Бір суреттің сыры

Жаны жәннатта болғай

Оңтүстік Қазақстанның абызы, соғыс және еңбек ардагері Әдіһам Шілтерханов атамыз дүниеден өтті. 4 қаңтар күні жаназасы болды. Ел болып ұлдары мен жақындарына көңіл айтып, күңіреніп соңғы сапарына шығарып салдық. Екінің бірі жасайтын жас емес, Алла-тағала ол кісінің жасын ұзағынан берсе де, қимай-қимай қоштастық, амал нешік, мойынсындық. 

Өткен жылдың аяғында Мәскеудегі Имекең жасап берген көрмеме баратын кезімде, 14 желтоқсанда алдынан өтіп батасын алғанмын – балаша қуанып еді. Марқұм әкем Әсілхан Оспанұлыны екеуі керемет дос, жан жолдас, терең сырлас жандар болатын. Әкемнің орның толтыра алмаса да жоқтатпайтын. Мәскеуден келе сала тағы барып көрменің қалай өткенін айтып ақсақалды баладай қуантып едім, кім білді соңғы рет көрісіп отырғанымызды. Мені батасыз жібермейтін. Алысқа жүрсем ұзақ батасын беріп, жай кіріп шықсам қысқа қайырсада жолымның ашық, басымның амандығымды тілеп жіберетін. Қолындағы ұлы, менімен құрдас Жарқын сол кездері ауладан шығарып салып тұрып жиірек келіп тұршы деп өтінетін. Онша-мұнша келемін кісілердің бетін амалсыз қайырып отырмыз, тез шаршап қалады, ал сен келіп кетсең керісінше марқайып, бір серпіледі деп… Менде келген сайын құр жүрмей әйтеуір бір жаңалық боларлық хабар алып, немесе жаңа кітап, мүмкін болса өзімнің тың жобамды, ашқан жаңалығымды арқалап келіп ұзақ сырласатын едік. Кейбірде алдымен ентігіп сөйлей алмай, қиналыңқырап, демін алып үзіп-үзіп сөйлеген соң, мен іштей шаршаттым-ау деп ойланым қалғанымда, біртіндеп сөз саптауы мен даусы ашылып, бес-алты минут өткен соң қызып, бір уақытта жігітше сөйлей жөнелетін еді тоқсаннан асқан абыз атамыз…

Әзіреті Омардың ұрпағы, қожаның қырықсадақ сүйегінен шыққан Әдіһам ағамыз енді келмеске кетті. Арты қайырлы, иманы саламат болсын деп тек артынан дұға жасаудан басқа амалымыз қалмады енді. Балдай апамыз да күтіп қалған шығар, екеуінің де жандары жәннатта болғай! 

Ералы Оспанұлы

Өмірдерек

Әдіһам Шілтерханов 1925-жылғы 24-шілдеде қазіргі Төрткүл ауылдық округіне қарасты Елшібекбатыр ауылында дүниеге келген. Төлеби ауданында орта мектепті, Алматыда ауылшаруашылық институтын бітірді. 1943-1944-жылдары даңқты Панфилов атындағы 8-і гвардиялық дивизияның 23-і полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Ленинград құрсауын бұзған шайқаста ауыр жараланып, елге оралды. 1945-1969-жылдары қазіргі Ордабасы ауданында мұғалім, Бәйдібек ауданында мұғалім, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кеңшардың бас агрономы, ұжымшар партия ұйымының хатшысы, ұжымшар төрағасы болды. 1969-1981-жылдары Қызылқұм ауданындағы Арыс кеңшарының директоры, 1981-1985-жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметін атқарды. 1985-жылдан кейін творчестволық жұмыспен айналысып, әдебиетіміздің кейбір тұстарын зерттеп, көркем туындылар берді.

«Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «Аталы сөздер», «Саттар Ерубаев», «Дала мен дана» кітабы және «Ордабасы» баспасынан шығармаларының үш томдығы жарық көрді.

1 дәрежелі Отан соғысы орденінің, 18 медальдің, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Құрмет грамотасының, «Ел ағасы» аталымының иегері, Ордабасы және Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы.

Жұбайы Балдай Құлбекқызымен 5 ұл және 1 қыз өсіріп тәрбиеледі. Барлығы да жоғары білімді. Немерелі, шөберелі.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button