Қисса Салсал

Дастанның ілкі басылымы 1879 жылы, қайта басылулары 1883, 1888 жылдары жарық көрді. Бұдан соң патшалық цензура бұл кітапқа тыйым салған. 1906 жылы Салсал туралы кітап қайта басыла бастады. Кейіннен тағы бес рет шығарылды. Төрт басылымның жалпы таралымы – 23200 дана.

Дастанды ел аузынан жинап, жүйелеп, кей тұстарын өзінше жырлап, баспаға ұсынған – Мәулекей Жұмашұлы. “Салсал” – оқиғалар желісіне  ежелгі мифтік аңыздар, архаикалық сюжеттер мен мотивтер, қазақтың эпикалық жырларының сарындарын, ортағасырлық әдеби ескерткіштердің оқиғаларын, сондай-ақ ондағы кейіпкерлердің тарихи һәм аңыздық бейнелерін ислам қайраткерлерінің басты мақсаттары мен өмірбаяндық жорық жолдарымен ұштастыра жырлаған, қиялға бай діни-батырлық дастан деп бағалауға болады. Ұсынылып отырған дастан мәтіні 1909 жылғы басылым бойынша дайындалды.

 ҚИССА  САЛСАЛ

Әуелде жад етемін Тәңірім атын,

Сұрасаң, Мәулекей-дүр – менім атым.

Түмен менен Омбы арасында,

һеш адамнан кем емес салтанатым.

 

Сөйлей бер, қызыл тілім, өлмей тұрып,

һеш адамнан қорлықты көрмей тұрып.

Тіл менен жақ, сөйлей бер мына тойда,

Жең, жағасы жоқ тонды кимей тұрып.

 

Сөйлей бер мына тойда, өлмей тұрып,

Басы жоқ бір атқа мінбей тұрып.

Сөйлеп қал мына тойда, байғұс тілім,

Түңліксіз қараңғы үйге кірмей тұрып.

 

Тіл берді сөйлесін деп Жаппар Құда,

Құдайға құлдық қылып тұрсақ та мұнда.

Мәңгі бақи тамұқта қалмас едік,

Құлдыққа болсақ машғұл бұ дүниеде.

 

Сөйлей бер алмай тұрып, жақ пенен тіл,

Жыл қисабын айтайын, жақсылап біл.

Бұ дүниеде Хақ Тағала жаратыпты

Баршасы санап көрсек, он екі жыл.

 

Әуелі Құдай жаратқан тышқан жылын,

Кей адамның алады өз пейілін.

Жыл қисабын жазамын бұ орында,

Аралап келіп едім Омбы жерін.

 

Мұнан соң келетұғын сиыр жылы,

Жамағат, жақсылап білің мұны.

һәрқайсысын жазайын һәрбір жолға,

Осылайша жазайын мен де мұны.

 

Барыс келді мұнан соң айғай салып,

Көп хайуандар барыстан қалған талып.

Қабылан болар барыс дегендері,

Бұ сөздерді қазақтан келдім алып.

Төртінші жыл қисабы болұр қоян,

Құданы есіңе алсаң, шошып оян.

Көп кәпірді исламға кіргізем деп,

Көп сахаба соғыста шаһид болған.

 

Бесіншісі санасам, аты – ұлу,

Томскі губерне бізден бұру.

Қисаптап осылайша мен жазайын,

Баспашылар, қағазға басың сұлу.

 

Алтыншы жылан болұр қисабында,

Келтірген он екі жыл есебінде.

Қағазға өлең жазып, шимай салдым,

Ақылы қысқа Мәулекей сондай пенде.

 

Жетіншісін тағы айтсам, жылқы жылы,

Жүгірер тау жағалай қызыл түлкі.

Он екі жылды халім келсе мен жазайын,

Соңғыға бізден бұлай қалсын үлгі.

 

Сегізінші қой жылын тағы жазсам,

Біле тұрып лайық па, жолдан азсам?

Жат елдерді қыдырған мен бір ғаріп,

Өлең айтып көңілімді өзім бассам.

 

Тоғызыншы жыл болды, аты – мешін,

һәр адам ақыреттің қамын жесін.

Бұ дүниеде жақсылық һеш қылмаса,

Ақыретте жауабын не дерсің?

 

Оныншы жыл болар, білсең – тауық,

Айтамын осылайша ебін тауып.

Рузе тұт, жігіттер, намаз оқы,

Әлі-ақ бір күн қаларсың топырақ қауып.

 

Он бірінші жыл болұр деген ит-ті,

Көп адам бізден бұрын өтіп кетті.

Құдайға құлшылық қылмағандар,

Ақылы жоқ, ойласам, сірә, тіпті.

 

Айтайын он екінші жылы – доңыз,

Боқ астынан шықпайды қара қоңыз.

Тәкбір айт, зікіри деген сөз бар,

Дүниені айналыпты мұхит-теңіз.

 

Осылайша он екі жыл тамам болды,

Көкірегі даңғыл адам ұғып алды.

Бәрін де ақылменен ойлап көрші,

Ата-бабаң, баршасы дүние салды.

 

Жасыңды ұмытпассың, мұны білсең,

Жазғанды білерсің енді оқысаң.

Он [екі] жыл аттарын жазып қойдым,

Білерсің жақсылап оқып көрсең.

 

Мәнжілдің медресесі – тұрған жерім,

Омбыда Атығай – жүрген жерім.

Жетпіс тоғыз жылында, қоян жылы,

Өзімнің мешін болұр туған жылым.

 

Көріп тұр, енді бір қисса келер,

Оқығандар бұ сөзден ғибрат алар.

Сахабалар соғысын естігеннің

Көңілі толқып, көзінен жасы ағар.

 

Май число отызында Омбы келдім,

Ахун акаң үйіне мейман болдым.

Және бір күн Тасекеңе қонып алып,

Сол түнде бұ қиссаны тамам қылдым.

 

Дамолла Абдолла жолдас болды,

Тарсудан параходпен бірге келді.

Тасекең баласы да Абдолла-дүр,

Қасымда азырақ отырды да ұйықтап қалды.

 

Ахун менен Тасекең мейман қылды,

Біздей ғаріп жанменен ғалам толды.

Жоқ-барды көп сөйлеп не қылайын,

Хазірет Әли қиссасы енді келді.

 

Қисса Салсал

 

“Салсалды” Түменде таба алмадым,

Омбыға баруға енді ойландым.

Жүйткіген параход аралымнан,

Он бес күнде Омбыға келіп қалдым.

 

Соның үшін Омбыға барып қалдым,

Салсалды біреуден тауып алдым.

Олай-бұлай қатасын түзеп алып,

Заказной почтальонға айтып салдым.

 

Төрт кітап бастырдым мұнан бұрын,

“Сейітбаттал”, “Шейх Бұрқы”, “Қара түлік”.

Төртіншісі “Мінәжат” деген бір сөз,

Енді “Салсал” бастыру – менім ойым.

 

Өзім өлсем, өлмей-дүр жазған хатым,

Жалытұр оязынан асыл затым.

“Сейітбаттал” қиссасын оқып көрсең,

Сонда енді көрерсің менім атым.

 

Осы ісім ұнай ма, ағаларым,

Айып қылып жүрмеңіз, бабаларым.

Мұны жазған күнәһар, бейшараға,

Бір дұға қылып қойыңыз, інілерім.

 

Ғазат Әли әл-Мұртаза

 

Жәрдем бергіл біздерге, жалғыз Алла,

Тұғры жолды асан қыл барша жанға.

Шариғаттан тысқары сөз сөйлетіп,

Шерменде қылып, тозаққа бізді салма.

 

Бір Алла, тұғры сөйлет тілімізді,

Жаман жолға салдырма көңілімізді.

Бір өзің рақым қылып фазылың бірлән,

Жарылқа біздік асы құлыңызды.

 

Жарылқа біздік ғасы құлыңызды,

Шариғатқа тура қыл мойнымызды.

Бұ ниетім қабыл қылып, Жаппар Құдай,

Батин-заһир ашқайсың көзімізді.

 

Пайғамбар мекен тұтқан Мәдинеде,

“Үмбетім” десін бізді о дүниеде.

Бір азырақ Пайғамбардан сөз сөйлейін,

Жағыма жәрдем бергіл, Жаппар Ие.

 

Жағыма жәрдем бергіл, Жаппар Ие,

Пайғамбарлар баршалары бізді сүйе.

Қырық шілтен, ғайып ерендер, жәрдем бергіл,

Және медет бергейсің, жұмла әулие.

 

Біздерге жәрдем бергіл, шаһариарлар,

“Шапағат қыл, – деп, –  махшарда” қыламын зар.

Бұ сөзімде жәрдемші болыңыздар,

Хасен, Хұсайын ол барша сахабалар.

 

Айтайын баяғыдан біраз кеңес,

Жақсы адам жетімнің хақын жемес.

Бұ кеңесім тыңдасаңыз, әй, жарандар,

Өңге сөз бұ бәріне кеңес емес.

 

Біздерге жәрдем бергіл, пайғамбарлар,

Имансыздар тамұқта қыла-дүр зар.

Пайғамбарды имам қылып, әй, жарандар,

Бір күн намаз оқыпты сахабалар.

 

Жастары үлкен ішінде кәрі де бар,

Әбубәкір, Омар, Осман, Әли де бар.

Хазіреті азаншы Біләлменен,

Отыз үш мың сахаба бәрі де бар.

 

Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,

“Хабибім” деп ат қойған Тәңірім қалап.

Тәсбих тартып, намазын тамам қылып,

Фатихасын оқиды қарсы қарап.

 

Патшалық құрды тақсыр салтанатын,

Тұғры жолға бастайды тамам халқын.

Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,

Сахабаға айтады насихатын.

 

Жылдан-жылға жақындар ақырзаман,

Пайғамбарды артық сүйді Хақ Тағалам.

Уағдасыз дүниеге алданбаң деп,

Насихатын Пайғамбар қылды тамам.

 

– Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзім,

Аз-маз сөз алып жүрсең өсиетім.

Кім қылар осы айтқан бір қызметім,

Көңіліміз тілеп отыр киік етін.

 

Мен батамды барғанға берсем екен,

Біреуіңіз киік алып келсең екен.

Көңілім түсті, жарандар, әлденеге,

Киік етін бахузур жесем екен.

 

Пайғамбар осы сөзді айтып салды,

Сахабалар баршасы аң-таң қалды.

Әбілмәжін бір батыр сахабамен,

Сәдуақас алдына жетіп барды.

 

– Киік аулай шығармыз түзге, – деді,

Бір қызмет етерміз сізге, – деді.

Бұ қызметті жанымызбен қылар едік,

Тақсыр, бата бере көр бізге, – деді.

 

Бұлардың білді енді аттанарын,

Бата берсе біледі шаттанарын.

“Бір Алла оңғарсын, – деп, – жолдарыңды”,

Мүбәрак тақсыр берді баталарын.

 

Пайғамбар фатихасын берді дейді,

Қуанысып атына мінді дейді.

Саймандарын, баршасын сайлап алып,

Екеуі жолға түсіп жүрді дейді.

 

Әбілмәжін, Сәдуақас екі батыр,

Олардың айтқан сөзі балдай татыр.

“Пайғамбарға бір қызмет қыламыз” деп,

Киік іздеп екеуі келе жатыр.

 

Бұларға жолықпай тұр жалғыз киік,

Үш күн, үш түн келеді тынбай жүріп.

Киік іздеп екеуі келе жатса,

Бір тауға жетті дейді тым-ақ биік.

 

Киік іздеп екеуі шықты ауға,

Қарсылық қыл, жарандар, нәпсі жауға.

Мұнда киік болар деп, ниет қылып,

Екеуі шапқыласып шықты тауға.

 

Жарандар, құлақ салғыл сөздеріме,

Бір кеңес тыңдатайын өздеріңе.

Киік іздеп ол тауға шыққан екен,

Бір шаһар көрінеді көздеріне.

 

Шаһар жаққа жол тартып кетті дейді,

Бір күн, бір түн тағы да өтті дейді.

Бір күн, бір түн тынбастан жол жүрісіп,

Сол көрінген шаһарға жетті дейді.

 

Екеуі шығып кетті мұндай шетке,

Сиынады бір Жасаған Құдіретке.

Бір алтынды сарайға жетіп келіпті,

Биіктігі таласқан аспан-көкке.

 

Ағып жатқан төрт жақта бұлағы бар,

Сайрайтұғын бұлбұлдардың тұрағы бар.

Құбыла тарапында ол сарайдың

Бау-бақшалы, жемісті шарбағы бар.

 

Мұндай жақсы шарбақты көрді дейді,

Бұрын мұндай көрген жоқ бұны дейді.

“Тамашасын шарбақтың көрейік” деп,

Екі батыр ішіне кірді дейді.

 

Намазға жаман адам ерінеді,

Намаздыға ол ұжмақ беріледі.

Әбілмәжін, Сәдуақас қайран қалды,

Ерамбағы секілді көрінеді.

 

Ол шарбақтың ішінде ашылған гүл,

Гүл деген иісі жұпар, барыңыз жұл.

Бұлақтары һәр тарапқа ағып жатыр,

Сайрайды және ішінде түрлі бұлбұл.

 

Жемісі бар ол шарбақтың пісіп тұрған,

Жібектен жайылып-дүр көп дастархан.

Алтынды аяқ, алтынды табақ, қасық,

һәр түрлі ас қазанда пісіп тұрған.

 

Төсектері бар жақсы салтанатты,

Мұндай жерді көрген жоқ асыл затты.

Дүниедегі ас, жемістің бәрі де бар,

Жеп қараса, бірінен-бірі тәтті.

 

Сусап бұлақ суынан ішті дейді,

Аттарын отқа қойып түсті дейді.

Алтынды төсектерге шықты дейді,

Жылынып киімдерін шешті дейді.

 

Желпінді киімдерін шешіп салып,

Шарбаққа қарасты қайран қалып.

Екі тақсыр намазға кіріседі,

Ағып жатқан бұлақтан таһарат алып.

 

һеш нәрседен қорықпайды сабаздарың,

Шарбақтың тамаша қылып кезді бәрін.

Шүкір қылып отырды «бір Алла»ға,

Тамам қылып екеуі намаздарын.

 

Жақ-жаққа ағып жатыр бұлақтары,

Ат асайтын және бар құрақтары.

Аспан-көкті қозғалтқан бір дауысты,

Екі батыр естиді құлақтары.

 

Екісі орнынан тұрды дейді,

Қарасып, мойындарын бұрды дейді.

Қару-жарақ көкпеңбек темір киген,

Екі жүз атты кәпірді көрді дейді.

 

Жарандар, сол екеуі сондай күшті,

Құдайым душар қылды мұндай істі.

Екі батыр алдына жетіп келіп,

Баршасы қол қусырып, аттан түсті.

 

– Падишамыз әмір қылды бізге, – дейді,

Сізді қарауылшы көріпті түзде, – дейді.

Бұ шарбақ падишамыздың шарбағы-дүр,

“Алып кел” деп жіберді бізді [дейді].

 

Менің падиша екенімді білсін, – дейді,

Падишалық салтанатым көрсін, – дейді.

Падишалық салтанатым айта жүрер,

Мейман болып, қайыр қылам, келсін, – дейді.

 

Барудан қорқып әсілі бөгелмейді,

“Шақырса, біз бармаймыз неге” дейді.

Екеуі атқа мініп, “құп, болар” деп,

Кәпірлерге қосылысып жөнеледі.

 

– Не деген жұрт болады сіздің халқың,

Далада мұндай көрдік салтанатын.

Әбілмәжін кәпірлерден сөз сұрайды:

“Шаһарыңмен айтшы, – деп,– патшаң атын”.

 

– Науадир деп аталған біздің жұрт бар,

Патшамыздан көп дұшпан қорқып қайыр тілер.

Науадир-дүр шаһарымыз, білер болсаң,

Сұрасаң, патшамыздың аты – Қитар.

 

Кәпір сөйдеп айтады сөзді дейді,

Екеуі кәпірлермен кетті дейді.

Кәпірлермен қосылып жолға түсіп,

Келіп Қитар шаһарына жетті дейді.

 

Кәпірлермен шаһарға жетіп келді-ау,

Батырлар сондай қорықпас, төтеп кепті-ау.

Биіктігі таласқан аспан-көкке

Падишаның сарайына алып келді-ау.

 

Екеуін көрген адам қайран қалды,

“Көрмедік, – деп, – дүниеде мұндай жанды”.

Аттарын екеуі де байлай салып,

Қитар патша алдына жетіп барды.

 

Алдына падишаның кірді дейді,

Тартынбай екі батыр жүрді дейді.

Патшалық салтанатын артық көріп,

Екеуі қайран қалып тұрды дейді.

Екеуі қайран қалып тұрды дейді,

Ақын жырлап жатыр жырды дейді.

Оңда – хан, солда – сансыз сұлтандар бар,

Патшалыққа лайық көрді дейді.

 

Көп жасаған ішінде кәрі де бар,

Мың түрлі бұлбұлдардың әні де бар.

Өлеңшілер, домбыра, сырнай, қобыз,

Жер жүзіндегі ойынның бәрі де бар.

 

Екі батыр таң қалды “неткен жер” деп,

Ойын бар ойыңызда қандай керек.

Жер жүзіңдегі ойынның бәрін жиып,

Падиша отыр екен қылып ермек.

 

Кәпірлердің һеш ұжмақ табары жоқ,

Жаны – кәпір, Хақ дегенде нанары жоқ.

Ойын қылып отырып, жұртын жиып,

Бұ жаһан қайғысынан хабары жоқ.

 

Екі батыр алдына жетіп келді,

Кәпірлер һеш көрген жоқ мұндай ерді.

Ойын қылып отырған падишаның,

Батырларды құп қарап, көзі көрді.

 

Ойыншылар ойынын қойып алды,

Падиша екеуіне көзін салды.

Патша көрсе мүшелері бұзық екен,

Бұлар палуан шығар деп ойына алды.

 

“Қорыққан болса бұ жерге келмес еді,

Бұларға һеш жан теңдес келмес” дейді.

Падиша ішінде бұларды сынап отыр,

“Екеуін адам ұғлы жеңбес” дейді.

 

– Артық болған секілді заттарыңыз,

Біздің Лат, Манат ерді Жаппарымыз.

Падиша екеуінен сөз сұрайды:

– Батырлар, кім болады аттарыңыз?

 

Жаһаннам – түбі терең зыңдан дейді,

Имансызға оны орын қылған дейді.

– Біріміздің атымыз Науадир-дүр,

Біріміздің атымыз һуман, – дейді.

 

– Патшалық берді Құдай, малды, – дейді,

Мен сансыз билеп тұрмын жанды, – дейді.

Тауып берсең, дүние малын аямас ем,

Сіздерге бір тілегім бар-ды, – дейді.

 

Өле-өлгенше болар ем пенде сізге,

Билейтұғын берер ем елді сізге.

Сол жұмысым-дүр қылып, тауып берсең,

Мұқтаждарың берер ем сонда сізге.

 

– Дұшпан көрсек қайрармыз қылышымыз,

Бір Құдайға ол жақын қылышымыз.

Жанымызбен қызметіңді қылар едік,

Падиша, қандай қатты жұмысыңыз?

 

– Айтқан сөзім тыңдағын, бәлі, – дейді,

Мәдинеде бар екен Әли, – дейді.

Дүние малын сіздерден аямас ем,

Тірі тұтып әкелсеңіз оны, – дейді.

 

Әкелсең, ұзын болсын жасың, – деді,

Бойыма тұрар еді асым, – деді.

Дүниеде тілектерің берер едім,

Әлиді өлтіріп, әкелсең басын, – деді.

 

– Бізден қабыл тілегің болды, – деді,

Құдай Тағала оңдасын жолды, – деді.

Әлиді өлтіріп, басын сізге әкелерміз,

Қосып берсең біздерге қолды, – деді.

 

Олардың ойыны бар алуан-алуан,

Падиша айтқан сөзін қабыл алған.

Бас қылып екі батырды жөнелтеді,

Екі мың жандарына қосып палуан.

 

Екеуі басшы болды мұндай қолға,

Бір Алла, батырларды өзің оңда.

Екі батыр бұларды бастап алып,

Екі күн-түн тақсырлар жүрді жолда.

 

Жарандар, бұ сөзіме қыласың таң,

Күнәһлі өлсең, қиналар шыбындай жан.

Мәдине тарапына келе жатса,

Будақ-будақ алыстан көреді шаң.

 

Бұлар бір шаң алыстан көрді дейді,

Кәпірлер оған қарай жүрді дейді.

Мәдинеден бір шыққан керуен екен,

Кәпірлер оған қарап келді дейді.

 

Мәдиненің кісісі бәрі араб,

Кәпірлер білді дейді бәрі қарап.

Бұлар да біздің елге дұшпан ғой деп,

Ат қойып, керуенді алды тала     п.

 

Кәпірлер керуенді алды талап,

Ұрып-соғып керуенді қылды харап.

Кәпірлер малын талап алғаннан соң,

Керуендер жылайды енді “бір Аллалап”.

 

Жылайды: – Жалғыз Алла оңдай көр, – деп,

Кәпірлерден қорлықты мұндай көрдік, – деп.

Зар қылып Мұхаммедті жад қылады,

– Алла досты Мұхаммед, қолдай көр, – деп.

 

Жылайды: – Харап қылды бұ дұшпан, – деп,

Медет қыл, – деп жылайды, – алыстан кеп.

Керуен жылап, Әлиге сыйынады,

– Шер Құда, қолдай көр, Арыслан, – деп.

 

Кәпірлердің қарап тұр талағанын,

Бұйымнан алды кәпір қалағанын.

Құлағымен естиді екі батыр,

Керуеннің бұлайша болып жылағанын.

 

Жылағанын керуеннің бұлар көрді,

Сөздеріне батырлар іші күйді.

Қылыштарын қынынан суырып алып,

Өз қолына екі батыр өзі тиді.

 

Мұсылман екендерін көрді дейді,

Бұрын білмей қарасып тұрды дейді.

Аш бөрідей болысып екі шекті,

Өз қолын қойдай енді қырды дейді.

 

Кәпірлерді атады доп секілді,

Қаһарланып көрсетті көп үкімді.

Кәпірлер – қой, бұлар қырды аш бөрідей,

Кәпірлер – қамыс, бұлар – от секілді.

 

Бастар тәннен айырылды, тәндер жаннан,

Жаны кәпір айырылған нұр иманнан.

Кәпірлер екеуінен бәрі өліп,

Жандары орын алыпты жаһаннамнан.

 

Керуен өз малдарын өзі алды,

Батырлардың ісіне аң-таң қалды.

Қолы сынық, бастары ол жарылған,

Біраз кәпір Қитарға қашып барды.

 

– Падиша, арыз етеміз сізге, – дейді,

Құлағыңыз  салып тұр бізге, – дейді.

Екі күн-түн біз шықтық түзге, – дейді,

Бір керуен көрінді көзге, – дейді.

 

Қасына керуеннің бардық, – дейді,

Тұс-тұс жақтан біз атты салдық, – дейді.

Керуенді біз талап алдық, – дейді,

Олжаға үлкен батып қалдық, – дейді.

 

Керуендер “Алла” деп жылайды зар,

“Мұхаммед” деп жылайды бейшаралар.

Қойдай ғана шуласып, айғай салып,

“Медет қыл, – деп жылайды, – Әли Хайдар”.

 

Екеуін басшы қылып шықтық түзге,

Қаһар көрдік олардан, тақсыр, біз де.

Қолдың бәрін екеуі қырып салды,

Біздер қашып бұлайша келдік сізге.

 

Олар көрген істерін қылды баян,

Падиша ашу қылды одан жаман.

“Өлтірмей, тірі тұтып әкелің!”  деп,

Жиырма мың палуанды жиды тамам.

 

Тыңдасаңыз айтайын жақсы кепті,

Көп кәпірге осы жолда қаза жетті.

Падишаның қызметін қыламыз деп,

Жиырма мың палуан іздей кетті.

 

Табайық деп кәпірлер жүреді тез,

Ұстаймыз деп келеді жолықса кез.

Әбілмәжін, Сәдуақас екеуінен,

Жарандар, бір азырақ есітің сөз.

 

Екеуі екі мыңды қырған екен,

Қылыш шауып, шоқпарды ұрған екен.

Екі мың палуанды қырғаннан соң,

Бірнеше күн ол жерде тұрған екен.

 

Жарандар, құлақ салғын сөздеріме,

Тыңдайтұғын келдіңіз кездеріңе.

Бір күні таң намазын оқыған соң,

Бұлардың бір шаң көрінді көздеріне.

 

Қарап тұрса ол шаңға есі кетіп,

Қас жүйрік елең етер екпіндетіп.

Қарап тұрса ол шаңға екі батыр,

Жиырма мың палуандар келді жетіп.

 

Бұларға Құдай берген таудай талап,

Бір өздерін қашпайды көпке балап.

Жиырма мың кәпірлер жетіп келіп,

Айналып батырларды алды қамап.

 

Аз кісі не қылады мұнша көпке,

Сиынып тұр екеуі Құдіретке.

Кәпірден Шимрүк деген бір палуан,

Шығыпты күндей күркіреп жекпе-жекке.

 

Кәпірлерден қорқысып тартпайды бас,

Неге қорықсын, оларға Құдай жолдас.

Шимрүк кәпір шыққанда “жекпе-жек” деп,

Қарсы шықты алдынан Сәдуақас.

 

Кәпір қылды сол жерде қайлаларын,

Білмейді бір бәлеге байланарын.

Күндей күркіреп, ақырып осы кәпір,

Сәдуақасқа сілтейді найзаларын.

 

Жүз кәуірді бір-біріне атты дейді,

Кәпірдің де қаһары қатты дейді.

Найзамен ол кәпір сілтегенде,

Жеткізбей Сәдуақас қақты дейді.

 

Сәдуақас сілтеді оған найза,

Бір-біріне жеткізбей қылды қайла.

Сәдуақас найзасын кәпір қақты,

Найзаменен һеш нәрсе қыла алмайды.

 

Бұрынғының бар екен сондай кебі,

Найзамен бірталай күндер өтті.

Бір-біріне һеш зарар қыла алмайды,

Найзаларын сілтесті отыз екі.

 

Сәдуақас бек қатты ашуланды,

Ашуланып шоқпарын қолына алды.

Шоқпарын көтеріп ап, оңтайланып,

Шимрүк[тің] қасына жетіп барды.

 

Шоқпар бірлән Шимрүкті салды дейді,

Кәпірлер таң-тамаша қалды дейді.

Шимрүк кәпір аты бірлән күл-күл болып,

Жаны тура жаһаннамға барды дейді.

 

Жақсы адам жетімнің хақын жемес,

Кәпірлер айтты бұларға һешкім келмес.

Бірме-бірге кәпірлер келмеген соң,

Баршасы жабылуға қылды кеңес.

 

Кәпірлер “біз көппіз”  деп мақтанады,

Қару алып баршасы аттанады.

“Қаулай жасақ бұларды ұстармыз”  деп,

Кәпірлер тұс-тұс жақтан ат салады.

 

Жердің жүзін ол басқан кәпірлер көп,

Қараңғы болды шаңынан сонда аспан-көк.

Әбілмәжін бір жақтан ұрыс қылды,

Ақырып-ақырып “Иә, Расул Алла” деп.

 

Екі батыр кәпірлерге қылыш шапты,

Кәпірлер қайратына аң-таң қалды.

Түске дейін үш мың кәпірді һәлак қылды,

Кәпір қаны ол жерде судай ақты.

 

Жарандар, екі батыр мұндай күшті,

Кәпірлерге көрсетті мұндай істі.

Өздері де, тақсырлар, қалжырапты,

Бір-біріне жетпіс жерден жара түсті.

 

Оларға жабылады сонша дұшпан,

Оларды қолтықтай көр өзің, Сұбхан.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Және бір шаң көрінді күншығыстан.

 

Екі батыр кәпірді қылыштаған,

Кәпірлерден қорқып, қашып жасымаған.

Әлгі шаңнан бірталай қол көрінеді,

Он екі кісі ішінде ту ұстаған.

 

Олардан да өтіпті бұ дүние сұм,

Кәпірлер оны көріп қуанды тым.

Кәпірлерге қосылды олар келіп,

Он екі ту түбінде он екі мың.

 

Он екі мың ләшкердің бәрі де орыс,

Кәпір өскен жер екен, қылып қуаныш.

Дүние жүзін қап-қара шаңдақ қылып,

Күн батқанша тағы да қылады ұрыс.

 

Екі батыр бір келмес түсті жолға,

Жаппар Құдай, бұларды өзің оңда.

Сансыз кәпір қырылды күн батқанша,

Сәдуақас жаралы болып түсті қолға.

 

Қолға түсті Сәдуақас қайран батыр,

Кәпірге салған талай заманақыр.

“Патшаға біз алып барамыз”, – деп,

Бір бөлек байлап алып кетті кәпір.

 

Сәдуақас батырды байлап алды,

Мақтанысып патшаға алып барды.

Құданың құдіретіне қарасаңшы,

Әбілмәжін ол жерде жалғыз қалды.

 

Мақтанды патшаға алып барғандары,

Тарту қылып алдына салғандары.

Сәдуақас жағын әзер көтереді

Кәпірдің асқан он екі палуандары.

 

Патша[ның] алып барды жандарына

Жақты салды қайран болып алдарына.

Ол жақты тамаша қылып көрсеңдер деп,

Патша жақты жіберді хандарына.

 

Тамаша ғып көреді жас пен кәрі,

Он екі кәпір көтерді палуандары.

“Дүниеде мұндай жан да бар екен” деп,

Таң-тамаша қалыпты жанның бәрі.

 

Кәпірлер қайран қалды шуылдасып,

Патшаның қызы көрді көзін ашып.

Патшаның қызының аты – Диләфруз,

Жағын көріп Сәдуақасқа болды асық.

 

Құдай қызға көрсетті тура жолды,

Жақты көріп ішіне қайғы толды.

Сәдуақас батырды, ей, жарандар,

Көрмейінше ошал қыз асық болды.

 

Кәпірлердің қарап тұр қылғанына,

Сәдуақас ол тұтқын болғанына.

Сәдуақас батырды ол кәпірлер,

Алып барып салыпты зынданына.

 

Бұлар мұндай бәлеге жолықты кез,

Кәпірлер таусылмайды, сірә, һәр кез.

Сәдуақас зынданда жата тұрсын,

Енді Әбілмәжін батырдан естіңіз сөз.

 

Оларға Құдай берген таудай талап,

Бір өзін ұрыс қылыпты көпке балап.

Ол күні жалғыз өзі ұрыс қылып,

Сегіз мың қол кәпірден қылды һәлак.

 

Жарандар, көп те шығар сөзден мағынам,

Шариғаттан терерсің менің мұным.

Жалғыз өзі кәпірмен соғыс қылып,

Жаһаннамға жіберді сегіз мыңын.

 

Сегіз мыңын өлтірді жалғыз қырып,

Күн кеш болды ол күні сөйтіп.

Бір құлан атып, етін пісіріп жеп,

Бір далада жатады шүкір қылып.

 

Сиынады жаратқан Жаппарына,

Бір Алла сақтайды екен сақтарында.

Құтпан намазын сол жерде оқып алып,

Және Әбілмәжін мінеді аттарына.

 

Атқа мінді Қитарға барайын деп,

Шаһарға түнде ойран салайын деп.

Сәдуақас хабарын білейін деп,

Тірі болса шығарып алайын деп.

 

Сиынды бір Жасаған Құдіретке,

“Иә, Расул Алла” деп сиынады Мұхаммедке.

Сахаба шаһариардан жәрдем тілеп,

Түнде тақсыр шаһарға жетіп келді.

 

Тартынбастан шаһарға келді кіріп,

Қорықпайды ұстар деп біреу көріп.

Шаһардың зорлығына таң қалады,

Тамаша қып көреді кезіп жүріп.

 

Кітапта осылайша айтқан сөзі,

Әбілмәжін қарап жүр жалғыз өзі.

Патшаның үйінің жанында бір алтынды үйден,

Шам жарығы шығады, көрді көзі.

 

Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзім,

Кәпір толған, ол басып жердің жүзін.

Шам шырағын көрген соң жетіп келіп,

Әбілмәжін ол үйге салды көзін.

 

Ай жүзді қыз ол үйге толған екен,

Ойын ойнап, қызықта болған екен.

Жер жүзіндегі ойынның бәрін жиып,

Патша қызы қызойнақ қылған екен.

 

Әбілмәжін бек асқан батыр екен,

Шаһардың бәрі де ұйықтап жатыр екен.

Баяғы ашықтықтан шыдай алмай,

Ермек қылып патша қызы отыр екен.

 

Жарандар, көрдіңіз бе мұндай ерді,

Әбілмәжін көріп, оған көңіл берді.

Сол қыз үшін бір жерден қарғып түсіп,

Алдындағы бір бөлек үйге кірді.

 

Қорықпайды Әбілмәжін өзі мықты,

Ұрыс қылып, көп кәпірді жерге тықты.

Өзге қыздар білмейді ойнап жатыр,

Патша қызы білді де, тысқа шықты.

 

Не қылсын өңге қыздар ойнап-күлмей,

Патша қызы асық болды ұйқы көрмей.

Патша қызы жылысып тысқа шықты,

Шыққанын әлгі қыздар қалды білмей.

 

– Мен сені біліп едім баяғыда,

Сөзімнен қыз да болсам таямын ба?

Не деп айтсам, мұсылман болармын деп,

Бас қойды Әбілмәжін аяғына.

 

Сіз мұнда неғып келдің, япырым-ай,

Аяй көр, жылаған біз пақырыңды-ай?

Мұсылмандық біздерге үйрете көр,

Дүниеде теңдесі жоқ батырым-ай.

 

Өлең шіркін, қиын ба кемеңгерге,

Жарандар, бұ дүниеге көңіл берме.

Әбілмәжін үйретті, иман айтты,

Қыз мұсылман болады ошал жерде.

 

Өңге қыздар ол қалды қылып ойын,

Мұсылман болып, әлгі қыз сұнды мойын.

Иман айтып, мұсылман болғаннан соң,

Әбілмәжінге айтады жайын-күйін.

 

– Кем емес бір кісіден затым, – деді,

Уақасқа болған едім қатын, – деді.

Қитар патша ол менің атам, – деді,

Бұл сөзімде һешбір жоқ қатам, – деді.

Түсімде Пайғамбар Уақасқа неке қылған,

Диләфруз болады атым, – деді.

 

Ошал қыз Құдай оңдап иман тапты-ау,

Жақсы неге көнбесін ынтымаққа.

“Жүр, батыр, Уақасты табайық” деп,

Бастап алып жөнелді зындан жаққа.

 

Екеуі зындан жаққа барды дейді,

Арқан салып Уақасты алды дейді.

Бір-бірінен есендік-саулық сұрап,

Көрісіп, құшақтасып қалды дейді.

 

Көрісіп, құшақтасып қалды дейді,

Дін үшін біз қинайық жанды дейді.

Ұйықтап жатқан шаһарға, ей, жарандар,

Түнде үшеуі ойранды салды дейді.

 

Қитар, әслә, білген жоқ қыздың сырын,

Талады көрсе қыздың адам нұрын.

Үшеуі түнде тұрып, ей, жарандар,

Шаһарға таң атқанша қылды қырғын.

 

Кәпірлерді ол [үшеуі] атып доп қылыпты,

Шаһар ішін қып-қызыл от қылыпты.

Шаһарға түнде үшеуі ойран салып,

Екі жүз мың кәпірді жоқ қылыпты.

 

Падишаның бек артық салтанаты,

Диләфруз, жарандар, қыздың аты.

Таң атып ол шаһардың, ей, жарандар,

Тұрыпты ол қырғыннан қалған халқы.

 

Үшеуі түн ішінде топты шауып,

Кәпірлерден қылмайды һеште қауіп.

Патша тұрып шаһарға көзін салса,

Шаһар халқы қалыпты қырғын тауып.

 

Қырылғанын шаһардың көзі көрді,

Қырғын тапқан себін қыздан білді.

Үшеуінен келгенін біліп патша,

Қызға қарап ұрысып жылайды енді.

 

– Неге мұндай ұрыс қылдың, қызым, – деді,

Сені жақсы көруші ем өзім, – деді.

Бір жаман қарақшылар тілін алып,

Шаһарымды неге мұндай бұздың, – деді.

 

Жамандық неге қылдың, қызым, – деді,

Неге мұндай іс қылдың, қызым? – деді.

Мен де сізден, әй, қызым, бездім, – деді,

Дүниеде қара болсын жүзің! – деді.

 

– Әй, ата, сен болмассың маған жолдас,

Суретті Құдай қылған һәркез оңбас.

Мен өзім Мұхаммедтің дінін тұттым,

Дінсіз атаға лағынет, өзіңе – тас!

 

Атасына қыз айтты мұндай кепті,

Бұ сөзі ол кәпірге жаман өтті.

Қылатынын ойындағы қылғаннан соң,

Үшеуі ол шаһардан шығып кетті.

 

Бұ сөзімнің қарап тұр соңына енді,

Таусылмас кәпірлердің молына енді.

Жақ-жаққа ат шаптырып жеті күн-түн,

Қитар патша жияды қолын енді.

 

Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзім,

Шаңдақ басты қап-қара күннің көзін.

Жақ-жақтан қисабы жоқ ту көрініп,

Құмырсқадай басты кәпір жердің жүзін.

 

Қарап тұр, қорықпайды екі батырларың,

Соғысуға қайрайды қылыштарын.

Айнала жердің жүзін басып кәпір,

Жан-жақтан құрды дейді шатырларын.

 

Қылыштарын екі батыр қайрап алып,

Қайрап-қайрап беліне байлап алып,

Үшеуі бір Құдайға тәуекел қылып,

Соғысқалы тұрады даярланып.

 

Ол екеу қорықпайды, өзі мықты,

Көп кәпірді ұрысып жерге тықты.

Кәпір жақтан бір палуан Мешір деген,

Ақырып жекпе-жекке жалғыз шықты.

 

Кәпірдің қысым түссін жандарына,

Тәубе қыл, мұсылмандар, жан барында.

Күндей күркіреп ол шыққан шақта,

Сәдуақас шығыпты алдарына.

 

Бір-біріне қарасып жүрді дейді,

Қылыш шауып, шоқпарды ұрды дейді.

Бір-біріне қарумен кәр қыла алмады,

Қайран болып екеуі тұрды дейді.

 

Шоқпар ұрып, қылыштар шабысады,

Жұрт қайран болып аң-таң қалысады.

Қаруларын қойысып, ат үстінен

Жағасынан екеуі алысады.

 

Ат үстінде табандай тіреседі,

Ат үстінде бірталай күреседі.

Аттары жерге кірді тартқанында,

Бір-біріне болыспады, башаршады.

 

Ашуын Уақас жиып алды дейді,

Көздеріне толтырып қанды дейді.

Белбеуінен аспанға көтеріп алып,

Бұлғап-бұлғап ол жерге салды дейді.

 

Сәдуақас көтеріп жерге ұрды,

Есі кетіп кәпірлер қарап тұрды.

Сүйектері күлден майда болып,

Жаны тура жаһаннамға барып кірді.

 

Ол кәпірді көтеріп доп қылыпты,

Шоқпармен кәпір басын жоқ қылыпты.

Және бір кәпір келіпті соғысқалы,

Оны дағы найзамен жоқ қылыпты.

 

Оларға Құдай берген таудай талап,

Үшеуі сиынады «бір Алла» деп.

Ол [жерде] Сәдуақас бірме-бірге,

Сексен палуан кәпірді қылды һәлак.

 

Күн кеш болып, барабан қақты дейді,

Өз жайына кәпірлер қайтты дейді.

Үшеуі бір жақсы жерге барып,

Құдайға шүкіршілік қылып жатты дейді.

 

Кәпірлер жиылысып не деседі:

– Бұлар осал болса, бұ жерге келмес, – деді.

Таң атса, біз жабылып ұстайық, – деп,

Бірме-бірге болмас, – деп кеңеседі.

 

Таң көрінді сарғайған көздеріне,

Кәпірлер бет қойды екі ерлеріне.

Жақ-жақтан барабанды кәпір қағып,

Жөнелді ұрысатұғын жерлеріне.

 

Сәдуақас күркірейді күндей болып,

Жердің жүзін басып тұр кәпір толып.

“Жекпе-жек!” деп ақырып Уақас шықты,

Күркірейді мас болған пілдей болып.

 

Кәпірлерге болады заманақыр,

Кәпірлерді қорқытты Уақас батыр.

Түндегі қаулы қылған сөздері бар,

Жекпе-жекке келмейді жалғыз кәпір.

 

Уақас тұрды “қайратым көріңіз” деп,

Шақырыпты “ұрыс қыл біріңіз” деп.

Және бұлт секілді күркірейді:

“Жекпе-жекке біріңіз келіңіз”, – деп.

 

Сәдуақас күндей болып күркірейді,

Кәпірдің бәрі қорқып, қайғы жейді.

Бірме-бірге келмейді жалғыз кәпір,

Даусынан жапырақтай тітірейді.

 

Уақас тұрды шоқпарын қолына алып,

Кәпір келсе ұруға оңтайланып.

Жекпе-жекке кәпірлер келмеген соң,

Сөйлейді Сәдуақас айғай салып:

 

– Кәпірлер, жоқ-ақ екен арың, – дейді,

Өлсең кетер жаһаннамға жаның, – дейді.

Бірме-бірге келуге қорқып тұрсаң,

Жабылыңдар, бір маған бәрің, – дейді.

 

Кәпірлер осы сөзге болады мат,

Жақсы қылып жаратқан оларды Хақ.

Үшбу сөзді айтқан соң Сәдуақас,

Барша кәпір жан-жақтан қояды ат.

 

Құмырсқадай саны көп-ақ орыс,

Барша кәпір өскен жер екен қылып қоныс.

Екі батыр қызбенен, әй, жарандар,

Сол күн бесін болғанша қылады ұрыс.

 

Үшеуі бесінге шейін ұрыс салды,

Кәпірлер қайратына аң-таң қалды.

Сәдуақас, Диләфруз жаралы болып,

Екеуін дінсіз кәпір ұстап алды.

 

Сондай іс түсті Уақас ерлеріңе,

Білгенімді сізге айтпай керілем бе?

Сәдуақас Диләфрузды ұстап алып,

Күн кеш болып қайтыпты жерлеріне.

 

Екі батыр кәпірмен атысты оқ,

Бір-біріне атады зеңбірек доп.

Қыз бенен Сәдуақас қолға түсті,

Ол күн кәпір қырылған қисабы жоқ.

 

Кәпірлер екеуін де ұстап алды,

Патшаның шатырына алып барды.

Сірә, отқа табынған кәпір екен,

Бұларға “табын” деп қысым салды.

 

Кәпірлерге һеш қорқып жалынбайды,

“Табын” деп барша кәпір шуылдайды.

“Ауыздарыңа топырақ, бәдбахт”, – деп,

Ұрысады, кәпірлерге табынбайды.

 

Өздері отты жағып табынады,

Жанған отқа Құдайым деп бағынады.

“Дұшпанымыз тұтамыз бұйрық қыл” деп,

Отқа қарап бас ұрып жалынады.

 

Жарандар, кәпір, әслә, таппас сауап,

Отқа жалынып сөйлейді бәрі қарап.

Кәпірлердің жамандығы артсын үшін,

От ішінде шайтан келіп берді жауап:

 

– Тәңіріңнің сөзін тыңдап отыр, – деді,

Разы болам сіздерден, халқым, – деді.

Далада ол екеуін оқпен атың,

Оқтан жаңбыр жаудырып өлтір, – деді.

 

Қитар патша мұны естіп қуанады,

Шайтан айтқан сөзіне жұбанады.

Оқтан жаңбыр жаудырып өлтіруге,

Он екі мың кәпірлер қамданады.

 

Он екі мың кәпірлер қамданады,

Бас-басына бір-бір садақ оқ алады.

Оқ атқанда ол бұғып қалмасын деп,

Тетіксіз алып шықты бір далаға.

 

Байлап бір далаға тастайды енді,

Өлтіруден екеуі қашпайды енді.

Он екі мың кәпірлер жағын алып,

Оқтан жаңбыр жаудыра бастайды енді.

 

Кәпірлер шуылдасып жиылады,

Оқтан жаңбыр бұларға құйылады.

“Ол кәпірлер оғынан сақтай көр?” – деп,

Бір жаратқан Құдайға сиынады.

 

– Сақтай көр, – деп айтады, иә, Жағыпар,

Және медет қыл, – дейді, – хақ Пайғамбар.

Диләфруз, Сәдуақас осылайша,

Бір Аллаға сиынып жылайды зар.

 

Иманды құл өлгенде ұжмақ табар,

Ол екісі солайша қылады зар.

Ол екеуі солайша жата тұрсын,

Әбілмәжін батырдан алың хабар.

 

Ол жалғыз көп кәпірді шапқан екен,

Кәпір қаны судай болып аққан екен.

Түнде құтпан намазын оқып алып,

Бір далада ол ұйықтап жатқан екен.

 

Кәпір келер деп қорықпайды ұстарына,

Бір Алламенен сеніп күштеріне.

Әбілмәжін сонда ұйықтап жатқанында,

Нұр Мұхаммед кіреді түстеріне.

 

– Неге жаттың қайғысыз, батыр? – дейді,

Тұрып жылдам, міне көр атың, – дейді.

Сәдуақас, Диләфрузды кәпір – дейді,

Оқтан жаңбыр жаудырып жатыр, – дейді.

 

Әбілмәжін ұйқыдан оянады,

“Бұ қалай түс болды?” деп ойланады.

Атына мініп алып тәуекел қылып,

Асынып қаруларын сайланады.

 

Әбілмәжін қарайды жан-жағына,

Бір Құдай, жәрдем бергіл тіл-жағыма.

Қайран болып Әбілмәжін қарап тұрса,

Жылаған дауыс келіпті құлағына.

 

Көп кәпірді ол жүрген қырып-жойып,

Бірінің кесіп басын, көзін ойып.

Бұ шулаған несіне болады деп,

Сол жаққа жүрді батыр бетін қойып.

 

Барса, екеуі байлауда жатқан екен,

Сансыз кәпір оқпенен атқан екен.

Көз жасын бір Құдайым қабыл қылып,

Періштелер оқтарын қаққан екен.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік, Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп. Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып, Ысмайыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған