Ясауи мұрасы

Тайқазан

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жәдігерлері

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Көреген Әмір Темір  заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірегейі қазандық бөлмесінде тұрған  қасиетті Тайқазан.  Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20 шаууал), Түркістан қаласының батысында,  27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек  кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы -3 мың литр, биіктігі -1,60м, диаметрі -,42 м, Тұғырының биіктігі -0,54м, диаметрі -0,607м.

Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Бірінші жоғарғы бөлігінде қазанды айнала сулус қолтаңбасымен Құран Кәрім  аятынан үзінді жазылып, ол пайғамбар хадисімен жалғасады, одан соң қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы берілген.  Екінші қатар ірі  он кубба (емшек) және он  өрнекті тұтқа арқылы жиырма катушка бөлінген. Оның қатар орналасқан  екі бөлігіне сулус қолтаңбасымен шебердің өз аты-жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсы тілінде тілек сөз берілген.

Үшінші қатарда Құдайдың құдіреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22 рет қайталанып жазылған.

Төртінші қатардағы қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне ұқсас үлкен жапырақ түріндегі он ою бедерленіп, жиырма кіші кубба орналасқан. Аяқ тұғырымен шектесетін бесінші бөлігінде қиылысқан доға сипатындағы өрнектер бедерленген. Жалпы формасы жүрек пішініне ұқсас және қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз оюларының нәзік үйлесімді иірімдерінен тұратын қазандағы өрнектер Ахмет Ясауидің хәл, яғни жүрек ілімінің мағынасына  меңзейтіндей. Осы жүрек пішіні мен қошқар мүйіз оюларының саналуан композициясын кесенедегі лауха, қазанның тұтқасы, шырағдандар, есік алқасы, тағы басқа  көптеген заттардан көріп, оларға ортақ ұлттық нақыштағы біртұтас идеялық бірлікті аңғарамыз.

Аталмыш қазан кесененің  архитектуралық  сипатымен  және қабірханадағы қабіртастың өлшемдерімен өзара  үйлесімде ортақ геометриялық шешімге сай жасалған. Ақжан Машанның тұжырымынша Ясауи кесенесі жеті қат көкті, 12 мүшел мен жыл сеебін бейнелейтін космос моделі сынды құрылыс. Ал, оның шағын үлгісі іспеттес Тайқазан астрономиялық мәні бар қызмет атқарған.

Зерттеушілер арасында Тайқазан атауындағы «Тай» сөзінің шығу төркіні түркі,  монғол халықтарында  жылқы малының киелі саналып, құрбандық шалу рәсімінде пайдалануына байланысты туындаған деген пікір бар. Ұста Әбділ Әзиздің өзі де Ясауи хәл ілімінен нәр алып, жергілікті мұсылмандық дәстүр аясында  ұсталық құрғанын Тайқазанның символдық мәніне, көркемдік ерекшеліктерінен, құрылымынан аңғаруға болады.

М.Е.Массонның зерттеуінше қазанның төңірегінде жылқы құйрығы тағылған он ту тұрғаны белгілі.  Олардың кейбірінің жарты ай бейнесі мен жазулары бар ұштары болған.

Қазанның сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның тәубе сүресінің он тоғызыншы аятының үзіндісінен және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғанын аңғаруға болады. Аяттың қазақша мағынасы: Аса мәртебелі, Құт-берекенің иесі Алла айтты. Сендер хажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді  (Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп, және Алла жолында күрескен кісі сияқты) көресіңдер ме? аят. (9:19) –десе, Хадисте былай делінген: Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: «кімде кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды».

Бұл жердегі әңгіменің астары халыққа, адамдарға қызмет қылуды, елдің әжетіне жарауды меңзеп, Құдайға құл болудың мәнісі – адамдардың бірін бірі алаламай, дініне, ұлтына қарамастан қайырымдылық, қамқорлық жасауында екендігін аңғартады. Мұнда сондай игі әрекеттер арқылы ғана адам балалары жаратушының ризалығын тауып, мінсіз қоғам құра алады деген идея жатыр.

Қазан сыртындағы апаттың гүл өрнекті сулус және  куфи үлгілерімен жазылған үш белдеудегі жазудың бірінші қатарының соңында  оның шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны айтылады. «Бұл су құятын ыдысты ислам Шайхысы, әлемдегі шайхтардың Сұлтаны, Шайх Ахмет Ясауидің (Алла ол кісінің әзіз рухын киелі қылсын!) мазары үшін жасауға ұлық әмірші, көп елдің  тізгінін қолына ұстаған, Рахымды патшаның (Құдайдың ) айырықша қомқорлығын иеленуімен ерекшеленген ӘмірТесір Көреген бұйрық берді, Алла Тағала оның билігін мәңгілік етсін! Жиырмасыншы шаууал, сегіз жүз бірінші жыл (25 маусым, 1399 жыл).

Екінші қатар жиырма картушқа бөлініп, оның екеуінде шебер: «Құдайдың қамқорлығына үміт артқан Әбділ Әзиз Шарафутдин Тебризи» деп өз есімін жазып қалдырған. Қалған жерлерінде: «Мүбарак бад» – «Құтты болсын!» деген тілек сөз жазылған.

Үшінші қатарда «куфи» жазу үлгісімен жиырма екі рет қайталанып: «Байқаңдар, Бүкіл жаратылстың иесі Алла!» деген сөз берілген.

М.Массонның  еңбектерінде жұма  күндері Түркістандағы Тайқазан суға толтырылып, жұма намазынан кейін айналасына адамдар алқа құрып отырып «жария зікірі» ғибадаттарын орындайтыны айтылады. Ғибадат біткен соң «нұрланған» қасиетті, шипалы су адамдарға тартылатын болған.

1935 жылы Тайқазан Санкт-Петербургтегі Эрмитажға , «Иран өнері мен археологиясы бойынша ІІІ халықаралық конгресіне»  алынады.  Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы, қыркүйектің  18-де ғана тарихи отанына қайтылады.

Бұл күнде Тайқазан – рухани Астана – киелі Түркістан қаласында, әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі өзінің құтты орнында, қазақ халқының, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың,  қала берді күллі түркі жұртының беркесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып жүр.

Мәтінді дайындағандар: Садуақасов Д. Мейірманов А. Араб, парсы тіліндегі

жазуларды оқып, тәржімалаған: Моллақанағатұлы С.

 

Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар

Қожа Ахмет мазарында  тұрған қазан жеті заттан жасалған. Қазанның қасиеттілігі сондай  оған біреу шын ықыласпен қой апарса толады, енді біреу мақтанышпен түйе апарып сойса да толтыра алмайды. Оған салынған дәм от жақпай піседі екен.

«Бұл қазанды кім дүниеге толтырса, қырық құлағынан да сүт ағады, ол Қожа Ахмет Ясауидің иігені» деп уағыздаған.

«Ешкім толтыра алмаған қазанды мен толтырамын» деп Арқаның  бір байы келеді де, тоқсаныншы қойды сойып салғанында ғана қазан толып, қырық құлағынан да сүт парлап қоя беріпті.

Бұл қазанның түбін көру мүмкін емес, ол да әулиенің кереметіне байланысты. Әулиенің қаламаған бендесі мойнын қанша созып қараған сайын қазан соншама биіктей береді.  Ал сүйген бендесі қараса кішірейіп, ішіне аттап түсуге де болады.

Кейбір деректерге  сүйенсек, әуелі қазанның өзін құйып, артынан ұстайтын тұтқалары мен жұрт сүт ағады дейтін емшек тәрізді құлақтарын жапсырыпты.

Баспаға дайындаған филология ғылымының кандидаты Болат Қорғанбеков 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған