Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Қисса Мұса ғалайһи-уәссәләм

Қисса Мұса ғалайһи-уәссәләм

Мұса ғалайһи-уәссәләм мен Харун екеуі бірге туған қарындастар еді. Атасы Ғимран еді. Ғимран атасы Иасһар. Оның атасы Риан, оның атасы Лауиа, оның атасы Жақып ғ.с.

Мұса ғ.с. һәм Харун ғ.с. Мысыр шаһарында дүниеге келген. Олар, Перғауын лағнет заманында өмір сүрген. Перғауынның шын есімі Уәлит еді. Уәлит Масғаб ұлы, Масғаб Риан патшасының ұлы еді. Әуелде, Мысырға кім патша болса, перғауын деп, Түрік Істамбұлға кім патша болса сұлтан деп айтушы еді. Ресейдегі патшаны император деген. Ісраил қауымы Мысырда көбейді. Жүсіп ғ.с. ғұмырының соңына қарай Мысырдан шыққан соң Риан патшасының ұлы Масғаб патша болады да Масғабтан соң Уәлит перғауын Алла тағала жалғыздығына күмән келтіріп, бұзақы болды. Бұл перғауын қол астындағы адамдарға түрлі жаман іс жасап, әрқайсысының арасына дұшпандық ұйымдастыратын еді. Әсіресе, Ісрайыл балаларын, қызметкерлерімен азаптайтын. Мұса ғ.с.-нің атасы Ғимран перғауынға қарауылшы қызметінде жүріп перғауын жанынан кете алмайтын еді. Ғимранға хабар болды: «Бір жұлдыздың сәулесі жүзіңе түссе, арқандағы аманат болған баланы түсір. Яғни, әйеліңмен барып жұмағ қыл».

Ғимран бұл сөзден соң күні-түні жұлдыздан жарық түсуін күтумен жүрді. Бір күні Ғимран жұлдыздың нұры өзіне төгілгенін көрді. Сол сәт Алла перғауынға ұйқы берді де Ғимран Мұса ғ.с.-нің анасы Лауһаға барып қауышты. Ал Лауһа құрсақ көтерді.

Бір күні перғауын түс көрді. Түсінде, Бейтел Мұқадес жағынан от келіп, перғауын үйлерін жандырды. Перғауын ерте тұра салып, түс жорушыларды шақыртып, түсінің жорылуын сұрады. Түс жорушылар айтты: «Мысырда биыл ер бала дүниеге келер. Сен де, сенің қауымың да сол баланың қолында әлек болар». Мұнан соң, перғауын әмір етіп: «Бұл жылы Ісраил балаларының қатындары ұл бала туатын болса, өлтірілсін», – деді.

Ісраил халқының құрсақты әйелдеріне қарауыл қойылып, ер бала туса өлтірілді. Қабыти яғни перғауын қауымының қатындары Лауһа құрсағын тексерді. Оның ауыр аяқ екенін сезбей қалды. Сонда да екіқабат қатынға күмәнмен қарауыл қойдырды. Әр күн ертемен келіп, кешке намаз уақытында кетер еді. Бұл күндері Ғимран қайтыс болды. Күнде келетін сақшы қатындар келмей қалғанда Лауһа Мұса ғ.с.-ді туды. Лауһа нан пісіруші еді, оның кезекке шығатын мезгілі болғандықтан, өзінің орнына қызын жұмсады.

Қызы пешке нан пісірді. Лауһа Мұса ғ.с.-ді жуып, құндақтап қойды. Таң ата бір көрші «Лауһа бала тапқанға ұқсайды», – деп перғауынға хабар берді. Перғауын ол қартқа уәзірлерін қосып жіберді. Перғауын уәзірлері үйіне жақын келгенде Лауһа сезіп Мұса ғ.с.-ді ыстық пешке тығып қойды да өзі қызымен нан жеуге отырды.

Уәзір кіріп, үйін ақтарды. Босанған әйелдің еш белгісін таба алмады. Олар перғауынға келіп, хабар айтты. Бұған перғауынның ашуы келіп, хабар берген қартты неге жалған айтасың деп дарға асуды бұйырды. Сөйтіп қартты Мысыр ортасында дарға асты. Уәзірлер үйінен шығып кеткенде Лауһа Мұса ғ.с.-ді пештен алып, есендігін көріп мәз болды.

Нәзһәтүлмү «жәлис» кітабында: Алла тағала Мұсаның анасына Жебірейіл ғ.с. арқылы ұйқысын жоғалтты. Лауһа сандық жасаушыға барып: «Маған бір сандық жасап бер», – деді. Сандықшы: «Не салу үшін?» – деп сұрады. Лауһа жалған сөйлегісі келмей: «Ұлымды саларға», – деді. Сандықшы әйелдің өтінішін орындады.

Лауһа Мұса ғ.с.-ді сандыққа салысымен, сандықшы бала өлтірушілерге айтпақшы болып барған еді. Алла тағала құдіретімен сандықшының тілін тұтты. Ол еш сөз айта алмай, күрмеліп қалды. Бармақтарымен ишарат етіп айтып көріп, жылап еді, ешкім оның сөзін түсінбеді. Сондықтан үйіне қайтып келгенде, тілі ашылды. Ол жүгіріп хабар жеткізбек болып және барып еді, тілі тағы тұтылды. Алла тағала сол сәт сандықшының екі көзін көрмейтін етті.

Мұнан соң сандықшының халі тіпті мүшкіл болды. Ол: «Егер Алла тағала көзімді көретін етіп, тілімді сөйлетер етсе, бұл ер балаға жәрдемші болармын. Ешкімге бұл сырды айтпас едім», – деді. Хақтағала сол сәт оның көзін ашты һәм тілін сөйлетті. Сандықшы шүкір етіп, сәжде қылды һәм Мұса ғ.с.-ға иман келтірді. Бұл кісінің есімі Хазқил. Перғауын нәсілінен еді.

Перғауын Мұса ғ.с.-ді өлтіруге кеңес еткеннен кейін, «Әй, Мұса! Мысырдан тезірек кеткенің дұрыс. Патша сені өлтіруге қастық қылар», – деп айтушы осы Хазқил еді.

Лауһа сандықты Ніл өзеніне салды, өзен таң атқанша сандықты ақтармады. Ніл дариясының бір бұлақ суы Перғауын сарайынан өтіп, бақшасына баратын.

Перғауын қыздары Ніл дариясының маңайында тұрушы еді. Олар сандықты көріп, бір сандық ағып келеді, – деп хабар берді. Перғауын қатыны Әсия сандықты алып келіңіз деп бұйырды. Сандық перғауынның үйіне жеткізілді.

Әсия сандықты ашып қараса, бір сұлу ер бала, бармағын аузына салып жатыр екен. Бір бармағынан сүт, бір бармағынан бал тамады.

Мұса ғ.с.-ді Әсия көріп, перғауынның дұшпаны осы болар деп перғауынға көтеріп алып келіп: «Алла бізге бір ұл берді. Ол дариядан шықты», – деді. Перғауын: «Мал-мүлкімен әлек етер бала болмасын, мұны тезірек өлтіріңіз», – деп әмір етті.

Сонда Әсия: «Мұны өлтірмеңіз. Екеуміз бұл баланы көз нұрымыз етіп ұстайық, бұл құпияны ешкім білмес», – деді. Перғауын Әсия сөзін қабыл етіп, жас нәресте Мұса ғ.с.-ге көз салып еді, сол сәт Алла тағала оның көңіліңе аталық мейірім махаббатын құйды.

Лауһа Мұса ғ.с.-нің перғауын қолына түскенін білді де қызы Мәриямға: «Тезірек барып жырақтан баланы қара!» – деді.

Мәриям жырақтан көз салып, баланы іздеді. Перғауын туыстары бұл қыздың келгенін сезеді. Бұл кезде олар баланы емізуші бір әйелді келтірді. Қабытилардың қанша әйелі емізбек болса да Мұса ғ.с. ешқайсысының сүтін қабыл етпейді. Сонда перғауын айқай салып: «Егер бала кімде-кімнің емшегін еметін болса, сол адамға көп мал беремін», – деді. Мұнан соң, Мәриям келіп: «Ғимран қатыны – менің анам болады. Баланы сол кісі емізер», – деді. Перғауын дереу Лауһаны шақыртты. Лауһа келіп, баланы қолға алғанда бала еме бастады. Перғауын Лауһадан: «Бұл не себепті сенің емшегіңді ғана емеді?» – деп сұрады. Лауһа: «Менің сүтім тым тәтті. Әр бала сүтімді ұнатар», – деді. Бұл сөзге перғауын мен Әсия сенді, Лауһаға әр күнгі еңбек ақысы үшін бір алтын беретін болды.

Мұса ғ.с. екіге келгенде, перғауын Мұсаны қолына алып, еркелетіп сүймекші болды. Сол сәт Мұса ғ.с. перғауынның сақалын тартты. Перғауынның мойыны үзіліп кете жаздады. Ол қорқып, әйелі Әсияға: «Әлбетте, менің дұшпаным осы болар, мен мұны өлтіремін», – деді. Сонда Әсия: «Әй, бейшара! Бұл балада қандай дұшпандық болсын, сәби балада ақыл бар ма? Дұшпандықты қайдан білсін. Егер, сен дұшпан деп сезінсең, сынайық», – деп, бір легенге толы отты шоқ салып һәм легенге алма әкеліп, Мұса ғ.с.-нің алдына қойды. Мұса ғ.с. алманы алмақ болған еді, Жебірейіл ғ.с. сол сәт Мұсаның алдындағы алманы шоққа ауыстырды. Мұса ғ.с. шоқты алып, аузына салғанда тілінің ұшы күйді.

Сөйтіп шоқты аузына салғанда, Әсия: «Әй, перғауын, көрмеймісің. Ақылы болса шоқты емес, алманы алар еді ғой, – деді. Сол кезде перғауынның ашуы тарқады.

Мұса ғ.с. ер жеткен соң, жақсы ат мініп, жақсы киім киіп, базарда жүретін. Бір күні базардан өтіп бара жатып екі кісіні көрді. Ол екеуі төбелесіп жатқан еді. Біреуі перғауын нәсілінен де, біреуі Ісраил нәсілінен еді. Ісраил нәсіліндегі Мұсадан жәрдем сұрады. Мұса ғ.с. қабытидің көкірегінен бір періп еді, қабыти жығылып, тіл тартпай кетті. Бұл әрекетіне Мұса ғ.с. қатты қайғырып: «Кісі өлтіру шайтан ісі еді. Ақиқатта, шайтан адамды аздырушы, залым, дұшпан болатын. Әй, Раббым! Мен өзіме-өзім залымдық қылдым. Мені жарылқа» – деді.

Перғауын сарайында Мұса ғ.с.-ді өлтіруге дайындалғанын біліп, сандықшы Мұса ғ.с.-ге келіп: «Әй, Мұса! Перғауын һәм оның халқы сені өлтіруге кеңес етті. Сен Мысырдан тезірек шығып қашуға тиіссің», – деді.

Мұса ғ.с. «Иә, Раббым! Мені залымдардан құтқар», – деп Мысырдан Мәдин шаһарына кетті.

Мысыр мен Мәдин арасы сегіз күндік жол болатын. Мәдинге перғауын үкімі жүрмейтін еді. Мұса ғ.с.-ді қуғыншылар таба алмай қалды.

Мұса ғ.с. сегіз күн жүріп бір құдыққа жетті. Ол құдықтан түрлі халық, қойлар су ішетін еді. Бұл құдық Мәдин құдығы екен. Құдық жанында екі қыз тұрды. Олар жұрттың бәрі малдарын суарып кеткенше күтіп ұзақ тұрған. Ел тарап, құдықтың аузын таспен бекітіп кетіп қалды да, екі қыз қойларын суара алмай соңында қалып қойды. Мұса ғ.с. бұлардан: «Сендер неге малдарыңды суармадыңдар?» – деп сұрады. Қыздар: «Біз жұрттың соңынан суарымыз, үйде қарт атамыз бар. Ол кісі мұнда келе алмайды. Біз ел тарқағанша осылай күтіп тұрамыз», – деді.

Мұса ғ.с. бұл қыздардың сөзінен аңғарып, дереу құдық бетін ашып, екі қыздың қойларын суарысты. Олар Мұса ғ.с.-ның қуатының күштілігін көріп, қуанысып, істерін ерте бітіріп үйіне қайтты.

Бұл екеуі Шұғайып ғ.с.-нің қыздары еді. Мұса ғ.с. бұл қыздардың қойларын суарысып, көмектескен соң, ағаш көлеңкесіне барып демалып жатты.

Тәпсір Қази рәуәйәтінде: Шұғайып ғ.с.-нің қыздары үйіне ерте қайтқанда, аталары: «Әй, қыздарым! Бүгін не себепті ерте қайттыңдар?» – дейді. Сонда қыздары: «Құдық маңында бір жігіт жәрдем беріп, су шығарып, қойымызды суарып, бізге мархабат қылды. Сол себепті ерте келдік!, – дейді.

Шұғайып ғ.с: «Ол жігітті осында шақырыңыз. Қызмет қылғаны үшін ақысын берейік», – деді.

Мұнан соң Шұғайып ғ.с.-нің қызы Сафура Мұса ғ.с. жанына ұялып келіп: «Сені атам, қойларымызға су ішкізіп, жәрдем қылғаны үшін ақысын беремін деп шақырып жатыр», – деді. Мұса ғ.с. қыз сөзін қабыл етіп: «Сен менің алдымнан жүрмей соңымнан, жолды таспен атып көрсетіп отыр», – деді. Мұса ғ.с. қызмет ақысын алу үшін емес қарт жүзін көріп, батасын алу үшін Сафура сөзін қабыл еткен еді.

Мұса ғ.с. үйіне кіріп сәлем беріп, көріскеннен кейін, дастарқанға тағам келді. Бұл құрметті көріп, Мұса ғ.с: «Біз дінімізді дінге ауыстырмайтын халықпыз. Қойларыңызды суарғаным үшін ақы алмаймын һәм тағамыңызды да қабыл көрмеймін», – дейді.

Сонда, Шұғайып ғ.с: «Бұл тағам қызмет ақысы емес. Үйімізге әркім кірсе, тамақ әкелу біздің дәстүріміз», – деп Мұса ғ.с.-нің тамақ жегенін қалады.

Тәпсір қази рәуәйәтінде: Шұғайып ғ.с. Мұса ғ.с.-нің хал-ахуалын сұрады. Мұса ғ.с. өзінің ақиқат халін, перғауыннан қашып келе жатқанын әңгімеледі. Бұл жайдан хабардар болған Шұғайып ғ.с: «Енді қорықпа. Залымдардан құтылдың. Бұл шаһарға перғауынның үкімі жүрмейді», – деді. Сол сәтте Мұса ғ.с. шаттанып, тамақтан дәм татты. Шұғайып ғ.с.-нің пайғамбар екенін аңғарды. Мұнан кейін екі қыздың бірі – Сафура: «Әй, ата! Бұл жігітті қой күзетші етіп жалда. Бұл жігіт қуатты әрі адал. Ол бізге жақсы қызмет етер», – деді.

Шұғайып ғ.с. сонда қызына: «Оның қуатты һәм адалдығын қайдан білдің?» – дегенде, Сафура: «Қуатты екенін білгенім, құдық бетінде 7–8 кісі көтеріп қоятын тасты бұл бір қолымен-ақ алып тастады. Мен барып сенің қонаққа шақырған сөзіңді айтқанда, ол басын төмен салып, мені алдына жүргізбеді. Мен тас атып, жол көрсетіп келе жаттым», – деді.

Шұғайып ғ.с. Мұса ғ.с.-нің қуатты һәм адалдығын біліп: «Әй, Мұса! Бұл екі қызымның бірін саған некелеп беруді тілеймін. Қызымды бергенім үшін маған сегіз жыл қызмет етерсің. Егер, он жыл қызмет қылсаң батамды беремін», – деген. Сонда Мұса ғ.с: «Сіз сегіз жыл немесе 10 жыл деп айтсаңыз да қабыл еттім. Біздің шартымызға Алла тағала куә», – деді.

Мұнан соң Мұса ғ.с. Шұғайып ғ.с.-ға 10 жыл қызмет етіп, Сафураны жұбайлыққа алды. Сонан кейін Мұса ғ.с. анасын көріп келуге, Шұғайып ғ.с.-нан рұқсат сұрады. Шұғайып ғ.с: «Әй, Мұса! Биыл сабыр қыл. Қайсы қойымның жүні ақ болып туса, сонысы саған беріледі», – деді. Мұса ғ.с. бұл тілекті қабыл етті. Сол жылы Шұғайып ғ.с.-нің барлық қойы Алла тағаланың көмегімен ақ жүнді болып туды. Барлығын Шұғайып ғ.с. Мұса ғ.с.-ға берді.

Екінші жылы, Шұғайып ғ.с. Мұса ғ.с.-ға «Биыл тағы сабыр ет, қайсы қойым ала болып туса, саған бұйырар», – деді. Мұса ғ.с. тағы да сабыр етті.

Алланың құдіретімен сол жылы барша қой ала қозы туды. Мұса ғ.с. анасымен көрісуге тағы да рұқсат сұрады. Шұғайып ғ.с. Мұсаға рұқсат етті.

Мұса ғ.с. Сафураны алып қойларымен Мысыр тарапына жөнелді. Тұр сахарасына жақын келген кезде, ауаны бұлт торлап, қар аралас жаңбыр жауды. Түн соқыр қараңғыға ұласты. Мұса ғ.с. жолдан жаңылысып, қойлары жан-жаққа қаша бастады. Бұл кезде Сафура құрсақ көтерген еді, босанып, бір ұл дүниеге келді.

Жұма кешінде Мұса ғ.с. алыстан бір жарық көріп, әйелі Сафураға: «Сіздер осы орында мені күтіп сабыр етіңіздер. Мен алыстан бір жарық көрдім. Сол жарықтан бір от алып келейін. Сіздер сол отпен жылынасыңдар», – деді.

Мұса ғ.с. діттеген жеріне келгенде бір жасыл ағаш басында от жанып тұрғанын көрді. Сол сәтте.: «Әй, Мұса!» – деген ап-анық дауыс естілді.

Мұса ғ.с: «Бұл тіл қатқан кім?» – деп сұрады. Алла тағала: «Ақиқатында, мен сенің Раббың! Аяқ киіміңді шеш. Мен сені пайғамбар еттім. Менің айтқан сөзімді тыңда! Мен баршаға жақсылықты да, қуанышты да, қайғыны да әкелуші. Ғибадат етушілерді еститін мен ғана. Сондықтан мен – жалғыз. Сол себепті менімен бірге ғибадат қыл. Мұнан соң мені үнемі есіңде сақта. Есіңде сақтау үшін, үнемі намаз оқы», – деді.

Мұнан соң Алла тағала: «Әй, Мұса! Оң қолындағы не нәрсе?» – деп сұрады. Мұса ғ.с.-нің оң қолында таяғы бар еді. Бұл таяқты Мұса ғ.с.-ға Шұғайып ғ.с. берген.

Бұл таяқ Адам ғ.с.-нің таяғы еді. Пайғамбардан пайғамбарға мұра болып, Шұғайып ғ.с.-нан Мұса ғ.с.-ға келген.

Мұса ғ.с. айтты: «Оң қолымдағы таяғым. Ауырсам осыған таянам немесе қойларыма ағаштан жапырақ үзіп түсіремін. Таяғымның маған жасар жәрдемі көп. Күн ыстықта көйлегімді таяғымның басына іліп, көлеңке етемін, құдықтан су аларда жіп қысқа болса, таяғымды жалғап аламын», – дегенде, Хақтағала Мұса ғ.с.-нің таяғының қадірін арттырды. Таяқтың екінші бір қасиеті пайда болды. Таяқ түнде шам болып жанып, егер Мұса ғ.с.-ға дұшпан келсе, сонымен соғысып, ішер су керек болса, таяғымен жер қазып, су шығаратын қасиетке ие болды.

Кейде Мұса ғ.с. жеміс жегісі келіп, таяқты жерге қадаса, әп-сәтте таяғы жеміс берер еді.

Мұса ғ.с. бұл қасиеттерді көріп, Алла тағаланың өзіне сыйлаған ерекше қасиеті екенін білді. Мұса ғ.с. бұл таяқты неге бола жұмсаса да, сол тілегі орындалатын еді.

Мұнан соң Алла тағала: «Әй, Мұса! Ол таяқты жерге қой», – деп бұйырды. Мұса таяқты жерге қойды. Сол сетте жаңағы таяғы бір жыланға айналды. Мұса ғ.с. жыланнан қорқып қашты.

Сонда Алла тағала: «Әй, Мұса! Сен ол таяқты ұста! Қорықпа, тез бар. Ол таяқты әуелгі зат қалпына түсіремін!» – дегенде Мұса ғ.с. қорықпай, таяққа жақын келді. Мұса ғ.с. таяқты ұстағанда, өзінің көк таяғы болып қалпына түсті.

Алла тағала тағы да: «Қолыңды беліңе жақын ұста! Оң қолың нұрлы болар. Қолың ақ нұрлы болғаннан соң, саған екінші ғаламат беріледі. Сенде екі қасиетті ғаламат бар. Бірі – таяғың, екіншісі – қолың. Осы екі қасиетіңмен перғауынға барып, оны иманға үнде. Ақиқатта, ол перғауын иманға қас болып, тәкәппарланды», – деді. Сонда Мұса ғ.с: «Мен Мысырда кісі өлтіріп едім. Енді олар мені өлтірер деп қорқамын. Әй, Раббым! Менің көңілімді мәшәқатқа тарылтпас үшін кең қыл. Ісімді жеңіл қылып, сөзім түсінікті болу үшін, тілімнің тұтығын ашып, жарылқа. Тағы да қандасым Харунды маған уәзір ет. Ақиқатта, сен біздің халімізді білушісің», – деді.

Сонда Алла тағала айтты: «Әй, Мұса! Қажетіңді, сұраған мақсатыңды бердім. Сен һәм сенің қарындасың Харун менің берген қасиетіммен перғауынға барыңыз. Менің зікірімді айтыңыз. Перғауынға жұмсақ сөйлеңіз. Перғауын менің Жалғыз екенімді мойындап ауыр азаптан құтылар».

Мұса ғ.с. Хақтағаладан пайғамбарлық пен өзіне берілген ерекшелікті алып, жары Сафураның жанына келді. Сафура ұлын қолына ұстап, Мұсаны күтіп отырған еді. Бұл кезде қойлардың өздері-ақ маңайға жиыла бастаған.

Мұнан соң Мұса ғ.с. қатыны Сафураны һәм қойларын Алла тағалаға тапсырып, Мысыр шаһарына аттанды.

Мысыр бұл жерден бір күндік жер еді. Керуеншілер Мұса ғ.с.-ді көріп, қандасы Харунға: «Ағаң Мысырға келе жатыр» деп хабар берді.

Харун ғ.с. Мұса ғ.с.-ді қарсы алуға алдынан шықты. Мұса ғ.с.-ді көріп, танысып сәлемдесті.

Харун: «Әйелің мен қойларыңды қайда тастадың?» – дегенде, Мұса ғ.с: «Аллаға тапсырып, сахарада қалдырдым», – деді. Мұнан соң Мұса ғ.с: өзінің һәм Харунның пайғамбар екенін, Алла тағаланың перғауынға бар деп әмір еткенін айтты. Харун ғ.с: «Перғауын шектен шақты. Азғандық пен залымдықта теңдесі жоқ», – деді. Бұл екеуі не жасарын ойлап ақылдасты. Мұса ғ.с.-нің көңілі күдіктеніп, інісі Харун екеуі: «Әй, біздің Раббымыз! Біз қорқамыз. Пaйғамбарлықты айтсақ болды, перғауын бізді азаптап, саған тиіссіз жаман сөз айтар», – деді.

Алла тағала: «Сіз екеуіңіз перғауыннан қорықпаңыз. Мен сіздермен біргемін. Сіздің халіңізді көріп, сөзіңізді естимін. Екеуіңіз перғауынға барыңыз. Мені – жалғыз деп, сіздерді мёнің пайғамбарым десін. Ісраил халқын ауыр азапқа салмасын. Сіздермен бірге бостандық сыйлап жіберсін. Біз саған мұғжизамен келдік деп ескертіңіз», – деді. (мұғжиза – Алланың берген ерекше қасиеті).

Олар Хақтағала әміріне бойұсынды.

Харун ғ.с. Мұса ғ.с.-нан «Егер перғауын мұғжиза сұраса не айтамыз?» – деді. Мұса ғ.с. өзінің таяғын һәм қолын көрсетті. Харун ғ.с.-нің көңілі қуаттанды.

Бұлар мысырға кіргенде, Харун ғ.с: «Үйге кіріп, тамақ ішейік», – деді. Мұса ғ.с: «Алла тағала үкімін орындау керек. Сен үйіңе барып, Ісраил нәсіліне менің келгенімді сүйіншіле», – деді де, өзі перғауын сарайына кетті.

Мұса ғ.с.-нің үстінде жүн шекпен, аяғында есек терісінен тігілген шәркей еді. Осы халде Мұса ғ.с. перғауын сарайына келді. Сарай ішінде қырық сақшы тұрған.

Мұса ғ.с: «Жол беріңіз. Уәлитті көруге барамын», – дегенде, сақшылар күлісіп: «Біз Уәлитті білмейміз. Бұл сарай – біздің тәңіріміз перғауынның сарайы», – десті. Олар Мұса ғ.с.-ді қайыршы деп ойлап, танымаған еді. Сол сәт Мұса ғ.с. бір рет ақырғанда, сақшылардың есі кетіп жығылды. Сонан соң, Мұса ғ.с. ішке кірді. Перғауын тағына жеткенше жыртқыш аңдар, жолбарыс, қабандар болатын. Бұл жануарлар Мұса ғ.с.-ді көріп, қаша жөнелді. Перғауын бұл оқиғаны көзімен көріп шошынды.

Мұса ғ.с. перғауынға таяғын жіберіп қалғанда, сол таяқ жыланға айналып, перғауынның жанына жетті. Бұл сұмдықты көріп перғауын тұра қашты.

Мұса ғ.с. үйіне қайтып келіп, анасымен және Ісраил халқымен көрісті. Ісраил нәсілдері Мұсаны көріп азаптан құтылдық деп шат болды.

Перғауынның халқы Мұса ғ.с. келгеннен хабардар болып, жылан иесі Мұса екенін білді.

Бір күні Мұса мен Харун перғауын сарайына барып, сарайға кіруге рұқсат сұрады. Сарайға кіріп, Мұса ғ.с. перғауынға сәлем берді. Перғауын Мұса ғ.с.-мен көрісіп, Харун ғ.с.-ді «бұл кім?» деп сұрады. Ол: «Атым Харун, Мұса ғ.с. екеуміз Алла тағаланың пайғамбарларымыз, саған келдік», – деді. Сонда перғауын: «Әй, Мұса! Сіздің Аллаңыз кім?» – деді. Мұса ғ.с: «Алла тағала бар ғаламды жаратушы», – деді. Перғауын: «Әй, Мұса! Сен не себептен маған келдің?» – дегенде, Мұса: «Әй, Уәлит! Бізді Алла тағала жіберді. Сен Алла тағала – жалғыз деп айт.

Ол барша нәрсені жаратушы, барша тілге рыздық беруші», – деп сеніп, бізді Алланың пайғамбары деп түсін. Өзіңді тәңірмін деуді қой. Ісраил нәсіліне азап көрсетіп, балаларын өлтірме, оларды бізбен бірге жібер. Егер, бір мәртебе «Лә ілләһә ілла’ллаһ Мұса уа Харун – Расулү ллаһ», – деп айтып, Ісраил нәсіліне азаттық сыйласаң, Алла тағала саған тағы 400 жыл ғұмыр берер», – деді. Перғауын: «Әй, Мұса! Пайғамбарда мұғжиза болады. Сенің мұғжизаң не нәрсе?» – деді. Мұса ғ.с: «Менің мына таяғым мен қолым мұғжиза», – деп, таяғын көрсеткенде, ол жылан болып, тура келген нәрсені жұта бастады. Мұса ғ.с. дереу таяғын қолына алып, жеңінен қолын шығарғанда, қолы күндей жалтырап, көздері шағылысты. Перғауын бұл халді көріп: «Біраз күн бізге рұқсат ет, кеңес етейік», – деді. Рұқсат сұраған күні сенбі күні болатын. Бұл олардың мейрам күні еді.

Мұса ғ.с. рұқсат етіп, перғауын сарайынан шықты. Екінші күні Мұса ғ.с. тағы келді. Перғауын Мұса ғ.с.-ді көріп, уәзірлеріне: «Сіздер Мұса хақында не айтар едіңіздер? Егер иман келтірсек не болар еді?» – деп сұрады.

Олар: «Осы жасқа жеткенше тәңірі өзің болып келіп едің. Енді Мұсаға құл болып, бізді де оған құл етпекпісің? Біз сенен басқа тәңірінің бар екенін мойындамаймыз. Бұл Мұса – сиқыршы», – деді. Бұл сөз перғауын көңіліне қонды. «Әй, Мұса! Сен сиқыршы екенсің. Бізді сиқыршыңмен Мысырдан қуу үшін келгенсің. Біздің тәңіріміз бөлек. Сенің сиқырың көк сиқыры болса, мен де сиқыршы жинармын», – деп Алланың бір, пайғамбардың хақ екеніне сенбеген.

Перғауын жетпіс мың сиқыршы жиып, оның ішінен төрт жүз сиқыршысын ерекше таңдап, сайлады. Перғауын сиқыршылар жанына келгенде, сиқыршылар: «Біз Мұсадан да артық сиқыр көрсетсек, қызмет ақымызды берермісіз?» дегенде, перғауын: «Әрине, беремін», – деген.

Мұса ғ.с. перғауындар жиналған жерге келіп, «Әй, қауым! Өкініште қалып, Алла азабымен әлек боларсыз. Алла тағаланың бар екеніне сенбей, қарсы келген адам әлекке ұшыраушы еді», – деді.

Перғауын, патшалық өзімде қалар деп ойлаған. Сиқыршылар Мұса ғ.с. сөзін естіген соң, сиқырларын көрсетуге тырысып: «Егер бізден Мұсаның қасиеті үстем болса, Мұсаға ерерміз», – деп іштей ойға келген.

Олар: «Әй, Мұса! Әуелі сиқырды сен көрсетемісің, әлде біз көрсетеміз бе?» – деп сұрады. Мұса ғ.с: «Бәлкім, сіздер көрсетерсіздер», – деді.

Сиқыршылар бауларын суға бұлғап-бұлғап салғанда, баулары күн нұрымен шағылысып, жалындай жүзе бастады.

Мұса ғ.с. қорқып тұрғанда Хақтағаладан хабар естілді: «Әй, Мұса! Қорықпа. Сен бұлардан үстемсің. Оң қолыңдағы таяққа қолыңды салсаң, сиқыршылар әлсіз болып қалар», – деді. Мұнан соң Мұса ғ.с. таяғын жерге салғанда, ол лезде жылан болып, сиқыршылардың сиқырын жұтты. Сиқыршылар бұл істі көріп, пайғамбар мұғжизасын анық түсіне бастады. Олар: «Мұса ғ.с.-нің ісі сиқыр емес, Алла тағаладан келген мұғжиза. Мұса мен Харун тәңіріне иланамыз», – деп сәжде қылды. Сонда перғауын: «Әй, сиқыршылар! Сендер менің рұқсатымсыз Мұсаға сендіңдер. Шамасы Мұса сендердің үлкен ұстаздарың болған. Сендер мені алдағандықтан, оң аяқтарың мен оң қолдарыңды кесіп, құрма ағашының бұтақтарына асармын. Сонда, менің азабым күшті ме, Мұсаның азабы күшті ме көрерміз», – деді. Мұса ғ.с.-ға иман келтірген сиқыршылар айтты: «Әй, перғауын! Біз сені қаламаймыз. Алланың – бір, Мұсаның пайғамбар екеніне біз сендік. Егер қолыңнан келсе, үкіміңді қыла бер. Сен бізді күштеп көндірген едің. Саған сенген кәпірлік ғұмырымызды Алла жарылқасын. Алла тағала жақсылық беруші», – деп сәжде қылды. Сиқыршылар сәжде қылған соң, перғауын қорықса да иманға келмеді.

Түс кезінде олар намазға жығылған сәтті пайдаланып, перғауын олардың бәрін шәйіт етті. Олар жұмақтық болды.

Перғауын ашуланып Әсияға: «Сен де Мұсаға сеніп иман келтірдің бе?» – дегенде. Әсия: «Әрине, дүниені жаратушы бір – Алла», – деді. Мұнан соң Әсия намаз оқып, ғибадат етті. Сол уақытта перғауын Әсияны ұстап, тұтқынға алып, қырық күн тамақ бермеді. Перғауын Әсияға: «Райыңнан қайт, әйтпесе азапқа салармын», – деді. Әсия: «Қолыңнан келген азабыңды жаса. Бірақ мен хақ дінін мойындадым», – дегенде, перғауын ашуланып, төрт темір қазық қақтырып, Әсияны соған керіп азаптады. Әсия қатты сусағанда, ғажайыптан жұмақ шәрбәті келді де Әсия дұға қылды: «Әй, Раббым! Өз қасыңдағы жұмақтан бір үй салдырып, мені перғауынның азабынан, тағы да мені залымдардан құтқар», – деді. Залым қауымы дегені – қабытилар еді. Хақтағала Әсия дұғасын қабыл етті. Әсия жанын тәсілім етіп, бақиға кетті. Әсия өлімінен соң халықтар тұс-тұстан иман келтіре бастады. Бұған перғауын лағнеттің қатты ашуы келіп, Ісраил нәсіліне азап-қорлықты үдете бастады. Ісраил халқы торығып: «Әй, Мұса! Сен келгеннен бері азабымыз күшейді ғой», – деп Мұса ғ.с.-ға өкпелеген еді. Сонда Мұса ғ.с; «Сабыр етіңіз, Алла жақсылық беруші», – деп уағыз насихат жасаған.

Перғауын Ісраил әйелдеріне қарауылшылар қойып, ер балаларын тағы өлтіруді бұйырды. Бұл өлтіру байлығымның кетуі осыған байланысты деген сылтаудан болатын.

Перғауынның азабына Алла тағала аштық беріп, көктен жауын жаудырмай, жерден шөп шығармай қойды.

Қалың тобыр бұл пәленің бәрін Мұсадан көрді.

Перғауын өте биік мұнара салдырды. Оның ең басына шығу үшін екі тәулік уақыт кететін. Перғауын мұнараға шығып қарады да: «Көкте ештеңе де жоқ, Мұса жалған сөйлейді», – деді.

Мұса ғ.с. перғауынға: «Әй, малғұн! Алла – бір. Ол Ай мен Көкті жаратты. Мен Алланың пайғамбарымын. Ісраил халқын менімен жібер, оларды азаптама. Әйтпесе дұға етермін, әлекке түсерсің», – дегенде, перғауын: «Қолыңнан келгенді қыл, мен өзім тәңірмін. Өзіме сенемін», – деп қасарысты.

Алла тағала перғауын қауымына топан суын, онан соң қатты жаңбыр мен шегіртке, қандалалар, бақаларды ерекше етіп жіберді. Бірақ мұнан кейін де ол тәкәппарлық етті. Содан күнәһар қауымға қатты қараңғылық түсіп, жаңбыр жауды да үй іштеріне су толды.

Ісраил адамдарының үйі қабытилармен бірге орналасса да олардың үйіне су кірмеді. Залым қауым, перғауынға келіп: «Егер сен тәңірі болсаң, бізді мына қасіреттен құтқар», – деді. Перғауын: «Бұл істі Мұса жасады. Сіздер мұны Мұсаға айтыңдар. Егер азаптан құтқарса, иман келтіреміз», – деді.

Перғауынның халқы Мұсаға жалбарынды, Мұса ғ.с. дұға қылды. Мұнан соң егін өсіп, береке кіре бастады. Перғауын халқы уағданы берік ұстамай, иман келтіруден қашты. Бұл істеріне бола Хақтағала оларға шегіртке жіберді. Шегіртке күн көзін қаптап ұшып келіп, перғауын егініне түсіп, бір сағат ішінде бүкіл астықтарын жайпап түсті.

Перғауын халқы еңіреп тағы перғауынға келді. Перғауын Мысыр ұлдарын Мұсаға жіберді. Барып, Мұсаға айтыңыз, егер шегірткелерден құтқарса, иман келтіреміз. Ісраил халқын бірге қосып береміз, – деді. Залымдар Мұсаға келіп, перғауын сөзін жеткізді. Мұса ғ.с. дұға қылғанда, шегірткелер ғайып болды. Бірақ перғауын халқы тағы да жалған сөйлеп, иман келтірмеді. Онан соң Алла тағала қандалалар жіберді. Олар перғауынның қалған астығын жайпады.

Перғауын халқы бұған да тәкаппарлық етіп: «Енді астығымыз бітіп таусылды. Осындай қастық әкелген адамға неге иман келтіреміз», – десті.

Мұса ғ.с. Мысырда 20 жыл тұрды. Хақтағала пәрменімен бұл уақытта көп мұғжиза берді. Мұса ғ.с. Мысыр халқын иманға қанша үндегенмен, олар еш қабыл етпеді. Ісраил халқын қорлауын қоймады.

Мұса ғ.с. перғауын қауымының иман келтіруінен үміт үзіп, мінәжат қылып: «Әй, Раббым! Сен перғауынға және перғауынның халқына көркем киім, көркем аттар бердің. Тағы да дүние тірлігінде көп малдар бердің. Олар осы себепті сенен безінді. Енді олардың малын қырып, көңіліне қасірет сал. Әйтпесе, олар иман келтірмес», – дегенде, Харун ғ.с: «Әмин!» – деді.

Дұғалары Хақтағала ғұзырында қабыл болды.

Хақтағала Мұса ғ.с.-ға Мысырдан Ісраил халқымен бірге Жүсіп ғ.с. табытын алып кетуді әмір етті.

Мұса ғ.с. перғауыннан: «Ісраил қауымын айт мейрамында сахараға жібер. Өзімізше Аллаға мінәжат етейік», – деп сұрады. Перғауын жібермесем тағы бір азапқа түсірер деп Ісраил жұртына рұқсат берді.

Ісраил қатындары қабыти қатындарынан: «Біз мейрамнан келгенше алтын, күміс киімдерінді бере тұрыңыздар», – деп сұрады. Алла тағала қабыти әйелдерінің көңіліне сенім ұялатып, бар жиһаздарын бергізді.

Ертеңінде Мұса ғ.с. Ісраил қауымын жиып, Мысырдан шықты.

Мұса ғ.с. халықтан Жүсіп ғ.с.-нің табытын сұрады. Сонда, бір қарт: «Мен білемін. Егер мені жұмақта өзіңе жолдас етсең, көрсетермін», – деді. Оның сөзін Мұса ғ.с. қабыл етті.

Мұса ғ.с. жолға аттанғанда перғауын: «Мұса қашты, әскер жиылсын», – деп әмір етті. Үш күн әскер жиып, үш мың әскермен Мұса ғ.с.-ді қууға шықты.

Перғауын 5-ші күн дегенде, Мұса ғ.с. мен Ісраил халқын көрген еді. Олар Ніл дариясы жанына тақап қалған болатын. Қалың тобыр қатты састы. «Әй, Мұса! Алдымызда Ніл дариясы, артымызда перғауын әскері. Енді біз не істесек болады?» – десті.

Мұса ғ.с: «Қорықпаңыз, Алла тағала бізбен бірге», – деп көңілінен мінәжат етті: «Әй, Раббым! Бізді залымдардан құтқар!» – деді.

Хақтағала Мұса ғ.с.-ға «Дарияны соқ!» – деп әмір етті. Мұса ғ.с. дарияны соққан сәтте, 12 жол шықты. Сол сәт Ісраил халқы судан өтті. Бұл кезде перғауындар да жетіп үлгерген еді. Ол, адамдарына: «Міне, менің құдіретімді көрдіңіздер ме, дарияның өзі жол берді», – деп мәз болды. Олар дарияға түскенде, су көтеріліп, әскер түгел қырылды.

Перғауын енді иманға келемін деген сәтте, Жібірейіл ғ.с. бір уыс балшық алып, перғауынның аузына жіберді де: «Жер жүзіне бұзықтық пен азап шектіріп, енді иманға келмекпісің. Саған енді иман жоқ. Сен мәңгілік тамұқтасың», – деп ғайып болды.

Перғауынның жаны жәһаннам болды.

Ісраил халқы перғауын азабынан азат болып, перғауынның көзі жойылғанына сенбей: «Әй, Мұса! Перғауын 400 жыл бойы тәңір болып келіп еді, оның өлгеніне сенбейміз. Егер көзімізбен көрсек, жанымыз жайланар еді», – деді. Мұса ғ.с. мінәжат қылып. «Иә, Раббым! Перғауын мәйітін Ісраил нәсіліне көрсет», – дегенде, дария толқынданып, өліктерді су бетінде қалқытты.

Олар азаптан арылып, өздерінің ата жұрты Шамға аттанды.

Жолда Ғамалқа қауымына жолықты. Ғамалқа қауымы сиыр суретіне табынатын еді.

Ісраил халқы мұны көріп: «Әй, Мұса! Бұлар бізге ұқсас. Тәңірі бейнесін бізге де берсін», – деді. Сонда Мұса ғ.с. айтты: «Сіздер надан қауымынан болдыңыздар ма? Бұлар сиыр суретіне табынғаны үшін әлек болушылар. Алладан басқа тәңірі жоқтығын айттым емес пе. Сізді Алла тағала барша халықтан артық етті. Балаларыңызды өлтіретін, қатындарыңызды қарауылдаған перғауын қауымынан құтқарды», – деді.

Ісраил халқының мақсаты Мысырға барып, қабытилардан өшімізді алсақ деген пікірде еді. Ғамалқа халқын көріп, тәңірі бейнесін сұрап күнәгер болды.

Хақтағала әмірімен Ісраил нәсіліне Бәйтел Мұқадеске сәжде қылуға әмір келді. Ісраил жақсылары Бәйтел Мұқадеске сәжде қылып кірді. Ал бұзықтары сәжде етсе де көңілдеріндегі өз ойларын айтып кірді. Сондықтан Хақтағала бұларға азап жіберді.

Мұса ғ.с. Бәйтел Мұқадеске зиарат еткеннен кейін, Тұр тауына барды. Хақтағалаға мінәжат етті. Хақтағала оған Тәурат кітабын беруді уағда қылды.

Хақтағала: «Әй, Мұса! Ісраил жұртына айт! Менің әмірімді қабыл етсін. Иемен маңайында аталарының дұшпандары һәм менің дұшпандарым бар. Барып, оларды дінге үндесін. Егер олар қабыл көрмесе, соғыс жасасын», – деді.

Мұса ғ.с. Ісраил жұртына хабар берді. Олар, қабыл етіп, соғысқа әзірленді. Иемен маңындағы халық Ғамалқа қауымы еді.

 

ТӘУРАТ КІТАБЫНЫҢ ТАРИХЫ

 

Перғауын әлек болып, Мұса ғ.с. Ісраил жұртымен Мысырдан кеткенде, Хақтағала Тәурат кітабын келтірді. Мұса ғ.с.-ға 40 күн ораза тұтуды бұйырды. Ол 40 күн Зұлқағда айының соңы, Зілхажжаның 10-на дейін еді.

Мұса ғ.с. Тұр тауына барып, күндіз ораза ұстап, кешкісін ғибадатпен мінәжат етті. Хақтағала Тәурат кітабын ендірді.

Тәурат кітабы, қызыл жақұттан он тақта (он бөлек) болып келген. Әр бөлігінде жүз сүре, әр сүреде мың аят бар еді. Бұл жаһұт тақтаны Хақтағала Мұса ғ.с.-нің қолына тигенде жұмсақ қылды. Әр бетін Мұса ғ.с. саусақтарымен ашты. Бірақ тәуратты көтеру тым ауыр болды. Тәурат Мұса ғ.с.-ге ғана жеңілдеді. Мұса ғ.с. көтеріп әкеліп, халқына тәурат сүрелерін оқыды. Бәни Ісраил тәурат ішіндегі Алла тағала сөздерін естіп: «Әй, Мұса! Бұл кітап бізге көп мәшақатты сөздер қосыпты. Сондықтан бізге керек емес. Біз қабыл етпейміз», – деді. Алла тағала Жебірейіл ғ.с.-ге әмір етіп, Ісраил қауымының үстіне бір тауды әкеліп ұстап, Мұса ғ.с.-ге хабар берді; «Әй, Мұса! Қауымыңа айт! Егер тәуратты қабыл етпесе мына тауды төбесіне тастармын», – деді.

Мұса ғ.с. бұл хабарды халқына жеткізді. Қауымы сонда да қарсылық етті. Тау бастарына тиіп, олар еріксіз бүгілді. Одан тау жерге дейін жанышты. Сонда ғана олар кеңесіп, қабыл етуден басқа шаралары қалмай: «Әй, Мұса! Тәуратты қабыл етеміз», – десті.

Жебірейіл ғ.с. тауды үстерінен алып, орнына қайта қойды. Сол үшін олар басын жерге иіп табынатын болды.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Яхия мен Жүніс ғалайһи-уәссәләм

Ғылым тарих нақылы қылып сөйлейді: Хазреті Ғайса һарус патша заманында дүниеге келді. Ол һарустың астанасы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған