Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Шортанбай мен Орынбай  ақын айтысы

Шортанбай мен Орынбай  ақын айтысы

Шортанбай:

Жаратқан бәрімізді бір Құдайым,

Падиша пендесінің білер жайын.

Атыңа анық, түсіңе танық едім,

Жолың болсын, жүрмісің, Орынбайым.

 

Орынбай:

Дуана қожа атасы барар Мекке,

Мейрамға имам болған жалғыз, жеке.

Жолың болсын дегенің жақсы лепес,

Құдай берсе, мол болсын, е, Қожеке.

 

Шортанбай:

Өлеңге бір кісідей тынысың бар,

Бақ берген тіл мен жаққа ырысың бар.

Барымташы кісідей, мол болсын деп,

Әлдеқандай кісіде  жұмысың бар?

 

Орынбай:

Былтыр сіздің шақырды Құсбек батыр,

Хан шақырса, не тұрсын ақын, батыр.

Ақ сұңқардай  дидарын  көрейін деп,

Орынбай сол жарлықпен келе жатыр.

 

Шортанбай:

Айтасың мақтан қылып батыр ханды,

Ар көресің құр келіп бақырғанды.

Билейтін ел бітімін би емессің,

Құсбек сені не қылсын шақырғанда.

 

Орынбай:

Қожеке, ханға тағы сөйлеймісің,

Ханыңды шақырма деп билеймісің.

Ішің тар, бұл қайдағы жарықтықсың,

Тыңдамай хан шақырса қой деймісің?

 

Шортанбай:

Еліңе мен насихат көп айтамын,

Бар демей беті-жүзің, тік  айтамын.

Елімнен былтыр алып кетіп едің,

Ұялмай тағы келдің бе деп айтамын.

 

Орынбай:

Төреңнен алатұғын алымым бар,

Жақсыдан алып өскен қалыбым бар.

Төреңе әлің келсе бердірмей бақ,

Күндесең алғаныма ішіңді жар.

 

Шортанбай:

Орынбай Тұрлыбекке ере келген екен,

Әркім-ақ сұрамшаққа  берген екен.

Елімді өзім жоқта қойдай шауып,

Бұл мұңдар сонан дәндеп келген екен.

 

Орынбай:

Қожеке, соны сөз деп айтармысың.

Қуанып бердірмесең қайтармысың.

Мейрамның қарлығаштай малын қорғап,

Қызғанған тәңір малын сайтанбысың?

 

Шортанбай:

Білдің бе сөйткенменен берерімді,

Бағана біліп едім келеріңді.

Жан жоқ деп  менен  бақса мақтаансың,

Түк бермен, асырмасаң өнеріңді.

 

Орынбай:

Шығыпты Орта жүзге атың, Қожа ,

Айтасың әлімдікпен батыл, Қожа.

Көздерін сендейлердің уқалаушы ем,

Кім болар бергізбесең атың, Қожа.

 

Шортанбай:

Орынбай, Тұрлыбекпен келді, кетті,

Әй, бәлем, бергізбеспін, сөзің өтті.

Жалынсаң, Қожаеке деп, кешер едім,

Түбіңе сорлы, өзіңнің сөзің жетті.

 

Орынбай:

Қожеке, сырттан сұрап сағынғаным,

Құсбектен тәуір болды табылғаның.

Бұл жерде қожа билер Қаратау жоқ,

Арғында сенен сұрап не қылғаным?

 

Шортанбай:

Қарауыл өрши берді шыңдамаса,

Айтпаймын халық кеңес тыңдамаса.

Тіленші елге келген сен деймісің,

Көрейін халық сөзімді бұлдамаса.

 

Орынбай:

Қожасың, қараға жақ жөнің басқа,

Шығыпсың жақпай жалғыз қарындасқа.

Баласын бір Арғынның екі билеп,

Мұндайды кім үйретті сен қу жаққа?

 

Шортанбай:

Болса да баяғыдай заманым жоқ,

Бозбала – бәрі  тәуір, жаманың жоқ.

Пір болған жеті атаңа, қожаң едім,

Көрген соң бір заржақты амалым жоқ.

 

Орынбай:

Нәсілің төрт жар дейді, дегдар Қожам,

Алдыңда сөзге жүйрік мен бар Қожам,

Еліңе дәріс айтып, дін үйретпей,

Қазақтың өлеңінде нең бар, Қожам?

 

Шортанбай:

Тіленші боп ақын да жағады екен,

Ұлықты мақтап, мәнісін табады екен.

Алдына осындайда бір шықпасам,

Жайына қоя берсем жағады екен.

 

Орынбай:

Айтасың жүйріктікпен, шешен Қожам,

Күнәңді тәубе қылсаң кешер, Қожам.

Алдыма шығарыңды қайдан білдің,

Айтасың соны білмей, жетер, Қожам.

 

Шортанбай:

Беріп пе жалғыз саған тіл мен жақты,

Деймісің сөзден кедей біз бейбақты.

Қожаңды жұрт пір қылған жетер дейсің,

Әй, бәлем, ұмыттың ба әруақты?

 

Орынбай:

Деп едім «тілім тиер» мен бағана,

Жаратты қожаны пір Ақ тағала.

Ишан өлең айтқанын қашан көрдің?

Не өлең, не пірліктен кет садаға.

 

Шортанбай:

Хан, қара шақырған соң келе қалдым,

Жел сөзбен көп алдында желе қалдым.

Қожаны пірлігінен айыратын

Молданы дәріс айтқан көре қалдым.

 

Орынбай:

Қожеке, көп сайтанмен салыспаңыз,

Қараға төре тұрып таныспаңыз.

Айтамын жаным ашып ақсүйекке,

Жасыққа болатынды алыспаңыз.

 

Шортанбай:

Өтерін дүниенің ойламас ем,

Алдында хан, қараның сайрамас ем.

Орынбай елге келген мейман еді,

Әйтпесе бұған жолды байламас ем.

Суретті салған Ералы Оспанов

ШОРТАНБАЙ МЕН АСАН БҰҒЫ АЙТЫСЫ

Шортанбай Қанайұлының жырлары 1993 жылы ғана жеке жинақ болып шықты. Сол кітапта Шортанбай мен Асан Бұғының айтысы, құрастырушылардың қолында болмауы себепті, үзінді түрінде жарияланған.

Біз Шортанбай мен Асан Бұғы айтысының толық нұсқасын ұсынып отырмыз. Бұл мәтін Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, «Өспен» кеңшарында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдіғұл ақсақалдан алынды. Ал Әбекең айтысты кезінде тоқсаннан асып, алпысыншы жылдар ортасында қайтыс болған әкесі, есімі республикаға белгілі ақын-жыршы Маясар Жапақовтың айтуында қағазға түсірген.

 

 

Шортанбай:

Замандасым, ей, Асан,

Тұрақсыз заман, ойласаң.

Бақ шіркінге мәз болма,

Тұрмайды баста байласаң.

Тұрмайтын себебі,

Арқаны алған мынау жау,

Сені де қоймас түбі сау.

Саудамен тапқан тиынға

Әулиедей сыйынба.

Мұсылманның баласын,

Хан, ақсақал данасын

Қыспаққа алған кәпірге

Сенің дағы малыңды

Тартып алу қиын ба?!

Хақ пайғамбар тұқымы ем,

Медет берген бір ием.

Елдің зарын жеткізіп,

Сөз сөйлеген жиында

Айтыспақ боп менімен

Ниет еттің, ақыным.

Қайыры жоқ сөз айтып,

Кесапатқа көз айтып,

Тектен-текке күпір боп,

Шатыс бассың, жарқыным.

 

Асан Бұғы:

Көп сөз айттың, Шортанбай,

Не демейді қу таңдай.

Мешітке ие қожасың,

Жанғұттымен құда боп,

Бар жақсыдан озасың.

Ойламасаң дүние ісін,

Есбаймен неге жақынсы.

Сөзіңе жұрт ұйыған,

Дес бермеген ақынсың.

Кереку, Семей барғыштап,

Ат, арғымақ алғыштап,

Ойлап кеттің бақ ісін.

Сен пайғамбар тұқымы,

Мен Әндіжан қожасы,

Тек сен ғана жақсы боп,

Бәрімізден озбақсың.

Саудамен дүние жиды деп,

Бұл орыстың ісі деп,

Алдымызға тосасың.

 

Шортанбай:

Сөз айтайын Асанға,

Дүниеге мақтанба,

Жәрмеңкеде қақтандың,

Дәулетің судай тасқанға.

Дүниеқордың мәнісі —

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүние болды жолдасың.

Тәнім отқа күймесін,

Тілім менің тимесін,

Арғы атаң аруақты,

Қожасы еді бір елдің.

Жақсыдан шыққан қу келдің,

Ата жолын ұмытқан.

Дін оқытып жөн айтпай,

Жаратушы иені айтпай,

Саудамен кеткен өз басың.

Таласың бар жалғаннан

Әлі де болса аспаққа,

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптықпа,

Ұяларсың лахатта,

«Мен раббың» деп сұрағанда.

Асан Бұғы:

Қаратаудың халқы едің,

Бір атадан жалқы едің,

Есек мінсек айып не?

Әуелде күнә жанға қас,

Арқаға келер, болар мас.

Мені бүгін сарт дейсің,

Қалжақтан ауыз жимайтын,

Дуалы сөз ішке сыймайтын,

Ала қашпа көк езу,

Сені атады Қызылбас.

Пір болған соң тантық,

Қалай заман бұзылмас.

 

Шортанбай:

Жәдігөй жарғыш болмаңыз,

Ақырет қамын ойлаңыз.

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Арқаға шығып нан жедің,

Нан жедің де дәндедің.

Сұлуы болса сүйсем деп,

Жүйрігі болса мінсем деп,

Күннен күнге сәндендің.

Арқадан қылып жайлауды,

Әркімнен алдың байлауды.

Қиямет күні болғанда,

Қандай жерде мекенің

Сеп ғаріптің сайлаулы?

Бұл айтқаным — ақылым,

Аталас туған жақыным,

Қиямет күн кез болса,

Пайдасы болмас қапының.

Ағартты құдай басыңды,

Өлшеп те берген жасыңды,

Сауда деген — елді арбау,

Қоярсың енді осыңды.

 

Шортанбай мен Шөже айтысынан 

Шортанбай:

Әй, Шөже, ғибрат қып сөз айтайық,

Бос мақтан, фәни сөзін аз айтайық.

«Сен жеңдің, мен жөндімін»-еш пайда жоқ,

Тілейік мұсылманның амандығын,

Халыққа ой түсетін наз айтайық.

Шөже:

Шортеке, ел сыйлаған пірім едің,

Сенімен айтысуға тұрып елім.

Басқадай қу соқыр деп кемсітпедің,

Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді.

Осымен мен  сөзімді тоқтатайын,

Алланың сөзін айтып, ғаділет жол,

Алды-артты бірдей орап жібермедің.

 

Шортанбай Қанайұлы,  «Қай заман?» кітабынан алынды. Құрастырушы Кәмел Жүністегі

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбай айтқан екен…

Қатынын мақтар қас жаман, Баласын мақтар нас жаман. Алыстағы дұшпаннан Аңдып жүрген дос жаман. *** …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған