Білген Шайыр айтады

Дариға қыз

Әуелі сөз сөйлейін бисмилладан,
Өлмей қалмас анадан туған адам.
Өлмей тұрып сөйлейін мен бір қисса,
Туған жан бәрі де өлер ата-анадан.

Құлдық, тағат қылсаңыз бұ дүниеде,
Өлсең иман табарсың о дүниеде.
Тәңірі досты Пайғамбар төрт жарменен
Бір күні кеңес қылды Мәдинеде.

Қатыран шаһарында бір қыз болған,
Жақын жерде шаһардың бәрін жиған.
Балуан қыз Қатыранда бар деген соң
Ер Әли Арысланға есітілген.

Бір күні қыз Дариға сөз сөйлейді,
Отырып сарайында көп сөйлейді.
“Көп қуат маған берді Жаппар Құдай,
Жалғанда кім жығады мені?” – дейді.

Бұ сөзден Әли Арыслан хабар білді,
Орнынан намыс етіп түрегелді.
Бұ қызбенен күресуге тілек қылып,
Пайғамбарға рұқсат ала келді дейді.

– Ассалаумағалейкүм, Пайғамбарым,
Қатыранда бір қыз жықты жанның бәрін.
Сол қызбенен күресуге барар едім,
Біздерге берер болсаң дағуаларың.

Жаратқан баршамызды бір Құдайым,
Қиямет күні көрерміз жердің тарын.
Бұл сөзді Дариғадан есіткен соң,
Тағат қылып Мәдинеде тұра алмадым.

– Басайын аяғымды қадам-қадам,
Естідім анау қызды жүһүд надан.
Өлгенше сүйегіңде тамға болар,
Жығылсаң іздеп барып бір әйелден.

– Алладан Дүлдүл деген ат алғанмын,
Өзіңнен жеті жаста бата алғанмын.
Құдайдың маған берген уағдасы бар,
Алланың Арысланы деп аталғанмын.

Алланың қыл тамаша әр ісіне,
һәркім жаза тартады қылмысына.
Бата бер, тақсыр баба, мен ғаріпке,
Мен түстім тәуекелдің дариясына.

Пайғамбар қолын жайып бата берді,
Арыслан “иә, Алла” деп түрегелді.
Ғабдулахаб Қанбарды қасына алып,
Аяңдап құбыла жаққа жөнеледі.

Қасында жолдасы бар Қанбар баба,
Жандарын тапсырады бір Құдайға.
Дүлдүлге сауыт-сайман артып алып,
Жөнелді бетін түзеп құбылаға.

Тоқсан күн құбыла жаққа сапар қылды,
Қатыран шаһарына жақын келді.
Ел шетіне жақындап келіп еді,
Қарап тұрған қарауылшы оны көрді.

Көрген соң қарауылшы жетіп келді,
Әлиге қол қусырып сәлем берді.
Сәлем беріп қасына келгеннен соң,
Сәлемін Әли батыр әлік алды.

– Дүниеде жиһан кезген мен бір адам,
Кез болдық бұл арада, жаным саған.
Біз шыққалы үш айдың жүзі болды,
Қай шаһар бұ шаһарың, айтшы маған?

– һәр түрлі жан жаратқан бір Құдайым,
Жарлық қылып жаратты күн мен айын.
Дүниеде жұрттан асқан дәулеті бар
Бұ Қатыран шаһары-дүр, білсең жайын.

– Кез болдым Құдай айдап сендей ерге,
Шаһарым үш айшылық қалды жерде.
Мен іздеп шаһарымнан шығып едім,
Қыз бар ма Дариға атты шаһарыңда?

– Әй, жігіт, мен сұраймын жөніңізді,
Мен көрдім Дариғаны қызыл жүзді.
Қыз болса да һеш адам пар келмеген,
Дариға атты патшаның жалғыз қызы.

Қыз қылып Дариғаны Құдай қылған,
Қыз болса да еркектен артық болған.
Бұл жерде шаһарлардың адамдары
Тұрады Дариғаның әмірі бірлән.

Сөз айтты сол жігітке Әли батыр,
Қасында бірге еді Қанбар пақыр.
– Әдейі күресуге іздеп келдім,
Бар болса Дариғаны мұнда шақыр.

– Сіз бізге кез болдыңыз жапан түзде,
Жапанда һеш адам жоқ сізден өзге.
Хабарын Дариғаға біз берелік,
Кім дейміз атыңызды, айтшы бізге.

– Айта бар, менің атым – хазірет Әли,
Бабам аты – Мұхаммед Хақ Расулы.
Сәлем айт Дариғаға, келсін мұнда,
Менімен күресуге болса жайы.

Елшілер Әли екенін білді дейді,
Хабарын Дариғаға берді дейді.
– Жасыл киім, қара көк мінген аты,
Әли атты бір балуан келді, – дейді.

Дариға отыр екен шашын тарап,
Қойыпты бақыт беріп Құдай қалап.
Қаранып жан-жағына шыға келді,
Шаншулы шекесінде алтын тарақ.

Далада Әли тұрды хабар беріп,
Үш айлық Мәдинеден іздеп келіп.
“Тәуекел, – деп, – Алланың құдіретіне”,
Тұрыпты майдан жерде сабыр қылып.

Жаратқан барша жанды Жаппар Құдай,
Дүниеде сұлу болмас, сірә, мұндай.
Көрген соң Дариғаны, қаһарланып
Қасына Әли келді шыдай алмай.

– Мен келдім, келбетімді көрсең, – дейді,
Жүрегі Дариғаның дүрсілдейді.
– Рұқсатсыз көшені аралапсың,
Әй, жігіт, атыңды айтшы, кімсің? – дейді.

– Сұрасаң, менің атым Әли Арыслан,
Қорқады қаһар қылсам талай дұшпан.
Қыз Дариға сен болсаң, тіл тигізбе,
Қор болып сен де өлерсің, ашулансам.

Тіліңді көп тигізбе мендей ерге,
Өлген соң кіреміз ғой қара жерге.
Әдейі күресуге талап қылсаң,
Белгілі далаға шық, майдан жерге.

Үш айлық жерде қалды менің жерім,
Бұ шаһар, қыз Дариға, сенің жерің.
Армансыз түзеліп кел, бек тебіреніп,
Көрейін қуатыңды енді сенің.

Сарайдан Дариғаның жүзін көрді,
Майысып сарайына Дариға енді.
Алладан, Пайғамбардан медет сұрап,
Арыслан майдан жерге қайтып келді.

Бұларға да естілген Әли аты,
Әлидің Құдай берген көп қуаты.
Әли деген хабарын білгеннен соң,
Жиылды Дариғаның тамам жұрты.

Сол жерде шаһар халқы бәрі келді,
Әлиді майдандағы көзі көрді.
Үстіне алтын кілем отырғызып
Қырық жігіт Дариғаны алып келді.

Кигені Дариғаның алтын кебіс,
Жиып келді майдан жерге түрлі жеміс.
Үстіне кигенінің бәрі жібек,
Қылады Әлименен үлкен күрес.

Әлиді тамам халық бәрі көрді,
Шаһимардан Арыслан Әли ерді.
Дүлдүлді Қанбар құлға бере тастап,
Қасқайып майдан жерге жетіп келді.

Көргелі қыз атасы өзі келген,
Жаяды майдан жерге жібек кілем.
Берсін деп осы жолды Дариғаға,
Шашады алтын-күміс келген жерден.

Күреске майдан жерге Әли барды,
Бір миллиондап жүһүдтер жиылады.
Алтын тақ үстіне қызды отыртып
Майданға қырық балуан алып келді.

Далада бәйгеге қылды алтын діңгек,
Күрескенде жұрт тұрды дөп-дөңгелек.
Бұлардың тамашасын көреміз деп,
Жүһүдтер жиылып тұр бөлек-бөлек.

Босатып Дариғаны қоя берді,
Әлиге маң-маң басып қыз да келді.
Көңілі Дариғаның тоқтасын деп,
Ер Әли зәрін шашып көз жіберді.

Қыз қарсы келе жатыр қадам басып,
Белінен құшақтайды қатты қысып.
“Иә, Алла” деп ұстады Әли Арыслан,
Келеді Дариғаға зәрін шашып.

Көтеріп бұрынғыдай ала алмады,
Бір-бірін кезек-кезек үйіреді.
Куатын Дариғаның көргеннен соң,
Арыслан бір Аллаға сиынады.

Арыслан бір Құдайға сиынады,
Шаңдары екеуінің бұрқырайды.
Осы қызды күресіп жығып кетсем,
Бұ жерге келгенімменен немқұрайды.

Жаратқан жүмлә жанды Жаппар Құдай,
Дүниеде күрес болмас, сірә, мұндай.
Дүние жүзін топырақ пен шаңдақ басып,
Екеуі күресіпті он төрт күндей.

Жаратқан жүмлә жанды Құдірет-ті,
Әли көрді бұ қыздан көп бейнетті.
Он төрт күн таң сарғайып ата берді,
Сол уақытта Әлиден қуат кетті.

Сол уақытта Әли Арыслан болды наза,
Қабірде жамандар тартар жаза.
Алаңдай жан-жағына ойлап тұрса,
Намазы он төрт күнгі бәрі қаза.

Әлиден қиналғаннан ағады тер,
“Мұнан да мені жұтсын сол қара жер”.
– Намазым он төрт күндей бәрі қаза,
Өтейін намазымды, рұқсат бер.

Жаппар Құдай, жәрдем бер тіл-жағыма,
Кім таласар, жігіттер, ер бағына.
– Қазаңды он төрт күнгі оқығанша,
Келейін мен де барып тамағыма.

Босатып Әли Арыслан қоя берді,
Майысып аққу құстай қыз жөнелді.
Босанып Дариғадан шыққаннан соң,
Хазірет Әли бір биік тауға келді.

Арыслан Дариғаны қоя берді,
Аққу құстай шаһарына қыз жөнелді.
Қызметкерлер даярлап қойған екен,
Бір жегенде жүз қойды, нанды жеді.

Хазірет Әли бір биік тауға келді,
Келді де бір бұлақтан дәрет алды.
Он төрт күнгі намазын тамам оқып,
Құдайға мінәжат қылып жылайды енді.

– Сиындым, Пәруардигар, жалғыз сенге,
Отырмын өзім жалғыз жапан түзде.
Дүниеде “Арыслан” деп атап едің,
Қор қылма, Жаппар Ие, осы қызға.

Әкелдің үшбу жерге, Зұлжалалым,
Қылыпсың менен артық қыздың халін.
Қайтқанда Мәдинеге не деп барам,
“Барма” деп айтып еді Пайғамбарым.

“Барма” деп айтып еді ол Мұхаммед,
Күресу Дариғамен болды міндет.
Жалғанда Арыслан деп ат беріпсің,
Бере көр өзің медет, иә, Құдірет.

Арыслан сиынады бір Аллаға:
– Омар, Оспан не деймін шаһариарға,
Мен енді Мәдинеге бара қалсам,
Не деймін отыз мыңдай сахабаға.

Құдайға Әли Арыслан дұға қылды,
Дұғасы Хақ қасында қабыл болды.
“Ренжімей күресе бер бұ қызбенен”,
Деп аспаннан құдіретпенен хабар берді.

Аспаннан Жәбірейіл жерге келді,
Келді де қырық қадам жерде тұрды.
Хабарын Жәбірейілден естіген соң,
Арыслан “иә, Алла” деп түрегелді.

“Иә, Алла” деп орнынан түрегелді,
Аяңдап майдан жерге және келді.
Үстіне майдан тастың барғанында,
Өне бойы қуаттанып күреседі.

Жалғыз келіп майданда Әли тұрды,
Шаһарынан аққудай боп қыз да келді.
Ұйқы ұйықтап, тынығып, ажарланып,
Әлимен алысқалы қыз да келді.

Басады Әли аяғын кердең-кердең,
Жалғанда кім құтылар біздей ерден.
Арыслан “иә, Алла” деп алып кетті,
Көтеріп Дариғаны көрген жерден.

Жарандар, тыңдасаңыз мінекей кеп,
Қарап тұрған тамаша жиылған көп.
Әрі-бері басынан айналдырып,
Бір уақытта алып ұрды “иә, Алла” деп.

Әлиге қуат берген бір Құдай-ды,
Тамам жұрт мұны көріп қайран қалды.
Арыслан кеудесінде отырғанда,
Астында қыз Дариға сөз сөйлейді.

– Әли, менен артық емес, тіпті, күшің,
Аллаға жаққан екен қылған ісің.
Біздерді бұ майданда жығып салдың,
Жоқ екен бұ ғаламда сенің [теңің].

Хазірет Әли Дариғаны жығып алды,
Тамам жұрт тамаша қылып көзін салды.
Саны жоқ көп жүһүдтер дінге кірді,
Мешіт пенен медресе және салды.

Қырық күн бұ шаһарда дін үйретті,
Иманын көп жүһүдтер таза күтті.
Неке қылып Дариғаға қосылған соң,
Әлидің қайтар уақты жуық жетті.

– Айтайын, қыз Дариға, саған бір сөз,
Ішіңде жүкті болсаң бір ұғлан, қыз.
Қыз болса өзің біліп ат қоярсың,
Ер болса “имам Маһди” деп қойыңыз.

Ер Әли Мәдинеге қайтып кетті,
Баланың енді туар уақты жетті.
Айы толып Дариға толғатқанда,
Ай менен күндей болып бір ұл туды.

Маһди деп балаға қойды атты,
Бұ бала барша жаннан салтанатты.
– Енді мен бұл баланы оқытайын,
Бұ бала оқу оқыр жасқа жетті.

Қыл көпір қиямет күн тар ма деді,
“Қыдырмай бес намазды оқы”, – деді.
Қолынан баласының ұстап алып,
Жетелеп медресеге алып келді.

Беріпті алып барып молдасына,
Сиынды оқимын деп Алласына.
Біраз жыл оқу оқып, молда болды,
Үйіне келді бала анасына.

Маһди сонда үйіне қайтып келді,
Дүниенің қызығына батып келді.
Жақ атып, ойын қылып келе жатса,
Кемпірге нан илеген жетіп келді.

Маһди келеді енді ойын қылып,
Кемпір тұр бір тандырда нан пісіріп.
Қасына ол кемпірдің жетіп келіп,
Маһди шықты кемпірді мазақ қылып.

Қалтаңдап сонда кемпір түрегелді,
Қасынан бала кетпей және тұрды.
– Әкесі тірі кеткен, сұмырай жетім,
Не жаздым мұнша мазақ қылдың? – деді.

Бұ сөзді Маһди бала тыңдап тұрды,
– Кім еді менің атам, айтшы, – деді,
Әй, кемпір, бұ сөзіңді жақсы көрдім,
Тауып бер, менің атам кім-ді? – деді.

– Бәрімізді жаратқан Жаппар Құдай,
Мен айтайын, әй, бала, жақсы тыңда-ай.
Ішінде Дариғаның сен қалған соң,
Атаң кеткен сапар қылып Мәдинеге-ай.

Бұл сөзді естіген соң жүре берді,
Жай тартып көшеменен келеді енді.
Аяңдап өз үйіне келе жатса,
Ойнап жатқан көп балаға кез болады.

Келді де көп баламен ойын салды,
Көп бала ойынына қайран қалды.
Балалардың біріне-бірін соғып,
Келді де көп балаға ойран салды.

Бір бала естіген соң сөз айтады,
Жаман сөз сол арада көп айтады.
– Атасы да осындай тентек еді,
Келген соң тек жүрмейді, – деп айтады.

Енді Маһди сиынады бір Құдайға,
Пенденің көңілі тоймас бұл дүниеге.
– Анам бар, атам өлген, мен бір жетім,
Тауып бер, білсең менің атам қайда?

Бала айтты: – Мені қыспа бұл арадан,
Үздірме үмітімді ғаріп жаннан.
Атаңды тірі кетті деп естідім,
Бар, білмесең барып сұра Дариғадан.

Маһди енді естіп жүре берді,
Үйіне бек қайғырып жылап келді.
Анасы жылағанын көргеннен соң:
– Неге мұнша жыладың, балам? – деді.

Бала айтады: – Рақым әйла, анам, бізге,
Бір сапар қылғым келді жапан түзге.
Атамды тірі кетті деп естідім,
Жөнін айт сол атамның, қайсы жерде?

Біздердей бала бар ма ғаріп болған,
Дариға мұны естіп қайғыланған.
“Япырым-ай, қандай дұшпан айтты екен?” – деп,
Дариға үйде отырып зар еңіреді.

– Енді ойнап балалармен күле алмаймын,
Мен енді бұл шаһарда жүре алмаймын.
Қоя бер жөнімді айтып енді менің,
Не қылсам да бұл жерде тұра алмаймын.

Бастады бұ сапарға Жаппар Құдай,
Маһди сөз сөйлейді көңілі тынбай.
Тұрмасын бұл баланың білгеннен соң,
Дариға жолын айтты жылай-жылай.

Дариға бұ арада болды бейхал,
– Әй, балам, бұл сөзіме құлағың сал.
Бастасын оң жолына Жаппар Құдай,
Әуелгі ұлық атаң – Хақ Пайғамбар.

Әуелгі ұлық бабаң Мұхаммед-ді,
Арыслан ол Мұртаза – атаң, – дейді.
Сәлем ет Мәдинеге бара қалсаң,
Біз ғаріптен атаңа сәлем, – дейді.

Бабаң сенің Құдай досты Хақ Пайғамбар,
Құдай сүйген отыз мыңдап сахабалар.
Әбубәкір Сыдық пенен Омар, Оспан –
Атаңның жан жолдасы шаһариар.

Ұлық анаң әуелгі ол Фатима,
Хасен, Хұсайын екеуі сізге аға,
Пайғамбардың зағифы Бибі Хадиша,
Баршасы Мәдиненің шаһарында.

– Белгісіз не болармын бұ сапарда,
Қылмадым қызмет енді қасыңызда.
Егерде бұл сапардан келе алмасам,
Кешіңіз хақыңызды бейшараға.

Естіді баласының сөзін-кебін,
Дариға жидырады тамам жұртын.
“Құдайға, балам, сені тапсырдым”, – деп,
Ұлына емізеді екі емшегін.

Дариға зар-зар жылап қоя берді,
Құданың бергеніне шүкір қылды.
Қызыр берген таяғын қолына алып,
Аяңдап сахараға жүре берді.

Біраз күн сахарада жол жүреді,
Болған соң өзі жалғыз, көп жүреді.
Жапанда өзі жалғыз келе жатса,
Керуен он түйелі кез болады.

Керуен он түйелі жақын келді,
Бала да ол керуенге қарсы жүрді.
Қолында таяғы бар, өзі жаяу,
Келді де керуенге сәлем берді:

– Ассалаумағалейкүм, әй, ағалар!
Сәлемін әлік алды керуендер.
– Қасыңда жолдасың жоқ, өзің жаяу,
Неғып жүрген баласың? – дейді бұлар.

– Бермесін Құдай қайғы басыңызға,
Жар болсын қожа Қызыр қасыңызға.
Атам жоқ, анам қалды, өзім – жетім,
Барамын Мәдиненің шаһарына.

Керуен он түйелі кез болады,
Балаға сол арада шапағат қылды.
Адасқан бір даланың баласы деп,
Мінгізіп бір түйеге алып жүрді.

Бала айтады: – Сіз барасыз қай сапарға?
Мінгіздіңіз, әй, ағалар, түйеңізге.
Керуен айтты: – Әй, балам, жолымыз бір,
Біз барамыз, әй, бала, Шам шәріне.

Бұ керуендер алпыс күн сапар қылды,
Бір үлкен тау секілді жылан келді.
Қасына бұ керуеннің жетіп келіп,
Баршасын құйрығыменен орап алды.

Имам Маһди қайран болып қарап тұрды,
Шуласып керуендер жылап тұрды.
Мал айтып көп керуен Құдай үшін,
Бек қатты бір Аллаға сиынады.

Маһди айтты: – Жылама, ағаларым,
Құдайдың құдіретімен болған керім.
Сабыр қылың, ол жыланға мен барайын,
Біздерге қабыл болсын дұғаларың.

Имам Маһди сол жыланға жетіп барды,
Таяғын Қызыр берген қолына алды.
“Иә, Алла” деп таяғын салып еді,
Ол жылан жетпіс бөлек болып қалды.

Жыланнан аман болып керуен өтті,
Бір уақта Шам шаһарына жақын жетті.
Бектердің шаһардағы балалары
Ойнатып Маһдиді енді алып кетті.

Имам Маһди сол шаһарда біраз жүрді,
Шаһарда балалармен ойнап-күлді.
Қасында жолдасы жоқ, өзі жаяу
Тағы да Шам шаһарынан жөнеледі.

Тағы да жөнеледі жалғыз өзі,
Жалғызға көп көрінбес дүние жүзі.
Алпыс күн жаяу жүріп келе жатса,
Бір шаһарды бұлдыраған көзі көрді.

Имам Маһди сол шаһарға жақын келді,
Әбден-ақ қарны ашып қалжырады.
“Жейтұғын аузыма тамағым жоқ,
Қуат бер мен ғаріпке, Алла”, – деді.

Бұлдырап ол көрінген Мысыр шаһар,
Имам Маһди оған табан және жүрген.
Қалжырап екі көзі қарайған соң,
Имам Маһди бұ шаһарға жетіп келер.

Имам Маһди бұ шаһарға және келді,
Көп бала ойнап тұрған оны көрді.
Келе жатқан Маһдиді бұлар көріп,
Шуласып тамам бала бәрі келді.

Сақтады есен-аман Алла Тағала,
Келіпті Құдай сақтап бұ шаһарға.
Қасына тамам бала келгеннен соң,
Имам Маһди сәлем берді балаларға.

Көп балалар Маһдиге жетіп келді,
Бұ шаһарға бала әзер келіп жетті.
Бектер менен төренің балалары
Маһдиді үйге табан алып келді.

Көп қылды мейірбандық ол Маһдиге,
Ойнайды балалармен күнде-күнде.
Бір күні балалармен амандасып,
Мәдиненің жүрмек болды шаһарына.

Мысырдан тағы шығып және жүрді,
Көп бала амандасып қоя берді.
Балалар амандасып жіберді енді,
“Бір Құдайға тапсырдық сені”, – деді.

Имам Маһди екі ай жүрді ен далада,
Қызыр берген таяғы оң қолында.
Тапсырып бір Аллаға аманатын,
Келіпті алпыс күнде Мәдинеге.

Білмейді һеш адамды Маһди бала,
Білінбей аз күн жүрді Мәдинеде.
Түн болса бір шеткі үйге мекен қылып,
Шығады таң атқан соң дарбазаға.

Көшеге шықты бір күн Маһди батыр,
Жасында жиһан кезген бұл бір пақыр.
“Атамды енді іздеп табамын”, – деп,
Аралап Мәдинені келе жатыр.

Пайғамбар таһарат алып отыр екен,
Имам Маһди қол қусырып сәлем берді.
Имам Маһди сәлем беріп өте берді,
Пайғамбар көзін салып оны көрді.
“Бек нұрлы, асыл туған бала екен”, – деп,
Артынан Пайғамбарым қарап қалды.

Көшенің ортасынан келіп кірді,
Бір жерде көп жиылған адам көрді.
Не екенін білмейді ол жиынның,
Ішіне көп халықтың бұ да келді.

Шығарды көкіректен сәналарын,
Құдайым кез келтірді ағаларын.
Сол жерде күрестіріп отыр екен
Әли Арыслан он жеті балаларын.

Он сегізінші болды да бұ да тұрды,
Балалар күрескенін қарап тұрды.
Бір-бірін жыққанында қайраттанып,
Имам Маһди оңтайланып қымсынады.

Баланың қымсынғанын Әли білді,
Бұл неге қымсынад деп байқап қалды.
– Әй, балам, қарап тұрып қымсынасың,
Ойыңыз күресуге бар ма? – деді.

Имам Маһди күресуге түрегелді,
– Күресейін, тақсыр, бер рұқсат, – деді.
Білмейді Әли екенін бала сонда,
Сыбанып екі қолын жүгіреді.

Сол жерде Хасен батыр түрегелді,
Маһди бұған қарсы жүгірді енді.
Сыбанып Маһди бала жетіп келіп,
Хасенді “иә, Алла” деп алып ұрды.

Балаға бұлар тұрды қайран қалып,
Хұсайын тұрды тағы да қайраттанып.
Жүгіріп келіп белінен ұстай алып,
Имам Маһди тағы жықты бұрап-бұрап.

Сол жерде бала Мұса назаланды,
Жықты деп екі ағамды ыза болды.
Қуатты бәрінен де туған екен,
Көтеріп ол Мұсаны алып ұрды.

Жығыпты он алты балаларын,
Сап болды балалары Мұртазаның.
Сонда тұрды Мұхаммед-Ханафия,
“Қылайын ол баланың өзім жайын”.

Күресті Ханафия менен Маһди бала,
Бәрін де ыза қылды Хақ Тағала.
Жығарға Ханафияны таянғанда,
Арыслан ұстай алды келе сала.

Ханафияны айырып қоя берді,
Көп бала қайран болып қарап тұрды.
Айырып Ханафияны қойғаннан соң,
Ер Әли Маһдименен күреседі.

Үш тартып Маһдиді ала алмайды,
Не қылса да жас бала қозғалмайды.
Арыслан үш тартқанда болмаған соң,
Сол жерде Маһдиге енді кезек берді.

Арыслан нәубет берді сол арада,
Жас бала қозғалмады ер Әлиге.
Кезек нәубет берген соң ол балаға,
Тілейді жәрдем бер деп бір Аллаға.

– Әуелі ұлық бабам Мұхаммед-ді,
Ол Фатима, медет бер, анам, – дейді.
Тілегенде медетті беруші едің,
Жәрдем бер, хазірет Әли, атам, – дейді.

Бұ сөзді Әли Арыслан естіді енді,
Бұ сөзді естіген соң қайран болды.
Белінен қатты ұстап хазірет Әли:
– Жад еткен Пайғамбарды кімсің? – дейді.

– Туғанмын, атым – Маһди, Дариғадан,
Арыслан атам – Әли жиһан кезген.
Бұлардың бәрін айтқан Дариға анам,
Шығып едім атамды іздеп шаһарымнан.

Құдайдың құдіретіменен жаралғанмын,
Бұ сөздің бәрін айтқан Дариға анам.
– Бұ сөзді шын Дариға айтқан болса,
Іздеген Шер Әли атаң менмін.

Баладан қысылғаннан ағады тер,
– Мұнан да мені жұтсын бұл қара жер,
Іздеген өз атама қолым тиді,
Тілейін жерге жұтсын, Пәруардигар.

Жүгіріп қара тасқа бала жетті,
Әли Арыслан артынан ере кепті.
Әлиден бала бұрын тасқа жетіп,
Көтеріп қара тасқа еніп кетті.
Бәрі де осы жалған сұм жаралған,
Жалғанда не бар дейсің мұнан жаман.
Хазірет Әли көтеріп қара тасты,
Сол тасты жерге ұрып талқан қылған.

Көтеріп қара тасты Әли ұрған,
Орнында шақпақтай тас һеш қалмаған.
“Имам Маһди тірі кетті, әй, баба”, – деп,
Арыслан Пайғамбарға жылап барған.

“Баламды қара тастан шығар”,– деді,
Әлидің жылағанын Құдай білді.
Хабар берді Жәбірейілге: – Барып айт, – деп,
Махшар күні баласын көрер, – деді.
– Әлиге айт, наза болып жыламасын.
Жәбірейіл Пайғамбарға хабар берді.

– Иә, Әли, Құдайымнан хабар білдім,
Үшбу сөзді есітіп бек қуандым.
Имам Маһди Әлидің баласы деп,
Қуаныш қылып сол жерде хабар бердім.

Арыслан тақсыр Әли бұл бір шері,
Жүреді ерлікпенен күні-түні.
Тажалға дұшпан болып шығар дейді,
Сол екен Маһдидің тұрған жері.

Ол Әли – бұ дүниеде ердің ері,
Дариғаға күресуге барған жері.
Дариғадан Маһдидің туған жері,
Әлидің баласынан айырылып қалған жері.
Бір рауаятта: Маһди мен хазірет Әлидің күрескен жері. Бір кемпірдің бағында хазірет Әлидің балалары кеңес қылдылар: “Біздер не хайла табармыз бұ Маһдиді атасы бірлән күрестірүрге?” Мәдинеде бір кемпір бар екен, аңар бармақшы болдылар. Хазірет Әлидің балалары шулап кемпірге барды: “Атасы бірлән баласын күрестірүрге хайла табармысың?” – дейділер. Кемпір айтты: “Бәлки, табылұр, сөйлеңіз”, – деді. Бұлар сөздің әсілін уа һәм Маһдиді баласы екенін, хазірет Әлиді атасы екенін тамам сөйлеп білдірділер, бәд кемпір бұларға айтты: “Ерте намаздан ол сабах әуелінде біздің үйге келесіз, сонда тамашалар көресіз”, – деді. Хасен, Хұсайын, Мұхаммед-Ханафия ғайрылары: “Рази Алла Тағала анһу, құп болұр, хақын берерміз”, – деп қайттылар. Бұ істен сахабалардың бағзысына хабар берділер. Мин бағд кемпір хайла қапшығын қолына алып, имам Маһдидің пәтеріне келді. Өтірік жерден жылаған болды: “Әй, ұғылым Маһди, сізді бір паһлуан жігіт деп естідім. Менім бағымда бір алма ағашым бар еді. һәр сабах әуелінде бір ұғыры алмасын ұғырлап кете-дүр. Сол ұғырыны тұтұп берсең, ұлық мархабатыңыздан олұр еді”. Имам Маһди “құп болұр” деді, “халден келсе көрелік” деді. Мин бағд кемпір хазірет Әлиге тағы да жығлап келді, кейіді: “Ей, Алланың Арысланы, менім бағымда бір алма ағашым бар еді. һәр таң әуелінде бір ұғыры алмасын ұғырлап кете-дүр. Сол ұғырыны тұтұп берсең, ұлық мархабатыңыздан болұр еді”, – деді. Хазірет Әли айтты: “Жылама, мама кісі, иншалла, халден келсе тұтұп берейін”, – деді. Мин бағд сабах әуелінде хазірет Әли кемпірдің бағына ұғыры тұтарға ақырын ғана келе жатыр. Екінші тараптан имам Маһди ұғыры тұтам деп ақырын-ақырын келе жатса, һәр екісі бір-бірін көріп, ұғыры санап бір-біріне жабыстылар. Соңыра күресіп кеттілер. Хазірет Әлидің балалары һәм сахабалар хабардар болып тұрғанлар. һәммасы тамашаны көрділер. Таң атып сабах болды. Әрсе һәм халық бір-бірін танып білгендей болды. Әрсе сол жерде имам Маһди: “Иә, Алла, иә, Расул Алла, иә, хазірет Әли, медет”, – деп көтеріп алып ұрмақшы болып еді. Хазірет Әли: “Атаң Әлимін мен”, – деді. “Разымын, ұялма” десе де болмады, ұялып қашты. Хазірет Әли артындан қуды. Маһди бір тасқа жетті, жер жұтарға Алла Тағаладан тіледі. Тілеуі қабыл болды, ол тасты көтеріп, тастың астына ғайып олды. Хазірет Әли ол тасты парша-парша қылды – Маһдиді таппады. Хазірет Әли хазірет Расулға жығлап келді: “Маһдиден айырылып қалдық”, – деді. Әрсе дәрхал Жәбірейіл әләйһиссалам хабар келтірді Алла Тағала тарапындан: “Жыламасын, сабыр етсін. Қиямет күн көрер бір уақыт ақырзаман олұр. Сол уақытта йәжүж-мәжүж шығар, һәм Дәджал шығар, һәм сол уақытта көктен Иса әләйһиссалам жерге жетер мақұлықтарға хүкім етерге. Сол уақытта имам Маһди шығып Иса әләйһиссаламға қызмет етіп, йәжүж-мәжүжді һәлак етер, һәм Дәджалды хараб етер”. Бұ хабарды естіп хазірет Әли сабыр етіп, шат олды, көп шүкіранлар қылды.

Сұрақ-жапа көрсетпей һешбір жанға,
Ғұмыр тілең император ағзамға.
Әділ екен, жарандар, көресің ғой,
Қол көтеріп қылыңыз қайыр дұға.

Бихамдулла, кітабым болды тамам,
Бар ма екен бұ дүниеде менен жаман.
Оқығандар, бір дұға қылып қойың,
Нәсіп етсін бізге де бақи иман.

Мың да сегіз жүз де тоқсан жеті,
Жылым – мешін, енді келді алпыс екі.
Бұ кітапты сәрсенбі күн тамам қылдым,
Бейсенбі, бірінші майға енді.

Сұрасаң, городымыз – Жалутраски,
Туған жерім, сұрасаң – Синғуласки.
Мәулекей Жұмашов мархум қолым қойдым,
Тұрған жерім – Манжилде Туменаски.

Дариға қыз. “Дариға” – ел арасына кең тараған дастандардың бірі. Алғаш 1897 жылы Қазан қаласында басылып шықты. Дастан сюжетіне өзек болған – Ислам құтқарушысы Маһди жайындағы діни аңыздар мен хикаялар.

Дастан мәтінін ел аузынан жинап, баспаға дайындап алғаш 1897 жылы жариялаған Мәулекей Жұмашұлы. Содан кейін мәтін 1901, 1902 және 1913 жылдары қайта басылып шықты.

Қазірет Әли. Діни дастандар. – Алматы: , 2015. – 362 бет.
Жалпы редакциясын басқарған – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корр-мүшесі
Уәлихан Қалижанов

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button