Басқы бет / Ғибадат / Әулиелер Сұлтанының асыл сүйегі

Әулиелер Сұлтанының асыл сүйегі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде  бүкіл құрылыстың  мағыналық кіндігі – жамағатхананың төрінде орналасқан әулиелердің Сұлтанының асыл сүйегін арулап қойған қабірхана бөлмесі болып табылады.

Қабірхананың қабырғаларының ұзындығы 7,15 метрлік шаршы бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен көмкерілген тайыздау ойықтар бар.  Қабірхананың дәл ортасында Әмір Темірдің  әмірімен Үндістаннан әкелінген шымқай жасыл нефрит тектес тастан әулиенің құлпытасы (жалпы көлемі: ені -1,25 м, ұзындығы -3,15м, биіктігі – 2,6м) қойылған. Үш бөліктен тұратын құлпытаста бұрыштама бағаналар мен сталактиттерден басқа жазу-сызу жоқ. Әулие қабірханасының маңыздылығы  ғимараттың төріне орналасқандығынан емес, күмбездің өзіне жалғасып жатқан солтүстік порталдың таңғажайып әшекейінен де аңғарылады. Құлпытасты айналдыра Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауиге сыйға тартқан қола шырағдандары қойылған.  Шырағдандардағы жазулардан  хижираның 799 жылы құйылғанын оқуға болады.  Қабірхананың төбесі сыртқысы қатпарлы, қосқабатты күмбезбен  көмкеріліп, сыртын мозайкамен қаптаған.  Қатпарлы күмбездің сыртқы диаметрі 10 м, жалпы биіктігі 21 м, күмбездің 52 қатпары бар.  Күмбездің  сталактитті ернеуі ғажайып өрнекті майоликалық тақташалармен көмкеріліп, мойындығына көк түсті жыланкөз кірпішінен өріліп, куфа таңбасымен жазылған, ірі жазулар бар. Әулиенің қабірхаансының төрде орнласуы, оның ерекше көркем, эпиграфиялық жазулармен өрнектелген солтүстік порталының  болуы, қатпарлы  күмбезінің  іші-сыртының, қабырғаларының әсем безендірілуі бөлменің қасиет киесін айқындай түседі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Буклет. Түркістан: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 3-ші басылым, 2015.

сурет «OYLA Научно-популярное издание» сайтынан алынды

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Әулие үңгір

Баянауылдағы Қоңыр әулие ғажайып үңгірі еліміздің жалпыұлттық қасиетті орындары ретінде ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған