Білген Шайыр айтады

Қисса Салсал (соңы)

Кәпірлер де қарап тұр есі кетіп,

Қаһмас патша қуанды қуаныш етіп.

Салсалұғлы Сарубал сол уақытта,

Тоқсан мың қолды бастап келді жетіп.

 

Әли Арыслан көрді ғой Сарубалды,

Өз қолына “аттан!” деп жарлық салды.

Мұсылмандар сайланып, атын мініп,

Сарубалдың алдынан қарсы барды.

 

Қаһмас тау басында тұрды қарап,

Мәлікаждар жалғыз барды “бір Аллалап”.

Жекпе-жекке келгенде Мәлікаждар,

Жетпіс палуан кәпірді байлап алды.

 

Мәлікаждар қайратпен қылыш шапты,

Кәпір қырылып, қандары судай ақты.

Бірме-бірге кәпірлер шыдай алмай,

Мәлікке ат қойыпты бәрі қаптай.

 

Екі қол араласып соғыс салды,

Жер жүзіне ағызды судай қанды.

Мұсылмандар кәпірді қойдай қырды,

Ер Әли ұстап алды Сарубалды.

 

Ол Сарубал Әлиге найза салды,

Найзасын Шер Арыслан тартып алды.

Жағасынан жерге ұрды Әли Арыслан,

Мықтап байлап, қосына алып барды.

 

Сарубалды жөнелді байлап алып,

Қалған кәпір жылайды айғай салып.

Жан сауғалап кәпірлер тілек қылып,

Жай-жайын жатыпты қайтып барып.

 

Мұсылмандар кәпірге салады ойран,

Мұсылман болғандарын азат қойған.

Арыслан мен ол басқа батырларға,

Естен танып Сарубал болды қайран.

 

Сарубал палуандарға қалды таңа,

Жеңілместей көрінді һешбір жанға.

Қайтып келіп қосына отырған соң,

Ер Әли сөз айтады Сарубалға:

 

– Сарубал, сөз сөйлеймін сізге, – деді,

Менен хат алып атаңды ізде, – деді.

Жай жүргенде ол атаң өзі тиіп,

Жау жіберді екі мәрте бізге, – деді.

 

Бұ хатты қолыңа алыңыз сіз,

Атаңа бар тоқтамай кеші-күндіз.

Әскер жиып атаңа айт, әзір болсын,

Үшінші де үстіне барамыз  біз.

 

Осылайша білдірді хатқа салып,

“Соғысамыз, – деп айтады, – біз де барып”.

Бірнеше жолдас қылды Сарубалға,

Атасына жөнелді хатын алып.

 

Сарубал хатын алып жолға кірді,

Күні-түні тоқтамай жылдам жүрді.

Сарубал солайша боп бара тұрсын,

Тағы Әли қолымен кеңес қылды.

 

– Мұсайып жетпіс мыңменен қалсын, – дейді,

Қаһмаспен соғысқа салсын, – дейді.

Өзгеміз Салсал жаққа жөнелейік,

Мұсайып Қаһмасты алсын, – дейді.

 

Мұсайып жатып алды тауды қамап,

Жетпіс мыңды қасына алды санап.

Төрт жүз мыңмен ер Әли бастық болып,

Салсал жаққа жөнелді “бір Аллалап”.

 

Мұсайып жетпіс мыңмен онда қалған,

Төрт жүз мыңды Арыслан санап алған.

Ер Әли Салсал жаққа бара тұрсын,

Тағы хабар айтайын Сарубалдан.

 

Сарубал хатты алып екі ай жүрді,

Екі айда үйіне барып кірді.

Әли сөзін атасына тамам айтып,

Қойнынан суырып хатын берді.

 

Екі айдан соң Сарубал барып жетті,

Салсал ақырып тітіретті аспан-көкті.

Әли сөзін айтқан соң ашуланып,

Салсал малғұн баласын қатты сөкті.

 

– Өзімдей неге болмайсың өткір, – деді,

Ашуымды келтірмей, тек тұр, – деді.

Сарубал сөзін Салсал тындамады,

Атасына қайырып “сен” демеді.

– Бүгін-ертең келеді, ләшкерің жи,

Сонда мәлім болар, – деп үндемеді.

 

Сарубал сөйдеп отырды көңілін басып,

Салсал да ашуланды асып-тасып.

Екеуі сол сөзбенен отырғанда,

Бір адам зар жылап келді қашып.

 

Ол кісі айтты: – Тыңдап тұр сөзім, – деді,

Падиша, қорқып келдім өзім, – деді.

Әли келді, көрді осы көзім, – деді,

Қолы көп басқан жердің жүзін, – деді.

 

Салсал малғұн бек қатты ашуланды,

Жеті ықылымға хатпенен хабар салды.

Арыслан ләшкерімен жетіп келіп,

Майдан түзеп, сап тартып түсе қалды.

 

Майдан құрды ер Әли жетіп барып,

Кәпірлер де қарап тұр аң-таң қалып.

Баба Омар қолына қарауыл болып,

Ұйықтамастан тұрады шырқ айланып.

 

Әли қолы ол күні дамыл алды,

Дамыл алып, баршасы ұйықтап қалды.

Баба Омар “Салсалды көрейін” деп,

Жасырынып Салсалға жетіп барды.

 

Баба Омар Салсалға жетіп барды,

Қолын көріп, Салсалға көзін салды.

Салсалды көрсе, бойы – жиырма кез,

Ені – алпыс кез, Бабаңыз Омар қайран қалды.

 

Салсалды көрсе Бабаң, қаһары түсті,

Түсін көріп Бабаңның құты ұшты.

Бабаңыз мұны көріп қалтырады,

Бір Жаратқан Құдайын жад қылады.

 

“Оқ-жағымды әкел!” деп сол уақытта,

Салсал малғұн ләшкеріне ақырады.

Баба Омар сонда айтты: – Бар Құдай-а,

Салсал жаман көрінді маған тым-ақ.

“Әлиге жалғыз өзің жәрдем бер” деп,

Бабаңыз осылайша қылды дұға.

 

Баба Омар Салсалға аң-таң қалған,

Қол, аузы, мұрнына болды қайран.

Салсалдың оқ ататын жағын сонда,

Әзер алып келеді отыз палуан.

 

Сегіз жүз батпан шоқпарын қолына алып,

Жағын алып, садаққа оғын салды.

“Жалғыз өзім Әлиді көремін” деп жүрді,

Жанына ертпей жалғыз жанды.

 

Салсал: – Жалғыз Әлиге барам, – деді,

Келер ме екен, байқаймын, шамаң, – деді.

Теңдес болса барамын соғысына,

Тең болмаса, бармақ ар маған, – деді.

 

Салсал сүйдеп жол тартып еді,

Баба Омар бұ сөзін көріп тұрды.

Баба Омар алдынан бұрын барып,

“Салсал сүйдеп келеді” деп хабар берді.

 

– Келеді Салсал мынау жақтан, – дейді,

Сіз де алдынан қару алып аттан, – дейді.

Құдай сізге жар болсын, қуат берсін,

Әйтеуір, жаман кәпір, сақтан, – дейді.

 

Зұлпықарын беліне асынады,

Сегіз жүз батпан шоқпарын қасына алды.

Қару-жарақ баршасын сайлап алып,

Шер Арыслан Салсалға қарсы барды.

 

Салсал тұрып мұсылманға бір оқ атты,

Салсал кәпір бек жаман, қаһары қатты.

Салсал оғы төрт кісіні шаһид қылып,

Қара тасқа барды да бір кез батты.

 

Бір оқты Салсал тағы да атты,

Төрт кісіден тағы өтіп тасқа батты.

Салсалдың қаһарынан, ей, жарандар,

Мұсылмандар қорқып қалтырапты.

 

Шер Арыслан Салсалға қарсы барды,

Салсал да ер Әлиге көзін салды.

“Бит бейкүнә өлерсің, атыңды айт” деп,

Қоқиланып алдына тұра қалды.

 

– Былшылдап сөйлеп тұрсың, – деді,

Көрейін деп келемін сені, – деді.

Атым сұрап нетесің, кәпір малғұн,

Қолыңнан келсе, аяма мені, – деді.

 

– Қарашы, биттей болып айтқаныңды,

Кім шыдар улы жақты тартқанымда.

Бір оқпенен атармын, тап өлерсің,

Қапы қалмай, [тұта] бер қалқаныңды.

 

Ер Әли қалқан тұтып тұра қалды,

Салсал малғұн бір оғын салып қапты.

Салсал оғын тигізбей қағып алып,

“Кәпір, оғың мынау” деп жерге салды.

 

Әли Арыслан жолықты мұндай ерге,

Салсалдың мұнысына кәрі келді.

Арыслан да оқпенен атқан екен,

Салсал да қағып алып салды жерге.

 

Зұлпықармен Салсалды тағы да ұрды,

Өлтіруге ойлайды кәпір сұмды.

Зұлпықар қанша шапты, һеш кеспеді,

Қайран болып ер Әли қарап тұрды.

 

Екеуі бір-бірін шабысады,

Бастарына шоқпармен салысады.

Белдерінен ұстасып күрес қылып,

Күн батқанша екеуі алысады.

 

Күн батқан соң жеңіспей айырылады,

Мұсылмандар Құдайға зар жылайды.

Денесі Әли Арысланның қатты ауырып,

Қозғала алмай бек қатты қайғырады.

 

– Құдай-а, қуат бергіл маған, – дейді,

Салсалға келер ме екен шамам, – дейді.

Көз айланып кеткенде, Пайғамбарым

Әлиге: – Көп қайғырма, балам, – дейді.

 

Бұ түске Әли Арыслан шаттанады,

Екі қол бір-бірінен сақтанады.

Екі қол екі жақтан майдан түзеп,

Мұсылманнан Керафил аттанады.

 

Керафил қаһарланып майдан барды,

Кәпірден он кісіні қырып салды.

Салсал малғұн ашумен жетіп келді,

Қылышпенен баласын екі жарды.

 

Керафилден Салсалдың асты күші,

Шаһид болып екі жаққа тәні түсті.

Бірме-бірге келгеннен мұсылманнан

Шаһид қылды ол кәпір отыз кісі.

 

Әли Арыслан Салсалға жетіп барды,

Зұлпықармен басына тағы салды.

Қаруменен бір-бірін жеңісе алмай,

Аударысып, тағы аттан түсе қалды.

 

Жығыса алмай бір-бірін күн де батты,

Айырылып бір-бірінен тағы қайтты.

Салсал малғұн қолына жағын алып,

Мұсылманға қаһарменен бір оқ атты.

 

Салсал тағы жіберді бір оқ атып,

Ақырды жер-көкті қалтыратып.

Екі жүз мұсылманды шаһид қылып,

Тағы да оғы кетті тасқа батып.

 

Сондай-сондай соғысты екі батыр,

О Салсалға түспеді заманақыр.

Зұлпықармен Әли де шауып еді,

Салсалдан да өліпті сансыз кәпір.

 

Екі қол соғыс қылды араласып,

Осалдары өледі құты қашып.

Қараңғы болып, бір-бірін көре алмайды,

Дүние жүзін қап-қара тозаң басып.

 

Күн кеш болып, қайтыпты тамам батыр,

Екі қол да қисапсыз өліп жатыр.

Соғыстың қаттысынан, ей, жарандар,

Қозғалғандай болыпты заманақыр.

 

Әлиді артық жаратқан бар Құдайым,

Ол тұрғанда өзгені не қылайын.

Ол күнгі Әлидің қайратынан

Кәпірлерге қиямет болды қайым.

 

Бәрінен де Әлидің артық күші,

Екі қол жер-жеріне қайтып түсті.

Баба Омар өлікті санап көрсе,

Мұсылманнан өліпті қырық мың кісі.

 

О дүнияда нұр болды шаһид қаны,

Шірімейді шаһидтің және тәні.

Ол күні қырылған кәпірлердің,

Ей, жарандар, жоқ екен тіпті саны.

Қырық мыңға жаназа оқып, олар көмді,

Қабірлері алыпты құба дөңді.

 

Сол шаһид һәр жұма кешкісінде,

Азан айтып жатады осы күнде.

Азан айтып жылайды осы күнде,

Ерге маза бермейді ұзын түнде.

 

Дүнияда ондай соғыс һеш болған жоқ,

Оңдай азан айтылмас өзге жерде.

Салсал малғұн орнына барып жатты,

Тұс-тұсына хат жазып, жіберді атты.

Тоқсан ұғлы тоқсан жерде патша екен,

“Бәрі де келсін” деп хабар айтты.

 

һәр тарапқа Салсалдан кісі кетті,

Ол уақытта неше күн, түндер өтті.

Шамама қатын патша, тоқсан ұғлы,

Жер қозғалтып Салсалға жетіп келді.

 

Мұсылманның бұларды көзі көрді,

Қайыстырып келеді қара жерді.

Бұлар келіп соғысқа сап тартады,

Арысланның майданға өзі кірді.

 

Біреу келді, Арыслан екі бөлді,

Бір кәпір қарсыласып тағы да өлді.

Кісілері өлгенге шыдай алмай,

Қаһарланып Салсалдың өзі кірді.

 

Шоқпар ұрып, қылышпенен шабысады,

Бір-біріне тигізбей қағысады.

Бір-біріне қаруменен кәр қыла алмай,

Аттан түсіп тағы да алысады.

 

Бір-біріне бәрібір жолықты кез,

Бір-бірін жеңісіп жықпайды тез.

Бір-бірін алысып жығыса алмай,

Салсал тұрып Әлиге айтады сөз:

 

– Ер Әли, сөзім тыңда айтқан, – деді,

Менде бар төрт жүз батпан арқан, – деді.

Жеті пілге арттырып тигізейін,

Бір арқаным төрт жүз батпан, – деді.

 

Бір ақылды айтайын, болсын қызық,

Уағдаңды, сірә, кетпе бұзып.

Топтасып бір-біріміз, тағы тартысайық,

Ортамыздан бір белгі сызық сызып.

 

Ей, Әли, қабыл көргіл мұнымызды,

Тартысқанда салайық жанымызды.

Қайсымыз сызықтан шығарсақ та,

Ықтияр қылысайық дінімізді.

 

Менен асып шығарсаң халің, – деді,

Сонда сенің дініңді алдым, – деді.

Егер сені шығарсам мен сызықтан,

Сен де менің пұтыма табын, – деді.

 

Арыслан отырады “жарайды” деп,

“Сендей мұсылман қылғанмын талайды”, – деп.

Арқанына жіберді Салсал патша,

Екеуіне қарап тұр, жиылған көп.

 

Жеті пілге арқанды артып келді,

Сызық қылып белгілейді орта жерді.

Салсал малғұн ақырып тартқан екен,

Алмадай домалатты Әли ерді.

 

Алмадай домалатып жүре берді,

Сызық жағын Әлидің көзі көрді.

Қаһарланып салмағын салған екен,

Арыслан белуардан жерге кірді.

 

Қаһарланып ол малғұн екі тартты,

Қаһарланып Арыслан белден батты.

Екі тартып Әлиді қозғалта алмай,

– Енді, Әли, сен тарт, – деп Салсал айтты.

 

Әли Арыслан жад қылды әуел Хақты,

Тұзақ салып Салсалды о да тартты.

Ақырып Әли Арыслан тартқан шақта,

Салсалыңды алмадай домалатты.

 

Салсал малғұн сызыққа көзін салды,

Көзін салса, сызыққа жетіп қалды.

Қаһарланып бұ дағы салмақ салып,

Бұ дағы белуардан жерге батты.

 

Салсалдың ол сызықты көзі көрді,

“Шыныменен өтем бе” деп қаһары келді.

Ақырып о да салмақ салып қалып,

О дағы белуардан жерге кірді.

 

Екіншілей Салсалды және тартты,

Қара жерге ол Салсал белден батты.

Екіншілей тартса да Әли Арыслан,

Салсал малғұн орнынан қозғалмады.

 

Үшіншілей тартады және қызып,

Екі палуан бір сондай қылды қызық.

Үшінші тартқанында, айналайын,

Арқанды ортасынан кетті үзіп.

 

Үзілді арқан қатты тартқан үшін,

Бір Құдайым оңдаған Әли ісін.

Екі қол да айтады екі жақтан,

Салсал енді асты десіп Әли күшін.

 

Күштерін екеуінің жақтасыпты,

Мұсылмандар Әлиге жақтасыпты.

Арқан үзіліп кеткен соң тартқанында,

Екі қол Әли күшін мақтасыпты.

 

Екі палуан шаң қылды жердің жүзін,

Қаһарланып алысты тағы да тым.

Екеуі жығыса алмай айырылмастан,

Күрес қылды алысып жеті күн-түн.

 

Сегізінші күн Арыслан кетті қалғып,

Жеті күн алысқаннан және талып.

Ұйықтағанда ол Салсал тасқа ұруға

Оңтайланды Әлиді қолына алып.

 

Қамшыдай айналдырды Әлиді қолына алып,

Ұйқыдан Әли батыр кеткен талып.

Тасқа ұруға тұрғанда Арысланды,

Бір періште оятты айғай салып.

 

Бір періште Әлиге: – Неттің, – деді,

Ұйықтаймын деп түбіне жеттің, – деді.

Енді көзіңді ашпасаң, иә, Арыслан,

Хор қыздарын құшуға кеттің, – деді.

 

Періште осылайша айғай салды,

Құлағына Әлидің дауыс барды.

Көзін ашса, Салсалдың қолында тұр,

Бұлқып-бұлқып ол жерге тұра қалды.

 

Сондай ерлер жаратты бар Құдайым,

Сондай артық ерлерді жад қылайын.

Сол шақта Салсал малғұн ұйықтап кетіп,

Әли де алды қолына қамшыдайын.

 

Салсалды да Арыслан қолына алды,

Қара тасқа ұруға ыңғайлады.

“Иә, Салсал, жаһаннамға кеттің ғой” деп,

Құлағына Ібіліс келіп, айғай салды.

 

Арысланмен алысқан о да күшті,

Бір-біріне көрсетті сондай істі.

Көзін ашса, Әлидің қолында тұр,

О да ұрдырмай, үш бұлқып жерге түсті.

 

Екі батыр ұйқыдан кеткен талып,

Алысқанда шаң қылды айғай салып.

Екі қол екі жақтан жетіп келіп,

Кеттілер палуандарды айырып алып.

 

Сондай заман кетіпті бұрын өтіп,

Екі палуан барады қосқа жетіп.

Қатын патша, Салсалдың тоқсан ұғлы,

О да келді жер-көкті тітіретіп.

 

Олар келді қайыстырып қара жерді,

Мұсылманның бұларды көзі көрді.

Мұсылмандар жанынан үміт үзіп,

Бақылдасып бір-біріне жылайды енді:

 

– Қол келді ғой қисапсыз жерде, – дейді,

Қаламыз ба біз тірі өлмей, – дейді.

Мұсылмандар жылайды қолды көріп:

– Өлеміз Пайғамбарды көрмей, – дейді.

 

Қол келді сондай үлкен қисапсыз көп,

Көптігінен қараңғы болды аспан-көк.

Сахабалар бір-біріне тапсырады,

“Пайғамбарға барғаның сәлем де” деп.

 

Мұсылмандар жад қылды бір Құдайды,

Бұрын, сірә, көрмеген һеш мұндайды.

“Қай барғаның Пайғамбарға сәлем айт”  деп,

Құшақтасып бір-біріне зар жылайды.

 

Мұсылмандар солайша зар қылады,

Пайғамбар менен жад қылып бір Құдайды.

Мұсылмандар әлгідей жылауына,

Намаз оқып Арыслан қайғырады.

 

Сондай қорқып жылады сахабалар,

Намаз оқып қайғырады Әли Хайдар.

Әли Арыслан намаз оқып жасырынып,

Бір Құдайды жад қылып жылайды зар.

 

Қисап қылып болмайды қолын тіпті,

Бұрын, сірә, көрмеген ондай көпті.

Қаһарланып Арыслан бір ақырды,

Он екі мың кәпірдің жаны шықты.

 

Ақырғаннан қырылды тепеден-тек,

Кәпірлердің саны жоқ, қисапсыз көп.

Тірі қалған кәпірлер естен танып,

Дамбалдарын киіпті көйлегім деп.

 

Арыслан жүр ақырып, қылыш ұрып,

Кәпір өлді дауысынан қарап тұрып.

Ақырудан кәпірлер есі кетіп,

Бөріктерін киіпті етік қылып.

 

Ақырады Арыслан тағы да тым,

Жүрегі ұшып өледі кәпірлер сұм.

Екінші ақырғанда Шер Арыслан,

Жан беріпті кәпірден жиырма мың.

 

Арысланның бәрінен қайраты асқан,

Дауыспен қырып кәпірдің көңілін басқан.

Япырым-ау, қылыш шауып не қылады,

Сөйтіп ақыра берсінші тоқтамастан.

 

Сондай-сондай Арыслан айғай салды,

Балаларын Салсал да ойына алды.

“Тоқсан балам, қайда?” деп сонда Салсал,

“Өлді ғой” деп, аһ ұрып, талып қалды.

 

Сонда Әли байлады Салсал ерді,

Қатын патша Әлиге қарсы келді.

Оны да жығып, екеуін мықты байлап,

Кісілерін жапырып қосқа [келді].

 

Салсалды Шамама менен алды байлап,

Қылыш шапты кәпірге тағы айғайлап.

Салсал менен Шамаманы байлаған соң,

Өзгелері бас ұрды жан сауғалап.

 

Жалынғанын Арыслан қабыл көрді,

Шамама менен байлады Салсал ерді.

Кәпірлерді мұсылман ғып, жеңіп алып,

Әли Арыслан қосына қайта жүрді.

 

Әли Арыслан солайша қосқа қайтты,

Кәпірлерді қорқытты қаһары қатты.

Қосқа келіп Арыслан демін алып,

Шамама менен Салсалға иман айтты.

 

Салсал айтты: – Нашар ғой менің халім,

Қайғыдан ішім менің отты жалын.

Шын мұсылман болайын иман айтып,

Алтын шаһар берсеңіз, жарым малым.

 

“Берейін” деп Салсалменен қылды кеңес,

Әли қорқып һеш жаннан қайғы жемес.

Айла ғып айтқан екен Салсал малғұн,

Алтын шаһар жол екен барса-келмес.

 

Салсалдың ол айтқаны қулық екен,

Жаны тым кәпірлерге жуық екен.

Алтын шаһар жолының жартысы от,

Жартысы һәм жан жүрмес суық екен.

 

Әлиді “өлер” дейді соныменен,

Құтылармын амалдап мұныменен.

Шамама иман айтты шыныменен,

Салсал да айтты бергі жақ , тіліменен.

 

Салсал айтты дауысының күшіменен,

Шамама иман айтты ішіменен.

Шамама шын көңіліменен иман айтып,

Салсал болды тілінің ұшыменен.

 

Онан соң шаһарына кірді қайтып,

Мұсылмандар кіреді шеру тартып.

Шаһардағы ол қалған көп кәпірлер,

Хақ мұсылман болыпты иман айтып.

 

Салсалдың шаһарына дін айтады,

Салсалдан басқа иманды шын айтады.

Шамама, Салсал, Әли, Баба Омар,

Алтын шаһарды алуға жол тартады.

 

Өзгелері шаһарда тұрып қалды,

Дін үйретіп, медресе, мәсжид салды.

Әли, Салсал, Шамама, Баба Омар,

Алтын шаһарды алуға іздей барды.

 

Төртеуі жолға түсіп іздей кетті,

Атына қамшы басып екпіндетті.

Алтын шаһар ішінен бір от шығып,

Төртеуі де өлімге жуық жетті.

 

Алдынан бір жел шықты отты жалын,

Төртеуінің күйдіріп алды халін.

Үшеуі тұрып қалды, Әли жүрді,

От ішінде қинайды шыбын жанын.

 

Ер Әли сиынады бір Құдайға,

Мұндай қатты ыстық от болды пайда.

Бір күн, бір түн жол жүріп өліп-талып,

Қалжырап жетті Арыслан бір сарайға.

 

Сарайда ақ сақалды бір шал көрді,

Сарайда о да көрді Әли ерді.

– Жолың болсын, хош келдің, – деп әлгі,

Шер Құда, Әли, – деп сәлем берді.

 

Уағаләйкум ассалам, бабам, – деді,

Бұ сөзіңе қуандым тамам, – деді.

Көрген жерден Әли деп сәлем бердің,

Мені Әли деп кім айтты саған? – деді.

 

– Дал баласы Зал патша сиқыр қылды,

Бұ жерге Әли келер деп айтқан сол-ды.

Әлиден басқа һешбір жан келмес деген,

Мен отырмын екі жүз елу жылдай.

 

Әли айтты: – Ей, баба, сөзімді тұт,

Жөніңді айт, амал қылып жасырма көп.

Екі жүз елу жылдан тұрған болсаң,

Айтшы, қайдан шығады осынау от?

 

Бабаң сонда: – Ей, Әли Арыслан, – деді,

Тәңірі “Арыслан” деп атыңа қосқан, – деді.

Бұ отты сұрасаң мен айтайын,

Сарайдан шығады бір тастан, – деді.

 

Сол сөзді айтып мұсылман болып,

Бабаң өлді, жаназа оқып, ер Әли көмді.

Сарайдың ішіне кіріп барып,

Екі тастың қасына жетіп келді.

 

Сарайдың кіріп келді есігінен,

Тасты көрді Бабаңнан естіген.

Жуан айна көзіндей тесігі бар,

Манағы от шығады сол тесіктен.

 

“Иә, Алла” деп ол тасқа қылыш шапты,

Тас айғайлап бүйірі қалтырады.

Тастан бір дауыс шығып, япырым-ай,

Бір күн, бір түн ер Әли талып қапты.

 

Бір заман ер Әли көзін ашты,

От пен сарай, көрмеді шапқан тасты.

Сиқыр екен, баршасы жоқ болған соң,

Үшеуі келіп Әлиге амандасты.

 

Салсал менен келді Шамама, Баба Омар,

От кеткен соң, Әлиге келді олар.

Алтын шаһар жолына тағы үшеуін,

Бастап алып жөнелді Әли Хайдар.

 

“Өлсе екен” деп келеді ол Салсал сұм,

Оның ойын білмейді тіпті һешкім.

Төртеуі қосылысып, ей, жарандар,

Дамыл алмай жүріпті үш күн, үш түн.

 

Төртінші күн алдынан шықты суық,

Салсал бастап келеді қылып қулық.

Суық тамұқ сықылды қаттылығы,

Төртеуі де өлімге жетті жуық.

 

Үшеуі жүре алмай сонда тұрды,

Ер Әлиді бұлардың көзі көрді.

Үшеуіне “хош тұр” деп амандасып,

Әли Арыслан “Алла” деп жолға кірді.

 

Әлиге жәрдем берген жалғыз Алла,

Қиындық көрсетеді шыбын жанға.

Қалжырап ол суықтан шығамын деп,

Жеті күн, түн тақсырлар жүрді жолда.

 

Сегізінші күн болғанда Әли Арыслан,

Мақтамай қайтіп тұрсың Әли ерді.

Ол сарайға тоқтамай Әли кірді,

Алдынан сарайы бар күмбез көрді.

О да көріп алдынан тұра келіп,

Манағыдай бір шалды көзі көрді.

 

– Уағаләйкүм ассалам, батыр, – деді.

Қар, отқа батқан таныдым затың, – деді.

– Көрген жерден Әли деп сәлем бердің,

Саған менің кім айтты атым? – деді.

 

– Сені, Арыслан, жаратқан жалғыз Құдай,

Сені күтіп мен тұрдым көптен мұнда-ай.

Дал баласы Зал патша қойып кетті,

Мұнда тұрдым екі жүз елу жылдай.

 

Ей, Әли, білдірейін саған, – деді,

Білгенімді айтайын тамам, – деді.

Бұ жерге Әлиден басқа жан келмес деп,

Зал патша айтып кеткен маған, – деді.

 

Сондай патша бек үлкен өткен екен

Бұ дүнияға қолдары жеткен екен.

Екі түрлі байлау ғып от-суықпен,

Сиқырменен адам ғып кеткен екен.

 

Онан өтіп Арыслан келмек екен,

Арысланның келуін білген екен.

Сиқырыма Әли келер деген екен,

Ол адам сөйлескен соң өлген екен.

 

Ер Әлиді қолдаған жалғыз Сұбхан,

Құдай үшін Арыслан жанын қиған.

Арысланның аяғына басын қойып,

Шал мұсылман болыпты айтып иман.

 

Жақсы көріп Арыслан, бабам, – деді,

Алтын шаһар жайын айт, маған, – деді.

Алуға келер ме екен шамам, – деді,

Жайын айт, қалай ашып алам? – деді.

 

– Жайын сізге айтайын, Шаһимардан,

Бір құдықты табарсың осынау жерден.

Ол құдықтың түбінде бір дию бар,

Құдық атын сұрасаң, Шаһалмаран.

 

Ол диюдың қолында бір тақтай бар,

Сол тақтайды алған адам шаһарды алар.

Ала алмасаң, ашуы болар нашар,

Білгенім сол, жәрдем берсін жалғыз Жаппар.

 

Сол сөзді айтып сол жерде бабаң өлді,

Өлгенін ер Әлидің көзі көрді.

Иман айтып, ол баба өлгеннен соң,

Батыр Әли күмбезге жетіп келді.

 

Күмбезге ұрды қылыш “иә, Алла”, деп,

Арысланның бойында қайраты көп.

Күмбез бұзылып ішінен дауыс шығып,

Қап-қараңғы болыпты жер менен көк.

 

Күмбез ішінде бір дию тұрар деген,

Сиқырменен ол суықты қылар деген.

Сиқырдың күштісіне қарашы,

Суық дию мұрнынан шығады екен.

 

Дию қорқып, ауаға кетті ұшып,

Сиқыршы екен бек қатты дию күшік.

Даусының қаттысынан шер Арыслан,

Бір күн, бір түн жатыпты талып түсіп.

 

“Болмас-болмас” деді де дию қашты,

Баршасынан Әлидің қайраты асты.

Бір күн, бір түн өткен соң, ей, жарандар,

Есін жиып Арыслан көзін ашты.

 

“Иә, Алла” деп орнынан ұшып тұрды,

Күмбез де жоқ, қар да жоқ, көзі көрді.

Сиқыр екен, баршасы жоқ болған соң,

Манағы қалған үшеуі жетіп келді.

 

Үшеуі Арысланды көзі көрді,

Жаназа оқып, төртеуі шалды көміп.

Төртеуі амандасып шалды көміп,

Манағы айтқан құдыққа жетіп келді.

 

Жетіп келіп құдыққа тұрса қарап,

Аузынан жатыр жалынды оттар шығып.

Ол құдықтан қорқып тұр Салсал сұмдық,

Бастап барған Әлиді қылып қулық.

“Беліңе арқан байлап, жылдам түс!” – деп,

Батыр Әли Салсалға қылды бұйрық.

 

– Маған қиын бұ айтқан сөзің, Әли,

Құдықты көріпті ғой көзің, Әли.

“Құдыққа түс” деп, Арыслан, қинағанша,

Қинамай өлтірсеңші өзің, Әли.

 

Арыслан өзі түсуге оңтайланды,

Баба Омар Әлиге жетіп барды.

Шамама, Баба Омар зар жылайды:

– Артыңа тастама, – деп, – бұ Салсалды.

 

Бізді жолдас қыласың жаманменен,

Бұ жай тұрмас сіз кетіп қалғанменен.

Шын мұсылман болған жоқ осы Салсал,

Сізді ертіп алдап жүр жалғанменен.

 

Түсіп кетсең, қор қыласың бізді, – дейді,

Салсал күдер иманнан үзді, – дейді.

Құдыққа түсіп кетсең, осы кәпір

Ләшкермен һәлак қылар бізді, – дейді.

 

Сөйтсе де Әли түсті арқан байлап,

Салсал тұр, арқан ұстап күліп-ойнап.

Салсал кәпір арқанды қоя берді,

Әли кетті құдыққа “иә, Аллалап”.

 

Артыннан және жіберді таудай тасты,

Салсал кәпір Әлиге қылды қасты.

Баба Омар, Шамама мұны көріп,

Екеуі зар жылап, тауға қашты.

 

Қашпай қайтсін екеуі Салсал мықты,

Әлиді алдап құдыққа тағы тықты.

Салсал енді екеуін қуалады,

Тау басына екеуі бұрын шықты.

 

Салсал малғұн екеуін қуалайды-ау,

Ол екеуі жад қылады бір Құдайды-ау.

Екеуі тау басына бұрын шығып,

Салсалды таспен ұрып шығармайды-ау.

Қайтадан кәпір қылды өз ләшкерін,

“Әлиді өлтірдім” деп айғай салды-ау.

 

Салсал айтты: – Ол бүгін тұрамын, – деп,

Ойын қылып мәжіліс құрамын, – деп.

Арақ ішіп, той қылды ойнап-күліп,

“Ертең Әли ләшкерін қырамын”, – деп.

 

Түрлі-түрлі ойын ғып, ішті асты,

Кәпірлердің қуанып, көңілі тасты.

Тау басында ол қалған Баба Омар,

Шамамамен сөйлесіп ақылдасты.

 

– Шамама, сен қал менің сөзімменен,

Салсалдың мен барайын ізіменен.

Ләшкерді һәлак қылармын амалдап,

Айналдырып келейін ізімменен.

 

Шамама Баба Омар тілін алды,

Тілін алып, ол тауда жатып қалды.

Салсал мас болып, бәрі ұйықтап жатыр екен,

Баба Омар артынан жетіп барды.

 

Бабаң бір істік темір тауып алды,

Қып-қызыл ғып балқытып отқа салды.

Істік темірді қызартып қолына алып,

Салсалдың бір көзіне қойып қалды.

 

Бабаң алды көзіне істік сұғып,

Істік кіріп, бір көзі кетті шығып.

Бір көзі ақырайып, айғай салып,

Ләшкерімен Бабаңды кетті қуып.

 

Тау басына Бабаңыз қашып барды,

Тасын атып, Салсалменен соғыс салды.

Тау басына екеуі шығармады,

Ләшкерменен ол тауды қамап алды.

 

– Құдықта мүшкіл Әли күні, – деді,

Осы айтқан бар ғой сөзім жөні, – деді.

Әли де, ләшкері де һеш құтылмас,

Әуелі, өлтірейік мұны, – деді.

 

Ол тауды қамап жатты енді олар,

Тау басынан екеуі ойран салар.

Олар солай соғысып тұра тұрсын,

Құдықтағы Әлиден алың хабар.

 

Құдыққа түсіп кетті ол Әли жас,

Салсал малғұн оларға қылды ғой қас.

Әлидің сонда арқаннан босап кетіп,

Қараса, тағы артында келеді тас.

 

Таудай тасты Әлидің көзі көрді,

Қағып алып, астына қойды жерге.

Құдық түбі ол толған жылан екен,

“Арыслан” деп баршасы сәлем берді.

 

Жыландардың сәлемін Әли алды,

Бір дию тұр тақтайы бар, көзін салды.

О дағы “Арыслан” деп сәлем берді,

Сәлемін алып, қасына жетіп барды.

 

Тақтайды берді сонда Әли ерге,

Тақтайды алды Арыслан төмен жерде.

Ол дию тақтай беріп ер Әлиді

Арқалап алып ұшты биік өрге.

 

Әлиді алып ұшқан дию мықты,

Салсал жиып алыпты тамам жұртты.

Ол дию арқасына салып алып,

Арысланды құдықтан алып шықты.

 

Арысланды көтеріп алып ұшты,

Әлиді алып ұшқан дию күшті.

Құдықтан шығып, Әли қарап тұрса,

Салсал менен Бабаңа көзі түсті.

 

Соғысып жатқандарын көзі көрді,

Салсал – ойда, екеуі – биік тауда.

Құдықтан шығып Салсалға қаһарланып,

Бір ақырып майданға өзі кірді.

 

Жоғарыдан Бабаңыз тас атады-ау,

Салсалдың тас ләшкерін ұстады-ау.

Салсал көріп Әлиді, ұшып келіп,

“Күнәһім кеш” деп аяғын құшақтады.

 

Салсал күнәһісін Арыслан тағы кешті,

Баба Омар істікпен көзін тесті.

Өзге қол ол жерде тұрып қалды,

Төртеуі шаһарды іздеп жолға түсті.

 

Төртеуі Алтын шаһарға жетіп барды,

“Есігі қайда екен?” деп көзін салды.

Төңіректеп есігін таба алмады,

Батыр Әли сол жерде ұйықтап қалды.

 

Қайран болып жатыпты бір күн, бір түн,

Солардан да өтіпті бұ дүние сұм.

Ол түні Әли ұйықтап жатқан уақыт,

Түсіне келіп кіріпті Пайғамбарым.

 

Түсінде Пайғамбар Әлиге хабар берді,

“Түрегел” деп оятты Әли ерді.

Түсінде Пайғамбарым ер Әлиге,

“Бір қалақ темір бар, – дейді, – пәлен жерде”.

 

– Түрегел, көп қайғылы болма, – дейді,

Қалақты қаз, шот алып қолға, – дейді.

Қалақ темір ол түбін қаза берсеңіз,

Алтын шаһар ашқышы сонда, – дейді.

 

Тұрып Арыслан жүрді әлгі айтқан жаққа-ау,

Қалақ темір түбіне жетіп қапты-ау.

Төртеуі әлгі жерді қазған екен,

Алтын шаһар есігін сонан тапты-ау.

 

Есікті жұлып алып Әли кірді,

Өзге үшеуі кіре алмай тыста тұрды.

Ішінде қисабы жоқ қол тұр екен,

Баршасы Арысланға қылыш ұрды.

 

Арыслан да оларға қылыш ұрды,

Ақырып, қылыш ұрып бәрін қырды.

Сиқыр екен баршасы, жоқ боп кетті,

Арыслан қайран болып қарап тұрды.

 

Арыслан сиынады бір Құдайға,

“Алла” деп және кірді бір сарайға.

Алтын тақыт жанында сансыз нөкер,

Ойын қылған бір патша болды пайда.

 

Онан өткен дүниеде кісі де жоқ,

Ойнап жатыр жолдасы қисапсыз көп.

Күндей көркем қыздармен ойнап жатыр,

Келген, сірә, Әлимен тіпті ісі жоқ.

 

Жанында және көрді бір алтын тақтай,

Бұларға батыр Әли қайран қапты-ай.

Тақтайға батыр Әли қарап тұрып,

Тақтайдан оқыды бір жазған хатты-ай.

 

Ол хатта: – Әли Арыслан, келің, – дейді,

Мен отырмын екі жүз елу, – дейді.

Дал баласы Зал патша менмін, – дейді,

Бұ шаһардың баршасы сенің, – дейді.

 

Ей, Әли, сенің артық халің, – дейді,

Мықтылығың бізлерге мәлім, – дейді.

Екі жүз елу жылдай сені тостым,

Енді алтын шаһарымды алың, – дейді.

 

Осылайша Әли Арыслан хатты оқыды,

Ол хатта әлгідейінше сайрап тұрды.

Хатты оқып Арыслан болған шақта,

Құдіретпенен бір дауыс пайда болды.

 

Қараңғы болып кетті күннің көзі,

Осылайша, жарандар, кітап сөзі.

Қараңғы боп, дауыс шығып, Әли Арыслан

Бір күн, бір түн талыпты тағы да өзі.

 

Бір заманда Арыслан ашты көзін,

“Иә, Алла” деп тұрғызды сонда өзін.

Көзін ашса, кісінің бәрі де жоқ,

Құры сурет басып жатыр жердің жүзін.

 

Жасы жоқ, манағы кәрі де жоқ,

Ойын қылып отырған сәні де жоқ.

Япырым-ау, соның бәрі сиқыр екен,

Дал баласы Зал патша, бәрі де жоқ.

 

Арыслан барша жұрттан азулы екен,

Алтын есігін қазып енген екен.

Сиқыр екен, жарандар, соның бәрі,

Тетігі тақтайдағы жазуда екен.

 

Хатты көріп, Арыслан бәрін бұзды,

Ол шаһардың аралап ішін кезді.

Манағы үшеуі жетіп келіп қуанады,

“Есен-сау көрдік қой, – деп, – тақсыр, сізді”.

 

Үшеуі жетіп келіп берді сәлем,

Төртеуі ол шаһарға аң-таң қалған.

Топырағы, тастары, ағаштары,

Алтын, күміс, гауһар екен бәрі тамам.

 

Баба Омар бата қылып қолын жая,

Тастары алтын екен қия-қия.

Кенері жоқ, бек терең, ей, жарандар,

Ортасында бар екен ұлы дария.

 

Ләшкер бастап келгелі Бабаң қайтты,

Ондай жер, һеш көрген жоқ асыл затты.

Шаһарды аралап, дария көріп,

Күн батқан соң  үшеуі қонып қалды.

 

Салсал малғұн жамандық ойына алды,

Батыр Әли хабарсыз, ұйықтап қалды.

“Әли маған көп алтын бермес-ті”  деп,

Алтынын қопарып, суға атты.

 

Ой қылды: “Бәрін суға салайын”, – деп,

“Өзім қашып бір жерге барайын”, – деп.

“Әли қайтып кеткен соң, аңдып тұрып,

Тағы келіп дариядан алайын”, – деп.

 

Салсалды Шамаманың көзі көрді,

Арысланды оятып хабар берді:

– Иә, Арыслан, Салсалға қара, – дейді,

Ұйқысынан оянып тұра келді.

 

Қаһарланып Салсалға бір оқ атты,

Ақырып жер мен көкті қалтыратты.

Жүрегінен оқ тиіп, шықты тайып,

Түні бойы ол кәпір талып жатты.

 

Жүрегінен өтпейді тағы тесіп,

Салсал жатты дүмпуден талып түсіп.

Қаһарланып Арыслан жетіп барып,

Салсалдың сонда алды басын кесіп.

 

Шамама: – Тамақ, басын кес, – деп айтты,

Жақсылық көре алмадым һеш, – деп айтты.

Бір ғажайып көрерсің, иә, Арыслан,

Киімін бұ кәпірдің шеш, – деп айтты.

 

Зұлпықармен кеспекке қанша шауып,

Мойнын кесіп өлтірді ебін тауып.

Тілін алып киімін шешкен екен,

Ішінен бір алтынды шықты сауыт.

 

Ол сауыт сондай асыл қазына екен,

Кәпірлікте ақылы аз неме екен.

Жүз жиырма төрт мыңдай пайғамбардың

Аттары ол сауытта жазулы екен.

 

Ақылсыздар иманға түспейді екен,

Имансыздың күнәһісін кешпейді екен.

Пайғамбарлар атының құрметі үшін,

Уақыты өтпей Зұлпықар кеспейді екен.

 

Осындай бір ғажайып сауыт тапты,

Салсалды ол күн Шамама отқа жақты.

Мәлікаждар бастық боп қалған ләшкер,

Баба Омар бастап алып жетіп қапты.

 

Бұлар да жетіп қалды шеру тартып,

Алтын, күміс, гауһарды алады артып.

Ырғап-жырғап түк қоймай артып алып,

Салсалдың шаһарына кетті қайтып.

 

Шаһарға кіріп Әли қылды тойды,

Шаттық қылып қанша көп малдар сойды.

Арыслан ләшкерменен қайтып кетті,

Шамаманы ол елге патша қойды.

 

Ауыр ләшкер жүреді кеші-күндіз,

Ләшкердің көптігі бейне жұлдыз.

Әли Арыслан солайша жүре тұрсын,

Бұрынғы Жәмшидтен есітейік сөз.

 

Қаһмастан бек көп қол алған екен,

Ағианменен соғысты салған екен.

Ағианды шаһид қылып, шаһарды алып,

Әуелгідей патша болған екен.

 

Жәмшид патша болады шаһарды алып,

Мұсайып жатыр Қаһмаспен соғыс салып.

“Ағианды өлтіріп, шаһарды алды” деп,

Мұсайыпқа айтты біреу қашып барып.

 

– Мұсайып, кәпір қырды ғой бізді, – дейді,

Ағиан басын тәнінен үзді, – дейді.

Өзі тап бұрынғыдай патша болды,

Мен қашып естіп келдім сізді, – дейді.

 

Ол Мұсайып Қаһмаспен соғыс салды,

Қаһмасты өлтіріп, шаһарын алды.

О шаһарды мұсылман қылып болғаннан соң,

Жәмшидпен соғысуға жетіп барды.

 

Жәмшидке жетіп барып соғыс салды,

Жер жүзіне ағызды судай қанды.

Жер жүзі бұзылғандай соғыс салды,

Жаралы болып, ол Мұсайып қалжырады.

 

Мұсайып жәрдем тілейді бір Құдайдан,

Заманы бұзылғандай қылды майдан.

Қанша қатты соғыста қиналмай,

Жаралы болып, қалжырап қалды қайран.

 

Мұсайып та, жарандар, асқан мықты,

Көп кәпірді ұрысып жерге тықты.

Мұсайып ләж таба алмай тұрған шақта,

Күншығыстан бір үлкен тозаң шықты.

 

Шаң ішінде қисапсыз көп қол көрді,

Қайыстырып келеді қара жерді.

Бес жүз мың ләшкерді қолына алып,

Ер Әли шаң ішінде жетіп келді.

 

Жетіп келіп Арыслан айғай салды,

Ақырып көп кәпірдің өтін жарды.

Мұсылмандар кәпірді қойдай қырды,

Енді Жәмшид патшаны ұстап алды.

 

Мұсылмандар кәпірді қойдай қырды,

Қалғаны мұсылман болып дінге кірді.

Мұсылман қылып, Жәмшидті патша қойып,

Қырық күнгеше дін айтып сонда тұрды.

 

Мұсылман болды Жәмшид иман айтып,

Дін үйретті шаһарға қырық күн жатып.

Қырық күн өткен соң, Арыслан амандасып,

Мәдине шаһарына жүрді қайтып.

 

һәр мұсылман керегін алады олжа,

Аһ, дариға, болсақшы біз де сонда.

Пайғамбарды көруге асық болып,

Бес жүз мың кісі бірге түсті жолға.

 

Мәдинеге бастады Әли көсем,

Келістіріп қиссаны сөйлер шешен.

Бес жүз мың ләшкерменен қайта жүрді,

Атақты батырлардың бәрі де есен.

 

Бес жүз мың ләшкер қайтып жүрді,

Қайыстырып келеді қара жерді.

Баба Омарға Арыслан “бұрын бар” деп,

Қолына сүйінші хат жазып берді.

 

Бабаңа бәрін жазып хатын берді-ау,

Ақысына бірталай алтын берді-ау.

Алты айлық жолдан Бабаң озған екен,

Мәдинеге келіпті алты күнде-ау.

 

Бабаңыз асқан жүйрік баяғыдан,

Мәресі кәпір қорқар таяғынан.

Жүгіріп Пайғамбарға жетіп келді,

Хатын беріп, сүйеді аяғынан.

 

Қойнынан суырып берді хатты дейді,

Аяғын сүйіп, бек көп жатты дейді.

Пайғамбарым көтерді оның басын,

Бастан-аяқ көргенін  бәрін  айтты.

 

Хатын берді Бабаңыз Пайғамбарға,

Хатта сәлем айтады қалғандарға.

Пайғамбар, сахабалар бек шаттанып,

Көп шүкірлік қылыпты бір Құдайға.

 

Қуаныш қылып, жиылды даналары,

Көкірегінен шығыпты сәналары.

Есендік хатын көріп бек қанады,

Фатима, Хасен, Хұсайын балалары.

 

Оқып-оқып, баршасы хатын көрді,

Бабаңа сүйіншіге көп мал берді.

Бес жүз мың ләшкерменен жер күңірентіп,

Барша батыр Әлименен жетіп келді.

 

Осылайша жетіп келді Әли Хайдар,

Қарсы алды Пайғамбар, сахабалар.

Пайғамбардың аяғын құшақтайды,

Әбілмәжін, Уақас, Мұсайып, Мәлікаждар.

 

Олар жүрген ұзақ, неше күн-түн,

Солардан да өтіпті бұ дүние сұм.

Пайғамбарды бәрі де құшақтайды,

Сол арада болған екен он екі жыл.

 

Солардан да дүние өткен жалған екен,

Жалғандығы солардан қалған екен.

Киік іздеп, қайта алмай соғысқалы,

Тап сонда он екі жыл болған екен.

 

Бай, [пақыр] бірдей қонды шаһарға еніп,

Шаһарға еніп, той қылды есен келіп.

Пақырларды Пайғамбар шаттандырып,

Баршасына береді алтын бөліп-бөліп.

 

Олжаның Пайғамбарға бәрін салды,

Пақыр, міскін, тұл қатын байып қалды.

Пайғамбар “пәни малды сүймең” дейді,

Сахабалар, батырлар тілін алды.

 

– Риза болдық жауһар сөзіңіз, – деп,

һәр нәрсеге жетеді көзіңіз, – деп.

Сахабалар, батырлар сондай дейді,

“Не қылсаң да, қылыңыз өзіңіз”, – деп.

 

Жас жігіт ақыл айтып кәрісіне,

Бұлар түсінді сөзінің мәнісіне.

Пақыр, міскін, тұл жетім байыған соң,

Қалғанын бөліп берді бәрісіне.

 

Пақыр, міскін, тұл жетім қалды байып,

Баршасы керегінше алтын алып.

Барша ел-жұрт разы болғаннан соң,

Пайғамбар берді бата қолын жайып.

 

Бұ қисса осылайша болды тамам,

Халім білмей жад қылдым мен бір надан.

Пайғамбар, шаһариарлар, сахабалар,

Ақыретте шапағат қыл, сонда маған.

 

Құдай-а, кешір біздің қатемізді,

Ғасы, жапы жараттың өзімізді.

Пайғамбар, сахабалар хақы үшін,

Махшарда қара қылма жүзімізді.

 

Тіпті, лайық көрмеймін өзімізді,

“Үзбе” деген ол көріп сөзіңізді.

Үміт үзбеймін әлі де болса,

Махрұм қылмағайсың көзімізді.

 

Енді өтіл сұраймын, жарандар,

Тамам болды, баршаңыз қылың дұға.

Батырларды жад қылдық, дұға қылың,

Салауат көп айтыңдар Пайғамбарға.

 

Жақсы жандар өтіпті сондай-сондай,

Жан болып жаратылдық біздер мұндай.

Пайғамбар, сахабалар болса разы,

Сонда бізді жарылқар Жаппар Құдай.

 

Сондай-сондай өтіпті жақсы заман,

Сорымыз бар, сұм заман бізге қалған.

Оқығандар, бір дұға қылып қойың,

Бұ қисса осылайша болды тамам.

 

Жарылқа ата-анам, ұстазымды,

Дін қарындас, мұсылман аға-інімді.

Мұсылмандар, дұғадан тастамаңыз,

Мұны жазған Мәулекей бейшараны.

 

Мұны жазып, азырақ мехнат көрді,

Ғаріпке дүниенің бәрі тар-ды.

Мұның үшін бір қатар сапар шекті,

Омбы менен Қызылжар, Тобыл барды.

 

Болды мың сегіз жүз жетпіс тоғыз,

Май числоға болды ғой тамам отыз.

Жұмадул ахирында жиырма бірі,

Осылайша қисабы болұр түзік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button