Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Рабғұзи / Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Қисса Закария және Мариям, Ғайса, уа имраты ғимран

Ғимранның әйелінің есімі Хана еді. Хана қартайып, бала көтермейтін болған. Күндерде бір күн Хана бір ағаш көлеңкесінде отырғанда, бір құстың балапанына жем әкеліп бергенін көрді. Хана бала тілеп зар жылады. Құрсағында бала білінді. «Иә, Раббым! Егер балам болса, ол бала Байтүл-мақдисте қызмет қылсын», – деді.

Ол заманда баланы азат қылып, Байтүл-мақдиске бағыштау шарт еді. Баланы сол жерде қызмет етуші ғалымдар тәрбиелейтін. Іске жарай бастағаннан Байтүл-мақдисті сыпырып, шамын жағуға қосатын. Әрі таураттан ғылым үйренетін. Балиғатқа толғанда ықтиярына жіберетін. Хана Мариямды туа сала шүберекке орап, Байтүл-мақдиске келіп, ғалымдардың алдына қойып: «Міне, сіздерге нәзік бала әкелдім», – деді. Байтүл-мақдисте жиырма жеті ғалым бар еді. Ең үлкені Закария ғ.с. еді. Бұл ғалымдардың бәрі Ғимранның шәкірттері болатын. Ол заманда ұстаздың ақысы шәкірттерден еді. Закария ғ.с: «Бұл баланы тәрбиелеу маған тиіс. Себебі, бұл баланың атасы Ғимранның қарындасы – Ичағ менің әйелім. Сол жағынан жақындығым бар», – деді. Рас, Ғимран мен Ичағ Масан балалары еді. Ақыры ғалымдардың ынтымағы баланы сыбағаға салмақ болды. Сыбағалары мынау еді: өздерінің Таурат жазатын қаламдарын ағын суға салды. Закария ғ.с.-нің қаламы батпады. Басқалардікі батып кетті. Мариямды Закария ғ.с. тәрбиелеуге алды. Байтүл-мақдис жанынан бір хұжыра жасады. Мариям разиаллағанүһаны хұжыраға орналастырды.

Закария ғ.с. Мариямның хұжырасына кіргенде Мариям разиаллағанһаның түрлі тағам, түрлі ризығын көріп, оған айтты: «Әй, Мариям! Есіктер жабулы, бұл ғажап жемістер қайдан пайда болды?» Ал Мариям разиаллағанһаның алдында күз күні жаз жемістері, жаз күні күз жемістері болатын еді. Мариям: «Ол рыздықтар Алла тағаладан келер. Ақиқатты тілеген жанға қисапсыз рыздық береді», – деді.

Мариям разиаллағанһан Ғайса ғ.с. сияқты туа салысымен сөйледі. Ешбір нәрсе ішіп-жемеді. Рыздығы жұмақтан еді.

Айтушылар: Закария ғ.с.-нің қатыны, яғни Яхия ғ.с-нің анасы Ичағ пен Ғайса ғ.с.-нің анасы Мариям бір күні бірге отырған еді. Екеуі де жүкті болатын. Ичағ айтты: «Әй, Мариям! Сенің құрсағыңдағы бала, менің құрсағымдағы баладан жақсы, ізгі болады», – деді. Мариям: «Неге олай айтасың?» – деді. «Менің құрсағымдағы бала сенің құрсағыңдағы балаға сәжде қылды», – деді. Ол заманда адамның адамға тағзым, сәжде қылуы дұрыс еді.

Хикаятта: Яхия ғ.с. дүниеге келгенде сәби кезінен тағадат-ғибадатқа бойұсынды. Алла тағалаға зікір қылып үнемі жылайтын еді. Ақирет азабын естігенде, тағаты төзбей қиналатын. Закария ғ.с. Яхия ғ.с. отырған кезде ақирет қорқыныштарын, тамық (тозақ) азаптарын сөйлемейтін еді. Бір күні Закария ғ.с. мешітке кіріп, Михрабқа отырып, халайықты тексергенде, Яхия ғ.с.-ді көрмеді. Қиямет қиындықтарын, ақирет азаптарын сөйледі. Яхия ғ.с. сәждеде мешітте еді, атасының уағыз-насихатын естіп, есінен танды. Бір кезде ақылына келіп, орнынан тұрып, айғайлап жылап, сахараға қашып кетті. Жығылып, беті жараланды. Көзінен жас, бетінен қан тамды. «Өкінішті, өкінішті!» деп айғайлады.

Закария ғ.с. бұл халді көріп қайғырды. Алла тағалаға мінәжат қылып: «Иә, Раббым, мен сенен қартайғанда көңіліме жұбаныш болсын деп ұл сұрадым. Бұл ұл менің қасіретіме айналды», – дегенде, Хақтағала хабар қылды: «Әй, Закария! Сен менен ұл сұрадың. Яғни, Алланың досы – әулие. Менің әулием осындай болар», – деді.

Закария мен Яхия ғ.с. заманында бір залым патша бар еді. Залымдықпен екінші бір патшаны өлтіріп, қатынын алды. Ол қатынымен бірге оның қызы еріп келді. Қыз өте сұлу еді. Залым патша өгей қызын көріп, ғашық болды. Ғалымдарды жиып: «Бұл қызды алсам дұрыс па?» – деп сұрады. Ғалымдар залымнан қорқып: «Саған алуға болады», – деді. Патша Закария мен Яхия ғ.с.-ға кісі жіберді. Олар келген соң: «Қатынымның қызына менің қосылуыма бола ма?» – деді. Яхия ғ.с: «Сенің қатыныңның қызы саған харам», – деді. Патша: «Ғалымдар дұрыс деп айтты, сен неге харам деп айттың?» – деді. Яхия ғ.с. айтты: «Олар сенің залымдығыңнан қорқып, дұрыс деп жалған айтты», – деді. Залым патшаның азғындығы артып: «Яхияны өлтіріңдер», – деді. Хакімдер айтты: «Егер Яхияның қаны жерге тамса, жер жүзінде шөп өспес, астық шықпас», – деді.

Залым малғұн айтқанынан қайтпай: «Яхияны леген ішінде бауыздаңыз», – деді. Бауыздағанда қаны толқып, алаңнан тасып шықты. Сарай толды. Сарайдан шаһарға жайылды. Халықтар бір пітнәнің пәлесіне жолығармыз деп қаладан қашып шықты. Патшаға барып хабар берді. Патша залым және хакімдерін жиып: «Бұл қанмен шаһар толатын болды, не істеу керек?» – деп кеңесті.

Сонда хакімдер айтты: «Сен пәтуа сұраған қызды бауыздатпай, бұл қан тоқтамас, дүниені әкетер», – деді. Басқалар да ол қызды әкеліп, сол алаң ішінде бауыздады. Яхия ғ.с.-нің басы леген ішінде жатып: «Анасын алғанша, қызын неге алмадың?» – деді. Залым патша бұйырды: «Закарияны да тұтып бауыздаңдар», – деді. Закария ғ.с. қашты. Тауға жетті. Бір ағашқа барып: «Мені залымдардан жасыр», – деді. Алла тағаланың құдіретімен ағаш жарылды. Закария ғ.с. ағаш ішіне кірді. Ағаш әуелгі қалпына келді. Ізін тексеріп келушілер таппады. Осы кезде Ібіліс малғұн адам суретіне еніп пайда болды. Іздеушілер одан: «Закарияны көрмедің бе?» – деп сұрады. «Көрдім, мына ағашқа кірді», – деді. Ешкім нанбады. Ібіліс айтты: «Нанбасаңыз, міне, сәлдесінің ұшы», – деді. Закария ғ.с.-нің сәлдесінің ұшы көрініп қалған екен. Іздеушілер сенді. «Мұны қалай өлтіру керек?» – деді. Ібіліс «Арамен аралаңдар», – деді. Ара Закария ғ.с.-нің басына жетті. Қиналғаннан Закария ғ.с. айғайламақ болды. Осы халде Жебірейіл ғ.с. келді. «Әй, Закария! Алла тағала сәлем айтты. Алладан жәрдем сұрамадың, ағаштан жәрдем сұрадың. Енді Алланың әмірі бар: жан даусыңды шығарма. Айқайласаң ғарыш тітірер. Жеті қат көк дар-дар айырылар, сабыр қыл», – деді.

Закария ғ.с. құдайдан бұл бұйрықты естіген соң сабыр қылды. Закария ғ.с. мен Яхия ғ.с. қазасынан кейін жүз қырық мың адам әлекке түсті.

Қиямет күні болғанда Хақтағала бір періштеге бұйырып: «Күнәң бар ма?» – деп үш мәртебе айғай салды. Үшінші рет айғайлағанда Яхия ғ.с: «Еш қатем жоқ!» – деп жауап берер. Сонда бір құмырсқа Яхия ғ.с.-ға айтар: «Әй, Расулолла! Сен мені дәрет алғанда басып кеттің», – дегенде, бір шыбын айтты. «Иә, Раббым! Мен шөлдеп едім, Яхия ғ.с.-нің көз жасынан тойғанша су іштім. Яхия ғ.с.-нің құмырсқаны басқан қатесін маған бағыштаңыз», – деді. Бұл сөзді Хақтағала қабыл алды.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Ғұзайыр Ғалайһи-Уәссәләм

Ғұзайыр ғ.с.-нің атасы Шархиса Шам жерінде Хаснұры атты елде тұрды. Бұнда Бәни Ісраил қауымы өздерінің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған