Ғалымның хаты

Ғибратты ғұмыр

(Мәулен Балақаев өмірі мен шығармашылық қызметі жайында)

(1907-1995)

Бала Мәулен

Соғыстан бұрынғы және соғыстан кейінгі сан құбылған ауыр жылдарда мектеп көрген қазақ баласы түгел Мәулен Балақаев деген есімді көңіліне тоқып, көкейіне жаттап өскен. Олай болатыны бұл адамның бүкіл саналы өмірі қасиетті қазақ тіліне қызмет етудің асқан үлгісі іспетті болды. Ол жарық дүниеде 88 жыл өмір сүрді. Егер оның тілге ынтықтығын мектепке барған күнінен есептесек, (шынында солай есептеу керек те)  соның 80 жылы қазақ тілінің қыры мен сырына үздіксіз үңілумен өткен екен.

Денсаулықтың арқасында 80, 90-ды қайырып жатқан жандар аз ба, өмірде. Әңгіме, құдайдың кісі талайына өлшеп берген осынау өзгеше сиын кімнің қандай жолдарға түсіп, қалай өткізуінде ғой. Осы ретте Мәкең өміріне саналы көзбен үңілер болсақ, небір ғажайып сәттерді, шырғалаңы мен сыр толғары көп кезеңдерді көз алдымызға келтіргендей боларыңыз хақ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚазССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Маулен Балақаев 1907 жылы қараша айының 7-сінде Шымкент облысы Түркістан ауданының Шаға ауылында шаруа отбасында дүниеге келді.

Қатал тағдыр оны әу бастан аямай-ақ қақпақылдаған. 3 жасында әкеден, 10 жасында шешеден айырған. Қазақтың ежелгі шаһары Түркістан маңындағы шағын ауыл Шағада 1907 жылы дүниеге келген Мәуленді бала кезінен-ақ осындай тағдыр күтіп тұрды. Осы бір шерге толы ауыр жылдарын Мәкең 1992 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Зерде баспалдақтары» деген өмірбаяндық әңгімелерінде «Анам қайтыс болған соң, біздер Шағаның шақа балапанындай шиқылдап, көз жасымыз көл болып, «соры қайнаған жетімдер» аталып, далиған суық үйде бір жатып бір тұрып жүре бердік. Қайғылы көңілсіз өмір енді басталды» (5 б.) деп жазады. Ел ағасыз, тон жағасыз болмайтыны рас. Ол балалық шағын ағалығы мен жағалығын көрсеткен, Бесарық стансасында тұратын нағашыларының қолында тынымсыз еңбекпен өткізеді. Мамыт нағашы «… мені аямай жүріп, еңбекке баулудың бекем жібі шиыршықтана берді, шиыршықтана берді. Сол үшін қазір нағашыларыма рахмет айтамын», – дейді Мәкең. Осылай шиыршықтана түскен өмір жібі оны біртіндеп ширықтырып, білім жолына алып шығады. Жастайынан қолына алған істі аяғына жеткізбей тынбайтын қасиет Мәкеңмен өле-өлгенше бірге болғанын біз өз көзімізбен көріп, таңданатынбыз. Ақтық демі біткенше қолынан қаламы түспеген жанның бірде болса бірегейі осы Мәкең – Мәулен Балақайұлы.

1918-20 жылдарғы жаңа заман шарпуы Бесарыққа да жетіп, панасыз балалар үшін интернат ашылады да, Мәкең әуелде соған жайғасады. Бірақ ол көп ұзамай жабылып қалады да, ол қайтадан нағашының қолбаласы ретінде сиыр бағып жүре береді. Әйтседе қатарынан көш ілгері ойлайтын ауыл ақсақалы Сапабектің оқу жөнінде айтқаны жас өскін Мәуленнің құлағынан кетпей, арман аулайды толғандырады. Сол арман ақыры оқуға деген ұмтылыс оны 1925 жылы Шымкент қаласына жетелейді. Мұнда ол педтехникумда (1925-1929) оқиды. Бала шәкірттің оқуға деген ынтасы өзгеше болатын. Осы ықылас, ынтасына орай Ж. Аймауытов сияқты ұстаздың алдын көру бірден оның сөз өнеріне деген құштарлығын үдете түседі. Осы әсермен оған еліктеп бірнеше әңгіме де жазады. Ұстаздан қолдау тапқан «Күнсұлу», «Кездесе кетті», «Қаратайдың апасы», тәрізді бірнеше әңгімелері Ж. Аймауытовқа ұнаған. Ұстаз жолдамасымен кезінде бұлардың қайсыбірі баспа жүзін де көрген жарияланған болатын. Егер жазушылық жолды таңдаған болса да, Мәкеңнің белгілі қаламгерлер қатарына қосылары кәдік еді деп шамалайтынымыз осыған байланысты.

Алайды, «жазушы болсам қайтеді» деп қаншама қызыққанмен, өмір жолы оны басқа арнаға, тіл арнасына салып жіберді. Бұған негізгі себепші болған қазақтың тұңғыш лингвист профессоры әйгілі ұстаз Құдайберген Жұбанов болатын.

М. Балақаев техникумды бітіре салысымен ағарту жұмысымен айналысады. Оны 1929 жылы бітірген соң, біраз уақыт әуелі халыққа білім беру саласында нұсқаушы, кешікпей аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.

1929-1931 жж. Мәкеңді жас маман ретінде қалыптастырған қиын жылдар. Мектептерде, Шу аудандық оқу бөлімінде қызмет ете жүріп, аштық жайлаған елдің сиқын көріп жаны күйзеледі. Қазақты малынан айырып, сансыратып тастаған Голощекин саясатының зардабына іштей наразылық айтып қынжылады. Содан қазақты құтқарудың жолдарын іздеп аласұрады. Білім жолын таңдайды. Шымкент педтехникумы сол кезде Әулиеата қаласына көшіріледі. Мәкең де оқуын сонда жалғастырады. Онда Үсенов, Жайықбаев, Байдунов, Аймауытов, Тәжібаевтар сабақ берген. Сол бір қаһарлы да қансоқты жылдарда қамыға жүріп, қайраттанған жас маман өз білгенін елге бергісі келеді. Сөйтіп өзінше қолқабыс еткісі келеді. Адам түсініп болмайтын алапат қырғынның себеп-салдарына үңіліп, өзінің білімі әлі жеткіліксіз екенін сезеді де, 1931 жылы Шудағы қызметінен өз өтінішімен босанып, ҚазПИ-ге келіп оқуға түседі. Осы институттағы төрт жыл оның білікті де білімді азамат болып қалыптасуына айрықша әсер етті.

Ол кезде институтта С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов сынды ұстаздар дәріс беретін. Негізінен шәкірттің болашағын айқындап алу көп жағдайда ұстазға байланысты болады емес пе? Басқаны қайдам, өзінің айтуына қарағанда, Мәкеңнің қазақ тіл білімі мамандығын таңдауы Қ. Жұбановқа тікелей байланысты болған. Кезінде одан дәріс алған шәкірттері мен замандастарының да айтуы бойынша, Құдекеңнің өнегесі өзгеше болғанға ұқсайды. Әсіресе, оның білімге сусаған жастардың тілге бейімділері мен зейінділерін тани білетін көрегендігі кім-кімді де таңқалдырмай қоймаған. Басқаны қоя тұрып, Мәкеңнің болашағы үлкен ғалым, зерек тілші болғанын тап басып тануы ғажап емес пе?! Сөйтіп ол ұстаздың өзін жақсы көре отырып, пәніне құштарлығы артады. Оған дәлел ретінде белгілі тіл маманы Әділ Ермековтың мына бір жазып қалдырған естелігінен бір үзікті еске алған жөн сияқты.

«Әлі есімде, 1935 жылдың көктемінде Ленинградтан демалысқа келгенімде Мәулен «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» деген тақырыпта Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында баяндама жасады. Осы бас қосуды Құдайберген Жұбанов басқарды. Баяндама жөнінде студенттер пікірін тыңдап болған соң, Құдайберген аға қорытынды жасап, жас ғалымның тырнақалды зерттеуінің нәтижелі екенін, Мәуленді қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы болады деген үміті зор екенін айтқан еді. Ақыры солай болды да».

Ұстаз бен шәкірт арасында осылайша өзгеше бір сыйластық пен сенім пайда болды. Ә дегеннен орнаған осы сыйластық мәңгілікке қалғандай. Мәкеңнен үмітінің зорлығы соншама, Қ. Жұбанов оны институт бітірісімен, Ленинградқа аспирантураға (1934-37) жібереді.

Ол 1931-1935 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқиды. Ғылымға бейім қабілетімен студент кезінен-ақ көзге түседі, институт бітірген соң жолдамамен Санкт-Петербург университетіне аспирантураға аттанды. Университет қабырғасында өткізген жылдары оның былайғы шығармашылық жолын айқындап берді. Мұнда И.И.Мещанинов, С.Е.Малов, А.К.Боровков, А.Н.Самойлович, Л.В.Щерба сынды ғұламалардан дәріс тыңдайды, озық мектеп үлгісін көреді, тиянақты терең білім алады. Оқи жүріп, редактор мен аудармашы дайындайтын курста қазақ тілінен сабақ береді. Сөйтіп, отыздан енді ғана асқан жас жігіт әлемде бай дәстүрмен әйгілі Ленинград сынды ірі мәдениет ошағында терең білім алып, былайғы ұзақ ғылым жолында, ұстаздық еңбекте құнарлы бастау, жетек болар мол тәжірибе жинап елге оралады.

Алматыда түрлі жоғары оқу орындары жүйесінде, зерттеу мекемелерінде үздіксіз қызмет етеді: әуелі журналистер дайындайтын Коммунистік университетте кафедра меңгерушісі, кешікпей жаңадан құрылған шет ел тілдері институтының тұңғыш ректоры қызметіне тағайындалады.

Осыншама мол білім жинақтаған жас маманның ендігі еңбек жолы әлі айқара ашық емес-тін. Оған өте қиын да күрделі кезеңде қызметке кірісуге тура келді. Қолынан іс келетін елдің ардақты азаматтары бірінен соң бірі «Халық жауы» атанып, Сібірге айдалып, асылып, атылып жатты. Өмірді күдік пен күңгірт ойлар жайлады. Айналаңның бәріне сенімсіздікпен қарайтын қаралы күндер жетіп, естияр азаматтың еңсесін көтертпей жатқан 1937 жылы арың мен жаныңды сақтап, еліне септігі тиер еңбек жасау тіпті де қиын болатын. Анау да жау, мынау да жау деп бірін бірі жарыса көрсетіп жатқан сұрқия заманда М. Балақайұлының мойнына үлкен жүк артылды. 1937 жыл қорғалатын кандидаттық жұмыстың 1941 жылға дейін созылуында осындай өзіндік сыр бар болатын.

«Байтал түгіл бас қайғы» боп тұрған заманда жеке бастың мүддесі жайына қалды да, ел мұқтажын өтеудің сан-сапалақ тапсырмаларына Мәкең белшесінен батады. Жаппай Репрессиядан сыпырылып кеткен атақты мамандардың орнын жоқтатпай оқулықтар жазу, студенттерге дәріс оқуға тура келгендіктен, қорғау мәселесі кейінге қалған болатын. Алайда 37-нің әлегі оны да аман қалдырмады. Партия қатарынан шығарылып, «Құдайбергеннің құйыршығы», «Жапанның шпионы» деген айдар тағылып, газеттерде бұрқыратып сынап жазып жатқанмен, тумысынан адалдық пен еңбек жолын таңдаған Мәкеңнің итжеккенге айдалмай аман қалғаны Қазақ тіл білімі үшін үлкен олжа болды.

Сара Мәулен

М. Балақаевтың өмірдің қай сәтіндегі қалпын алсаңыз да бір орнықтылықты, принципшілдікті, әділеттілік пен адамгершілікті байқап отырасыз. Оның ұстаздық өнегесі мен ғұламаға тән парасаттылығы өзгеше бір дастанға ылайық. Әсіресе ол кісінің еңбекқорлығы ұстаздық өнер мен зерттеушілік қабілетінен айқын танылады.

1917 жыл мен 1932 жылғы ашаршылықты, 1937 жылғы апат пен 1941-1945жж. жойқын соғысты, 1951 жылғы дүрбелеңді бастан кешірген, солардан азаматтық арының тазалығымен аман өткен ғұламаның қалдырған мол мұрасы қазақ халқының, тәуелсіз еліміздің, қазақ лингвистикасының игілігі болып есептеледі.

Оның қай еңбегі де үнемі зәру мәселені қамтып отырған. Ол 1941 жылы «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» деген тақырыпта жазылған кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Қаһарлы 1942-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысады. Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, Алматыға қайтып келеді. Келісімен бұрынғы ғылыми-ұстаздық қызметін әрі қарай жалғастырады.

1942 жылдан былай қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ал 1945 жылдан бастап оның меңгерушісі қызметін атқарады. Осы жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет (қазіргі Тіл білімі) институтында зерттеу жұмыстарын қоса жүргізеді. Ол мұнда көп жылдар бойы грамматика, тіл мәдениет бөлімдерінің меңгерушісі қызметін қоса атқарады.

М.Б.Балақаев 1950 жылы қазақ тіліндегі жай сөйлем мәселелері бойынша Мәскеуде докторлық диссертация қорғады. Кейін бұл еңбегі жеке кітап болып шықты. Ол – бұл саладағы тұңғыш монографиялық зерттеу. 1958 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады.

1967 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісі, 1968 жылы «Қазақ ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы, 1986 жылы «Қазақ әдеби тілі мен оның нормалары» (Алматы, 1984) атты монографиясы үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Ш.Уалиханов атындағы сыйлығы берілді.

Ғалымның шығармашылық қарымы жалпы жанжақты әрі сан салалы. Ол грамматика, орфография, терминология, тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі, әдеби тіл проблемалары жөніндегі жиырмаға жуық кітап, екі жүздей ғылыми еңбек жариялады. Бұл салаларға барған адам оның еңбектерін аттап өте алмайды. Әсіресе, қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасы болып есептелетін «Қазіргі қазақ тілінің» (1954) жазылып, жарық көруінде М. Балақаевтың үлесі мол. М.Б.Балақаевтың бұл орайда баса айтылуға тиісті ең шоқтықты үлкен еңбегі – жай сөйлем синтаксисі, сөз тіркесі, тіл мәдениеті проблемаларын бүкіл туркология көлемінде алғаш зерттеген ғалымдардың бірі, әсіресе, оның грамматикалық зерттеулерінің орны бөлек. Олар негізінен синтаксис проблемаларына арналған. Балақаев бұл салада «Жай сөйлем типтері», «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис» тәрізді бірнеше іргелі морфологиялық жұмыстар жариялады. Бұл зерттеулерінде тек қазақ тіл біліміне емес, бүкіл түркология үшін мәні бар бірқатар теориялық тың шешімді тұжырымдар жасайды.

«Жай сөйлем синтаксисі» мен «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің түрлері» (1957) деген еңбектері отандық және әлемдік деңгейде жоғары бағаланған. Бұл кітапқа белгілі француз түркітанушысы Базен пікір жазды да, бұл пікір Париж лингвистикалық қоғамының бюллетенінде басылып шықты. Бұл қадірлі ұстаз еңбектерінің ғылыми теориялық өресінің қаншалықты жоғары екенін танытса керек.

Осы кейінгі аталған еңбегінде ол өзінің ұстазы Н. К. Дмитриев және Н. А. Баскаковтармен пікір таласына барып, ой жарыстырады. Бұл да көп зерттеуші бойынан көріне бермейтін батылдық болатын. Олар Мәкең дәлелдеріне құлақ түрді. Ол қазақ тілі синтаксисін, оның ішінде, сөз тіркесін бүге-шүгесіне дейін зерттеп, оны өз алдына бөлек қарастыруды тілейтін тіл саласы екенін дәлелдеп, теориялық тұжырымдама жасайды.

КСРО ҒА-ның корреспондент мүшесі, ПҒА-сының толық мүшесі, профессор Н.К.Дмитриев М.Б.Балақаевтың «Қазақ тіліндегі жай сөйлемдер түрлері» атты еңбегіне жазған рецензиясында оған жоғары баға беріледі: «М.Б.Балақаев барлық принципті мәселелер жөніндегі өз ойын беделді адамдардың жекелеген пікірлерімен тіпті сәйкеспесе де, батыл ашық айтады. Сондай-ақ М.Б.Балақаевтың жұмысында тек қана қазақ тілі емес, түркі тобына жататын көптеген тілдер үшін де пайдалы бірқатар ғылыми жаңалықтар бар».

М. Балақаев әдеби тіл проблемасын үнемі қадағалаумен болды. Оның нәтижесі 1984 жылы «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген атпен кітап болып жұртшылық қолына тиді. Мұнда ол бұрын-соңды айтылып, жазылып жүрген пікірлерді сарапқа салып, мәдениетті ғылыми пікірталастың үлгісін көрсетеді. Әдеби тіл дегенімізге нақты анықтама беруге тырысты. Оның шегі мен шеңберін көрсетті. Сонымен бірге қазақ тілінде норма мәселесінің қалыптасу жайын қарастырып, өзіндік ұстанымын берді. Қысқасы, бұл кітап, әлі күнге ешбір зерттеушіні бейжай қалдырмай, пікір таласына жетектеп келеді.

1987 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілі» атты көлемі 20 б.т. асатын еңбегі осындай тұшымды ойлар мен толғаныстар нәтижесін танытатын өте құнды дүние болды.

Жоғарыда ат үсті айтылған жазу мен емле мәселесі де Мәкең назарынан тыс қалмаған өзекті салалар болатын. Оның 1948 ж. «Орфографиялық сөздігі», 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графикасы мәселелері» деген еңбектері осы сала бойынша өрбітілген ой-пікірлерге мұрындық болғаны мәлім. Бұл еңбектер кезінде қазақ тілінде сауатты жазу амалдарын көрсеткен мұқтаждығымызды өтеген дүниелер еді.

Ол қазақ лингвистикасының осы салаларында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің негізгі типтері» атты монографиясы – оның осы проблемамен байланысты көп жылғы ғылыми ізденулерінің нәтижесі. Бұл тақырыпта ғалымның көптеген шәкірттері де ойдағыдай зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сөз тіркесінің түрлі теориялық мәселелеріне арналған оннан астам монография жазылды. М.Б.Балақаев қазақ тіл білімінің осы аталмыш саласындағы лайықты орны бар бас тұлға саналады.

Егер профессор М.Б.Балақаев мектебі туралы айтар болсақ, бірінші кезекте ол сөз тіркесі проблемаларына арналған зерттеулерінен айқын көрінеді. Осы мәселе төңірегіндегі көп жылғы ғылыми ізденіс нәтижесі ретінде, әсіресе оның «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің негізгі түрлері» атты кітабын атауға болады.

Профессорлар Н.К.Дмитриев пен А.Н.Баскаков пікірлеріне қарсы өз дәлелдерін келтіре отырып, М.Б.Балақаев сөйлемдерді сөз тіркестерінен ажыратудың өзіндік басқаша түрдегі критерийлерін анықтайды.

Бұрын бізде жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда «Жай сөйлем синтаксисі» дейтін екі бөлім болса, қазір оқулықтарда жоғарыда көрсетілген екі бөлімнен басқа жаңа «Сөз тіркесі» бөлімін көреміз. Міне, бұл да профессор М.Б.Балақаевтың өзіндік үлкен жаңалығы ретінде бағалануға тиіс.

Көрнекті отандық түркітанушылардың бірі А.К.Боровков кезінде М.Б.Балақаевтың еңбектерін жоғары бағалай келіп, былай деп жазған болатын: «Синтаксис теориясы, сөз тіркесінің түрлері жөніндегі алғашқы зерттеулерде (Е.И.Убрятова, М.Б.Балақаев) өте қызғылықты және болашақта шешілуі тиіс аясы кең соңы мәселелер байқалады» (Боровков А.К. Изучение тюркских языков в ССР. ВЯ.1961.№5. С.15.).

М. Балақаевтың редакциясымен басылып шыққан 30-дан астам монографиялық, оның жетекшілігімен қорғалған 44 диссертациялық жұмысты есепке алсақ, сондай-ақ түрлі ғылыми кеңестермен республикалық, халықаралық конференция, жиындарда жасалған баяндамалар мен хабарламалар оның ғылыми өмірдегі орны бөлек өзгеше тұлғасын әйгілей түседі. Басқаны былай қойғанда 1938 жылдан бергі көбі қайталап басылған 1, 2, 3, және 9 кластар  үшін жазылған оқулықтарының өзімен де Мәкең тарих жадында қалар еді. Бұлар мектеп оқушыларының сауатын жетілдірген құнды оқулықтар.

Ол ақырын жүріп, анық басу арқасында талай дәрежелі қызмет атқарып атақ, абыройға ие болған адам. Шет тілдер институтының тұңғыш ректоры, ҚазМУ-дің кафедра меңгерушісі, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор т.т. Мәкеңнің терең білімі мен ақыл-парасатын, биік мәдениетінің өздері іздеп тапқан орынды дәрежелер. Қандай мадақ сөз естісе де сұлу да сыпайы қалпынан өзгермейтін, болмашыға асып-тасып, күйіп-піспейтін әрбір ортаны әдемі қалжың араластыра жадыратып отыратын тамаша ұстаз өмірі мен шығармашылық өнерінің біз қадір тұтқан кейбір тұстары міне осындай. Тәйірі өмірі өнегеден тұратын ғұлама жайлы сөз бір әңгімемен бітер дейсіз бе? Біздің ғалым болып қалыптасуымызға әсері мол болған ұстаз әруағына бас иіп, тағзым ету рәсімі жалғаса бермек…

Дара Мәулен

Ұстаз туралы сөз айтудың тіпті ол жайында ойланып, қолыма қалам ұстаған сайын қиналатыным рас. Өзіңнің әрі адам, әрі ғалым болып қалыптасуыңа өлшеусіз зор ықпал еткен ұстаз еңбегін қалай бағалай алмақпын. Адамның көзі тірі кезінде пендешілік пе, әлде алаңсыздық па, әйтеуір көп нәрсеге көңіл аудара бермейсің. Жалған дүниенің күндердің бір күні болғанда кілт үзілерін де ойлап жатпайсың. Сөйтіп жүріп қасыңда күнде бірге болып өмір сүріп жатқан адамның бір басында кісі қызығар қаншама қасиет бар екенін сезсең де сезбегендей, көрсең де көрмегендей болып жүре беретіні өкінішті-ақ! Енді міне, қадірменді ұстазым Мәулен Балақаевтың мәңгілік мекеніне сапар шегіп, тірілерден алыстаған сайын, кезінде ескермеген естелікті еске түсіре алмай сарсаң болып отырғаным мынау. Алайда, Мәкең сияқты жандардың өмірі аша білсең өздері сөйлей жөнелетін шежіре кітап іспетті. Олар қалдырған, ерен еңбегімен айтады екен, ешкімге ұқсамайтын сырбаз мінезімен айтады екен, шәкірт пен ғылым алдындағы қадір-қасиетімен сөйлейді екен. Мәуесі пісіп майысқан жеміс ағашы тәрізді басы еңкек тартқан кішіпейілділігімен де айтады, қанша үңілсең сарқылмайтын білік-санасымен айтады, даңқ-дәрежелердің қандай бір түрінен де биік адамгершілік парасатымен айтады екен.

Бүгінгі әңгімеге қуат берген, делбе қақтырған аяулы ұстазым, асыл азамат, асқан білімдар М. Балақаевтың барынша мағыналы да мазмұнды, келісті де жемісті өткен өнегелі өмірі, өрісті творчествосы, шығармашыл шыншылдығы.

Бардың бағасын біліп, жоқтың жөнін іздеу саналылықтың белгісі ғой. Бірақ сол саналы өмірдің сан тараулы жолында талмай еңбек етіп, елінің білік-білімінің өсе түскенін танытарлық мол іс тындырар қабілет екінің бірінде бола бермесе керек. Жаңа мен ескінің жанталаса жағаласып жатқан аласапыран заманға бозбалалығы тап болған Мәкең сияқты адамның сол бір кезеңде болашағын әйгілеп алуының өзі бір ерлік еді. Бұл бір жағынан тағдыр ісі болса, екінші жағынан еңбектің жемісі, үшіншіден, ол тәрбие алған ортасы мен мектеп тағлымы болатын.

Сонымен, жасы 110 жылға таяп келе жатқан әйгілі педагог, машһүр ғұлама Қазақ республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымының докторы, атақты профессор-ұстаз Мәулен Балақайұлы Балақаевтың өмірі мен шығармашылығына қайталап ой жүгіртіп, оның сыпайы да сынық, мәдениет төгіліп тұратын жарқын бейнесін еске ала жүру тірілердің парызы саналмақ. Бұл егде тартқан өзіміз де, ана тіліміздің болашақ тірегіне айналар жастарымыздың да ұстаз алдындағы міндет-парызымызды осылайша да өтеудің бір жолы болмақ.

Аңғара қараған жанға Мәкең тұрғыластары өмірінде өзара ұқсастықтармен қатар, әрқайсысының өзді өзіне тән ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, алғырлық сипаты да танылады. М. Балақаев өмірінен де, біз осындай бір өзіндік жол мен дара тағлым ізін байқаймыз.

Ең алдымен, көзге түсетін нәрсе оның бала кезден шыңдалған еңбекқорлығы. Оның өткен өмір жолын, сол жолда жасаған қыруар мол жұмыстарын саралағанда мынадай тағлым аларлық жайды аңғарасыз. Тауқымет пен тақсіреті қатар жүріп отырған Мәкеңнің саналы өмірінің әр бір сәті мағынаға, мәнге және мұңға толы болған.

Ол 3 жасында әкеден, 10 жасында шешеден қалып, балалар үйінің қамқорлығында болғанын ғылымға жаңа келген жастар біле бермейді, ал ересектердің қайсыбірінің ескере бермейтіні де анық. Айтылса, тәрбиелік мәні бар деген ниетпен айтылатын қайсыбір мәліметтер мыналар. Мәкеңнің ғалым, ұстаз, қайраткер азамат болып қалыптасуына зор әсері болған үш түрлі оқу орны болды. Олар: Шымкент пед. техникумы (1925-1929), ҚазПИ (1931-1933) және Ленинград университетінің аспирантурасы (1934-1937). Және ол екі ұстаздық үлгіні көрді. Оның бірі – С. Жұбанов болса, екіншісі – С. Е. Малов, Н.К. Дмитриев тәрізді асқан білімдарлар еді. Үшіншіден, ол Т. Тәжібаев, О. Ағыбаев, Ш. Нұрмағамбетов, М. Қаратаев, Х. Есенжанов, Б. Шалабаев тәрізді талантты жастармен бірге оқыды, достаса білді, ғылым, білім шыңына жарыса ұмтылып, қатарласа өрледі. Сонымен бірге тағдыр сыйлаған өмір жолында қазақ тіл білімінің ауыр жүгін қатар көтеріскен С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов тәрізді ғалымдардың бір біріне деген ықпал, ықыласы бөлек болды. Осының бәрі жинақтала келе білімге сусаған зейінді жастың зердесін ерте ашты.

Ол, осылайша білімге тереңдеген сайын тіл мен әдебиетке деген ықыласы арта түседі. Жасынан өлең шығарып, ән айтуға бейім баланың бағытын ұстаздар әу бастан-ақ дұрыс бағдарлайды. Ол аспирантурада жүрген кезінің өзінде-ақ, қазақ тіл білімі Мәкеңнің өмірлік кәсібіне айналып, мәңгілік несібесін осы саладан жинайды.

Содан бергі жердегі өмірде Мәкең кандидат, доктор, профессор, академия мүшесі деген атақтарға ие болады. Осының бәрінде қаншама тер төгілгенін әрине есептеп шығару оңайға соқпайды. Тынымсыз еңбек, тындырымды іс ақыры оны ұлағатты ұстаз, ірі ғалым, тіл тағдырына сауатты араласар айтулы азамат дәрежесіне көтерді. Өткен жылдар осыны айтады, жылдар қойнауында тұнған сырлар осыны шертеді. М. Балақайұлының өмірі мен шығармашылық жолын біз осы жүйемен де саралағанды жөн көрдік.

  1. Сөйтіп, ол, ең алдымен, Ұстаз. Аспирант кезінен басталған оның ұстаздық өнерін біздіңше үш түрлі ыңғайда сөз еткен дұрыс сияқты. Біріншіден, М. Балақаев 30 жыл бойы Қазақ университетінде үзбей сабақ бере жүріп 5000-нан астам оқытушылар мен мұғалімдерді тәрбиелеген екен. Олардың көбі бұл күнде өз түлектерін ұстаздық дәрежеге жеткізіп жүрген ұстаздар. Сол ұстаздық өнер бұл күнде оның немере, шөберелеріне ұласып жатыр; Екіншіден, ол университет пен Қазақстан Республикасы ҒА Тіл білімі институтында көп жылдар бойы қатар қызмет істей жүріп, жоғарыда айтқанымыздай әлденеше ғылым кадрларын дайындады. Осы қызғылықты болашақта шешімін табуға тиіс мәселелерді М.Б.Балақаевтың 40-тан астам ғылым кандидаттары мен докторлары табысты түрде жете зерттеуде. Осы тұрғыдан оның жетекшілігімен сөз тіркесінің қандай да бір мәселелері бойынша 10 монография жазылғандығын айтқан жеткілікті. Қазақ тіл білімінің осы саласында М.Б.Балақаевқа басты рөл тән екендігі күмән тудырмайды.

Сондай-ақ көп жылдан бері Қазақ Ұлттық университетінде «Тіл мәдениеті» мен «Қазақ тілінің стилистикасынан» арнайы курс оқылуына, қалыптасуына және тіл білімі институтында «Тіл мәдениеті» пәнінің ашылуына, оның аяқтанып, тік тұрып кетуіне мұрындық болған да – М.Б.Балақаев. «Тіл мәдениеті мәселелері», «Сөйлеу мәдениеті» атты еңбектердің бірінен соң бірінің жарық көруі  тек қазақ тіл білімінде емес, бүкіл түркология көлемінде айтулы бір оқиға болды.

Жалпы қазақ әдеби тілі тарихы, қазақ тілі стилистикасы, тіл мәдениеті пәндерінің филология факультеттерінің студенттері мен оқытушыларға, аспиранттарға арналған алғашқы арнайы оқу құралдары мен оқулықтарын өзі бастап, шәкірттерімен бірге жазысқан да, олардың қазақ лингвистикасында дербес білім салалары ретінде қалыптасуына тұңғыш мұрындық болған да М.Б.Балақаев.

Үшіншіден, оның асқан тәрбиеші екені өз алдына бөлек бір хикая. Ол мейлі мұғалім, мейлі ғалым болсын қай-қайсынан да, ең алдымен, адамгершілік рухын жеткізіп, адалдық пен әділет жолын танытып, мәдениет пен әдеп дәнін сеуіп отырған. Мәкең алдынан дәріс алған адамның мұны сезбей өткені жоқ. Шәкірттерінің адал болатыны ұстаздың осындай адалдыққа негізделген тұрақты мінезі мен тиянақты ісіне байланысты болса керек.

Ол айтатынын әзіл-қалжың араластыра, күліп отырып-ақ астарлап жеткізуге шебер еді. Дәріс оқығанда да пәннің студенттерді жалықтырар бөліктерін қарапайым қазақ сөзімен түсіндіруі көпке дейін есте сақталатын. Мұның бәрі ұстаз Мәкең басындағы біз таныған қасиеттер, көп адамның еншісіне тие бермейтін қасиеттер. Әсіресе, жастар жадында болатын ерекшеліктер.

  1. Мәулен Балақайұлы Балақаев – үлкен ғалым. Ол алғашқы ізденістерінен-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстарына қабілеті зор талантты жас екенін бірден танытады.

Осылайша басталған ғалым сапары, оны мынадай жолдардан өткізді. Ол 1940 жылы «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертация, ал 1950 жылы – «Жай сөйлем синтаксисі» туралы докторлық диссертация қорғады. Кейінірек бұл еңбек өз алдына жеке кітап болып жұрт қолына тиді.

Содан бергі жерде М. Балақаев тынымсыз еңбектенеді. 20-ға таяу кітап, бірнеше ғылыми және ғылыми көпшілік қолды мақалалар еңбекқорлықтың асқан үлгісі. Және бір ғажабы оның еңбектері уақыт талабына сай оқырман жұртшылықтың тілек-мүддесіне жауап ретінде дер кезеңіне ылайық жазылып отырған. Қай еңбегін алсаңыз да осындай дер кезінділік сыпатын байқамай тұра алмайсыз.

Жалпы, тарихтың қоңыр тартқан беттеріне жоғарыдағыдай көз салып байқасақ, М. Балақайұлының еңбек жолы 30-жылдардын басталған екен. Бұл жылдардың мәдениет тарихындағы рөлі орасан зор болғаны мәлім. Жаппай сауат ашу, ол үшін жазуды жөнге салу, оқу бағдарламалары, әдістемелер мен оқу құралдарын жасау тәрізді сан түрлі шаруаға М. Балақаев білек түре араласады. Сонымен бірге грамматика, орфография, терминология мәселелерімен шұғылданады. Бертінірек оның қаламы тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі және әдеби тіл салаларында қызмет ете бастайды. Мұның нәтижелерін бірнеше еңбек ретінде көріп, оқып, көбіміз білім толтырған болатынбыз.

Міне, іргелі еңбектері М. Балақайұлын көрнекті түркологтар қатарына қосты. Ол қазақ тілі синтаксисін, оның ішінде сөз тіркесін аса бір зеректікпен жазып теориялық түйіндеулер жасады. Мәкең бұл проблемаларды өзі ғана зерттеумен тынбай шәкірттер баулып, ғылыми жұмысқа соларды тартты. Оның жетекшілігімен жазылған 10 монографиялық жұмыстың негізгі объектісі осы сөз тіркесінің әрқилы мәселелері. Мұның бәрінде Мәкең үлгісі, Мәкең қаламының табы бар. Қазақ тіл білімінде өзіндік мектебі бар бір де болса бірегейі ретінде Мәулен Балақайұлының аталатыны осыған байланысты деп білеміз.

Ғалымның қазақ әдеби тіл проблемалары жөніндегі ғылыми ой-пікірлерін өз алдына бір бөлек әңгіме етуге тура келеді. Ол қазақ тілінің қандай мәселесіне барсын, әдеби тіл мәселесін жадынан шығарған емес. Үнемі ой үстінде, қайсы бір пікірін қайта қарап, тереңдете қадағалап жүретін. Сөйтіп жылдар бойы толқытып келген ойларын жинақтап, ол 1984 жылы «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» деген кітап жазып, бастырды. Бұл еңбек сапасының қай деңгейде болғанын Ш. Уәлиханов сыйлығынан артық дәлелдеуге болмас. Бұл тұста, атап айтар бір жайт мынау. Зерттеуші ретінде Мәкеңнің адалдығы мен зерделілігіне тәнті болып отырасыз. Бұрынды-соңды әдеби тіл туралы айтып-жазылып жүрген пікірлердің бәрін саралай келе, қайсы бір тұстарымен әдемі де мәдени пікір-таласқа барады. Сөйтіп әдеби тіл дегеніміз не және оның ауқымына не кіреді деген мәселелерді тұңғыш рет нақты ашып айтады. Бұл еңбек өзінің осындай қағидалық үлгілерімен көптеген зерттеулерге жол ашты.

Ал «Қазақ әдеби тілі» (1987) атты 20 баспа табақ көлемді еңбегі ғалымның бірнеше жылдар бойы көкейге түйген ойларының бір түйінді қорытындысы іспетті. Қазақ тіл білімінің келелі мәселелерін құрастыруды мақсат тұтқан ізденушінің қай-қайсысы да мұны аттап өте алмасы хақ.

  1. М. Балақаев – қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да көп үлес қосқан ағартушы қайраткер. Оның 1948 жылы жарияланған «Орфографиялық сөздігі» кейінгі жылдарда түзілген үлкен емле сөздіктеріне негіз болды. Және кезінде жазуымызда етек алған көптеген ала-құлалықты реттеуге едәуір септігі тигені мәлім. Ал 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» деген кітапшасы осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды. Сондай-ақ, ол 1963 жылғы және 1988 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» басы қасында болып тіл мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан оқу ағарту ісінің озық маманы.

М. Балақаев редакторлық жұмыспен де үздіксіз айналысып отырған. Ол кісінің редакциясымен 30-дан аса еңбек басылып шыққан.

Ғалым соғыстан кейінгі жылдарда лингвистикалық проблемаларды зерттеу жөніндегі түрлі қоғамдық бастамалар мен ұйымдастыру жұмыстарына, әртүрлі бүкілодақтық және халықаралық кеңестерге белсене қатысып, олардың үнемі қайнаған қақ ортасында жүрді. 1953 жылы ол Индияда, Бирмада болып, жоғары оқу орындарында қазақ тіл білімі мәселелерінен дәріс оқыды, баяндама жасады. Ол іргелі ойлар мен салиқалы пікір өрбіткен әлемдік деңгейдегі ғұлама.

М.Б.Балақаевтың бүкіл ғылыми-ұстаздық шығармашылығы өзінің ұзақ еңбек жолында мектеп өмірімен, жоғары оқу орнының бар тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты өтті. Қазақ тілі мұғалімдері оның есіміне 1938 жылдан бастап жете қанық болды. Себебі ол осы аталған жылдың ішінде бірден 4 оқулық шығарды. Оның қазақ орта мектебі үшін жазылған «Қазақ тілі. Синтаксис» оқулығы 1949 жылы конкурста жоғары бағаланып, бірнеше сынып үшін жазылған жеті оқулығының біразының бірнеше басылымы бар. 1938 жылы, 1,2,3 және 9 сыныптар үшін жазылған қазақ тілінің оқулықтарының соңғы үшеуі 20 рет басылыпты. Бұл мектеп оқулығының кезеңдік құнын танытатын дерек. Ал, жоғары оқу орындары студенттеріне арналып «Қазақ тілінің стилистикасы» (1966); «Қазіргі қазақ тілі грамматикасы» (авторлас, 1966), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын авторлармен бірлесе жазған оқу құралдары күні бүгінде басшылыққа алынып келеді. М. Балақаевтың қазақ лексикографиясы саласында сіңірген еңбегі де алуан-алуан. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақша-орысша сөздік», «Орысша-қазақша сөздіктердің» бәрі де Мәкеңнің қатысуымен, басшылығымен түзілген.

Мәкең қаламынан туған еңбектер арасынан жай сөйлем синтаксисі, сөз тіркесі және тіл мәдениеті туралы жұмыстарын айрықша атау қажет. Неге десеңіз, бұл саладағы еңбектер арқылы ол қазақ тіл білімі проблемаларын бүкіл түркологиялық деңгейге көтерді. Қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасы болып саналатын «Қазіргі қазақ тілінің» (1954) үлкен бір тарауын «Жай сөйлем синтаксисі» деген атпен Мәкең жазған болатын. Осы еңбекті және «Қазақ тілінің сөз тіркестерінің түрлерін» (1957) кезінде жалпы жұртшылық, тіпті отандық және шетелдік ғалымдар аса жоғары бағалаған еді. Осының өзі де ғалымның ғылыми теориялық өресінің қаншалықты дәрежеге көтерілгенін байқататын.

Осы еңбегінде М. Балақаев өзінің атақты ұстазы Н. К. Дмитриев пен замандасы Н. А. Баскаковтың аталмыш мәселе туралы қалыптасқан пікірлеріне дәлелді дау айтып, пікір-таласқа түседі. Ол кезде ғылымда мұндай батылдық жиі кездесе бермейтіні мәлім. М. Балақайұлының дәлелдемелерінен кейін синтаксис оқулықтарында «Жай сөйлем синтаксисі» мен «Құрмалас сөйлем синтаксисінен» басқа үшінші бір сала «Сөз тіркесі» беріліп отыратын болды. Бұл еңбекті кезінде атақты түрколог А. К. Боровков (А.К. Бороков. Изучение тюрских языков в СССР.- «Вопросы языкознания», 1961, №5, стр. 15) жоғары бағалаған. Сөйтіп бүкіл түркология ілімінде М. Балақайұлының ашқан жаңалығы жаңа сала болып қалыптасты. Ол қазақ тіл біліміне тағы бір өзекті саланың уығын шаншып, шаңырағын көтерген. Және көңіл аударарлығы сол, Мәкең тіл білімінің керекті мәселелерін дер кезінде байқап, орыс оқымыстыларымен қатарласа қарастырып отаратыны. Мәселен, қазіргі «Қазақ тілінің мәдениеті» дейтін пән Мәкеңнің тікелей өзі ашып, өзі қалыптастырған сала. Осының өзімен де ол қазақ тіл біліміне шоқтығы биік тұлға болып қала берер еді.

Сөйтіп, біз бүкіл өзінің шығармашылық ісі мен өмірін қазақ тіл біліміне, қазақ мәдениетіне бағыштаған әйгілі ұстаз, атақты ғалым, тамаша азамат М. Балақаевтың тіл білімінің, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің кеңестік дәуірде қаншалықты дамып, қаншалықты қанат жайғанын нақты елестете аламыз. Біз Мәкеңнің 60, 70, 80, 90, 100 жылдығы арқылы қазақ тіл білімі институтының тарихын сүзіп шығып, оның жетістігі мен кемістігін ойша таразылағандай боламыз. Байқап отырсақ, біздің көбімізге кейде проблеманы Мәкеңше түсініп, Мәкеңше еңбектену жағы жетіспей жататын тәрізді. Оның мейлінше қарапайым да кішіпейіл мінезі, ғылыми және қоғамдық мәселелерге келгенде таймас принципшілдігі, жора-жолдас, аға-іні, ғалым шәкірттер арасындағы бірқалыпты байыпты да тұрақты қасиеті кімге де болса үлгі. Ол сөз бен ісін қатар ұстай білетін күрескер адал жан, ғылым болашағын терең ойлайтын тәлімгер, басқа да тілдер мамандарын дайындауға зор үлес қосқан отаншыл, қайраткерлік дәрежеге көтерілген үлкен ғұлама еді.

М.Б.Балақаев ұзақ уақыт Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын ғылыми кеңесті басқарды. Мұның сыртында төрт диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде де лингвист ғалымдардың көптеген талантты жас буынын тәрбиелеп шығаруға қызу атсалысты. Ол сондай-ақ көп жыл әдістемелік кеңесті де, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияны басқарып, елімізде білім беру, ғылымды дамыту ісіне зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен қырыққа жуық ғылым кадрлар даярлау, өсіру проблемасы үлкен орын алды. Ол бұл мәселеге үнемі мән беріп отырды. Бүгінде қазақ тіл білімі саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың бірсыпырасы – оның кешегі шәкірттері, аспиранттары мен ізденушілері. Ғалымдық үлкен таланты, еңбек сүйгіштігі, ғылымдағы кең қарым-қатымы, ұстаздық жоғары шеберлігі, жас әріптестеріне деген қамқор пейілі, сергектігі, талап қойғыштығы Мәулен Балақайұлын шәкірттері мен қызметтестері арасында үлкен құрметке бөледі. Үкімет ғалымның еңбегін жоғары бағалап, оны Еңбек Қызыл Ту, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальдармен және Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапаттады, 1939 және 1959 жылдары Еңбекшілердің Алматы қалалық Советінің депутаты болып сайланды. Түркістан қаласының құрметті азаматы деген атаққа ие болды.

  1. Кейінгілер үлгі тұтар тағы бір қырын айтпай кетсек, Мәулен Балақайұлы болмысының бір жағы олқы түсіп жатар еді. Ол оның қаламгерлік қабілетінен байланысты. Сонау бір жастық шақта әйгіленіп, бастау алған Мәкең қаламының қарымын біз 80-жылдары да байқап отыратынбыз. Өмірінің соңғы жылдары ол өз заманы мен замандастары туралы «Зерде баспалдақтары» (1992, «Жалын») деген атпен мөлдірете жазып тағы бір үлгі тастап кетті. Бас-аяғы жып-жинақы осы бір шығарманың беттерін аашқан сайын, қасымызда болмыс-бітімі бөлек, мінезі ғажап, аса бір ізгі жанның сыпайы да сұлу өмір сүргенін және зиялылық кескініне дақ түсірмей, өмірден сызып өте шыққан ілтифатпен еске аласың.

Қысқасы, Мәкең туралы айтылар сөздің бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Тек, халық игілігі үшін, ғылым болашағы үшін сіңірген зор еңбектерін айрықша бағалай отырып, сүйікті ұстазға деген ілтифатымды бірер шумақ өлеңмен түйіндегенді жөн көрдім. Аяулы тәлімгердің аруағына тағзым етудің тағы бір түрі осыдағы…

Ұстазыма

 Ұстазым менің ізгі армандармен ұласқан,

Өзіңнен оқып, өзіңмен талай қырды асқам.

Ғылым мен өнер, өнеге жайлы сырласқан,

Кейде біз, тіпті, кейін емес едік құрдастан.

 

Бітер ме, сірә, өзіңіз жайлы жыр дастан,

Тереңде жатқан тебіреніске толы сырды ашсам.

Арайлы көзбен қарасаң маған ұстазым,

Мейірін төгіп тұрғандай еді-ау нұрлы аспан.

 

Әдептен озбай әдепсіздікті көргенмен,

Жымиып қана қараушы ең сөзді бөлгенге.

Әділеттің ақ жолымен жүріп ақырын,

Табылдың талай тарландар шығар өрлерден.

 

Биікте тұру, шығудан мүлде күрделі,

Екенін біліп, еңбекпен алдың жүлдені.

Кемел шақты өзінше баптап тұта алмай

Айтушы ең ұстаз талайлардың жүргенін.

 

Бітер ме, сірә, өзінің жайлы жыр дастан,

Тереңде жатқан тебіреніске толы сырды ашсам.

Аяулы көзбен қарасаң маған – ұстазым,

Мейірін төгіп тұрғандай еді-ау нұрлы аспан!

Ұстазы туралы тебіренген

шәкірт Өмірзақ Айтбайұлы

 Мәулен Балақайұлының шәкірттеріне қамқорлығы

Мәкең әуелде Тіл білімі институтында жартылай қызмет істеп жүрді де, 1961 жылдан бөлім меңгерушісінің міндетін толық атқара бастаған екен. 1962 жылдың наурыз айынан мен Мәкеңнің қармағындағы Тіл мәдениеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері болып қабылданған болатынмын. Ол кезде тіл мәдениеті бөлімі екі үш сектор ыңғайында жұмыс істейтін. Аударма мәселесі (С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, А.Құсайынов, Ө.Айтбаев), Орфография, орпфоэпия мәселесі (И.Ұйықбаев, Қ.Ниеталиева, Н.Уәлиев, З.Бейсембаева т.б.) сосын терминология мәселесі (Р.Өрекенова, Б.Бекмұхамедов, Ө.Айтбаев, т.б.).

Мәулен Балақайұлының жұмыс істеу тәсілі өте кісі қызығарлық еді. Бүгінгі күннің мәселелерін алға тарта, соған үнемі көңіл аударып отыратын. Қызметкерлерге нақты тапсырма беріп, сол жөнінде хабарлама жасауды талап ететін. Бұл тәсіл қызметкерлерді қызықтырып, ізденіп отыруға итермелейтін. Мен алғашқыда аударма мәселесінің мықты мамандары жазушылар С.О.Талжанов пен Ә.Сатыбалдиевтың тобында болдым да, солардың ізденістеріне қызыға түсіп, осы аударма мәселесімен шұғылдана бастадым. Оның ішінде ұлы орыс жазушысы М.Горький шығармаларында қолданылған фразеологизмдердің қазақ тіліндегі болмысы қатты қызықтырды да, соны қарастыруды қаладым. Сайділ Омарұлы ғылым кандидаты болатын. Сол кісі маған жетекші болатын болды. Фразеологизм мәселесі Мәулен Балақайұлын да еліктірді. Бұл лингвистиканың өте күрделі, әрі қызықты мәселесі дегені әлі есімде.

Маған екі ыңғайда ізденуге тура келді. Бірі – аударма теориясының негіздеріне тереңдеу, екіншісі – таза фразеологиялық ұғымдар (мақал, мәтелдер, идиомалар) табиғатын зерттеу. Діттеген мәселелерді жан-жақты қарастырып, кеуделеп қалған кезімде институтымыздың әрі басшысы, әрі фразеология саласының әйгілі маманы академик Ісмет Кеңесбайұлымен ақылдасуға тура келді. Ол баяндаған тақырыбымды үстіртін тыңдағандай болып «Сен бұдан не тыңдырмақсың. Фразеологизмдер туралы мен жаздым. Қожахметова, Ефремовтар жазды» деп тағы біраз авторлардың атын атап, мысымды басып тастады. Атақты ғалымның айтқанын заң ретінде қабылдайтын кезіміз ғой. Қарсы дау айта алмадым. Іштен тыңдым. Зерттеу жұмысына деген ықыласым басылыңқырап қалды. Басқа әралуан ой келіп жорналшылық, мұғалімдік қызметіне ауыссам ба екен деп жүргенімде бір күні Мәулен Балақайұлы «Өмірзақ, сен осы немен шұғылданып жүрсің. Жазуға икемің бар сияқты еді, қане не ойың бар, сөйле!» деді. Мәкеңнің маған көңіл бөліп, назар аударғанына бір жағынан қысылып, бір жағынан қуанып, істеген жұмыстарымды қысқаша баяндап бердім. Ол ерекше іждиһатпен тыңдады. Оның тыңдау қабілеті ерекше екенін мен кейін де талай рет байқадым.

«Көздеген мақсатыңды түсініп, игере бастаған түрің бар екен. Сен бөлімнің келесі отырысында тындырған жұмысың туралы ойларыңды ортаға салсаң қайтеді. Бәріміз тыңдайық» деді. Қуана келістім. Бір апта ішінде жинақтаған материалдарымды сұрыптап, ықшамды, өзімше жоспар құрып, 10-15 минуттық хабарлама жасадым. Бәлімнің сақа қызметкерлері С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, Қ.Ниеталиева, Р.Өрекенова т.б. бәрі сұрақтар беріп, пікірлерін ашық айтып өте пайдалы кеңестер берді. Соңында Мәкеңнің өзі айтылған ойлар мен менің хабарламамды талдай келе «Мына жұмысың бітуге таяп қалған жұмыс қой, мұны неғып созып жүрсің. Енді жұмысыңның бас-аяғын жинақтап, кандидаттық диссертация деңгейіне жеткізу үшін саған бес-алты ай көлемінде уақыт берсек үлгересің бе?» деді. Мен «тәуекел, үлгеруге тырысамын!» дедім. Мәкең менің мәселемді көтеріп, рухтандырып жіберді. Сол күні көңілім тасып, «менің ізденістерімнен бірдеңе шығады екен» деген оймен үйге қалай жеткенімді білмеймін. Үміт менің алабұртқан түріме қарап «Не болды, Өмеке, тыныштық па, қызара бөртіп тұрсың ғой!?» дейді. Ия, тау қопарғандай тасыған көңіл адамды қандай күйге салмайды дейсіз. «Мені бүгін әйгілі ұстазым Мәулен Балақайұлы тыңдады. Әріптестерім сөзіме құлақ түрді Менен де ғалым шығады екен деген тәтті ой кеудемді кеулеп барады» деймін мән жайды түсіндіріп. Бұл 1969 жылдың күзі еді…

 

Өмірзақ Айтбайұлы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

Бас ғылыми қызметкері, филология

ғылымдарының докторы, профессор,

ҰҒА-ның академигі

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button