Басқы бет / Ғалымның хаты / Қазақ қоғамы және рухани даму мәселелері

Қазақ қоғамы және рухани даму мәселелері

Тәуелсіздік жылдары  Бабаларымыздың елдің тұтастығын сақтау және ұлт азаттығы жолындағы азаматтық істерін зерттеу бағытында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды, рухани тарихымызды  да тиянақтау қолға алына бастағанын айту ләзім. Исламды қабылдап қана қоймай, оны байыта түскен бабаларымыздың рухани мұрасын зерделеу, ұлт мүддесі тұрғысынан насихаттау, әрине, игілікті іс.Бұл біздің өткеннен сабақ алып, келешегімізді бағамдап, бекемдеуіміз үшін қажет екені даусыз.

Орта Азияның VIII ғасырдан бастап мұсылман еліне айнала бастағаны белгілі. Бүгінгі таңда әлемдегі мұсылмандардың 90 пайыздайы Исламның сунниттік бағытын ұстанушылар. Сунниттер сенім тіректері жағынан дәстүрлі төрт құқық мектебінің  (мәзһабының) біріне тиесілі. Мұсылмандар өміріндегі барлық діни іс-амал мәзһабтар ғұламалары анықтаған үкімдерге сай атқарылып  келеді.Бүгінгі күні әлем мұсылмандарының (Үндістан, Пәкстан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия) жартысынан астамы Ханафи мәзһабын ұстанатыны нақтылық. Өзге діни мектептерге қарағанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, демократиялығымен ерекшеленетін Әбу Ханифа мәзһабын Қазақ халқы дәстүрлі ұстанушылар қатарында. Еркіндік сүйгіш халқымыздың дүниетанымы, бітім-болмысы, діліне Ханафи мәзһабының ұстанымдары жақын екенін уақыт көрсетіп отыр. 2011 жылы қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»ҚР Заңында Қазақстан мұсылмандарының осы мәзһабпен амал жасайтыны нақты көрсетілуі осының бір дәлелі іспетті.

VIII-XII ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан алда болған мұсылмандар мәдениетінің Еуропадағы ренессансқа қосқан үлесі өлшеусіз.Мұсылмандар ислами ілімдерімен (тәпсір, қирағат, фиқһ, қалам, хадис) қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география т.б. жаратылыстану пәндерін дамытқаны өркениет әлдеқашан мойындаған шындық.

Ислам дінінің тарауы арқылы Орта Азия мен Қазақстанда  ғылым мен білім кеңінен дамып,аталған аумактан әлемге танымал ғалымдар көптеп шыққаны мәлім. Әбу Нәсір Әл-Фараби (870-950) – ғылымның барлық саласы, Әбу Райхан әл Бируни (973-1046) – география, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) – медицина, Ұлықбек (1394-1449) – астрономия, Ғаббас әл-Жауһари (IXғ.) – астрономия, математика, Жүсіп Баласағұни(1020- ??) – философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, Әбу Ибрахим Исхақ Әл-Фараби (951-??) мен Исмаил әл-Жауһари Әл-Фараби (940 – 1008 ) араб тіл білімі, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1561) тарих, филология ғылымдарына өзіндік үлес қосты.

Әли Хусам әд-Дин ас-Сығанақи (1314 жылы қайтыс болған), Шараф ад-Дин Әл-Женди (1301ж.қ.б.), Әбду Кәрим әл-Кердери(1253 ж.қ.б.), Ахмет әл-Испиджаби (1087 ж.қ.б.), Әбу-л-Қасым әл-Фараби (1130 – 1210), Ахмет Иүгінеки (XII – XIIIғғ.), Мұхамед әл-Кердери (1202-1244), Мұхамед әл-Женди (XIIIғ.), Хұсам ад-дин әл-Баршынлығи (XIIIғ.), Жамал ад-дин Саид Түркістани (XIII – XIVғғ.), Қауам ад-дин әл-Фараби (XIII – XIVғғ.), Шамс Тарази (XIIII – XIVғғ.), Сирадж ад-дин Баршынкенти (1270 ж.т.), Маула Мұхамед әл-Фараби (1320 ж.т.), Саиф Сараи (1321 – 1396), Бадр ад-дин әл-Фараби (XIV – XVғғ.), Хафиз ад-дин Мұхамед әл-Кердери (?? – 1424), Молла Ахмет әл-Женди (XVғ.), Шейх Ахмет Түркістани (XV – XVIғғ.), Қадырғали Жалайыри Қосымұлы (1555-1607), Сайд Ахмат Жалаладдин Қосани(1461-1542), Мақтұм Сейіт Баба(1590-1663), Қожжан қожа(1595-1676), Мәдіқожа(XVIIғ.), Әйтеке би Байбекұлы(1644-1700), Мүсірәлі сопы-әзиз – Әжіқожа Жәдікұлы(XVII – XVIIIғғ.), Сейтбембет әулие(XVIII – XIXғғ.),Ақмырза ишан(1881-1930) т.б.Сыр бойының ғұламалары исламның  ғылыми-ағартушылық бағытын  өрістетуге барынша атсалысқан тұлғалар.

Орта Азияға Исламның тарауында түркі әлеміне танымал Қожа Ахмет Ясауидің (993-1167) орны бөлек. Ясауи ұлттық идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімді жасаған даңқты тұлға. Ол түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын қорытып, ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Ілімнің барлық қағидаларын Ханафи мәзһабының ұстанымдары аясында дамытты. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері де оның ілімінің аясында қалыптасты. Ясауи ілімінде көрініс тапқан қастерлі қағидалар қазіргі Қазақстан қоғамы үшін де рухани бағдарға айналдыру бағытындағы жұмыстарды күшейту уақыт талабы.

Ясауийа танымдық мектебінің барлық өкілдері туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені көрінеді.  Бұл көзқарастарды екі топқа біріктіруге болады: біріншісі – ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншісі – ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, әрі қарай дамыту (А.Әбдірәсілқызы, 2012ж.).

Ислам әлеміне ХІХ ғасыр зор қайғы-қасірет әкелді. Алауыздық жайлап, бірлігі кеткен мұсылман жамағаты бодандық қамытын  киді. Батыстың басымдығы артқан тұста мұсылман ғалымдары осы күрделі мәселенің байыбына баруға ұмтылып, өркениет көшінен артта қалушылықтың себептерін іздей бастады. Ғұламалардың пікірі: артта қалуға себепші болған ислам емес, сол діннің қағидаттарын жаңылыс тәпсірлеген мұсылмандар дегенге саяды. Артта қалудың негізгі себептері: алауыздық және білім беру жүйесінде негізінен ислами ілімдердің оқытылуы.

Ресей билігі халқымызға діни ықпалын арттыру мақсатында Қазан, Уфа қалаларындағы медреселерде даярланған татар-ноғай молдаларын қазақ даласына қаптатты. Сондағы желеуі мектеп-медреселерде жаратылыстану пәндерін кеңінен оқыту арқылы қазақтардың діни сауатын арттыру. Осынау сұрқия саясат өз жемісін бермей қойған жоқ. Діни қайраткерлеріміздің Ресей отарлаушыларына қарсы тұруда ауызбіршілік көрсете алмағанына өткен тарихымыз куә.

Жатжұрттықтардың жүйелі әрекетінің арқасында ұлттық бірлік ыдырап, мемлекетшілдік дәстүр құлдырап, рухани өмір тоқырауға ұшырады. Кейбір ғалымдар қазақтардың бодан болу себебін мемлекеттіліктің ұстыны болған Ясауийа тариқатының ықпалы азая бастағандығынан іздейді.

Сыртқы дұшпандарға қарсы азаттық соғысын жүргізу мұсылман әлемінде тариқаттар арқылы мүмкін болды деген пікірлер де жоқ емес. Мысалы Ресейдің отарлауына қарсы Ясауийа, Наһшбандийа, қалмақтарға қарсы Наһшбандийа тариқаттары үздіксіз күрескені айтылады.  «Тариқат» – ақиқатқа жету жолындағы діндегі арнаулы жол, түсінік. Ал шариғат – дін, үлкен жол. Ясауидің тариқаты аясынан Наһшбандийа және Бекташийа тариқаттары шықты(Бұған келіспейтіндер де бар).

Нақышбандийа тариқаты – ХV ғасырда Ясауийа  мектебі негізінде қалыптасқан сопылық бауырластық. Бұл бауырластықтың қуатты бірнеше үрім-бұтақтары Орта Азия, Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Анадолия, Үндістан және т.б. өлкелерге таралған.

Нақышбанд Баһауидин бин Бурхан ад-дин Мұхаммад әл-Бұхари (1318-1389). Бұл әулиенің бейнесі қазақта эпоста, наным-сенімде жиі кездеседі. Баһауидин – ислам дінінің сопылық бағытының ел арасына қанат жаюына ғұмырын арнаған, соның ішінде Нақышбандийа тариқатының   негізін қалаған әулиенің бірі. Ол Нақышбанд – Ходжа-и Бузурук және Шахи-и Нақышбанд деген мәртебелі есімдермен кең танымал болған тұлға, ХІV ғасырдағы ортаазиялық  сопылық ағымның ірі өкілі.  1544 жылы оның зиратының басына Шибани Абд әл-Әзиз-хан салдырған кесене жұрт тәуап ететін қасиетті орынға айналды. Оның әкесі елге белгілі қолөнерші тақуа адам болған, сол себептен де есімін Нақышбанд қойған.

Сыр өңірінен XV – XX ғғ. шыққан ағартушылар мен ұстаздар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд, Бұхара және т.б. мәдениет орталықтарында оқыған. Бұл орталықтарда негізінен Наһшбандийа ілімін таратушы мектептер болған. Қазақ әулиелері Бұхараны «Бұхарай Шәріп» (Бұхар-и-Шериф) деп ардақтап, үнемі ондағы пірлерден қолдау тауып, діни білімін дамытып келгені кейбір деректерде  байқалады. Өңір халқын білімдендіруде Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында рухани даумымызға еңбегі сіңген ағартушы ұстаздар көптеп саналады.

Айқожа ишан Темірұлы (1773-1857) Ташкентте, Бұхарада, Ауғанстанда діни білім алған. Айқожа ишан Жаңақорған өңіріндегі Қарасопыда мектеп-медресе ашып, ағартушылық қызмет жүргізіп әрі иман­дылық тәрбиесін берумен айналысқан. Ақтас­тағы Айқожа ишан мешіті Сыр өңіріндегі ірі тарихи ескерткіштердің бірі.

Марал ишан Құрманұлы (1780-1841) Марал ишан Бұрынғы Қазалы, Торғай және Қостанай уездеріне айрықша мәлім болған ислам ағартушылығы дәстүрінің көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері. Бұхарадағы діни оқу орындарында оқып, Шығыс ғылымы мен ілімін игерген. Сыр бойына келген соң халықтың сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы Қараөзектің бойына жағалай 7 мешіт-медресе («Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы», «Қырғы мешіт», «Қолаңтөбе», «Қышмешіт», «Оспан ишан», «Қамыр төбе» мешіттері) салдырған. Бұларда бала оқып, тәлім алған. Ресей империясы отаршылдық саясатына және Хиуа хандығы басқыншылығына қарсы ымырасыз күрес жүргізген.

Құлболды ишан (шамамен 1785-1860). Сырдария ауданы Жетікөл мен Айдарлы ауылдарының арасында дүниеге келген. Бар саналы ғұмырын мұсылманшылықты насихаттап, шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Жас кезінде Ханқожаның медресесінде діни сауаттанады. Бұхарада, Ауғанстанда жоғары білім алады. Елге  оралған соң Ысмайыл Әздүр мешітінде имам болып, бала оқытады.

Оразай ишан Бұғыбайұлы. Ол 1809 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таниды. Оразай ишан Торғай өңірінде халықты дінге уағыздау, сауатын ашу бағытында көп еңбек сіңірген. Сырдарияның арғы бетінде (Сұлутөбе тұсында) «Зіңкетер» деген жерде мешіт ұстап, бала оқытқан.

Сайыпназар ахун (1811-1873). Ауыл молдасынан дәріс алып, Бұхара, Мысыр қалаларында ірі діни оқу орындарында оқыған. Сыр еліндегі көптеген мешіттердің салынуына басшылық жасаған. 1859-1860 жж. «Иіркөл» атты өңірде мешіт салдырып, қасынан 300 адамдық медресе ашқан.

Қалқай ишан – Қалмұхамед Маралұлы (1815-1870 жж.). Әкесі Марал ишаннан діни тағылым алып, кейін Бұхара мен Бағдат қалаларындағы діни медреселерді тәмамдаған. Қалқай ишан мешіт, медресе салып жастарға білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен.

Молдашер ахун Жамұратұлы (1825-1904) – діни қайраткер, ұлт-азаттық қозғалысының күрескері. Бұхарадағы Көкілташ медресесін үздік тәмамдаған соң тағы екі жыл жоғары білім алып, ахун қадыршатынр алған. Оның Қазалы, Қармақшы өңірлерінде арабша, парсыша сауат ашатын мектептері болған. Ресейдің отаршылдық саясатына ашық қарсы болған ол біраз ауылдарды бастап 1868 жылы Бұхараның Тамды өңіріне қоныс аударған. Сол өңірде Садық Кенесарыұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне рухани және материалдық қолдау көрсеткен.

Мырзабай ахун Азаматұлы (1833-1916) Жалағаш ауданы Мәдениет ауылдық округінде дүниеге келген. Ауылында сауат ашқаннан кейін Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін 1854 жылы бітірген. Ұстаздық қызметінің алғашқы жылдары Өзбекстандағы Бируни қаласы маңындағы Тақтакөпір ауылында бала оқытады. Елге оралғасын мешіт-мектеп ашып, ағартушылық қызметін жалғастырады.

Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928). Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Әуелі ауыл молдаларынан, кейіннен Ораз ахуннан дәріс алған. Хорезм қаласынан діни медресені бітіріп келгесін Сарықұмда халықтың күшімен мешіт салған. Бұл мешітте көптеген жастар білім алған. Кейіннен елдің белгілі адамдары Қаратөбе деген жерден Әлібай ахунға арнап жаңа мешіт салғызады (бұл мешіт қазіргі Ақтөбе облысының аумағында).

Ораз-Мұхамеджан ахун Бекетайұлы (1836-1894). Сыр бойындағы алғашқы  ағартушылардың бірі, халықты имандылыққа шақырған рухани ұстаз, діни қайраткер. Әуелі ауыл молдасында сауат ашып, кейін Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқыған. Осы медреседе көшірмеші, аудармашы бола жүріп «Төрекей» атты екі томдық кітап жазған. 1860-1861 жж. өз ауылында молда, кейіннен «Сарықұм» мешітінде имам болып, бала оқытқан.

Алтайбек ахун (1841-1913). Сыр өңіріндегі Кеңтүп болысы мен Көткеншек болысы маңында қазіргі «Қожық» қыстауы деп аталатын жерде туып-өскен. Әуелде ауыл молдаларынан кейін Бұхарадағы медреседе оқыған. Алтайбек ахуннан тараған Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтан Қожықовтар қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары саналады.

Бәймен ахун (1846-1916). XIX ғасырдың 90 жылдарынан бастап, Сыр еліне белгілі Кіребай қажы мешітінің имамы болған. Бәймен Троицк қаласындағы «Расулия» медресесін тәмамдайды. Кейін Уфа қаласында оқуын жалғастырып, «Ахун» атағын алады. Өзі оқыған медреседе балаларға дәріс оқиды. Отыз жылдан соң туған жеріне келіп, мешітке имам болады.

Тапал ахун – Нұрмұхаммед Қадырұлы (1848-1921) Ол білімді Хорезмде алған. Ауылына екі мешіт салдырған. Мешіттегі шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Сыр бойындағы ислам ағартушыларының ішіндегі ірі тұлғалардың бірі.

Тілеуқұл ишан (шамамен 1854-1930). Тілеуқұл Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге келген. Ол Бұхара қаласындағы медреселердің бірінде оқыған. Терең біліміне сай ишан атанып, туған өлкесіне 1880 жылдары оралған. Сырдың төменгі ағысы бойында мешіт ашып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелеу әрі балаларға білім беру жұмыстарын жолға қойған.

Бабай ишан Жүнісұлы (1857-1937).  Бабай сауатын ауыл молдаларынан ашып, кейін Бұхарадағы медресені тәмамдайды. Балаларға білім және тәрбие берумен қатар ел арасында билік, төрелік айтқан. Бабай ишанның мешіті Сырдария ауданындағы «Болтай» деген жерде.

Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862-1916).   Ауыл мектебінде дәріс алған ол кейіннен Хиуа, Бұхара қалаларының діни оқу орындарынан философия, астрономия ілімін және араб, парсы тілдерін меңгеріп шығады. 1889 жылы Көкілташ медресесінің заң бөлімін ойдағыдай бітіріп «Ахун» атанады. 1892 жылы Қалжан ахун Сыр бойындағы қазіргі Тереңөзек қыстағына жақын жерден мешіт салдырып, оның алғашқы имамы болады.Тылсым күштің иесі.

Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936). Қазақ даласына аты мәлім болған ағартушы ұстаздардың бірі. Ол қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ақын ауылы маңайындағы «Ақбас табаны» деген жерде дүниеге келген. Алдашбай 1864-1876 жж. әйгілі ұстаз Ораз ахунның медресесінде оқиды. Ұстазының ақыл-кеңесімен 1876-1886 жж. Бұхара қаласындағы «Көкілташ» медресесінде білім алады. Елге оралған Алдашбайға халық мешіт-медресе салып береді. 1890-1924 жылдар аралығында осы білім-ілім ордасынан мыңнан аса Сыр өңірі жастары оқып, сауаттанған.

Садық ахун Қодарұлы (1860-1937). Ол қазіргі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келген. Садық Тапал ахуннан жеті жыл дәріс алады. Сонан соң ол Ораз ахунның мешіт-медресесінде 2 жыл оқиды. Сыр елінің белгілі батыры Қалданның ауылында 1884 жылға дейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелейді. Кейін Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде 4 жыл оқып «Ахун» атағын алған. Бұған қоса медресе жанындағы арнайы мектепте емдеу ісін игерген. Садық ахун 1888 жылдан бастап туған жеріндегі мешітте имам болады. 1900 жылы Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңынан мешіт салдырып, сонда ұстаздық етеді.

Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927). Сырдария ауданы  «Зіңкетер» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Оразай ишаннан сауатын ашып, кейін Бұхарадағы діни медреседе оқыған. Сарысу, Телікөл бойында  мешіт пен мектеп ұстаған. Білімдарлығы мен ақыл-парасаты, әділдігімен Ақмола, Торғай, Жезқазған өңірлеріне аты мәлім болған. Өз үйінің жанынан орысша білім беретін мектеп ашқан. А.Байтұрсынов, М.Дулатовқа «Қазақ» газетін шығаруға қаражат жағынан қолдау көрсеткен. Қазақстандық педагогика ғылымының, ағартушылық саланың дамуына                                                                                                                        үлкен үлес қосқан.

Шәймағанбет ахун – діни қайраткер, ғұлама. 1870 жылы Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Қазалыдағы Қожаназар ахунның медресесінде оқиды. 1890 жылы Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін үздік бітіріп шығады. Елге келген соң мешіт ұстап, бала оқытады.

Мақсұт ишан (1873-1938). Қазіргі Сырдария ауданының Аламесек елді мекенінде дүниеге келген. Он екі жасына дейін ауыл молдасында сауатын ашып, кейін Бұхара медресесін бітіреді. 1893 жылы «Сабалақ» болысындағы «Қатынкөл» жағасындағы мешітке имам болып сайланған.

Жанназар ишан (1878-1974) – Арал, Қазалы, Шалқар, Ақтөбе өңірлеріне белгілі ірі рухани тұлға. Ол 1904-1942 жж. Арал ауданына қарасты Қамбаш бекетіндегі мешітке имам, 1943-1960 жж. Ақтөбе қаласындағы орталық мешітте бас имам болған. Осы қызметтерінде жүріп ағартушылық қызметпен кеңінен айналысқан.

Шерман мақсым Байжанұлы (1879-1937). Бұхарадағы бірнеше діни оқу орындарын тәмамдаған. Арал ауданындағы Қосарал елді-мекенінде мешіт салдырып, бала оқытқан. Халықты шаруашылық түрлерін жүргізуге, кәсіпке баулыған. Жоқ-жұқаларға қайырымдылық жасап, пана болған. Кеңестік қуғын-сүргін құрбаны.

Ақмырза ишан Төсұлы (1881-1930) – Қармақшы ауданында (Қуаңдария) дүниеге келген.  Ауыл молдасынан сауат ашқан ол Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білімін жалғастырған. Ақмырза Бұхара, Ыстанбұл, Кабул, Герат, Уфа, Қазан қалаларында 18 жыл оқып, түрік, араб, парсы, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгереді. Өзінің сарқылмас рухани қазынасы мен терең білімін халықты ағарту ісіне арнаған. Сонымен қатар ол ислам дінін ірі зерттеуші. Имам Әбу Ханифа Мәзһабы бойынша діни тақырыптарды қамтитын көптеген құнды кітап еңбектердің авторы. Бізге жеткен Иман, Ислам, Ықлас деген бөлімдерден тұратын «Түркі иман» және «Хадис»  атты еңбектері мешіт-медреселерде оқытылуда. Ақмырза «Кеңтүп» деген елді мекенде(1910-1915 жж.), кейін Көтібар және Шортан Тілесовтердің  Қуаңдария бойында салдырған мешітінде балаларды ұл-қыз деп бөлмей оқытқан. Ишан төңірегіне асыраушысынан айрылған жоқ-жұқаларды, панасыз қалған жетім-жесірлерді топтастырып, мешітке түскен қаржыны соларға бөліп беріп отырған. Қуаңдарияның бойындағы суармалы жерлерге дәнді және бақша дақылдарын еккізіп, халықты кәсіпке баулыған. Кеңестік асыра сілтеу мен зорлық-зомбылыққа қарсы халық көтерілісінің басшысы болды. Қызыл әскерлердің қолынан 1930 жылғы 14 наурызда қаза тапты.

Сәруар ишан Ибадуллаұлы. Ол 1882 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Бұхара медресесін бітірген соң туған жерінде мешіт ашып, бала оқытқан. Ғұлама әрі ағартушы Сәруар ишан халық арасында имандылық пен парасаттылықты насихаттаған.

Үсейін мақсым (1885-1964). Ол кезінде мешіт, медресе ашып, бала оқытқан. Үсейін мақсымның жүргізген ағартушылық, тәрбие жұмыстары  бүкіл Сыр бойына белгілі.

Алтынқожа ишан Биқожаұлы (1886-1943). 1905 жылы Өзбекстанның Үргеніш қаласындағы діни оқуға түскен. 14 жылдай оқып, ишан дәрежесін алған. Қармақшының Қызылтам елді мекенінде 1919 жылы мешіт ашып, балаларды оқытқан.

Қарамолда – Мұхамеджан (1888-1937). Шіркейлі өңірінде туған. Сауатын өз әкесінен ашқан Мұхамеджан 8 жасында Бұхарадағы «Көкілташ» медресесіне қабылданған. Оқуын бітіріп, сопылық атақ алған. Туған жері «Қабылкөлде» мешіт ұстаған. 1910 жылдан бастап Жаңақорғандағы Айқожа ишанның мешітінде дәріс оқыған. Оның екінші ұлы Қалтай Мұхамеджанов Қазақстанның халық жазушысы.

Сүлеймен ишан Есейұлы (1888-1969). Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде дәріс алған. Араб, парсы, тәжік, орыс тілдерін жете меңгерген. Мешіт ұстап, халыққа мұсылмандықты, имандылықты, сауаттылықты уағыздаған. 1949-1965 жж. Қызылорда қаласындағы Айтбай мешітінің имамы болған.

Қожаназар ишан (XIXғ. ортасы –  XXғ. басы). Ауыл мешітінен  білім алғаннан кейін Бұхарадағы діни жоғарғы оқу орнында 7 жыл оқиды. Қазалы өңірінде 1897 жылы мешіт салдыртады (қазіргі Әйтеке би кентіндегі  Қожаназар ишан мешіті). Осы мешітте қыстақ маңайындағы көптеген ауылдардың балалары оқыған.

Жаппар мақсым Сейдахметқажыұлы (1890-1973) – Жаңақорған ауданына қарасты Қарасопы елді мекенінде дүниеге келген. Ол  ауылдық мешіттен дәріс алып, Өзбекстан медреселерінің бірінде білімін  жетілдірген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Жапар мағзымды сол кездегі ел басшылары аудан имамы етіп тағайындап, арнайы құжат берген. Өмірінің соңына дейін Жанақорған ауданының халқын имандылыққа тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосқан.

Махмұт ишан Нығаметұлы (1894-1982). Бұхара медресесін бітірген. Ғұлама Жаңақорғандағы Жаңаарық ауылында мешіт ашып, шәкірт тәрбиелеген. Халық арасында имандылықты насихаттаған.

Бақыр мақсым Шайхұлы (1895-1977). Ол Жаңақорған ауданына қарасты Қарасопы деген жерде дүниеге келген.  Ауыл мешітінде дәріс алған Бақырды 1907 жылы Қаратау бөктеріндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары өздеріне имам етіп алған. Бақыр мағзымның ағартушылық қызметі ел жадында.

Басапа ишан Алдабергенұлы. 1946 жылы дүние салған. Басапа Дәулетназар ахунның діни мектебін бітіріп, Бұхара қаласындағы Бұхарама-Шәріф жоғары оқу орнында оқиды. «Ишан» атағын 1922 жылы алған ол Жалағаш ауданы «Ақарық» ауылында «Азат» мешітін ұстаған.

Әззам ишан Балтақожаұлы. Ол 1899 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Қандоз ауылында дүниеге келген. Әззам ауылдағы мешітте сауатын ашқан. 14 жасында Бұхарадағы «Көкілташ» (қазіргі Мир Араб) медресесіне қабылданады. Оқуын бітіріп елге келген соң Айқожа мешітінің  имамы ретінде балаларды оқытып, халық арасында имандылықты насихаттаған.

Жаһандану заманында әлемнің көптеген елдерінде өз қағынан жеріп, өзгенің қаңсығын таңсық көру, жоғары мәдениеттіліктің, көрегендіктің белгісі сияқты қабылдануда. Халқымызды осы кезге дейін тарих сахнасында ұстап келген рухани, мәдени құндылықтарын зерттеп-зерделей түсу сана тәуелсіздігіне қол жеткізетін, рухымызды биіктететін басты фактор болуы керек. Ұлттың тіршілік ету мәнін, тарихи миссиясын нақтылай түсу, бабалар алдындағы парызды орындау, мәдениет, тіл, діл, дәстүр жалғастығын қамтамасыз ету, рухани жарастықты дамыту жолдарын қарастыру сынды стратегиялық мақсаттарымыздың тұжырымды негізін қалау ұлтымыз бен мемлекетімізді мәңгілік ету ісіне жауап бермек.

Қали ОМАРОВ,

ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Кенжетаев Д. Ясауи жолы – дініміз бен діліміздің темірқазығы . // Егемен Қазақстан. – 2012. – 28 қыркүйек.
  2. Қыдырәлі Д. Рухани ренессеанс жолы.// Егемен Қазақстан . – 2012.- 21 қыркүйек.
  3. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. -Алматы: Ел-Шежіре, 2006.- 46 б.
  4. Мырзалиева Э.К. Қазақстандағы мұсылман ағартушылығының мәселелері (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басы Сырдария облысының мәліметтері бойынша). Тар.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2001. -30 бет.
  5. Омаров Қ.Ә. Ұлылар ұлағаты үзілмейді.//Жалын.-2010.-№4.-36-40бб.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Исламдағы ұстаздың орны

(немесе Мәшһүр Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтау жыры туралы) Әрбір адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған