Ғалымның хаты

Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, отаршылар ықпалына қарсы күрескен, имандылық пен білімділікті насихаттаған, құнды шығармалар жазып, ғажайып туындыларды дүниеге келтірген ғұлама-ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болғаны бүгінде мойындалған шындық.

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұлы Шығыс өркениетінің аясында дамығаны белгілі. Ұлтымыздың перзенттері білім мен ілімінің озық үлгілеріне ислам мәдени орталықтарындағы орта және жоғары оқу орындарында сусындады. Осы оқымысты-ғұламалардың бүкіл ел аумағында мешіт, медресе, мектеп ашу арқылы сауаттандыру, имандылыққа тәрбиелеу, кәсіпке баулу және т.б. ағартушылық қызмет жүргізуі олардың кезінде мемлекеттік биліктің мызғымас тірегі болғанының жарқын көрінісі.

Ресей отаршыларының халқымызды ұлттық келбеттен, тілден, діннен, жерден айыруға бағытталған стратегиялық саясатына 200 жылға жуық жүйелі қарсылық көрсеткен де ағартушылық ұстанымдағы қайраткерлеріміз. Ішінара  жүзеге асырылған осы стратегияны толық орындауға империяның лайықты ізбасары Кеңестік жүйе көрнекті ағартушыларымызды, олардың дәстүрін түбегейлі жойғанда ғана қол жеткізетінін түсінсе керек. Тарихи тұрғыдан өте қысқа уақыт ішінде медресе-мешіттер ойрандалды; ислам қағидаларының орнына коммунистік идеология енгізілді; мәдени, тарихи, рухани мұраларымыздан айыру мақсатында алфавитті ауыстырды; бүкіл қазақты сауатсыз, ал әлемдік өркениеттің шамшырағы Шығыс мәдениетін «ескі», Ресей білімін «жаңа» деген ұғымдарды санамызға сіңірді; жерді басқару еркінен айырып, қоғамымызға жат таптық көзқарасты күштеп таңу арқылы халқымыздың үштен бірін босқынға айналдырды, жерімізге ділі жат, салт-дәстүрі басқа келімсектерді қаптатты. Осындай нәубет – зобалаңға ашық қарсылық көрсеткен алаш зиялылары ишан, ахун, молда және т.б. ұлт ағартушыларын әлеуметтік топ ретінде жойғаны да жасырын емес.

Білектің күші, найзаның ұшы, жүректің рухымен қазақтың жерін қорғаған арыстар мен асылдарымыздың жанқиярлық ерлігін, ерен еңбегін, ұлағатты істерін ұлықтау жұмыстары Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған алғашқы жылдарынан қарқын алды. Отаршылдық кезеңде қордаланып қалған ақтаңдақтардан арылып, жаңаша таразыланған төл мұраларымызды келер ұрпаққа аманаттау – ұлт мүддесіне жауап беретін ұлы іс екені ақиқат.

Сыр өңірі – бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын, шайырлар, батыр, билер мекені ғана емес ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім, ғы­лым саласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы перзенттерінің Орта Азия ғана емес бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны берік. Олардың қатарында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға  үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар.

Қазақ даласында ағартушылық істі ишандар мен ахундар және т.б. ұлт зиялылары, оқымысты ғұламалар өрістетті. Олар ел өміріндегі ықпалды  әлеуметтік топ ретінде Ресей империясының отаршылдық саясатына өздері жүргізген діни тәлім-тәрбие, оқу-ағарту істері арқылы кедергі жасаған шын мәніндегі күрескерлерге айналды.

Сыр елінен XV-XX ғғ. шыққан ағартушылар мен ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т.б. мәдениет орталықтарында оқыған [1, 2, 3, 4, 5, 6, 7]. Өңірді білімдендіріп, ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт-медресесін ашқан ағартушы-ұстаздар көптеп саналады.

Өңірімізден шыққан қайраткер, оқымысты, ұстаздардың және т.б. зиялы қауымның ағартушылық қызметін төмендегіше топтастыруға болады:

– еліміздің іргесін бекітуге, әлемдік өркениетке қосылуына, ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал ету;

– мешіт салып елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелеу;

– медресе-мектеп ашып халыққа білім беру жұмысын ұйымдастыру;

– Шығыс ойшылдарының мұраларын зерделеу, тарих, тіл-әдебиет, өнер, философия, медицина, фармацевтика, астрономия және т.б. ғылым салалары бойынша іздену;

– халықты ауру-сырқаудан емдеу, салауатты өмір салтын насихаттау;

– елді кәсіпке баулу және отырықшы өмірге машықтандыру;

– халықтың әлеуметтік жағдайы төмен әлжуаз топтарына қамқор-пана болу, қайырымдылық көрсету;

– Ресей империясының отаршылдық ықпалына қарсы халық арасында мұсылмандық-ағартушылық насихаттау жұмыстарын жүргізу немесе ашық қарсы тұру;

– араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін қайталай жырлаған қолжазбаларды тарату, кітап етіп жариялау;

– Кеңес үкіметі кезіндегі идеологиялық қыспаққа қарамастан отаншылдық, ізгілік, діни-мұсылмандық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру.

Халқымызға рухани тәрбие беру, сауықтыру әрі жас ұрпақты сауаттандыру саласында риясыз қызмет атқарған ағартушылардың еңбегі байыпты зерттеулерді әлі де қажет етеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б.
  2. Мырзалиева Э.К. Қазақстандағы мұсылман ағартушылығының мәселелері (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басы Сырдария облысының мәліметтері бойынша). Тар.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2001. -30 б.
  3. Сырдария (Тереңөзек) ауданы: Шежіре. –Алматы: Арыс, 2009. -280 б.
  4. Дайрабай Т. Сырдың сырлы сыры. –Алматы: Арыс, 2005. -496 б.
  5. Тебегенов Т. Марал ишан – Ислам ағартушылығының көрнекті тұлғасы. //Мәдени мұра. – Астана: Агробаспа, 2009. – № 4 (25). – 54-60 бб.
  6. Омаров Қ.Ә. Тарихтан алған тағылым. // Қазақ тарихы. -2009. -№ 2. -74-77 бб.
  7. Жолдасұлы Т. Ораз ахун. // Үш қиян. -2009. -10 сәуір.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button