. Смағұлдың қолын байлап, пышақпен тамағын тартты. Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға әмір қылды: «Тез жет! Смағұлдың тамағын кестірме», – деді. Жебірейіл ғ.с. тез жетіп, пышақ пен тамақтың арасына қанатын қойып, араша түсті. Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Шапағатың күшейіп пышақты тарта алмадың. Жүзіме қарама, Хақтағаланың қызметіне кемшілік қылмай қатты тарт», – деді. Ібраһим ғ.с. бар қуатымен тартып еді, бауыздай алмады. Смағұл ғ.с: «Әй, Ата! Пышақтың ұшын тамырға қойып, бас», – деді. Ібраһим ғ.с. пышақты тамырға қойып, басып қалғанда пышақ екіге бүктелді, бауыздалмады. Ібраһим ғ.с. ашуланып, пышақты бар күшімен тасқа ұрды. Сол сәтте тас жарылып, екіге бөліңді. Сонда пышақ тілге келіп: «Әй, Ібраһим! Маған неге ашуланасың? Сені Намруд отқа салғанда, сені от неге жандырмады?» – деді. Ібрахим: «Алла тағаланың құдіретімен», – деді. Пышақ айтты: «Алла тағала отқа бір мәртебе жандырма дегенде, от жандырмады. Ал маған Алла тағала жетпіс мәрте бұйрық етті». Бұл сөзге Ібраһим таңырқап тұрғанда хабар келді: «Әй, Ібраһим! Сен түсіңді шындыққа жүктедің. Менің рұқсатымды һәм шапағатымды көр, тауға қара». Сол кезде Ібраһим ғ.с. тау басына бір қошқар келгенін көріп шат болды. Жебірейіл ғ.с: «Аллаһүәкбар», – деді. Ібраһим ғ.с: «Лә ілләһә іллә ллаһү, Аллаһүәкбар», – деді. Смағұл ғ.с: «Аллаһүәкбар уа ллил да һүл хамдү», – деді.

Ібрахим ғ.с. қашқан қойды қуып, Смағұл да қуысып, екеулеп қойды құрбан етті. Ібраһим ғ.с. Смағұлға: «Сенің байланған аяқ-қолыңды кім шешті?» – деп сұрады. Сонда Смағұл ғ.с: «Алла тағала менің жанымды құрбандықтан босатып, тауға қой жібертіпті. Сондықтан қол-аяғым шешілді», – деді.

Қошқарды ұстауды Ібрахим, Смағұл, Жебірейіл ғ.с. тәкбірі Хақтағалаға қош келіп, қажы ғаламатына бару, ораза ұстау, бес уақыт намаз оқу Мұхаммед ғалайһи-уәссәләм үмбетіне парыз болды.

Мұнан соң құрбандыққа бауыздап, әуелі жүрегін пісіріп, ата мен бала жеді. Онан соң Алла тағалаға жалбарынды.

Смағұл ғ.с. қайтып оралғанда өздерін есік түбінде күтіп отырған анасы Ажарға көзі түсті. Сол сәт Смағұл өзін-өзі тия алмай қатты жылады. Анасы себебін сұрағанда атасы рұқсат етіп, «сырыңды айт» деді. Смағұл бастан өткен әңгімені айтты.

Анасы баласының жүзіне қарап, Хақтағалаға шүкірлік етті.

Реуәйәтта: «Смағұл ғ.с. балиғатқа толған соң анасы Ажар опат болды. Жәрһәм руы Смағұл ғ.с.-ға мал беріп, қойлары есепсіз көп болады. Анасынан жалғыз қалғандықтан нәсілім жоғалмасын деген үмітпен Ғамара есімді қызға некеленеді. Онымен ұзақ уақыт ғұмыр кешеді. Мұхаммед ғ.с. нұры Смағұл жүзінде күн нұрындай жалтырайтын еді. Ғамара бұл нұрдан мақұрым болды.

Бір күні Ібраһим ғ.с. Шамнан Меккеге Смағұлды көруге келді. Смағұл ғ.с. мерген еді. Сахараға аң аулауға жиі шығатын, сол себепті үйінде болмады.

Ібраһим ғ.с. түйе үстінен Смағұл ғ.с.-ның үйінің жанына сәлем бергенде үй ішінен Ғамара сыртқа шықпастан: «Үйде Смағұл жоқ», – деп жауап қатты. Ібраһим ғ.с. хал-ахуалдарын сұрады. Ғамара тірліктеріне көңілі толмай зарлана бастады. Ібраһим ғ.с.-ға сый-сияпат көрсетіп, қонақ қылмады. Ібраһим кетпек болып: «Әй, қатын! Смағұлға менен сәлем айт, үйінің есігін ауыстырсын!» – деп Шам тарапына қайтып кетті.

Смағұл ғ.с. Ібрахим ғ.с.-ның келгенін сезіп: «Бізге біреу келді ме?» – деді. Ғамара: «Бір қарт кісі келген еді. Саған есігін ауыстырсын деп сәлем айтты», – деді. Ібрахим ғ.с. сөзін естіп, Смағұл ғ.с. айтты: «Ол қарт менің атам. Сен ол кісіге құрмет көрсетпегенсің, есік деп сені айтқан. Мен сені талақ қылдым», – деп әйелін талақ етеді.

Мұнан соң Смағұл ғ.с. Жәрһәм руындағы Харыс деген кісінің Хәлә есімді қызына некеленеді (Харыстың лақап аты – Сәйдә еді).

Ібраһим ғ.с. бір күні тағы да Шамнан ұлы Смағұлды көруге келеді. Ібраһим ғ.с. үй жанынан тұрып сәлем береді. Сол кезде Хәлә қарсы шығып сәлем алады. Ібраһим Смағұлдың қайда екенін сұрайды. Хәлә: «Оның аң аулайтын әдеті бар еді, аңға кетті», – деді. Ібраһим ғ.с: «Халдарыңыз жақсы ма, қалай тұрасыздар?» – деп сұрайды. Хәлә:

«Әлһамдү ліллаһи, жақсы тұрамыз», – деді. Мұнан соң Ібраһим ғ.с.-ға: «Әй, ғазиз! Үйімізге кіріп бір дұға қылсаңыз, тағамнан ауыз тисеңіз», – деп өтінді. Ібраһим ғ.с: «Ол мүмкін емес, мен түйеден түспеймін», – деді. Хәле айтты: «Рұқсат етсеңіз, шашыңыз өсіп кетіпті, үсті-басыңызды тазалап берер едім», – деді. Ібраһим ғ.с. сол тасқа бір аяғын қойып, үзеңгідегі қалпы басын жуғызып, сүртіндірді. Мұнан соң Хәлә табаққа салып тамақ һәм қымыран әкелді. Ібраһим ғ.с. қымыраннан дәм татты. Хәләнің қызметіне Ібраһим ғ.с. разы болып: «Ерің келсе айт, үйінің есігін жақсы сақтасын де», – деді.

Смағұл ғ.с. аңнан келіп, атасының иісін сезіп, біреу-міреу келмеді ме? – деп сұрады. Хәлә айтты: «Бір қарт келді. Мұндай көрікті адам көргенім жоқ, жүзінде пайғамбардың нұры бар. Мына бір таста аяғының ізі қалды, – деп тастағы ізді көрсетті де, – саған есікті жақсы сақтасын деп сәлем айтты», – деді.

Смағұл ғ.с. қауымын жиып жылады. «Ол қарт менің атам», – деп тасты көзіне, жүзіне сүртті. Сонда Хәлә Смағұлдан: «Есікті жақсы сақтасын дегені не?» – деді. Смағұл ғ.с. «Көңіліңе бұл сөзді қош тұт. Мұхаммед ғ.с. нұры саған қонар, атама құрмет көрсетіпсің», – деп Хәләні құрмет етті.

Хәлә құрсақ көтеріп, Хайдар деген ұл тапты. Мұхаммед пайғамбар нұры Хайдарға көшті.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Ғимранның әйелінің есімі Хана еді. Хана қартайып, бала көтермейтін болған. Күндерде бір күн Хана бір …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған