Балта қожа

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен елді мекенінің тумалары Ысқақ әжі мен Балта қожаны озса Қарағанды облысы, қалса Жаң-арқа ауданының тұрғындары «әулие» деп танып,құрмет тұтып, ол кісілердің «кәрәматтарын» аңыз қылып, атадан балаға айтып отыру үрдіске айналған.

   Балта қожа он тоғызыншы ғасырдың соңында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін өмір сүрген. Бұл кісінің артық байлығы болмаған, ел аралап көріпкелдік, бақсылықпен айналыспаған. Бірақ ерте кездегі барымта-жылқы ұрлау етек алған заманда, әсіресе, әйгілі жүйрік бәйге аттарын жоғалтқандар келіп көмек сұрағандарға «жылқың пәлен жерде қамауда, әйтпесе жайылып жатыр, бүгін-ертең барсаң алып қайтасың» деген сияқты көріпкелдік қасиеті болған. Өзінің туыстарының бәйге аты қолды болып, иесі көмек сұрай келгенде, мал иесіне «атыңды пәлен жерде киіз үйдің ішінде ел көзінен тасалап бағып отыр» деп қолды болған малдың тұрған орнын тап басып айтып берген.

Балтекеңнің үйіне сол елдің іргелі руының ұрпағы, Қарнақта оқу оқып медресе бітірген, маңайы Қалпе атап кеткен Мәжит молла ел аралап жүріп келіп қоныпты. Қонаққа қонақасыға соя қоятын етті малдың реті келмей, Балтекең серке сойып, етін қонақтың алдына тартыпты. Сойған малды өзінің ел арасындағы мансабына сай санамаған Қалпе дәмге саусағының ұшын ғана тигізіп, саусағын ернінің ұшына тигізіп дастарқаннан кейін шегініп отырыпты. Қонақасыға қонақтың ырза болмай, менсінбей отырғанын байқаған Балтекең қонағына қарап «Тақсыр, қаққан қазықтың топырағы қайда барады»-деп, сұрапты. Аз уақыттан соң қонақ «бірәдәр, сұрағыңыздың жауабын өзіңіз айтпас па екенсіз» дегеніне Балтекең «Егер үйге құдайы қонақ келсе, сол үйдің иесісі келген қонағын шын ықылас-ниетпен қарсы алып, бар мәзір, жоқ-жайымен сый-құрмет көрсетпесе қаққан қазықтың топырағы үй иесінің көзіне барады-деп, оң қолының екі сұқ саусағын өз көзіне қарай бағыттайды. «Ал үй иесі келген қонағын шын көңіл, ақ ниетімен қарсы алып, үйінде барлы-жоқты дәм-тұзын салып, қонақтың алдына ақ дастарқанын жайса, қонақ үй иесінің құрметіне ырза болмай, менсінбей, менмендік танытса қонақтың көзіне барады»-деп, екі сұқ саусағын қонақтың көзіне бағыттайды. Осы кезде қонақ шалқасынан құлап, тұра салып үстіндегі шапанын шешіп Балтекеңнің иығына жауып «Қожеке, кешіріңіз менен бір ағаттық өтті»-деп кешірім сұрапты. Ертеңіне ауылдан атқа мініп ұзаған соң қасындағы жолдастары «Қалпе, кеше дастарқан басында есік жақта отырған үй иесі сіздің көзіңізге қарай екі саусағын нұсқағанда шалқаңыздан түсіп, тұра сала шапаныңызды ол кісінің иығына жапқаныңыз не?» – деп сұрапты. Сонда Мәжекең «сендер не білдіңдер, Балтекең екі саусағын қаққан қазықтың топырағы дастарханды менсінбеген, үй иесінің шын пейіл, ақ ниетіне ризашылық білдірмеген қонақтың көзіне барады» деп маған қарай нұсқағанда сойылған серкенің екі мүйізі екі көзіме кіріп кете жаздады. Серкенің мүйізі көзімді шығарып жібере ме» деп қорыққанымнан шалқамнан құлап түстім. Сонда ғана өзімнің ағаттығымды түсініп, айыбым үшін Қожекеңнің иығына шапанымды шешіп жаптым-деп жауап беріпті.

Сол Балтекеңнің қызын менің үлкен әкем Ыбырайдың ағасы Смайыл өзінің жиені Шұғайыпқа құда түсіп алып береді. Смайылдың ұлы Әбілда жалғыз бол-ған соң, балама серік болсын деп жиенін бала қылып асырап алған екен. Бірақ Шұғайып Балтекеңнің қызымен көп отаспай айырылысады. Сонда Балтекең Шұғайыпқа «Аллаһ сені қосаққа жарытпасын»-деп теріс бата бергеніне әкем куә болыпты. «Аллаһтың әмірі, сол Балтекеңнің батасын Аллаһ қабыл қылды ғой деймін, Шұғайып пысық, ширақ адам еді, бірақ ақыры жақсы болмады» дейтін әкей. Олай дейтінінің себебі – отбасынан ажырасқаннан кейін Шұғайып Петропавл жағына барып оқу оқып, тәп-тәуір қызметке орналасып жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп жұмысты болып сотталып, сол жақта Татьяна дейтін орыс әйеліне үйленеді. Орыс әйелімен ел арасында сіңісіп тұра алмайды. Екеуінен бала да болмайды. Бала қылып асырап алған інісінің баласы да олардың қолын-да тұрмайды. Содан Қарағанды қаласынан 5-10 шақырым «Узенка» деген жерде орыс әйелімен екеуі ғана тұрып, сол жерде қайтыс болды. Тірісінде де, өлгенінде де ағайын-туыс хабарласып, араласып қатыспады.

Балтекең қожа болған соң бірлі-жарым емшілікпен айналысып, ауру-сырқауға Құран аяттарын оқып, дем салып, ем-дом қолданады екен. Ол кезде ел арасын-да ақша аз ғой, өйткені еңбек ақыға ақша алып жұмыс істейтін жұмыс орындары жоқ. Сондықтан да жылына бір рет жәрмеңкеге шығып мал сатқанда болмаса, елдің қолында ақша бола бермейді. Кедей-кепшік, жоқ-жітіктің арасында сататын малдары болмаған соң, ақшаны қолына ұстап, мөрін танымайтындар көптеп саналған. Осындай жағдайда ел арасында алық-берікте, біреудің көрсет-кен қызметіне ірілі-ұсақты малмен есеп айырысу кең етек алған. Балтекеңнің жасаған еміне, шығарған намазына, оқыған құранына елі атаған малдың басына ол кісі ноқта кигізбеген екен. Мал иесі «мынау Сізге атаған малым еді, ырза болыңыз» дегенде, «Аллаһ жарылқасын, босатып қоя беріңіз» деп малды қорадан шығарып, не табыннан ұстап алып келіп, басын бос жіберген. Мал қандай асау болса да Балтекеңнің үзенгісін иіскеп, соңынан еріп кетеді екен.

 

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Сондай-ақ, оқыңыз

Смағұл қожа

Мақтұмсейт бабаның ұрпағы Сейтасан қажының үшінші баласы – Смағұл қожа. Смағұлқожа 1895 жылы дүниеге келіп, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған