Басқы бет / Бір суреттің сыры / «Биаға» – Бәтима Бабайқызы
Бәтима (Биаға) Бабайқызы

«Биаға» – Бәтима Бабайқызы

Айман апай мен Мәж тәтенің (Мәрия Оспанқызы Жәмиева) естеліктерінен

Қылыш Бабаевтың қызы Майя Қылышқызымен сөйлескенімде «Биаға» атты әкесінің апасының атын айтқанда, дауысынан ерекше жылылық пен құрмет есіп тұрды. Бабай қажы әулетінің тағы бір өкілі жайында естелік әулеттің тарихына бір табан жақындата түскендей. Көп ұзамай, Биағаның қызы – Айман апай мен немересі Назигүлмен жолығудың сәті түсті. Нәзигүл екеуміз Астананың іргесіндегі Қабанбай ауылында тұратын егіздің сыңары, Мария-Мәж тәтенің үйіне барып, естелігін тыңдағанда, сол жылдардың барлық суреттері көз алдымыздан өткендей әсерде болдық.

Мәж тәте айтады: «1948 жылдың тамызы ғой деймін. Қылыш нағашым Қарағандыға келгенінде біздерді іздеп келіпті. Үйде Бөкей ағам жалғыз екен. Алдымен

 көршінің балалары жүгіріп келіп, «Ақ киімді ақ машинасы бар адам сізді іздеп жүр» деп сүйінші сұрайды. Содан апыл-ғұпыл есік алдына шықса, «Күзембаевтар осында тұрады ма?» деп, бір кісі кіріп келе жатыр екен. «Бір қолымда кітабым, бір қолымда шылымым бар, асығыс шығыппын» деуші еді. Келген адам жақындап: «Бөкейжан, сенсің ба? Ержетіпсің, азамат болыпсың. Бірақ, ана қолыңдағының керегі жоқ» деп темекіні меңзейді. «Сондағы ұялғаным-ай» деп Бөкей кейін еске алады. Сосын құшақтасып амандасып, «Ал, Бөкейжан, Биағама барайық» деген сөзіне Биағамның ауылға кеткенін айтады. Шопырына алып келген шамаданын көтертіп кірізгізіпті. «Ал, Бөкей, осы уақытқа шейін бізді неге таппады деп кіналама. Үкімет жұмысымен жүрдім. Енді амандық болса,  Алматыға  көшіріп алып кетемін. Енді сендерді мұнда тастамаймын» деп айтыпты да көп кідірмепті. Кетерінде, «Қарағандыдағы қожалардың бәріне шамаң келсе хабарла. Ертең 12-ге дейін боламын өзің бастап алып келерсің»,  деп мекен-жайын айтады.  Бөкей ертесіне бір-екі қожасын ертіп айтқан жерге барса,  «Алматыдан шұғыл шақыру келді. Біз ертерек кетіп қалдық. Сендерді қалай болғанда көшіріп әкетемін. Ал мені іздеп келемін десеңдер, жол ашық» деген мағынадағы хатын қалдырып, әрі қалғандарына сәлемін айтып асығыс кетіп қалған екен. Артынша, «Қылыш қайтыс болды» деген хабар келіп, шешем Алматыға жүріп кетті».

Қылыш әуе апатынан кенеттен опат болғанда, ұлы – Марат, қызы-Маямен Магруй есімді жары артында аңырап қалады. Олар Алматының Пролетарский көшесінде жеке үйде тұрды.Қаралы күні Магруй түске таман терезеден қараса, ауланың ішіне адам толып кеткенін көреді. Топты бастап келе жатқан Қаныш Сәтпаев: «Қазақтың қанат-құйрық бітіп, жетіп келе жатқан бауырымнан айырылдым» деп айғайлап үйге кіргенде Мағруй есінен танып, құлайды. Мәж тәте анасының естелігімен бөлісе келе Магруйдың жүрек ауруымен ауырғанын білдік.

Апаттың салдарын зерттеген комиссияның ішінде Қылыштың ағасы Балташтың балдызы Өмірәлі болыпты. «Ағамның қайтарған шашы көрініп тұр, бір қолы ғана кем» деп ол да көргенін айтып кеткен екен. Бауырының қазасына елден жеткен Биағаны Мағруй қасынан бір қадам шығармай, «Қылыш туралы айтыңызшы, жас кезінде қандай болды?» деп қайта-қайта сұрап егіледі екен.  Биағаның да келіні туралы жылы естеліктері қалыпты. Соның бірінде қазаға келген ағайындардан шариғат жайын білмек болып: «тірісінде сыйласқан адамдар о дүниеде бірге болады ма?» деп сұрапты. Ағайындарының артында қалған балаларыңды жеткізуің керек басу айтқандарына қарамастан егілген  Магруй қазаны көтере алмай, ол да дүниеден өтеді.

Естелік бойынша, соңғы сапарға шығар алдында үйден шыққан Қылыш Бабаевтың күшігінен өсірген иті ізінен қалмай үріп, аяғына оратылып жібермепті. Оның тосын мінезіне таңданған Қылыш «Әни, итті алып кетіңізші» деп, үйде қалғандарға тапсырады. Өзі жақсы көретін күшіктің қылығы есіне түсті ма, машинаға мінген соң «Екінің бірі өлсе бірі қалар. Жалғызың өзі өлсе, Артында қалғандарын ит талар» деп әкесі айтып жүретін қиссадан үзінді айтып көліктегілерді таң қалдырады.

Сонау отызыншы жылдардан бастап қыр соңынан қалмай келе жатқан қасіреттің соңы осымен бітпейді. Екі жылдан соң 25 жасқа келгенде Бөкейдің өзі қайтыс болады. Оның алдында Қылыштың қазасы алдында екі жыл бұрын ағасы Балташ дүниеден өткен еді. Одан төрт бала қалады.

Азан айтып қойылған аты Бәтима болса да әкесі Бабағұмар (Бабай) еркелетіп, ізінен ерген інілерінің құрметіне ме, «Биаға» деп атап кеткен деседі. Содан жасы үлкендер Бәтима  десе де жасы кішілер «Биаға» деп кетіпті. Батиманың  алдындағы Бабағұмардың тұңғыш қызы да ертеректе дүниеден өтеді. Оның аты – Махфуза.

Бәтима-Биаға 16 жасында Оспанхан есімді Күзембаевтар әулетіне ұзатылады. Бұлар Арғын ішіндегі қаржастың орманшылары еді.

Оспанханның ағасы Омархан қожалармен құда болайық деп,  Бабай қажының қызына өзі құда түсіп інісіне алып берген екен. Текті жерден алған Бәтиманы өте құрметтепті. Оспанхан – Қайдабай деген жерде Назарбек деген адамның бір бөлмесін ашып мектеп ашқан ұстаз екен.

Осы ретте экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арынның республикалық «Айқын» газетінде шыққан мына деректерін  айта кеткен жөн болар.

«…Рево­люцияға дейін Павлодар уезі Семей облысына қарағаны белгілі. Ақпан революциясы болып, Николай тақтан түскеннен кейінгі алғашқы қазақ комитеті осы Семей қаласында құрылды. 1917 жылдың 27 сәуірі мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезінде облыстық комитеттің мүшесі болып Мұқыш Боштаев және Жүсіпбек Аймауытов сайланды. Съезді құттықтап сөй­леушілердің арасында павло­дарлық Омархан Күзембаев деген азамат бар. Алты Алашқа белгілі, танымал Шәкәрім Құдайбердіұлынан кейін сөйлеу үшін де бедел, білім, тіпті жүрек керек шығар.
Осы аталған азамат сол жылы Павлодар уездік қазақ комитетіне жетекшілік жасады. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін Омархан Күзем­баев туралы аз білеміз. Павлодар тарихымен айналысып жүрген азаматтарға жұмыс аз емес…».

«…Ол кезде аз уақыт қалада билік жүргізген большевиктер биліктен кетіп, қазаққа қарсылар азайып, соның арқасында Уездік Алаш Кеңесі құрылды. Оның алғашқы төрағасы болып Ертіс бойының азаматы Қабыш Бердалин сайланды. Қабыш иісі қазаққа танымал Қазанғап бидің немересі еді. Оның орынбасары баянауылдық Ахме­толла Барлыбаев, мүшелері болып Иманқұл Бедісов, Омархан Күзем­баев сайланды. Осылайша, 1917 жыл­дың 13 желтоқсанында Орын­борда құрылған Алашорда шешім­дері елден қолдау тауып, оның жер­гілікті органдары құрыла бастады..» Алаш – тәуелсіздік бастауы. Айқын газеті. тамыз 19, 2017


Бұл әрине,  Күзембаевтар туралы деректердің  бізге жеткені. зерттеулі қажет деп сағанға профессордан артып айтарымыз жоқ.  Өкінішке орай, Биағаның жары ағайынды үшеудің бірі – Оспанхан  да халық жауы болып ұсталып кетеді. Ол туралы Мәж тәте, әкесінің «қос құлыным» деген дауысы әлі есімде  деп еске алып еді.

Биаға екі егіз қызы Әсия мен Мәрияға аяғы ауыр кезінде тынбастан керме алаша тоқиды. Абысындарына:«Алашаны бітірейін, аман-есен жаным қалғанда төсерсіңдер» дейді екен. Егіз қызы жетіліп қалғанда, күйеуі Оспанхан патефон  сатып алып келеді. Осы алашаның үстіне қойып ойнатып, екі қызы екі жағында жүгіріп ойнайды екен. Алайда көздің жауын алған, талай қуаныншының куәсі осы алашаны белсенділер алып кетіп бара жатқанда өткір пышақпен орып жібереді. Оның алдында мектепте мұғалім болып істейтін Оспанхан Күзембаевтың ұсталғаны туралы хабар жеткенде Биаға: «Түсімде бір қара бұлт төніп келіп үйдің төбесін жұлып алып кетіп еді» деген екен. Сол түс өңіне айналады.

Биағаға сол кездері ержетіп қалған бауыры Қылыш «колхозға кіріңдер» деп кеңес берген соң, елге оралып еңбекке араласады. Содан таңның атысынан күн басқанға дейін тыным таппайды. Еңбек күнге берген бидайді бөлетін кезде белсенділер қаптың түбінде қалған тас-құм араласқан дәнді береді екен. Биағаның қиналған түріне қарап, «халық жауының балаларына осы да жетеді» деп табалайтын көрінеді.

Бірақ Бәтима – «Биаға» мойымады.  Айтылған естеліктерді тыңдап отырып, Биағаның бейнесі айқындала түсті. Қожаның қыздарына тән, өршіл, намысты, өмірдің дауыл-желдеріне қарсы тұра білетін қалпымен биіктей білді. Жастай жетім қалса да, інілеріне қамқор, әкесіне адал қыз болып өткен.

Кенже қызы Айман апаның айтуынша, анасы Биаға әкесіне топырақты өлім бұйырып, 61 жасында дүниеден өтеді. Биаға: «үлкен кәнпескеге түскен жоқ. Өкіметтің зорлығын көрген жоқ, құдайға шүкір» деп айтып отырады екен. Биаға ғана қалады.ған кезде әкесіне құрмет көрсетіп, басына көктас орнатып, ас береді.

Қылыштың 7 жасында туған анасы қайтыс болады. Одан кейінгі шешесінен бір қарындасы болған.  Гүлбану Бабайқызы – ер тұлғалы қыз болыпты. Колхозда қызмет атқарып,  үнемі салт атпен жүреді екен. Биаға Айманға босанып жатқанда қалжаға алдына өңгеріп бір семіз қой алып келеді екен. Көп жылдар Ерейментау қаалсында совет-партия қызметінде болып, дүниеден өтеді.

Айгүл УАЙСОВА

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбай Қанайұлының суреті

«Мына заман қай заман? Азулыға бар заман, Азусызға тар заман» деп жырлаған Шортанбай Қанайұлының жыр-толғаулары …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған