Рабғұзи

Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.-нің Хадишамен некелесуі

Мұхаммед ғ.с. 18 жасқа жеткенде атасымен бірге туған қандасы Ғатке Әбутәлибке: «Ей, қандасым! Біздің Мұхаммед азамат болды. Қыз алып, үйленер уақыты жетті. Сен қалай ойлайсың?» – деді. Сонда Әбутәлиб көз жасын ағызып: «Ей, қыз қандасым! Мен күндіз-түні қайғыдамын. Бір қыз алып беруге күшім жетпес. Нашар жерден қыз алуын тағы тілемеймін. Не істерімді білмей жүрмін», – деді. Сонда Ғатке: «Меккеде Хадиша деген бай қатын бар. Әркім қызмет қылса, еңбегін берер. Әр жылы Шам шаһарына сауда қылуға адам жалдап жібереді. Мұхаммедті Хадишаға жұмсасақ, Хадишаға қызмет қылып, Шамға барсын. Хадишадан түскен малына қыз алармыз», – деді. Әбутәлиб бұл сөзді естіп зар жылады. Көңіліне қайғы түсті: «Ей, қандасым! Біздің нәсілімізде біреуге қызмет етіп, мал алған кім бар? Мен Мұхаммедті жалға жөн көрмеймін. Егер сен бұл пікірді жөн деп ойласаң, Хадишаға барып сөйлес. Не айтарын білерміз», – деді.

Меккеде Хадишадан бай ешкім жоқ болатын. Төрт мың қызыл жүнді түйесін саудаға әр жылы жіберетін еді. Жаз күндері Шамға, қыс күндері Иеменге барып сауда жасататын. Хадиша керуенімен бірде Құрайыш жұрты саудаға бірге баратын еді. Хадиша кітапты көп оқитын. Екі ерден тұл қалғанымен, көркем, сұлу болатын. Арабтың көп ұлдары жаушы жібергенде, ешбірін қабыл алмаған. Хадиша бір күні түс көрді. Түсінде Ай көктен еніп, Хадишаның қойнына кірді. Қойнынан нұр шығып, жер жүзіне жарық сыйлады. Ұйқыдан оянғанда көңілі шат болып, көрген түсін бір қағазға жазып, Рахыптан түсінің жоруын сұрап, хабар жіберді.

Хадишаның бір Орқа есімді қыз қандасы түс жорушы еді. Түс Орқеге сөйледі: «Асыл туған Хадишаға жеткізіңдер. Бұл түстің жоруы былай: «Мекке шаһарында Құрайыш елінен Мұхаммед есімді бір жетім пайғамбар шығар. Сол пайғамбар сенімен некелесер. Сенің қойныңа пайғамбарлық келеді. Барша ғалам пайғамбар нұрына сүйінер. Қатындардан ең әуелі сен пайғамбарлығына сеніп, иман келтіресің. Түсіңнің шешімі осы», – деді.

Хадиша бұл сөзді естіп, көңілі шат болды. «Ол күн қашан жетер», – деп жан көңілінің Мұхаммед ғ.с.-мен қауышуын күтті. Осы екі арада Ғаткені қарсы алып, Хадиша құрмет қылды. Хадишаның көңілі Мұхаммед ғ.с.-ға біржола ауды. Ғатке: «Ей, Хадиша, естіңіз. Ғабдолладан Мұхаммед есімді бір ұл жетім қалды. Атамыз Ғабдолмүтәлиб ол үшін балаларына көп өсиет қылып еді. Енді ол ер жетті. Көркем де әдепті. Біз оны үйлендіруге тиіспіз. Ағам Ғабдүлмүтәлибтің ауқаты жоқ, балалары көп. Сіздің қызметкерлеріңіз Шамға бармақ деп естіген едік. Соған Мұхаммедті түйе қарап бағуға қызметке алыңыз. Біз сол еңбегіне қалыңдық әперер едік», – дегенде, Хадиша ойға кетті. «Түсімнің жоруы осы болғай», – деп сүйсініп жүзі қызарды. Хадиша сонда: «Ғатке, сен не айтсаң да қабыл қылдым. Мұхаммедті осында алып кел, түр-сипатын көремін», – деді. Ғатке Мұхаммед ғ.с.-ді әкелуге кетті.

Мұхаммед ғ.с.-ді көруге Хадиша ынтызар болды. Сол кезде Ғатке мен Мұхаммед ғ.с. кіріп келді. Хадиша қызметкерлеріне: «Мұхамедті құрмет етіп, үйге кіргізіңіз», – деп әмір қылды.

Мұхаммед ғ.с. жүзінің нұры, қасының қаралығы, кірпігінің сүрмесі, әдеп-қылығы бәрі Таурат кітабының сипатындай. Хадиша үйі тамаша жұпар иіске толды. Пайғамбар ғ.с. қайда барса сол жерден жұпар иіс шықты. Отырған орнынан 40 күнге дейін жұпар иіс аңқып тұрушы еді. Хадишаның көзі жетті. Көңілінен: «Ақырзаман пайғамбары осы болар», – деп түйді. Бірден некеге отыруға Мекке халқының өсегінен қорықты. «Мұхаммедті Шамға жіберейін, сабыр етейін. Иншалла, түсім бойынша Мұхаммед ғ.с.-мен жолдас болармын», – деді. Мұнан соң Хадиша Ғаткеге: «Мен Шамға баратын қызметкерлерімнің еңбегінің ақысына үш алтын беремін. Ал Мұхаммедтің еңбегіне 50 алтын ақы бермекпін», – деді.

Хадишаның керуен басшысы, адал құлы Майсара бар еді. Хадиша соны шақырып: «Әй, Майсара! Мұхаммед сенімен бірге Шамға барсын. Сен Мұхаммед нәсілінің араб патшалығынан екенін білесің. Мұхаммедті саған тапсырдым. Жақсы сақтап, маған сәләмәт жеткіз», – дейді. Майсара Хадишаның айтқанына көңіл қойып, тыңдады. Біраз уақыттан соң қоңырау соғылып, керуен қозғалды. Мекке халқы керуенннің қозғалғанын көріп, қызықтауға шықты. Сол кезде Ғатке һәм пайғамбар ғ.с.-нің басқа қандастары да шыққанда Мұхаммед ғ.с.-ді көрді. Жолаушылар киімін киген оның түрін көргенде: «Әшім руынан мұндай төмен қызмет қылған ешкім болған жоқ еді, – деп, Әшім әулеті қатты назаланды. – Мұхаммедтің әкесі тірі болғанда, бұл осындай қызметке жалданбас еді», – деп зар жыласты.

Керуен неше күн жүріп, бір үлкен сахараға жетіп, ағаш түбіне тоқтады. Сол сахарада Рахып бар еді. Ол дүние сөзін сөйлейтін ғұлама еді. Ол керуеннің келгенін көріп, көңіл қоя қарады.

Меккеліктер керуенінің төбесінде тұрған бір ақ бұлтты байқап, Мұхаммед пайғамбар да келген бе екен деп, ас әзірлеп, сый-сияпат көрсетпекке керуеншілерді шақырды. Керуеншілер Мұхаммед ғ.с.-ді түйелерді күзетуге қалдырып, өздері Рахыптың шақыруына кетті. Рахып келгендердің бәрін саралап, тәптіштеп қарап шықты да, олардың ішінен ақ бұлт көлеңке болардай адам таппады. Ол: «Керуеншілер, баршаңыз келдіңіз бе?» – деп сұрады. Сонда керуеншілер: «Иә, баршамыз келдік», – дегенде, Рахып сыртқа шығып қарайды. Ақ бұлт орнынан қозғалмаған қалпы тұрғанын көріп, керуеншілерге келіп: «Сіз бәріңіз келмеген сияқтысыздар. Біреу сыртта қалған сияқты», – дейді. Сонда Әбужаһил айтты: «Сыртта ешкім қалмады. Бір жетім қызметші ғана түйелерді қарауға қалған», – деді, сонда Рахып: «Менің негізгі мақсатым сол жетім бала. Сол баланы алып келіңіз», – дейді. Біреу барып Мұхаммед пайғамбарды алып келеді. Рахып Мәжир есімді еді. Пайғамбар бұдан бұрын бір рет Рахыпты көрген еді. Рахып жүгіріп қарсы шығып, Мұхаммед ғ.с-нің аяғына жығылды. Құрмет етіп, тағзым қылып, төрге отырғызды. Сөйтіп, барша керуеншілерге тағам беріп, зияфат қылды.

Мұнан соң Мұхаммед ғ.с.-нің қасиетін Мекке жұртшылығына білдіру үшін Рахып: «Әй, Мұхаммед! Менің сенен бір өтінішім бар. Көйлегіңнің жағасын ашып, Нәбүт мөрін (пайғамбарлардың арқасындағы мөрді айтады) көрсем, көңілімде еш шүбә болмас еді», – дейді. Сонда пайғамбар ғ.с. жағасын ашты. Мәжир-Рахып Нәбүт мөріне жүзін сүртіп, өбті де: «Әй, Мұхаммед! Сен куә бол, мен қартайдым. Саған пайғамбарлық жеткенше менің ғұмырым қалмас. Бүгін куәлік беремін. Алла тағаланың бір пайғамбары сенсің», – деді.

Әбужәһил бұл жайды көріп, күншілдігі ұстап, қатты күйінді. Өз араларында Рахыпке: «Жалған айтасың, Мұхаммедке пайғамбарлық қайдан келсін. Жоқ сөзді сөйлейсің», – деп кінә артты. Мұнан соң Рахып пайғамбар ғ.с.-нің жетістігін айтып марапаттады. Ол: «Мұхаммед Расулолла мемлекеттің айнасы, жұмақ басшысы, пайғамбарлар тәжі. Барша мақұлық оны құрмет тұтады. Ай мен Күн Мұхаммед ғ.с.-нің нұрынан нұр алған», – деді. Мұнан кейін түйелер жүктерін артып, керуеншілер Шам жолына бара жатқан сапарларын жалғастырды. Шамға жақын келгенде Майсара Мұхаммедке: «Әй, Мұхаммед! Маған кеңес бер, малдарды сатуға бұйырамысың?» – дегенде, Мұхаммед ғ.с: «Олай болса, бір-екі күн сабыр қыл, сатуға асықпағының жөн», – деді. Майсара Расул ғ.с.-нің ишаратымен малдарын қоя тұруға бір қора жалдап алды. Керуеншілердің баршасы малдарын сатып бітірді. Бір күннен кейін Рұста шаһарының халқы мал алуға Шамға келді. Оларға керекті мал Майсарадан басқа кісіде қалмаған. Сондықтан Майсараға көп ақы беріп, малдарын сатып алды. Мұнан кейін Майсара Меккеге керекті мал алу үшін пайғамбар ғ.с.-нан кеңес сұрады. Мұхаммед ғ.с: «Әй, Майсара! Бірер күн сабыр ет», – деді. Майсара сабыр қылды. Керуеншілер бар малды алып бітірді. Мұнан кейін, мал көбейіп, бағалары түсті. Сонда пайғамбар ғ.с. Майсараға: «Енді мал алуыңа болады», – деді. Майсара арзан түскен малды алып, екі жақтан да табысты болды. Сол кезде Шам шаһарында яһиудилердің мейрамы еді. Майсара мен Әбубәкір пайғамбар ғ.с-ді яһудилер мейрамын көруге алып барды. Яһудилердің шіркеуінде 360 қандил (қандил – шырақ деген мағынада) жағылған болатын. Мұхаммед ғ.с. шіркеуге кіргенде мүбәрәк көзі яһудилердің қандилдеріне түсті. Сол сәт шіркеулер шырағының шынжырлары үзіліп жерге түсіп, үгітіліп қалды. Яһудилер бұл іске қайран қалып, өздерінің ғалымдарының жанына барып: «Бізге не хикмет болды? Барлық қандилдер сынып, үгітіліп қалды», – деп сұрайды. Сонда ғалымдары: «Тауратта солай айтылған. Ақырзаман пайғамбары Мұхаммед яһудилердің мағбатына (шіркеу үйіне) кірсе, барлық қандилдер үгітілер, – деген. Демек, мағбатымызға Мұхам-мед кірген. Егер Мұхаммедті тапсақ өлтіруіміз керек», – деп, Мұхаммед ғ.с.-ді іздей бастады. Бұл сөзді Әбубәкір мен Майсара естіп, Мұхаммед ғ.с.-ді алып қашып кетеді. Мұнан соң яһудилер керуеншілердің жанына іздеп келеді. Пайғамбар ғ.с. бір жерге жасырынып үлгереді. Сонда жүктерін түйелеріне артып болған соң Мұхаммед ғ.с.-ді жасырып түйеге мінгізеді.

Әбужаһил лағнет сол сәтте яһудилерге хабар беріп: «Сіздер іздеп жүрген кісілерің бізбен бірге жүр. Керуен сахараға шыққанда сіздер керуенді қоршауға алыңыз. Мен сіздерге оны өзім көрсетемін. Сонда өлтірерсіз», – дейді. Керуен қозғалып, сахараға шыққанда үш жүз яһуди келіп керуенді қоршады. Әбужаһил лағнет Расулолланы көрсетті. Сол уақытта Хақтағаладан әмір болды. Көктен қара бұлт шығып, қатты жаңбыр жауды. Жер жүзі қап-қараңғы болып, ешнәрсе көрінбей кетті. Хақтағаланың пәрменділігімен түйелер тулап, үстіндегі жүктерін түсіріп, яһудилермен соғысып, бәрінің жанын жәһәннамға жіберді.

Мұнан соң бұлт көтеріліп, жаңбыр тоқтады. Керуеншілер жүктерін артып, Мекке тарапына жол шекті. Расулолланың керемет қасиеттілігі ашық көрінді. Меккеге 6 күндік жол қалғанда Майсара Хадишадан сүйінші сұрауға асықты.

Хадиша сүйінші әкелген адамға риза болып, мініп келген түйесін сыйлыққа бермек еді. Әбубәкір: «Сүйіншіге Мұхаммедті жібер, сүйіншісі бөлек болар», – деді. Майсара өзі де Мұхаммед ғ.с.-ді сүйіншіге жіберуге риза еді. Солай етейік деп, бір жақсы түйені қымбат заттармен безендірді. Мұхаммед ғ.с.-ді түйеге міндіргенде Әбужәһил айтты: «Мұхаммедті жібермеңіз. Бұл Меккеге жалғыз бара алмас», – деді. Әбубәкір мен Майсара Әбужәһил сөзін тыңдамады. Майсара Хадишаға жазған хатын Расулолланың қолына беріп, Мекке жолына оздырып жіберді. Сол сағатта пайғамбар ғ.с. керуен көзінен ғайып болды. Күн ыстық еді. Пайғамбар ғ.с. түйе үстінде ұйқыға кетті. Түйе келе жатқан жолды тастап, жайылымға кірісіп кетті. Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға әмір қылды: «Барып, Мұхаммедтің түйесін жолға түсір», – деді. Жебірейіл ғ.с. дереу түйені жолға түсіріп, Мұхаммед ғ.с. түйесінің оң жағына жолдас болып ерді.

Бұл кезде Хадиша Мұхаммедті көруге ынтызар болып, үйде отыруға шыдамай, сарайларының төбесіне шықты. Келе жатқан адамның төбесінен Хадиша бір ақ бұлтты аңғарды да: «Егер келе жатқан адам Мұхаммед болса, бәріңізге азаттық сыйлаймын», – деді кәнизәктарына.

Мұхаммед ғ.с. Хадишаға сәлем беріп, Майсараның хатын ұсынды. Хадиша: «Қош келдіңіз. Мәрхәбатты Мұхаммед», – деп шаттық білдірді. Мұнан соң Майсараның хатын оқыды. Сол уақытта керуен де шаттық қоңырауын соғып, Меккеге сау-сәләмәт келген болатын.

Майсара Хадишаға шаттық жүзбен малын тапсырды. Хадиша Майсарадан Мұхаммедтің қасиетін сұрады. Майсара Рахыптың Мұхаммед ғ.с.-нің пайғамбар екенін білгенін және Мұхаммед ғ.с.-нің кеңестерінің өте пайдалы болғанын айтып берді. Бұл сөзге риза болған Хадиша Майсараға көп сыйлық тарту етіп, басына азаттық күн сыйлады.

Мұхаммед ғ.с.-нің Әбутәлиб ағасының үйіне қайтатын уақыты жетті. Үйіне келгенде Ғатке мен Әбутәлиб Мұхаммед пайғамбарға айтты: «Сен Хадишаға барып, Шамға барған ақыңды, еңбек пұлыңды сұра. Саған қыз әпереміз», – деді. Мұхаммед ғ.с. Хадиша жұртына барды. Сонда Хадиша орнынан тұрып, кәнизәктарына: «Барыңыздар, құрмет қылып, алып кіріңіздер», – деді. Кәнизәктары Мұхаммедті үйге алып кіріп, төрге отырғызды. Хадиша сөз бастады. «Әй, Мұхаммед! Сөйле, не жұмыспен келдің?» – деді. Расул ғ.с. айтты: «Аталас қандасым Әбутәлиб сізге жіберді. Шамға барып қызмет еткен ақыңды сұра», – деді. «Мені үйлендіруге ниеттері бар», – деп ұялып басын төмен салды. Хадиша айтты: «Әй, Мұхаммед! Ол ақыңыз аз. Оған қыз ала алмассың. Мен саған өзім бір қатынды айтайын. Арабтың бек ұлыларынан, бек көркемдерінен талай жаушы келгенде, ол оған келіспеген. Оның бір айыбы – тұл. Егер ол қатынның тұлдығына қарамай қабыл етсең – ол саған қызметші болады», – деді. Мұхаммед ғ.с. Хадишадан бұл сөзді естігеннен кейін көңіліне ой келді: «Бізге ондай сұлу, әрі бай қатын қайдан нәсіп болсын! Хадиша мені масқара қылды» – деп ойлап, қапаланып шығып кетті. Әбутәлибтің үйіне келді. Әбутәлиб пен Ғатке Мұхаммед ғ.с.-нің қайғылы халын көріп: «Саған не болды?» – деп сұрады. Расулалла: «Хадиша менің қызмет ақымды бермес бұрын, мені масқара қылды. Ойлан!» – деді. Ғатке Хадишаға келіп: «Әй, Хадиша! Біздің Мұхаммедті не үшін масқара қылдың? Сенің байлығың көп болса, біздің нәсіліміз асыл еді», – деді. Хадиша Ғаткенің сөзін естігеннен кейін, көп кешірім өтініп: «Әй, Ғатке! Сіздің нәсілге күлген емеспін. Мұхаммед бек әдемі, әрі қасиетті. Мен Мұхаммедке өзімді қарыз қылдым. Мұхаммед мені қабыл етсе, өзім қатын болайын. Мұхаммед қабыл етпесе, өле-өлгенше ешбір адамға тұрмысқа шықпаспын», – деді. Сонда Ғатке: «Әрине! Барлық сөзің дұрыс. Мұхаммед бек әдепті, көркем, қасиетті. Тек малы жоқ», – деді. Хадиша айтты: «Оның малы болмаса, мен малға қыжалат емеспін. Мал өзімде де көп. Тек ниетім мен мұратым Мұхаммедке қосылмақ еді», – деді.

Хадишаның бұл сөзін естігеннен кейін Ғатке: «Сенің бұл сырыңды қандасың Орқе біле ме», – деді. Хадиша: «Білмейді. Тек, сен Әбутәлибке айт. Менің қандасым Орқені қонақ қылсын. Тамақ берсін, жегізсін, ішкізсін. Көңілі толған сәтте: қандасың Хадишаны біздің Мұхаммедке жұптылыққа бер деп сұрасын. Иншалла, қабыл қылар», – деді.

Тәңір сөзінде тұрғаны үшін Орқеге табақ-табақ сыйлар тартылды. «Нендей ұлы дәулет иелерінен, патшалардан жаушы келгенде бармаған еді. Енді Әбутәлибтің жетіміне барды», – деп Хадишаны Мекке халқы кінәлады.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button