Жарық нұрдың сәулесі

Смағұл қожа

Мақтұмсейт бабаның ұрпағы Сейтасан қажының үшінші баласы – Смағұл қожа. Смағұлқожа 1895 жылы дүниеге келіп, 1968 жылы 21 мамырда қайтыс болды. Менің аяғым ауырып, Алматыға емделуге барып жүрген кезім еді. 1 мамыр күні түнде «ұйқым нашар болды, аяғым тағы ауыра бастады» деген сөзіме «балам дәрі-дәрмек ішіп, аяғыңа тыныштық беріп көр, болмаса 20 күннен кейін барарсың» деп, Алматыға баруына қарсылық айтып, күрсінеді. Сол күрсіну бекер емес екен 21 мамыр күні қайтыс болды. Сонда түс көрген екен деп ойлаймын.

Тағы бір есте қалар оқиға 1947 жылы күз айы болатын, ауыл ақсақалдары: Айтжан, Үмбетей, Пасберген, Адай, Есмағанбет, Жағыпарқожа, Жақұл, Мұхамедияр жырау тағы басқа кісілер үйге жиналып, мал сойылып, әңгіме дүкен құрып отырған еді. Сол кісілердің жасы үлкені Айтжан өте жан-жақты, кәсіпшіл, пысық кісі еді. Әкем Смағұлға сұрақ қойды: «Шырағым, әулие тұқымысың ғой, мына Кеңес үкіметінің саясаты ислам дінін қояр емес, әрі қарай не болады?», – деді. Сонда Смағұл қожа: «О, ақсақал бұл ислам діні осы жердегі 20-30 үйдің ғана діні ғана емес қой. Ислам дінін уағыздаушы Құран сөзі Алланың өз сөзі. Сондықтан, «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп мойындаған бірнеше миллион мұсылман бар. Бұл Алла сөзі ешқашан құрымайды.  Алла өзі қорғайды қайта жанданады», – деп жауап беріп еді.

Міне, сол сөз жарты ғасырдан астам  уақыттан кейін расталды. Дін жолы қазір толық жақсарды, мешіттер ашылып, жастар көптеп барып жатыр.    Жайлаубаев Мәкен болған уақиғаны еске алды.

Смағұл қожа колхоздың жылқысын бағып, ауылдан қашықтау Дария жағасында отыратын еді. Ауылда ағайын туыс екі азамат Тоба, Қайым екеуі де атқамінер жұмысқа араласып, ел басқарып жүрген кісілер араларында не болғанын белгісіз, қатты ұрысып-керісіп бірін-бірі «құртамын, жоямын» деген ауыр сөздер айтып, қол көтеруге дейін барған. Басқа кісілер араға түсіп зорға ажыратады. Енді азғантай ауыл іші екіге бөлініп, анау екеуі бірі барған жерге бірі бармайды. Елге, ағайынға қиын болады.

Бір күндері бұл әңгіме Смағұлқожаға жетеді. Ол кісі дереу ауыл ақсақалдарын шақырып, бір малын сойып ұрысқан екі кісіге екі адам жіберіп «Смағұл қожа шақырып жатыр» деп алғызған. Амал жоқ, қожаны қатты сыйлайтын жігіттер жұртпен бірге үйге кіреді. Бірақ амандаспай бөлек отырады. Сонан Смағұл қожа ақсақалдар түгел жиналғаннан кейін өзі сөз бастап, «жер иесіз болмас, ел киесіз болмас, әулие тұқымы деп, мені тыңдар болсаңдар, осы елдің тентегіне қой дей алмасам, қуанышына бірге қуанбасам, қайғыларына ортақ болмасам бұл жерде не үшін отырмын?! Мына азаматтарға қатты ренжіп отырмын. Ақсақалдарды сыйламай, қайда барасыңдар? Қане тұрыңдар!» дегенде, ана екеуі ұшып тұрып құшақтасып кешірім сұрап, қол алысып татуласыпты.

Ертеңіне екеуі де кезекпен ауыл ақсақалдарын шақырып, Смағұл қожадан кешірім сұрап еді. Қожекеңнің ауыл-ел татулығына, ел бірлігіне осындай басшылық жасаған істері көп болды.

Бүкіл өмірін Сейтасан әкесінің ізімен осы Мақтұмсейіт бабасының көлеңкесінде өткізді. Ата салтымен Есентемір еліне тұрақтылықпен, парасаттылықпен қожалық етті. Өзінің өте қарапайымдылығымен, жомарттығымен, ас-суымен, дастарқанымен құрметті кісі болғанын ауыл ақсақалдары үнемі әңгіме етіп отырады.

Рахманов Арқабай бір әңгімесінде: «Ленинград қаласының маңында үлкен бір зауытта жұмыс істеп жүрген кезім. Соғыс қатты жүріп жатыр. Түнде түсімде ауылдағы жақын ағамыз Тортайдың боз айғыры басқа бір қара айғырмен таласып, шайқасып шыңғырып болар емес, байқасам, қара айғыр жеңіп бара жатыр. Дереу бозайғырға көмек жасайын деп, жақындай бергенімде, арт жағымнан «Арқабай, сен бармай-ақ қой, өздері таласып-таласып қояды» деген дауысқа жалт қарасам, Смағұл қожа екен. Дереу сәлем беріп, ұмтыла бергенімде оянып кеттім. Ертеңгісін жанымдағы Нәлібай деген жолдасыма көрген түсімді айттым. «Ол кісі тегін емес екен. Әруақ қой көрінген. Сен соғысқа араласпайды екенсің, еліңе аман-сау оралады екенсің», деп, жорыды. Содан үш күн ішінде түгел зауытты бұздырып, эшалонға тиетіп, бізді бірге Волгоградқа көшіріп жіберді. Сол жерде соғыс біткеннен кейін, елге қайттым», деп еді.  Рахманов Арқабай қарт 85 жастан асқанда, Қызылорда қаласында қайтыс болады.

Ертеде Тереңөзек ауданының Оңтүстік батысындағы елді мекен халықтары ауданға Сырдарияның жағасындағы үлкен жолмен қатынайтын еді. Сол жолдың бойында Мақтұмсейт бабаның маңында қысы-жазы Смағұл қожа мен Нүраддин қожа отырушы еді. Ол кезде асфальт жол жоқ, аттылы-жаяу ұзақ жолмен шаршаған жолаушылар толассыз осы екі қожаның үйінен түстеніп яки қонып, демалып, көптен-көп ризалық алғыстарын айтып, еңбектерің Алладан қайтсын деп аттанып жататын.

Құрбан   СМАҒҰЛҰЛЫ

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button