Мақтұмсейт әулие кесенесі

Сырдария ауданының, Шаған агрофирмасының Солтүстік батысында Сырдария өзенінің жағасында, әлі де халық үлкен құрметпен зиярат етіп, түнеп кетушілер толастамаған Мақтұмсейт әулиенің мазараты бар.

Барған кісілерге түнеуге арнайы шатырланған, еденделген, ішінде қонуға толық жағдай бар екі бөлмелі үйі бар. 1590 жылы дүниеге келіп, бүкіл өмірін Сыр өңірінде осы жердің елді мекен тұрғындары: Есентемір, Алаша, Таздар, Тама, Табан, Керейт, Ошақты, Жалайыр, Қарақойлы, Қаңлы, Жаппас т.б. Қыпшақ, Найман ағайындармен етене араласып өткізген екен.

Бабаның ұрпақтары да, ата-бабаның дәстүрімен елмен достықпен, адал кәсіппен еңбек етуге уағыздай отырып, шаруашылықтың әр салалы жұмыстарына салауатты еңбектерімен үлес қосып келеді.

Күмбез үйін қайта салудың өзіндік тарихы бар. Мақтұмсейт бабаның ертеректе салынған күмбезі тозып, жартылай құлай бастапты.        1926 жылы Мақтұмсейт бабаның жетінші ұрпағы Смағұл қожаның түсіне еніп, менің мәңгілік жатқан жерім тозып барады, бір белгі салсаңшы дегендей аян берген екен. «Ата, мен оны біліп жүрмін, бірақ менің шамам келмей бітіре алмасам, ұят болар», деп ұрпағы ақталғанда:«Сен жұмысты басташы, ар жағы бола береді» дегендей белгісін береді.

Осыдан кейін кесене салуға ұста іздестіріп, сол кезде басқа бір кісінің мазаратын салатын болып келісіп, кіріскелі ойланып отырған Ізтілеуов Нұрпейіске барады. Жағдайды түсіндіріп, айтқанмен ол кісі биыл менің қолым тимейді, мына құрылысты бітіріп, келесі жылы барамын, – дейді. Содан жұмысқа кірісіп, бастағанда сол жерге орналасқан елді мекеннің  халқы түгел малдай, қаржылай жәрдемін аямайды. Күмбез бітуге жақындағанда, Смағұл қожа: «Атам түсіме кіріп, жұмыс ақысына не бересің? деп сұрады, – Мал да, қаржы да жетеді, – деп едім – Жоқ, ол кісі перзентке зар болып жүр, мынаны бер деп құндақтағы баланы ұсынды, атын Қожжанқожа деп қойсын», деген аянын алғанын айтады.

Содан ұста Нұрпейістен сүйінші сұрайды. Шындығында перзент болмай жүрген Нұрпейіс қуанғаннан, «Иә, Алла»,  – деп жылап жіберіпті.

Бұл құрылыс 1927 жылы күз айында бітіп, бүкіл ел болып салушы шеберлерді риза етіп, тарқасады. 1928 жылы күзге таман Нұрпейістің бәйбішесі Кенебай қызы Қалбибі аман-есен босанып, ұл бала туады, атын Қожан қояды. Қожжанқожа қоюға сол кездегі саясат ағымынан қорқады. Дінге қарсылық нәубеті басталған кез еді.

Мақтұмсейт бабаның сәби атын Қожанқожа қой деу себебі де бар.  Екеуі құрдас, бір-бірін өте сыйлайтын адамдар болған екен. бірде  дәрет алып отырып, Мақтұмсейт Қожжанқожаға: «Суды тым аз қолданады екенсің,  шөлде қаласың» деп, әзілдесе, суды  мол  пайдаланып отырғанын байқап, әзіліне әзілмен, «Мен шөлде қалғанмен, айналамнан ел кете қоймас, ал сен су ортасында қаларсың. Саған қатынас жасау қиын болар» деген екен.  Бұл сөз ұрпақтан-ұрпаққа айтылып сақталып келеді.

Дуалы ауыз, халық сыйлаған кісілер ғой, Қожжанқожаның бейіті тұрған жер – шөлге тән. Бірақ айналасынан ел кетпей келеді, ал Мақтұмсейт бабаның мазараты Сырдарияның жағасына жақын биікте, ертеде су өте көп болып, дариядан тасыған су күмбездің ел жағын түгел басып 40 жылдан аса мазаратқа жел қайықпен ғана қатынас болыпты. Қазір де елді мекен 15 шақырымнан қашықтау жерде орналасқан. Бригадаға баратын тас жолмен қатынас бар.

Қазіргі кезде Нұрпейісов Қожан құрметті зейнеткер, елу жылға жуық жа ұрпақтарды тәрбиелеген, мектеп директоры, 10 жылдан астам Қызылорда қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

«Әкем Нұрпейіс Мақтұмсейт әулиені айрықша айтып, басына барып зиярат етуді ұмытпа деп тапсырып еді. Қызметте де жүргенде жылма-жыл барып тұрдым. Ал зейнетке шыққалы, Құдайға шүкір уақыт жетеді, жылына үш-төрт рет барып, зиярат етіп жүрмін», деп Қожекең үнемі айтып отырады.

Мақтұмсейіт әулиенің тағы бір кереметін айта кетсек. Осы біздің  сыр елінде тұратын, баласы болмай біраз қиналып жүрген әйел бір күні  жолы түсіп, Ташкент қаласына барады. Сол жақтағы көріпкел мен  емші ме бір әйелге кездеседі.  Бұл әйел бала көтермей жүргенін айтады. Сол кезде  жаңағы әйел: «Бізден не  көмек сұрайсың. Өз еліңде  әулиелер бар ғой, солардың бірінен сұрамаймысың» деп қайтарыпты.  Ондағы  Мақтұмсейітті сілтегені екен.

Қасиетті бабаның басына түнеп,  бала тілеп жатқан әйелдің сәбилі болып, қуанғаны жайлы аңыздар жетерлік.  Әулиеден сұрап алған балалар да одан тараған ұрпақтар да көптеп саналады.

Мына бір аңызды айта кетелік.  Әулиеге бір күні  бір байдың  әйелі  түйеге жүк артып, түнеуге  барады, артынан  көрші жарлының  әйелі бір тебенін шанша салып ілеседі.  Онда түнегеннен кейін әулие  байдың әйеліне разы болмай,  кедей әйелге «бір бала бердім» деп аян береді.  Сонда  ренжіген  бай әйеліне: «Сен ойыңа астамдық алған екенсің. Ал жарлы  әйел шын көңілімен барып,  жалғыз тебенін  тарту еткенде  тілегі қабыл болған екен.  Ал сенің  түйемен әкелген тартуың астамшылығынан  қабыл болмай қалды,-деп кейіпті.  Сол тебенді  түйенің үстіне  қойып, түйені тұрғызғанда, жануар орнынан тұра алмай мертіккен екен деседі.

Мінекей осындай қасиетті әулиенің  ұрпақтары  Қызылорда облысында жасап жатыр.

Құрбан   СМАҒҰЛҰЛЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Бір пікір

  1. Муминов Әшірбек

    Құнды мәліметтер

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған