Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Қисса Ілияс ғалайһи-уәссәләм

Қисса Ілияс ғалайһи-уәссәләм

Бәни Ісраилде Әжеб есімді бір патша бар еді. Оның атасы Жабар. Осы Әжебтің қатыны патшалық етті. Әжеб өзі науқас болғандықтан Шам аймағы, Бағалбек шаһарын өзінің қатыны Әрмиләға тапсырған. Дүниеде Әрмиләдай залым қатын жоқ еді. Әрмилә бүкіл қауымымен пұтқа табынатын. Пұттарының аты Бағил еді.

Әрмиләнің Мүздәк атты мұсылман көршісі бар еді. Әрмилә сол көршісін өлтіруге әрекет жасағанда, ері Әжеб: «Әй, Әрмилә! Бұл Мүздәкті өлтірме. Оның өлімі патшалығыңа зиян әкелер», – деді.

Бір күні Мүздәк Әрмиләға келіп: «Әй, пасық! Лә іллаһә ілла’ллаһ» деп айт, – деді. Бұған шамданған Әрмиләнің ашуы келіп Мүздәкті өлтіріп, тыныш тапты.

Бұл хабар күйеуі Әжебтің құлағына тиіп, «Мүздәкті өлтірме дегенім қайда? Тыңдамадың. Енді патшалық қолыңнан кетер», – деді.

Хақтағала Жәбірейіл ғ.с.-ға әмір қылды: «Құлым Ілиясқа айт! Әжеб пен Әрмиләға барсын, оларды иманға үндесін. «Лә іллаһә ілла-ллаһ уә инна Ілияс-Расул’ллаһ» деп айтсын», – деді. Жебірейіл ғ.с. Алла әмірін Ілияс ғ.с-ға жеткізді. Ілияс ғ.с. мұны естіп, мінәжат қылды. «Ил-лаһи, мені сондай залымдарға жіберді». Олар үш жүз пайғамбарды өлтірген. Мен сенің әлсіз бір құлың едім», деп Хақтағалаға жалынғанда, Хақтағала: «Әй, Ілияс! Маған қарсылық жасаймысың? Халықтың ажалы да, пәлесі де менен келер», – деді.

Ілияс «Уа, Раббым, қабыл еттім. Маған оларға аттанар көлік беріңіз», – деді. Хақтағала бір тай жіберді. Ілияс ғ.с. аттанып, Әрмилә сарайына жетті. Қарауылшылар Ілияс ғ.с.-ді патша жанына жібермеді.

Ілияс ғ.с. патшаға кірмек болып, дауыстады. Бұл дауыстың зор екендігі соншалықты, Әрмилә естиді. Ол: «Бұл не дауыс?» – деп кісі жіберді. Ол кісі Ілияс ғ.с.-ді Әрмиләға алып келді. Әрмилә Ілиясты алғаш көргенде, бойына бір қорқыныш, үрей кіріп: «Неғылған кісісің?» – деп сұрақ қойды. Ілияс ғ.с. «Әй, пасық! Мені Алла тағала жіберді», – деді. Әрмилә: «Қай Алланы айтасың?» – деді. Ілияс «Мені және сені, баршамызды жаратушы бір Алланы айтамын», – деді. Әрмилә: «Иә, ол сені неге жіберді?» – деп кекетті. Ілияс ғ.с: «Алла тағаланың үкімі – сенің иманға келуің. Әйтпесе, патшалығың қолыңнан кетер», – дегенде, Әрмилә: «Сен, Халил тауында тұратын Ілияспысың?» – деді. Ілияс ғ.с. өзінің сол жерден екенін айтты. Әрмилә: «Әй, Ілияс! Осындай сөзді айтқаны үшін 370 пайғамбарды өлтірттім. Онда сен де өз аяғыңмен өлімге келген екенсің», – деді.

Әрмиләнің Мәжнүн есімді мұсылман уәзірі бар еді, Әрмилә соған: «Ілиясты өлтір!» – деп бұйырды.

Мәжнүн Ілияс ғ.с.-ді сыртқа алып шығып: «Әй, Ілияс! Мен сені ренжітпеспін. Бірақ мына жерден тезірек кет. Бұл малғұн енді сені көрмей-ақ қойсын», – деді. Ілияс ғ.с. Халил тауына келіп, ғибадат етті. Жеті күн өткенде Жебірейіл ғ.с. хабар келтірді: «Әй, Ілияс, Алла тағала Әрмиләға барып, иманға үндеуің қажет дейді», – деді. Ілияс ғ.с. орнынан тұрғанда Хақтағала бір сары арыстан жіберді. Күн ыстық еді, бір ақ бұлт келіп, Ілияс ғ.с. төбесіне көлеңке болды. Ілияс ғ.с. төбесінде ақ бұлт, астында арыстан шаһарға келді.

Барша жұрт бұл халге таң қалысып, Мәжнүн өлтірген Ілияс тіріліп, қайта келді, – десті.

Ілияс ғ.с. тура Әрмилә сарайына келді. Бұл жолы ешкім «Онда кірме!» – деп айта алмады.

Ілияс ғ.с.-ді Әрмилә пұтханаға алып кірді. Бұл пұт Ғад самудтан бері келе жатқан еді. Ұзындығы 10 аршын, ені 300 аршын, 4 басы бар. Бірі – інжуден, бірі – жақұттан, бірі – зүбәржаттан, бірі – ферузаттан. Екі көзі ақықтан, лағылдан, қолдары күмістен, өзі жұмсақ ақ тастан, алтын тақ үстінде отыр екен.

Ілияс ғ.с. мұның жанына келіп, қолын аузына және көзіне тигізді де: «Әй, пасық! Бұл өзі соқыр, құлағы естімейтін, не көрмейді, не сөйлемейді. Бұл тас – тәңірге тиісті емес», – деді. Бұған Әрмиләнің ашуы келді: «Әй, Мәжнүн! Мына Ілиясты алып кет те, мені одан құтқар!» – деді. Мәжнүн Ілиясты алып шығып: «Әй, Расулолла! Бұл жерден кет. Бұның жүзін енді көрме», – деді.

Ілияс ғ.с: «Әй, Мәжнүн! Мен өз пікіріммен келгенім жоқ. Алла тағала өмірімен келдім», – деді.

Мұнан соң, өзінің ғибадат тауы Халил тауына келді.

Әрмиләнің 24 жаста бір ұлы бар еді. Сол ұлы сырқаттанып өлім халіне жетеді. Әрмилә жылап, Бағил пұтына келіп: «Әй, менің көрікті тәңірім! Саған табынушы едім. Менің қай ісімде кемшілік болды. Сексен жыл бойы сенің қызметіңе әзір едім. Ұлымды қандай күнәм үшін ауру еттің?» – деді. Бұл кезде Ібіліс малғұн Бағил ішіне кіріп: «Әй, Әрмилә! Ілиясқа мені қорлатып, оны өлтірмедің. Ол өз тәңірін мақтады. Егер Ілиясты өлтірсең, ұлынды сәләмат етермін», – деді.

Әрмила дереу Бағил жанынан шығып, Әжеб патша жанына келіп, Бағил сөзін жеткізді. Ері айтты: «Сен өзің Ілиясты ұстай алмассың. Сәния шаһарына кісі жібер, олар айламен Ілиясты ұстап әкеліп берер. Мен мұсылман болдым. Ілияс маған шариғат үкімін үйретсін деп алдап, Ілиясты қолға түсір», – деді.

Әрмилә 400 кісіні Сәния патшасына жіберді. Елшілер жолға шығып, Халил тауына жеткенде Жебірейіл ғ.с. Ілияс ғ.с.-ға: «Әй, Ілияс! Сен елшілерге айт. Сәния патшасы бұл істі қыла алмас, Сәнияға бармаңыз. Әрмилә пұтын отқа салып жандырсын. Сонан соң Лә іләһә ілла’ллаһ деп айтсын. Сонда Алла тағала ұлыңа саулық берер деп айт», – деді. Ілияс ғ.с. таудан шықты.

Елшілер өзара келісіп, біз өзіміз Ілиясты ұстап, тұтқындап барсақ, Әрмиләға жақын болармыз деп Ілияс ғ.с.-ді тұтқындамақ болды. Хақтағала құдіретімен 400 елші тізелерімен жерге батты. Аяқтарын жерден ала алмады. Ілияс ғ.с: «Әй, залымдар! Енді мені сіздерді бір-бірлеп өлтірсем де болар», – дегенде, елшілер қатты қорқып:

«Әй, Ілияс! Сен бізді азат ет. Әрмиләға барып, сенің пайғамбарлығыңды һәм айтқан сөзіңді жеткізерміз» – десті.

Мұнан соң жаңбыр жаумай, ел аштыққа ұрынды. Әуелгі жылы аштыққа шыдады. Екінші жылы малын жеді. Үшінші жылы, әсілі, ырыздық таппай балаларын жемек болды.

Осы халде Хақтағаладан Ілияс ғ.с.-ға әмір болды. «Барып, Әрмиләні иманға үнде!» – деді. Ілияс ғ.с. дереу Әрмиләға барып: «Әй, Әрмилә! Лә іллаһа ілла’ллаһ уә инна Ілияс-Расулү’ллаһ деп айт. Хақтағала аштық пәлесінен құтқарар», – деді.

Әрмилә: «Егер, бұл пәледен құтқарсаң, иман келтіреміз», – деді.

Ілияс ғ.с. дұға қылды. Хақтағала пайғамбар дұғасын қабыл етіп, көктен жауын жауып, шөп шықты.

Ілияс Әрмиләға барғанда, Әрмилә залым қарсылық көрсетті.

Ілияс ғ.с: «Әй, Әрмилә! Хақтағала аштық жіберді, оны білесің. Енді иманға кел, уәдеңде тұр», – дегенде, Әрмилә пасық: «Қолыңнан келгенінді қыл», – деді.

Ілияс ғ.с: «Әй, Раббым! Әрмилә сөзінен танды», – дегенде, Хақтағала Әрмиләнің астығына құрт түсірді. Ілияс ғ.с. Әрмиләға барып: «Әй, Әрмилә! Бар астығыңа Алла тағала пәле әкелді. Иман келтіріп пәледен құтыл», – деді. Әрмилә Ілияс ғ.с.-ді күтіп: «Әй, Ілияс! Өз тәңіріңді мақтап, менің тәңірімді үнемі қорлайсың. Енді мен сенің тәңіріңмен соғысуды тілеймін», – деді.

Ілияс ғ.с: «Иә, Раббым! Мені залым қауымнан құтқар», – дегенде, дереу Жебірейіл ғ.с. келді: «Әй, Ілияс! Алла тағала сәлем айтты. Құлым Ілияс азап үшін асықпасын. Мен азапқа асықпаймын. Әрмилә қай күні соғысқа шығамын десе, тоқтатпасын», – деді.

Ілияс ғ.с. Әрмиләға: «Әй, қатын! Қай күні соғыс ашпақты тілесең, сол күні Алла тағала дайын», – дегенде, Әрмилә: «Сенбі күні», – деп дереу дабыл соқтырды. Жеті жүз мың әскер өзір болып, барлығы сапқа тұрды. Ілияс ғ.с. Әрмилә әскерін көріп: «Иллаһи, менің әскерім қайда?» – деді.

Хақтағала әмірімен Жебірейіл ғ.с; «Әй, Ілияс! Алла тағала арыстандарды саған әскер қылды. Әскер шақырмақ – сенен, әзірлемек – Алладан», – деді.

Ілияс ғ.с: «Әй, Арыстандар! Менімен бірге әзір болыңыз», – деп ақырды. Шығыс пен Батыстан жиналған арыстандар бұл сәтте әзір тұрған еді.

Ілияс ғ.с: «Әй, қауым! Көріңіз! Алла әскеріне иман келтіріңіз, әйтпесе баршаңыз әлек боларсыз», – деді.

Әрмилә қауымы: «Бізді бұл арыстаннан қорқады дейсіңдер ме, соғысамыз», – деп қарсы шықты.

Ілияс ғ.с. арыстандарға ишарат қылды. Әрбір кісіге 10 арыстаннан жабысты. Бір сағатта 700 мың әскерден бірі қалмады. Ілияс ғ.с. алдына Әжебті аяғынан сүйреп келді. Және Әрмиләні ұстап әкеліп, арыстандар екеуінің парша-паршасын шығарды. Хақтағала әмірімен от келді. Бағил шаһарын от жайпап, өртеп кетті.

ҚИССА ҚЫЗЫР ІЛИЯС ҒАЛАЙҺИ-УӘССӘЛӘМ

Қызырдың мағынасы Жасыл деген сөз. Қызыр ғалайһи-уәссәләм қай жерді басса, сол жер көгеріп, жасарып кетер еді.

Қызырдың есімі Хазар, оның атасы Ғамил, Ғамилдің атасы Ғайсо, Ғайсоның атасы Ібраһим ұлы Ысқақ. Қызырдың мәшһүр есімі – Балия. Атасы Малакан. Тарихтардан мәлім Қызыр ғалайһи-уәссәләм Зұлқарнайын патшаның анасымен бірге туған сіңілісінің ұлы еді. Күндердің күнінде Зұлқарнайын патша өзінің дос періштесіне: «Алла тағалаға құлдық қылмақ үшін, мен ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді. Періште сонда: «Егер ұзақ ғұмыр тілесең, жер жүзінің түн жағында, қараңғылықта бір бұлақ бар. Содан су ішкен адам ақырзаманға дейін ғұмыр кешер», – деді. Бұл су Зұлқарнайынға несіп болмай, Қызыр ғ.с.-ға несіп болып, сол суды ішті. Сөйтіп, ақырзаманға дейін тірі болатын болды. Қызыр ғалайһи-уәссәләм үнемі ғибадат ететін. Бір күні Әзірейіл ғалайһи-уәссәләм жанын алуға келді. Қызыр пайғамбар қатты жылады. Сонда Әзірейіл ғ.с. «Ей, Ілияс! Аллаға баруға неге жылайсың?» – деді. Қызыр: «Жоқ, өлсем табиғат-ғибадаттан махрұм болам ғой, басқалар ғабадат қылар! – деді. Сол сағатта Алладан хабар келді: «Құлым, Ілияс дұрыс айтады. Біз оған ұзақ ғұмыр бердік», – дегенде Әзірейіл ғ.с. ғайып болды.

Қызыр Ілияс ғ.с. бүгінге дейін тірі. Қияметке дейін Алланың құлдарына жәрдем береді. Қызыр Ілияс ғ.с. далада адасқан адамдарды жолға салады. Суға кеткен адамдарды құтқарады. Алла тағала Қызыр ғ.с.-ді пұтқа табынушы бір кәпір қауымға жіберді. Оларға Қызыр ғ.с: «Аллаға иман келтіріңдер», – деді. Олар патшасына апарды. Қызыр ғ.с. патшаға да иман келтіруді айтты. Патша: «Пайғамбарлығыңызға дәлел бар ма?» – деп сұрағанда, Қызыр ғ.с: «Қандай мұқтажыңыз бар» – депті: Сонда патша: «Бір сүйікті қызым бар еді, өлгеніне көп жыл болды. Егер соны тірілтсеңіз, Аллаға иман келтіремін», – деді. Қызыр ғ.с: «Қабырын көрсет, иншалла, тірілтеміз», – деді. Патша қызының қабірін көрсетті. Бірі дұға қылды, бірі әмин деді. Хақтағала дұғаларын қабыл қылып, қыз тіріліп, Қызыр ғ.с.-ға сәлем берді. Қызы атасына: «Әй, ата! Бұлардың сөзі рас, Аллаға қарсы болма! Пұтқа ғибадат қылма!» – дегенде, атасы: «Сабыр ет, уәзіріммен кеңесемін», – деді. Қызы: «Бұған қандай сабыр, не кеңес керек. Өлген қызың тіріліп, ақиреттен хабар беріп тұр. Сөзді ұзартпа, иман келтір! – деді. Ата сөзіне риза болмаған қыз: «Әлхимдү, лиллә, рабил ғаламін, – имансыз дүниеден өткен едім. Мү’мүн болдым. Иә, Раббым, мені өз халіме қайтар», – деп жатып жан тәсілім қылды. Атасы сол қалпы иман келтірмеді. Оны көріп Қызыр Ілияс ғ.с: «Әй, Раббым, бұлтты біздің еркімізге бер!» – деп мінәжат етті. Алладан хабар келді: «Бұлтты сіздің ықтиярыңызға бердім». Бұл қауымға екі жыл жаңбыр жаумай, қиыншылық болды. Күндерде бір күн Ібіліс малғұн бір ақылды адам кейпіне келіп, әлгі қауымға көрінді. Олар арыз қылып зарланды. Ібіліс айтты: «Пұттарды сахараға аман алып шығып табынып жыландар. Сонда көктен жаңбыр жауады», – деді. Олар пұттарын сахараға алып шығып, сәжде қылды. Жаңбыр орнына тас жауа бастады. Бұл құбылыстан шошынған қауым иман келтірді. Пұттарын қиратып, тәубаға келді. Қызыр Ілияс ғ.с. шариғат жолын үйретті.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Ғимранның әйелінің есімі Хана еді. Хана қартайып, бала көтермейтін болған. Күндерде бір күн Хана бір …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған