Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Жиржис ғалайһи-уәссәләм

Жиржис ғалайһи-уәссәләм

Шам уәлаятында Дадиана атты бір патша бар еді. Ол пұтқа табынатын. Пұтының аты Афлон еді. Ол пұтты гауһармен безендіртіп, ерекше көркемдеген болатын. Палестин уәлаятында Жиржис есімді сатушы пенде бар еді. Жиржис үнемі адал кәсіппен ғибадатта күн өткізген. Күндерде бір күн Шам уәлаятының патшасына дүние-мүлік алып барсам деп Палестиннен Шамға сапарға шықты. Шамға жеткен соң елден: «Патша қандай адам?» – деп сұрады. Ел айтты: «Дадиана мәшрүк». Мұнан соң Жиржис алып барған дүниелерін кембағал пақырларға садақа қылып таратып, патшаға бармады. Бұл хабарды естіп, патша ашуланып, Жиржисті алдырды. «Әй, сатушы! Уәлаятыма келіп, маған сәлем бермей неге кеткенсің?» деді. Сонда Жиржис: «Мен саған шынымды айтайын, асыл дүниелер алып келген едім. Бірақ сен пұтқа табынады екенсің. Сондықтан кембағалдарға дүниемді садақа қылдым», – деді. Патша Жиржиске: «Айтқаныңнан қайтып, Афлонға бір рет табын. Әйтпесе азаптап өлтіремін», – деді Жиржис: «Мен Аллаға ғана бас иемін. Алладан басқаға иланбаймын», – дегенде. Патша «Алла кім?» – деп сұрады. Жиржис: «Алла тағала Ібраһим пайғамбар дұғасымен Намрудты жоқ етті. Мұса пайғамбар дұғасымен перғауынды жоқ етті», – деді. Дадиана: «Мен Ібраһимді, Мұсаны білмеймін, Жиржисті ұстаңдар!» – деп әмір қылды. Жиржисті бір ағашқа қолын артына байлап, қинай бастады. Жиржис қайраттанып: «Әй, кәпір! Ла ілләһә ілла уа Жиржис Рaсулү ллаһ деп айт» – деді. Патша Жиржисті темір қазыққа байлап, денесін темір тарақпен тарап өлтірді. Патша: «Енді көңілім тынды, мұны шығарып тастаңдар да, шарап келтіріңдер», – деді. Сол уақытта ауадан дауыс келіп, қорқынышты желдер соқты да, кейбір үйлер құлады. Осы кезде Алланың әмірімен Жиржис ғ.с. тіріліп, патша сарайына келіп кірді: «Әй, малғұн! Лә ілләһа ілла ллаһ, уа Жиржис Расулү ллаһ деп айт», – деді. Жаржис ғ.с.-нің тіріліп келгеніне патша қайран қалып: «Бұл үлкен сиқыршы екен, зынданға салындар, ертең өлтіреміз», – деді. Жиржис ғ.с.-ді қол-аяғын байлап зынданға салды да, аузын бір үлкен таспен бекіттірді. Алла тағала Жебірейіл ғ.с.-ді жіберді. «Бар құлыма айт! Бұл көпірдің азабына сабыр қылсын. Жұмақ ішінен Жиржис үшін мың сарай салдырдым, құлым Жиржисті пайғамбар қылдым. Қиямет күнінде басқа пайғамбарлардан ұлы дәреже бердім», – деді. Жебірейіл ғ.с. Жиржис ғ.с.-ға келіп, Алла тағаланың сәлемін жеткізді. Жиржис ғ.с. Алла тағаланың әміріне ризалығын білдірді.

Ертеңіне Дадиана патша бар сиқыршыларды жидырып, үлкендеріне құрмет беріп: «Сендерді мұнда алдырған мақсатым, Палестиннен бір сиқыршы келді. Оны өлтіріп едім, қайта тірілді», – деді. Сонда сиқыршылар: «Бұл іс жеңіл. Біз өлгенді тірілте аламыз», – деді. Дереу бір сиыр әкелініп, оны бауыздап екіге бөлді. Сиқырмен жаңағы сиырды қайта тірілтіп, екі бөлігі екі сиыр болды. Патша мұны көріп, сиқыршыларға сүйініп, Жиржисті әкелгізді. Сиқыршылар патшаға: «Егер Жиржисті жеңсек не бересің?» – деді. Патша: «Жарты патшалығымды беремін», – деді.

Сиқыршылар Жиржис ғ.с.-ға: «Сенің сиқырыңды көрейік, көрсет!» – деді. Жиржис ғ.с: «Мен сиқыршы емеспін, бір мүсәпір құлмын. Не қылса Алла тағала қылар, менің қолымнан ештеңе келмес», – деді. Сиқыршылардың бастығы: «Қайсы Алланы айтасың?» – деді. Жиржис ғ.с: «Сені мен мені, барша ғаламды жаратқан, Ай мен Күнді шығарып, батырып тұрған Алланы айтамын», – деді. Сиқыршылар ойға қалды. Патша айтты: «Ей, Жиржис! Мен сені тағы бір сынаймын. Сен бір сауыт у іш, өлмесең сөзіңе иланармыз!» – деді. Жиржис бұл сөзге келісті. Патша уды алғызып, Жиржиске берді. Жиржис ғ.с: «Бисмиллә ир-рахман ир-рахим», – деп ішті де, «Әлхамдү лилләһи, әбден сусаған екенмін, шөлім қанды», – деді. Патшаның уәзірі және бір кесе у әкеліп берді. Жиржис ғ.с. оны және ішті де, тағы да: «Әлхамдү ил-ләһи», – деді. Сонда патшаның уәзірі: «Ей, патша! Егер бұл ақ уды Шам жұртындағы барша халыққа ішкізсең, біреуі де аман қалмас еді», – деп, дереу иман келтірді. Сиқыршылар да: «Лә ілләһә ілла ллаһ, уә Жиржис Расулолла», – деп иман келтірді. Патша залым бұған қайғыланып, бас уәзірді және мұсылман болған сиқыршыларды өлтіртті. Патша тағы да қаһарланып, Жиржисті өлтіртті. Бір сиыр әкеліп сойғызып, оның сүйегі мен Жиржис сүйегін бірге бір шұңқырға көмгізіп, патша: «Жадыдан құтылдық. Хамар (шарап) келтіріңіз, ішіп рахаттанайык», – деді.

Сол кезде жел соғып, жерге зілзала түсті. Алла тағаланың әмірімен Жиржис ғ.с. тіріліп, патша сарайына кіріп: «Әй, малғұн! Лә ілләһә іллаллаһ, уа Жиржис Расулолла деп айт!» – деді. Патша: «Әй, Жиржис! Мал беремін, қызымды беремін, мені қинама», – деді. Жиржис: «Әй, пасық! Маған мал, қыз керек емес. Иман келтірсең, Алла тағала саған дүниеде, ақиретте дәулет береді», – деді. Осы кезде Дадиананың бір уәзірі және қырық адам ұл-қыздарымен иман келтірді. Мұны көрген Дадиана: «Бұл менің бар халқымды азғырды», – деп қатты қайғыланып, Жиржисті өлтіріп, бір сиыр терісіне салып орап көмуді бұйырды. Сонда бір уәзірі: «Жиржисті мен бір түрлі өліммен өлтіремін. Егер тірілсе пайғамбарлығы жоқ болар», – деді. Сонан соң сиыр терісіне бір бақыр қорғасынды Жиржис ғ.с.-мен бірге салды. Үстіне кәресін, күкірт салып, астына от жақты. Жанып болған соң бақыр қорғасын еріді. Сонан соң үшке бөлді. Бір бөлігін жерге көмді, бір бөлігін дарияға салды. Күл болғанын желге ұшырды. Патша: «Бұл кісіден толық құтылдық», – деді. Желге Алланың әмірі болды. Күлді жиды. Алланың бұйрығымен Жиржис тағы да тірілді. Патша сарайына кіріп: «Әй, малғұн? Алла жалғыз, Жиржис Алланың пайғамбары деп айт!» – деді. Патшаның уәзірі және тағы көп халық иман келтірді. Патша иманға келгендердің бәрін қырғызды.

Патшаның бір уәзірі тұрып: «Мен Жиржисті өлтіремін, онан әрі қалай тірілерін көрейін» деп, оны өлтіріп, сарай ортасында қазанға салып, астына от жақты. Өздері шарап іше бастады. Бір кезде қазан құлады. Жиржис ғ.с. қазанды көтеріп, тұрып келді. Уәзір Жиржисті өлтіргенім күнә деп иман келтірді. Онымен бірге жеті жүз кісі мүмін болды. Оның бәрін патша өлтіртті. Дадиананың сенімді бір уәзірі бар еді. Сол айтты: «Ей, патша! Мұны неше мәртебе өлтірсең де тірілер. Бұдан басқа бір іс ойлайық. Бұл шаһардың қасында қабыр бар. Онда он жеті қабыр белгілі. Сол кісілерді тірілтсе иланармыз», – деді.

Жиржис ғ.с: «Қабірді көрсетіңдер», – деді. Қабірді көрсетті. Жиржис ғ.с. дәрет алып, екі рет рәкағат намаз оқып: «Иә, Раббым, қажетім өзіңе мағлұм», – деп мінәжат қылды. Тәңірім дұғасын қабыл етіп, қабірлер жарылып, бес үлкен ер адам, екі ер бала, тоғыз әйел тіріліп шықты. Халық қайран қалды. Олардың бірінен патша: «Мұнда неше жылдан бері жатырсыңдар?» – деді. «Кімге табынып едіңіз?» – деді. Олар: «Пұтқа табынған едік. Хақтағала бізге үлкен азаптар қылды: Пұтқа табынғанымызға өте өкіндік, көрген азабымыз еш кемімеді. Сіздер пұтқа табынбаңыз. Өкінесіз. Бұл кісі – Хақтағаланың жіберген елшісі» деп, баршасы «Лә ілләһә ілла ллаһ, уа Жиржис Расулолла» деп иман келтіріп, сол сәтте өліп, қабір ішіне қайта кірді және о дүние азабынан құтылды.

Уәзірі айтты: «Бұл үлкен сиқыршы екен, өзін өлтірсек те тіріледі, өлгендерді де тірілтеді. Мұны бір үйге салып. Үш күн нәр татырмайық, аштықтан өлсін», – деп Жир-жис ғ.с.-ді бір кедей әйелдің үйіне кіргізіп. Шынжырлап тастады да, өздері үйлеріне кетеді. Жиржис ғ.с. таңертең кемпірден тамақ сұрады. Кемпір: «Ешнәрсем жоқ. Аяқ-қолсыз бір ұлым бар. Күні кешке дейін соған тамақ табумен жүрмін», – деп есікті бекітіп, шығып кетті.

Жиржис ғ.с. үй ішіне қараса, бір қураған ағаш бар екен. «Иә, Раббым! Маған бұл ағаштан рыздық бер», – дейді, дереу ағаш жасарып, жемістер өсті. Жиржис ғ.с. сол жемістен қоректеніп, Аллаға шүкіршілік қылды. Кешке қарай кемпір келді. «Әй, Жиржис! Бұл ағашты кім жемістендірді?» – деді. Жиржис ғ.с: «Бұны Алла тағала берді», – деді. Сонда кемпір: «Менің ауру бір ұлым бар. Егер сенің тәңірің оны жазса, иман келтірер едім», – деді. Жиржис ғ.с. дұға қылды. Кемпірдің ұлы сау-сәләмат жазылып, иман келтірді. Ал кемпір иман келтірмеді. Бір күні патша кемпірдің үйінің қасынан өтіп бара жатып, жеміс ағашын көріп: «Үй ішінде өскен бұл нендей ағаш?» – деп сұрады. Ол: «Мұны сиқыршы өсіріп шығарды», – деді. Патша Жиржис ғ.с.-ға: «Мұны қалай шығардың?» – деді. Жиржис ғ.с. айтты: «Сен иман келтірсең, осындай мың ағаш өсер еді», – дегенде, Дадиана патша: «Әй, бейшара! Сен бұл сөзден қайтпадың ба?» – деді. Жиржис ғ.с: «Әй, малғұн! Мен саған қанша уағыз-насихат қылдым, сен соларды қабыл қылмайсың?» – деді.

Патша Жиржисті төрт тараптан оқ атып өлтіруге бұйырды. Ол Хақтағаланың құдіретімен және тіріліп, патша сарайына барып иман келтіруді сұрады. Мұны көріп көп кісі тағы мұсылман болды. Патша оларды өлтіргізді. Олардың жаны жұмаққа барды.

Дадиана малғұн айламен Жиржис ғ.с.-нан құтылмақ болып: «Әй, Жиржис! Саған мен құл болайын, сен Палестинге барып, жамағатыңды көріп кел», – деді. Ол кеште Жиржис ғ.с. өз жамағатымен бірге болды.

Дадиана малғұн: «Енді Жиржис жалықты, хағызы тоқтады», – деп ойлады. Жиржис ғ.с. ерте тұрып намаз оқып, мінәжат қылды. Бұл уақытта патшаның әйелі тысқа шықты. Жиржис ғ.с.-нің мінәжатын естіді. Ол кім деп сұрады. Ол өліп, қайта тірілген кісі деді ел. Патша қатыны Жиржис ғ.с.-нің қасына барып: «Бұл мінәжатты кімге істеп жатырсың?» – деді. Жиржис ғ.с. «Алла тағалаға мінәжат еттім», – деді. «Алла тағала кім?» – деді. «Алла тағала сені, мені және барша ғаламды жаратушы. Ай мен Күнді шығарып, батырып тұр. Ал сіздің пұттарыңыз тастан, ағаштан жасалаған, естімейді, көрмейді, пайдасы жоқ, тәңірлікке лайық емес», – деді. Қатын сол сәт иман келтірді. Сол кезде патша Жиржисті шақырды: «Әй, Жиржис! Сен бізге Палестинге кетуге уағда қылдың, енді не айтасың?» – деді. Жиржис ғ.с: «Пұтханаға кірейік, сонсоң саған жауап беремін», – деді. Бір шайтан пұт ара-сында жүр еді, ол Жиржис ғ.с.-ді көріп қорықты. «Әй, Жиржис, маған жол бер, шығып кетейін», – деді. Жиржис ғ.с. шайтанды көріп таныды: «Тез шық, малғұн», – деді.

Жиржис ғ.с. аяғы жерге тиіп еді, жер сілкініп, пұттардың бәрі қирады. Жер жарылып өзімді жұта ма деп қорқып, патша үйіне қашып келіп, болған жайды қатынына айтты. Әйелі: «Қой сенің пұттарың қасиетті болса, жер сені жұтпас еді. Пұттарың түкке де тұрмайды», – деді. Патша ашуланып, сені сиқыршы жолдан аздырды ма деп қатынын дарға асқызды. Сонда Жиржис ғ.с. оған: «Жоғары қара», – деді. Әйел жоғары қарағанда: «Тез кел, сені күтіп тұрмыз!» – деген хор қыздарын көрді. Әйел дауыстап: «Әй, малғұн! Мұсылман бол!» деп, иман келтіріп жан тәсілім етті.

Патша айтты: «Әй, Жиржис! Маған Палестинге барамын деп уағда қылдың да орындамадың. Пұттарымды қираттың», – дегенде, Жиржис ғ.с: «Әй, малғұн! Алла тағаланың қадір-құдіретін көрдің, еш нәрсе етпедің. Енді мен сенен үміт үздім», – деді.

Дадиана уәзірлеріне бұйырып: «Мұны сахараға алып шығып, айламен өлтірейік, бәлкім құтылармыз», – деп, сахараға Жиржисті алып шықты. Сол кезде Жиржис ғ.с: «Иә, Раббым! Бұл залым малғұннан үмітімді үздім. Ешбір иман келтірмеді. Енді мені өлтірсе қайта тірілтпе, бұл көпірді құдіретіңмен өзің жазасын бер!» – деді. Олар Жиржис ғ.с.-ді өлтірді. Сол уақытта Хақтағаланың құдіретімен көктен от түсіп, барша шаһарды, халқын жандырды. Тоғыз жүз ер-әйел мұсылман өлді. Басқалары тамұққа кетті.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Ғимранның әйелінің есімі Хана еді. Хана қартайып, бала көтермейтін болған. Күндерде бір күн Хана бір …

Бір пікір

  1. Муминов Әшірбек

    Рабғузи қазақ жерінде (Рабат-ы Оғыз, Фараб жақынында орналасқан) және оның шығармасы классик түрік тілінде жазылған. Жиржис пайғамбардың қасиетті орыны Той-Төбеда.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған