Халықты имандылыққа баулыған

Ертеректе көшпелі қазақ халқы «әлемді бір жаратушы бар» деп көк тәңіріне сеніп келген. Тәңір деген сөздің мағынасы жаратушы деген ұғымды білдіреді. Біздің елімізге қожалар келіп ислам дінін таратқанда қазақтардың бірі Алланың барлығын тез қабылдауы өздері сенген тәңірге орайлас келуінен деуге болады. Өйткені, Алла да әлемдегінің барлығын жаратушы ғой.

Ал ислам дінін ел-елге барып таратушылар неге арабтар дегенге келетін болсақ, Алла Тағаланың жердегі мұсылмандарға жіберген кұран кітабы араб тілінде түсті. Сондықтан арбтар Алланың сүйікті құлдары, Аллаға өзге халықтардан бір табан жақын, дінге шын берілген хақ мұсылмандар деп есептелген. Олай болса, олар ислам дінін бүкіл әлем халықтарына тарату өздерінің міндеті санаған. Міне, осы мақсатпен ел-елді аралап, адамдарды құлшылық етуге, оқу оқып, білім алуға, қайырымдылыққа шақырған арабтар көп болған. Оларды қожалар деп атаған. Қожа деген сөз ұстаз деген ұғымды білдіреді.

Ислам деректеріне қарасақ, қожалардың арғы атасы Хазірет Әлиден басталады екен. Хазірет Әлидің баласы Құсайыннан өрбіген қожаларды «Саид қожалар» деп атайды. Олардың біраз тобы Мекке мен Мәдинаны, бір тобы Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген.

Ислам туын көтеріп, дінді уағыздауға келгенде қиындықтан,  арып-ашқан тіршіліктен тайынбаған Саид қожадан Аққу ишан, Бағдат ишан, Мұрат ишан, одан Смайыл, Смағұл, Мұхамеднияз, Исабек ишан тарайды. Мұхамеднияз бен Исабек ишан Ақкөл-Жайылма өңіріне келген. Осы өңірде ұрпақ жайған.

Оның баласы Нұрмұхамбеттен Шұхмет қажы, Жақып қажы, Әбсағит, Мқхамедқасым, Сұлтан, Сағит, Әшім аталар тараған. Солардың ішінде Қожахметтің ұрпағы Жандарбек қожаның есімі облыста құрметпен аталады.

Сондай-ақ кеңес дәуірінде елді мекендердегі бүкіл мешіттерді, ғибадатханаларды жапқан кездің өзінде, «дін апиын» деп имандылыққа аяқ бастырмаған уақыттарда да намзын оқып, ғибадатын жасап, молда болған, халықтың құрметіне бөленген, есімдері ел аузында қалған Шүкір молда, Шахман молда, Рахметолла имам сияқты адамдар аз болмаған. Солар туралы танымдық материалдарды «Діни тұлғалар» айдарымен жариялап отыруды жөн көрдік. Мұны облысымыздың аумағына аты әйгілі қожалар туралы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жұмабай қажының мақаласымен бастап отырмыз.

Қожалар сонау ҮІІІ ғасырлардан бастап, қазақтың арасына ислам дінін таратып, халықты имандылыққа баулыған. Олардың қазақтардың арасына кіріп, сіңісіп кеткеніне де көптеген ғасырлар өтті. Сонда қожалар кімдер деген сұрақтың туары заңды.

Қожалар – елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің ең жоғарғы қызметшісі, қазақ халқы арасында ислам дінін уағыздап, насихаттап таратушы, Мұхаммед Пайғамбардың алғашқы халифаттарының ұрпағы.

Халифат – арабтың ертедегі феодалдық үлгідегі мемлекеті. Оның басына Алла елшісінің ізбасарлары, мұрагерлері, орынбасарлары отырған. Олардың арасында исламның ең көп тараған сүннит бағытындағылар ерекше құрмет тұтатын алғашқы төрт халиф: Әбу Бәкір Сыдық, Омар, Осман және Әли бар.

ҮІІІ ғасырда ислам діні Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде Әбу Бәкір, Омар және Әзіреті Әлиден өрбіген ұрпақтар осы кезеңдегі Оңтүстік Қазақстан аумағына келіп, дінді насихаттап, жергілікті халықпен жақын араласады. Міне, содан бері Мұхаммед Пайғамбардың ең жақын, ең сенімді осы үш ұлық кісіден тараған ұрпақтары – қожалар қазақ руларының бірі болып, Қазақстан жерінде өсіп-өніп, мекен етіп келеді.

Қожалардың ислам дінін қазақтардың санасына сіңіруде рөлі жоғары болды. Олардың келуімен қазақтар бірте-бірте имандылық жолына түсті, ислам дінін қабылдады. ҮІІІ-Х ғасырларда араб сахабаларының, баптарының, ислам дінін кең түрде елге сіңіруінің және уағыздауының нәтижесінде Орта Азия мен Қазақстан халықтары имандылығы мен парасаттылығы мол мұсылман қатарына қосылды.

Орта Азия мен Қазақстан жерінде жергілікті халыққа мұсылмандықты таратып, арапша сауаттандырушылар – Сахаба, Табе, Баптар және Бабалар болды. Пайғамбардың көзін көргендерді Табе (жолын одан әрі жалғастырушылар), Табені көргендерді Таббеми, Таббемиді көргендерді Баб дейді. Бабтың көзін көргендерді Ата дейді.

Біздің облыс өңірінде де халқымыздың арасына лислам дінін таратып, ата, ишан атанған әйгілі өожалар бол,ан. Солардың ішінде Мұрат ишан, Исабек ишан, Жандарбек атаның есімдері құрметпен аталады.

Осындай діни ғұлама деңгейіне көтерілген адамдардың бірі Ақкөл-Жайылманы мекен еткен Исабек ишан. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің ұстазына арнаған жоқтау бәйітінде:

«Атасы Мұрат қожа әулие өткен,

Бұтақтай бірден бірге келіп жеткен.

Арғы тегін сұраса – Назар ишан,

Тазарып шыққан гауһар асыл тектен.

 

Бір жұрнақ заттан шыққан асыл еді,

Қара түгіл қожадан асып еді.

Әркімнің өз заманы дегендейін,

Тақсырдың шарапаты басым еді, – дей келіп, «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалаған екен.

Ал облысымызға алғаш келген Мұрат қожа, яғни Исабек ишанның атасы бабалары елінде ер жетіп, медресені бітірер кезде түс көреді. Түсінде ақ сақалды қария аян береді. Ол «Алыс сапар шегерсің, бабаң көрмегенді көрерсің, құла түзді жерсініп, сонда қоныс теберсің. Ол жердің аты – Сарыарқа» деген екен. Қария: «түсіме текке кірмеген болар, Алланың жазғаны осы болар» деп Мұрат қожа табаны тиіп көрмеген өңірді бетке алып, сапарға аттанады. Жол-жөнекей Бұхарадағы ұстазына жолығып ақылдасады. Ұстазының сілтеген бағыты – Баянауыл өңірі болатын. Бұл халқына жерұйық іздеген Асан қайғының «Ауасы жанға, желегі малға дауа екен» деп желмаясының бас жібін тартып шөктірген жерлерінің бірі еді. Алланың барлығын, Пайғамбардың хақтығын уағыздап жүрген қожа ұрпағы ұстазы аталған елді мекеннің қандай екенін білген екен.

Таулы өлке Баянның дәм-тұзын татқан күннен бастап Мұрат қожаның қасиеті танылып, ел ішінде беделі ерекше арта бастайды.Үйленіп, балалы-шағалы болады. Алайда бабалар жерінен үлкен міндет арқалап келген Мұрат қожа ұрпағының тұрақты орны Ақкөл-Жайылмаекенін сезінеді. Мұрат қожа дүниеден өтер шағында балалары Исабек пен Мұхамедниязды шақырып алып: «Мені туған жеріме жеткізіңдер. Жарық дүниемен қоштасар күнім жақын. Бабаларым жатқан ақасиетті топырағын жаймылайын» дейді. Екі баласы Мұрат ишанды еліне жеткізеді. Туған жеріне келген ишан араға бір ай салып, о дүниелік болған екен. Әкелерін таза арулап, балалары туған жері Тебеген-Тентек жеріне қояды.

Баян жеріне аман-есен оралған Исабек ишан ерекше бір түс көреді. Түсінде «Ақкөл-Жайылмаға бар» деген үн бірнеше рет қайталанады. Осыдан кейін ол Ақкөл-Жайылмаға қоныс аударады.

Ал енді Ақкөлдің әулие атануы Исабек ишанның есімімен тікелей байланысты. Исабек ишан 1972 жылы Өзбекстандағы Бұқара қаласында туған. Діни білімді осы қалада алған. Біздің өңірге ХІХ ғасырдың басында, шамамен 1810 жылы келген. Ол Ақкөл-Жайылмада медресе ашып, мешіт салған. Исабек ишанның шапағатымен Баянауыла өңірінде тұратын ондаған адамдар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Меккеге қажылыққа барған.

Ақкөл-Жайылманы Исабек әулие мекендеген соң әулие дей бастаған. Ал енді Исабекке әулие деген атақты халық берген. Исабек ишан – талай адамды басына түскен қасіретінен айықтырып, сырқаттарын емдеген адам. Оның ел тіршілігі жайындағы болжамдары да дөп келіп жатады. Имандылық жолындағы тағылымы көпшіліктің көңіліне ұялайды. Исабек әулие деуі Ақкөл-Жайылма елінің оған көрсеткен ерекше құрметі еді.

Халық Исабекті ишан, хазірет деп те атайды. Бұл да бойындағы бар қасиетін халық мүддесіне жұмсағандығын, елге тиген шапағатының молдығын көрсететін айғақ.

Исабек ишанды қадірлейтіндер тек Ақкөл-Жайылмада ғана емес, бүкіл Ертіс-Баян өңірінде, Сарыарқа даласында көп еді. Ишанмен бір жүздесіп, сәлемін алу үшін байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірінен ат арытып келетіндер толастамайтын. Тұрмыс тауқыметін, қиыншылықтарын, дерттерін айтып келетіндер де аз болмаған. Бәрінің де меселін қайтармай, қолынан келгенше қайырымдылықпен қомқор болатын.

Исабек ишанның осындай елге қамқор, пана болған қасиеттері, әулиелілігі кейінгі ұрпақтарына да тараған. Тағылымы мен тақуалығы қатар өрілген, ислам дінінің ақ, адал жолымен халықты баураған Жандарбек қожа Исабек ишанның имандылық сәуле шашқан ізгілікті ісін одан әрі жалғастырған шөбересі еді. Кеңес үкіметінің «дін апиын» деген қиын-қыстау кезеңінде де қарапайым шаруадан бастап, ел басқарған азаматтарға дейін басы ауырып, балтыры сыздаса, қиыншылыққа тап болса, игі істі бастаса, шипа мен жеңілдік іздеп, бата тілеп Жандарбек атаның алдына келіп, дауасын табатын. Талай адамдар қасиетті Жандарбек қожаның шапағатын көріп, батасын алып, тастары өрге өрмеледі.

Жандарбек ата тіршіліктің бел-белесін елмен бірге кешті. Халықтың алақанға салып асқақтатқанына қарамастан қарапайым қалпынан ауытықыған, астамшылық танытқан кезі болған жоқ.

Жасында механизатор болды. Ұлы Отан соғысында қолына қару алып, елдің бейбітшілігі мен бостандығы үшін жауға қарсы күресті. Елге оралған соң еңбек жолын қайта жалғады. Жандарбек қожа еш адамға ренжіп, ауыр сөз айтпайтын. Жаңа туған сәбилерге, жас төлге сұқтана қарамайтын. Ол бойындағы көңіл-күй толғаныспен сыртқа шықса, ерекше күшке айналатынын сезінетін. Жандарбек ата сол қасиетін әруақытта жақсы ниетпен ел иглігіне жұмсады. Жандарбек қожа шариғат жолын берік ұстанып, өзін-өзі дамытып отырды.

Ақкөл-Жайылманың атын елге танытқан асыл азаматтар көп. Олар қай-қайсы болсын атамекенінің қуатты қолдауына ие болғанын, Жандарбек атаның батасының шапағатына бөленгенін мақтанышппен айтады.

Үйдің берекесі әйелде ғой. Бұл оорайда Жандарбек атаның ел арасында үлкен құрметке, халық арасында зор беделге ие болуында бәйбішесі Көбелектің де үлесі барын айту қажет. жандарбек ата мен Көбелек әже үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Баларының бәрі де әдептілік пен тәрбиеліліктің, имандылықтың биік тұғырынан түскен жоқ. Ұлдары Қанат білім саласында, Сағидолла мен Ахметолла дін жолында өнегелі еңбек етуде.

Міне, облысымызда осындай әйгілі қожалар өмір сүріп, асыл қасиеттерімен ел аузында есімдерін құрметпен ататтырып кетті. Бұл күнде оларды кейінгі ұрпақ есте сақтап, ардақтап өтулері үшін жаңадан салынған мешіттерге есімдері берілді. Мәселен, Павлодар ауданы Красноармейка ауылындағы жаңадан бой көтерген зәулім мешіт Мұрат ишанның, Ақкөл ауылында салынған мешіт Исабек ишанның, ал Ақтоғай ауылының орталығындағы жаа мешіт Жандарбек атаның аттарымен аталады.

Жандарбек атаның есімімен аталатын мешітте оның кенже ұлы Ахметолла имам болып қызмет істейді. Ол атасы Исабек ишан әкесі Жандарбек қожа бастаған имандылық жолын жалғастыруды армандап, облыстық мешіт жанындағы медресеге түсіп, Біләл қариден дәріс алды. Білімін жетілдіруден талмады. Меккеге барып, қажылық парызын да атқарып келді.

Бұл күнде Мұрат ишан, Исабек ишан, Жандарбек атаның ақ жолын игі ниетпен Ахметолла қажы жалғастыруда.

Жұмабай қажы ЫҚЫЛАС

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Смағұл қожа

Мақтұмсейт бабаның ұрпағы Сейтасан қажының үшінші баласы – Смағұл қожа. Смағұлқожа 1895 жылы дүниеге келіп, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған