Рабғұзи

Жүніс ғалайһи-уәссәләм

Байтүл-мақдисте Миқа есімді бір кісі бар еді. Әр күн төрт жүз рәкәғат намаз оқитын. Бір періште оған тағам келтіріп тұратын. Миқа бір ұлды болып, оған Жүніс деп есім қойды. Атасы Жүністі сахараға апарып, қойшылардан қой сүтін сұраған. Сонда қойшылар сүт шықпайтын бір қойды әкеліп береді. Жаңағы қойдан сүт ағыл-тегіл аға бастайды. Жүніс ғ.с. сүтті ішіп, әбден тойып: «Әл-хамдү ліллаһі Раббіл-ғаламін» – деді. Сонда қойшылар: «Бұл бала кімге шүкір етеді?» – деді. Атасы: «Барша ғаламды жаратушы Аллаға шүкір қылады» – деді. Жүніс ғ.с. ержеткен шақта бір тау үңгіріне кіріп, ғибадатқа бой ұсынды.

Күндерде бір күн Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ді Жүніс ғ.с.-ге жіберді: «Бар, құлым, Жүніске айт, пайғамбарлықтан сүйінші бер. Мосул шаһарына барсын. Халықты иманға үндесін» – деді.

Жүніс ғ.с. үйіне келіп, жамағатына Хақтағаланың әмірін айтты: «Хақтағала мені халықтың ең жаманына пайғамбар қылды», – деп налығанда, қатыны: «Алла тағала саған жәрдем берер», – деді.

Жүніс пайғамбардың Сафа, Сафон есімді екі ұлы бар еді. Бірі бір жаста, бірі жеті жаста еді. Осы балаларын алып, Байтүл-мақдистен Мосүл жолына түсті.

Жүніс ғ.с. қатынына айтты: «Сен мұнда отыр. Мен шаһар халқына барып, Алла тағала әмірін жеткізем. Аман болсам, кешке келермін, өлсем, өз күніңді өзің көрерсің», – деді. Шаһарға келіп: «Әй, халайық! Үш кереметі бар бір нәрсені кім алар?» – деп дауыстады. Базар халқы: «Ол не нәрсе?» – дегенде, Жүніс: «Алла тағала үш бәледен сақтар. Бірінші, еліңізде аштық болмас. Екінші, оба болмас. Үшінші, залым патша болмас», – деді. Сонда базар халқы: «Әй, диуана! Біз, әсілі, оба мен аштықты көргеміз жоқ және патшамыздан қуатты патша жоқ», – десті. Жүніс ғ.с.-ді базар халқы ұстап, патшаға әкеліп: «Әй, патша! Бір кісі келген екен. Қарасаң көз тоятын әдемі, сөзі де ғажап», – деді. Патша әмір етіп, Жүніс ғ.с.-ді әкелдірді. Патша, Жүніс ғ.с.-ді көріп, көңіліне үрей түсті: «Әй, кісі! Сен кімсің? Қайдан келдің?» – деді.

Жүніс ғ.с: «Мен Жүніспін. Алла тағала мені саған жіберді», – деп, келген мақсатын айтты. Сонда патша: «Әй, Жүніс! Менің мал-мүлкіме аштық әсерін тигізе алмас және менен күшті патша болмас», – деді.

Жүніс ғ.с. Егер «Лә іллаһа ілла’ллаһ уа инна Жүніс Расулү’ллаһ», – деп айтсаң, бұдан үлкен патша болып, дүние-ахирет мақсатыңа жетерсің, – деді.

Бирсам айтты: «Сенің бұл сөзіңе куәлік бар ма?»

Жүніс ғ.с. қараса, патша сарайының ортасында сиыр суретті бір тас бар екен. Сол тас куәлік берер деді.

Бір кезде тас: «Лә іллаһә ілла-ллаһ уа инна Жүніс Расулү’ллаһ», – деді.

Бирсам: «Және тағы куәң бар ма?» – деді.

Жүніс ғ.с. сол сәт тау ешкісін көрді. Мүйіздері алтынданған екен. Патша осы тау ешкісімен ойнайтын еді. Осы тау ешкісі дереу: «Лә іллаһа ілла ллаһ уа инна Жүніс Расулү’ллаһ», – деді.

Патша қайран болып, уәзірлеріне қарап, «Сіздер не айтар едіңіздер?» – дегенде, уәзірлері; «Бұл кісі сиқыршы», – десті. Патша: «Сен сиқыршысың, менің сарайымнан шық», – деп Жүніс ғ.с.-ді қуып жіберді.

Жүніс ғ.с. кеш болса да көзіне көрінген адамды иманға үндеді. Ешкім қабыл етпеді. Кешкісін әйелі мен балаларының жанына барып, намазын оқыды.

Әр күн ерте шаһарға барып, халықты иманға үндейтін. Кешкісін жамағаттарының жанына оралатын.

Шаһар халқы Жүніс ғ.с.-ді диуана деп тас лақтыра бастады. Жиырма күн толғанда Жүніс ғ.с. патша сарайына келіп: «Лә ілләһә ілла’ллаһ уа инна Жүніс Раулү’ллаһ деп айт», – деді. Патша: «Әй, Жүніс! Өзіңе қарасаң, әп-әдемі адамсың. Ал сөзің диуана сөзі. Бұл сөзді енді қайталама. Менімен тұрсаң, саған көп мал нығмет беремін», – деді. Жүніс ғ.с. айтты: «Маған сенің малың, нығметің керек емес. Менің Раббым рыздығымды өзі берер. Саған да рыздықты Алла берер», – деді. Мұнан соң патша: «Әй, Жүніс! Менің құдайымды келіп көр. Олардың арасында сенің тәңірің бар ма?» – деп, Жүністі пұтханаға алып кірді. Жүніс ғ.с. пұттардың бірі алтыннан, бірі күмістен жасалғанын көріп: «Әй, патша! Бұлар тәңірлікке жарамас. Бұларға табыну нағыз ақымақтық іс. Бұларды адамдар жасаған. Ал құдайды адам жасап тәңірі ете алмас», – деді. Бұл сөзді естігенде патша: «Әй, Жүніс! Саған мен шапағат қылармын, жанымнан тез кет. Әйтпесе, жазаң ауыр болар», – деді. Жүніс ғ.с. базарға келіп, халықты тағы да иманға үндеді. Борышын 40 күн бойы өтеді.

Жүніс ғ.с. әдетінше тағы халықты иманға үндеді. Ешкім дін исламды қабыл етпеді, керісінше. Жүніс ғ.с-ға қарсылық етті. Жүніс ғ.с: «Егер, иманды қабыл етпесеңіз, Алладан сізге азап келер. Азапқа әзір болыңыз. Бәріңіз де әлекке ұшырарсыз», – деді. Халық: «Ол азаптың ғаламаты не нәрсе?» – деп сұрағанда, Жүніс ғ.с: «Ертемен әрқайсысыңыздың жүзіңіз сарғаяр, үш күннен соң қызарар, және үш күннен соң қарайып, оныншы күні әлекке түсерсіз», – деді.

Жүніс ғ.с. кешкісін жамағатының жанына келіп: «Ешкім сөзіме сенбейді», – деп ренжіп, Хақтағаладан рұқсатсыз жамағатын ертіп Мосүл шаһарынан кетіп қалады.

Ертеңіне шаһар халқы өздерінің халін көрді. Бәрінің жүздері сарғайған еді. Бирсамға барып, Жүніс ғ.с. сөзін айтты. Патша: «Жүністі іздеп табыңдар», – деді. Бұл кезде патшаның жүзі сарғайып, көңіліне үрей түскен. Олар Жүніс ғ.с.-ді іздегенімен, таппады. Үш күннен соң жүздері қызарып, азаптың келетінін біле бастады. Бәрі жиылып: «Лә іллаһа, ілла’ллаһ уә инна Жүніс-Расулү’ллаһ», – деп иманға келді. Зарлық етіп, тәңірге жалбарынды. Барша халық сахараға шықты. Қараңғылық жер жүзін басып, адам бірін-бірі көрмейтін халге жетті.

Қиямет күні әркім өз қайғысымен болды. Ер кісілер қатындарынан айрылып, балалар аналарынан айрылып, жыласты.

Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға әмір етті: «Құлдарым енді иманға келер. Бастарын азаптан азат ет!» – деді.

Жебірейіл ғ.с. азапты күндерден халықты азат етті.

Жүніс ғ.с. Ненуа (Мосүл) шаһарынан еш хабары жоқ еді. Ібіліс малғұн Жүніс ғ.с.-ға бір қарт кісі бейнесінде келіп: «Мені Бирсам патша жіберді. Жалғаншы Жүністі іздеп жүрмін. Егер Жүністі тапсам дар ағашына асар едім деп жария етті», – деді. Жүніс ғ.с. бұл сөзді естіп, Хақтағалаға өкпелеп: «Халыққа азап беремін деп, бермеді», – деді де жерден де әйелі мен екі баласын алып, Ләкәм есімді тауға барды. Ол тауда жыртқыш жануарлар көп еді. Сол тауда халқынан айырылып кеткен ғибадат етуші адамдар бар болатын.

Хақтағала Харсеал есімді періштеге әмір етті: «Байтүл-мақдиске баратын жолда Жүністі ұста!» – деді. Харсеал, адам суретіне еніп, адам кейпінде Жүніс ғ.с.-ға сәлем берді. Жүніс ғ.с. сәлеміне жауап қайтарды. Харсеал Жүніске: «Қайда барасың?» – деді. Жүніс ғ.с. «Хақтағала барша пайғамбар ішінен мені ғана залым халыққа пайғамбар етіп жіберді. Олар иман келтірмеді. Алла тағала оларға пәле беремін деп еді, пәле жібермеді. Ол залым қауым мені жалғаншы деп дар ағашына асып өлтірмек. Солардан қашып барамын», – деді. Сонда Харсеал айтты: «Сабыр қылсаң, Алла тағала оларды тура жолға түсіреді».

Жүніс ғ.с. бұдан өтіп, бір кісіге жолықты. Намаз оқып отыр екен. Намаздан босаған соң жаңағы адамға сәлем берді. Жүніс ғ.с: «Әй, кісі! Сенің есімің кім?» – деді. Кісі: «Есімім Хәмәм», – деді. Жүніс ғ.с. «Әй, Хәмәм! Мен осында тұрсам, маған сіздерден орын бола ма?! – деді. Сонда Хәмәм: «Алла әмірінен қашқанға ұқсайсың. Менен аулақ жүр», – деді. Жүніс ғ.с. мұннан өтіп және бір кісіге жолықты. Оған да сәлем беріп, есімін сұрады. Ол, «Есімім Ғамат», – деді. Жүніс ғ.с: «Бұнда қанша жылдан бері тұрасың?» – деді. Ғамат: «Үш жылдан бері осында тұрамын», – деді. Жүніс ғ.с: «Әй, Ғамат! Мұнда маған тұрар орын болмас па?» – деді. Ғамат: «Қашқанға ұқсайсың. Саған орын бере алмаспын», – деді.

Жүніс ғ.с. бұл кісілерден өткен соң алдында бір теңіз пайда болды. Жүніс ғ.с. теңізді көріп, әйелі мен балаларын сол жерге қойып, кеме іздеуге кетті. Жырақтан бір кеме көрінді. Жүніс ғ.с. кемеге жақын келіп, өзін отырғызуын сұрады. Олар тілекті қабыл етті.

Жүніс ғ.с. қатыны һәм 2 ұлы барын айтты. Олар: «Бар, алып кел!» – десті. Бұл сәтте Хақтағала пәрменімен Жүністің бір ұлын теңізден шыққан балық жұтты. Бұны көрген екінші ұлы теңізден қашып бара жатқанда, оған бөрі кездесіп өлтірді. Бұл істі көріп, аналары қайғыға төзе алмай, жан тәсілім берді. Жүніс ғ.с. жамағаттарын қалдырған жерге келсе, балалары һәм қатыны жоқ. Бұл іске ол қайғырып, жылай бастады. Сол кезде бір бала дариядан Хақтағала әмірімен басын шығарып: «Әй, Жүніс! Неге жылайсың? Балаларыңды берген Хақтағала өзі алды», – деді.

Жүніс ғ.с. кемеге келіп, қайғы-қасіретпен, теңіз бетіне жолға шықты. Кеме су ортасына жеткенде, дария толқын атып кемелерді қинай бастады. Хақтағаладан Ферқаел атты періштеге әмір болып, ол дарияны қатты толқынға ұшыратты. Сонда кеме бастығы: «Қожасынан қашқан құл болса, осылай болады. Ол жазықтыны дарияға тастамайынша, осылай болады, енді кеме оңайлықпен жүрмес», – деді. Олар: «Бұл кемедегі халықтың бәрі мұсылман еді», – десті. «Әй, халайық! Аллаға қас, яғни қожасынан қашқан құл араларыңда бар ма?» – деді.

Жүніс ғ.с. «Алла тағалаға қарсы мен пақыр. Мені дарияға салып, сіздер пәледен құтылыңыз», – дегенде, олар таңырқап: «Сен кімсің, қайдан келдің?» – деді. Жүніс ғ.с: «Мен Жүніс пайғамбармын. Алланы ренжіткен мен», – деді. Бұл сөзге кемедегі халық: «Сені қалай дарияға саламыз. Бұл пәлекеттен, бәлкім, сенің дұғаң арқылы құтылармыз», – деп рұқсат бермеді.

Осы халде дария тағы да қатты толқыды. Жүніс ғ.с. өзін-өзі дарияға тастамақ болып: «Әй, халайық! Жазықты менмін. Мені дарияға тастамасаңдар болмас», – деді. Кеме халқы үш мәртебе Жүністі тоқтатты. Жүніс ғ.с. өзін-өзі дарияға тастамақ болған сәтте, Алла тағаладан Залуха есімді балыққа әмір болған еді. Жүніс ғ.с. Залуханың кеме жанына келіп, аузын ашып тұрғанын көріп қорықты. Кеменің екінші жағына қашып келіп еді, бұл жақта да Залуха балықты көрді.

Сонда балық: «Әй, Жүніс! Қашанға дейін осылай қашарсың?» – деді. Жүніс ғ.с. балықтың әрекеті Алла тағала пәрмені екенін білді де екі қолымен көзін жауып: «Бисмилла ир-Рахман ир-Рахим», – деп өзін балық аузына қарай атты.

Жүніс ғ.с. балық қарнына түскен соң, Хақтағаладан балыққа бұйрық келіп: «Әй. Залуха! Жүністі саған аманат еттім. Рыздығың үшін емес. Саған оны жеуді харам қыламын. Құлым Жүністі ренжітпе. Сенің қарыныңнан оған орын бұйырттым», – деді. Жүніс ғ.с. балық қарнында 7 күн болды. Жүніс өз қателігін түсініп, шын ниетімен дауыстап, Аллаға мінәжат етіп, иман-тәсбиқ айтты.

Хақтағала әмірімен Жебірейіл ғ.с. балыққа: «Жүністі жер бетіне шығар», – деді. Жебірейіл ғ.с. жеті дариядан өтіп: «Әй, Залуха! Жүністі мына жерге шығар», – деді. Залуха Жүніс ғ.с.-ді бала туған әйел іспетті, аузынан дария шетіне салды. Жүніс ғ.с. тәні жас балаға ұқсап, жарық дүниеге келді. Хақтағала рыздық үшін оған тау ешкісін жібертті. Оның сүтін ішіп, Жүніс ғ.с.-ға қуат кірді.

Бір күні Жүніс ғ.с. дәретке барып қайтып келсе, тау ешкісі жоқ. Мұны көріп, Жүніс қайғырды. Сол сәт хабар келді: «Әй, Жүніс! Сен өзің жаратпаған нәрсеңе неге сонша қайғырасың? Одан да Ненуа шаһарына бар. Қауымың саған иман келтірді. Оларға шариғат үкімдерін үйрет», – деді.

Жүніс Ненуа (Мосүл) шаһарына жолға аттанды. Өзінің қателігін біліп, Жүніс ғ.с. тәубаға жүгініп, сәжде қылып: «Тәубе етемін, ғафу ет! Иә, Раббым!» – деді.

Жүніс пайғамбар Ненуа шаһарына жақын жерге келіп, бір қойшыдан айран сұрады. Ол қойшы: «Жүсіп пайғамбар арамыздан көшіп кеткеннен бері берекеміз жоқ, қойларымыз сүттенбей, суалып қалды», – деп мүшкіл хал-жағдайын айтты.

Жүніс ғ.с. бір қойдың арқасынан сипап еді, қойының сүті аға бастады. Қойшыдан кесе сұрап, кесе келтіртті. Жүніс ғ.с. қойды сауып, сүтін ішті. «Әл-хамдү ліллаһи Рабілл-ғаламін» – деп кесені тас үстіне қойды да: «Әй, қойшы! Мен Жүніс пайғамбармын. Шаһарыңа барып, халқыңнан сүйінші сұра!» – деді.

Патша уәзірлерімен Жүніс ғ.с.-ді қарсы алуға алдынан шықты. Жүніс ғ.с. бұл кезде жолда намаз оқуға кіріскен еді, олар күтіп тұрды. Содан соң Жүніс ғ.с.-ге жалбарынып, аяғынан өпті. Мұнан соң барша халық шаттанды.

Патша, Жүніс ғ.с.-ді алтын ерге отырғызып, шаһарға әкелді. Жүніс ғ.с. алтын ерге отырған сәтте құлағына дауыс келді: «Әй, Жүніс! Күнә жасағаның жетпес пе? Неге патша еріне отырдың?» – деді.

Мұны естіп, Жүніс ғ.с. алтын ерден түсіп, шаһарға жаяу кірді. Патша да Жүніс ғ.с.-ға тағзым етіп, шаһарға жаяу кірді. Патша бар мүлкін хабар әкелген күтушіге беріп, өзі Жүніс ғ.с.-мен бірге ғибадат етуге бой ұсынды.

Хақтағала Жүністің қатынан, екі ұлын рахматымен қайтарды. Сөйтіп, Жүніс ғ.с. қауымы иман келтіріп, азаптан құтылды.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button