Оспанқожа әулие

Өтейұлы Оспанқожа 1862 жылы Торғай уезінің Қызбел ауылының Шобан бөлімшесінде дүниеге келген. Бала кезінен бастап бабаларының салып кеткен дін жолындағы істерін жалғастырып, осы уездің ислам дінін таратушыларының бірі болған. Халықты жинап, алдағы болатын табиғат дүлейлері мен қуаңшылық, молшылық кезеңдерін кітап көтеру арқылы жеткізіп отырған, көріпкел әулие адам. Ол діни сауаттылықты халқына жеткізу үшін өз қаражатына Сарықопа болысынан мешіт салып, медресе ашқан. Онда белгілі ақын Күдері Жолдыбайұлымен осы төңіректің молдалары Мұхаммедуәли Бекетов, Қапыш Жүсіпұлдары дәріс алған. Халыққа діни қызмет ете жүріп мұсылманның бес парызының бірі қасиетті Меккеге барып, қажылық сапарын өтеді. Бұл 1911 жыл болатын. Өзіне дарыған қасиетінің бірі емшілік еді. Әсіресе, есіріктеніп келген адамдардың дертін үшкіріп қайтарумен қатар, жоғалған мал– мүліктерінің табылатынын не болмаса қолды болғанын ашық айтқан. Ол өмірінің соңына дейін келер жылы елге қандай нәубет болатынын болжап айтқан кісі. Осындай тамаша тұлға 1928 жылы дүниеден озды, өзі салдырған мешітінің қасында жерленді. Ол қазіргі таңда Оспанқожа қорымы деп аталады. Өзі дүниеден өткеннен кейін Торғай жұрты әулие басына барып шырақ жағып, тәуіп етіп, Алланың үйіне осы әулиенің атын берген.
Біз сөз етіп отырған Оспанқожа атамыз Хорасанқожадан тарайды. Хорасан қожаның шын есімі Әбдіжәлел, VIII ғасырдың бас кезінде Орта Азия мен Қазақстан жерінде мұсылман дінін орнықтыру үшін ағалары Ысқақбап, Қарахан баппен Арап сахарасынан келеді. Бұған дейін Әбдіжәлел бап Иранның Хорасан деген шаһарының қамалын бұзып, Иран елін Исламға енгізіп, өзі сол қалаға патша болған. Сол себепті Хорасан қожа аталады. Әбдіжәлелбапқа Алланың берген қасиеті – оның денесіне оқ дарымаған, сүйегіне қылыш батпаған. Әбдіжәлелбап тек әскербасы, аруақты, киелі адам ғана емес, сонымен катар үлкен емшілік қасиеті бар, жазда жауын жаудырып, қыста боран соқтыратын, аспандағы бұлтты өз қажетіне жаратып, табиғат құбылыстарын тамыршыдай дөп басып, келер жылдың жайлылығын яки қуаңшылығын, мал мен жанның амандығын, өсімін дәл танып, болжап отыратын абыздық жоғары тылсым күш иесі де болған. Әбдіжәлелбаптың бұл қасиет-қарымы ұрпақтарына да дарып, жалғасын тапқан үрдіске айналған. Осынау Әбдіжәлелбаптың ұрпақтарына мирас болған бабалы болған абыздық жолы шұбар атты Мәлімқожа, Әлім, Көкен, Қосым, Сейіт, Естай атты үрім-бұтағына да дарып, Оспанқожа атамыздың бабасы Хаши абызға да көшкен.
Хаши абыз қарадан шыққан хан, белгілі бекзат данышпан Шақшақұлы Жәнібек атамыздың рухани ұстазы – пірі, ақылдасы, бастас, досжар адамы болған. Ел қамын жеген сайыпқыран Жәкең Хаши абыздан Арғын– Қыпшаққа пір болып, тіл – мұсылмандықтан аса алмай, надандықта ғұмыр кешкен жұртын имандылыққа ұйытып, мұсылман дінін орнықтыр деп өтінгенде, өзінің көп ұзамай дүниеден озатындығын айтып, достығымыздың, жарасымды сыйластығымыздың белгісі, өткен жақсы күндеріміздің куәсі болсын, алты балам бар, соның қалағанын аларсың, қайынағам Қосымқожаға аманаттармын деген екен. Қазақтың жорық-шабуылсыз өткен күні бар ма, жаулармен жағаласып, майдандасып жүргенде арада зымырап жылдар өтіп, ұрыс толастап, ел есін жиып, жайлы қонысқа ірге қондырып, көңілдері жайланған бір сәттерде ел жақсылары Жәнібек атамызға қолқа салып, Хаши абыз екеуінің арасындағы уәдені еске салады. Сөйтіп «сабақты ине сәтімен» дегендей, ол кездері Торғайдан Бұхар, Тәшкенге керуен жүреді екен, олар айлап, күндеп барып оралады екен, елдің қажетін шығару үшін керуенге ел ағаларынан, білікті, қажырлы азаматтарды Жәкеңнің тағайындауымен аттандырады екен. Бұл жолғы керуенбасылық Торғай дуанындағы Арғын атамның Жылқыайдар руының Солтанның Ақбикешінен туған Хожаназар атамыздың еншісіне бұйырып, жол жүргелі атан түйесін қомдап тұрған сәті екен, Жәнібек баһадүр Қосымқожаға хат жазып, Хаши абыз аманатын орындауға ниет білдіреді. Сөйтіп, Хожаназар атамыз Бұхар – шәріпке аман-есен жетіп, Қосымқожамен кездесіп, ол күндері Хаши абыз дүние салған екен, орнына дұға оқып, хатты табыстап, Қосымқожаның кеңесімен алты баланың кенжесі 16–17-лердегі Азынаны елге алып келіп, Жәнібек атамызға табыстырады.
Кемеңгер, дана Жәнібек Азынаны асықтырмайды, елдің ауанымен, тұрмыс, тіршілігімен таныссын, біліссін, ау-жайын байқасын деп өз қолында бір жыл, Қарабалуанда бір жыл, Қыпшақтарда бір жыл қонақтатып, елді имандылыққа ұйыттырып, Ислам қағидаларының орнығып, қалыпқа түсіуіне жағдай туғыздырады.жасқа келіп, оң-солын ажырататын кезге келгесін Азынаны алдырып: Енді елмен таныс-біліс болдың, еншілес, қоныстас болуға кімді қалайсың? – деп Азананың өзіне ой артады. Сонда тұрып:

– Әуелде көрген, таныс болғаным Хожаназар атам еді, сіз қарсы болмасаңыз Хожаназар атамның қолына барар едім, — дегесін жігіттің сөзі өз ойымен ұштасқанына ризалық танықан Жәнібек атамыз Хожаназарды алдырып, Азынаны тапсырады.

Жолай бозбала жігіттің ата-бабадан мирас болып жалғасып келе жатқан әулиелік кереметін көріп, куәгер болған, қасиетіне тәнті болып, соның баршасын Жәнібек атамызға ризалықпен баяндап берген Хожаназар атамыз бұл мәмілеге қуана келісімін беріп, Азынаны еліне әкеліп, ұлан-асыр той жасап, өзінің Наурызбай, Дәуітбай, Құрман есімді үш ұлы бар екен, қолына асықты жілік ұстатып, сен де менің бір ұлымсын деп, кенжесі Құрманмен еншілес қылады. Өз балаларынан кем қылмай үйлендіріп, кейін «Абыз шығанағы» деп аталған жерден қоныс береді. Жылқыайдар атам балалары да, қалды Торғайдың мызғымас қос босағасы Арғын – Қыпшақ атаулы Азына абызды төбесіне көтеріп, алдынан қия кеспей, айтқан шариғат өсиетіне ден қояды. Азына абыз да әке аманатына адалдық танытып, Құдай берген киесі мен қасиетін елдің амандығына, халықтың береке-бірлігіне жұмсап, әр жылы 22 наурыз күні елдің игі жақсыларын жинап, кітап ашып, табиғат құбылыстарынан сыр ашып, жыл маусымының қалай өтетінін болжап, ел ішінде болатын түрлі індет – апат жайлы сақтандырып, одан құтылудың жолын да нұсқап отырған. Бұл дәстүрді Абыздың немересі Оспанқожа да жалғастырған. Азына бабамыздың Хожаназар атамыздың өтінішімен киіктің текесін қасиетімен матап, кейін атаның қиылып сұрауымен қайта босатуынан аруақ көшпелі болды дейді Абыздың қазіргі ұрпағы Ғазиз қажы Малтабар абыздың төрт баласы Итемген, Өтей, Сүтей, Тобыл тұсында біршама үзіліс болады. Елдің ендігі үміті Малтабар абыздың немерелері Оспанқожа мен Сәтмағамбетте болатын. Бұлардың аяқ алысы, елді сүйіндіріп тұрған сәтте бабалар бағы, аталар аруағы Өтейдің бел баласы Оспанқожаға қонып, бірер жылда Оспанқожаның атақ-даңқы Торғайдан асып, шартарапқа жайылады. Оспанқожаның үшкіргені ем болып, әсіресе, есірік, жүйке ауруларына ұшырағандар мен жын-перінің салқыны тигендер Қожекеңнің алдын бермей, талайлар дертінен сауығып, Оспанқожаның мәртебесі, дәрежесі, емшілік қасиеті ел аузында аңыз болып айтыла бастайды. Оспанқожаның Алаш баласына, киіз туырлықты исі қазақ жұртына мәлім болып, атағын шығарған үлкен оқиға 1913 жылғы Романовтар әулетінің орыс тағын иеленгенінің 300 жылдығына Торғай уезінен арнайы барған, белгілі бекзат Шақшақ Жәнібектің ұрпағы, қазақтың: «Ойда – Шеген, қырда – Беген тұрғанда қазақты жау ала ма?» – деп ерекше әспеттейтін атақты Шеген бидің немересі, үкімі барша Торғай дуанына жүріп тұрған, қақырығы – құйма алтын, түкірігі – түйме алтын, ел ағасы Қорғанбек барып, Петерборды аралап, патшаның сән-салтанатын көріп, патшадан шен-шекпен иеленіп, мол тарту-таралғымен оралып елге қайтқанда қатты науқастанып, ұнжырғасы түсіп, сүлесоқ, мең-зең болып келген жақсы-жайсандарға тіл бермей жата беріпті. Осынау кеселден арылып, тілге келер ме екен деген үмітпен Тұз деген жерді мекендеген, Бұхара – Шәріптен оқып, 12 пәннен хатым – кардан болып қайтқан Тұрлығұл Ханафия хазіретті алдырып қаратқанда, дәрменсіздігін білдіріп бас шайқап, хазірет жарықтық:

– Бұл менің қолымнан келер емес. Мұны қайтарса тек менің шәкіртім Абыздың немересі Оспанқожа қайтарар, – деп рұқсатын беріп, ат шаптырып Оспанқожаны алдырған екен. Осы жолы шәкірт Оспан Қорғанбектей ел ағасын алдына алып дем салып, аруақтардың жетелеуімен өңкей ығай мен сығай ел жақсыларын далаға шығарып жіберіп, Аллаға сыйынып, дерті жанына батып қиналған Қорғанбекті оң жағынан тартып жібергенде:

– Қожеке-ай, енді жаным кірді ғой, мына жағынан да бір тартшы, – деп дүр сілкініп, басын көтеріп, ұшатын құстай қомданып, тілге келген екен. Сонда есік алдында тұрған туыстары:

– Ойбай-ай, мынау қара бала Қоқышжанға қол көтерді-ау деп жылап жібергенде, Дәуренбек:

– Жынданған адамды сабамақ түгілі байлап қоятын, ұрса – ұрсын, ата жолы, жазылса болды», – депті. Міне, осы оқиғадан дүйім жұртқа Қарақожа атанып, Оспанқожаның аруағы аспандап, ел құрметіне бөленіп, көп алғысын иеленген екен. Иә, атамыздың Құдай берген қасиетін айтып тауысар кім бар дейсің, керемет иесі әулиелігіне көзі тірісінде тәнті болғандардың бірі атақты Құнанбай қажының өзі аруағына бас иген, Троицкідегі ғұлама, ишан – хазірет Зейнолла атамыз екенін айтпасақ болмас. Қостанайдағы 115 жылдық тарихы бар Ақмешітті салдырған, басқа да игі істерімен есімі тарихта қалған Әбдіғали Яушев бір түнде науқастанып, науқасы қатты шошындырған ағайындары Зейнолла хазіретке ат шаптырғанда:

– Қайран, әулием-ай, бұл дерттің шипасы, Алла нәсіп қылса, тек қана Торғайдан шығып, атағы жер жарған жас әулие Оспанқожаның қолынан келеді, соны алдырыңдар, — деп келгендерді табалдырығынан қайтарғаны неткен көрегендік десеңізші! Ақыры Оспанқожаны алдырып, көпес Яушев, осылайша, дертінен дауаланған екен. Ел әулие деп таныған Оспанқожа атамыздың тағы бір кереметі, дүниеден өтерден бір жыл бұрын ел-жұртын аралап, бұл өзінің оларды соңғы көруі екенін, ендігі жолығысуды, Алла жазса, қияметте көретіндігін, тіршіліктегі артық-кем айтқаны болса, кешірім өтінетіндігін айтып қоштасады. Ақыры бір жылдан соң жұма намазына жиналған жамағатқа: – Ал, жамағат, алдымызда дінге зауал, халыққа зобалаң туғызатын қатерлі бір зұлмат келе жатыр. Мен науқаспын. Алланың алдында тырнақтың қаралдысындай қадірім болса, мен осы дертімнен айықпай дүние салсын деп тілек-дұғаларыңды беріңдер. Сол зұлматты мен көрмесін десеңдер, осылайша, дұға қалыңыздар, – деп көптен бата сұрайды. Лажсыздан жамағат айтқанын орындайды. Көп тілегі, өз ниеті қабыл болып, 1928 жылы 12 шілдеде дүние салады.

Ғазиз қажы ӘМІРХАНҰЛЫ

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Бәйменқожа (Баймұхаммед)

Бәйменқожа – 1850 жылы Жаңақорған  ауданына қарасты Аққорған елді  мекенінде дүниеге келген. (қазіргі Түгіскен кеңшары). …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған