Білген Шайыр айтады

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік,

Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп.

Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып,

Ысмайыл пайғамбар кетіпті қоржын беріп.

 

Айлық жерге бір күнде жүреді екен,

Дүние малын қоржынға бүреді екен.

Кесеменен басына су құя салып,

һәрбір түрлі суретке кіреді екен.

 

һешбір жан оған теңдес болмайды екен,

Ерегіскен дұшпанды жөндейді екен.

Қоржынға малын салса, ей, жарандар,

Ауыр болмас тағы да толмайды екен.

 

Омарға: – Мынау хатты ал, – деп айтты,

Жүйріктігін осы жолы сал, – деп айтты.

Пайғамбарым Омарға жарлық қылды:

“Арысланға хат алып бар”, – деп айтты.

 

– Жазайын елдің есен қалғандығын,

Шаттыққа сахабалар толғандығын.

Хатқа тамам жазайын о да көрсін,

Хамар Сағим мұсылман болғандығын.

 

Сен бармасаң, кім оған барар, – дейді,

Хауарзамин шаһарында алар, – дейді.

Үшбу хатты апарсаң, Баба Омар,

Арыслан да хошуақ болар, – дейді.

 

Хат барады әуел Құдай атын салып,

Пайғамбар, төрт шаһариар жадын салып.

Бастан-аяқ көргенін бәрін жазды,

Баба Омар жөнелді хатын алып.

 

Хатын алып ол жаяу жүріп кетті,

Екі етегін беліне түріп кетті.

Тоғыз айлық жол екен Хауарзамин,

Тоғыз күнде бабаңыз жетіп келді.

 

Жараңдар, құлағың сал, сөздеріме,

Тыңдайтұғын келдіңіз кездеріңе.

Он бес күн Әли күтіп тұрған шақта,

Құбыладан шаң көрінді көздеріне.

 

Құбыладан бұрқыраған шықты тозаң,

Ол шаңнан шыға келді жаяу адам.

Әли Арыслан таниды қарап оған,

Ол шаңнан шығып келді Омар Бабаң.

 

Жүйрік адам өткен жоқ онан басым,

Әлі Омар көрерсіз тамашасын.

Жетіп келіп қойнынан хатын беріп,

Аяғына Арысланның қойды басын.

 

Әли Арыслан Омардың сүйді бетін,

Ақырып көп кәпірдің жарған өтін,

Қатты айғайлап, ол қолға хатты оқиды,

Баршалары қуанады естіп кейпін.

 

Баршасы шүкір қылды бір Құдайға,

Салауат көп айтады Пайғамбарға.

Палуандар қуанғаннан һәрбіріне

Жүз мың палуан қуаты болды пайда.

 

Ол күн екі ләшкер қонысады,

Сахабалар шаттыққа толысады.

Екі ләшкер қарауыл қатты қойып,

Бір-бірінен хабардар болысады.

 

Он бес күн болжал қылған толған екен,

Жер жүзін кәпір қолы алған екен.

“Япырым-ай, шаршадым” деп тыншу қылыпты,

Баба Омар қарауылшы болған екен.

 

Бабаң тұрды ол қолды шыр айналып,

Жәмшидтің қолына кірді жетіп барып.

Жәмшид қолы жер-жүзін басқан екен,

Таң қалды Баба Омар көзін салып.

 

Қарашы, Баба Омар батырына,

Ләшкерге қорықпай кірген батылына.

Ол қолдың жалғызына көрінбестен,

Жәмшидтің кіріп кепті шатырына.

 

Омар көрсе, жетпіс мың бар хандары,

Жетпіс мың сол жағында сұлтандары.

Шоқпарын құшақтасып тіп-тік жатыр,

Жан-жағында үш жүз мың палуандары.

 

Жыршылар жанында жырлап отыр,

Арақ ұсынып әрдайым қыздар отыр.

Күйшілер күйін тартып бұлар да отыр,

Қыздарменен сүйісіп, арақ ішіп,

Қайғысыз Жәмшид патша тыңдап отыр.

 

– Жәмшид, үлкенбісің мұндай, – деді,

Менің айтқан сөзімді тыңда, – деді.

Жәмшидтің бұ ісіне қарап тұрып,

Баба Омар ақырып былай деді:

 

– Сәлем алмайтын неткен жансың, – деп айтты,

Наушаруаннан ол артықпысың, – деп айтты.

О да менің сәлемімді алатұғын,

Артық болсаң, артықтығың айт, – деп айтты.

 

Мұхаммедтің елшісі – мен, – деп айтты,

Сәлемімді алмаған кәпір, дінсіз, – деп айтты.

Басыңды кесейін бе, кел, – деп айтты,

Менің атым – Баба Омар, біл, – деп айтты.

 

Өлтірмейін, ей, Жәмшид, тілімді ал,

Мұхаммедтің дініне ен, – деп айтты.

– Жәмшид деген падиша мен, – деп айтты,

Жаныңнан безген екенсің сен, – деп айтты.

 

Ақырып Баба Омарды “әдепсіз” деп:

– Лат, Манаттан басқа Тәңірім кім? – деп айтты.

Жәмшид патша ләшкеріне бұйырады:

– Мұны тұтып пәре-пәре қыл, – деп айтады.

 

Тимейін, дін исламға келсең, – деді,

Кәпірлікте бек жаман өлсең, – деді.

Аузыңа тас тығылсын, дінсіз кәпір,

Бұ сөзді айтарма едің білсең, – деді.

Қайтарсың бұл сөзіңнен әлде болса,

Қайтпасаң, тап басыңды кесем, – деді.

 

“Тұтыңдар!” деп ол патша бұйырады,

Қамаласып баршасы жиылады.

Баба Омарды “ұста, тұт” дегенде,

Құмырсқадай кәпірлер құйылады.

 

Бірінің басынан, бірінің иінінен басып кетті,

Шатырын бұзып, қарғып, шауып кетті.

Төбесіне һәрқайсысының бір-бір қонып,

Ұстатпастан бәріне қашып кетті.

 

Жәмшид сөзді қолына айтады және:

– Келмесін ол ғаяр, бәрің қара.

Түбімізге жететұғын тап осы, – деп,

Жағасын жұлып қылды пәре-пәре.

 

– Бұ дүние енді бізден өтті, – деді,

Бұ ғаяр түбімізге жетті, – деді.

Мен жыламай қайтейін, ей, жарандар,

Мұнша қолдан құтылып кетті, – деді.

 

Енді қайда қоямыз жанымызды,

Келсе, біздің кетірер сәнімізді.

Берік болып араңызға кіргізбеңдер,

Бір түнде қырып кетер бәрімізді.

 

Баба Омар бар екен сондай ісі,

Бір кісіден кем емес тағы күші.

Асфандиярды бас қылып Жәмшид патша,

Қарауылға қойыпты сексен кісі.

 

Баба Омар Әлиге қайтып барды,

Кәпір көптен өз ішін тартып барды.

Жәмшид қолын Әлиге сипат қылып,

Өзі не қылғанын айтып барды.

 

Айналып өз қолын көріп жүрді,

Тағы Жәмшид қолына жетіп келді.

Сексен палуан берік болып, айналып жүр,

Кірер емес, Баба Омар көзі көрді.

 

Көрінбей қолға өтіп барар емес,

Арасына қорықпай қадам салар емес.

Сексеннің қолына түскен адам,

Тас болса да һеш бұзылмай қалар емес.

 

Ысқақтан алған кесесін қолына алды,

Бір кесе су өз басына құя салды.

Кесеменен басына су құя салып,

Бабаңыз орыс попы бола қалды.

 

Мойнына шоқынатын сурет асты,

Поп болып сексеніне араласты.

Сексені қамаласып шуылдасты,

Ұстағалы бәрі де қылды қасты.

 

Поп болып Баба Омар өнері асты,

Поп болып Баба Омар айғай салды:

– Төрт жүз Лат,Манат жіберді мені, – деді,

Әдепсіздік қылдық, – деп жаман састы.

 

Білмедік, қатемізді кеше гөр, –  деп,

Сексені аяғына қойды басты.

Жәмшидке көтерісіп алып жүрді,

Жәмшид көріп әдебінен тіке тұрды.

“Попым” деп Жәмшид патша қолын сүйіп,

Аяғына Бабаңның басын ұрды.

 

Жәмшид айтты: – Қуандым сізге, – деді,

Жылы жақсы көріндің көзге, – деді.

Төрт жүз Лат, Манаттың елшісісіз,

Қандай хабар келтірдің бізге? – деді.

 

– Мені сізге жіберді аңдасын, – деп,

Тапсырды сөзім тұтпай қалмасын, – деп.

Көптен-көп Лат, Манат сәлем айтты,

Көңіліне һешбір қайғы алмасын, – деп.

 

Көп дұға мен де қылам жолыңызға,

Лат, Манаттан хабардар болдыңыз ба?

Лат, Манат қайғысыз боп жатсын, – дейді,

Дұшпанын қор қылам деп қолыңызға.

 

Жәмшидтің осы сөзге көңілі ерді,

Сүйіншіге Бабаңа гауһар берді.

Ол гауһар дүние малына тұратұғын,

Барша кәпір Бабаңа құрмет қылды.

 

Қуанып Жәмшид патша ұйықтап қалды,

Барша кәпір ұйықтады, Бабаңыз көзін салды.

Таң атарда Бабаңыз тұра салып,

Баяғы өз суретіне кіріп алды.

 

Ұйықтап жатыр бұл сырды һешкім білмей,

Патшаның екі қатыны ай мен күндей.

Екі кесе су екеуіне құя салып,

Бірін доңыз, бірін дию қылды-ай.

 

Алтын-күміс қоржынға бәрін салды,

Жәмшид патша сақалын күзеп алды.

Бірнеше кәпірлердің басын кесіп,

Қисабы жоқ кәпірдің қарнын жарды.

 

Бабаңыз сондай өнер жасап кетті,

Көп кәпірдің басын боққа жастап кетті.

Өзінің бастан-аяқ қылғандарын,

Хатқа жазып Жәмшидке тастап кетті.

 

– Поп болған Баба Омар, білсең, – дейді,

Тимейін, дін исламға келсең, – дейді.

Хатым көріп, қайтпасаң кәпірліктен,

Ертеңгі түнде басыңды кесем, – дейді.

 

Арысланның алдына барды Бабаң,

Алдына нәрселерін салды Бабаң.

Ер Әли бұ ісіне қатты күлді,

Бабаңыз айтқаннан соң бәрін тамам.

 

Бабаң айтты: – Жәмшидке кірдім, – деді,

Лат, Манаттан хабарды бердім, – деді.

Екі қатыны қасына келдім, – деді,

Шатырына қатынның ендім, – деді.

 

Жәмшид патша көңілі үшін, ей, жарандар,

Қатынын тамаша қып көрдім, – деді.

Көңіл үшін қатындарын көргеннен соң,

Гауһарды көз ақыма берді, – деді.

 

Оянды қалай, тыңда Жәмшид сөзі,

Қуанып ұйықтап еді-ау менен өзі.

Көзін ашып тақыттың екі жанындағы,

Дию менен доңызды көрді көзі.

 

Қорыққаннан ол Жәмшид қалтырады,

Мұны кім байлады деп бақырады.

– Бұ жерге бұларды кім әкелді? – деп,

Есі кетіп хандарын шақырады.

 

Шақырған соң жанына келді хандар,

Көреді өліп қалған бек көп жандар.

Хатты тауып берісті біреулері,

Оқып-оқып бәрін де білді хабар.

 

Хатта көрді баршасы әлгі сөзді,

Бабаңның асқандығын кәпір сезді.

Барша кәпір жапырақтай қалтырайды,

Хатты көріп жанынан үміт үзді.

 

Жәмшид сөйлеп зар жылап былай деді:

– Басыма түсті мүшкіл мұндай, – деді.

Сақалын сипап, мұндай корлық,

Жаратпаса не етеді Құдай, – деді.

 

Ұстай алмай біреуді қалғанымыз,

Ұстап басына қиындық салмадыңыз.

Тап осыдан біз өлеміз, соғыса алмай,

Соғысып өлсек, қалмас еді арманымыз.

 

Бір ғаяр қайғы қылды жаныменен,

Ұстап беріп, ақы ал, бәрің менен.

Тап осыдан бізге һеш қатты жау жоқ,

Бір соғыспай өлеміз Әлименен.

 

Тағы да айтты: – Бір амал ойлаймын, – деп,

Енді келсе өзім ұстап байлаймын, – деп.

Қайраттанып жыландай толғанады,

Мың жаннан бір жанын қоймаймын, – деп.

 

Бабаңның өнер қылар шағы болды,

Жас бала болып ол қолға тағы келді.

Жас баланы білмейді ол кәпірлер,

Жетіп келді Жәмшидтің жанына енді.

 

– Ей, Жәмшид, сен үлкендік қылма, – деді,

Менің айтқан сөзімді тыңда, – деді.

Мұсылман бол, басыңды мен кесемін,

Тағы келдім айтқалы мұнда деді.

 

Болмасаң басыңызды жұлар-ақпын,

Тәж-тағыңды, баршасын бұзар-ақпын.

Пайғамбар мұсылман болар деген,

Әзір кеспей, сол сөзді сынар-ақпын.

Тілімді алып, мұсылман сен болмасаң,

Тәж-тағыңды тап ойран қылар-ақпын.

 

Бұ сөзге ашуланды жүзіқара,

Баба Омар болыпты бір жас бала.

Құмырсқадай кәпірлерге жарлық қылды:

“Тұтып алып, қылың деп пәре-пәре”.

 

Барша кәпір Жәмшидтің тұтты сөзін,

Бабаң қашып Жәмшидке тықты өзін.

Жалынған болып өзіне жетіп барып,

Топырақ шашып көр қылды екі көзін.

 

Адам ата қабірінен топырақты шашып қалды,

Ойбайлап Жәмшид көзін басып қалды.

Басындағы патшалық тәжін алып,

Ұстатпай Бабаң қосқа қашып барды.

 

Жәмшид патша тағынан құлап қалды,

“Ойбай, көзім шықты” деп жылап қалды.

Бір сағаттай жатыпты ессіз болып,

Сағаттан соң тағы есін жиып алды.

 

Сақалы жоқ, екі көзі болды соқыр,

Жапырақтай тітірейді, қорқып кәпір.

Бет-аузы шаңдақ болып түрегеліп,

Былай жылап сөйлейді Құдай соққыр:

 

– Ей, сұлтан, уәзірлер, хандар, – деді,

Батырлар, тыңдап отыр, бәрің, – деді.

Бір кісіге келмейді әлің, – деді,

Жан күнде жар-жолдас болмас, – деді.

 

Ел билетіп, көп бердім малым, – деді,

Басыма мүшкіл түсті наның, – деді.

Мұндай қорлық көргенше патша болып,

Көрместен шықса нетті жаным, – деді.

 

Көзімді соқыр қылып, тәжімді алып,

Сақалым күзеп кетті бәрін, – деді.

Неге ұстап бермейсіз оны, – деді.

Арсыз жан кеудемізден шықпай отыр,

Онан басқа кетті ғой сәнім, – деді.

 

Балшылар айтты: – Сөзім тыңда, әй, патша,

Баба Омар айтайын жайын саған.

Жеті пайғамбардан қызмет қылып бата алған,

Ысқақтан кереметті кесе алған.

 

Бұ дүниенің ғаярын жиса тамам,

Оған кәр жоқ, тақсыр-ай, һешбір жаннан.

Амалменен біз оны тұта алмаймыз,

Енді біл, Омар жайын қылды баян:

 

– Шұһбат сиқыршы бар, Аташ сиқыршы бар,

Киесі тұтар, шақыртып бағ нығматтан.

Нығматта Шұһбат, Аташ сиқыршы бар,

Сиқырға бұл дүниеде асқан олар.

Балшылар патшаға берді хабар:

“Келсе олар, – деп айтады, – қайла қылар”.

 

Құп көрді балшылардан патша мұны,

Бұ айтқан сөздерінің бар деп жөні.

Шұһбат пенен Аташ сиқыршыға,

“Хат жаз” деп хатшыларға бұйрық қылды.

 

Хат жазды Лат, Манаттың хақын сатып,

Шұһбат, Аташ жәдудің атын салып.

Бұ сөзді бастан-аяқ баян қылды,

Шабарың жүйрік жөнелді хатын алып.

 

Хатта айтты: – Әли қолымен келді, – дейді,

Қамап қойдай қырып жатыр елді, – дейді.

Ішінде баба Омар деген айлакер бар,

Әсіресе онан-ақ өлдім, – дейді.

 

Жетпіс жыл жеті ықылымға патша болдым,

Қайғыға осы күнде қатты толдым.

Хатым көріп тездікпен келмесеңіз,

Қияметте жағаңда екі қолым.

 

Осылайша жаздырып хатты бітті,

Жәмшид патша Бабаңнан қатты қорықты.

Жаяу жүйрік бар екен Шабарың деген,

Жәмшидтің хатын алып жүріп кетті.

 

Шабарың жүйрік хат алып жүріп кетті,

Екі етегін беліне түріп кетті.

Түн болып баба Омар, жарандар,

Тағы Жәмшид қолына жетіп кепті.

 

Қолдан өтіп шаһарға жетіп барды,

Жәмшидтің қазынасын қоржынына салды.

Қоржынын арқалап келе жатса,

Жәмшидтің зынданына жетіп қалды.

 

Зынданның басында жүре қалды,

орқып көзіне ілмейді тірі жанды.

Зындан түбінде екі адам зар жылайды,

Қоржынын қойып, Омар құлақ салды.

 

Екі адам зынданда зар  жылайды,

Пайғамбар менен жад қылады бір Құдайды.

Мұсылманға ұқсайды жылағаны,

Баба Омар құлақ салып құп тыңдайды.

 

– Бір Құдайдың бірлігін білдік, – деді,

“Пайғамбар – хақ, Құран – шын” көрдік, – деді.

Баба Омар білмейді бізден хабар,

Мұңдық болып бұл зынданда өлдік, – деді.

 

Құдай-а, бір білдік қой, сені, – деді,

Бұ зынданда жас қылдым көзді, – деді.

Жақсылардың хақы үшін, бір Құдайым,

Зынданнан халас қылғыл бізді, – деді.

 

“Зынданда өлер ме екен” айтқан екен,

Зынданда өмірлері өткен екен.

Зындандағы ол жылаған Ағиан балшы,

Гүландам  Ағиан қызын оған берген екен.

 

Арқан салып екеуін алды Бабаң,

Қоржынын арқасына салды Бабаң.

Қыз, Ағианды екеуін жетелеп алып,

Арысланның алдына барды Бабаң.

 

Бабаңыз оларменен сөйтіп барды,

Ағианды қызыменен Әли көзі көрді.

Арысланның аяғын құшақтасып,

Иман айтып екеуі дінге кірді.

 

Екеуі иман айтып дінге кірді,

Ағианға Әли Арыслан құрмет қылды.

Арыслан Әбілмәжінді шақыртып алып,

Гүландам Ағиан қызын оған берді.

 

Ертең Жәмшид бұл істен хабар алды,

“Мұнан да өлейін” деп ашуланды.

“Бүйтіп жүргенше ұрысайын”  деп,

Ләшкерменен майданға жетіп барды.

 

Соғыстың барабанын кәпір қақты,

Сайланды мұсылмандар мініп атты.

Барабанын есітіп Әли Арыслан,

Атқа мініп алдынан шеру тартты.

 

Кәпірден Ғазанфар шықты жекпе-жекке,

Мұсылманнан  Баһрейін оған беттеп.

Найзаменен шаншысып ала алмады,

Найзаларын шанышты жиырма төрт.

 

Ғазанфар қаһарменен шоқпар ұрды,

Кәпірлер қуанысып қарап тұрды.

Ол кәпірдің қайраты асып кетіп,

Баһрейінді Ғазанфар шаһид қылды.

 

Уақастың бұл кәпірді көзі көрді,

Шыдай алмай ақырып жетіп келді.

Ғазанфарға қаһармен қылыш ұрды,

Қақ бөлініп жаһаннамға жаны кірді.

 

Сәдуақасқа бір кәпір тағы келді,

Оны тағы қылышпен екі бөлді.

– Бірме-бірге бармаңыз осыған, – деп,

Жабылың! – деп Жәмшид патша бұйрық қылды.

 

Кәпірдің бәрі Уақасқа қылыш ұрды,

Мұсылманның бұларды көзі көрді.

Шер Құда – Әли Арыслан бастық болып,

Мұсылмандар соғысқа бәрі кірді.

 

Зұлпықарын Арыслан қолға алады-ау,

Кәпірлерден көпір қылып жол салады-ау.

Соғыстың бәсіменен, ей, жарандар,

Жеті қат көк, жеті қат жер қозғалады-ау.

 

Арыслан күндей болып күркірейді,

Кәпірдің бәрі қорқып қайғы жейді.

Сол күнгі соғыстың қаттысынан,

Жеті қат көк, жеті қат жер тітірейді.

 

Арыслан ақырады көпке кіріп,

Батырларды қойдай қырды өктеп жүріп.

– Соғыстан дүние бұзылып кете ме, – деп,

Періштелер зарлайды көкте жүріп.

 

Қырса да, таусылмайды дінсіз орыс,

Кәпір өскен жер екен, қылып қоныс.

Бұ дүние жаралғаннан, ей, жарандар,

Сол күнгеше болмайды ондай соғыс.

 

Кеш болып барабандар кәпір қақты,

Соғыспенен кеш келді, күн де батты.

Екі қолдың өлгенінен қалғандары

Қайтысып, жай-жайына барып жатты.

 

Жер-жеріне қайтысып келіседі,

Мұсылмандар өлгенін көріседі.

Кәпірлер отқа жағыпты өлгендерін,

Жаназа оқып, мұсылмандар көміседі.

 

Сөзім тыңда, би, қара, төрелерім,

Күнде алдына сайланып мен келе-дүрмін.

Жарандар, құлағың сал бір азырақ,

Тағы Бабаңның айтамын өнерлерін.

 

Ақыл қылды: – Жәмшидке барайын, – деп,

Қазынасын қоржыныма салайын, – деп.

Күнде-күнде мұсылманды қырдырғанша,

Жәмшидтің басын кесіп алайын, – деп.

 

Бабаңыз сол қиялды ойына алды,

Арқасына қазына үшін қоржын салды.

“Жәмшидтің басын кесіп келейін” деп,

Патшаның шатырына жетіп барды.

 

Жәмшидтің қолына көрінбей аралады,

Шатырына патшаның кіріп алды.

Алтынды әбдіре тұр шатырында,

Жәмшидтің өзін іздеп таба алмады.

 

Жан-жаққа Баба Омар көзін салды,

Жәмшидті шатырынан таба алмады.

“Кәпір лағин қай жаққа кетті екен” деп,

Омар Бабаң дал болып, қайран қалды.

 

Бабаңнан Жәмшид сасқан екен,

Патшаға Бабаң тісі батқан екен.

Жасырынып Бабаңнан “өлтірер” деп,

Әлгі сандық ішінде жатқан екен.

 

Бабаңыз Жәмшидті таппай қайран қалды,

Әлгі сандық қасына жетіп барды.

“Бұл алтынды сандықта дәу де болса,

Асыл қазына бар ғой” деп ойына алды.

 

“Мұнда қазына бар ғой” деп ойына алды,

Сандықты арқасына қойып алды.

Бабаңның ұрлағанын біліп патша,

Енді сандық ішінде ойбай салды.

 

Жәмшид жылап: – Аман бол, елім, – деді,

Түбіме жетті Омар менің, – деді.

Баба Омар сандықты алып қашты,

Ойбай, жылдам жиылып келің, – деді.

 

Аман бол, сұлтан, уәзір, ханым, – деді,

Қорқып, шығып барады жаным, – деді.

Баба Омар сандықты алып қашты,

Қамаласып, айырып алың, – деді.

 

Батырларым, аман бол, жұртым, – деді,

Сақалым менен бұрын алды мұртым, – деді.

Жүйріктерім, бек шапшаң ұмтыла гөр,

Қолдан шықпай қамалап, тұтың, – деді.

 

Сандықта Жәмшид қорқып, бақырады,

Лат, Манатты сиынып жад қылады.

Бабаң алып қашқанда, елін-жұртын

Жәмшид патша осылайша шақырады.

 

Құмырсқадай кәпірлер жабылады,

Сөзіне патшасының қамығады.

Сандықпен ол қашып құтылуға,

Бабаңа һеш ашық жер табылмады.

 

Бабаңыз сондай өнер бастап кетті,

Жалғыз өзі не қылсын сонша көпке.

Құтылмастай болған соң, қанжарменен

Сандыққа бір түртті де тастап кетті.

 

Арқасынан сандығы түсіп кетті,

Босаған соң Бабаңыз ұшып кетті.

Жәмшид патша сандықта жылап жатыр,

Барша кәпір сандыққа жетіп кепті.

 

Барша кәпір сандықтың аузын ашты,

– Патшамыз, тірімісің?! – деп шуылдасты.

“Сіздерді көрер кезім бар екен” деп,

Тұра келді қан болып үсті-басы.

 

Жәмшид патша тұра келді сондай күймен,

Қан болған денесіне қанжар тиген.

Қанжарменен бір түртіп тастағанда,

Кірген екен арқасына сынық сүйем.

 

Жәмшид тұрды арқасынан қаны ағып,

Ұшқан құстай Бабаңды ұстар нағып.

Дәрігерлер баршасы жетіп келіп,

Таң атқанша жатыпты дәрі жағып.

 

Таң атып, тағы дүние жарық болды,

Сандықта Жәмшид сондай кәріп болды.

Жекпе-жекке ақырып кәпірлерге,

Майданға Омар Бабаң барып тұрды.

 

Бабаңның толып жатыр түрлі ісі,

Бір кісіден кем емес тағы күші.

Ол күні күн батқанша бірме-бірге,

Бабаңыз һәлак қылды сексен кісі.

Сексен кәпір жаһаннамға жаны кірді,

Кәпірлерді Бабаңыз доптай ұрды.

 

Кәпірлер жекпе-жекке шыдай алмай,

Бабаңа ат қойды бәрі бірдей.

Кәпірлерге ер Әли де ашуланды,

Арыслан ләшкерменен атты салды.

Соғыс болды жеті қат жер қозғалғандай

Және тозақ есігі ашылғандай.

 

Мұсылмандар кәпірге қылыш шапты,

Кәпір қырылып, қандары судай ақты.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Күн де батты, орнына қайтып жатты.

 

Кәпірлер солай қырылып қалған екен,

Мұсылмандар ойранды салған екен.

Жәмшид тұрсын, Шабарыңнан хабар айтам,

Жәдушіге хат  алып барған екен.

 

Шабарың да бек жылдам жүрген екен,

Жаяу жүріп көп жерді көрген екен.

Сол уақытта Жәмшид хатын Шабарың,

Шұһбадқа апарып берген екен.

 

Хатты көріп Шұһбат риза болды,

Төрт жаққа ат шаптырып жиды қолды.

Жетпіс мың сиқыршыны жиып алып,

Жәмшид патша еліне бармақ болды.

 

Бірі – қабылан, бірі – бұлт, бірі – тауды мінді,

Жыландарды қамшы ғып қолына алды.

Сиқыршылар көк жүзін қап-қара қып,

Көз жұмғанша Жәмшидке жетіп келді.

 

Жәмшидтің Шұһбадты көзі көрді,

Қуанғаннан орнынан өзі тұрды.

“Сіздерді Құдайым көрсетті”  деп,

Алдынан Жәмшид патша қарсы жүрді.

 

Ат үстінен көтеріп Шұһбатты,

Үстіне мінгізіпті алтын тақтың.

Жәмшид енді жылайды Бабаңды айтып,

Есіткен жұрт сөздеріне зар жылайды.

 

Жыламай неғып тұрсын елі қайтып,

Жәмшидке қалған Бабаң тісі батып.

Бабаңды шағып Жәмшид зар жылайды,

Қорлығын бастан-аяқ айтып-айтып.

 

– Жақсы келдің, Шұһбат жаным, – деді,

Менің айтқан сөзіме наның, – деді.

Қайсы бірін айтайын қорлығының,

Сен болмасаң кетірді сәнім, – деді.

 

Сиқыршылар бұлтқа аттанады,

Бұлт мінген ол кімнен сақтанады.

Жәмшид патша солайша жылағанда,

Шұһбат бұлайша деп мақтанады:

 

– Ей, патшам, көңілің күлсін, – деді,

Дәулет құсы басыңа қонсын, – деді.

Қор қылып ертең оны өлтірейін,

Лат, Манат разы болсын, – деді.

 

Қуанып Лат, Манатты жад қылады,

Айт, наурыз келгендей шаттанады.

Шаттыққа толғаннан Жәмшид патша,

Қуаныш барабанын қақтырады.

 

Кәпірлер қуанысып жиылады,

Шоқынып Лат, Манатқа сиынады.

– Не себептен кәпірлер қуанды? – деп,

Әли Арыслан Бабаңызға бұйырады.

 

Қуаныш барабанын күңіренткен,

Кәпір барабан соқпаған ондай көптен.

Әли Арыслан Бабаңызға: – Білші, – деді,

Кәпірлер қуанды екен не себеппен?

 

Бабаңыз арқасына қоржын салды,

Түрленіп бір жас бала бола қалды.

– Кәпірлер не себептен қуанды? – деп,

Жәмшидтің ләшкеріне жетіп барды.

 

Жас бала болып Жәмшидтің қолын кезді,

Сиқыршылар келгенін Бабаң сезді.

Шұһбатқа Бабаңыз қарап тұрса,

Аташқа былайша деп айтты сөзді.

 

Шаһбат сиқыршы бастығы екен,

Мұсылманға ойлағаны қастық екен.

Аташ деген шәкірті Шұһбаттың

Өзінен басқа жаннан асқан екен.

 

Бабаңыз қылды жас бала сонда өзін,

Шұһбатқа тігіп тура екі көзін.

Аташқа Баба Омар тұрған шақта,

Шұһбат былайша деп айтты сөзін:

 

– Ей, Аташ, сен тұрғайсың шыңдауылда,

Бүгін һеш жан кіргізбе осы қолға.

Ләшкердің төңірегін от қорған қыл,

Ғаяр келсе, тірі ап кел, һәлак қылма.

 

Тірі алып кел, Жәмшид одан өшін алсын,

Тамам жұрт тамаша ғып көзін салсын.

Лат, Манат та разы болсын, – дейді, – бізден,

Таңертең Жәмшид басын кесіп алсын.

 

Аташ енді Шұһбаттың сөзін тұтты,

Шұһбат сөйтіп қуандырды тамам жұртты.

Аташ барып ләшкерді жиды айналып,

Сиқырменен тозақтай жақты отты.

 

Барша кәпір қуанып ұйықтап қалды,

Сиқыршы Аташ жан-жаққа отты салды.

Ақырын-ақырын білінбей Баба Омар,

Жас бала болып артынан жетіп барды.

 

Қарғып барып мойнына арқан салды,

Өзі Аташ сиқыршы бола қалды.

Аташты су құйып өзі қылып,

Ұрып жығып Бабаңыз байлап алды.

 

Басына бір кесе су құя салды,

Өзі қылып Аташты байлап алды.

“Ғаярды ұстадым” деп айғай салды,

Қарауылшылар жиылып келіп қалды.

 

Ей, жарандар, көрдің бе ондай жанды,

Қуанып қарауылшылар аң-таң қалды.

Кәпірлер оған нанып бек шаттанды,

– Ей, балам, Құдай қолға берді ме?! –  деп.

 

Аташқа барша кәпір таяқ салды,

Таяқтан Аташ естен танып қалды.

Ұрып-ұрып, ессіз ғып қалжыратып,

Патшаның алдына алып барды.

 

Шуласып алып барды енді айқайлап,

Кәпірлер қуанады күліп-ойнап.

Шатырдың ортасында ессіз болған,

Аташты “Бабаңыз” деп қойды байлап.

 

Бір заманда есін жиып, ашты көзін,

Байлауда көрді Аташ сонда өзін.

Жәмшидке сонда Аташ зар жылайды,

Не деп жылар, жарандар, есіт сөзін:

 

– Ойбай, патша, мен сенің кісің,

Мен мұндай Баба Омар көрдім ісін.

Баба Омар бәлеге қойды мені,

Ұра-ұра таяқтан кетті есім.

 

Шүкір, енді көрдім ғой сені, патша,

Есім шықты білейін нені, патша.

Қарауылға тұр деген Аташың-мен,

Рақым қылып босаттыр мені, патша.

 

– Қара-қара, амалын көрің, – деді,

Құтылатын қалмады жерің, – деді.

Құтылуға айтады, – деп – Жәмшид патша,

Сазайын таяқ ұрып берің, – деді.

 

Аташқа және бір мың таяқ салды,

Басын жарып, ағызды судай қанды.

Жәмшид патша бұйырып таяқтатып,

Тағы Аташ ессіз болып талып қалды.

 

Аташ малғұн есі ауып талып қалды,

Жәмшид патша көп жиды жамағатты.

“Аташ жәду-ғаярды ұстады” деп,

Жәмшид енді шақыртты Шұһбатты.

 

Шұһбатқа біреуі барған екен,

Кәпірдің құлшылығы жалған екен.

Барған кісі Жәмшидке қайтып келді,

Шұһбат жәду ол ұйықтап қалған екен.

 

Ұйықтап қалған Шұһбат болды келмес,

Жәмшид енді қуанып қайғы жемес.

Түнде өлтірсең, мұны һешкім білмес,

Таңертең өлтіруге қылды кеңес.

 

Жәмшид айтты: – Бүгін ұйықтап жатайық, – деп,

Таңертең елге хабар айтайық, – деп.

Жәмшид патша осылайша ақыл қылды,

“Жұрт алдында тас бұған атайық”, – деп.

 

Жәмшид патша қуанып жиды халқын,

Не болар, сөзімнің тыңда артын.

Бабаңа Жәмшид патша “Аташым” деп,

Бұ дүние қияметтей береді алтын.

 

Бабаңыз арқасына алтын алды,

Жалғыз өзі алдап жүр ғой сонша жанды.

Аташ болып, Жәмшидтен алтын алып,

Бабаңыз сонда бір сөз айтып салды:

 

– Лат, Манат амалшы не берді қолға,

Тыныштық алып жатыңыз сіз де мұнда.

Сіз енді батаң беріп, тыныштық ал,

Қолды тағы күтуге барам сонда.

 

Бабаңыз күтіп жүр ғой жақсы мақтап,

“Барсаң, Аташым” деп берді рұқсат.

Бұ сөзменен Бабаңыз жүріп кетті,

Сүт емген жас баладай қалды ұйықтап.

 

Жәмшидті алдап Бабаңыз қойды кетіп,

“Тағы да қайтер екен, алдайын” деп.

Бабаңыз солайша алдап патшаңызды,

Шұһбаттың шатырына барды жетіп.

 

Төңірегін қылыпты оттан қорған,

Тамұқтай отты Бабаң көріп тұрған.

Тырнағын қабан, құйрығын аждаһа қылып,

Солайша ұйықтап жатыр екен Құдай ұрған.

 

Жүз құлаш кәпірдің бойы да бар,

Үстінде һәрбір түрлі тоны да бар.

Екі иінінің арасы елу құлаш,

Бабаңның һәрбір нәрсе ойында бар.

 

Бабаңыз “Есім Ағзамменен” сөндірді отын,

Киімін алып, күзеді сақал-мұртын.

Қас, кірпік, шашының бәрін түгеп,

Шұбарлап, сырлап қойды екі бетін.

 

Неше мың сиқыршының қарнын жарды,

Шұһбаттың сақалын күзеп алды.

Алтын менен Шұһбаттың киімін алып,

Ер Әлидің қасына жетіп барды.

 

Бабаңыз жетіп барды алтын алып,

Шұһбаттың сақалын алдына қойды салып.

Бастан-аяқ қылғанын айтқаннан соң,

Арыслан қатты күлді бек шаттанып.

 

Ол күн жатты тағы да, таң да атты,

Жәмшид патша жидырды тамам халықты.

“Бұ күн қор қылып амалшыны өлтірем” деп,

Жәмшид енді шақыртты Шұһбатты.

 

Бір кісі шақырады Шұһбатты,

Бастан-аяқ Жәмшидтің сөзін айтты.

Бұ сөзді есіткеннен соң, ей, жарандар,

Шұһбат қуанғаннан енді қайтті.

 

– Бұ дүниеде ол артық менім күшім,

Білмеді ме қалай екен, менің ісім.

Кісіменен өзіме сенгеннен соң,

Жылама деп айтқанмын соның үшін.

 

Солайша мақтанып жетіп барды,

Байлаудағы Аташқа көзін салды.

Көре салып Аташты тани кетті,

– Сені кім байлады? – деп қайран қалды.

 

– Ұстадым, мен айтайын бастан-аяқ,

Бұ ғаярдай көргенім жоқ сұмды, – деді.

Сақалыңды кім сенің жұлды, – деді,

Сол кісі мені мұндай қылды, – деді.

 

Шұһбат һеш білмеген, қалған ұйықтап,

Сақалын алып Бабаңыз кеткен мықтап.

Адырайып, қуанып келген мұндар,

Еткенін сақалын білді сипап.

 

Қор болғанын Шұһбат енді білді,

Алашұбар бет-аузын Жәмшид көрді.

“Сенген кісілерім осы ма?” деп,

Бармағын тістеп, Жәмшид сақ-сақ күлді.

 

Айнаменен Шұһбат жүзін көрді,

Жәмшидтің әлгі айтқан сөзін көрді.

Аташты байлауынан халас қылды,

Бабаңнын мұнысына намыстанып.

 

Жетпіс мың сиқыршының бәрі келді,

Шұһбаттың сақалы жоқ, беті шұбар.

Ыза болды, Шұһбат кәрі келді,

Шұһбат бастық астына жолбарыс мініп.

 

“Мың жанынан бір жанын қоймаймын” деп,

Майданға енді Шұһбат барып тұрды.

Сиынып мен сөйлейін әуел Хаққа,

Құдай-а, мұсылманды өзің сақта.

 

Жетпіс мың сиқыршылар қаһарланып,

Бәрі бірден жөнелді майдан жаққа.

Шұһбат ақырады жолбарыс мініп,

Оқ жыланды қамшы ғып қолына алып.

 

Шұһбат ақырғанда жекпе-жекке деп,

Сәдуақас қарсы тұрды жетіп келіп.

Бір-бірінің найзасын қалды қағып,

Шұһбат үшкіреді бір дем салып.

 

Сәдуақас жалаңаш қолға кірді,

Дем салғанда ат-тоны бәрі жанып.

Әбілмәжін майданға келді жетіп,

Атына қамшы басып екпіндетіп.

 

Оған да бір дем салды Сәдуақастай,

Қайта қашты, ат-тоны күйіп кетіп.

Шұһбат келтіріп тұр кәрін сондай,

Батырлардың кетірді сәнін сондай.

Мұсайып, Мәлікаждар, төрт батырды,

Сиқырменен қылыпты бәрін сондай.

 

Бұларды ер Әлидің көзі көрді,

Зұлпықарын байланып, Дүлдүл мінді.

– Мынау кәпір сиқыршы қайтеді?! – деп,

Арысланың майданға өзі кірді.

 

Майданға Арысланның кірді өзі,

һәркімнің қайрат қылар болды кезі.

Сиқыр оқып Шұһбат үшкіргенде,

Соқыр болды Әлидің екі көзі.

 

Екі көзі Әлидің соқыр болды,

Сиқыршылар су қылды құба жонды.

Барша сиқыршы жан-жақтан су ағызып,

Дүние жүзі баршасы суға толды.

 

Ол судан мұсылманның кетті сәні,

Судан қашып мұсылман кетті бәрі.

Қаһарланып Арыслан бір ақырды,

Он екі мың кәпірдің шықты жаны.

 

Мұсылмандар кетіп қойды судан қашып,

Дариядай ол судан қорқып-сасып.

Жалғыз өзі Арыслан соғысып жүр,

Жетпіс мың сиқыршыменен араласып.

 

Сиқыршылар соғысты салысып жүрді,

Арыслан зұлпықармен шабысып жүрді.

Ер Әлидің қасында Баба Омар,

Дүлдүлдің құйрығына жабысып жүрді.

 

Ер Әли: – Бабаңыз жолдас, – деді,

Су кетпей біздің кісі оңбас, – деді.

Сиқыршылар дүниені дария қылды,

Енді бұ судан шығып болмас, – деді.

 

Осыны айтып Арысланның кәрі келді,

Дүлдүлдің бауырына қамшы берді,

Қайтып енді мақтамайсын сондай ерді.

Қамшы батып ол Дүлдүл құстай ұшты,

Шұһбаттың үстіне жетіп келді.

 

Хақ Пайғамбар сол жерде жәрдем қылып,

“Аллаһу акбар” деп зұлпықарменен салады енді.

“Иә, расул Алла, Аллаһу акбар” деп салған шақта,

Зұлпықар бауырдан екі бөлді,

Шұһбат өлгеннен соң су жоқ болды.

Арысланның екі көзі саламат болды,

Ей, жарандар, Шұһбат солайша өлді.

 

Бабаңызға Арыслан бүй деп айтты:

– Шапшаң енді жан-жаққа жүр, – деп айтты.

Мен мұнда бұларменен соғысайын,

Біздің кісі қайда екен, жи, – деп айтты.

 

Ер Әли жәдулерменен соғыс салған,

Баба Омар Әлидің тілін алған.

Мәлікаждарды табады Баба Омар,

Ессіз болып бір жерде жатып қалған.

 

Қуанды: – Бір батырым табылды, – деп,

Не себептен бұл есінен жаңылды, – деп.

Бабаңыз су бүркіп тұрғызып алып,

Сөз сұрайды Мәліктен: – Нағылды? – деп.

 

Мәлік айтты: – Соғысып жүр едім, – деп,

Жәдулерге амандық бермедім, – деп.

Бір алма жеп, шарбақтан қырып жүріп,

Сол болды Бабам менің көргенім, – деп.

 

Мәлікаждар бек қатты қуанады,

“Тәуір болды қасыма келгенің”, – деп.

Мәлікаждар Бабаңа жауап берді:

“Алма жиып өзіңді білмедім”, – деп.

 

Мәлікаждар соғысты салған екен,

Көп сиқыршы жаһаннамға барған екен.

Жете алмай сиқыршы алма жұлып,

Мәлікаждар қызығып алған екен.

 

Мәлікті қызықтырып талдыруға,

Алма, шарбақ бәрі сиқыр жалған екен.

“Жеймін” деп Мәлік алма алған екен,

Сондай-сондай сиқыршы болған екен.

“Алманы сусағаннан жей қоям”, – деп,

Батырларың солай талып қалған екен.

 

Мұсылман қашты дүние суға толып,

Бабаңыз қолды іздеп жүр ұшып-қонып.

Бір жерден Әбілмәжінді тағы тапты,

О дағы жатыр екен ессіз болып.

 

Көп сиқыршы бастарын жұлған екен,

Жәдушіге абдалық қылған екен.

Ей, жарандар, Әбілмәжін, Мәліктейін,

О да алданып, есі танып қалған екен.

 

Бетіне су бүріккен соң ұшып тұрды,

Үшеуі қосылып ап бірге жүрді.

Бір жерде талып жатқан ол Мұсайыпты,

Үшеуі келе жатып көзі көрді.

 

Су бүркіп, тұрғызып оны да алды,

Сиқыршының мұнысына қайран қалды.

Бір таудан өзге қолдың бәрін тауып,

Ер Әлидің қасына жетіп келді.

 

Кітабын көзім көрді, бұ сөзім шын,

Соғыс болды, жарандар, тағы да тым.

Күнбатыс, күншығысты шаңдақ басты,

Үзілмей соғыс болды жеті күн, түн.

 

Кәпірді қойдай қырды ол бес батыр,

Кәпірлерге түсірді заманақыр.

Кәпірлердің көптігі, ей, жарандар,

Бір мұсылманға қылыш ұрды он мың кәпір.

 

Топ зеңбірек тынбастан атылады,

Кәпір жаны тозаққа салынады.

Күнбатыс, күншығысты шаңдақ басты,

Қараңғы болып ай менен күн тұтылады.

 

Мұсылмандар бір-бірін танымады,

Ұрысып өкпелері қабынады.

Соғыстың басымынан, ей, жарандар,

Бір-біріне бастары соғылады.

 

Қараңғы болып кетті жердің жүзі,

Мұсылмандар білмейді өзін-өзі.

Меккеде ай-күннің тұтылғанын

Мұхаммед Пайғамбардың көрді көзі.

 

Ер Әли болып кеткен көптен ғайып,

Атақты батырларды қасына алып.

Ай-күннің тұтылуына дұға қылды,

Хақ Пайғамбар жұртыменен қолын жайып.

 

Ай-күннің тұтылуы басылмады,

Сахабалар баршасы сасып қалды.

“Дұға қабыл болмады” деп қайғырады,

Жарық болып ай мен күн ашылмады.

 

Пайғамбар қайғырады уайым жеп,

“Не себептен қараңғы бұ аспан-көк”  деп.

Ай мен күн не себептен тұтылады,

Зар жылайды: – Білдірші, Құдайым, – деп.

 

Жәбірейіл айтты: – Құдайың айтты сәлем,

Көп-көп сәлем айтты сізге Алла Тағалаң.

Мәсжидтің төбесіне шықсын, – дейді,

Құдіретім тамаша қылып көрсін тамам.

 

Құдайың тұтсын менің сөзім, – дейді,

Мәсжид тамына шығарсың өзің, – дейді.

Ай-күннің тұтылуын білер сонда,

Ашып мұнда қарасын көзін, – дейді.

 

Пайғамбар бір Құдайдың әмірін алды,

Жәбірейіл мәсжидке жетіп барды.

Мәсжидтің төбесіне шығып алып,

Пайғамбар төңірекке көзін салды.

 

Құдай құдірет көрсетті сол күнде,

Жәбірейіл жер тамырын тартады енді.

Тоғыз айлық жол екен Хауарзамин,

Мәсжидтің тап түбіне алып келді.

 

Пайғамбар енді көрді қарап тұрып,

Мұсылман мен кәпір жүр соғыс қылып.

Бір-бір мұсылманның басына қарап тұрса,

Он екі мың кәпір жүр қылыш ұрып.

 

Пайғамбар іші күйді қарап тұрып,

Кәпір жүр мұсылманды бөліп-бөліп.

“Кәпірлердің жалғызын қоймаңыз” деп,

Пайғамбарым ақырды кәрі келіп.

 

Пайғамбар осылайша айқай салды,

Дауысы тоғыз айлық жерге барды.

Ер Әли, сахабалар дауысын танып,

“Пайғамбар келді” деп бек шаттанды.

 

Арыслан қуанады бұ айғайға,

Сиынып соғыс қылды бір Құдайға.

Мұсылманның қуанғаннан бір-біріне

Жүз мың палуанның қуаты болды пайда.

 

Арыслан қаһарланып айғай салды,

Даусыменен қырады бек көп жанды.

Әлидің дауысынан өті жарылып,

Он екі мың кәпірлер берді жанды.

 

“Пайғамбар келді” деп мұсылман болды мықты,

Бір айғайдан екі мыңның жаны шықты.

Екінші ақырғанда Шер Арыслан,

Кәпірлердің ол барша туын жықты.

 

Жәмшидтің енді жолы тарылады,

Туы жығылып, қанаты қайырылады.

“Япырым-ай, енді бұлар болмас-ты” деп,

Ақылынан ол қорқып жаңылады.

 

Жәмшид айтты: – Қашқандар қолым болсын,

Тұрмаймын, енді қашам жолым болсын.

Жәмшид енді осыны айтып, қашып кетті,

Тұрғандарың қырылсын, сойып алсын.

 

Мұсылмандар қайраты кетті асып,

Қаһмасқа жөнеледі Жәмшид сасып.

Сиқыршылар, кәпірлер жете алмай,

“Болмас-болмас” дейді де кетті қашып.

 

Сиқыршылар қырылып келмес болды,

Жәмшид патша Қаһмасқа тартты жолды.

Сол уақытта күн батып, ей, жарандар,

Екі ләшкер орнына қайтып қонды.

 

Әлқисса, Жәмшид патша Қаһмасқа қашып кеткені, артынан Әли Кәрім Алла о жаққа қуып барғаны

 

Жәмшид енді Қаһмасқа болды қашпақ,

Сейілзамин жұртына кетті бастап.

“Қашқанға рахмет, тұрғанға лағынет” деп,

Шаһарын, елін-жұртын кетті тастап.

 

Ғайып болып сиқыршы кетті қашып,

Мұсылмандар қайраты кетті асып.

Жәмшид патша Қаһмасқа қашып кетті,

Мұсылмандар шаһарын қалды басып.

 

Мұсылмандар кіреді шаһарға барып,

Қашырды патшаңызды қаһар салып.

Қалған кәпір барады Арысланға,

Жалынып алтын-күміс тарту алып.

 

Тартуларын Арыслан қабыл қылды,

Жан сауғалап кәпірлер басын ұрды.

Мұсылмандар бұларға құрмет қылды,

Баршасы иман айтып, дінге кірді.

 

Кәпірлер мұсылман болып жетіледі,

Суреттерін өртеп, тепкіледі.

Шаттыққа мұсылмандар толысады,

Жәмшид шаһарын дал-дал ғып кіріп кетті.

 

Мұсылмандар жад қылды Құдіретті,

Дұшпан болған кәпірлер өкінеді.

Кәпірлер мұсылман болып шын көңілмен,

Бірнеше күн шаһарда дін үйренді.

 

Кәпірлерде бек қатты уайым бар,

Мұсылманға жақ болды жалғыз Жаппар.

Темір шаһарын бұзуға жол тартады,

Ішінде шоқынатын пұт[тары] бар.

 

Дін білмеген кәпірлер тексіз екен,

Суретті Құдай қылған епсіз екен.

Темір шаһарда Лат, Манат зор Тәңірісі,

Қисабы жеті мың төрт жүз екен.

 

Мұсылмандар Құдайға сиынады,

Темір шаһар ішінде жиылады.

Арысланды көрген соң Лат, Манаттар,

Сәлем беріп аяғына жығылады.

 

Кәпірлер “Құдайым” деп сурет жиған,

Батырлар Құдай үшін жанын қиған.

Кереметпенен, жарандар, төрт жүз сурет,

Мұсылман болды дейді, айтып иман.

 

Төрт жүз Лат,Манат дінге кірді,

Көргеннен соң баршасы Әли ерді.

Соларды тамаша қылып тұрған шақта,

Бір алтыннан жасалған күмбез көрді.

 

Жарандар, құлағың сал осы кепке,

Батырлар соғыс қылды шығып шетке.

Күмбезге қарап тұрса батыр Әли,

Тақалғандай көрінді басы көкке.

 

Бұзайын деп шоқпарменен қатты ұрды,

Зұлпықарменен шапқылап қайла қылды.

Қаруменен күмбезге кәр қыла алмай,

Ылаж таппай Арыслан қарап тұрды.

 

Жәмшид кеңес сол жерде құрады екен,

Ол күмбезде бір дию тұрады екен.

Құдай болып сөйлесіп патшаңызға,

Келген сайын көңілін бұрады екен.

 

Бұзуы ол күмбездің қиын екен,

Ол шаһарда төрт жүз сурет жиюлы екен.

Бұ күмбездің ішінен Құдай болып,

Жәмшидті азғырушы дию екен.

 

Ол күмбездің түбінде дамыл алды,

Ұйықтағалы түбіне жетіп барды.

“Құдайым түсімде не білдірер” деп,

Намаз оқып ер Әли ұйықтап қалды.

 

Жәбірейіл түсінде жетіп келді,

Жәбірейілді Әлидің көзі көрді.

“Инна фатахнаны” оққа байлап ат, – деп,

Сонда күмбез бұзылар”, – деп хабар айтты.

 

Арыслан түрегелді, көп жатпады,

Дұға жазды күмбезге оқ атқалы.

Жазып-жазып оқпенен атқан екен,

Күмбездің ішінен бір дауыс шығып,

Жердің жүзін қып-қызыл от қаптады.

 

Ер Әли жад қылады жалғыз Хақты,

Хаққа сеніп күмбезді оқпен салып қалады.

Жердің жүзін от қаптап, бір дауыс шығып,

Бір күн, бір түн ер Әли талып қапты.

 

Бір күннен соң Әли тұрды . . . *,

Сиқыр екен қаптаған оттай күйіп.

Көзін ашса, бір дию өліп жатыр,

Күмбез быт-шыт болыпты Әлидің оғы тиіп.

 

Күмбездің бұзылғанын көзі көрді,

Өліп жатқан диюды өзі көрді.

Темір шаһарды ол бұзып болғаннан соң,

Хауарзамин жұртына қайта барды.

 

Хауарзамин жұртына қайта жүрді,

Алған Жәмшид шаһарына барып кірді.

Жәмшид орнына Ағиан балшыны патша қылып,

Қырық күндей дін айтып, сонда тұрды.

 

Батырлар соғыс қылды жанын қиып,

Тірліктен шаһидтықты артық көріп.

“Сейілзамин жұртына барамын”, – деп,

Батыр Әли енді алды жұртын жиып.

 

Хауарзамин жұртынан жиды қолды,

Жердің жүзі қайысып қолға толды.

Қолды жиып қараса батыр Әли,

Қисап қылса, үш жүз мың ләшкер болды.

 

Ер Әли сондай көп қол алған екен,

Кәпірге көп ойранды салған екен.

Үш мыңнан мың төрті сахабалар,

Төрт жүз ғаяр, төрт мың палуан екен.

 

Батырлар көп кәпірді жидырады,

Сайланып жүрер ісін бітіреді.

Үш жүз мыңың жүргенде Қаһмасқа

Жеті қат жер қозғалып тітіреді.

 

Арыслан сондай үлкен қылды жүріс,

Кітаптан осы сөзім емес бұрыс.

Аспан-көкті қозғалтып, жер күңірентіп,

Қаһмасқа жөнелді қылғалы ұрыс.

 

Олар барса Қаһмасқа ойран салар,

Ерегіскен кәпірдің басын алар.

Ер Әли солайша болып бара тұрсын,

Манағы қашқан Жәмшидтен алың хабар.

 

О да жолдас қасына алған екен,

Әли оған қиындық салған екен.

Есі кетіп, қалжырап өліп-талып,

Зар жылап Қаһмасқа барған екен.

 

Қаһмасқа ер Әли болды бармақ,

Үш жүз қол жиды соғысқа арнап.

Жәмшид патша Қаһмасқа қашып барып,

Шағым етіп жылайды былай зарлап:

 

– Ей, Қаһмас, ажал жетпей өлмегенім,

Көп екен бұ дүниеде көрмегенім.

Әли келіп тәж-тағымды ойран қылды,

Мұнан да артық дүниеге келмегенім.

 

Қаһмас патша естіп тұр жылағаным,

Қорлықтан шығып кетпей шыбын жаным.

Патша болып мұндай қорлық көргенше,

Анамнан артық еді тумағаным.

 

Жәмшид патша Қаһмасқа көп жылайды,

Өзі көрген қорлықты айтып жылайды.

– Сақал-мұртым кесіп ап, шаһарымды алды,

Мазақ қылды Баба Омар, – деп жылайды.

 

Қаһмас көңілін көтерді көңіл айтып:

– Тыныштық ал, біраз күн мұнда жатып.

Хабар салып білерміз шаһарыңды,

Өз еліне ол Әли кетер қайтып.

 

Жақсы қонақ біраз күн болыңыз бізде,

Бір жақсылық қылармын мен де сізге.

Хабар салып ол Әли қайтып кетсе,

Шаһарыңды алып берермін өзіңізге.

 

Оған шейін сабыр қылып мұнда тұр, – деп,

Кеткен бе екен Әлиді тыңдап тұр, – деп.

Қаһмас патша былайша ақыл айтып,

“Жылама” деп Жәмшидке қылды құрмет.

 

Дін үшін соғыс қылды сахабалар,

Бастап алып жүруші Әли Хайдар.

Жәмшид пенен Қаһмас жата тұрсын,

Әли Арыслан батырдан алың хабар.

 

Сол шақта Әли батыр келді жетіп,

Дүлдүлге қамшы басып екпіндетіп.

Ысрауил деген шаһарға жетіп келді,

Әли қолы жер-көкті тітіретіп.

 

Келе сала ол шаһарды шауып алды,

Ысрауил адамына ойран салды.

Қаһмасқа бұлар қашып барып қалды,

Қаһмас патша аяғын құшақтады.

 

Мәдиненің Әлиі көп ләшкермен,

Ысрауил шаһарыңды шауып алды.

Жәмшид көзін бұларға салды дейді,

Бұлар “Әли шаһарды алды” дейді.

“Тағы артымнан келді” деп Жәмшид қорқып,

Бір күн, бір түн есі ауып қалды дейді.

 

Жәмшид қорқып есінен айырылады,

Ысрауилдың кісісі зар жылайды.

Жәмшид талып қалған соң қасындағы,

Қаһмас та бек қатты қайғырады.

 

Қаһмас патша шаһарға шақыртты жар,

Жаршы айтты: – Шаһарға жиылыңдар.

Қаһмас патша ол жарды шақыртқанда,

Бес жүз мың қол сол шақта болды даяр.

 

Бір заманда Жәмшид тұрды көзін ашып,

Қаһмас ләшкер жияды асып-сасып.

Көзін ашып “уһ” деп, демін алып,

Қолды жүріп қарайды көңілін басып.

 

Қаһмасқа: – Мен айтайын ақыл, – дейді,

Салсалға жылдам жібер хатың, – дейді.

Сенің бұ жиылған кісің түк те болмас,

Бір-біреуі жүз мыңдық батыр, – дейді.

 

Салсал деген бір патша бар, – деп айтты,

Ол келмесе, келмейді хал, –  деп айтты.

Бір өзінің тоқсан ұғлы – тоқсан патша,

Жалынып соған хабар сал, – деп айтты.

 

Тоқсан ұғлы билейді тоқсан шаһар,

Бір қылса, бұған қайла солар қылар.

Шамама деген Салсалдың кіші енесі,

Дал менен Зал патшаның тоқалы бар.

 

Бастан-аяқ жазыңыз бәрін хатқа,

Хатпенен кісі шаптыр Салсал жаққа.

Шамама деген қатынға тағы хат жаз,

Салсалдан да кем емес, үлкен патша.

 

Салсал тұрыпты ықылымды жалғыз билеп,

Ақыл айтты соларға кісі жібер деп.

Қаһмас Жәмшид патшаға ақыл қылып,

Салсалды білдіріпті сөйтіп-сөйтіп.

 

– Қаһмас, тыңда, – дейді, – сөзімізді,

Түн болса һеш жұмбаңыз көзіңізді.

Ішінде Баба Омар деген айлакер бар,

Ұйықтасаң, харап қылар өзіңізді.

 

Дүниеде һеш қайламенен тұта алмайсың,

Күндіз бек сақтанып ұйықтағайсың.

Бұ дүниеде айламенен оған кәр жоқ,

Әйтеуір қарауылшың мықтағайсың.

 

Жәмшид сөзді айтады ақыл салып,

Сақтанбақшы болды тілін алып.

Сол сөзді айтып Жәмшид патша амандасып,

Бір шұқырда жатады қашып барып.

 

Шұқырда қорқып жатыр Жәмшид мұңдық,

Қаһмас патша қарсы тұрар көп жиылып.

Хатшыларын шақыртып Қаһмас патша,

Салсалға хат жазуға қылды бұйрық.

 

Хат жазды Лат,Манаттың хақын салып,

Салсал менен Шамама атын салып.

– Бізге келді бұ Әли Жәмшидті алып,

Бізді алған соң, алмақшы сізді барып.

 

Шаддадтың тұқымының баласы едің,

Бұ дүниеде патшаның сарасы едің.

Сізден дәрмен болмаса, халім мүшкіл,

Арқамның Қап тауындай панасы едің.

 

Сізден басқа панам жоқ ойымызда,

Сізден басқа қайрат жоқ бойымызда.

Сіз жәрдемші болмасаң, біз қырылдық,

Қанымыз ақыретте мойныңызда.

 

Осылайша жаздырып хатты бітті,

Хатын алып елшілер жүріп кетті.

Ортасында бір үлкен су бар екен,

Он бес күнде енінен әзер өтті.

 

Жиырма күн тағы да атпен жүрді,

Салсалдың шаһарына елші кірді.

Салсалдың аяғын һәм құшақтады,

Қойнынан шығарып хатын берді.

 

Салсал малғұн алып хатын көрді,

Қайратымен тітіретті қара жерді.

– Тоқсан мың палуанды қасыңа алып,

Әлиге бар, – деп айтты Керафилді.

 

Керафил атасының тілін алды,

Тоқсан мың жиып алды палуанды.

Керафил ол Салсалдың баласы екен,

Түйеменен Әлиді іздеп кетті.

 

Керафил мұнша қолмен іздеп кетті,

Ысрауилге Әлидің қолы жетті.

Керафил солайша болып бара тұрсын,

Тағы Әли батырдан есіт кепті.

 

Әли батыр Ысрауилді шауып алды,

Адамдарын баршасын дінге салды.

Қаһмас жетіп барып, туын тігіп,

Шатыр құрып, сап тартып, тоса қалды.

 

Арыслан жетіп келіп, туын тікті,

Кәпірлер қорықпайды олар тіпті.

Бес жүз мың қол қасына жиып алып,

Қаһмас та Әлиге қарсы барды.

 

Ол күні соғыс қылмай қонысады,

Жердің жүзі ләшкерге толысады.

Екі ләшкер қарауыл қатты қойып,

Бір-бірінен хабардар болысады.

 

Баба Омар Қаһмасқа жетіп барды,

Ләшкердің баршасын да аралады.

Баба Омар жетіп келіп, сиқыр қылып,

Ояу екен, бәріне көзін салды.

 

Қаһмастың алтын-күміс шатыры бар,

Бабаңның түрлі-түрлі ақылы бар.

Жүз мың қол бастығы, ей, жарандар,

Шаһзарат деген асқан батыры бар.

 

Бабаңның түрлі-түрлі ойлары бар,

Кәпірдің арақ ішкен тойлары бар.

Шаһзаратқа Бабаңыз таң қалады,

Жүз құлаш кәпірдің бойлары бар.

 

Кәпірдің бәрі жаман мастық екен,

Бабаң ойы кәпірлерге қастық екен.

Шаһзаратқа Бабаңыз таң қалады,

Бір өзі жүз мыңның бастығы екен.

 

Бабаңыз аралап жүр амал тауып,

Кәпірлерден қылмайды тіпті қауіп.

Бабаң Омар бір дәру тұтатқанда,

Шаһзарат палуан жығылды есі ауып.

 

Мұрнына дәру тұтатты, жетіп барып,

Әлгі палуан жығылды естен танып.

Шаһзаратты тырайтты, ессіз қылып,

Бабаң тағы жөнелді ұстап алып.

 

Ер Әлидің алдына алып келді,

Әли Арыслан бұ іске қатты күлді.

Ес кіргізді дәруді тағы жағып,

Шаһзараттың Әлиді көзі көрді.

 

Әлиді Шаһзараттың көзі көрді,

Арысланның ол нұрлы жүзін көрді.

Жүзін көріп, көңіліне иман толып,

Хақ мұсылман болды да, дінге кірді.

 

Ертең Қаһмас Шаһзараттан хабар білді,

“Көрмедік, – деп шулайды, – мұндай сұмды.

Жәмшидтің зарлағаны шын екен” деп,

Соғысқалы майданға жетіп келді.

 

Соғыстың барабанын кәпір қақты,

Мұсылмандар сайланды мініп атты.

Шаһзаратты ұрлауына Бабаңыздың

Барша кәпір мақтасып, аң-таң қалды.

 

Бір кәпір “жекпе-жек” деп айғай салды,

Мұсылманнан Шаһзарат қарсы болды.

Бір ұрғанда кәпірді екі бөліп,

Жанына орын қылды жаһаннамды.

 

Шаһзараттың олардан асты күші,

Кәпірлердің қорқады шығып есі.

Шаһзарат палуан ол жекпе-жектен,

Кәпірден һәлак қылыпты сексен кісі.

 

Сол уақытта кеш болып, күн де батты,

Қайтатұғын барабан кәпір қақты.

Қайтатұғын барабан ол қағысып,

Екі ләшкер орнына қайтып барды.

 

Жарандар, ол түн батып, таң да атты,

Қаһмас патша көп жиды жамағатты.

Екі ләшкер майданға жетіп келіп,

Ұрысуға сайланып саптар тартты.

 

Екі қол ұрысуға аттанады,

Мұсылманнан кәпірлер сақтанады.

Қидұн деген кәпірден шауып шығып,

Майданға келіп тұрып мақтанады:

 

– Палуандықта кәпірдің асқаны мен,

Көп дұшпанның көңілін басқаны мен.

Көп болсаң да, бәрің келші маған,

Бұ заманның Рүстем Дастаны мен.

 

Кәпір жақтан ақырып Қидұн келді,

Уақас батыр Қидұнның сөзін көрді.

– Осы неме нені айтып сөйлейді, – деп,

Қаһарланып Қидұнға жетіп келді.

 

Қидұнға қаһарменен шоқпар ұрды,

Екі қол екі жақтан қарап тұрды.

Басы алмадай ұшыпты ұрған шақта,

Жаны тура жаһаннамға барып кірді.

 

Бір кәпірдің тағы да басын бөлді,

Мұсылмандар қуанып қатты күлді.

Екі балуан өлгеннен соң осылайша,

Қаһмас патша: – Жабыл! – деп бұйрық қылды.

 

Кәпірлер бәрі бірдей жабылады,

Ұрысып өкпелері қабынады.

Екі қол енді болып араласып,

Қияметтей естерінен жаңылады.

 

Құмырсқадай кәпірдің қисабы жоқ,

Қараңғы болды шаңменен сонда аспан-көк.

Періштелер зарлайды көкте жүріп,

“Бұ соғыстан дүние бұзылар” деп.

 

Мұсылмандар жад қылды әуел Хақты,

Кәпірлер жад қылды Лат, Манатты.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Күн де батты, орнына қайтып жатты.

 

Қаһмас патша орнына қайтып барды,

Ол уайымды қолына айтып барды.

“Он бес күн кеңдік берсін”, ей, жарандар,

Қаһмас патша ер Әлиге кісі салды.

 

Қаһмас патша: – Осы салған елшім, – дейді,

Елім тамам жиылып келсін, – дейді.

Алды-артым жиып, армансыз бір болайын,

Он бес күнге кеңшілік берсін, – дейді.

 

Өздеріне сенген батырлар ғой,

Соғыс қылмай он бес күн қарап тұрды.

Уәделі он бес күн тағы толды,

Соғысқа екеуі даяр болды.

Кәпірден Қаһмас, мұсылманнан Әли Арыслан,

Екі жақтан келеді бастап қолды.

 

Мәлікаждар ақырды: “Жекпе-жек!” деп,

Кәпірлерге қиын ғой онан өтпек.

Мәлікаждардан қорқады барша кәпір,

һешбіреуі бармайды оған беттеп.

 

Мәлікаждар майданда ақырады,

Кәпірлер жапырақтай қалтырады.

– Бірме-бірге қорықсаңыз, ей кәпірлер,

Бәрің бірдей жабыл, – деп шақырады.

 

Кәпірлердің қарашы ақылына,

Жалғыз кісі сонша елді шақырар ма?

Әлгі сөзді айтқан соң ол кәпірлер,

Бәрі бірдей жабылады батырыңа.

 

Бұ дүние көзің жетіп өтеріне,

Тамам қылмай бұ сөзді кетермін бе?

Мәлікаждарға кәпірлер жабылған соң,

Мұсылмандар ат қойды көтеріле.

 

Қолға келіп Арыслан ақырады,

Батырлар көп кәпірді шапқылады.

Сол күні соғыстың қаттысынан,

Жеті қат жер жапырақтай қалтырады.

 

Жарандар, батыр Әли асқан мықты,

Батырлар көп кәпірді жерге тықты.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Күншығыстан бір үлкен тозаң шықты.

 

Барша жанды жаратқан жалғыз Жаппар,

һәрқандай пенделерін өзі сақтар.

Қайран болып ол жанға қарап тұрса,

Тоқсан тулы ішінен шықты ләшкер.

 

Кәпірлер қуанады көріп енді,

“Бұ қол қайдан келді?” деп қарсы тұрды.

Салсал ұғлы Керафил бастық болып,

Тоқсан мың ләшкерменен жетіп келді.

 

Керафил тоқсан мыңмен жетіп келді,

Ақырзаман болғандай соғыс салды.

Бұ кәпірлер мұсылманға жетіп келіп,

Кәпірлер мұны көріп, бек шаттанды.

 

Керафил ер Әлиге жетіп кепті,

Шоқпарменен төбеге ұрып өтті.

Шоқпардың салмақтығы қол күшімен,

Әли Арыслан мүдіріп, тізе бүкті.

 

Зұлпықарын суырып Әли де ұрды,

Бір-біріне қару ғып қарсы жүрді.

Неше шапты, зұлпықар һеш кеспеді,

Әли Арыслан қайран болып қарап тұрды.

 

Керафилдің ұстады жағасынан,

Шаңдандырды жерге ұрып төбесінен.

Керафилді жерге ұрып, мықтап байлап,

Қосқа беріп жіберді Бабасынан.

 

Баба Омар оны қосқа алып барды,

Әли батыр ағызды судай қанды.

Екі қол бір-біріне қосылысып,

Күн батқанша бек қатты соғыс салды.

 

Батырлар кәпірлерге қылыш шапты,

Кәпір қырылып, қандары судай ақты.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Күн де батты, орнына қайтып жатты.

 

Ер Әли де қосына келді қайтып,

Батырлары қайтады қанға батып.

Керафил Салсалұғлы қолға түскен,

Хақ мұсылман болыпты иман айтып.

 

Қаһмас ит орнына қайтып барды,

Әлидің қайратына аң-таң қалды.

Керафилдің мұсылман болғандарын

Хатқа жазып, Салсалға хабар салды.

 

Не көргенін жіберді хатқа салып,

“Балаңды мұсылман ғып қойды алып”.

Ол елші күні-түні тынбай жүріп,

Хатты берді Салсалға алып барып.

 

Салсал енді Қаһмастың хатын алды,

Баласына күйініп ашуланды.

“Тоқсан мың кісіменен тез барсын” деп,

Тағы өз ұғлы жіберді Сарубалды.

 

Тоқсан мыңмен жіберді Сарубалын,

Салсалдан тер шықты отты жалын.

Сарубал солайша боп бара тұрсын,

Тағы Қаһмас патшадан хабар алың.

 

Бек келіпті Арыслан қаһарлары,

Кәпірлерге түсірді заһарлары.

Қаһмастың бар екен, ей, жарандар,

Тау басында бір үлкен шаһарлары.

 

Тауласқан баян биік аспанменен,

Қаһмас шықты ол тауға сасқанменен.

Жалғыз аяқ жол екен асулары,

Бойлап-бойлап биіктеді тастарменен.

 

Асусыз тауға жүрер емес,

Ол асуды кәпірлер берер емес.

Асуын бекітіпті қашып Қаһмас,

һешбір жан ебін тауып кірер емес.

 

Ол тауға шығып кетті кәпірлер сұм,

Шығармады асудан тағы да һешкім.

Арыслан ләшкеріне “тыныштық ал” деп,

Тау түбінде жатыпты үш күн, үш түн.

 

Төртінші күн майданға жүріс қылды,

Таудан түсіп кәпірлер де қарсы тұрды.

Керафил “жекпе-жек!” деп майдан тартып,

Кәпірлерден жетпіс кісі һәлак қылды.

 

Керафилдің кәпірден асты күші,

Найзасының кәпірге батты ұшы.

Бірме-бірге шыдамай Керафилге,

Кәпірден ат қойыпты он мың кісі.

 

Керафилге бірме-бірге кәпір батпас,

Көптен қорқып Керафил басын тартпас.

Мұсылманнан үш батыр тағы ат қойды,

Шаһмардан, Әбілмәжін, Сәдуақас.

 

Бұлар салды кәпірлерге заманақыр,

Кәпірді қойдай қырды бұ үш батыр.

Бұ үшеуі майданға кіргеннен соң,

Тағы да ат қойыпты жүз мың кәпір.

 

Екі қол бір-біріне араласты,

Бір-бірін өлтіріп, жараласты.

Айдаһардай алып палуанлары,

Жолбарыстай жұлысып көп таласты.

 

Екі қол бір-біріне салды найза,

Шаңменен бір-бірін танымайды.

Дүние де бұзылғандай соғыс болды,

Өліктерден болыпты таулар пайда.

 

Бір ақырып Арыслан туын жықты,

Кәпірлерді батырлар жерге тықты.

Қаһмас мұсылманды жеңе алмай,

Манағы тау басына қашып шықты.

 

Қаһмас шығып, асуын бек байлатты,

Шаһарын алып мұсылман той тойлатты.

Ойдағы үлкен шаһарын олжа қылып,

Тауды қамап ол жерде екі ай жатты.

 

Батырлар кәпірлерге қатты дұшпан,

Олар қайтсін соғыс деп Құдай қосқан.

Екі ай толып, бір күні таң атқанда,

Бұлар бір шаң көреді күншығыстан.

 

*Қолжазбада бір сөз түсіп қалған.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button