Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Шортанбай мен Асан Бұғы айтысы

Шортанбай мен Асан Бұғы айтысы

Шортанбай Қанайұлының туғанына 200 жыл

Шортанбай Қанайұлының жырлары 1993 жылы ғана жеке жинақ болып шықты. Сол кітапта Шортанбай мен Асан Бұғының айтысы, құрастырушылардың  қолында болмауы себепті, үзінді түрінде  жарияланған.

Біз Шортанбай мен Асан Бұғы айтысының толық нұсқасын ұсынып отырмыз.  Бұл мәтін Жезқазған облысының Ақадыр ауданы «Өспен» кеңшарында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдіғұл ақсақалдан  алынды.  Ал Әбекең айтысты  кезінде тоқсаннан асып, алпысыншы жылдар ортасында қайтыс болған әкесі, есімі республикаға белгілі ақын-жыршы Маясар Жапақовтың айтуында қағазға түсірген.

Шортанбай:

Замандасым, ей, Асан,

Тұрақсыз заман, ойласаң.

Бақ шіркінге мәз болма,

Тұрмайды баста байласаң.

Тұрмайтынның себебі,

Арқаны алған мынау жау,

Сені де қоймас түбі сау.

Саудамен тапқан тиынға

Әулиедей сыйынба.

Мұсылманның баласын,

Хан, ақсақал данасын

Қыспаққа алған кәпірге

Сенің дағы малыңды

Тартып алу қиын ба?!

Хақ пайғамбар тұқымы ем,

Медет берген бір ием.

Елдің зарын жеткізіп,

Сөз сөйлеген жиында

Айтыспақ боп менімен

Ниет еттің, ақыным.

Қайыр жоқ сөз айтып,

Кесапатқа көз айтып,

Тектен-текке күпір боп,

Шатысбассың, жарқыным.

 

Асан Бұғы:

Көп сөз айттың, Шортанбай,

Не демейді қу таңдай.

Мешітке ие қожасың,

Жанғұттымен құда боп,

Бар жақсыдан озасың.

Ойламасаң дүние ісін,

Есбаймен неге жақынсың?

Сөзіңе жұрт ұйыған,

Дес бермеген ақынсың.

Кереку, Семей барғыштап,

Ат, арғымақ алғыштап,

Ойлап кеттің бақ ісін.

Сен пайғамбар тұқымы,

Мен Әндіжан қожасы,

Тек сен ғана жақсы боп,

Бәрімізден озбақсың.

Саудамен дүние жиды деп,

Бұл орыстың ісі деп,

Алдымызға тосасың.

 

Шортанбай:

Сөз айтайын Асанға,

Дүниешілікке мақтанба,

Жәрмеңкеде қақтаңдың,

Дәулетің судай тасқанға,

Дүниеқордың мәнісі –

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүниешілік болды жолдасың.

Тәнім отқа күймесін,

Тілім менің тимесін,

Арғы атаң аруақты,

Қожасы еді бір елдің.

Жақсыдан шыққан қу келдің,

Ата жолын ұмытқан.

Дін оқытып жөн айтпай,

Саудамен кеткен өз басың.

Әндіжандық сарт болдың,

Қай елдің ең қожасы?

Қаратауда туғансың,

Пәленше деген мырзасың,

Сарыарқаға келген соң,

Төрт аяқты жорғасың.

Осынша жиған мүліктен

Не көреді қу басың.

Таласың бар жалғаннан

Әлі де болса аспаққа,

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптықпа,

Ұяларсың лахатта,

«Мен раббың», -деп сұрағанда.

 

Асан Бұғы:

Қаратаудың халқы едің,

Бір атадан жалқы едің,

Есек мінсек айып не?

Әуелде күнә жанға қас,

Арқаға келер, болар мас.

Мені бүгін сарт дейсің,

Қалжақтан ауыз жимайтын,

Дуалы сөз  ішке сыймайтын,

Ала қашпа көк езу,

Сені атады Қызылбас.

Пір болған соң тантыққа,

Қалай заман бұзылмас.

 

Шортанбай:

Жәдігөй жарғыш болмаңыз,

Ақырет қамын ойлаңыз.

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Арқаға шығып нан жедің,

Нан жедің де дәндедің.

Сұлуы болса сүйсем деп,

Жүйрігі болса мінсем деп,

Күннен күнге сәндендің.

Арқадан қылып жайлауды,

Әркімнен алдың байлауды.

Қиямет күні болғнада,

Қандай жерде мекенің

Сен ғаріптің сайлаулы?

Бұл айтқаным – ақылым

Аталас туған жақыным,

Қиямен күні кез болса,

Пайдасы болмас қапының.

Ағартты Құдай басыңды,

Өлшеп те берген жасыңды,

Сауда деген – елді арбау,

Қоярсың енді осыңды.

Шортанбай Қанайұлы, Қай заман? жинағынан алынды, құрастырушы Кәмел Жүністегі

Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары: шежіре-кітапта Асан Бұғы туралы мынадай мәлімет бар. Есенқожадан Асанбұғы, (лақап аты  Қасен баба) Одан Сапар, Садық,  Әбуарыс туады.  Сапардан – Бідан,  Әбдіжәлел,  Әбдірашид.  Садықтан Зәйд,  Әбуарыстан Бақи Қасенбабин.  Әбуарыс  – Шет ауданында  1929-1930 жылдары  прокурор болған, респрессияға  ұшыраған.

Сондай-ақ, оқыңыз

Өрескел болыпты ғой соның, жиен

Қазақтың арасында нағашы-жиен болып ойнап сөз қағысу бір-бірін мінеу, әзілдесу мен қалжыңдасу бұрыннан келе жатқан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған