Рабғұзи

Қисса Яхия мен Жүніс ғалайһи-уәссәләм

Ғылым тарих нақылы қылып сөйлейді: Хазреті Ғайса һарус патша заманында дүниеге келді. Ол һарустың астанасы Антакие шаһары еді. һарустың қарауында көп шаһарлар бар еді. Ғибрани, Ионани, Афариж халықтарына патша еді. Ғайса ғ.с.-нің пайғамбарлық хабары әйгілі болуымен және Інжіл кітабының үкімі шаих болған соң Жаһуд патша һарус Інжіл кітабын көріп, Ғайса ғ.с.-ға елші жіберді: «Атасыз Ғайса не үшін пайғамбарлық дәрежесін аласың, ата-бабаларымыздың жолынан безіп, не үшін бізді пұтқа табынудан тиясың. Сиқырыңмен өлілерді тірілтіп, тірілерді өлтіретініңді де естідім. Бұл ісіңнен қайт. Әйтпесе, сені өзіме бағындырамын», – деп, Ғайса ғ.с.-ға елші жіберді. һарус патшаның елшілері оның сөзін Ғайса ғ.с.-ға айтты.

Ғайса ғ.с. һарустың елшілеріне қосып, хауариларынан екі кісі жіберіп: «Барыңыз, ол һарус Алланы жалғыз деп біліп, мені Алланың пайғамбары деп білсін. Пұтқа табынбасын, мені сиқыршы деп айтпасын. Менде болған кереметтерді сіз де қылыңыз. Ол үшін сізді жіберемін. Алланың әмірімен сіз һәм нәби пайғамбарысыз», – деп дұға қылып, Яхия мен Жүністі жіберді.

Байтүл-мақдис пен Антакие шаһарының арасы жаяу жүрушіге алты айлық жол еді. Яхия мен Жүніс Алланың әмірімен алты айлық жолды үш күн жүріп, Антакие шаһарына жетті. Ғайса ғ.с. һарустың елшілеріне хатты берді. Хатта: «Әй, дүние, ахирет жазуы һарус. Сені иманға келтіруге екі шәкіртімді жібердім. Егер мені пайғамбар деп біліп, інжілді қабыл етсең, дұрыс болар. Егер қабыл етпесең, бұл екі шәкіртім сенің түбіңе жетер», – делінген. Яхия мен Жүніс Антакие шаһарына жетті. Сахарада бір кәрі бақташыға кездесіп, сәлем берді. Бақташы сәлемдерін алып: «Әй, жайсаң жігіттер! Қай шаһарға барасыз, қай шаһардан келесіз, кәсіптеріңіз не?» – деді. Яхия мен Жүніс айтты: «Біз Құдыс шаһарынан келеміз. Бізді Антакие шаһарының патшасы һарусты исләм дініне кіргізуге Ғайса ғ.с. жіберді», – деді. Бақташы айтты: «Егер сіз Ғайса ғ.с.-нің елшісі болсаңыз, Ғайса ғ.с.-да болған керемет сізде де болар». Екі жігіт бақташының есімін сұрады. Бақташы есімін Хабибнажар деді. «Біздің Антакие қаласында Хабиб есімді көп кісі бар. Мені балташы болғандықтан Хабибнажар деп атайды», – деді. Яхия мен Жүніс: «Әй, Хабибнажар! Алла тағала біздерге Хазіреті Ғайсаның кереметтерін берді. Ауруларға шипа беруге, соқырлардың көзін жазуға, алапестерді емдеуге», – деді. Хабибнажар айтты: «Әй, Ғайса ғ.с. елшілері, көп заманнан бері бір ауру ұлым бар. Оған дұға қылыңыз, жазылып, Ғайса ғ.с-ға үмбет болсын», – деді. Елшілер: «Ұлыңды көрсет», – деді. Хабибнажар елшілерді үйіне ертіп келіп қадір-құрмет қылды. Мұнан кейін ұлын көрсетті. Екі елші Хабибнажар ұлының барлық денесін сипады. Алладан шипа тапты. Жазылып, атасының қызметін істей бастады. Хабибнажар бұны көріп, өзі, қатыны, бес баласымен иман келтірді. Бұл хабар Антакие шаһары ішінде жария болды. Екі емшіден Алла тағала құдіретімен көп кісі ем тапты. Екі елші шаһар ішінде адамдарды иманға келтіріп, емдеді. Бұл хабар һарус патшаға естілді. һарус патша дереу өзінің қабылдауына шақырып: «Сіз кімсіз?» – деді. Екі жігіт хазреті Ғайса ғ.с.-нің елшісі екендігін айтты. «Не үшін, кімге елші болып келдіңіз?» – деді. Екі жігіт: «Сені пұтқа табынудан тимаққа елші болып келдік», – дегенде, һарус айтты: «Пұттан басқа тәңіріңіз бар ма?» – деді. Елшілер: «Пұттар тәңірі емес. Тәңірі сол – жерді, көкті, күнді жаратушы Алла ғана». Патша «Сіз өздеріңіз тұрған жерге бара тұрыңыз. Үш күннен кейін мәслихат қылармыз», – деді. Екі елші Хабибнажардың үйіне қайтты. Ертеңіне базарға барып, дауыстап Алла тағала зікірін айтып, жұртты ашық түрде иманға келтіре бастады. һарус патша бұл халді көріп ашуланып, елшілерді ұстап, жүз қамшы дүре салғызып, зынданға салды. Яхия мен Жүніс үш жыл зынданда қалды. Ғайса ғ.с. бұлардың көп заман хабарсыз кеткенін білмекке Хауарбион елінен Шамғон есімді жігітті Антакиеге жіберді. Шамғон қалаға жете сала өзін Насаралардың ғалымдары түрінде қылып, тұп-тура кеңсеге келіп, қызметкерлерге, кеңсеге келушілерге аспан ғылымынан үйретіп уағыз-насихат қылды. Кеңседегі ғалымдар Шамғонның ғылымына, ақылына қайран болып, һарус патшаға мәлімдеді. һарустың оны көргісі келіп: «Мұнда әкеліңіз», – деді. Дереу әкелді. Патшаның өз тілінше сәлемдесіп, өз тілдерінше көп уағыз-насихат қылды. Патшаның көңіліне ұнады. Антакиедегі және өзіне бағынышты басқа шаһарлардың ғалымдарына бастық қылды. Шамғон патшаның көңілінен шығып, кеңесіп тұратын.

Біраз уақыт өткенде, сөз арасында. Шамғон айтты: «Әй, патша! Сен Ғайса ғ.с.-нің елшісінен екі кісіні зынданға салыпсың. Сен олардың сөзін естідің бе?» – деп сұрады.

Патша айтты: «Естімедім. Олар мені басқа дінге үндегені үшін ашуым келіп, дәлелдерін сұрадым, зынданға салдым. Оларды ұмытып кетіппін. Сен есіме түсірдің», – дейді. Соңда Шамғон: «Мәслихат болса осында шақыртсаңыз. Сөздерін сарапқа салсақ, не сөздері бар екен», – деді. Патша әмір қылып, дереу елшілерді зынданнан әкелді.

Сол күндері патшаның әйелі көзі жоқ бала туған еді. Дереу баланы келтірді. Елшілер баланың көзі орнына екі балшық қойып, тілімен жалады. Алла құдіретімен екі балшық кесегі екі көз болып ашылды, нұрлы көз болды. Патша қайран болды. Шамғон айтты; «Әй, патша! Қайран болма, бұл істі басқалары да істер», – деді. Елшілер айтты: «және не дәлелдерің бар?» – дегенде, елшілер: «Өлген адамды тірілте аламыз», – деді. Шамғон бұған таңданған болып, патшаға жеке жерде айтты: «Бұл кісілер өлгенді тірілтеміз!, – дейді. Біздің пұттарымыздан сұрасақ, өлікті тірілтпес пе екен?» – деді: Патша айтты: «Сенен жасырын сыр жоқ, сен білесің, біздің пұттарымыз естімейді, көрмейді, оларда мұндай өлгенді тірілту қайдан болсын», – деді. Шамғон патшаның сырын білген соң елшілерге айтты: «Егер сіздің Аллаңыз өлгенді тірілтсе, сіздің дініңізге сенеміз, иман келтіреміз», – деді. Елшілер: «Өлген адамды көрсетіңіз, Алла тағала тірілтер», – деді. Патша айтты: «Көрші бір кісінің баласы атасы үйде болмаған себепті, жеті күннен бері көрге қойылған жоқ, соны келтіріңіз», – деді. Екі елші дауыстап дұға қылды. Шамғон жасырын «Әумин», – деді. Балаға жан кіріп, басын көтеріп отырды. «Ашһаду Лә іләһе ілла – ллаһ, уа ашһада Ғайса Расул аллаһ», – деді. Мұнан кейін айтты: «Әй, патшам! Менің өлгеніме жеті күн болды. Мені пұтқа табынғаным үшін от жалынға салды. Бұл үш жігіт шапағат етіп, қайта тірілтті», – деді. Патша: «Қайдағы үш жігіт?» – деді. Бала айтты: «Екеуі анау елші, үшіншісі қасында отырған Шамғон», – деді. «Әй, патша! Бұл үш жігіт Алланың пайғамбарлары. Бұларға иман келтірсеңіз, жаһаннәмнан құтыласыз», – деді. Патша біраз адамдармен иман келтірді. Басқалары иман келтірмеді. Патшаға қарсы шықты. Патша Антакиені тастап кетті.

Үш елші Антакие халқына айтты: «Біз Алланың сізге жіберген елшілері», – дегенде, Антакие кәпірлері айтты: «Сіз бізге күдікті адамсыз. Жалған сөйлейсіз», – десті. Елшілер айтты: «Алла тағала білер. Біз, әлбетте, сізге пайғамбармыз, өзіміздің пайғамбарлығымызды айтуымыз міндет», – деді. Антакие халқы айтты: «Біз сіздің бұл сөзіңізден шүбәләнамыз. Егер бұл сөзіңізден қайтпасаңыз, сізді таспен атып азаптаймыз», – деді. Елшілер айтты: «Шүбәләнғаныңыз – күнәһар болғаныңыз!» – деді. Антакие халқы елшілердің бұл сөзін естіді. Ұрып-соғып азапта ұстады.

Ертеңінде елшілерді зынданнан шығарып, темір қысқаштармен азаптайтынын Хабибнажар естіп, жүгіріп келіп айтты: «Әй, менің қауымым! Пайғамбарларға иман келтіріңіз. Олар тура дінге кіргізуге мал сұрамайды». Антакие халқы Хабибнажардың сөзін еш құлаққа ілмеді. Хабибнажарға «Сен де осылардың дініндемісің», – деді. Хабибнажар айтты: «Өзімді жоқтан бар қылған Алла тағалаға ғибадат қыламын. Сіздер де пайғамбарлар жолын неге ұстамадық деп өкінерсіз. Бәрібір ол өкініш пайда бермес. Мен Алладан басқаны не үшін тәңірі деп ғибадат қыламын? Егер рахмет қылушы Алла маған пәле жібергісі келсе, Алладан басқаның шапағаты пайда қылмас. Дүниеде Алланың азабынан мені ешкім сақтамас» деді. Антакие халқы Хабибнажардан бұл сөзді ести сала, елшілерді ұмытып, Хабибнажарды ұстап, оның қол-аяғын байлап, таспен атып өлтірді. Өлген соң аяқ астына салып таптап, ішегін шығарды. Ертең Хабибті өртеп, күлін желге ұшырамыз, елшілер келіп тірілтпесін деп қарауыл қойды. Түн болды. Хақ сүбіхана уә тағала бір періште жіберді. «Бар! Хабибтің денесін жұмаққа алып кір. Оған жұмақ тамақтарын бергіземін», – деді. Періште Хабибтің денесін жұмаққа алып кірді. Алланың әмірімен оған жан кіріп, көзін ашты. Өзін ғажайып бір орында көрді. Сылдырап бұлақтар ағады. Түрлі ағаштар бұтағында алуан құстар сайрайды. Қарсысында ару қыздар мен әдемі жігіттер: «Не ішесің, не жейсің? Көңілің неге соғады?» – деп қиыла сұрап тұр. Хабибнажар танданып тұрып: «Мен кәпірлер қолына кіріптар едім. Бұл нендей орын?» – деді. Хақтағаладан жауап келді: «Әй, құлым Хабиб! Бұл орын – жұмақ. Пайғамбарларға иман келтіргенің үшін бұл орынды саған сыйладым», – деді. Хабибнажар Хақтағаладан бұл кереметтерді көріп, қауымы үшін қайғырып айтты: «Менің қауымым Алла тағала мені жарылқағанын, мені құрмет қылғанын білсе еді», – деді. Антакие халқы ертемен Хабибнажарды өртейік деп келсе, Хабибнажар жоқ. Елшілерді Хабибнажарды сіздер қашырғансыздар деп ұстап, қылышпен өлтірді. Қарауылшылар 23 кісі еді. Барлығы Ғайса ғ.с.-ға иман келтіруші еді. Хақтағала Жебірейіл ғ.с-ға бұйырды. Антакие халқына бір қорқынышты дауыспен ақырды. Баршасы дауыл жапырағындай құлап, жандары жаһаннамға кетті.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button