Кітапхана

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) тарихы мен өмірнамасы» жарық көрді

Жақында белгілі дінтанушы, ғалым Абдулла қажы Жолдасұлының «Пайғамбарымыз Мұхаммед соллаллооһу алейһи уә сәлләмнің тарихы мен өмірнамасы» кітабы қазақ оықрмандарына жол тартты. Еңбек көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің шешімін тарқатуға септігін тигізеді. Бірінші, оқырманға қазақ тілінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірнамасы, оның тарихы, серіктестері, мұсылмандық т.б. жайлы мәліметтердің берілуі. Екінші, діни-танымдық деңгейдегі оқулықтың жазылуы.

Қаламгер осы еңбегі арқылы көптеген қажетті дүниелерді ұсынады. Онда Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері, сахабалардың айтқандары мен тарихи оқиғалар жүйелі берілген. Тарихи оқиғалардың мазмұны қазақы мақамда, ұлттық түйсігімізге сәйкес әдіспен шебер келтірілген. Тіпті кей кісілердің аттары мен жер атаулары да түпнұсқа бойынша бабалар қолданылған жазба деректерге сай жазылған. Айталық, Хиджаз-Хижаз, Дамаск-Дамшық, Халаб-Қуық т.б.

Ең қызығы, араб тіліндегі өлең жолдарын қазақ тіліндегі ұйқастарға негіздеп аудару, оның буыны мен бунақтарын сәйкестендіру де жазбагердің білімділігінің бір сипаты екендігін аңғартады. Ал тілдегі дыбыстардың үйлесімдігі де әлемдік тәжірибе негізінде ұсынылған. Мысалы, тілімізде кездеспейтін «айн» дыбысы халықаралық тәртіп бойынша, араб тіліне тән жіңішкелік белгісі түпнұсқадағы таңбалау арқылы қолданылған.

Еңбек оқырман қауым үшін діни-танымдық білімін жетілдіруде, жастарымызға дін мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірнамасы жайлы терең де қызықты мағлұматтар алуына зор мүмкіндік береді. Діни білім оқу орындарында да оқулық ретінде пайдалануға әбден болады.

Кітаптың құрылымы кіріспе мен сегіз тараудан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Әдебиеттер ғылыми еңбектер мен сөздіктерді қамтиды. Алынған деректердің негізгі қайнар көзі Каир, Бейрут, Эр-Рияд, Стамбул т.б. елдерде араб, парсы, түрік тілдерінде, сондай-ақ қазақша жарық көрген еңбектер бойынша нақтыланған.

Бір сөзбен айтқанда, еңбек тарихшыларға, тілшілер мен әдебиетшілерге және өз бетінше исламтану, дінтану, діндер тарихын, бастысы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өміртарихын танып білгісі келетіндерге, зерттеушілер мен ізденушілерге құнды әрі маңызды деректерді ұсынады. Сол себепті кітапты дұрыс бағалайтын оқырманға осындай қажетті еңбектер өз орнын табады деп білеміз.

Баршамызға бір Алла жар болғай!

 

Кітапқа қатысты мәліметтерді мына телефондар арқылы хабарласып білуге болады. Тел.: 87027403079; 87475543484.

 

Абдулла Жолдасұлы 1946 жылы 19 наурызда қазіргі Ташкент облысының Бостандық ауданы (кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында болатын) Қызыл-ту колхозының Жаңа ауыл елдімекенінде дүниеге келген. Ауылдағы жеті жылдық мектептен соң аудандағы Абай атындағы нөмірі 1 мектепте оқиды. 1964 жылы мектепті сәтті аяқтап, Бұхара қаласындағы «Мир-Араб» медресесіне оқуға түседі. Онда шариғат ілімдерінен сусындап, фикһ, араб тілі, ислам тарихы, хадис, тәпсір және көркемсөз пәндерінен сабақ алады. Құран Кәрімді тәжуидпен оқуды жақсы игереді.

1971 жылы Ташкентте Имам Бұхари атындағы Ислам институты ашылып соған шақырту алады. Онда екі жыл білімін толықтырып, кейіннен Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесіне оқытушы-ұстаз етіп жолданады. Ал 1975 жылы Түркістандағы мешітке наиб имам қызметіне ауыстырылып, 1976 жылы Павлодар қаласындағы орталық мешітке имам хатиб қызметіне тағайындалады. Онда Абдулла Жолдасұлы он жылдай қызмет атқарады.

Одан кейін үш жыл Орал қаласында имам хатиб қызметінде болып, 1986 жылы Жерорта теңізі аумағында круизде жүреді. Содан кейін қайта Павлодар қаласына ауысады. Орал қаласында да, Павлодар қаласында да қызметте жүргенде еңбегі жемісті болды деуге болады. Сол кездері Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы бойынша ол атқарған мешіттер алдыңғы қатарлардан көрінді. Ол жайлы басқарма тарапынан берілген мақтау қағаздарынан да аңғаруға болады.

1989 жылы Ташкентке келіп Имам Бұхари институтында сабақ береді. Бұрынғы «Совет шығысы мұсылмандары» журналын «Мауараннаһр мұсылмандары» деп ауыстырылып, бірнеше тілде шығып тұрған. Соның араб тілі нұсқасына жауапты редактор етіп тағайындалады. Сонымен қатар діни басқарманың газетінде, журналында түрлі қызметтер атқарады.

Соңғы жылдары Абдулла Жолдасұлы Шымкенттегі Халықаралық Қазақ-Араб университетінде кафедра меңгерушісі, Алматы Ислам университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Кейіннен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасында да қызметтерін қатар алып жүрген.

Оның қаламынан туындаған бірнеше еңбектер бар. Олар: Құрбанғали Халидқажыұлының «Тауарих хамса» кітабы (қосалқы автор), «Құран тәжуиді», «40 хадис қазақша сөйлейді», «Араб диалектологиясы» (қосалқы автор), «Қазіргі араб тілі» (қосалқы автор), «Әділетті төрт халифа», «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) тарихы мен өмірнамасы» т.б.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button