Мәлік қожа берген малдар    

Мәлік атамыз жасынан ата-анасынан хат танып, сауатты кісі болып өседі. Бөтендей билікке араласудан гөрі диханшылықпен айналысқанды жақсы көріпті. Өте қарулы ірі кісі екен. Бірде ауыл маңайындағы бір ескі құдықтың орнына дөненше түйе құлап түсіп, соны шығаруға жеті-сегіз адам әрекет жасап қара тер болып жатқан үстіне Мәлік ата келіп қалыпты, сонан түйенің кеудесінен және артқы аяғының алдынан екі жерден жіп салдырып, «Ал енді кейін тұрыңдар. Иә, аруақ!», – деп, иығымен шылбырды алға тарта ұмтылып түйені сопаң еткізіп шығарып береді. Бір сорлы кедейдің жалғыз малы екен.  Сол түйеден өсіп малы көбейгенде,»бұл Мәлік қожа берген малдар ғой» деп, халыққа таралған әңгімені ақсақалдар еске салады.

Мәліктен: Алдаберген, Сейтасан туады. Алдаберген қажы мен Сейт асан қажы 1908 Меккеге қажылық зират етіп алты айдан аса уақыт жүріп аман-сау оралған. Ағайынды кісілердің татулығы мен сыйластығы бұл кісілерде ерекше болған көрінеді. Бірін-бірі айға жақын көрмей қалса, бар шаруаны тастап, сағынып көріседі екен. Інісі Сейтасан Меккеге зиярат етуді ойлап, ағасына барып рұқсат сұрайын, әрі ойымды айтайын деп барса, Алдаберген ата бұрынғыдай емес науқастанып, жүдеңкіреп отыр екен. Амал жоқ барған жұмысын жасырмай ағасына ойын айтып рұқсат сұрап келгенін айтқаннан кейін, «Алла жар болсын, ниетің қабыл болсын, тек айтарым – мен де Меккеге зиярат еткім келеді. Мені сен апармасаң кім апарады. Тәуекел, егер жолда ондай-мұндай жағдай болса, өзің қолыңнан атқарып қайтасың», – деп, ойын айтыпты

Ағаны сыйлау, татулық дәстүрі өте берік кісілер ғой. «Құп болады, аға! Онда жолға әзірлік жасай беріңіз. Өзім 15-20 күнде келіп алып кетемін», – деп, қол қусырады.

Сонымен ағайынды екеуі бірге 1908 жылы Меккеге қажылыққа аттанады. Ол кезде жолдың біразын теңізбен, параходпен жүреді екен, егер теңіз үстінде келе жатқанда бір кісі қайтыс болса, намазын шығарып болған соң, теңізге лақтырып жібереді екен. Алты айдан аса уақыт жүріп, аман-сау оралыпты.

Алдаберген қажы  1850 жылы дүниеге келген. Өте сауатты кісі болған. Тереңөзек ауданының Аламесек елді мекенінде мешіт ұстаған имам болған, сол жерде Тама, Сарықасқа, Керейт тағы басқа ағайындар ортасында өте қадірлі болып өмірін өткізген. Алдаберген қажыдан: Сейтасқар ишан, Басапа ишан туады. Сейтасқар ишан осы әкесі отырған елді мекенде имамдық еткен. Халықты сауаттандыруға мол үлес қосқан. Мешіт ұстаған, сол жерде өмірін өткізген. Басапа ишан жасынан өте зерек, оқуға алғыр болған. Алғашында әкесінен сауатын ашып, кейін Сұлтан ахуннан дәріс алған. Одан кейін Дәулетн азар ахуннан білімін толықтырған.

1918 жылы Бұхара қаласына барып «МирАраб» медресесіне түсіп оқиды. 1922 жылы тәмамдап, елге оралып, Ақжарма елді мекеніне, мешітке имам болып дәріс оқиды, көптеген шәкірттер дайындап шығарады.

Меккеде бірнеше жыл дәріс берген өте білікті мұсылман қауымына белгілі «Ақишан» деген кісінің 1922 жылы Сыр еліне келгенде, Ақжарма мешітінде Басапа ишанға жолығып үш күндей бірге болып, бірнеше кітаптарға талдау жасап, оның  нақты қатесіз жауап беруін көріп, халыққа Басапа ишанның өте білімі терең екенін бөтен жақтан білім іздеп әуре болмай, «осы кісінің дәрісіне мән беріп бағалай біліңдер» деп кетуі тегін емес еді.

1925 жылы «Мир Араб» медресесіндегі ұстазы Басапа ишан атағын беріп, батасын берген. Елге келгеннен кейін бірнеше кісілер Басапа ишанға Қол тапсырып пір етеді. Олар: Керейттен: Тәжімбет, Орал, Тоқтыбай, Шіркейлі ауылынан Әкімқожа т.б. көптеген кісілер.

Құрбан   СМАҒҰЛҰЛЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған