Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Қисса Жүсіп ғалайһи-уәссәләм

Қисса Жүсіп ғалайһи-уәссәләм

Тәпсір Қази рәуәйәтінде: «Жақып ғалайһи-уәссәләмнің төрт әйелінен, екі кәнизегінен он екі ер бала дүниеге келді. Хақтағала Жақып ғалайһи-уәссәләмді күнге ұқсатып, қызы Динаны Айға ұқсататын. Он бір ұлын он бір жұлдызға ұқсатты».

Хазірет Жәбір рәуәйәті бойынша: «Бір яһуди пайғамбар ғалайһи-уәссәләмға келіп: «Әй, Мұхаммед! Жүсіп ғ.с-ға сәжде қылған қандай жұлдыздар?» – деп сұрады. Пайғамбар ғалайһи-уәссәләмға Жебірейіл ғ.с. келіп, хабар берді. Пайғамбар ғалайһи-уәссәләм яһудиге айтты: «Егер жұлдыздардан хабар берсем, иманға келемісің?» – деді. Яһуди: «Әрине, келермін»,-деді. Пайғамбар ғалайһи-уәссәләм айтты: «Жәрбән, Тарк, Заял, Қаныс, Ғамудан, Филақ, Мәсбих, Заруж, Фәрғ, Осаб, Зәуәл кәтфин, Күн, Ай көктен еніп Жүсіп ғ.с.-ға сәжде қылады», – деді. Яһуди олардың есімін естіген соң, иман келтірді».

Тәпсір Қази: «Хақтағала сұлулықтың жүз түрін жаратты. Тоқсан түрін Хауа анаға жіберсе, тоқсан тоғыз түрін Жүсіп ғ.с.-ға жіберді. Бір есесін барша халыққа берді». Хауаның нұры, сұлулығы перделі еді. Жүсіп ғ.с. нұры пердесіз еді. Сол үшін де ол, әйелдерге петна болды (яғни Жүсіптің сұлулығына әйелдердің көңілі бұзылып, құмартты). Жүсіп ғ.с. жүзінің нұрлылығы сонша жүзінен пердесін алса, күн ұқсас шуақ төгіліп, маңайын балқытар еді. Ешкім жүзіне қарай алмай, қараса көзі шағылысатын. Тамақ жесе, бұғағынан не тамақ жегені көрінер еді.

Тәпсір Қази рәуәйәтінде: Жақып ғ.с. балаларының есімі: Яһуда, Рубил, Шамғұн, Лауи, Риалон, Яшжәр, Дан, Яғсали, Хад, Үшбар бин Иабн, Жүсіп.

Қисса сүл Әнбияда: Рубил, Лауиа, Шамғұн, Яһуда, Жәд, Уан, Нәфтәл, Янсәжр, Заялүф, Қазура, Жүсіп, бин Иабн.

Рахилден бин Иабн мен Жүсіп туған. Олардың сәби кезінде аналары Рахил опат болған. Жақып ғ.с. бұл екеуін жетім деп қатты көңіл бөліп, жақсы көрді. Жүсіп ғ.с.-ді құшып, ерекше ұнатушы еді. Жүсіптің дәулет, мәнсап иесі болатынын сәби кезінде сезетін еді. Жүсіптің басында қырық тұлым шашы болатын.

Жүсіп жеті жасқа толғанда түс көрді. Түсінде, ағаларымен бірге жас шыбықтарды отырғызып жүреді. Жүсіп ғ.с.-нің шыбығы жапырақ жайып, бұлтқа дейін жетіп, шешектері раушан болып, ғаламды нұрландырды. Ағаларының отырғызған бұтақтары жасылданаса да өспеді. Олардың шыбықтары Жүсіп ғ.с. ағашына сәжде қылды. Жүсіп ғ.с. бұл түсті ертеңіне ағаларына айтты. Ағалары күншілдікпен: «Атамыз бұл Рахил ұлын онсыз да жақсы көреді. Бұл болса одан әрі сүйкімді бола түспекші», – десті.

Екінші түні Жүсіп тағы түс көрді. Түсінде Ай мен Күн және 11 жұлдыз өзіне сәжде қылды. Бұл түсін Жүсіп атасына айтта. «Әй, Ата! Мен түс көрдім. Түсімде Ай мен Күн, 11 жұлдыз маған сәжде қылды», – деді. Сонда Жақып: «Әй, менің кішкентай ұлым! Түсінді туыстарыңа айтпа. Сені әлек қылу үшін айла жасар. Күнәдан қорықпас. Ақиқатында, шайтан адамға дұшпан. Сенің қандастарыңды сол азғырар», – деді.

Жақып ғ.с. мен Жүсіп ғ.с.-ның бұл сөзін Рубилдің анасы Қамар естіп, Рубилге айтты. Мұны Рубил басқа туыстарына жеткізді. Олар бұл сөзді естіп, ашуланып, өре түрегелісті: «Қарай гөр, Рахил баласын! Кішкентаймын деп ешбір іске жарамайтыны өз алдына. Сөйте тұра атамызға жалған түс айтып, өзін сүйікті еткісі келеді. Сүйікті баласы болуға біз де тиістіміз. Бүкіл қой мен түйені біз бағамыз. Сол үшін атамыз бізді сүймей, Жүсіпті ерекше жақсы көрсе ол үшін азғындық болар», – деді.

Ертеңінде бұл он ағайынды бауырлар атасына келіп: «Әй, Ата! Сен бізге сеніп, Жүсіпті бізбен бірге сахараға жібер. Қой қозыларын, түрлі құстар көріп, көңілі көтерілсін. Сонан соң саған көрген-білген әңгімесін айтсын», – деді. Жақып ғ.с: «Жүсіпті көрмесем бір сағат тағат таба алмаспын. Сіздермен Жүсіпті қосып жіберсем, қалай шыдамақпын», – деді. Ұлдары: «Әй, Ата! Сен Жүсіпке ата боласың, біз оның қандасы екенімізді насихат етерміз. Сені Жүсіпсіз қалдырмаспыз!» – деді. Жақып Ғ.с: «Әй, ұлдарым! Сендер аңға кеткенде Жүсіп жалғыз қалады. Сөйтіп, Жүсіпті қасқыр жеп, сендер қапы қаларсыңдар», – деді.

Жақып ғ.с.-ның келіспейтініне көздері жеткен соң, Жүсіпті алдап: «Атаңнан сұранып, бізбен бірге сахараға жүр. Небір қызықты тамашалайсың. Келгеннен кейін көрген-білгеніңді атаңа әңгімелеп бересің», – деді. Жүсіп бұл сөзге сеніп, аса қатты қуанып, атасынан сұранды. Сонда Жақып ғ.с: «Әй, ұлым! Мен сені өте жақсы көретіндіктен, сенсіз тұра алмаймын», – деді. Сонда Жүсіп ғ.с. атасының мойнынан құшақтап: «Әй, Ата! Сенің мені сүйетіндігіңді білемін. Бірақ бір күнге сабыр етіп, мені ағаларыммен жібер. Сахара тамашасын көрейін», – деп жалынды. Ақыры, Жақып ғ.с. уәде беріп: «Жүсіп сендермен бірге барсын», – деп ұлдарына келісім берді.

Хақтағала Жақыптың көңіліне үрей салды. 40 күн, 40 түн ұйықтамады. 40 күн өткенде ұйқы басып, көзі ілініп кетіп еді. Түсінде, Жақып ғ.с. тау басында тұр екен. Жүсіп ғ.с.-ді атасының қойнынан он бөрі келіп, түрлі жерінен қауып, әлекке салады. Он бөрінің бірі айырылып, тоғыз бөріні қуады. Жүсіп қашып, жерге кіріп кетеді. Сонда Жақып ғ.с.-ға бір кісі: «Жүсіп үш күннен соң көрден шығар», – дейді. Бұл түсті көрген Жақып ғ.с. қорқып оянды.

Сахараға келгенде күншіл ағалар Жүсіпті жақтырмай, жаяу жүргізіп, шаршатты. Ол шөлдеп, су сұраса: «Суды сен түсіңде ішерсің» – деп мазақтап, келемеждейді. Жүсіп Рубилге жалынып, су сұрайды. Ешқайсысы жәрдем бермек түгілі, соғып, ұрып тастайды. Жүсіп ғ.с. одан әрі жылап, «Әй, Яһуда! Сен басқасынан гөрі шапағаттырақ едің ғой. Маған көмектес, атам Жақыпты ренжітпе. Ата аманатын, туыс тілегін ұмытпа», – деді. Яһуданың шапағаты түсіп, көзі жасаурап: «Әй, інім! Күшім жетсе сені құтқарар едім», – деп, Жүсіп ғ.с.-ді жанына алды. Мұны көрген қандастары Яһудаға ашуланып: «Екеуіңді бірге өлтіреміз. Біздің уәдемізді неге бұзасың?» – деді. Сонда Жүсіп ғ.с. айтты: «Егер менің жүз мың жаным болып, сіздің мақсатыңыз мені өлтіру болса, онда жанымды пида еттім. Сіздердің дұшпан екендеріңізді енді білдім. Шайтан сізді алдап, тамұқтық етпек». Мұны естіген Шамғұнның ашуы келіп Жүсіпке пышақ көтерді. Жүсіп оның бұл ісіне қатты күлді. Шамғұн Жүсіптің күлгенін көріп, орнына барып отырды.

Мұнан соң Яһуда айтты: «Әй, қандастарым! Мұның бабасы Ысқақ пайғамбар. Хақтағала оны бауыздатудан құтқарды. Ұлы бабасы Ібраһим Халиолланы Намруд отқа салғанда да Хақтағала оны от күшінен аман алып қалған. Бұл баланың бабасы да, атасы да қасиетті. Сендер бұл баланы өлтірмеңдер. Жұмақтан айрылып, мәңгі тамұқтық болмайық. Онан да мұны құдыққа салыңыз. Мұны көрген мүсәпірлер алысқа алып кетер», – деді. Бұл кеңесті мақұл көріп, Жүсіпті құдық жанына апарды. Жүсіп ғ.с. қанша жалынса да еш шапағат қылмады. Бірі Жүсіп көйлегін шешті. Сонда Жүсіп ғ.с. жылап: «Маған рахым қылмасаңыз да, зағип атама рахым қылып, көйлегімді өзіме бағыштаңыз. Тірі болсам, қабырғамды жапсын, өлі болсам кебінім болсын», – деді. Олар құлақ аспай мұның қолын байлады. Жүсіп ғ.с: «Қолымды шешіңіз. Бақа-шаян болса қуамын ғой», – деді. Олар: «Ай мен Күн, он бір жұлдыз қолыңды шешсін», – деді. Онан соң қаныпезер ағалары Жүсіптің беліне жіп тағып, жіппен түсірмек болғанда, екінші біреуі келіп, жіпті кесіп жіберді де Жүсіп ғ.с. құдыққа құлап кетті.

Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға: «Құлым Жүсіп ғ.с. құдыққа түсіп кетпестен, бұрын құтқар», – деп әмір етті. Жебірейіл ғ.с. төртінші қат көкте «Сидрәтүл Мүнтәһә» ағашына көз ашып жұмғанша ыршып барып, Жүсіп ғ.с-ды ұстады. Құдық түбінде бір ақ тас бар еді. Оны су үстіне шығарып, қанатымен сипағанда тас жұмсарды. Жүсіп ғ.с.-ді тас үстіне отырғызып, Жебірейіл ғ.с. Хақтағала әмірімен жұмақтан көйлек пен жұмақ азығын келтірді. «Әй, Жүсіп! Хақтағала саған сәлем қылды. Пайғамбарлық жіберді». «Құлым Жүсіп, менің рахымыма разы болсын, сабыр қылсын. Менің бар нәрсеге күшім жетеді, оны ғазиз етіп, Мысыр шаһарына патша қылармын. Оған дейін көп қайғы көрер. Әр уақыт менің жәрдемімде болар. Құдықтан шыққан соң атасына сәләмәт кездестіремін», – деді.

Содан кейін Жүсіп ғ.с.-ға пайғамбарлық келіп, көйлек киіп, жұмақ тамағын жеп, көңілі шаттанды. Жебірейіл ғ.с. Жүсіпке бір дұға үйретті. Жүсіп ғ.с. бұл дұғаны оқығанда қараңғы құдық түбі жарқырап жанды. Жүсіп ғ.с. жұмақ тамағын жеп, жарық жерде шат болды.

Бұл кезде Жақып ғ.с.-ның он баласы үйлеріне оралып, атасына: «Әй, Ата! Біз аң аулауға кеткенде Жүсіпті бір бөрі жеп кетіпті. Ол маңайда бір әлсіз, жаман бөрі жүруші еді. Ол Жүсіпті жеп кетер деп ойламаған едік. Міне, мынау Жүсіптің қанға боялған көйлегі. Мұны әкелмесек, сен бізге сенбейсің», – деп жыласты.

Қанды көйлегін көргенде Жақып ғ.с.-нің күші кетіп, әлсіреп жығылды. Жүсіп иісін иіскейін деп, көйлекті қолына алғанда, көйлектің бүтін екенін көрді: «Жүсіптің көйлегін жыртпай жеген неғылған шапағатты бөрі еді. Демек, бөрі жемеген, бөрі жесе, бұлай болмас еді», – деп қанды көйлекті жүзіне сүртіп, қатты жылады. Жақып ғ.с. неше күн мен түн аласұрып, жүгіріп ұлын іздеді. «Әй, менің сүйікті ұлым! Көзімнің қарасы, көңілімнің емшісі. Сені қайда апарып тастады?» – деп қатты қайғырды. Атасының бұл халін көрген балалары оны аяп, істеген істеріне өкініп: «Қандасымыз Жүсіпті ойран етіп, атамыз Жақыпты өлтіретін болдық», – деп олар қайғыға түсті. Жақып ғ.с. ұлдарының жылағанын көріп: «Әй, ұлдарым! Жалған сөйлеп, босқа жылайсыңдар. Қастық қылып, Жүсіпті мерт еттіңдер. Маған сабырдан басқа шара жоқ», – деді.

Тәпсір қази рәуәйәтінде: «Жақып ғ.с.-нің зар жылауы арта түскен соң ұлдары: «Жүсіп үшін өзіңді әлекке түсірдің. Тілесең, Жүсіпті жеген бөріні тауып, алдыңа келтірейік», – дегенде. Жақып ғ.с: «Келтіріңіз», – деді.

Баршасы сахараға шығып, бір бөріні ұстап, аузына қан сүртіп «Жүсіпті жеген бөрі осы» – деп Жақып ғ.с.-ға алып келеді. Жақып ғ.с. бөрінің аузындағы қанды көріп: «Иә, Раббым! Бұл жануарға тіл бер?» – деп мінәжат еткенде Хақтағала қабыл етті. Жақып ғ.с: «Әй, бөрі Жүсіпті не үшін жеп, мені махрұм қылдың?» – деді зарлап. Сонда бөрі тілге келіп: «Әй, Расулолла! Хақтағала сіздерге білдірер һәм сездірер Пайғамбарлар еті барша жануарларға харам. Мен Жүсіпті көрген жоқпын. Бұл залымдар, мені қуып, ұстап, аузыма қан сүртіп, үйіңе келтірген. Мен өзім Мысырдан келдім. Үш күн бойы тағам жемедім. Бір бөлтірігім бар еді. Соны іздеп, жортып келемін. Әй, Расулолла! Дұға қыл! Хақтағала бөлтірігімді сәләмәт етіп, маған табыстырсын», – деді.

Жақып ғ.с. бөріге тағам асатып, көңілін қош етіп, дұға қылды. Бөрі Жақып ғ.с. жанынан кетіп, бөлтірігін тапты. Жақып ғ.с. ұлдары: «Бұл ісіміз залымдық болды. Жүсіпті алып қайтсақ», – деген ой ойлады. Бірақ шайтанның азғыруымен олар арланып, ойын іске асырмады.

Яһуда әр күні сахарадағы құдыққа барып, Жүсіпке тамақ апарып, хал-ахуалын сұрайтын. Жүсіп ғ.с. амандығынан басқа сырды Яһудаға айтпады. Жүсіп ғ.с.-нің құдыққа түскеніне үш күн болғанда Мәлік Дағыр құдық маңына керуен түсіріп, Башер, Башири атты екі қара құлға: «Барыңыз, құдықтан су алып келіңіз», – деп жұмсады.

Башар мен Башири жіппен шелек салды. Сол сәт Жебірейіл ғ.с. хабар келтіріп: «Әй, Жүсіп! Сүйінші саған, қазір құдықтан шығасың», – дейді. Жүсіп ғ.с. екі аяғын шелекке салып, қолымен жіпті ұстады.

Мәлік Дағыр көрген түсін әр уақыт құлдарына айтушы еді. Түсінде, құдық түбінен бір құл тауып алады. Сол құлдың алтын, күмістен артық пайда әкелетінін айтып: «Егер ол құлды кімде-кім тапса, сол күні азаттық берер едім», – дейтін.

Жүсіп ғ.с.-нің қандастары сахараға шыққан еді. Жырақтан құдықты көріп, жүгіріп барып, Жүсіпті іздеді. Жүсіп жоқ болып шығады. Олар керуеншілерге барып: «Біздің бір құлымыз бар еді, кішкентайынан атамыз сатып алған еді. Ол тым осал, әлжуаз еді. Сондықтан қашып кетіп, құдыққа түскен еді. Жаңа құдықтан қарасақ онда жоқ. Оны тағайынсыз алған болсаңыз, жақсылықпен беріңіздер. Бермесеңіз айқайлармыз, сол кезде даусымның құдіретінен шошып, қорқып өлерсіздер», – деді. Мәлік Дағыр қорқып кетіп, Жүсіпті оларға берді.

Он ағасы кеңесе келіп, мұны сатайық деп, Жүсіп ғ.с-ға: «Сені құл деп сатамыз, риза бол. Келіспесең өлтіреміз», – десті. Онан соң Мәлік Дағырға: «Мына құлды сатамыз, ал», – деді. Мәлік Дағыр алмақ болды. Ол Жүсіптен: «Сен расымен-ақ құлмысың?» – деп сұрады. Жүсіп ғ.с. көзі жасаурап: «Құлмын», – деді. Ішінен: «Алла құлмын», – деп ниет қылды.

Мәлік Дағырға ағалары: «Бұл құл кішкентайынан бізбен бірге өсті. Өзі разылық білдірсе сатамыз. Бірақ қоятын үш шартымыз және құлға тағар үш айыбымыз бар», – деді. Мәлік Дағыр: «Айыбы не нәрсе?» – деді. Олар: «Әуелі, бұл ұры. Екіншіден, жылауық. Үшінші айыбы – қашқын. Енді шартымыз: әуелі аяғына ауыр бұғау сал. Екінші, бұл өтірікші. Сондықтан сөзіне сеніп, мархабат қылма. Үшінші, сатсаң, жыраққа сат!» – деді. Мәлік Дағыр шарттары мен айыбын қабыл етіп, Жүсіптен: «Сен разымысың?» – деп сұрады. Жүсіп ғ.с: «Разымын» – деді. Яғни қазаға – разы, бәлеге – сабыр.

Мәлік Дағыр айтты: «Сауданы не істейміз? Менде тауар жағы көп, бірақ қолымда осы уақытқа дейін бір уыс алтыным жоқ. Он сегіз дәрһам ақшам бар. Бірақ қадірі жоқ», – дегенде, Жүсіп ғ.с.-нің ағалары: «Бізге тауардың керегі жоқ, онан да ақша бер», – деді. Сөйтіп, Мәлік Дағыр он сегіз дәрһәм ақша беріп, Жүсіпті сатып алды. Ол: «Сатқаныңызды растап, куәлік беріңіз», – деді. Он ағасы қолдарынан жазып берді: «Бисмилла ир-рахман, ир-рахим. Біз Жақып ұлдары: Рубил, Шамғұн, Яһуда, Лауиа, Жәд, Тәфтәл, Ястажар, Зәмбалон, Қара, Дана. Өзіміздің Жүсіп атты құлымызды Мәлікке үш шартпен саттық. Мәлік үш шартты қабыл алды», – деп жазып берді. Мәлік көшуге дайындалды. Жүсіп Мәліктен рұқсат сұрады: «Кішкентайымнан олармен бірге өстім. Олармен бір көрісіп келейін», – деп. Мәлік рұқсат берді.

Қылыш есімді бір қара қайратты құлы бар еді. Жүсіпті соған қосты. Жүсіп ғ.с.-нің аяғына ауыр бұғау салынды. Жығылып-сүрініп ағаларының жанына барып, әрқайсысын өбіп, қоса жылады. Олар бұл істеріне өкініп: «Әй, Жүсіп! Сені атамыз жанына апарайық десек, өте қатты арланамыз. Сен бұған разы бол!» – деді. Онан соң Жүсіп ғ.с. жылай-жылай Мәлік жанына барды.

Мәлік айтты: «Неге олармен жылап көрістің? Олар сені жаратпайды. Сені арзан бағаға сатты». Сонда Жүсіп ғ.с: «Әркім өзіне лайықты құнын біледі», – деп жауап берді. Жүсіпті қатты ыңыршақты түйеге мінгізіп, аяғына ауыр бұғау салды. Жол үстінде Жүсіп ғ.с.-нің анасы Рахиддің қабірі бар еді. Анасының қабірін көріп, өзін-өзі ұстай алмады. Түйеден түсіп, анасының қабірін құшақтап: «Әй, Ана! Менің халімді көремісің? Аяғымда ауыр бұғау. Мені кәпір құл етіп сатты», – деп жылады.

Анасының қабірінен дауыс келді: «Әй, ұлым! Бұл халге қалай түстің? Сені сатқандарға не жауыздық қылдың? Бин Иабн неге сенімен келмеді? Атаң Жақып сенің халіңді неге білмеді, бұл пәлеге қапы қалып, қалай түстің! Көр ішіндегі жанымды мажрух қылдың», – деді. Бұл арада Қылыш Жүсіп ғ.с.-ді қараса, түйе үстінде жоқ екен. Қожаларына тез хабар беріп: «Құл қашты», – деді. Онан соң керуен тоқтап, Мәліктің құлдары Жүсіп ғ.с.-ді іздеуге кірісті.

Қылыш есімді қара құл жүгіріп іздеп жүріп, Жүсіптің анасының қабірін құшақтап жылап отырғанын көрді. Қылыш жетіп барып: «Неге қашасың?» – деп шапалақпен Жүсіпті тартып жіберді. Оны керуенге алып қайтып, түйесіне мінгізіп: «Мұны қожалары қашқын» – деп дұрыс айтқан екен. Босанып қашып кетпесін, – деп қатты бекітіп байлап тастады.

Бұл халден соң Жүсіп ғ.с. одан әрі қайғырды. Қолын көтеріп: «Иә, Раббам! Ешбір күнәсіз бұл пәлеге түскен болсам, бұл қауымға бірдеңе көрсет», – деп мінәжат қылды.

Сол сағат аспанда бұлт көтеріліп, қатты дауыл тұрып, жасын түсіп, қарлы жаңбыр жауа бастады. Керуеншілер бірін-бірі көрмей, түйелер мен аттар жүре алмай, түн қараңғыға ұласты. Мәлік бұл жағдайға таң қалып құлдарын жиып: «Залымдық жасап, кісіге зәбір көрсеткен кім?» – деп сұрады. Қылыш есімді қара құл: «Бұл күнә менен болар. Қабір басында жылап отырған құлды жазықсыз соққан едім», – деді. Мәлік: «Бар тез, ғұзыр қыл», – деп Қылыштың мойнына жіп тағып, Жүсіп ғ.с.-нің жанына алып барды. Қылыш: «Күнәмді кеш», – деп зар еңіреп, Жүсіп ғ.с.-нан кешірім сұрады. Мәліктің өзі Қылыштан да артық Жүсіпке жалбарынды. Жүсіп ғ.с.-нің шапағаты түсіп, кешірім қылып, дұға қылды. Сол сағат жаңбыр тоқтап, керуеншілер бұл құлдың құдіретті екенін мойындады.

Мәлік Жүсіп ғ.с.-ді түйеден түсіріп, жұмсақ киім кигізіп, жақсы атқа мінгізді. Керуеншілер Жүсіп ғ.с.-нің қызметінде болды. Жүсіп ғ.с.-нің бірінші мұғжизасы осы болатын. Жүсіп ғ.с. Бәшер мен Бәшеридің басын, жүзін сипады. Сол сәтте қап-қара құлдар әп-әдемі адамға айналды. Бұл Жүсіп ғ.с.-нің екінші мұғжизасы еді. Үшінші мұғжизасы. Мәденнен Құдысқа жолға шаққанда, Құдыс патшасы түс көріп, түсінде: «Керуен келеді, қарсы алуға шық!» – деген бұйрық алады.

Құдыс патшасы керуен алдынан қарсы шықты. Мәлік керуені жыл сайын Құдысқа тоқтамай өтетін. Бұл жолы бір ерекшелік болса керек деп Мәлік керуеннің алдынан шығады. Қараса, жақсы ат үстінде бір жігіт отыр. Жүзіне перде тұтқан. Нұры жайнап, балқып тұр екен. Барып, сәлем беріп, көрісіп: «Сен кімсің?» – деді. Жүсіп ғ.с. «Мен саған қарсы шық деп бұйырған адаммын», – деді. Мұнан соң Құдыс патшасы Мәлікті, Жүсіп ғ.с.-ді сарайына алып барып, үш күн сый-құрмет көрсетті. Жүйрік ат, асыл киімдер беріп, Жүсіп ғ.с.-ға: «Әй, Жүсіп! Енді маған бір уағыз қыл», – деді. Жүсіп ғ.с: «Әй, патша! Жер мен көкті жаратқан, сені мен мені жаратқан Алла тағалаға мүмүн болып, ғибадат ет!» – деді. Патша айтты: «Пұтханаға кірейік. Егер пұт сурет сенің дегеніңді хақ десе, сөзіңді қабыл қылдым», – деп пұтханаға кірді. Жүсіп ғ.с. пұтханаға кірісімен пұттар жығылып түсіп: «Лә іләһә іллә ллаһ», – деді. Патшаның көңіліндегі шүбәсі кетіп, сол заман мүмін мұхалис болды. Бәшәр мен Бәшери де мүмін болды.

Онан соң керуен Құдыстан аттанып Мысырға кетті. Бұлар Мысырға жақын келгенде, Мәлік Дағыр Жүсіп ғ.с-ға: «Бұл Ніл суына барып құйынып шомылсаң, тәніңнен тозаң-топырақ кетеді», – деді. Жүсіп ғ.с. Нілдің мүбәрәк суына барып дұға қылды.

«Иә, Раббым! Ғұсыл құйынбақ мақсатым бар. Маған өз рахматыңмен перде берсең, абыройымды жануарлар көрмесе», – дейді. Хақтағала қабыл қылып, Жапан есімді балыққа Жүсіп ғ.с.-ға перде болуға әмір етті. Жапан Ніл дариясындағы балықтар патшасы еді. Ол балықтарға бұйырып: «Әдеп сақтаңыз. Ешқайсысыңыз суда жүзбеңіз. Алланың Жүсіп пайғамбары суға түседі», – деп Жүсіп ғ.с-ға перде болды.

Жүсіп ғ.с. балықтың жәрдемімен ғұсыл құйынып шаққанда, Жүсіп ғ.с.-нан балық бір тілегін орындауды тіледі: «Әй, Жүсіп! Мен балықтар патшасымын, дәулетім де жетерлік. Бірақ балам жоқ». Жүсіп ғ.с. дұға қылды. Дұғасы қабыл болып, ол балыққа екі бала берді. Екеуі де мүбәрәк балық болды. Біріншісі – Сүлеймен ғ.с.-нің жүзігін жұтқан балық. Екіншісінің қарнында Жүніс ғ.с. қырық күн тәсбиқ айтқан.

Онан соң Хақтағаланың пәрменімен Жебірейіл ғ.с. жұмақтан екі көйлек келтірді. Жүсіп ғ.с. судан шығып киімін киді. Мәлік Жүсіптің келгенін көріп, сандығынан әдемі киімдер шығарды. Сол сәтте Жүсіптің үстіндегі ғажайып киімдерге көзі түсіп: «Мұны қайдан алдың?» – дейді. Сонда Жүсіп ғ.с: «Алла тағалам берді», – дейді.

Онан соң керуен қозғалып, Мысырға жүрді. Мысыр халқына аспаннан бір дауыс естілді: «Бүгін Мысырға бір ғазиз. Шарапатты жан кірер. Саудагер Мәлік керуеніне барып көріңіз. Оның бейнесі періште сияқты». Мысыр халқы мұны естіп таңырқай қарасып тұрды. Сол сәтте Мәлік керуенімен бірге сұлу ат үстінде көркем жүзді, бірақ перделі, салтанатты жігіт Мысырға кірді.

Мәлік жиылған көпшілікке: «Сіздер бұл мақсатқа бүгін жетпессіз. Және ол адамды көру үшін бірер алтын әкеліңіздер», – деді. Қала жұрты ертеңгісін біраз алтын әкеліп, Жүсіп ғ.с.-ның көркем жүзін анық көрді. Мұның сатылған құл екенін біліп, әркім мұны мен аламын деп үміт етті. Дәулеттілер күн сайын келіп, бағасын көтерді. Мәлік: «Базар бітпей сатпаймын», – деп бірнеше күндер Жүсіп ғ.с.-ды қадір тұтып, құрмет етті. Жүсіп ғ.с. одан әрі сұлуланып, жанынан раушан иісі аңқи түсті. Мәлік Мысыр ортасынан алтын орындық әзірлетіп, Жүсіп ғ.с-ға түрлі жақсы киімдер кидіріп, басына қымбат тәж қойып, таққа отырғызды.

Жүсіп ғ.с. бетінен пердені көтерді. Мысыр ортасынан күн шыққандай нұр берілді. Барша халық: «Сүбхәнәкә Аллаһү. Бұл нендей адам?» – деп таң қалысты. Зылиханың Мысырға келгеніне сол жылы жетінші жыл еді.

Хикаятта: Зылиха Мағарып патшасының қызы еді. Жүсіп ғ.с. атасы Жақып ғ.с.-ға қандай сүйікті болса, Зылиха атасы Таймұсқа сондай сүйікті еді. Сұлулуқта оған ұқсас қызды дүниеде ешкім көрмеген еді. Күндердің бір күнінде Зылиха атасының тізесіне жатып, ұйықтаған еді. Түсінде Жүсіп ғ.с.-ді көріп, сол сәт ғашық болып, жылап оянды. Атасы: «Не болды? Не тілейсің? Көңілінде не күдік бар, мақсатыңды айт!», – деді. Сонда Зылиха: «Түсімде бір көркем жігітті көрдім. Оянсам – ол жанымда жоқ екен, сол себепті көңілім құлазыды. Соны аңсап жылаймын», – деді. Таймұс айтты: «Мен оның кім екенін, қайда екенін білсем, бар мал-мүлкімді сонымен сені қауыштыру үшін садақа етер едім», – деді. Бұл түстен соң Зылиха ұйқыдан махрұм қалды, қайғы-қасірет шекті.

Мұнан кейін сол бейнені тағы көрді. Ол жігіт Зылиханы үгіттеп: «Әй, Зылиха! Есіңде болсын, сен менен басқаға барма», – дейді. Зылиханың көңілі хош болып, сөзін қабыл етті. Бірақ түсі екен, тағы да оянып кетті. Жанында жаңағы әдемі жігіт жоқ екен, бұдан соң ақылы кетіп, есі шықты.

Атасы бұл халге таңырқап, ғашықтық дертінен арылатын түрлі дұғалар қылды. Зылиха ешкіммен сөйлеспейтін, тағам жемейтін, ұйықтамайтын халге душар болды. Мұнан соң үшінші жылы сол бір сұлу жігітті тағы көрді. Бір мәртебе тағдырына Алла есімімен ант етіп: «Сен қайдасың, кімсің? Жұртың қайда?» – деді. Сонда Жүсіп бейнесі: «Әй, Зылиха! Мен Мысыр патшасымын. Көргің келсе Мысырға кел. Бірақ асықпай сабырлық ет. Іс сабырлықтан басталар, сабыр сақтаған мақсатына тез жетер», – деді. Зылиха оянды. Есін жиып, атасына хабар берді: «Тілегім Мысыр патшасы», – деді. Атасы Зылиханың ақылға келгенін көріп, аяғынан бұғауын алды. Зылиха тағам сұрады. Сөзі де жөнделді.

Зылихаға әр жердің патшалары жаушы салып, көңілін білдірді. Бірақ Зылиха бірде-бірін місе тұтпай: «Мені Мысыр патшасы ғана алсын», – деп жауап айтады. Атасы Мысыр шаһарының патшасына хат жазды: «Бір қызым бар, сұлулықтан оған ешкім тең келмес. Ғылымға да зерек. Талай патша қызымды қалындыққа сұрады, қызым қабыл етпеді. Бәлкім тағдыры солай шығар, ол сені ғана тілейді. Мені Мысыр ғазизі ғана алсын деп айтады. Қабыл етсең, мың түйе қазынамен, мың құл, кәнизәкпен саған қызымды беремін. Қазына жиһазы жібектен, қабыл етсең хабар айт», – деді. Бұл хат Мысыр ғазизінің қолына тиіп, мағынасын түсініп, хатқа жауап жазды: «Қызыңыз мені тілесе, мен қабыл етіп, зарығып күтемін. Мал-мүлкімді пида қыламын. Қызыңды жанымен бірге қабыл еттім: жібер», – деген Мысыр ғазизі Қатпердің жауап хаты келді. Зылиханы әзірлеп, атасы жасауымен бірге Мысырға аттандырды.

Зылиха ай жарымында Мысырға келіп, сарайға түсіп, асыл киімдерін киіп, басына тәж қойып, таққа отырды. Жүзі толған айдай, раушан гүліндей шаттықта еді. «Мысырдан ғазизімді көрем, бар малымды қызметшілеріме беремін», – деп шаттанып тұрған сәтте ғазиз Қатпер кірді. Бір уақытта, бектер шығып кетіп, Қатпер жалғыз қалды. Зылиха: «Бұл неғылған кісі, неге жалғыз қалды?» – деп ойлайды. Қызметшілер: «Бұл сенің тиетін күйеуің, ғазиз Қатпер», – деді. Зылиха бұл хабарды естіп, айқайлап, есінен танып жығылды. Қатперден айныды. «Менің қайран елім, жол жүріп қор болған уақытым. Менің түсімде көрген кісі бұл емес. Бұл оған еш ұқсамайды. Оның жүзі толған айдай еді. Тілі балдай тәтті еді», – деп жылап, еңірей бастады.

Бұл халді кәнизәктары да көріп жылап, Зылихаға: «Сен сабыр ет. Әдепсіздік қылма. Түсіңнің тура келуі ғажап емес», – деп ақыл айтып, көңілін аулады. Зылихаға насихат әсер етіп, Мысырда қалуға келісім берді. Ғазиз Қатперге некеленді. Бірақ Жүсіп ғ.с. шарапатынан Қатпер Зылихаға еш жақындық қыла алмады. Зылиха Қатперді өзіне лайық көрмеді. Зылиха Қатпермен 7 жыл тұрғаннан кейін ғана Жүсіп ғ.с. құл болып сатылып, Мысырға келтірілген еді.

Жүсіп ғ.с.-ді сату үшін Мәлік саудагер жүзінен пердесін алды. «Бұл құлдың он өнері бар, бағасын жеткізіп ала алғандар алсын», – деді. Әуелі, зипа бойлы. Екіншіден, сұлулығы соншалық, қарасаң көзің шағылысады. Үшіншіден, сөзі дәмді, сөзге ұста. 72 түрлі тілді біледі. Төртіншіден, өте жоғары бағаланады. Бесіншіден, шапағатты марут иесі. Алтаншыдан, бес қайратты, 40 ерден қуатты. Жетіншіден, діні бүтін. Сегізінші, әмин, қиянатшыл емес, тоғызыншыдан, мінезге бай. Оныншыдан, пайғамбар нәсілінен!»  Мысыр ішінде Жүсіп ғ.с.-нің сұлулығы мәшһүр болып, Зылиханың құлағына жетті. Сұлулықтан, қызықтан күдер үзген Зылиха көп дақпыртқа елігіп алаңға барса, өзінің түсінде көрген шарифі екен. Сол сәт күші кетіп, әлсіреп жығылды.

Ғазиз Қатпер Жүсіп ғ.с.-ді сатып алмақ болды. Онан соң ғазиз Қатпер Мәліктен «Бұл балаға қандай құн сұрайсың?» – деді. Мәлік: «Әр түрлі тастан жігіттің өз салмағындай сұраймын» деді. Ғазиз бұған риза болып, 500 мың алтын, інжу, маржан, жібектен шығарып, мизанға (таразыға) қойып, бар малын жинағанда Жүсіп ғ.с. салмағын таразы баса алмады. Одан соң жұртты жинады. Бірақ Жүсіп ғ.с. салмағымен пара-пар еш дүние тең келмеді. Қатпер: «Шартымыз тура келмеді. Дүние-малым мұның бағасына жетпейді екен», – деп налыды.

Мәлік бұл халді көріп, қанағат етіп: «Бар малыңызға ризамын, құлды саған беремін», – деп, бар малын алып, Жүсіп ғ.с.-ді Қатперге берді. Сатылған жігіттің үш айыбы һәм үш шарты және он ағасының жазған хатын қоса берді. Бірақ ол хаттың мағынасын айырып түсінер кісі жоқ еді.

Сауда тәмәм болғанда Мәлік Жүсіп ғ.с.-ға қарады. Оның жүзінен пайғамбарлық нұрын көрді. Мәлік: «Жүсіптен айырылдым, бұл нұрды енді көру жоқ шығар, іс өтті», – деп Жүсіп ғ.с.-ға келіп: «Әй, Жүсіп! Адамдар арасында сендей көк нұрлы кісіні көргенім жоқ еді. Сен періштеге ұқсайсың. Шыныңды айтшы, сен кімсің?» – деп сұрады. Жүсіп ғ.с. айтты: «Шартымды қабыл етсең айтармын», Мәлік шартын қабыл қылған соң, Жүсіп ғ.с: «Менің есімім Жүсіп – Сыдық, Атам – Жақып ғ.с. Бабам – Ысқақ пайғамбар, ұлы бабам – Халилолла пайғамбар», – деп ақиқатты айтты.

Сонда Мәлік: «Бұл сырыңды ертерек айтқан болсаң, мен сені сатпаған болар едім ғой», – дегенде Жүсіп ғ.с. айтты: «Енді тағдырдың жазуы сол. Аманатым, Жүсіпті көрдім деп ешкімге айтпа!» – деп өтініш жасады. Онан соң Мәлік: «Сені маған сатқан кісілер кім? Неге сатты?» – дегенде Жүсіп ғ.с. айтты: «Бұл сырды саған ашпаймын, шайтан көңілін сүйіндірмеймін», – деді. Мұнан соң Мәлік мұсылман болып, Жүсіп ғ.с.-ға «Әй, Жүсіп-Садық һәм Сүбіхәнә уатағала маған дәулет берді. Сенің шапағатыңнан мүмін болдым. Менің қыздарым бар. Хақтағала ұл бала берсе, мен ұлға мұқтажбын. Әлһәмдү ліләһи соған бір дұға қылсаңыз. Ол бала менің соңымнан дұға қылар еді-ау», – деді.

Жүсіп ғ.с. сол сәт Мәлік өтінішін қабыл алып қол көтеріп, дұға қылды. Мәлік 24 ұлды болды. Ұлдарының әрқайсысы дәулет иесі болды.

Мұнан соң Жүсіп ғ.с. ғазиз Қатпер үйіне барды. Бірақ ғазиз Қатпер ойға қалды. Қазынасын Жүсіп ғ.с. бағасына беріп, аяқ астынан мұқтаж болып, Жүсіп ғ.с.-ді сатып алғанына қайғырды. Жүсіп ғ.с. зеректігінен оны сезіп: «Әй, сұлтаным! Қазынашыдан сұра, қазынада не бар екенін біліп, хабар берсін», – деді. Ғазиз Қатпер бұйырып, қазынашыны жұмсады. Қазынашы қазынаға барып келіп: «Қора-қора мал-мүлік көрдім, тіпті алғашқыдан да көп», – деді. Бұған Қатпер сенбей өзі барып, көзін жеткізді. Жүсіп ғ.с: «Алла тағала жоқтан бар жаратушы. Бұл құрмет Алладан!» – деді.

Мұнан соң ғазиз Қатпер Жүсіп ғ.с.-нің қасиетін біліп, қолынан ұстап, хазреті Зылихаға тапсырды: «Әй, қатын! Бұл мүбәрәк ұлды жақсы құрмет ет! Бізге пайдасы тиер, бәлкім баламыз болар», – деді. Мысыр ғазизінің баласы жоқ еді.

Күн сайын жаңадан небір тамаша киім кигізіп, құрмет көрсеткенде Жүсіп ғ.с. Зылихаға: «Мұндай құрмет құлға тиісті емес», – дейді. Сонда Зылиха: «Әй, сұлуым! Ғазиздің өзі саған осындай құрмет көрсетуді тілейді. Бұларды кисең, нұр үстіне нұр құйылғандай», – деді.

Жүсіп ғ.с.-ді көрген сайын Зылиханың күннен күнге ғашықтығы артып, сабыры қалмады. Кісі сөзін андамай, не сөйлесе де Жүсіп атымен атап сөйлейтін. Бір күні Жүсіптің шашын тарап, інжу, маржанмен қосып, бірге өріп, жаңа киімдер кигізді.

Жүсіп ғ.с.-нің көздері жұлдызға ұқсас, көзі мен кірпігі қою қара, сөзі тым ләззатты, асыл мұғарып, періштеге ұқсайтын еді. Зылиха Жүсіп ғ.с.-ның ерекше жаратылған келбетіне қарап, ынтығы еркіне бағынбады. Жүсіп ғ.с-нің қолынан ұстап, пұтханаға алып келді. Іштегі барлық сырын ашып, өзі сыйынатын пұттың жанына барып, жа-барынуға кірісті. «Әй, Сын! (пұттың аты) Өзіңнен жалбарынып тұрып сұраймын, маған лайық бұл жігітті өзіме матиғы қыл. Әуелі, осы Жүсіп үшін түс көріп, Мағрып жерінен Мысырға келдім емес пе», – деп барша сырын Сынға жылай-жылай айтты.

Жүсіп ғ.с. шет жақта қарап тұрып, Зылиханың бар сырын естіп, білді. Сол сәтте пұт үгіліп жерге түсті. Бұл жайға таңырқаған Зылиха: «Бұл неге құлап түсіп үгітілді?» дегенде, Жүсіп ғ.с. «Демек, Хақтағала сенің бұл ісіңді тілемеді», – деді. Хазірет Зылиха бұл істі көріп қайран болып: «Әй, Жүсіп! Сен Хақтағаладан сұра, пұт бүтін болсын. Ғазиз кіріп келіп пұттың үгілгенін көрсе, бізді күнәлі деп ойлар. Мен қатты қорқамын», – деді. Жүсіп ғ.с. қол көтеріп, дұға қылды. Сын әуелгідей бүтін қалыпқа түсті. Хақтағаладан сол сәт пұтқа әмір болып: «Лә ілләһә ілла ллаһ Жүсіп Рәсәлү ллаһ», – деді. Бұл халді Зылиха тағы көріп, қайран болды. Бұрынғы ғашықтығы күн өткен сайын артып, ас ішуден қалып, түсі сарғая бастады. Ғазиз Қатпер Зылиханың түсі сарғайғанын көріп, тәуіптер шақыртты. Тәуіп Зылиханың қолынан ұстап, тамырын басып, әйелдің ешқандай ауруы жоқ екенін сезіп, ғазизге айтты: «Мен мұның емін білмеймін. Мұның ауруын айта алмаймын. Меніңше, бұған ғашықтық әсер еткен», – деді. Бұл халден ғазиз Қатпер де хабардар еді.

Бір күні Зылиха ұйқысырап жылап жатты. Түсінде өзін тәрбиелеп өсірген қарт ананы көрді. Қарт ана: «Қызым, сен қандай қайғыға түстің?» – деді. Зылиха сырын кімге ашуды білмеген еді, ол: «Мені бұл халге түсірген Жүсіп. Ақылым мен есімнен айрылып, сол жігітке ғашық болдым. Әй, ана! Менің бұл сырымды өзің ғана біл, маған күш бер!» – деді. Қарт ана: «Әй, қызым! Бұл жайды маған ертерек айтқанда мұндай халге душар болмас едің. Шын ғашық болсаң, мал шашу керек. Бір сарай салдыр. Ол сарай өзіңе лайық болсын. Ішіне жұпар сеуіп, ағаштар отырғыз. Ол ағаштың жапырақтары інжу-маржаннан болсын. Сарайыңның қабырғасы көк жақұттан, төбесі қызыл алтыннан болсын. Сол сарайда Жүсіп екеуіңнің суреттеріңді түсіртсін. Онан соң асыл тастан тақ жасатып, атлас, жібек, киім киіп, таққа отырып, Жүсіпті шақырт. Сол кезде Жүсіптің де сабыры қалмас, мақсатыңа жетерсің», – деді. Зылиха ұйқыдан оянды. Ғазиз Қатпер Зылиханың жанына келіп, халін сұрады. Сонда Зылиха: «Халім ауыр, ұсталар дайындап, маған лайық сарай соқтыр», – деді.

Ғазиз Қатпер ұсталарға әмір беріп, Зылиханың қалағанындай сарай жасатты. Сарай салынып біткенде Зылихаға хабар бергізді. Зылиха әдемі киімдерін киіп, басына алтын тәж қойып, сарайға кіріп, таққа отырды. Мұнан соң Зылиха Жүсіп ғ.с.-ды ғазиз Қатпер шақырды деп алдап, сарайға кіргізді де, сарай аузын бекітіп тастады.

Жүсіп ғ.с. Зылиханың ойын бұрыннан сезсе де, ғазиз шақырады дегенге алданып, қапы қалып, сарайға кіріп қалды. Жүсіп ғ.с. сарайға кіргенде сұлу Зылиханы көрді. Жібек киімдерді киіп, таққа отырған ол, толған айдай сарай ішін балқытатын. Жүсіп ішінен: «Иә, Раббым! Ил-лаһи, бұл неғылған пәтнә, құтқар», – деп зар қақты. Бұл кезде Зылиха созылып түсіп, Жүсіп ғ.с.-нің қолынан ұстады: «Әй, Жүсіп! Жүзің де, көзің де қандай әдемі. Мен сені түсімде көріп ғашық болдым. Менің халім үшін сен бір бақ едің», – деді.

Жүсіп ғ.с. Зылихаға жалынып, одан тез құтылмақ болды. Зылиха Жүсіп ғ.с.-ді көп мақтай отырып, құрметтеп күтіп: «Әлдекімнен қорқамысың?» – деді. Жүсіп ғ.с: «Алладан қорқамын, қиямет күнгі азаптан қорқамын», – деді. Зылиха: «Тәубә етерсің», – деді. Жүсіп ғ.с: «Күнәға батып, тәубаға мұқтаж болғанша, күнә қылмаған жақсы», – деді. «Әй, Жүсіп! Жігіттік еш құмарың жоқ па, іллаһи», – деді Зылиха. Сонда Жүсіп ғ.с: «Аллаға сыйынамын. Ол істі жасап, қожама қиянат етпеймін», – деді. Зылиха айтты: «Әй, Жүсіп! Маған бір ғана көз салшы», – деді. Жүсіп ғ.с. Зылихаға қарап жымиып күлді. Зылихаға пейіл білдірді. Сол сәт Жүсіп ғ.с. бір дауыс естіді. «Әй, Жүсіп! Сен пайғамбар дәптеріне тіркелгенсің. Ақымақтар ісін қыламысың?» – Атасы Жақыптың бейнесін көрді. Атасы бармағын қатты тістеп: «Зинаға жақын болма!» – дегенде, Жүсіп ғ.с. қолын Зылиха қолынан тартып алды. Зылиха Жүсіпті қуып, етегінен ұстай алды. Етегі жыртылып, Жүсіп ғ.с. жетінші есіктен шықты. Зылиха Жүсіп ғ.с.-ді қуып қоса шықса, сыртқы есікте ғазиз Қатпер тұр екен. Зылиха өзін Жүсіп қуған етіп көрсетті. Зылиха мұнан соң Жүсіп ғ.с.-ға айтқан еді: «Егер менің мақсатымды орындамасың, зынданға салып, қинармын», – деді. Ғазиз өте зерек еді. Зылиханың жалаңбас қалпын көріп, Жүсіп ғ.с.-ге: «Әй, Жүсіп! Сен опасыздық жасап, жақсылыққа жамандық етіп, күнәлі болдың», – деді. Сонда Жүсіп ғ.с: «Әй, ғазиз! Мен сен айтқандай опасыздық жасамадым. Жазықты Зылиха еді. Ол мені тіледі, мен оны тілемедім. Оны дәлелдейтін менің шә әдім (куәм) бар. Зылиханың куәсі жоқ», – деді.

«Зылиха мені өзі қалады» – дегенде, ғазиз Қатпер: «Иә, куәң не нәрсе?» – деді. Жүсіп ғ.с. бесіктегі жас баланы көрсетті. «Біздің халімізді көрген осы, қазір куәлік берер», – деді. Сонда Қатпер: «Әй, Жүсіп! Сен бізді елге әбден масқара еттің. Бесіктегі бала қайдан сөйлесін», – дейді. Жүсіп ғ.с: «Алла тағала сөйлетсе, сөйлер. Ақиқатқа куәлік берер. Сен баладан сұрауға тиіссің» – деді. Ғазиз баланың анасына бұйырып, сәбиді әкелтті. Ғазиз ашуланып: «Әй, бала! Куәлік бер, не көрдің?» – деді. Хақтағаланың әмірімен бала тілге келіп, куәлік берді. Зылиха бұл куәден бас тартқанда Жүсіп көйлегінің жыртылған өңірін көрсетті. Сонда ғана Жүсіп ғ.с.-нің көйлегінің жыртылғанын көріп: «Әйелінің зина қылуына не жаза қолдануға болады?» – деді. «Әйелдер нәпсіге әсершіл, сол үшін де ерлерге айла жасар. Өйткені оларға шайтан жәрдем қылар», – дегенде, ғазиз Қатпер: «Әй, Жүсіп! Мұнан әрі сөйлеме, сенде айып жоқ. Әй, Зылиха! Сен күнәңді мойында, тәубаңа кел!» – деді. Зылиханың бұл күнәсін Мысыр халқы түгел естіді. Әйелдер бұл хабарды естіп: «Зылиха құлына ғашық болыпты. Бірақ құлы көнбепті. Құлды өзі қуып келе жатқанда күйеуі кезігіпті», – деп, мазақ етіп, күлісіп, «өте азғын әйел екен», – десті. Бірақ бұл әйелдер Зылиханың бұл құлын өз көзімен көрмегендер еді.

Шаһардағы әйелдердің: «Зылиханы өз құлымен жұмағы қылмақ болған азғын әйел деп есептейміз» – деген сөздерін естіп, сол әйелдерді Зылиха үйіне шақырып, құрмет көрсетті.

Зылиха дастархан жасап, өткір пышақтар қойды. Бұларға жасаған құрметті дастарқанына Жүсіпті шақыртты. Жүсіптің келерін естіген заманда қатындарға бір-бір пышақ берді.

Әйелдер Жүсіп ғ.с.-ді көрген сәтте-ақ таң қалысып, өздерін бүтіндей ұмытты. Жүсіп ғ.с.-нің нұрлы жүзіне таң қалысып, оған ет турап асатамыз деп, әрқайсысының көңілі кетті. Мен бұрын ет турап асатайын деп, көздерін Жүсіп ғ.с.-нан ала алмай, саусақтарын турады. Тіпті, қолдарының ауырғанын да сезбеді. Әйелдер: «Мұндай сұлулықты адам баласынан көрмеген едік. Бұл адам емес, бір құрметті періште болар», – десті. Әйелдердің әрқайсысы Жүсіп ғ.с.-ға құмартып, көңілдері кетіп, жанына шақырды. Бірақ Жүсіп ғ.с. бірінің де жүзін көрмеді. Ешқайсысының берген етін де жемеді. Зылиха қонақ әйелдердің қолдарын кескенін көріп, қатты күлді. Жүсіп ғ.с.-ға: «Енді бұл жерден шық», – деді. Мұнан соң өсек айтқан әйелдердің өздері де Жүсіп ғ.с.-ға ғашық болды. Жүсіп ғ.с. әйелдердің құмарлығынан әбден шаршап, Аллаға жалбарынды: «Әй, Раббым! Мұндай азаптан гөрі мені әйелдер көзінен аластатып, зынданға салғаның жөн еді», – деген тілегін Хақтағала қабыл етті.

Ғазиз Қатпер әйелдердің ғашық болып, өз саусақтарын өздері турағанын естіп, Жүсіп ғ.с.-ді зынданға салуды мақұл көрді. Мысыр патшасы бұл істі жария етті. Патшаның ас пісірушісі мен шәрбәт жасаушысы зынданға Жүсіп ғ.с.-мен қоса қамалды. Бұл екі кісінің зынданға қамалу себебі патшасына у бермек болғандығы үшін делінді. Бір күні шәрбәтші айтты: «Мен түсімде жүзім суын сығып, шәрбәт жасап, Риан патшасына бердім. Ол ішті», – деді. Екіншісі айтты: «Түсімде үш тандыр нан пісіріппін. Екеуін басыма қойып, Риан патшасына алып барып едім. Ауадағы құстар келіп таласып жеді», – деді. Жүсіп ғ.с. шәрбәтшінің түсі жақсы, нан пісірушінің түсі жаман екенін білді.

Жүсіп ғ.с. бұл екеуінің түсін жорудан бұрын: «Егер сендер дінге еніп, иман келтірсеңдер ғана Алла тағала жәрдемімен түстеріңді жори алармын», – деп екеуін иманға келтірді.

Мұнан соң Жүсіп ғ.с. шәрбәтшіге айтты: «Риан патшасы сені зынданнан шығарып, саған дәреже берер», – деді. Ас пісірушіге: «Риан патшасы сені 3 күннен соң, зынданнан шығарып, дарға асар. Құстар келіп, көз-басыңды шұқып жер», – деді.

Шәрбәтші мен ас пісіруші Жүсіп ғ.с.-ға: «Бұл түсті біз көрмеген едік. Жалған сөйлейсің», – деді.

Жүсіп ғ.с. айтты: «Жалған айтсаңыздар да сіздерге енді сол тағдыр беріледі», – деді.

Жүсіп ғ.с. шәрбәтшіге айтты: «Сен зынданнан шыққан соң Риан патшасына менің күнәсіз зынданда жатқанымды айт», – деді.

Бірақ басына бостандық тигенде шәрбәтші Жүсіп ғ.с. өтінішін ұмытып кеткен еді.

Бір уақытты Жебірейіл ғ.с. келіп: «Әй, Жүсіп! Сен неге Риан патшасынан жәрдем сұрап, шәрбәтшіні жұмсадың. Сені Зылиханың құмарлығынан құтқарған кім еді? Сен зынданға түссем деген тілегіңді қабыл еткен кім еді?» – деді. Жүсіп ғ.с: «Алла тағалам», – деді. Жебірейіл ғ.с. «Олай болса, неге Алла тағаладан жәрдем сұрамадың? Сенің аманатыңды айтуды Алла тағала шәрбәтшіге ұмытқызды. Егер ол сенің өтінішінді Рианға жеткізсе, Алла тағала оған міндетті болар еді», – деді.

Мұнан соң Жүсіп ғ.с.-ға тағы да жеті жыл қосылып, 12 жыл қамауда жатты.

Жүсіп ғ.с. қапаста жатқанына 12 жыл толғанда терезеге қарап тұр еді, түйе мінген бір Кәнгән кісісі қапас жанынан өтіп барады екен. Түйе Жүсіп ғ.с.-нің зынданда екенін біліп, зындан маңына шөгіп, адам тілімен тілге келді: «Мен Кәнәгәннан келемін. Атаң Жақып ғ.с.-нің жағдайын көрдім. Ол бейшараның қайғысы күннен-күнге артып, зарлап, сенімен бір көрісуге құмар. Оның зарын естіп, Кәнгән халқы күйзелуде», – деді.

Түйенің шөккенін қожасы көріп, тұрғызбақ болып, түйеге қарай жүргенде, аяғы жерге енді. Аяғын жерден ала алмай жаңағы кісі қайран қалды. Сонда Жүсіп ғ.с. оған: «Кімсің сен? Қайда барасың?» – деді. Ол не дерін білмей, «аяғымды жер тұтты», – деді. Жүсіп ғ.с: «Сенің аяғыңды жер тұтқаны, сенің ниетіңнен. Демек, сен түйені ұрғың келген. Сол себепті аяғыңды жер ұстады. Түйеңді қинамауға ниет қылсаң, аяғыңды жер босатады», – деді. Адам түйені қинамаймын деп уәде етіп, тәубә қылды. Сол сәтте аяғы босады. Ол Жүсіп ғ.с.-ға сәлем беріп: «Мен Кәнгәннан келемін. Бұл шаһарда сауда жасап, бірер алтын пайда қылдым», – деді. Жүсіп ғ.с: «Кәнгән маңайында 12 бұтағы бар үлкен мәуелі ағаш бар ма?» – деді. Адам айтты: «Үлкен ағаш дегенің Жақып ғ.с. болар. Оның он бір ұлы қызметінде. Жүсіп есімді 12-ші ұлы ғайып болған, оны бөрі жеп кеткен. Содан бері Жақып ғ.с. қайғы-қасыреттен үйінен шықпайды, тамақ жемейді. Жылағанда екі көзінен жас орнына қан ағып, көзі соқыр болған», – деді.

Жүсіп ғ.с. Жақып әкесінің халін естіп, зарлап жылады. Жаңағы адамның қолына жақұттан білезік беріп: «Әй, адам! Жақып ғ.с.-ға менің сәлемімді тез естірт, ұмытпай айт: «Мысыр зынданында бір ғаріп кісі саған сәлем айтты, дұға өтінді де. Жақып ғ.с. менің зынданнан шығуымды дұға қылсын. Оның дұғасы шексіз қабыл. Ол дұға қылса Алла тағала мені зынданнан шығарар», – деді. Сонда кісі: «Сен кімсің? Сенің кім екеніңді қалай айтамын?» – деді. Жүсіп ғ.с: «Жүзімдегі пердені алуға, кім екенімді айтуға рұқсат жоқ. Рұқсатсыз іс қайырлы болмайды. Өзіңе берген білезіктің бағасы жиырма мың алтын теңге. Бұл бағасымен сақтап сатсаң, сенің дәулетің ғұмырыңа жетер», – деді.

Жаңағы кісі Кәнгәнға жөнелді. Ол кісі келіп Жақыпқа сәлем берді. Жақып ғ.с: «Не хабар айтпақсың?» – дейді. «Мысырда бір кісіні көріп қайттым. Зынданда екен, сізді сағынып-сұрап сәлем айтты. Зынданнан құтылу үшін сізден қайыр-дұғасын үміт етеді. Егер, дұға етсең, Хақтағала оған жәрдем берер», – деді. Жақып ғ.с: «Есімін сұрадың ба?» – дегенде, ол кісі: «Кім екенін сұрадым, айтпады. Жүзін көруді тілеп едім, пердесін ашпады. Дұға етіңіз. Алла тағала оны зынданнан құтқарсын», – деді. Жақып ғ.с: «Бұл хабар маған жақсылық әкелді. Шүкір айту керек» деп қол көтеріп, Жүсіп ғ.с.-ның зынданнан құтылмағы үшін дұға етті. Хақтағала дұғасын қабыл етті.

Жаңағы адам айтты: «Ол кісі өте мүбәрәк жан екен. Маған жиырма мың алтын теңге тұратын бір жақұт білезік сыйлады. Менің тілегімнің қабыл болуына дұға оқыңыз», – деді. Жақып ғ.с. дұға қылды. Бұл дұғадан соң Хақтағаланың рахматы Жүсіп ғ.с.-ның шығуына себеп болып, Риан патшасы түс көрді. Түсінде ол теңіз түбінде отыр екен. Дариядан жеті семіз сиыр шықты, һәм жеті арық сиыр шықты. Жеті арық сиыр жеті семіз сиырды жеп қойды. Риан патшасы бұл түсінен шошып оянып, ғалымдарын, білгіштерін жиып, түсін айтты: «Әй, жамағат! Егер сіздер түс жорушы болсаңыздар менің түсімді жорыңыз», – деді.

Риан ғалымдары: «Бұл шатасу түсі. Мұндай түстің жоруын білмейміз», – дегенде, Риан патшасы: «Менің рыздығымды бірге жеп отырып, көрген бір түсті жори алмайсыңдар!» – деп қатты қапа болады. Осы уақытта шәрбәтшінің көңіліне Жүсіп ғ.с. түсті. Ол өзінің Жүсіп тілегін ұмытып кеткенін есіне алып қатты қайғырды. Риан патшасы: «Неге қапаландың?» – деп сұрады. Сонда шәрбәтші Жүсіптің түс жорушы екенін Риан патшасына айтты.

«Әй, патша! Мені оған жіберсең, барып, түсіңнің жоруын білер едім. Бірақ одан қатты ұяламын», – деді. Риан патшасы: «Ол қайда еді?» – деді. Шәрбәтші: «Ол зынданда тұтқын», – деді. Риан патшасы: «Ол қандай себеппен зынданға түсті?» – дегенде, шәрбәтші: «Ол бір ғажап жігіт. Мысыр халқының дінінен діні басқа. Күндіз ораза тұтып, кешке ғибадат етеді. Барша ғаламға күші жететін бір Алла деп сенеді, – дейді. – Мен зынданға не себеппен түстің деп сұрағанымда, Алла тағала үкімі деп жауап берген еді. Оның еш жазықсыз зынданға түскенін Риан патшасына айтамын деп уағда беріп едім, сол уағданы ұмытып кетіппін. Содан бері 7 жылдан соң есіме түскеніне қайғырамын», – деді.

Риан патшасы Жүсіп ғ.с.-нің түс жоруға шебер екенін естіп, шәрбәтшіні жұбатып; «Қайғырма! Сені ғафу етер. Зынданға барып, менің түсімді жоруын сұра», – деді.

Шәрбәтші зынданға келіп, Жүсіп ғ.с.-ді таныды. Бірақ ұялғаннан жүзін төмен салып, сәлем берді. Жүсіп ғ.с. шәрбәтшінің ұялғанын сезіп, «Ұялма!» – деді. Мұнан соң шәрбәтші Риан патшасының түсін айтты. Жүсіп ғ.с. түсінің жоруын айтты: «Адамдар әдеттегідей жеті жыл бойы астық егер, орған астықтарын мұқият сақтасын. Жеті жыл бойы аштық болады. Жеті жылдан соң мүбәрәк жауын жауып, жер көгеріп, береке келер».

Риан патшасы Жүсіп ғ.с.-ді зынданнан босатты. Жүсіп ғ.с: «Мен ғазиз Қатперге адал болдым. Еш жамандық келтірмедім. Бұл күнә Зылихадан болды. Зылихада менің еш ойым жоқ еді», – деп ақталған сәтте Жебірейіл ғ.с: «Әй, Жүсіп! Зылихаға көңіл салып, жымиғаныңды ұмытып, өзіңді ақтама!», – деді. Сонда Жүсіп: «Нәпсімді күнәдән пәк деп ойламаймын. Ақиқатында, нәпсі жауыздыққа тез аздырар. Адамның нәпсіге құмартып жасаған бір қылмысын жетпіс шайтан жабылып жасай алмас», – деді.

Жүсіп ғ.с. шашын жуып, таза киімдерін киіп, бостандыққа шығуға ыңғайланып, зынданда отырғандармен қоштасты. Сонда олардың: «Сені енді көре алмаспыз. Сен бізге қымбатсың» деп қайғырып жылағанын көріп, Жүсіп ғ.с. зынданнан шықпай шәрбәтшіге «Риан патшасына айт, зындандағылар менімен қалуды тілейді. Бұларға азаттық сыйламаса, мен зынданнан шықпаймын», – деді.

Мұнан соң Риан патшасы зындандағы тұтқындардың бәріне еркіндік сыйлады.

Риан патшасы Жүсіп ғ.с.-ді құрмет қылып, оның фазилатын (құдіретін) біліп, өзіне уәзір етпек болды. Жүсіп ғ.с: «Мен ғазиз Қатперге көп қарыздармын, бұл уәзірлікті Қатпер алсын. Мен уәзірлікті қабыл етпеймін. Маған егіндік қазынасын тапсырыңыз», – деді. Патша Жүсіп тілегін қабыл етті.

Бұл кезде Кәнгәнда аштық болып, шектен асты. Жақып ғ.с. бин Иабннан басқа балаларын Мысырға астыққа жіберді. Олар Мысырға жақындағанда Жебірейіл ғ.с.-ға қандастарының келе жатқанынан хабар берді. Жүсіп ғ.с. дұға жасады. Қандастары Мысырға келіп шаһарға кіріп, Жүсіп ғ.с.-ға сәлем берді. Жүсіп ғ.с. сәлемдерін қабыл алды. Киімдері жүдеп, күйістері кеткен олар Жүсіп ғ.с-ді танымады. Жүсіп ғ.с.-ді олардың көрмегеніне 27 жыл өткен еді. Бұл аштық жылының 6-шы жылы болатын. Бұл он ағайындының кім екенін сұрастыра келіп, Жүсіп ғ.с: «Атадан нешеусіңдер?» – дейді. Олар: «Атамыздан 12 ағайынды едік, оның біреуін бөрі жеп кетті, сондықтан қазір он бірміз», – дейді. Мұнан соң Жүсіп ғ.с: «Аталарың есен бе?» – деп сұрайды. Олар: «Атамыз аман-есен, тек Жүсіп есімді баласын бөрі жегелі уайымы күшті. Жылай-жылай екі көзі көрмей қалды», – дейді.

Мұнан соң Жүсіп ғ.с: «Мысырға не үшін келіп едіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Сіздің жомарттығыңызды естіп, бізге де астық берер деп сұрап келдік!», – дейді. Жүсіп ғ.с: «Иншалла, сіздерге астық берермін. Сендер бүгін сарайға барып, дем алып, тамақ ішіңдер», – деп бір сұлу жігітке қосып, сарайына аттандырады.

Олар сарайға барып, бірер күн дем алды. Жүсіп ғ.с. бұларды құрмет етіп, жаңа киімдер кидірді. Сонда ағаларының біреуі: «Патша бізде алтын бар деп құрмет еткен шығар», – десе бірі: «Жоқ, біздің жұпыны халімізге патшаның жаны ашыды», – десті.

Үшінші күн дегенде олар Кәнгәнға қайтуға жолға жиналды. Жүсіп ғ.с. сарайға кірді. Бұл кезде Жүсіп ғ.с. басына алтын тәжін, үстіне жібек көйлегін киген. Оң жағына 1000 құл, сол жағына 1000 құл, қолдарында алтынды-күмісті құралдар ұстаған. Бұл көріністен жаңағы Жүсіп ғ.с.-нің қандастары таңқалысып, көңілдеріне үрей кірді. Жүсіп ғ.с. сәлем беріп. «Иә, Кәнгәндықтар, келіңдер», – деп ілтафат жасап, құлдарына: «Бұлардың түйелеріне түгел бидай толы қап артыңдар!» – деп бұйырды.

Жүсіп ғ.с. қандастарының жүктері әзір болған заманда: «Атаңызбен қалған бір қандасыңызды маған алып келіп, көрсетіңіздер. Ол үшін де сіздерге көп бидай беремін. Егер ол қандасыңызды алып келіп, көрсетпесеңіз, онда менің жанымнан сіздерге мұндай құрмет көрсетілмес», – деді. Сонда қандастары: «Оны атасынан ыждаһат етіп сұрап алып келерміз», – десті. Мұнан соң Жүсіп ғ.с. өзінің жігіттеріне: «Олардың алып келген заттарын (пұлын) өздеріне қайтарыңыз. Олар сонда Мысырға көп келер», – деді.

Рәуәйәттә: Жүсіп ғ.с.-нан бұл сөзді естігеннен кейін, Яһуда өздерінің тілімен қандастарына айтты: «Бұл патша Жүсіп болып жүрмесін. Әуелі атамызды сұрап, бин Иабнді көруді тілейді. Дауысы да Жүсіп дауысы», – дегенде басқалары, «Жүсіпке патшалық қайдан келсін», – деді. Екіншісі: «Жүсіп болса, бізге жақсылық етпес, керісінше, өш алар еді», – десті. Бұлардың сөзіне Жүсіп ғ.с. перде ішінде жымиып күлді. Мұнан соң қандастарының қайтуына рұқсат берді. Он ағасы қоштасып, Кәнгәнға жөнелді. Жақып ғ.с. балаларын көріп, сүйінді. …Риан патшасы Жүсіп ғ.с.-ның ағаларын шақырып, аңға алып шықты.

Шамғұн бір арыстанды ұстап әкелді. Рубил бір жолбарысты таспен ұрып өлтірді. Лауиа мың пұт тасты бір қолмен ауаға атып, қолына қайта ұстағанын көргенде Риан патшасы бұл кереметке қатты таңданды. «Неғылған күш, неғылған батырлық еді» деп олардың қуатына, қайратына табынды. Онан соң Жүсіп ғ.с.-ға: «Ағаларыңа айт, маған бір аймақ уәләят ашып берсін», – деп өтініш жасаған.

Жүсіп ғ.с. ағаларына Риан патшасының өтінішін айтты. Ағалары аталарынан жәрдем беруге рұқсат тіледі. Сөйтіп, әрқайсысы мың әскермен Римге барды. Рим мен Шам арасында 11 шаһар бар еді, бәрін де жаулап алды.

Мұнан соң Риан патшасына хабар беріп, тағы да қай тарапта дұшпаның бар, айт, барлығын тәмамдайық, – деді.

Риан патшасы: «Мен қартайдым. Маған шаһар не керек. Өздерің алған шаһарлар сізге бұйырсын», – деді.

Жақып ғ.с. ұлдарының әрқайсысы бір шаһарға төре болды.

Тәпсір Қазыда: Жақып ғ.с. Жүсіп ғ.с.-мен 24 жыл бірге тіршілік етті – делінген. Онан соң Жақып дүниеден кетті. Аталары Ібраһим ғ.с. мен Ысқақ ғ.с. жанына жерленді.

Мұнан соң Жүсіп ғ.с. Мысырға қайтып оралып, жиырма үш жыл ғұмыр сүрді. Содан соң тақуалық етіп, Алла тағаладан өлім хабарын естіді.

Алла тағала Жүсіп ғ.с.-ді пәк қалпында дүниеден өткерді.

Рәуәйәттә: «Жақып ғ.с. Жүсіп ғ.с.-ға мүміндер орны Мысыр емес деп өсиет қылған еді. Сол себепті Жүсіп ғ.с. Мысырдан шығып бір шаһарға жол жүрді. Ол шаһарға Наһрәлғаюм деп есімін қойды.

Жүсіп ғ.с. Наһрәлғаюм шаһарында опат болып, Наһрәлғаюмде жерленді.

Риан патшасы Жүсіп ғ.с.-нің ұлынан Жүсіп ғ.с.-нің табытын сұрады. Бұл сөз Жүсіп ұлының көңіліне ауыр келіп: «Мен атамның табытын көпірге бермеймін, соғысармын!» – деді. Бірақ үлкендер ақыл айтып, Риан патшасы атаңа көп жақсылық жасаған, онымен соғыспа! Мақсатын орында!» – деді. Риан патшасы мен пайғамбар баласы келісіп, Жүсіп ғ.с. табытын берді. Табыт мәрмәр тастан еді.

Риан өзінің дәстүрінше Жүсіп ғ.с. табытын Ніл мүбәрік дариясына салды. Жүсіп ғ.с. кеудесі су ішінде жатқандықтан Мысыр күннен-күнге байи түсті. Мұса ғ.с. Мысырдан шыққанда Алла тағала әмір етіп: «Пайғамбарды су ішінен шығар», – деді.

Мұса ғ.с. Жүсіп ғ.с.-ді судан шығарып, ата-бабалары Ібраһим, Ысқақ, Жақып ғ.с. жанына Шамға апарып жерледі.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Яхия мен Жүніс ғалайһи-уәссәләм

Ғылым тарих нақылы қылып сөйлейді: Хазреті Ғайса һарус патша заманында дүниеге келді. Ол һарустың астанасы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған