Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Мұхаммед–Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны

Мұхаммед–Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны

Сөз басы

Әй, Досы, неге отырсың қалам тартпай,

Бұ дүние өтер бастан шапқан аттай.

Сүрікті мезгілді күн жеткеннен соң,

Аллаға тапсырарсың аманаттай.

Барында дәуреніңнің ойнап-күліп,

Хикаят сөз қалдыршы кәрі-жасқа-ай.

 

Баласы, атым Досы, Тілегеннің,

Бірі едім жастан талап іздегеннің.

Басыңнан бақыт құсы тайып кетсе,

10        Болмайды ойға алып көздегенің.

Жайынан Әли Арыслан сөз қылайын,

Халыққа ұнай қалса сөйлегенім.

 

Мәдинеде Әли Арыслан тұрған екен,

Күнбатыс, күншығысқа барған екен,

Дін үшін кәпірлермен соғыс салып,

Қисапсыз көп кәпірді қырған екен.

– Иә, Алла, мен құлыңа жәрдем бер, – деп,

Дін үшін шыбын жанды қиған екен.

Ойлаған көп дұшпандық Мұхаммедке

20        Дейтұғын қайсар Рұм хан бар екен.

 

Қайсарға хазірет Әли бармақ болды,

Жолына дін исламның салмақ болды.

Көнбесе Хақ жолына мойын бұрып,

Бір Алла берсе жәрдем қырмақ болды.

 

Еліне қайсар Рұм жүрді дейді,

“Иә, Алла”  деп Дүлдүліне мінді дейді.

Арада неше бір күн белдер асып,

Еліне қайсар Рұм келді дейді.

“Кірсін, – деп, – дін исламға мойын қойып”,

30        Жіберді патшасына бірді дейді.

 

Әлидің айтқан сөзін ұнатпайды,

Құрысын деп ислам дінін жолатпайды.

“Сиқыршы Мұхаммедің алдаушы”, – деп,

“Өлем, – деп, – дінім үшін” тызақтайды.

 

Солардан өткен, Тәңірі-ай, дүние жалған,

Соғысқан ислам үшін Әли Арыслан.

Соғысып дамыл алмай Әли Арыслан,

Кәпірдің сол арада бәрін қырған.

 

Қырса да кәпірлердің бірін қоймай,

40        Етпеді сонда дағы біреуі иман.

Тозақ деп әуелі Алла жазғаннан соң,

Жолында кәпірлердің жанын қиған.

 

Ағызды кәпірлерден қызыл қанды,

Олжалап кәпірлердің малын да алды.

Бар екен қайсар Рұмның жалғыз қызы,

Қолына тұтқын қылып оны да алды.

Соғысып кәпірменен аман-есен,

Алты айда Мәдинеге келіп қалды.

Көрісіп, Пайғамбармен амандасып,

50        Алдына келген малдың бәрін салды.

Нашары Мәдиненің жиылып келіп,

Кәпірден келген малды бөліп алды.

 

Жалғанда қайсар Рұм болған екен,

Есімі жалғыз қыздың Ханифа екен.

Сипаты хор қызының сипатындай,

Жоқ екен әйелдерде бұдан өткен.

Белгісі сұлулықтың бұл емес пе,

Жайылып жан-жаһанға даңқы кеткен.

 

Мұхаммед хақ Пайғамбар: – Балам, – дейді,

60        Ханифа, үйретейін иман, – дейді.

Пайғамбар қанша үгіт айтса дағы,

Тіліне Расул Алла қыз көнбейді.

– Жарайды, мен көнейін, Нұр Мұхаммед,

Бар еді үш тілегім, берсең, – дейді.

Мен едім қолыңызда тұрған жетім,

Көз жасын жетім-жесір көрсең, – дейді.

 

Бұл сөзге қыздың айтқан таңға қалды,

Мұхаммед хақ Пайғамбар ойға қалды.

“Берсін, – деп, – қыздың айтқан үш тілегін”,

70        Бір Алла Жәбірейілден хабар салды.

Мұхаммед хақ Пайғамбар Алла досты:

– Ханифа, арызыңды айт, – деп құлақ салды.

 

Қыз айтты: – Расул Алла, арызым болсын,

Берсеңіз үш тілегім, көңілім тынсын.

Ерлігін Әли Арыслан көріп едім,

Өзіне жұфұтланып некаһ қисын.

Екінші, бір тілегім мен айтайын,

Сүйікті бұл ғаламға бір ұл берсін.

Үшінші, бір тілегім және мынау,

80        Қызыңыз Бибі Фатима тату жүрсін.

Біз жүрсек тату болып бір туғандай,

Халықтың Мәдинеде көзі көрсін.

 

Арыз айтып Ханифа қыз тілек қылды,

Үйреніп ислам дінін жадына алды.

“Құдай бір, иман шын” деп иман айтып,

Мұсылман сол сипатта болып қалды.

 

Солардан өткен, міне, дүние жалған,

Некаһлап Ханифаны Әли алған.

Құдайым берсе қазына аз емес қой,

90        Ханифа Әли ерден жүкті болған.

 

Ханифа алып тілек көңлі тынды,

Балқыған нұры айдай бір ұл туды.

Ол ұғыл туғаннан соң айтып азан,

Мұхаммед-Ханафия атын қойды.

 

Ханифа қылады тағат Алласына,

Құдайым берді перзент көз жасына.

Құдайым артық сипат бәрін беріп,

Жетіпті сау-саламат бес жасына.

Қолына кітап алып Ханафия,

100      Оқырға барады екен молдасына.

 

Келіпті Мұхаммед-Ханафия жеті жасқа,

Болыпты имам молда кәрі-жасқа.

Тауфиқпен Кәрім Алла ғұмыр беріп,

Жетіпті сөйтіп жүріп жеті жасқа.

 

Айналып келесі жыл онға жетті,

Әр іске қолын созып көңіл етті.

Екпіні жас баланың жанған оттай,

Атаның ана менен көңлі бітті.

Сапарға Әли Арыслан жүрмек болды,

110      Бергенін бір Алланың көрмек болды.

Атасы жүремін деп айтқаннан соң,

Мұхаммед-Ханафия ермек болды.

 

– Жаратқан баршамызды Алла, – дейді,

Қарағым, Ханафия, барма, – дейді.

Қатпаған қабырғасы жас баласың,

Ойнағыл аға-ініңмен қал да, – дейді.

 

Қоштасып: – Қал,– деп, – балам, бетін сүйді,

Бұл сөзге баласының іші күйді.

– Барма деп атам маған көп айтады,

120      Қасына ерітпейді текке, – дейді.

 

Дүлдүлге сөйтіп айтып мініп алды,

Баласы атасының тілін алды.

“Енді мен аң аулап келейін”, – деп,

Мұхаммед-Ханафия ойға алды.

Ат-жабдық сол арада даярлатып,

Қаруын керек-жарақ жиып алды.

“Иә, Алла, жәрдем бер” деп атқа мініп,

Тауына Мәдиненің барып қалды.

 

Тауына Мәдиненің барып қалған,

130        Алыпты жақ пен саржа, гүрзі, қалқан.

Алдынан ешбір нәрсе шықпағансын,

Басына таудың шығып айқай салған.

 

Дауысы жаңғыртыпты тау мен тасты,

Айқайымен бір киік тұра қашты.

Киікті тірідей ұстап аламын деп,

Атына астындағы қамшы басты.

 

Сол киік соныменен қаша берді,

Көрінбей тау мен тастан аса берді.

Мұхаммед-Ханафия ыза болып

140      Қол жақпен ұстаймын деп ата берді.

Соңынан ыза болып қуа-қуа,

Қалдырды елден кетіп талай жерді.

Терлетіп атын қанша қуса дағы,

Жеткізбей бір бақшаға келіп кірді.

Ғажайып таң қалғандай бір гүлістан,

Мұхаммед-Ханафия көзі көрді.

 

Көргенсін ол бақшаға таң қалады,

Ол киік кетіп көзден жоғалады.

Миуа бар түрлі-түрлі пісіп тұрған,

150      Қызыл гүл бақшадағы қозғалады.

 

Бұлбұл бар ол бақшада сайрап тұрған,

Қаз қонып, үйрек ұшып, парлап тұрған.

Киікті тірілей ұстап аламын деп,

Мұхаммед-Ханафия ойлап қуған.

Ол киік көрінсе де ұстатпайды,

Мұхаммед-Ханафия қайран болған.

Ол киік шамаласақ, шайтан екен,

Мұхаммед-Ханафия[ны] алдап ұрған.

 

Бақшаға ол киікті қуып келді,

160      Жас бала шаршағансын ұйқы келді,

Тынығып осы жерде алайын деп,

Бақшаға атын түсіп қоя берді.

 

Бар екен Табут деген кәпір патша,

Саяхат қылады екен осы жерді.

Табуттың екі жүз бас батыры,

Үстіне жатқан бала о да келді.

Бақшада ұйықтап жатыр бір жас ұғлан,

Кәпірдің өңкей палуан көзі көрді.

 

Кәпірлер тұрды қарап көзін салып,

170      Жас бала ұйықтап жатыр нұрдай балқып.

– Апырым-ай, пері зат па, адамзат па бұ бала?– деп,

Кеңесіп сөз сөйлейді жабырласып.

Түрі артық ұйықтап жатқан жас баланың,

Айбаты көрініпті көк таласып.

 

Баланы бұл кәпірлер оятады,

– Кімсің? – деп, жөнін сұрап сөз қатады.

Рұқсатсыз бұл бақшада сен жатырсың,

Өтін, – деп,– төремізге, – сөз айтады.

Жығылып аяғына басыңды ұр, – деп,

180      Батырлар осылайша көп айтады.

 

Ханафия ояныпты көзін ашып,

Қайраты жас баланың судай тасып.

Балаға екі жүзі аз емес қой,

“Сөйле” деп тұрды кәпір қамаласып.

 

Жас бала сұрағанның бәрін айтты,

Жауапқа көрмейді қорқып-сасып.

Кәпірге бала тұрып жауап берді:

“Кәпір деп өтінбеймін, дінің – пасық”.

 

Кәпірлер бұл сөзіне ашуланды,

190      Баланы өлтіреміз деп қатуланды.

Батырлар қанша ерлік айтса дағы,

Ханафия аяр емес шыбын жанды.

Пасықтың сондай айтқан ерлігіне

Ханафия ашуланып оттай жанды.

 

– Жас бала, жөніңді айтшы, перімісің,

Болмаса адамзаттың бірімісің?

Сұрайық, жерің қайда, атаң кім-дүр,

Жауабын біздің сөздің берермісің?

Патшаның бақшасында сен жатырсың,

200      Бар еді бұл арада не жұмысың?

 

– Айтайын, сіз сұрасаң, жөнім, – дейді,

Белгілі Мәдинеде елім, – дейді.

Сұрасаң, бабам аты Нұр Мұхаммед

Сындырған кәпірлердің белін, – дейді.

Алланың Арысланы хазірет Әли

Өз атам сұрасаңыз менің, – дейді.

Кәпірге салған ойран атам Әли,

Қалдырмаймын, қырармын бәрің, – дейді.

 

Кәпірлер, нағыласың маған, – дейді,

210      Фатима, Ханифамен анам, – дейді.

Жаралған нұр сипаты ай мен күндей,

Хұсайын, Хасен ғазы ағам, – дейді.

Уай, кәпір, бәрің бірдей қамаладың,

Аянба, келсе шамаң маған, – дейді.

 

Атына Ханафия мініп алды,

Кәпірлер өлтіруге ойына алды.

Айтқансын Ханафия аты-жөнін,

Кәпірлер дұшпаным деп біліп алды.

Кәпірдің екі жүзі қамағансын,

220      Ханафия қару-жарақ қолына алды.

Кәпірлер ата дұшпан болғаннан соң,

Қиыпты он жасында шыбын жанды.

 

– Мен өзім жас баламын он жасымда,

Қылмассыз маған нәрсе қамасаң да.

Төреңе басымды ұрып жалынбаймын,

Кәпірлер, қанша мені алдасаң да.

Мен жалғыз сендерменен соғысамын,

Әскерін Табут патша жинасаң да.

 

Жаратқан барша ғалам Аллам, – дейді,

230      Жәрдем бер, Нұр Мұхаммед бабам, – дейді.

Алланың Арысланы атам Әли,

Тілектес бола көргіл маған, – дейді.

Алланың жаныменен сүйген құлы

Хұсайын, Хасен ғазы ағам, – дейді.

Өсірген тәрбиелеп жастан мені,

Ханифа мен Фатима апам, – дейді.

Бас берген ислам үшін жанын қиып,

Сахаба отыз үш мың тамам, – дейді.

Кәпірмен не де болса соғысайын,

240      Бұларға келсе жалғыз шамам, – дейді.

 

Аллаға осылайша тілек қылды,

Майданда кәпірлермен соғыс қылды.

Ақырып “иә, Алла” деп дамыл алмай,

Жас бала таңқалғандай қайрат қылды.

Құдайым жас балаға тілек беріп,

Кәпірдің екі жүзін бәрін қырды.

 

Қырғансын бірін қоймай демін алды,

Қинады соғыс салып шыбын жанды.

Кәпірлер жаһаннамға жанын беріп,

250      Иесіз ер-тоқым мен аты қалды.

“Кәпірдің дүние-малын алмаймын”,– деп,

Кесті де бір батырдың басын алды.

Соғысып кәпірлердің бәрін қырып,

Үш күнде Мәдинеге жетіп барды.

 

Мұхаммед-Ханафия аңға барған,

Көрсеткен түрлі ғажайып Тәңірім оған.

Белгілі Мәдинеде майдан жерге,

Әкеліп кәпір басын соған қойған.

 

Кәпірмен Ханафия соғыс салған,

260      Кәпірдің басын көрген таңға қалған.

Майданға кәпір басын қоя салып,

Қайда деп ата-анасы үйіне барған.

Ер жігіт қайраты асқан туса дағы,

Бәрінен өткен екен дүние жалған.

 

Жігітке жаудан қашқан жараспайды,

Басы деп пәлен батыр сыр ашпайды.

Жас бала сырын айтпай тұрғаннан соң,

Сахаба бастың жайын сұраспайды.

 

Еш сырын Ханафия айтар емес,

270      Таңқалып сахабалар құрды кеңес.

Қараса көз жіберіп кескен басқа,

Дүниеде ондай басты көрген емес.

 

Айтылған сапарынан Әли келді,

Майданда кескен басты көзі көрді.

Көрмепті мұндай басты ғұмырында,

Аралап жүрсе дағы талай жерді.

 

– Апырым-ай, мына басты кім кесті? – деп,

Арыслан сахабадан сұрай берді.

– Кәпірге талай қырғын салсам дағы,

280      Көрмедім мұндай басты деп жауап берді.

 

– Айтамыз көрген жайды саған, – дейді,

Аң аулап Ханафия барған, – дейді.

Тауына Мәдиненің кетіп еді,

Келмеді үш күнгеше тамам, – дейді.

Біз дағы үшбу басқа таң қаламыз,

Келтірген Ханафия балаң, – дейді.

Балаңыз бізге сырын еш айтпайды,

Балаңыз айтар сырын саған, – дейді.

 

Арыслан үйге келіп аттан түсті,

290      “Құлыным” деп баласының бетін өпті.

– Майданға таң қалғандай бас қойыпсың,

Жайынан осы бастың сөйле, – депті.

Артымнан аңға шығып сен кетіпсің,

Шырағым, барып қайттың қайда? – депті.

 

Ханафия тұрып сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді:

– Көрген жайым сөйлейін,

Мейірбанды жан ата,

Құлағыңды сал, – дейді.

 

300      Сіз кеттің, атам Әли, жолға шығып,

Ойладым келейін деп аңға шығып.

Қолыма саржа, гүрзі, қалқан алып,

Жол тарттым тәуекел деп атқа мініп.

Көзіме ешбір нәрсе көрінбеді,

Айқайлап дауыстадым тауға шығып.

Ақырған қаһарланып даусымнан,

Бір киік қаша берді ойдан шығып.

 

Ойладым сол киікті қуайын деп,

Бұйырса тірілей ұстап алайын деп.

310      Тірілей сол киікті ұстап алсам,

Тамаша құрбыларыма қылайын деп.

 

Атымды жетемін деп ұра бердім,

Соңынан сол киіктің қуа бердім.

Сол киік қаша-қаша алып барды,

Сайраған бұлбұл құстар бақша көрдім.

 

Бақшаға бұлбұл қонған көзім салдым,

Апырым-ай, не ғажап деп қарай қалдым.

Бар екен миуа жеміс пісіп тұрған,

Көргенсін түрлі құстар таңға қалдым.

 

320      Киікті ұстаймын деп шауып-шауып,

Ат соғып демімді алмай шаршап қалдым.

Айырылып қуып келген киігімнен,

Азырақ ұйықтайын деп жата қалдым.

 

Ұйқыға жатқаннан соң көзім кетті,

Сақта деп жадыма алдым Құдіретті.

Тынығып ұйқы тартып жатқанымда,

Құлағыма дабырлаған дауыс жетті.

Ұйқыдан сол уақытта тұрып едім,

Кәпірдің екі жүзі келіп жетті.

 

330      Кәпірлер сол арада сөз сұрады,

“Атаң кім, жерің қайда?” деп сұрады.

“Сен неге келесің, – деп, – бұл бақшаға,

Өтін, – деп, – төремізге” ақырады.

“Басыңды сенің енді кесеміз”, – деп,

Бәрі де ерлік айтып шақырады.

 

Сөзіне кәпірлердің ашуландым,

“Пасық, – деп, – дін білмеген” қатуландым.

“Сұрасаң, бабам аты – Нұр Мұхаммед,

Атам,– деп,– Әли Арыслан” айтып салдым.

 

340      “Өлтірелік дұшпан ұғлын” дегеннен соң,

Сиынып бір Аллаға соғыс салдым.

Бір Алла сол соғыста жәрдем беріп,

Кәпірдің екі жүзін қырып салдым.

Кәпірдің дүние-малын алмаймын деп,

Батырдың таңдап басын кесіп алдым.

 

Аң аулап балаңыздың барған жері,

Соғысты кәпірлермен салған жері.

Кәпірдің екі жүзін қырып салып,

Батырдың басын кесіп алған жері.

350      Соғысып құр басым бақшасында,

Майданға бас әкеліп қойған жері.

 

Есітіп Әли Арыслан: – Балам,– дейді,

Айтайын бір насихат саған, – дейді.

Мен салдым кәпірлерге талай ойран,

Біздерге кәпір бәрі дұшпан, – дейді.

 

Ойласаң өмір сүріп жүремін деп,

Далаға үйден шығып барма, – дейді.

Қуғаның киік емес, шайтан малғұн,

Түсірер сені, балам, орға, – дейді.

360      Батырдың қырылғанын Табут білсе,

Көп әскер қойған шығар сонда, – дейді.

Табуттың әскері бар жеті жүз мың,

Түсірер сені, балам, қолға, – дейді.

Бұл сөзім менің айтқан бәрі де рас,

Жан балам, бұл сөзімді тыңда, – дейді.

Бұл бабаң әлдеқашан қырар еді,

Қыруға бұйырмайды Алла, – дейді.

 

Ал, енді естіңіздер Табут жайын,

Азырақ кәпірлерден сөз қылайын.

370      Баласы Шаһимардан аңға шығып,

Кәпірге душар қылған бір Құдайым.

 

Батырын Ханафия қырған екен,

Жәрдемші бір Алласы болған екен.

Қырды деп батырыңды қорынады,

Хабары патшасына барған екен.

 

Сол күнде Табут патша ашуланды,

Мың кісі бақшасына қойған екен.

Өлтір деп бөтен қара кісі барса,

Жарлықты әскеріне қылған екен.

 

380      Айтайын, тағы келді Әли сөзі,

Жүретін бір сапарға келді кезі.

Ер Әли үшеу болып жүрмек болды,

Қасында Хұсайын, Хасен ғазы – екі көзі.

Кеткенде атасы мен ағаларын

Мұхаммед-Ханафия көрді көзі.

 

Ер Әли үшеу болып кетіп қалды,

Дін үшін қинайын деп шыбын жанды.

Мұхаммед-Ханафия он жасында

Айырылып атасынан үйде қалды.

390      Тағы да таудан киік қуамын деп,

Атына даярланып мініп алды.

Қолына саржа, гүрзі, қалқан алып,

Барам деп көрген тауға ойына алды.

 

Аң үшін Ханафия үйден кетті,

Тауына өзі көрген келіп жетті.

Жастықпен ата сөзін ұмытып еді,

Құдайым берер екен не бейнетті.

Сол тауға тағы біреу келер-ау деп,

Көп кәпір қараушы еді ерте-кешті.

400      Пиғылы кәпірлердің сондай жаман,

Бір адам келе қалса өлтірмекші.

Аң аулап Ханафия жүргенінде,

Кәпірдің аңдып жүрген көзі түсті.

 

Көп кәпір сол арада көріп қалды,

Жиылып бір баланы ортаға алды.

Түсті деп қолымызға қуанысып,

Сол жерде өлесің деп айтып салды.

– Жалынып төремізге басыңды ұр, – деп,

Көп кәпір жас балаға хүкім салды.

 

410      Сөйлейді Ханафия сонда тұрып,

Ішінде көп кәпірдің жалғыз тұрып.

– Тыңдаңыз менің сөзім, пасық кәпір,

Жоламай бет алдыңа құлақ бұрып.

 

Кәпірлер, соғысуға келгенім жоқ,

Бір Алла не берсе де көңілім тоқ.

Дінсіздің қандай патша, сұлтанына,

Адам деп айтқанына көнгенім жоқ.

Білмейтін бір Құдайды пасық кәпір,

Кессең де қара басым көнерім жоқ.

 

420      Беремін сұрасаң жауап сөзіңізге,

Кірмеген атам менің дініңізге.

Пұтыңды сенің Құдай қыла алмаймын,

Және де жалынбаймын төреңізге.

Ойламай бір Құдайды жанымды ойлап,

Жалынып бас ұрмаймын өзіңізге.

 

Кәпірлер бала жайын сөз қылады,

Баланы ұстайын деп ой қылады.

– Апырым-ай, өзі бала, өзі жалғыз,

Біздерге өлтіргенде нағылады.

430      Мың кәпір осы сөзді айта салып,

Ат қойып бәрі бірдей жабылады.

 

Мұхаммед-Ханафия ашуланды,

Мың кәпір бір баланы қамап алды.

“Мен өлсем бұл кәпірден шаһидпын”, – деп,

Мұхаммед-Ханафия ойына алды.

 

“Иә, Алла, маған жәрдем бере көр”, – деп,

Қолына саржа садақ оғын алды.

Кәпірлер қамап тұрып қырылғансын,

Қасына ешбіреуі бара алмады.

 

440      Кәпірлер қамағаннан оғын атты,

Жетпісін қатар тұрған жалғыз атты.

Бір Құдай қолтығынан демегенсін,

Кәпірге бір баланың қолы батты.

 

Кәпірлер алып кетті жердің жүзін,

Білмейді бір-бірінің айтқан сөзін.

Соғысып демін алмай кешке дейін,

Ханафия қырып салды алты жүзін.

Кәпірмен жан аямай ұрыс қылып,

Толтырды қызыл қанға жердің жүзін.

 

450      Қырылып көп кәпірдің жаны кетті,

Түбіне жаһаннамның барып жетті.

Бермесе енді жәрдем Кәрім Алла,

Махдумның Ханафия оғы бітті.

 

Оқ бітіп қалғаннан соң гүрзі салды,

Кәпірдің айласына көзін салды.

Баланы не де болса ұсталық деп,

Махдумға темір зінжір бұғау салды.

 

Көрмесе көздің жасын бір Құдайым,

Етіне он жеті жерден жара салды.

460      Бөрідей қойға тиген домалантып,

Үш жүзден тағы бала қырып салды.

 

Сол уақыттар болғанда,

Қайраты таудай басады.

Демін алмай ұрысқан,

Қаны бір судай босады.

Баланың күшін көргенсін,

Қамалап тұрған көп кәпір

Тұс-тұсына қашады.

Күн-түн қатып соғысқан,

470      Құрып халі сусады.

Үсті толған көп жара,

Ауыр тартып денесі,

Бәрі бірдей шаншады.

Қасында қорған жолдас жоқ,

Халі біткен баланы

Қамалап кәпір ұстады.

Жолдасы болса қасында,

Қырар еді бұларды.

“Жас қасқырды тұттық” деп,

480      Патшаға берді хабарды.

Қозғаларға халі жоқ,

Тілейді тілек Құдайдан.

“Сындырмашы, Алла, – деп,

Шыныменен назарды”.

 

Дінсіздің Құдай білмес бәрі пасық,

Қуанды Табут патша судай тасып,

Ұстаған жас баланы көп кәпірлер,

Қуанып, шулап жатыр жабырласып.

 

Айтады Табут тұрып: – Келсін, – дейді,

490      Зінжірмен қол-аяғын бусын, – дейді.

Дарға асып сол баланы өлтіремін,

Көп халық өлтіргенім білсін, – дейді.

Қылғаны ол баланың асып кетті,

Қорлықты естен қалмас көрсін, – дейді.

 

Баланы патшасына алып келді,

Жас бала бір Аллаға налып келді.

Болмаса жалғыздықтан ұсталғаны,

Әскерін Табут патша қырып келді.

Құдайым берсе қаза шара бар ма,

500      Жастығын жас та болса алып келді.

Кәпірдің ұстағансын көңлі өсіп,

Әр түрлі ойын-күйге салып келді.

 

Соғысып Ханафияның халі кеткен,

– Дарға ас! – деп Табут патша әмір еткен.

“Өлтірсек осылайша бола ма” деп,

Мәслихат сөз сұрапты әлеуметтен.

 

Әлеумет: – Өлтіруге болмас, – дейді,

Өлген жан қайта бізге тұрмас, – дейді.

Өлгенін хазірет Әли біле қалса,

510      Өлтірмей бізден адам қоймас, – дейді.

Мықтымыз үйде отырып ас ішкенде,

Келгенде Әлиге адам шықпас, – дейді.

 

Қырады Әли келсе адам қоймай,

Қарамас жалынсақ та салып ойбай.

Бар, – дейді, – зұлпықары екі жүзді,

Соғысты қоймас, – дейді, – қанға тоймай.

 

Не болар елің, халі құрығансын,

Бір адам қалмай бәрі қырылғансын.

Ойлайсыз қайткенде адам қалады деп,

520      Қылышын қынабынан суырғансын.

 

Әй, патша, біздің айтқан сөзімізге ер,

Баланың не де болса тілегін бер.

Сөзіңе айтқан сіздің көне қалса,

Малыңмен Әмина атты қызыңды бер.

 

Сөзіңе ерлік айтқан бала көнбес,

Берсеңіз қызың мен мал, сонда көнер.

Баланы өлтірем деп ойламаңыз,

Басыңыз Әли келсе жерге кірер.

 

Әлидің жаннан асқан қайраты бар,

530      Және де неше түрлі айласы бар.

Дініңе қызыңды алып бала кірсе,

Әлиге өлетұғын айла табар.

Әлиді Құдай беріп өлтірсеңіз,

Көп араб Мәдинеде құлың болар.

 

Бұл сөзді жүмлә кәпір мақұл көрді,

Түсініп Табут патша ақыл көрді.

Бір айла не де болса қылалық деп,

Баланы көп кәпірлер шақырды енді.

Баланың жарақаты сондай жаман,

540      Кәпірлер тірілтем деп дәру берді.

Алланың артық берген қайратынан,

Баласы Шаһимардан жәбір көрді.

 

Шақырып Табут патша: – Бала, – дейді,

Сөзімді менің айтқан тыңла, – дейді.

Бермеді басыңа пайда көп қайратың,

Дініме кір, менің қызым ал да, – дейді.

Қылғаның жас та болса өтіп кетті,

Шырағым, енді тентек болма, – дейді.

 

Осылайша Табут патша жауап берді,

550      “Ішкіл” деп құйып алып шарап берді.

– Әй, бала, бұл шарапты іше қалсаң,

Еске алмай ұмытарсың өткендерді.

 

– Әй, Табут, қанша айтсаң да тіл алмаймын,

Дініңе қорқып сенен кіре алмаймын.

Табылар тірі жүрсем маған қатын,

Қызыңды ал десең де, мен алмаймын.

 

Ішпеген ата-бабам арақ-шарап,

Сөзіңе еріп сенің іше алмаймын.

Білмеген Құдай бар деп пасық кәпір,

560      Сөзіңді қанша айтсаң да тіпті алмаймын.

 

Бұл сөзді, Табут патша, аузыңа алма,

Харамды арақ-шарап қолыңа алма.

Қызыңның жолда жатса, керегі жоқ,

“Кәпірдің діні пасық”  деген Алла.

Бір Құдай берген жанды өзі алады,

Жарама үстімдегі дәрі қылма.

 

– Апырым-ай, менің қызым алмаймысың,

Сөзіме менің айтқан нанбаймысың?

Қызымның нұр сипаты жаннан асқан,

570      Бітпеген бұл дүниеде ондай пішін.

Шырағым, қызымды алып дініме кір,

Шынымен айтқан сөзім тастаймысың.

 

Патшаңыз ашуланып ақырады,

“Келсін” деп Әмина қыз шақырады.

Сүйегінен бала сөзі өтіп кетіп,

Шыдамай ашу қысып қалтырады.

Есітіп бала сөзін көп кәпірлер

Біле алмай не айтарын отырады.

 

Бір кәпір хабар айтып қызға барды,

580      Патшаның айтқан сөзін айтып барды.

Қайратын жас баланың есіткен қыз,

“Дініме кірсе екен” деп тілеп барды.

Киініп асыл киім бірін қоймай,

Үстіне иісті суын шашып барды.

Кәпірлер қыз сипатын көргеннен соң,

Бәрі де есі кетіп қатып қалды.

 

Жиыпты Табут патша елі-халқын,

Қалдырмай сарайына кәрі-жасын.

Көрсетті қызығар деп жалғыз қызын,

590      Сөзіне Ханафия болмағансын.

Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,

Айтайын біразырақ қыз тұлғасын.

 

Бойы бар шынардың ағашындай,

Көрген жан естен кетер адасып-ай.

Секілді түйме басы, қиғаш қасы,

Шашы тұр талдап өрген жарасып-ай.

Ақ беті жаңа жауған қар секілді,

Көзінің мөлдіреп тұр қарашығы-ай.

Қиғаш қас, оймақ ауыз, қызыл ерін,

600      Күмістей ақ білегі тартқан сымдай.

 

Тұлғасы хор қызының сипатындай,

Белі тұр нәзік діңге нағып сынбай.

Сипаты қыздың артық болса дағы,

Бала отыр алмаймын деп дінін қоймай.

Жалынып Табут патша айтса дағы,

Бала отыр бір сөзіне құлақ қоймай.

Қор қылып қыз бен сөзін алмағансын,

Патшаңыз аза болып салды ойбай.

 

Патша айтты: – Жиып халқым келтір, – дейді,

610      Баланы дарға апарып өлтір, – дейді.

Өзіме жәбір беріп, қырды халқым,

Өлтіріп бұл жиһаннан кетір, – дейді.

Қырар деп хазірет Әли біле қалса,

Жиылған көп әскері өлтірмейді.

Жиылған елі-халқым өлтірмесең,

Алып бар, зынданыма кірсін, – дейді.

Зынданға салып мұны мықтап бекіт,

Қорлықты енді бала көрсін, – дейді.

 

Баланы зынданына алып барды,

620      Жас бала бір Аллаға налып барды.

Кіргізіп зынданына жас баланы,

Он батыр қара таспен жауып салды.

Есікке қарауылшы және қойып,

Шуласып көп кәпірлер кетіп қалды.

 

Махдумды жауып салды кілең пасық,

Балаға патша қызы болды ғашық.

Зынданға жас баланы салғаннан соң,

Өртенді қыз байғұстың жаны ашып.

Ойлайды қыз “зынданға барайын” деп,

630      “Қылам, – деп, – өзіме күйеу, болса нәсіп”.

 

Әмина ғашық болып тызаңдайды,

Шыдамай күн батқанша төзе алмайды.

Кірмесе өз дініме жас бала, – деп,

Мұсылман болайын деп ой ойлайды.

Қайткенде жолдас қылып аламын деп,

Қыз байғұс шыдай алмай көп ойлайды.

 

Жанына ғашық оты жаман батты,

Кеш болып, ақшам болып, күн де батты.

Дұшпанын көп кәпірлер ұстап алып,

640      Тынығып кеш болған соң ұйықтап жатты.

Ұйықтап жұрттың бәрі қалғаннан соң,

Зынданға Әмина қыз қадам басты.

 

Зынданға Әмина қыз келіп жетті,

Өлтіріп қарауылшының басын кесті.

Нағылсам Құдай маған қосады деп,

Ішіне қыз байғұстың қайғы түсті.

 

Әмина тыста отырып жылап отыр,

“Иә, Алла, қоса көр”, – деп тілеп отыр.

Ішінде сол зынданның Ханафия

650      Сүресін һұд атаның оқып отыр.

Оқыған жас баланы көргеннен соң,

Сабыры қыз байғұстың қалмай отыр.

 

Бекіткен есігінде көрді тасты,

Он батыр қойып еді сол бір тасты.

Әмина шыдай алмай ғашық отына,

Лақтырып қара тасты есік ашты.

Ішіне зынданының кіріп келіп,

Баламен Әмина қыз амандасты.

– Ал, енді нағылсаң да, ықтиярсың,

660      Сен үшін қидым, – дейді, – ғаріп басты.

 

Қыз айтты: – Бақыт берсін маңдайыңа,

Бірге жүр, мен барайын сарайыңа.

Дініме, жан ғашығым, сен кірмесең,

Құлшылық мен қылайын Құдайыңа.

 

Мұхаммед-Ханафия қабыл көрді,

– Жүр енді, баралық, – деп соңына ерді.

Дініме кірсең сені аламын, – деп,

Мұхаммед-Ханафия жауап берді.

 

Қыз айтты: – Көзім жасын көрсең, – дейді,

670      Тілегін мен байғұстың берсең, – дейді.

Кел, енді құшақтасып сүйіселік,

Көңліңді шыныменен берсең, – дейді.

Қасыңа жолдас қылып алғаннан соң,

Арман жоқ енді мен де өлсем, – дейді.

 

– Аманат бір Аллаға шыбын жаным,

Соғысып кәпірлермен қиналғаным.

Әмина, дінің тастап, иман айтшы,

Көңлімнен кетсін менің бар күмәнім.

Қасыңа неке қимай мен жатпаймын,

680      Бұйрығы емес зина қылу бір Алланың.

 

Бұл сөзін Әмина қыз қабыл көрді,

“Құдай бір, Құран шын”  деп дінге кірді.

Қалдырып пасық дінді Әмина қыз,

Көңілді айтып иман нұрландырды.

 

– Әй, Әмина, Мәдинеге біз баралық,

Некені бабамызға қидыралық.

Біз болып халал жұфұт сол арада,

Көңілді екеуміз де тындыралық.

 

Екеуі Мәдинеге қашпақ болды,

690      Үш қызды қызмет үшін алмақ болды.

Ат сайман, қару-жарақ бәрін алып,

Сол түнде “иә, Алла” деп аспақ болды.

Білмейміз ақырында не болады,

Көңілі екі жастың тәтті-ақ болды.

 

Екеуі соныменен қашып кетті,

Жолына Мәдиненің асып кетті.

Таң атса ханның қызы, бала да жоқ,

Патшаға “қашты” деген хабар жетті.

Дұшпанымен қызы қашып кеткеннен соң,

700      Патшаңыз аза салып талып кетті.

 

Патшаның ашуланып ақылы қашты,

Басына отыра қалып топырақ шашты.

“Өлтіріп дұшпанымды, қызды әкел”, – деп,

Мың кісі жиып алды кәрі-жасты.

Қорлығына бір баланың шыдай алмай,

Ағызды екі көзден қанды жасты.

 

Мың кісі сол арада қуды дейді,

Қуғанын Ханафия білді дейді.

Келеді артымыздан қуып кәпір,

710      Бір соғыс тағы бізге болды дейді.

 

– Кәпірмен жалғыз өзім соғысайын,

Сен барып бір тасаға тұрғыл, – дейді.

Кәпір көп, Алла жалғыз, мен де жалғыз,

Тілектес, Әмина қыз, болғыл, – дейді.

 

Бере көр тілекті, бір Құдайым,

Кәпірге, Әмина қыз, мен барайын.

Жабылар мың кәпірдің бәрі бірдей,

Иә, Алла, бұл пасыққа нағылайын.

Құдайым жәрдем берсе мен қырармын,

720      Әмина, жан ғашығым, қылма уайым.

 

Сол жерде көп кәпірлер келді жетіп,

Шаңдатып жердің жүзін дүрілдетіп.

– Кеудеңде мың да болса жаның қалмас,

Барасың қызды алып қайда кетіп?

Қолыңнан сені өлтіріп қызды аламыз,

Жіберген бізді патша жарлық етіп.

 

Сөйлейді Ханафия сонда тұрып,

Кәпірге айбаттанып айқай ұрып.

– Жолында Әминаның жаным құрбан,

730      Қайтыңыз, уай, кәпірлер, өлмей тұрып.

Кәпірге атам Әли салған ойран,

Қайтыңыз жаһаннамға кірмей тұрып.

Жар болса Нұр Мұхаммед бабам, – дейді,

Кетермін бәріңізді қоймай қырып.

 

Сол жерде таңғажайып болды ұрыс,

Қырады кәпірлерге салып қылыш.

Соғысып жан аямай Ханафия,

Кәпірдің жеті жүзін қылды тыныш.

Үш жүзі сол арада кейін қашты,

740      Басына дем алуға болмай тыныс.

 

Үш жүзі өлмей қалған қашып кетті,

Аруағы бір баланың басып кетті.

“Жас бала қырып салды біздерді”, – деп,

Патшаға осылайша хабар жетті.

 

Патшасы ыза болып ашуланды,

Шаһардан төрт мың палуан жиып алды.

Артыңнан әскер алып барамын деп,

Төрт мыңды айдап келіп жолға салды.

“Кімде-кім сол баланың басын кессе,

750      Сол менің күйеуім”, – деп айтып салды.

Бастығы төрт мың әскер сайыпқыран,

Солардан өткен екен дүние жалған.

Ойлары батырлардың – күйеу болмақ,

Төрт мың қол соныменен бәрі қуған.

Болмақшы батырлардың бірі күйеу, бірі төре,

Бәрі де соның үшін жанын қиған.

Бәрі де қуанысып қуадылар,

Біздерге нағылады деп бір жас ұғлан.

 

Осылайша төрт мың әскер қуып кетті,

760      Балаға саламыз деп қасіретті.

Жас бала шаршап жүрген қайда барсын,

Балаға майдан жерде келіп жетті.

Бірі күйеу, бірі төре болармыз деп патшасына,

Қуанды көрсетеміз деп қызметті.

 

Кәпірлер жиылысып не деседі,

Болмас деп бірме-бірге кеңеседі.

Бұл бала қайраты жоқ нашар болса,

Бұл жерге қайта-қайта келмес еді.

 

Кәпірлер қамап алып тұрысады,

770      Балаға бір Алласы болысады.

Баланы өлтірем деп кілең кәпір,

Жабылып қылыш, найза салысады.

 

Кәпірлер бір баламен соғысады,

Өлтірем деп түрлі айла қылысады.

Жас бала айдаһардай қырғаннан соң,

Кәпірлер не ғажап деп тұрысады.

Әскермен жиырма мың Табут келіп,

“Жеңбедің бір баланы” деп ұрысады.

Кәпірлер таңғажайып ұрыс қылды,

780      Он жасар бір балаға зор іс қылды.

Әскерін жалғыз бала қырғаннан соң,

Қайғырып Табут патша налыс қылды.

 

Кәпірді қырып бала қуалады,

Әмина көріп оны қуанады.

Әскерін қойдай қырып жүргеннен соң,

Қайғырып Табут патша жыланады.

 

Ақырды Ханафия “қырайын” деп,

Жылайды Табут “қайтіп шыдайын, – деп.

“Он жасар жалғыз бала қырып кетті,

790      Палуанның өңшең батыр талайын”, – деп.

Қуанып Әмина қыз қарап тұрды,

“Бере көр, бізге тілек, Құдайым”, – деп.

 

Әмина шыдамайды  “қарайын” деп,

Ойланды “атқа мініп барайын” деп.

“Ішінде көп кәпірдің жалғыз жүр ғой,

Қосылып мен де соғыс салайын”, – деп.

 

Тоқтатты қасындағы қатындары:

– Барма, – деп, – бос орынға уайым жеп.

Қырып жүр көп кәпірді қасқырдайын,

800      Балаға жәрдем берді Құдайым, – деп.

 

Табуттың болды уайым айтқан сөзі,

Баладан айрылмайды екі көзі.

Балаға қастық қылған көп кәпірден,

Қараса, көрінбейді жердің жүзі.

“Біз болдық, бағусыз қой жапандағы,

Бұл бала қырған бізді, болды бөрі”.

 

Табут патша ал сонда

Әскеріне өтінді:

– Батырларым, не болды,

810      Жеңе алмадың жетімді.

Арабтың жалғыз баласы,

Аш бөрідей жеді етіңді.

Тартып алды қызымды,

Сындырды, халқым, беліңді.

Қойдай қырып батырды,

Көрсетті бізге көрімді.

Естіген халық не дейді,

Қоймай қырып халқымды,

Қара қылды бетімді.

820      Қайратын көріп баланың,

Шыдай алмай долданып,

Өгіздей патша өкірді.

– Жабылыңдар, әскерім,

Бүйте берсе бұл бала,

Қылар бізге кесірді.

 

Мұхаммед-Ханафия ашуланып оттай жанды,

Аямай соғыс салып шыбын жанды.

Кәпірге аш бөрідей тиіп қатты,

Ағызды дұшпанынан қызыл қанды.

830      Соғысып күн-түн қатып дамыл алмай,

Сау жер жоқ денесінде, жараланды.

 

Үстінде арғымақтың жүре алмайды,

Қайратты кәпірлерге қыла алмайды.

Халі жоқ қимылдауға, жарасы көп,

Қылышын бұрынғыдай ұра алмайды.

 

Кәпірлер жас балаға қылыш шапты,

Қызыл қан жас баладан судай ақты.

Жабылып бір балаға сонша кәпір,

Кеш болып мекеніне қайтып жатты.

 

840      Ханафия о да қайтты қостарына,

Секілді Әмина қыз достарына.

Соғысқан халі кетіп жас баланы,

Көтеріп аттан алды бастарына.

Халі жоқ жас баланың қозғаларға,

Әкеліп қойды дейді қастарына.

Көргенсін Әмина қыз жылай берді,

Көл болып қойны толып жастарына.

Көл болып көздің жасы жылайдылар,

Сиынып жан жаратқан Хақтарына.

 

850      Қосына Ханафия қайтып жатты,

Аллаға тілек бер деп налып жатты.

Баланың үсті-басы толған жара,

Қыз байғұс қанын жуып дәру жақты.

“Атама Әли Арыслан білдіргіл”, – деп,

Аллаға жылап қылды мінәжатты.

Баладан хал кеткенін білгеннен соң,

Әмина жылай-жылай қайғы тартты.

 

Сөйлейді Ханафия сонда тұрып:

– Бабама Нұр Мұхаммед хабар бер, – деп.

860      Бабам мен атам Әли достың еді,

Білдіріп, бұл кәпірдің бәрін қыр, – деп.

Балаңыз көп кәпірмен соғыс қылып,

Үстінен қызыл қаны ағып жүр, – деп.

Қаптаған жердің жүзі бәрі кәпір,

Бір бала ортасында налып жүр, – деп.

Бір Құдай, фазылың кең, өзің патша,

Қылсаң да жақсы-жаман өзің біл, – деп.

 

Иә, Алла, қазам жетіп өле алмадым,

Жараға үстімдегі төзе алмадым.

870      Бабам мен Нұр Мұхаммед, атам Әли,

Алдына барып сәлем бере алмадым.

Сүйікті Ханифа мен Фатима анам,

Еркелеп алдарында күле алмадым.

Сүйікті Хасен, Хұсайын ағаларым,

Дидарын ойнап-күліп көре алмадым.

Табуттан тартып алған Әминамен

Қосылып, Мәдинеге бара алмадым.

 

Әлқисса, жоғарыда айтып едік қой: хазірет Әли, Хасен, Хұсайын үшеуі сапарға кетті деп, бұлар сапардан Мәдинеге қайтып, жолда жете алмай қонған екен дейді. Ханафия Табуттың әскерімен соғысып, көп жарақатты болып, Алладан қалап жатқанда, түнде хазірет Әлидің түсіне кіріп Нұр Мұхаммед: – Иә, Әли, тұрғыл, Ханафия балаң мен Табуттың әскері соғысып жүр. Тез бар, өлтірер, – деп өте шығыпты дейді.

 

Ал, енді сөз тыңдаңыз Әли жақтан,

Жол тартып Мәдинеге Әли қайтқан.

880      Қасында Хасен, Хұсайын екі бала,

Жете алмай Мәдинеге қонып жатқан.

Түсінде Нұр Мұхаммедті Әли көрді,

Бәрі де жақсы-жаман Жаппар Хақтан.

 

Әлиге Нұр Мұхаммед: – Тұрғыл, – дейді,

Еліне Табут патша барғыл, – дейді.

Соғысып жүр кәпірменен жалғыз бала,

Балаңды Ханафия алғыл, – дейді.

Балаңа өлмей тұрып бармасаңыз,

Айрылып балаңыздан қалдың, – дейді.

 

890      Арыслан жатқан жерден ұшып тұрды,

Түсінен көрген түнде шошып тұрды.

– Табутқа жылдамырақ барайын, – деп,

Дүлдүлге мініп алып басын бұрды.

Қасында Хасен, Хұсайын екі бала,

Үшеуі “иә, Алла” деп жолға кірді.

 

Әлқисса, үшеу болып ер Әли жолға кіріп, іздеп келе тұрсын. Сол уақытта Табуттың елінде Рүстем деген бір батыр бар екен. Табут қорқып тұрғанда, кешкі уақытта жетіп келіп: – Патша, сіз қызыңды беріп, күйеу қылсаңыз, ол баланы өлтіремін, – депті. Табут: – Жарар, қызымды беремін. Тек баланы өлтір, – депті. Сонда Рүстем қуанып: – Бүгін кеш болды. Таңда баланы өлтіріп берейін, – депті. – Қайғырмаңыз, – деп көңіл айтыпты дейді.

 

Ер Әли жол бойында тұра тұрсын,

Тілектес баласына бола тұрсын.

Бар екен Рүстем деген үлкен батыр.

Жайынан Досы соның кеңес құрсын.

 

900      Табутқа Рүстем келіп айтып салды:

– Баланы өлтірем, – деп, – қызың берсең.

Табут айтты: – Берем қызым, баланы өлтір,

Бұл сөзім Рүстем батыр қабыл көрсең.

– Кеш болды, таң атқансын өлтіремін,

Қайғырма сен, азарсың жылай берсең.

 

Сол күні көп кәпірлер қайтып жатты,

Ханафия о да қосқа барып жатты.

“Белімді бұл кәпірден сындырма”, – деп,

Тіледі жадына алып жалғыз Хақты.

910        “Шынымен Әли атам келмей ме?!” – деп,

Әмина о да қатты жылап жатты.

Оқыды қыз бен бала намаздарын,

Кідірмей соныменен таң да атты.

Кәпірлер шуылдайды кеңес құрып,

Баланың жас та болса қолы батты.

 

Әскерге Табут айтты: – Басың көтер,

Таң атып, уақыт жетті соғыс етер.

Қайдасың, Рүстем батыр, данышпаным,

Жылдам бар майдан жерге ұрыс етер.

920      Баланы жылдамырақ өлтіріңдер,

Осыдан Әли келсе, қырып кетер.

Он жасар жалғыз бала жаман қырды,

Бір адам табылмады әлі жетер.

Апырым-ай, осы бала әскер қырып,

Халыққа қатардағы харам етер.

Бір бала қызымды алып, жеңіп кетсе,

Арабтың Мәдинеде көңілі өсер.

 

Ақырып таң атқансын Рүстем келді,

Әмина баламенен көзі көрді.

930      Келгенін Рүстемнің көргеннен соң,

Балаға Әмина қыз сөйлейді енді.

 

Жылайды Әмина қыз “Құдайым” деп,

Ойлайды “Рүстемге өзім барайын” деп.

Көңілі қыз байғұстың жаман солды,

Баланың жарасына уайым жеп.

 

Қыз айтты: – Халің нашар, жараң көл-дүр,

Рұқсат бер, Рүстем басын алайын, – деп.

Атамның әскері көп құмырсқадай,

Сен үшін, Ханафия, ұрысайын, – деп.

940      Жар болса Нұр Мұхаммед бабам, – дейді,

Кәпірге ақырзаман салайын, – деп.

 

Ақырып Ханафия: – Алла! – дейді,

Бермеймін рұқсат, барма, – дейді.

Әмина, Рүстем басын мен кесейін,

Тілектес бола көргіл, қал да, – дейді.

Сен болдың ұшып жүрген ұжмақ құсы,

Сен өлсең қайғырармын сонда, – дейді.

 

Майданда айғайлап тұр Рүстем кәпір,

“Басыңа саламын, – деп, – заманақыр”.

950      Жас бала көп кәпірден қорқар емес,

Аяңдап майдан жерге келе жатыр.

 

Екеуі келген жерден алысады,

Соғысып ат үстінде қалысады.

Аямай бірін-бірі екі батыр

Қылыш ұрып, найзаларын салысады.

 

Екеуі таң қалғандай ұрыс салды,

Аямай шыбын жанды қылыш салды.

Майданға “қыз алам” деп келген батыр

Шыдамай жас баладан өліп қалды.

960      Жолына дін исламның жанын қиып,

Ханафия Рүстемді бөліп салды.

Қыз үшін адырайып келген батыр

Жан беріп, жаһаннамға кетіп қалды.

 

Патшаңыз бір баладан жаман састы,

Зар жылап, Рүстем үшін қайғы басты.

“Қамалап бұл баланы ұсталық”,– деп,

Жиылып көп кәпірлер ақылдасты.

 

Ойбайлап Табут патша қайғырады,

“Салдыр, – деп, – бір мұнара” бұйырады.

970      – Басынан мұнараның қарап тұрам,

Апырым-ай, мына бала нағылады?!

 

Әскерім, атқа мініп жүрің, – дейді,

Жолымда мен сорлының өлің, – дейді.

Апырым-ай, мына бала басымды алар,

Бір айла енді бұған қылың, – дейді.

Қамалап жан-жағынан ортаға алып,

Найзаны өлер жерге салың, – дейді.

Қайратын бұл баланың көргеннен соң,

Қалмайды құрттай менің халым, – дейді.

 

980      Сөйлейді Табут патша талай кепті:

– Қоймас деп менің басым алмай, – депті.

Басымды бүйте берсе бала кесер,

Қашайын мұнда тұрмай, ойбай, – депті.

Жабылып бір баланы жеңе алмадың,

Қайратың, батырларым, қайда? – депті.

Бұл жерден Әли келмей, мен кетейін,

Қырады Әли бізді қоймай, – депті.

Кәпірге қорқу түсті бірі келмей,

Табут тұр қайғыменен көзі көрмей.

990      Баланы тұрған жерде қамалақтап,

Ат қойды сансыз кәпір бәрі бірдей.

 

Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзін,

Кәпірлер алып кетті жердің жүзін.

Жас бала кәпірлермен соғысқанда,

Қап-қара шаңдақ басты күннің көзін.

 

Табуттың әскерлерін қыра берді,

Көп әскер шаһарынан шыға берді.

Жас бала тоқтамастан соғыс қылып,

Жіберді жаһаннамға талай ерді.

 

1000     Жабылған бір балаға көп кәпірді

Қыз байғұс Әминаның көзі көрді.

“Көп кәпір бір баланы өлтірер”, – деп,

Әмина бір Аллаға жылай берді.

Халінен баласының хабар біліп,

“Келер” деп қарап тұрды Әли ерді.

“Иә, Алла, шыныменен келмей ме?!” – деп,

Зар жылап жолына Мәдиненің қарай берді.

Еңіреп Әмина қыз тұрғаннан соң,

Тілегін қыз байғұстың Құдай берді.

 

1010     Көп кәпір бір балаға жабылып жүр,

Қылыштар, мылтық, найза соғылып жүр.

Ішінде көп кәпірдің жалғыз бала,

Құдайым жәрдем берсін, нағылып жүр.

Қайраты жас баланың сондай бұзық,

Кәпірді жүрген жерде жол қылып жүр.

Болғансын аты әйел, не шара бар,

Баланың болдырғанын қыз біліп жүр.

 

Әскерін Табут патша қырдырады,

Жүрегін ат басындай солдырады.

1020     Соғысып көп кәпірмен демін алмай,

Мұхаммед-Ханафия болдырады.

 

Көп кәпір бір баланы аясын ба,

Етіне елу жара салдырады.

Жолына дін исламның жанын қиып,

Шиедей тұла бойын қан қылады.

“Иә, Алла, қор қылма, – деп, – кәпірлерге”

Зар жылап Ханафия қамығады.

 

Кәпірдің бірталайы өліп кетті,

Түбіне жаһаннамның жаны кетті.

1030     Махдумның Ханафия сол уақытта

Ұрыса алмай кәпірлермен халі бітті.

Жылайды Ханафия жадына алып,

Атасы мен Әли Арыслан, Мұхаммедті.

 

Әлқисса, Ханафия сол күні дамыл алмай соғысып, бек жаралы болып, ұрысуға халі келмей, бұрынғыдай айқайлап, қаһарлануға дауысы шықпай, халі өлім халіне жетіп, тек атынан түспей, бұрынғыдай кәпірдің бір жағынан кіріп, бір жағынан шыға алмай, көп кәпірдің ортасында қалып, Аллаға мінәжат қылып, екінші, атасы илән ағаларын келмеді деп, үшінші, Мәдинеге Әминаны алып барып, аналарының дидарын көрмей қапалықта қазаға тап болдым ба, – деп налып жүрді дейді. Кәпірдің баршасы да жиылып, бір баланың төңірегінде қамап жүрді дейді. Сонда да бірме-бірге болмай алдына келгенді қырып жүріпті, Әмина қыз алыстан көріп, жаны ашып, Әли атам келмеді деп бір Аллаға налып, жылап тұрғанда, Мәдине жолынан хазірет Әли, Хасен, Хұсайын келе жатыр екен дейді. Сондағы баланың һәм қыздың мінәжат қылып тілеп жүргендегі сөздері тек “Алла Тағала, бұл кәпірден құтқар, атамды көрсет”, – деп жылапты дейді.

Жылаған назымы:

 

Жылайды дауысы шықпай: – Өлмедім, – деп,

Өкпелеп, хақ Пайғамбар, білмедің, – деп.

Хасен менен Хұсайын екі ағам,

Жан атам Әли Арыслан келмедің, – деп.

Бір барып Мәдинеге Әминамен,

Қосылып құрбылармен күлмедім, – деп.

 

1040     Фатима, Ханифамен аналарым,

Ақ жүзін бұ дүниеде көрмедім, – деп.

Бермесең өзің жәрдем, бір Құдайым,

Ойым жоқ бұл кәпірден өлмедім, – деп.

 

Еңіреп Әмина қыз жылап тұрды,

Көз жасын көлдей қылып бұлап тұрды.

“Есіне бір Құдайды жад қылам”, – деп,

Қорлыққа неше түрлі шыдап тұрды.

“Көрсет, – деп, – шын хақиқат кереметті”,

Әмина Мұхаммедті сынап тұрды.

 

1050     Шара жоқ, қылар айла, жылай берді,

Тілегін Әминаның Құдай берді.

Үш атты Мәдинеден келе жатыр,

Қыз байғұс жылап тұрып оны көрді.

 

“Апырым-ай, келе жатқан кім екен?” – деп,

“Аты-жөнін сұрайын”, – деп көңіл берді.

Атына қамшы басып қатты жүріп,

Қасына әлгі адамдар жетіп келді.

 

Әлқисса, сол күнде Ханафияның халі кетіп, кәпірлердің ортасында жүр еді. Көп кәпір баршасы да бір орында, бір баланың соңында жүр еді дейді. Әмина қыз кәпірлердің балаға жабылып жүргенін көріп, есі кетіп қарап тұрғанда үш атты кісіге, яғни атасы хазірет Әлиге жолығып, “кімсің?” деп аты-жөнін сұрап, жауап бергені:

 

– Алдыңа, жақсы адамдар, келдім, – дейді,

Ісіне бір Алланың көндім, – дейді.

1060     Келесіз ат сабылтып, қатты жүріп,

Айтыңыз біз ғаріпке жөнін, – дейді.

 

Түріңіз бөтен жердің адамысыз,

Мекенің қай арада, елің? – дейді.

Жақсылар, сізден бұрын жөн сұрадым,

Кешіңіз, қата болса сөзім, – дейді.

 

Әлқисса, хазірет Әли, балалары илән “бұл нағып жүрген әйел адам?!” деп жөн сұрасып, Әминамен сөйлескені:

 

– Сұрасаң, Мәдинеде елім, – дейді,

Айтайын, сұрасаңыз жөнім, – дейді.

Алланың шыныменен сүйген құлы,

Сұрасаң, Нұр Мұхаммед бабам, – дейді.

1070     Жолдасым қасымдағы екі жігіт –

Хұсайын, Хасен ғазы балам, – дейді.

Сұрасаң, өзім атым – хазірет Әли,

Айтайын аты-жөнім саған, – дейді.

Келемін бір Алланың бұйрығымен,

Соғысқан кәпірменен балам, – дейді.

Соғысқан кәпірменен балам еді,

Хабарын айтшы білсең, маған, – дейді.

Шырағым, қапаланып жөн сұрадың,

Айтайын аты-жөнім тамам, – дейді.

 

1080     Сол жерде Әминаның көңілі бітті,

Тілегін берген қыздың Құдірет-ті.

Алланың Арысланын көргеннен соң,

Көңілінен Әминаның қайғы кетті.

“Жолыңды күтіп сіздің жүр едім”, – деп,

Жығылып Дүлдүлдің ізін өпті.

 

Қыз айтты: – Жәрдем берсін жалғыз Аллаң,

Салыңыз көп кәпірге ақырзаман.

Балаңыз Ханафия – ғашық жарым,

Тілегім бөтен емес, мен де балаң.

1090     Зарланып жолыңызға қарап едім,

Көрді ғой көзім жасын Қадір Аллам.

 

– Әй, балам, тілек тілеп жүремісің,

Ханафия тірі ме екен білемісің?

Шырағым, жылдамырақ айта көрші,

Есітіп балам жайын, көңілім тынсын.

 

– Кәпірге қырып ойран салды, – дейді,

Қылышын қызыл қанға малды, – дейді.

Білмеймін өлі екенін, тірі екенін,

Көп кәпір ортасына алды, – дейді.

1100     Қолымнан менің келер еш нәрсе жоқ,

Мен балаң соры қайнап қалды, – дейді.

Алланың Арысланы Әли едің,

Кәпірден жолдасымды алшы, – дейді.

 

Әлқисса, хазірет Әли Әминадан баласының хабарын есітіп, қамап жүрген көп кәпірді көріп қаһарланып, айқай салып, Хасен, Хұсайын үшеуі кәпірді қырып, баласы Ханафияны тауып алып, баласының үстіндегі жарасын көріп қараған екен дейді. Сонда көкірегінде елу жерде жарасы бар екен дейді. Сондағы кәпірге қаһарланып қырып, мұсылман қылған жері.

 

Сол жерде хазірет Әли қамшы басты,

Кәпірге толып жатқан араласты.

Айқайды қаһарланып салып еді,

Қырылып көп кәпірді қара басты.

Дауысын атасының естіген соң,

Баласы Ханафия  судай тасты.

1110     Хұсайын, Хасен ғазы, хазірет Әли

Сол жерде Ханафиямен араласты.

– Уай, ата, мұнша неге келмедің?! – деп,

Ханафия атасына төкті жасты.

 

Кідірсең бір азғана өлер едім,

Майданда шыбын жанды берер едім.

Соғысып жүргенімде қазам жетсе,

Жүзіңді қияметте көрер едім.

 

Кәпірдің қырып салдым кәрі-жасын,

Жанымды аямадым жабылғасын.

1120     Әй, ата, қозғалуға еш жайым жоқ,

Сау жер жоқ, толған жара үсті-басым.

Хал кетіп, өліспе деп жүргенімде,

Көрді ғой бір Құдайым көзім жасын.

Қорлықты мұндай қайғы көрер ме едім,

Қасымда бірге болса Хасен,

Хұсайын менен жан жолдасым.

 

Әлидің неше түрлі айласы бар,

Кәпірге шаншатұғын найзасы бар.

Баласын шешіндіріп қарай қалса,

1130     Кеудеде елу жерден жарасы бар.

 

Майданға балалармен Әли кірді,

Кәпірді қаптап жатқан қойдай қырды.

Жарасын баласының көргеннен соң,

Қаһары келіп қатты, қоймай қырды.

Кәпірді аш бөрідей дал-дал қылып,

Бояды қызыл қанға қара жерді.

 

Әлқисса, хазірет Әли балаларымен соғыс қылды дейді. Хазірет Әлидің қолы Табуттың әскеріне Ханафияның қолынан қаттырақ тиген секілді көрінеді. Әскерін қойдай қырып өлтіріп, қашырғанын қашырып, һәм қорыққанын мұсылман қылып, Табут патшаны ұстап алып сөйлескен жері.

 

Аямай хазірет Әли қылыш салды,

Табутты майдан жерде ұстап алды.

Қорлықтың неше түрлі бәрін беріп,

1140     Көзіне көрсетіпті шыбын жанды.

 

– Әй, Табут, енді байғұс өлдің, – дейді,

Түбіне жаһаннамның ендің, – дейді.

Нағылды менің балам мұндай қылып,

Сен неге мұндай әскер жидың, – дейді.

Көнбесең айтқаныма өлтіремін,

Дініне Мұхаммедтің кіргіл, – дейді.

 

– Әй, Әли, балаң қаңғып келген, – дейді,

Қорлықты түрлі-түрлі берген, – дейді.

Қорлығы балаңыздың жаман батты,

1150     Дініңді қабыл көріп кірмен, – дейді.

 

Әй, Әли, қызым үшін мен жүремін,

Балаңның қорлығынан күнде өлемін.

Қорлыққа шыдай алмай жүргенімше,

Әй, Әли, қазам жетсе енді өлемін.

 

– Әй, Табут, дініме кір, мұсылман бол,

Хан болып шаһарыңның патшасы бол.

Көңіліңді иман айтып нұрландырсаң,

Аллаға сен боларсың сүйікті құл.

 

– Мен едім Табут патша әскерім мол,

1160     Дініңді қабыл көріп алмаймын сол.

Дініңе кір десең де, мен кірмеймін,

Ал, Әли, ерегіссең білгенің қыл.

 

Сөзіне Әли Арыслан ерегісті,

Табуттың сол арада басын кесті.

Көп кәпір сол арада дінге кірді,

Қарсылық қылғандардың бәрін кесті.

 

Көп кәпір Құдай ұрып өліп қалды,

Шошыды көргендері қызыл қанды.

Қалғаны соғыса алмай бәрі қорқып,

1170     Мұсылман сол сипатта болып қалды.

 

Ер Әли қаһарланса не қояды,

Шаһарды етіп мұсылман, хан қояды.

Бұрынғы пасық діннің бәрін тастап,

Той қылып, шаһар халқы мал сояды.

 

Мұсылман болып шаһар халқы қылды тойды,

Бұрынғы жамандықтың бәрін жойды.

Жұфұтлап Ханафия мен Әминаны,

Арыслан екеуіне некаһ қиды.

 

Соғысып Ханафия жарын алды,

1180     Өлтіріп, Табут патша қызын алды.

Қасына қызмет үшін және дағы,

Жариа бір-екі қыз қосып алды.

 

Кәпірдің соғыс қылған бәрін жеңіп,

Ер Әли қайтайын деп ойына алды.

Ер Әли балаларымен опыр-топыр

Шаһарына Мәдиненің барып қалды.

 

Ер Әли Мәдинеге келіп жетті,

Халықтың Ханафияға көңілі бітті.

Қосылып екі ғашық бір-біріне,

Екеуі мұратына сөйтіп жетті.

Келісі бар ма, жоқ па осы сөздің,

1192      Қиссасын жазып Досы тамам етті.

 

  1. Мұхаммед-Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны. Алғаш 1913 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасында жарияланған.

Дастанның жырлаушысы – Қазақстанның батыс өңірлерінен (бұрынғы Гурьев маңынан) шыққан ел ақыны  Досы Тілегенұлы. Кітаптың сыртқы бетінде оның дастанды парсы тіліндегі кітаптан алып, жырлағаны айтылған. Қадым әріптерімен басылған бұл дастанның өзге басылымын, яки нұсқасын жолықтырмадық.

Томға ұсынылып отырған дастан ОҒК-ның Қолжазба қорында сақтаулы. Мәтін түпнұсқа негізінде баспаға әзірленді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Мәделі қожа (дастанның жалғасы)

(жалғасы) «Бір тұтам қу құйрығы» дейді халық, Қулық пен абыройға ешкім болмас қарық. Қошеметшіл қу …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған