Басқы бет / Сыр-сұхбат / От шарпымаған жан еді

От шарпымаған жан еді

Атеизм өршіп тұрған заманда исламның туын жықпай өткен әкем Хакім-хазірет Омаров 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ОАжҚМДБ) мүфтиі З.Бабаханов Хакім-хазреттің білімін, ой-парасатын, адалдығын байқаған соң 1948 жылы ОАжҚМДБ мүшесі қылып тағайындады. Қазақстан бойынша Хакім ревизия комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы екі қызметті 26 жыл бойы абыроймен атқарды.Орта Азияда жалғыз Бұхарада ғана «Мир Араб» деген медресе болатын. Сол медреседе Хакім-хазрет мемлекеттік емтихан комиссиясының тұрақты мүшесі болатын.

Араб, парсы, көне түрік тілдерін білгендіктен халықаралық конференцияларға қатысып баяндамалар жасайтын. Мұсылман мемлекеттердің уәкілдері Қазақстанға келгенде үкімет басшылары Хакім-хазретті Семейден алдыратын. Шет мемлекеттерде де бірнеше рет болған.

Ғалым Хакім-хазірет 26 жылдың ішінде жұма, айт намаздары, қадыр түні, мәуліт күндеріне арнап жазған уағыз-насихаттарын, діндарларға өте мұқтаж саналған маңызды зерттеулерді бірнеше тілде жазып қалдырған. 

1974 жылы тамыз айының ортасында Ташкент қаласында өтетін әл-Бухаридың 1200-жылдық мерей тойына арналған халықаралық конференциясына Хакім-хазірет баяндама дайындаған. Өкінішке орай сол жылы (Алланың әмірі солай болған шығар) 2 тамызда қайтыс болды. Осы конференцияда бүкіл мұсылман әлеміне мәшһүр болған Хакім-хазіретке  Европа, Азия, Африкадан келіп жиналған делегаттар Құран бағыштаған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Меккеге умра қажылығына бардым. Менің бар туысқандарым осында жүргендей әсер қалдырды. Қарсы алдымнан кездескен адамдардың арасынан әкемдей өте ажарлы, еңселі келгендері де көзіме жылы ұшырады.

Біздің әулеттің қазақ жеріндегі тарихын Абылайхан дәуірімен  байланыстырады. Әкеміз көзі тірісінде ата-бабаларының шежіресін Көкшетауда тұратын Омардың немере інісі Дәдет Шақановқа араб әріптерімен жазып пошта арқылы жазып жіберіп отырыпты. Ол кирилл әрпіне түсіріп, бір қалың дәптерге жазып отырған екен. Сол деректер қолымызға тиген кезде, қазақ қоғамында белгілі орыны бар, қазақ руханиятының ірі өкілі болғанын білдік. Алайда бұны жаңа заманның үлесіне қалдырды ма көзі тірісінде мүлдем айтылмайтын еді.

Қазіргі күні әкемнің жазбаларын оқи отырып, бабаларымыздың өмір сүрген  заманын, бабаларымыздың жарқын бейнесін қаз-қалпында көз алдымызға елесетіп, тарихын  қалай дәл баяндағанына таң қаламын.

Әкемнің жазбаларында «Жасы сексенге келген Атығай Айса ақсақал: «Өзіме байлық бітпегенмен ноғайға жалданып керуенбасы болдым. Бұқара,Ташкент, Бішкек, Тоқпақ т.б. қаншама ел араладым. Сонда Омардай көңілі жай, төрт түлігі сай адамды көрмедім,-деп айтып отырушы еді. -Кейбіреу дәулет бітсе де салтанаты кемшін, салтанаты артса да дүниесі олқы, бағы асса да перзенті жоқ, перзенті  болса да өзін бақытсыз сезінеді. Омардың төрт құбыласы түгел ғой! Әсіресе қазақ ішінде мұндай салтанатты адам жоқ, сірә! Жетім-жесірге қарайласуы, болыстығын пайдаланып пара алмауы, ұрыларды тыюы, маңайындағы елдің балаларын қазақша, орысша тегін оқытуы басқа жұрт аңызға бергісіз еді» деген жолдарды жазыпты.

Осындай сән-салтанаты келіскен әулеттің басына бұлт үйіріліп,  1922  жылдың 22 наурызда ешбір тексерусіз Омарды екі баласымен, Қосдәулеттің Жүсіп деген інісін атып кетеді. Артында қалғандары нағашыларын жағалап  Омбыға қашып келеді. Онда да белсенділер шығып, әкемнің ізіне түседі. Екі милиция екі қолынан ұстап, тұтқынға алмақ болғанда үстіндегі шапанын сілкіп шешіп, қос милицияны сұлатып әкем жанұшырып қашады екен. Содан Хабаровскіден бір-ақ шығады. Сол кеткеннен соғыс алдында ғана нағашыларына оралып, осында үйленеді. Артынша, 1935 жылы мен дүниеге келгенмін. Әкемнің ағасы мен інісі Геология және барлау техникумын бітіріп геолог болып Семейде жұмысқа тұрады. Әкем шешесін алып Семейге көшеді. Бір үйде 17 жан тұрдық. Осында Хабаровскіде  кездескен Омаровпен көрші болып шығады. Олармен байланысымыз әлі күнге үзілген емес. Соғыс басталғанда екі ағасы бронмен қалып, әкем бір інісімен соғысқа кетеді. 1944 жылы мен тоғызға келгенде әкем соғыстан оралып, етікші болып кәсіп етті. 1948 жылы Семей мешітінде Ғаффар қазірет имам болатын. Оны Алматыға қази етіп сайлағанда орнына әкемді тағайындап кетеді ғой.

Әкеміз қаншалықты діндар болса да бізді дінге баулыған жоқ. Жасымда Хайдар інім екеумізді абыстайға берді (молланың әйелін абыстай дейді). Мен қара танығанмен, інімнің оқуға құлқы болмады. Әкеміз үнемі жазу үстелінде жазбаларын жазып отырғаны есімізде қалыпты. Кісі қазасы болса, таңғы бесте алып кететін. Астыртын жаназа шығарып келгенін бала болсақ та білетінбіз.  Таяу шығыстан Араб елдеріне делегация келсе арнайылып әкемді Алматыға жеткізіп, аудармашылық еткен кездері болды. Әкемнің билік алдында да беделі болды, қалалық атқару комитеті ақша бөліп, үлкен үй салдыртты. Жұма намазынан кейін жамағат біздің үйге жиналатын. Халықтың мешітке бармайтын заманы болса да әкемнің ықпалы ма әлде білімділігі ме жамағатсыз болған емес. Сол қызметінің белгісіндей әкемнің артында қағазға араб әріптерімен жазылған уағыздары қалды. Құдайсыз қоғамда исламға адал болды, жалтақтап көрген емес, ешкімнен сескенбеуші еді.

Балалары біздер еркін өстік. Орысша білім алдық, музыка мектептерінде оқыдық. Солай болса да, әрқайсымыздың міндетіміз болатын. Сіңілім Хамида нағашыларымызға каникул кезінде жиі қатынасып тұрса, мені көбіне Алматыға жіберетін.

Алғаш рет әкемнің інісі үйленді деген хабарды естігенде үйдегі жалғыз кілемнің жартысын кесіп, үйдегі жалғыз көрпеге орап мен Алматыға жіберді. Алматыға келгенде тоқтайтын үйіміз Ғылманидің үйі еді. Олар қазіргі Орталық мешіттің жертөлесінде тұрды. Бәйбішесі толықтау келген қозғалысы қиындау адам. Бірақ қызы Әмина пысық болатын. Шаруашылықты өзі жүргізіп, келіп-кетіп жатқан қонақтарды күтіп, жайластыратын. Әкемді ерекше жақсы көретін. «ағатайым келе жатыр» деп театрға  билет алып қоятын. Бірде есімде әкем босағадағы қаптаған галоштардың ішінен өзінікін танымай, Әминадан сұраған болу керек, Әмина: «Төбеме салып жүрсің дейсің бе, тұр ғой. Өзің ал» дегені бар. Соған қарағанда ерекше жақын тартып, еркелейтіні бар ма деп ойлаймын. Сіңілісі Үкіжан ол кезде тұрмыста болатын.

Әминаның әкесін бәріміз Сәкен қалпе деп атайтынбыз. Аласалау бойлы, өте жуас кісі болатын. Үлкендердің әңгімелеріне құлақ салғанда үнемі уағыз айтып отыратынын байқайтынмын. Бір байғаным, өткен өмірі туралы ешқайсысы тіс жармайтын. Сакен қалпенің түп тегі қазақ арасына сіңіп кеткен башқұрт болатын.

Бір келгенімде «Мүфти келеді» деп, дайындалып жатыр екен. Баламыз ғой аса ештеңе есімде жоқ. Бірақ, мүфтидің «консерві жемейді» дегені есімде қалыпты. Жалпы, сол кездері дін басында жүргендер бірін бірі туыс тұта ма, балаларымен аралас-құралас болып жататын. Менің өзім Ленинградтағы молланың үйінде болдым, Хамида сіңілім Мәскеудегі молланың үйінде қонақтап жатқанын білемін. Олардың біздерді жатсынған қабағын көрмеппін.

«Закон Ома, сила тока»

Рашида Ғазизовна деген әкемнің інісінің әйелі Қарағандыдағы университеттің кафедра меңгерушісі болып қызмет етті. Әкем келінім деп өзімсінді ме қайдам, жүрген жерлерінде мектеп бітіріп жатқан бала болса бір  парақ қағазға келінінің аты-жөнін жазып, сол оқуға жіберіп отыратын. Рашида жеңгеміздің бұл еңбегі есте қалмас па еді, мына оқиға болмағанда. Әкем жіберді ме, әлде өздігінен келді ме белгісіз, жасы біразға келген сақа жігіт физикадан емтихан тапсырады. Орысша білмеген соң қазақша айтуға келіседі. Ғазиза жеңгеме өз жағдайын айтып тұрып, арасында орысшалап «Закон ома, Сила тока» деп кідірместен бастырмалатып сөйлей беріпті. Емтихан алып отырған әйел  қазақша түсінбей бірақ «закон ома сила токаны» біліп отырған соң жеңгемнің бағасына келіспей, жақсы баға қойып, оқуға түскен екен. Әкеміздің жастар оқуға түсіп, адам болсын деп қамқорлап, қатарға қосылсын деген ойын іске асырғаны шығар. Өзі себепкер болып, Рашида Ғазизқызының көмегімен сол жылдары көп бала маман атанып өмірге жолдама алды.

                        Атеизмге қарсы күрес жолында 

Әкеміз тек  қана Семей қаласының имамы болып қойған жоқ, ислам дініне жала жабушылармен ашық күресіп, пікірін білдіріп отырған. Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жазған мақала- хатында көрінеді.

Онда 1960 жылғы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1-6 сандарында «Өлік жөнелтудегі өрескелдік» деген мақала және содан туған «Екі ғұрып» және «Бар бәлекет дінде» деген мақалаларға «дінді шын таныған адамның айтары мынадай» деп әділін айтқан екен.

Және «осындай өрескел істердің анығын білместен дінге жабу мәдениет атымен аталған  журналға сыйымсыз болар, онда өтірік араласу ұят болар деп ойлаймын» деп жазыпты.

«Біз, имамдар, діншілдердің бас қосқан жиналыс мейрамдарында саяси бағытқа қарсы сөз сөйлеп, олардың бетін басқа жаққа бұрмаймыз, мемлекеттік істі орындаудан тайдырмаймыз, қоғамдық саяси өмірден ажыратып, адамдыққа жатпайтын, жаман-қатал ғұрыптар жасауға өтірік айтып алдамаймыз, бір халықпен екінші халықтың арасындағы достастығының осы заманда күннен күнге нығайя беруіне сәйкестендіріп уағыздаймыз» деп өз қызметінің мағынасын осы хатқа  түсірген екен.

1970 жыл 14 февраль сенбі күнгі Семей обылыстық «Семей таңы» газетінің  № 32 санында атеисттік тақырыпқа  «Құрбан айты және оның кертартпалық мәні» тақырыбында білім қоғамының мүшесі М.Төлебаевтің мақаласы жарияланып ондағы мәселеге былай деп пікірін білдірген.

«Діншілдердің көпшілігі жиналған мешітте Айт күні сөйлеген уағыздарымызды жасырын емес бақылау орындарынан келіп тыңдап тұрған азаматтардан сұраса, немен уағыздағанымызды айтып бере алатын шығар. Айтпағанды айтты, қылмағанды қылды деген жалаң аңызына қатты қынжылып наразылығымды білдіремін. Төлебаев жолдастың бұл жаласы үкіметіміздің берген ар-ұждан бостандығына әкімшілік ретінде қол сұғу болмайды?».

Және осы мақаласында мына жайтты да айтып өтіпті. «Бізден басқа Семей қаласында ешбір заңды ілтипат қылмайтын, мұсылман болып назарат мүфтидің пәтуасын орындамайтын, ескі Февралдық идеологияны қолдап, содан артылып шыға алмай жүрген қыдырма, дүмше молдалар бар, пенсияға шығып, молдалық құратын мұғалім-молдалар бар. Рұқсат, бақылаумен жұмыс істеп отырған біздерді келеке қылып газет бетіне қаралағанша Төлебаев жолдас, анық қырағы болса, солардың өрескел әрекеттерін айтып  жарияласа болар еді» дейді.

«Дінге сенушілер мен мешіт қызметін атқарушылардың қандай да болса қорлаушылыққа, сонымен қатар мешіт ісіне әкімшілік араласуға жол берілмесін деген үкімет жарлығына қарамастан жалаң насихатпен қаралауға шығады. Өзінің отан алдындағы азаматтық борышын адал орындай отырып, діни сеніммен отырғандар да жоқ емес, ол жұртшылыққа мәлім» деп наразалығын білдіреді.

«Діншілдер үкіметтің сөзін тыңдайды, қабылданған заңды орындайды, қоғамдық тәртіпті бұзбайды. Дінді, дін қызметкерлерін жек көрушілікпен нақақтап, қандай болмасын адам баласының адамгершілігіне, ұждан құқығына өтірік жаламен тіл тигізу, оны сөгу, кекету, мұқату ретінде кемсіту ешбір жерде ешбір азаматқа рұқсат етілмеген» деп ашынып жазыпты.

«Діннен, ғылымнан ешбір хабары жоқ надан адамдар дінді балағаттап, мақалалар жазады. Оларында көбінесе жала, өтірік, толып жатқан қателіктер болады. Осыған тыйым болса екен. Ол сияқты мақалалар басылардың алдында  діннің тарихын, мәдениетін, тарих ғылымын білетін адам қарап шықса екен» деген ұсыныс айтады.

Мұны айтып отырғаным, атеистік идеологияның өршіп тұрған кезінде қарсы тұра біліп, жөн-жобасын айтып ислам дініне араша сұрауы, меніңше қылдың үстімен жүргенмен тең. Бірде әкемді  «үш әріп» шақыртады. Шешем екеуі  ғимартқа жете бергенде әкем қолындағы сағатын шешіп анама беріпті. Келмеске кетіп бара жатырмын деп ойлады ма кім білсін?! Содан жауапты адамдармен сөйлесіп болған соң кідіртпей үйіне қайтарады. Кетерінде «сағатты неге шешіп бердіңіз?» деп сұраған екен. Сонда деймін әкем күндіз-түні үш әріптің  бақылауында болған екен-ау.

 

Мадина ХАКІМҚЫЗЫ, ҚСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері

Сондай-ақ, оқыңыз

Абылайдың ақ үйіндегі аян

«Елін сүйген ерлер» партиясының соңғы төрағасы   Кәмел Жүністегімен сұхбат   Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Кәмел …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған