Басқы бет / 2016 жыл – «Қожа Ахмет Ясауи жылы» / ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ЖӘНЕ ӘМІР ТЕМІР
Құл Қожа Ахмед Иасауи

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ЖӘНЕ ӘМІР ТЕМІР

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ЕСІМІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АҢЫЗ, ӘПСАНА, ХИКАЯЛАР

Тарағай би түсінде көзге түрткісіз белгісіз қап-қараңғы түнде бір жартастың төбесіне шығып тұрады. Сол кезде оған қазмойын, қамыс құлақ ақбоз атқа мінген ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды бір қария келіп: «Тарағай балам, мен Қожа Ахмет Ясауи деген атаң боламын. Әдейі өзіңмен жолыққалы келдім, мына қылышты қасыңа алшы» деп, Тарағай бидің қолына алмастан соғылған қылышты ұстатады.

– Ал енді қылышты оңды-солды сілте, – дейді қария. Тарағай қылышты оң қолына алып, оңды-солды сілтей бастағаны сол-ақ екен қылыштың жүзінен шыққан от жалынға айналып, бүкіл төңіректі жап-жарық етіп жібереді. Тарағай би оянып кетіп, түсін бір ғұламаға жорытады.

***

[Әмір Темір жайында әңгіме көп]. Соның бірінде «Ғайып Ерен қырық шілтендер жиналып мәслихат құрғаны, оған Қожа Ахмет Ясауи, Бахауаддин, Жанабығауыс қатынасқаны айтылады. Ясауи: «Мен (…) Темірді ұсынамын, ендігі хан Темір болсын» дейді. Сөйтіп айдалада сиыр бағып жүрген Темір ұшып тұрса, жаңағының бәрі түсі екен. Бірақ түс болса да қуанғаны соншалық, сиырын тастап бет алдына жүре береді. Әйтеуір бір кездерде Самарқанд шәһәріне кіре бергенінде, халық алдынан қарсы алып, хан көтереді. Сонда ол: «Менің осындай болуыма себепкер – Қожа Ахмет Ясауи деген әулие. Сондықтан оның қабірі қай жерде болса да тауып, үстіне әлемде теңдесі жоқ ғимарат салдырамын» деп ант ішіпті (…).

3.1

Ғұлама бір кісі түс көріп жатқанда Ахмет Ясауи аян беріпті: «Сенің шәкірттеріңнің ішінде дінді қатты сыйлайтын әрі келешекте ел билеуші болатын бір бала бар» депті. «Мен оны қалай білемін?» дегенде: «Балалардың бәрін жинап алып, торғайдың балапанын алдыр, оны ешкімге көрсетпей өлтір деп бұйыр, сонда білесің» депті. Ертесіне медресеге келген ұстаз қырық шәкіртін жинап алып: «Барлығың барып, бір-бір шымшықтың балапанын әкеліңдер» деп бұйырады. Балалар жүгіріп кетіп, бір кезде бір-бір балапаннан алып келеді. Ұстаз оларға: «Енді осы балапандарды ешкім көрмейтін жерге апарып, бәрін өлтіріп келіңдер» деп бұйырады. Барлығы

қайта жүгіріп кетеді де, ешкім көрмейді-ау деген жерге барып, балапандардың мойындарын бұрап жұлып, ұстаздарының айтқанын орындайды. Ішінде бір бала ғана балапанды өлтірмей қайта әкеледі. «Сен неге өлтірмедің?» деген сұраққа: «Ешкімге көрсетпе дедіңіз ғой, ешкім көрмегенмен, Құдай көріп тұр,  өлтіре алмадым» деп жауап беріпті. Сонда ұстаз келешек ел билеушінің осы екенін білген екен. Ұстазы оған ерекше көңіл бөліп жүріпті.

  1. 2

Бір ұлы дін ғұламасы бір күні шәкірт балаларын жинап алып «Бәрің бір-бір торғайдан ұстап, оны ешкім көрмейтін жерге апарып, өлтіріп әкеліңдер» дейді. Балалардың ішінде бір өжет шәкірттен басқалары ұстаздарының айтқанын орындайды.

Торғайды өлтірмей тірі әкелген баладан ғұлама: «Сен неге құсты өлтірмедің?» дейді. Сонда бала: « – Ешкім көрмейтін жерге апарып өлтір, – дедіңіз. Мұны бір пенде көрмесе де, Құдай көріп тұрады ғой. Сондықтан өлтірмедім» дейді. Ғұлама ойланып қалады. Шәкірттерді сынау үшін бұл істі ұстаз Қожа Ахмет Ясауи аяны арқылы жасаған екен. Кейін тағы әулие аян беріп, түбінде әлемді билейтін бала осы – Әмір Темір деп айтып кетеді.

  1. 1

Әзіреті Әмір Темір Қызыр әлейкумсәламмен бірге Бұқарға баруға ниет қылады. Жолда Түркістанға соғады. Түркістандық Қожа Ахмет Ясауи Әмір Темірдің түсіне кіреді. «Ей, батыр жігіт! Тез арада Бұқарға бар, иншалла, ол жердегі шахтың өлімі сенің қолыңда, басынан көп нерсе өткен болуы керек, дүйім Бұқар халқы сені күтуде» дейді. Әмір Темір бұл түстен кейін оянып кетеді, Аллаға шүкір етеді. Ертесі күні Түркістан әкімі Ноғайбек ханды шақыртады. Ахмет Ясауи қабірінің үстіне

зәулім сарай салу үшін ақша береді. Түркістан әкімі тамаша зәулім кесене орнатқаны соншалық, күні бүгінге дейін сол қалпы тұр.

  1. 2

(…) Бірде Ақсақ Темір Түркістан өңірінен өтіп бара жатып, бір күн қонады. Сонда ол ұйқыда жатқанда түсіне Қожа Ахмет кіріп: «Тұр балам, Бұқара тарапына аттан, ол жерде сені жеңіс күтіп тұр» деп аян береді. Түсінен қуанышы қойнына сыймай оянған Ақсақ Темір кейіннен жеңіске жетеді. Өзін Қожа Ахмет Ясауи сияқты үлкен әулие қолдап жүргенін сезген әмір Түркістанда әулие бабаға арнап кесене тұрғызады. Кесенені салдыру үшін әлемнің ең шебер деген ұсталарын алдырады.

Бүгінгі кесененің әлі күнге тарихи қалпын сақтауы ұсталардың асқан шеберлігінен болса керек. Иә, осылайша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салыныпты.

5

[Әмір Темірдің өзі]: «Рұм астанасына аттанған кезімде Әзіреті шайқы Ясауи мақамын өзім киелі деп білдім. Қиналып, бір нәрсеге ұшыраған кезіңізде оқыңыз, өйткені мен оны өте киелі санаймын:

Йелда гиджени шеми шебистан иткән,

Бір лахзада әлемні гүлистан иткән,

Бес мүшкіл ішім түшүбдүр асан иткән,

Еу, барчаның мүшкіліні асан иткән.

Мен бұл рубайатты жаттап алдым. Қайсари-Рұм әскерлерімен ұрыс кезінде мұны 70 рет оқыдым. Жеңіске жеттім» [депті].

6

Әмір Темір өзінің шатыры алдына ағаш қадап, оған қоңырау байлап қояды екен. Кімде-кім сөйлесуге келсе өзі онымен ауызба-ауыз сөйлесетін болған. Сөйтіп олар еш кедергісіз әмірдің өзімен сөйлесуге мүмкіншілік жасалатын болған.

Бір күні таңертең ерте есік алдындағы қоңырау шылдырлайды. Уәзірі Әмірге келіп, келіп тұрған адам емес ақ жылан екен дейді. Темір сауытын киіп тысқа шықса, шын мәнінде қоңыраудың арқанына оралып тұрған ақ жыланды көреді. Жылан Темірді көріп арқаннан сытылып түседі де тәжім қылады, сөйтіп соңымнан ер дегендей ишара білдіреді. Жылан жылжып отырып тауға келіп үлкен үңгірге кіреді. Онда тола ақ жыландар бар екен, олар Әмірге екіге айырылып жол ашады.

Түкпірде үлкен сандық тұр, соны аш дегендей белгі береді Темір сандықты найзасының ұшымен ашып қалса, ішінен дәу қара жылан шығады. Темір оны қылышымен шауып өлтіреді.

Бұл жағдайдан Темір жыландардың да кәпір, мұсылманы болатындығын түсініпті. Ақ жыландар мұсылман екен да, қара жыландар кәпір екен, сол қара жылан ақ жыланның ұрғашысын тартып алып, сандық түбінен шығармай жатыр екен. Темірді ертіп келген ақ жылан оған сандық түбінде жатқан айнаны ал деген ишара жасапты. Бұл айна Сүлеймен пайғамбардың сиқырлы айнасы көрінеді. Сол айнаны алғалы Әмір Темір Көреген болғандығы осыдан қалған дейді.

Әмір Темір жаңа жорыққа дайындалып жатқанда, бұл жолы Қытай жерін жаулап алмақшы болып, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Темір станциясы жерінде тоқтағанда, күн суық болып, оған суық тиіп ауырған көрінеді. Өзінің қайтып оңалмасын, ажал жеткенін сезіп, Әмір Темір жанына аздаған сенімді сарбаздарын жинап, өсиетін айтқан екен. Екі үлкен терек ағашын кесіп алып, оны көлденеңінен қиып тор жасаңдар да, ортасына мені қойып алдыңғы жағынан екі, соңынан екі ат

жегіп Самарқантқа жеткізіңдер деген екен. Сөйтіп, қаланың оңтүстік қақпасындағы үлкен мешітке барып, песін намазын оқып отырғанда, ақпан айында кенеттен қайтыс болады. Сол заманның өзінде омарташылар болған көрінеді, мәйітті балға орап, Самарқандтқа жеткізіп, қазіргі Гүр-Әмір кесенесі тұрған жерге жерленген екен.

  1. 1

Әмір Темірдің жорықтарда жолы болмай жүреді. Бір істермен Түркістанға келгенде әулие түсіне еніп: «Менің басыма кесене салдыр. Әлемге атың кетеді» дейді. Патша құрылысқа кіріскенде жұмыс өнбей, күндіз біткен істер түнде бүлініп, қабырға-дуалдарды мал құлатып, ұста-шеберлерден маза кетсе керек.

Тосын қырсыздыққа қапаланып, ренжіп жүрген Әмір Темірдің түсіне тағы Әзірет Сұлтан кіріп: «Кесене-мазарды алдымен Отырарда жатқан менің ұстазым Арыстан баптың басына салдыр, содан соң Түркістандағы маған кел» дейді. Патша әулие аян-өсиетін орындап, Арыстан бапқа мазар тұрғызған соң, Ясауидің қазіргі ұлы кесенесін салуға кіріседі.

7.2

Күндердің күнінде Ақсақ Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріпті. «Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің әруағым сені демеп жүреді» депті. Сонда Ақсақ Темір: «Мен сені қайдан табамын?» дегенде, «Жолды мен өзім көрсетіп отырамын» деген екен.

Сонымен [тәуекелге] бел байлап, Ақсақ Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп, Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ертерек барып қараса, шынында да, кішкене ғана мазарат тұр екен. Құран оқып, ертесіне іс бастапты. Кешке дейін біраз дуал қалап қойған екен, таңертең барса, бұзылып жатқанын көреді. Басына қарауыл қояды. Таң алдында ұйықтап кетіп, кімнің бұзғанын білмей қала береді. Болмаған соң үшінші күні өзі барады. Таң алдында ұйқы қысады, ұйқыға бой алдыра берген соң қолын қанжармен тіліп жіберіп, ұйықтамау үшін тұз сеуіп қояды.

Сонымен бір кезде қараса, үлкен өгіз келіп, дуалды майқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады.

Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп, былай депті: «Ол көк өгіз Арыстан баптың аруағы, саған қапаланып бұзып тастап жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның аруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің» депті. «Мен оны қалай табамын?» дегенде, «Мен өзім жол сілтеп отырамын» деп жауап береді.

Сонымен ерте тұрып, Отырарға бет алады. Кешке сонда жетіп, ұйықтап жатқанда, түсінде аян беріп, жатқан жерін көрсетеді. Таң ата, ерте басына барып, Құран оқып, құрылысты салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай аяқталған соң, демалып жатқанда және түсінде аян беріп: «Міне, енді сәтті болды, енді келіп менің басыма ғимаратыңды салдыра бер» дейді. Сонымен Түркістанға қайта келіп, Қожа Ахмет мешітін (кесенесін) салуды бастаған екен. Бірақ құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатқанда, Самарқанда басқа бір қауырт жұмыс шығып, құрылыс салып жатқан ұста сол жаққа кетіп, көптеген себептер-мен қайта оралмаған-ды. Содан ғимарат құрылысы толық бітпей қалады. Сол кезден бастап Ақсақ Темір жорыққа шығар кезінде үнемі Түркістанға келіп, Ахмет Ясауидің басына зиярат етіп, ас беріп, тайқазаннан дәм тату әдетке айналған екен. Сондай бір сапармен келгенде, қатты сырқаттанып, осы жерде қайтыс болған деседі. Оның айтқан өз өсиеті бойынша, ол Самарқанға қайтуы керек еді. Бірақ халық арасында шу шықпасын деп, білдірмей, «әмір науқас» деп,  жол жүріп кетеді. Сол жолда Отырардан бері жайласқан Темір

стансасына келгенде, бір демалыс жасаған көрінеді. Соның құрметіне «Темір» аталып кетіпті. Содан Темірлан деген жерге барғанда, халық Ақсақ Темірдің қайтыс болғанын біліп қойып, сыр ашылған көрінеді. Міне «Темірлан» аталуы содан шыққан екен деп ел аңыз етіседі. Ол Темір арқылы лаң шықты деген ұғымды білдіреді. Бұған қосымша, парсы тілінде ақсақ дегенді «ланг» немесе «ләң» дейді, содан қалған «Темірлан» аталуы да мүмкін ғой. «Темірләң», яғни Ақсақ Темір, қалай болғанда да,осы әңгімелердің бір шетінде шындық жатқаны ақиқат.

7.3

Ақсақ Темір әулиенің қабірі басына үлкен мазар тұрғызуға әмір береді. Мазар қабырғасын қалай бастағанда, ойда жоқта көк өгіз пайда болып, мүйізімен әлгі құрылысты қиратып кетеді. Ашуланған әмір қызметшілерін шақырып, мазар құрылысын қайта бастауға пәрмен қылады. Мазарды көк өгіз тағы да құлатып кетеді.

Әмір түс көреді. Түсінде ақ сақалды шал аян береді: «Әуелі мазарды Арыстан баптың басына тұрғыз. Ол – менің ұстазым». Ақ сақалды қарттың Қожа Ахмет екенін сезген әмір мазарды алдымен Арыстан бапқа салдырған екен.

7.4

Ғимараттың ірге тасы қаланып, кісі бойы болғанда, түнде қирап қалады. Мұның мәнісіне түсінбеген олар күндіз қайта қаласа, түнде тағы да қирайды. Сөйтіп бұл жағдай бірнеше рет қайталана береді. Мұнан соң себебін анықтау үшін бірнеше кісіден түнде күзет қойылады. Түн ортасы ауған мезгіл болса керек, бір үлкен көк өгіз келіп, қаланған кірпішті мүйізімен бұза бастайды. Күзетшілер жабылып ұстайын десе де ұстатпай, айбат көрсетіп, өгіз кетіп қалады. Күзетшілер көрген оқиғасын ертеңінде Ясының ханына баяндайды. Хан сасқанынан Қожа Ахмет Ясауидің аруағы үшін бірнеше мал сойдырып, Құран оқытып, «Е, баба, енді мұның амалын өзін тап!» деп жалбарыныпты (…). Сонда Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріп: «Ол – Зеңгі баба ғой, егер ғимаратты алдымен соған тұрғызбасаңдар, ол сөйтеді, менің оған берген уәдем бар» депті

(…). Мұнан соң Қожа Ахмет Ясауиге арналған кірпіштен қолма- қол тасып, әуелі Зеңгі-бабаның ескерткішін тұрғызыпты.

  1. 1

Әуелде Қожа Ахметтің басына кесене орнату Әмір Темірдің ойына келмеген жайт. Бұған әсер еткен сарай ақыны Кермани. Басқалар азуы алты қарыс Әмір Темірге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтын. Ал Кермани: «Хандар, патшалар дүниеге өлім себеді. Олар – өмірдің жауы. Дүниеге өмір ұрығын себушілер – аналар. Оларсыз өмір жоқ. Бәріңнің де аналарың, балаларың бар, кілең

бұқадан бұзау тумайды. Балаларды тауып, өркенімізді өсіріп, көсегемізді көгертіп отырған аналар ғой. Ана болмаса, хан мен патша қайдан шығады» дейтін.

Бірде көңілі тасып, ойы шалқып отырған Әмір Темір оған:

– Кермани, егер мен сатылатын болсам, сен қанша берер едің? – деп сұрағанда, ол: – Жиырма бес мың әскер, – деп жауап беріпті.

– Мынау не дейді! Бұл менің белбеуімнің ғана құны емес пе? – деді қатқыл дауыспен қатал әмірші.

– Мен сенің белбеуіңді ғана ойлап отырмын. Ал өзің түкке де тұрмайсың, – дейді Кермани.

1381 жылы Әмір Темір Герат қаласын жаулап алады, содан соң бүкіл Персияны жаулап алу үшін жорыққа аттанарда кеңес құрады. Мұны Кермани ұнатпай:

– Уа, ханым, сонау Қаратау мен Алтайдан бастап, қалың еліміз жатыр, бөтен елдерді жаулаймыз деп жүргенде солтүстік жақтағы көршілеріміз және басқалары елімізді шауып, жерімізді жаулап алмасына кім кепіл, – дейді. Әмір Темір үнсіз, ұзақ ойланады, содан соң:

– Иә, солай болуы да ғажап емес. Бірақ бағымыз жанып, ісіміз ілгері басып тұрғанда ат басын кері бұрғанымыз қалай болар екен? – деп сәл ойланып алып:

– Менімше жат діндегілерді өз еріктерімен бізге келіп қосылатын, бас идіретін бір амал ойлап табуымыз керек. Ол үшін шекараға жақын жерден көркі көз тартарлық сымбатты ғимараттар, сағаналар, қасиетті таңбалар, кесенелер салуымыз керек. Олар ата-бабаларымыздың рухын асқақтатып, дұшпандарымыздың мысын басып тұрсын. Сонда олар бізге өз еріктерімен келіп бағынатын болады. Осыған сен не дейсің? –деп Керманиге қарайды.

– Сөзіңіз орынды. Әуелі Ахметтің басына кесене орнат, – дейді.

– Осы Ясы қаласындағы зиратқа үш Ахмет жерленген. Солардың қайсысының басына кесене орнатқан жөн, – дегенде,  Кермани Қожа Ахметтің атын атайды. Оның осы пікірі Әмір Темірді ойға шомдырды, үш Ахметті ой таразасына салып, таразылайды, үш Ахметтің бірі – сұлтан болған Ахмет, екіншісі – Құбылайхан Ханбалықты алғанда әскерінің оң қанатын басқарған атақты қолбасшы Ахмет, ал үшіншісі – олардай мансабы зор, билік иесі емес, қатардағы ислам дінін насихаттаушы сопы Ахмет. Оны бүкіл халық жақсы  көреді. Хикметтерін қолдан-қолға түсірмей оқып жүр, қаза болғанына екі жүз жыл өтсе де, басына келіп дұға жасаушылар әлі толастар емес.

Сөйтіп Алланың құлы, Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбардың үмбеті, ислам дінінің насихаттаушысы Қожа Ахмет Ясауидің басына кесене тұрғызғанды жөн деп табады. Оның үстіне туған шешесі Сақыпжамалдың мәйіті осы жерде. Өзінің кіндік қаны да осында тамыпты:

Әмір Темірдің шешесі Сақыпжамал оған екіқабат кезінде түс көреді, түсінде жылан туады. Ол көз алдында үлкейіп, айдаһарға айналады. Айдаһар әуелі Сақыпжамалды жұтып қояды, содан соң елдің ханы Тоқталықты жұтады. Осы түсін үйіне келген кемпірге айтады. «Басқа пәле тілден» деген емес пе, әлгі кемпір сатқындық жасап, Сақыпжамалдың түсін ханға жеткізеді. Хан Сақыпжамалды шақыртып алып, ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастап кетеді. Сақыпжамалдың туған сіңілісі артынан апасының жатқан жеріне барғанда, жылап жатқан сәбиді көреді. Оның кіндігін тісімен қиып, етегіне орап әкетеді. Алла тағаланың рахымы күшті ғой! Қыз емшегін тосқанда, сүт ағып кетеді. Сәби сүтке тояды. «Алладан ажал келмесе, балталаса да өлмейсің» деген осы. Әмір Темір ат жалын тартып мініп, ержеткенше шын шешесінің кім екенін

білмеген.

Қожа Ахметтің зиратына келушілер көп, кесене Ахметтікі болғанымен, ол шешесіне де ортақ. Дұғадан да қалмайды, оның аты қоса айтылмай ма. Сонымен бірге әлемдік ғимарат салса, мұны пәлен салдырып еді демей ме, өзі өлсе де артында ол қалдырған кесене қалады, келген жұрт өзін де еске алады.

Әлемде сирек кездесетін кесене салдырғаны үшін кім сүйсінбес, алғыс айтпас, мұнысы жағымсыз істерін жуып-шайып кетпей ме?

Кесене салу оңайға түскен жоқ. Бір қиырдағы Персиядан бастап, Самарқаннан, Отырардан, тағы басқа жерлерден он саусағынан өнерлері тамған хас шеберлерді жинады, мамандықтары жоқтарды көмекші жұмысқа жекті.

Құрылыс жұмыстарын Темірдің ең сенімді адамдары – Мәулен Убайдолла Садыр мен ирандық Хасан басқарды.

  1. 2

Темірдің туған шешесі Сақыпжамал осы баласына екіқабат кезінде түс көріпті. Түсінде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейіп айдаһар болыпты. Алдымен ол өзінің туған анасын жұтыпты, артынша сол кездегі Сырдария (бұл өзеннің түрікше атауы, ал македондықтар «Яксарт», арабтар «Сейхун» деп атаған) билеушісі Тоқалақты жұтыпты.

Бұл түсін екіқабат келіншек үйіне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпірге жорытыпты. Кемпір сатқындық жасап, бұл түсті Тоқалаққа айтып қойған. Қатал хан екіқабат келіншекті алдырып, өз қолымен ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сіңілісі Теккене жеті айлық, тірі жатқан баланың кіндігін тісімен қиып, баланы алып кеткен.

Шешесінің ішіне пышақ салған кезде кішкентай баланың оң аяғына зақым келіп, ақсақ болып туған. Әлгі он алты жасар әлі беті ашылмаған бейкүнә қыздың емшегінен сүт шыққан. Баланы

өсірген. Ақсақ Темір өмір бақи шешем, анам Теккене деп кетті. Бірақ шын тарихын өскесін естіген. Демек, Ясы қаласында, Қожа Ахметтің шикі кесектен тұрғызылған мазарының қасында Ақсақ Темірдің өз шешесінің сүйегі жатты, бұл жерге оның өзінің кіндік қаны тамған еді.

9

Темір өз заманында Қожа Ахмет Яссауи қабірінің үстіне мешіт салдыруды ойлайды. Ол кісі ұсақ-түйекке мән бермейтін, құлашты кең сермейтін адам. Оның ойынша мешіт кейінгі ұрпаққа көрнекті мұра болып қалғандай, жұрт айта жүргендей мол пішіліп, аса сәнді көрікті болуы керек. Енді сондай жұмыс қолынан келетін асқан шебер ұста іздейді. Жаулап алған елдерінің бар ғұламалары мен ұсталарын жинап алған Темірге ондай адам табу онша қиын да болмаған шығар. Солардың ішінен біреуін таңдап алып, ойын түсіндіріп айтады. Ұста қанша адам, қаржы керек десе, бәрін де тапқызып береді. Кейін жұмыстың барысын өзі мезгіл-мезгіл барып қарап жүреді.

Сол ұстаның әйелі жас, аса сұлу адам екен дейді. Темір бір келгенінде келіншекке көзі түсіп, соған көңілі ауады. Ойына алғанын істеп қалған Темір бір күні ұстаны алыс сапарға жұмсап жіберіп, өзі оңаша қалған келіншектің үйіне қонаққа барады.

Ясауи мешіті сияқты ұлы ғимарат салған ұста Темірдің дәулетінің арқасында жаман тұрмаса керек. Шағаладай ақ отау ішіне кірсең шыққысыз шашақталған, моншақталған бау-басқұрларының бәрі жібектен тоқылған, табалдырықтан төрге дейін қалы кілем, жібек көрпелер төселген, қызыл-жасыл мақпалмен тысталған мамық көпшіктер тасталған. Үйде Темір мен жас келіншектен басқа жан жоқ, қожайынның ниетін таныған нөкерлері әдейі жоламай екеуін оңаша қалдырған.

Қонағына алдымен шай бергенде келіншек Темірдің алдына бірі қызыл, бірі ақ екі жұмыртқа қояды. Сонан соң:

– Тақсыр ием, алдымен осы екі жұмыртқаны жеп, дәмін байқап көріңізші, – дейді. Ойы алас ұрып отырған Темір келіншектің сөзін қайтармай екі жұмыртқаның қабығын аршып жеп алады. Енді келіншек:

– Тақсыр екеуінің қайсысы тәтті екен? – деп сұрайды.

– Маған ешқандай айырмасы жоқ, екеуі де бірдей сияқты

көрінді, – деп ойында ештеңе жоқ Темір шынын айтады. Сонда келіншек:

– Тақсыр, әйелдер де сондай! Олардың бетінің ақ-қызылына қарамаңыз. Сырты өзгеше болғанымен, заты бір, – дегенде Темір мына әйелдің ақыл-айласына таңданып, әрі өзінің сөз

таба алмай жеңілгенінен ұялып, үй иесінің басқа қонақасына қарамай кетіп қалған екен дейді.

10

Қожа Ахмет сағанасы [Әмір Темірдің] (…) мақтанышы ғана емес, атын шығаратын, жауынгерлік (…) атына жаңа ат, лақап қосқан, халыққа өзін «Көреген әмір» атандырған, жаңа атақ және байлық, бақ қосты. Ол әрбір жорыққа аттанар алдында осында келіп, бір уыс топырағын бет орамалының шетіне түйіп, бойтұмар ретінде өзімен бірге алып жүреді екен. Осы топырақ, аңыз бойынша, кіндік қаны тамған туған жер топырағы немесе өзі қасиет тұтып, сағана салдырған жердің топырағы тартты ма екен, ол (…) жетпістен асқан шағында, Отырар шаһарында, бұрын өзімен бірге талай жорыққа шыққан, өзі осы жерге билеуші етіп қойған, Бердібектің үйінде дүние салды. Оның тағына немересі Хұсайын отырды.

Болат Қорғанбеков, филология ғылымдарының кандидаты

Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар кітабынан алынды

Сондай-ақ, оқыңыз

Иасауи мәдениеті

Қазақ руларының шежіресінің қалыптасуы мен қазақ мемлекеттілік жүйесінің нақтылануында Иасауи мәдениетінің орны бар. Бұл тақырып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған